Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмдi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 23 қыркүйектегі N 1446 Жарлығы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау және күшін жою тәртiбi туралы" 1995 жылғы 12 желтоқсандағы N 2679 заң күшi бар Жарлығының 16-бабына сәйкес қаулы етемін:
      1. Астана қаласында 2004 жылғы 18 маусымда жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы келiсiм бекiтiлсiн.
      2. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшіне енедi.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті

  Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы
Келісім

      Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттер, бұдан әрi Тараптар деп аталады,
      2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықты құру туралы шартты басшылыққа ала отырып,
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мақсаттары мен мiндеттерін iске асыра отырып,
      бағалы қағаздар эмиссиясы мен айналысының бiрыңғай тәртiбiн, бағалы қағаздар рыногында кәсiби қызметті жүзеге асырудың бiрыңғай тәртiбiн, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде инвесторлардың құқықтарын қорғау мен қамтамасыз етудiң бiрыңғай принциптерiн құру қажеттiлiгiн түсiне отырып,
      Тараптардың экономикалық әлеуетiнің өсуiне қолдау көрсетуге ұмтыла отырып,
      мына төмендегілер жайында келiсті:

  1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары бiрыңғай мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногын құру, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберiнде мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногы инвесторларының мүдделерін қорғау бойынша шаралар әзiрлеу мен қабылдау, мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногы жөнiнде ақпараттық деректер базасын құру және оны Тараптардың тең құқылы пайдалануын қамтамасыз ету болып табылады.
      Мұндайда мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногы деп қызмет ету мен мемлекеттiк реттеудiң жалпы принциптерiмен бiрiккен Тараптардың бағалы қағаздар рыноктарының жиынтығын түсінуге болады.

  2-бап

      Бағалы қағаздардың шығарылымдарын және шығарылым қорытындылары туралы есептердi мемлекеттiк тiркеу бағалы қағаздар орналастырылатын әрi айналыста болатын аумақ Тарапының заңдарында белгіленген тәртiппен жүзеге асырылады.

  3-бап

      Мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногының қатысушылары әрбiр Тараптың заңдарына сәйкес айқындалған бағалы қағаздардың эмитенттерi, инвесторлар, бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушылары болып табылады.

  4-бап

      Бағалы қағаздардың эмитентi резидент болып табылатын Тараптың аумағынан тыс бағалы қағаздарды орналастыруға әрi айналысқа жiберу осы Tapаптың заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Эмитентi резидент еместер болып табылатын бағалы қағаздарды кез келген Тараптың аумағында орналастыруға әрi айналысқа жiберу аумағында бағалы қағаздар орналастырылатын әрi айналыста болатын Тараптың заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Мұндайда "резидент" және "резидент емес" деген ұғымдар әрбiр Тараптың заңдарына сәйкес айқындалады.

  5-бап

      Бағалы қағаздар рыногындағы кәсiби қызмет аумағында мұндай қызмет жүзеге асырылатын Тараптың заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

  6-бап

      Мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногындағы мәмiлелер аумағында жасалатын Тараптың заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      Мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен жасалатын мәмiлелер бойынша есеп айырысулар аумағында осы мәмiлелер жасалатын Тарап заңдарының талаптарын ескере отырып мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногы қатысушыларының келiсiмi бойынша айқындалады.

  7-бап

      Тараптардың әрқайсысы өзiнiң бағалы қағаздар рыногында басқа Тараптың резиденттерiне барынша қолайлы режимдi ұсынады.

  8-бап

      Тараптар:
      бағалы қағаздардың эмиссиясын реттейтiн;
      резиденттердiң бағалы қағаздарын басқа Тараптың аумағында орналастыруға әрi айналысқа жiберудi реттейтiн;
      резидент еместердің бағалы қағаздарын орналастыруға әрi айналысқа жiберудi реттейтiн;
      бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының және ұжымдық инвестициялар институтының қызметiн реттейтiн;
      Мұндайда ұжымдық инвестициялар институты деп инвестициялық қорларды, мемлекеттік емес зейнетақы қорларын, инвестициялық қорлар мен мемлекеттiк емес зейнетақы қорларының басқарушы компанияларын және мамандандырылған депозитарийлерiн, сондай-ақ әрбiр Тараптың заңдарына сәйкес ұжымдық инвестициялар институтына жататын өзге де ұйымдарды түсiнуге болады;
      бағалы қағаздар рыногының кәсiби қатысушыларының және ұжымдық инвестициялар институтының мамандарына қойылатын бiліктілік талаптарын белгiлейтiн;
      бағалы қағаздар рыногында мәмiлелердiң жасалуына қойылатын талаптарды белгiлейтiн;
      бағалы қағаздар рыногында ақпаратты жария етудi реттейтiн;
      1) заңдардың үйлесiмділігi бойынша;
      2) корпоративтiк мiнез-құлық кодекстерiнiң үйлесiмділігi бойынша;
      3) бағалы қағаздар рыногында бақылау жасауға бiрыңғай көзқарасты құрау бойынша шараларды қолға алуға мiндеттенедi.

