Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын қолданудың кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы N 549 Жарлығы

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасының Президенті туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 19-бабының 8) тармақшасына сәйкес ақша айналымында қолма-қол ақшамен төлемдер жасалған кезде ақша белгілерін - тиындарды іс жүзінде қолданудың тоқтатылғанын ескере отырып, қаулы етемін:

      1. Қолма-қол ақша белгілері - тиындар (бұдан әрі - тиындар) ақша айналымынан алынсын.

      2. Қолма-қол тиындарды ақша айналымынан алу 2012 жылғы 31 желтоқсанға дейін қоса алғанда жүзеге асырылады деп белгіленсін.
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 2011.11.09 № 170 (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Жарлығымен.

      3. Барлық төлем құжаттарында тиындарды есепке алу, көрсету және тиындарды пайдалана отырып қолма-қол ақшасыз төлемдерді жүзеге асыру тәртібі өзгеріссіз қалдырылсын.

      4. Қолма-қол тиындарды ақша айналымынан алу, сондай-ақ қолма-қол тиындарды қабылдау және теңгемен айырбастау тәртібін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы белгілейді .

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік бюджеттен тиындармен есептелген барлық әлеуметтік төлемдер сомасын тиындардың сомасына қарамастан, бір теңгеге дейін, дөңгелектеу тәртібін әзірлеп, бекітсін.

       5-1. Осы Жарлықтың 5-тармағында көзделген төлемдерді қоспағанда, қолма-қол төлемдер нысаны кезінде төлемдер сомасын дөңгелектеудің арифметикалық әдісі қолданылатыны белгіленсін (50 тиынға дейінгі тиын сомасы 0-ге дейін; 50 тиыннан бастап және одан жоғары 1 теңгеге дейін дөңгелектелсін).
       Ескерту. Жарлық 5-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Президентінің 2009.07.04 N 842 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз) Жарлығымен.

      6. Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өз актілерін осы Жарлыққа сәйкес келтірсін.

      7. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті