Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері антының мәтінін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2002 жылғы 2 желтоқсан N 978

Жаңартылған

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.

      Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 33-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері антының мәтіні бекітілсін.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.

      2. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы   
Президентінің       
2002 жылғы 2 желтоқсандағы 
N 978 Жарлығымен      
   бекітілген         

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің анты

      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.

      Ескерту. Антқа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 29.08.2014 N 900 Жарлығымен.

      Мен, Қазақстан Республикасының азаматы __________________ (тегі, аты, әкесінің аты) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қызметке кіре отырып:
      Қазақстан Республикасының халқы мен Президентіне адал болуға;
      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-қимылымда заңдылық және әділдік қағидаттарын ұстануға;
      маған жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен әрі кәсіби түрде орындауға, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкері жоғары атағын қастерлеуге;
      азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау және елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайту үшін күшімді аямауға, қажет болса өмірімді қиюға;
      мемлекеттік және қызметтік құпияны қатаң сақтауға салтанатты түрде ант етемін.
      Егер мен өзімнің осы антымды бұзсам, онда мен Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қатаң жазаға тартылайын.

      200_ жылғы " __ " _______________           ________________
                                                       (қолы)