  9-бап

      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетi Тараптардың бағалы қағаздар рыноктары туралы ақпараттық деректер базасын қалыптастырады.
      Тараптар өздерiнің заңдарына сәйкес Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетiне өздерiнің бағалы қағаздар рыноктарына қатысты мәлiметтердi ұсынуға міндеттенедi.

  10-бап

      Тараптар өздерiнің бағалы қағаздар рыноктарын реттеу жөнiндегi уәкiлеттi органдарына мемлекетаралық бағалы қағаздар рыногында бақылау жасау үшiн қажетті ақпаратпен тұрақты негiзде алмасуды тапсырады.
      Тараптар осы Келiсiмнiң негізiнде мұндай мәлiметтердi берген Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз Тараптардың бiреуiнен алынған мәлiметтердi үшiншi тарапқа бермеуге мiндеттенедi.

  11-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру бойынша үйлестiру жұмысы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетiнiң 2002 жылғы 29 қарашадағы N 159 шешiмiне сәйкес құрылған Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетiнің жанындағы Бағалы қағаздар рыноктарын реттеу жөнiндегі уәкiлетті органдар басшыларының кеңесiне жүктеледi.

  12-бап

      Осы Келiсiм Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың мүшелерiне қабылданған кез келген мемлекеттiң оған қосылуы үшін ашық болады.
      Осы Келiсiмге қосылу туралы құжат Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитетi болып табылатын депозитарийге сақтауға тапсырылады.
      Қосылған мемлекеттерге қатысты осы Келiсiм депозитарий қосылу туралы құжатты алған күннен бастап күшiне енедi.

  13-бап

      Тараптардың уағдаласуы бойынша осы Келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн әрi олар оның ажырамас бөлiгі болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресiмделедi.

  14-бап

      Осы Келiсiмдi қолдануға немесе талқылауға байланысты туындайтын даулар мүдделi Тараптардың кеңес беруi мен келiссөздерi арқылы шешiледi.

  15-бап

      Осы Келiсiм бес жыл мерзiмге жасалады және егер Тараптардың бipeуi де кезектi бесжылдық кезең аяқталғанға дейiн кемiнде алты ай бұрын депозитарийге оның қолдануын тоқтату ниетi туралы жазбаша хабарламаны жiбермесе, ол одан кейiнгi бесжылдық кезеңдерге ұзартылады.

  16-бап

      Осы Келiсiм оған қол қойған Тараптар қажеттi iшкi мемлекеттiк рәсiмдердi орындағаны туралы соңғы хабарлама депозитарийдiң сақтауына тапсырылған күннен бастап күшiне енедi.
      Тараптардың әрқайсысы депозитарийге бұл жөнiнде шыққанға дейiн кемiнде алты ай бұрын жазбаша хабарламаны жiбере отырып, осы Келiсiмнен шыға алады.
      Осы Келiсiм Тараптардың осы Келiсiммен қамтылатын мәселелерге қатысты қолданылып жүрген халықаралық шарттары бойынша немесе осы Келісiмнің мәнi мен мақсаттарына сәйкес жасалуы мүмкiн халықаралық шарттар бойынша өзара құқықтары мен мiндеттерiн қозғамайды.
      2004 жылғы 18 маусымда бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалды.

       Беларусь Республикасы үшiн

      Қазақстан Республикасы үшiн

      Қырғыз Республикасы үшiн

      Ресей Федерациясы үшiн

      Тәжікстан Республикасы үшiн

      Осы аударма Астана қаласында 2004 жылғы 18 маусымда жасалған Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа мүше мемлекеттердiң бағалы қағаздар рыногындағы ынтымақтастығы туралы келiсiмнiң мәтiнiмен бiрдей болып табылады.