Ескерту. Күші жойылды - ҚР Президентінің 12.08.2014 № 894 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасының стратегиялық мүдделері үшін ерекше мәні бар ұйымдар мен объектілердің қызметін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) жекешелендіруге және оның алдын ала сатыларына жатпайтындарға қоса беріліп отырған тізбеге сәйкес мемлекеттік меншік объектілерін жатқызсын;
2) тізбеге өзгерістер енгізуді тек Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен ғана жүргізсін;
3) қызметін мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету республиканың ұлттық мүдделері үшін стратегиялық маңызға ие, мемлекет меншігінде белгілі бір кезеңге сақталатын өзге де мемлекеттік ұйымдардың, объектілердің және акционерлік қоғамдар акциялары мемлекеттік пакеттерінің, сондай-ақ шаруашылық серіктестіктердегі мемлекеттік үлестердің қосымша тізбесін айқындасын.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасында бұқаралық спортты дамыту жөніндегі шұғыл шаралар туралы" 1995 жылғы 4 мамырдағы N 2261 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.
3. Осы жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы
Президентінің
2000 жылғы 28 шілдедегі
N 422 Жарлығына қосымша
Жекешелендіруге және оның алдын ала сатыларына
жатпайтын объектілердің тізбесі
1. Жер (Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер, шарттар және шектерде жеке меншікте болатындарынан басқа), жер қойнауы, су, өсімдік және хайуанаттар дүниесі.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар.
3. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті штаттық мүлік, әскери-техникалық мақсаттағы ұйымдар мен объектілер.
4. Мемлекеттік халықаралық бағыттар желісіне қосылған, сондай-ақ қорғаныстық маңызы бар магистральді темір жолдар, ортақ пайдаланылатын республикалық автомобиль жолдары, олардағы инженерлік құрылыстарды қоса, кеме қатынасы су жолдары, шамшырақтар, кеме қатынасы қауіпсіздігін реттейтін және кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер.
5. Магистральді мұнай және газ құбырлары, кернеуі 220, 500 және 1150 кВ аймақаралық деңгейдегі электр желілері.
6. Су техникасы құрылыстары бар су қоймалары, су тораптары, су көздеріндегі суды көтеретін бөгеттер.
7. Ауылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек, мамандандырылған көмек көрсететін (қан құю, ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі, радиациялық медицина орталықтары, онкологиялық, туберкулез, ВИЧ-инфекциясын жұқтырғандарды және СПИД-пен ауыратын ауруларды және жұқпалы ауруларды, тері-венерологиялық, психикалық ауруларды емдеу жөніндегі объектілер), сондай-ақ облыстың, қаланың, ауданның қызмет көрсетілетін аумағындағы бірден-бір мемлекеттік медициналық ұйым болып табылатын медициналық мекемелер. <*>
Ескерту. 7-тармақ өзгерді - ҚР Президентінің 2003.02.10. N 1021 жарлығымен.
8. Халықты әлеуметтік қорғау объектілері, балалар үйлері, бөбектер үйлері, қарттар үйлері, Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, мүгедектерінің және оларға теңестірілген адамдардың, балалар мен қарттардың интернаттары, госпитальдары мен санаторийлері.
9. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың білім алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін жалпы орта білім беру мемлекеттік ұйымдары.
10. Мемлекеттің қорғауындағы тарихи және мәдени мұралар объектілері.