Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкілі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы. 2001 жылғы 11 қазан N 701

Қолданыстағы

      "Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкiлдер комиссиясы туралы уақытша ереже туралы" Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесiнің 2001 жылғы 31 мамырдағы N 10 шешiмiне сәйкес қаулы етемін:

      1. Қоса берiлiп отырған Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкiлi туралы ереже бекiтiлсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Yкiметi Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкiлi мен оның аппаратын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерiн шешсiн.

      3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті

Қазақстан Республикасы  
Президентінің      
2001 жылғы 11 қазандағы 
N 701 Жарлығымен    
Бекітілген       

Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық
қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкілі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкiлi (бұдан әрi - Тұрақты өкiл) Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайтын және қызметтен босататын лауазымды адам болып табылады.
      Тұрақты өкiл өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Президентiне, Yкiметiне және Сыртқы iстер министрлiгiне есеп бередi.
      2. Тұрақты өкiл лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкiлетті Елшiсiне теңестiрiледi.
      Тұрақты өкiлге "Дипломатиялық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дипломаттық дәреже беру туралы ереже қолданылады.
      3. Тұрақты өкiл өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына, Еуразиялық экономикалық қоғамдастығын құру туралы шартқа, Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкiлдер комиссиясы туралы уақытша ережеге және Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық Кеңесiнiң өзге де шешiмдерiне, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзедi.

2. Тұрақты өкiлдiң негiзгi міндеттерi, функциялары және
құқықтары

      4. Тұрақты өкiлдiң негiзгi мiндеттерi:
      Еуразиялық экономикалық қоғамдастықта (бұдан әрi - ЕурАзЭҚ) Қазақстан Республикасының өкiлдігі;
      ЕурАзЭҚ шеңберiнде ұлттық мүдделердi қорғау және Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру болып табылады.
      5. Тұрақты өкiлдiң функциялары:
      Қазақстан Республикасы Президентінiң, Үкiметiнiң, Сыртқы iстер министрлiгiнiң тапсырмаларын, сондай-ақ басқа да мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен келісiлген тапсырмалары мен сұрауларын орындау;
      ЕурАзЭҚ шеңберiнде ынтымақтастықты дамытудың жай-күйi мен негiзгi үрдiстерiн талдау;
      Қазақстан Республикасының Президентiн, Үкiметiн, Сыртқы iстер министрлігін, басқа да мемлекеттiк органдарын ЕурАзЭҚ қызметiнiң мәселелерi бойынша белгiленген тәртіппен хабардар ету, Қазақстан Республикасының ЕурАзЭҚ қызметіне қатысуын қамтамасыз ету жөнiнде белгiленген тәртіппен ұсыныстар енгізу;
      ЕурАзЭҚ органдарының мәжілістерiне қатысу және ЕурАзЭҚ шеңберiнде Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiне сай келетiн экономикалық және қаржылық шешiмдердi қабылдау кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметінiң атынан белгіленген тәртіппен келiсiлген ұсыныстар енгiзу;
      Қазақстан Республикасының ЕурАзЭҚ шеңберiнде халықаралық шарттар жасасуы туралы келiссөздер жүргізу, ЕурАзЭҚ қызметiне жататын мәселелер бойынша шарттар жобаларын және басқа да құжаттарды әзiрлеуге қатысу;
      ЕурАзЭҚ органдарымен, ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң Тұрақты өкiлдерiмен және мемлекеттiк органдарымен, ЕурАзЭҚ жанындағы бақылаушылармен өзара iс-әрекет жасау;
      Мемлекетаралық Кеңестің шешiмдерiне және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де функцияларды орындау.
      6. Тұрақты өкiлдiң негізгi мiндеттердi iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында мынадай құқықтары бар:
      мүдделi министрлiктер мен ведомстволар басшыларымен келiсiм бойынша ЕурАзЭҚ органдарының және Еуразиялық экономикалық қоғамдастық жанындағы Тұрақты өкiлдер комиссиясы мәжiлiстерiнiң қарауына енгізiлетiн құжаттар мен шешiмдер жобаларына консультациялар, пысықтау және сараптама жүргізу үшін мамандарды, сарапшыларды және ғалымдарды тарту;
      Тұрақты өкіл құзыретіне кіретін мәселелердi шешу үшiн қажетті құжаттар мен өзге де материалдарды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен ұйымдарынан сұрату және алу;
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Үкiметiнiң және Сыртқы iстер министрлiгінiң қарауына ЕурАзЭҚ органдары қабылдаған шешiмдерге сәйкес Қазақстан Республикасының заңдарына, сондай-ақ Тұрақты өкiл мен оның аппаратының қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу жөнiнде ұсыныстар жасау;
      Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес басқа да құқықтарды жүзеге асыру.

3. Тұрақты өкіл мен оның аппаратының қызметін
қамтамасыз ету

      7. Тұрақты өкіл өз қызметін қамтамасыз ету үшін аппарат құрады.
      Тұрақты өкіл аппаратының штат санының лимитін, құрылымын, сондай-ақ Тұрақты өкіл мен оның аппаратын ұстауға жұмсалатын шығыстарының сметасын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
      Тұрақты өкіл мен оның аппараты ЕурАзЭҚ Интеграциялық Комитеті тұрған жерде орналасады.
      8. Тұрақты өкіл мен оның аппаратын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.