ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі К.Д. Молдагалиевтің өкілі – адвокат Д.Н. Утебековтің,
Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – Құқықтық бөлімнің бас консультанты А.А. Шамишевтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері – Тергеу департаменті бастығының орынбасары О.М. Кайназаровтың және аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші А.К. Бекишевтің,
Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қ.Т. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі – Тергеу департаментінің бірінші тергеу басқармасының басшысы О.С. Тажмаганбетовтің,
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Тергеу департаментінің бастығы М.Ж. Қожаевтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Ш.Ж. Манкешовтің,
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – алқа төрағасының орынбасары И.О. Вранчевтің,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты А.А. Адылхановтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның қатысуымен,
өзінің ашық отырысында К.Д. Молдагалиевтің 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 64-бабы тоғызыншы бөлігі 17) тармағының және 70-бабы екінші бөлігі 5) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусинді және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) К.Д. Молдагалиевтің өтініші келіп түсті, онда ол ҚПК-нің 64-бабы тоғызыншы бөлігі 17) тармағының және 70-бабы екінші бөлігі 5) тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 13-бабының 1 және 3-тармақтарына, 17-бабының 1-тармағына, 18-бабының 3-тармағына, 34-бабының 1-тармағына және 39-бабының 3-тармағына сәйкестігін қарауды сұрайды.
Өтініштен және оған қоса берілген құжаттардан мүддесін Д.Н. Утебеков қорғайтын К.Д. Молдагалиевке қатысты Алматы қаласы прокуратурасының жедел-тергеу тобы (бұдан әрі – ЖТТ) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатқанын түсінуге болады. Тергеп-тексеру шеңберінде өтініш субъектісінен 2022 жылғы 28 қыркүйекте, 12, 21 және 27 желтоқсанда, 2023 жылғы 20 наурызда күдікті ретінде жауап алынған.
К.Д. Молдагалиевтің басқа қорғаушылары – адвокаттары А. Оралбай және А. Өтесін жоғарыда көрсетілген жауап алу хаттамаларының көшірмелерін беру туралы өтінішхаттар мәлімдеген. ЖТТ тергеушілері 2022 жылғы 30 қыркүйектегі, 12, 21 және 27 желтоқсандағы, 2023 жылғы 20 сәуірдегі қаулыларымен ҚПК-нің 70-бабы екінші бөлігінің 5) тармағына сілтеме жасай отырып, бұл өтінішхаттарды қанағаттандырудан бас тартқан.
Адвокаттар А. Оралбай және А. Өтесін ҚПК-нің 106-бабында белгіленген тәртіппен бұл бас тартуларға Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотына шағым жасаған, ол 2022 жылғы 17 қарашадағы және 23 желтоқсандағы, 2023 жылғы 4, 6 қаңтардағы және 2 мамырдағы қаулыларымен екі қорғаушының шағымдарын қанағаттандырусыз қалдырған. Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 25 қарашадағы және 28 желтоқсандағы, 2023 жылғы 12 қаңтардағы және 16 мамырдағы қаулыларымен бірінші сатыдағы соттың шешімдері – өзгеріссіз, ал қорғаушылардың шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылған.
Өтініш субъектісінің пікірінше, өзінен жауап алу хаттамасының көшірмесін алуға тыйым салу Конституцияның 13-бабының 1 және 3-тармақтарында, 17-бабының 1-тармағында, 18-бабының 3-тармағында, 34-бабының 1-тармағында және 39-бабының 3-тармағында көзделген өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, білікті заң көмегін алуға, құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен танысуға және жеке басына қолсұғылмаушылыққа конституциялық құқықтарын іске асыруда өзіне негізсіз кедергілер туғызады.
Конституциялық Сот ҚПК-нің дау айтылып отырған нормаларының конституциялылығы туралы мәселені қарау кезінде өтініш нысанасына қатысты мыналарды негізге алады.
1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыра отырып, ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары бола отырып (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы), әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығына және білікті заң көмегін алу құқығына кепілдік береді (Конституцияның 13-бабының 1 және 3-тармақтары).
Конституцияның 39-бабының 3-тармағына сәйкес аталған құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда шектелуге жатпайды.
Қылмыстық-процестік заңда әркімнің білікті заң көмегін алу құқығын бекітетін конституциялық нормалар қылмыстық процесс қағидаттарында көрсетілген (ҚПК-нің 26 және 27-баптары). Бұл қағидаттар күдіктінің қорғалу және білікті заң көмегін алу құқығын регламенттейтін ҚПК-нің басқа нормаларының мазмұнын алдын ала айқындайды.
ҚПК-нің 64-бабында күдіктінің құқықтық мәртебесі, оны ұстап алу, оның құқықтарын түсіндіру, жауап алу, күдіктіні ұстап алу туралы тиісті адамдарды хабардар ету, күдікті мәртебесін тоқтату тәртібі белгіленеді, сондай-ақ оның құқықтары айқындалады.
ҚПК-нің 70-бабында қорғаушының сотқа дейінгі іс жүргізу барысындағы өкілеттігі айқындалады.
ҚПК-нің 64-бабы тоғызыншы бөлігінің 17) тармағына сәйкес күдіктінің өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және хаттамаларға ескертулер беруге құқығы бар.
ҚПК-нің 70-бабы екінші бөлігінің 5) тармағына сәйкес қорғаушы жедел-іздестіру және қарсы барлау іс-шаралары, жасырын тергеу әрекеттері туралы деректер қамтылған іс материалдарын қоспағанда, іске кіріскен кезден бастап өзінің қорғауындағы адамға қатысты істің мынадай материалдарымен: адамның жасалған қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызында, хабарында қамтылған дербес деректерді қоспағанда, осындай арызбен, хабармен; осындай арызда, хабарда қамтылған дербес деректерді қоспағанда, оларды сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркеу туралы баянатпен; қорғаудағы адамның қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің және процестік әрекеттердің хаттамаларымен; бұлтартпау шарасын қолдану туралы қаулымен және бұлтартпау шарасын қолдануға санкция беру туралы сот алдындағы өтінішхатпен танысуға құқылы. Өзінің қорғауындағы адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органының: сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарын іс жүргізуге қабылдау; тергеу, жедел-тергеу тобын құру; қылмыстық іс бойынша сот ісін жүргізу тілін белгілеу; оларда қамтылған дербес деректерді қоспағанда, жәбірленуші деп тану; азаматтық талапкер деп тану; күдікті деп тану; күдіктінің іс-әрекетін саралау; бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтінішхатты қозғау; қорытынды беру үшін маманды тарту; сот сараптамасын тағайындау; мүлікке тыйым салуды қолдану; сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімдерін үзу; сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату; тоқтатылған сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қайта бастау; қорғаушы тараптың шағымдарын, өтінішхаттарын қарау нәтижелері; тінту, алу (олар аяқталғаннан кейін) жүргізу; тергеу экспериментін жүргізу; сараптамалық зерттеу үшін үлгілер алу туралы қаулыларының көшірмелерін ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіруге не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан алуға құқылы. Сондай-ақ ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен: маман, сарапшы қорытындысының, өзінің қорғауындағы адамға қатысты қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабардың; тергеу әрекеттерін жүргізудің аяқталғаны және қылмыстық іс материалдарымен танысу құқығын түсіндіру туралы хабарламаның көшірмелерін түсіруге құқылы.
Мемлекеттік құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді және айыптау куәларының тізімін қоспағанда, қылмыстық істің барлық материалымен танысу, одан кез келген мәліметтерді кез келген көлемде жазып алу, ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен көшірмелерін түсіру құқығын күдікті мен қорғаушы тек қана сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін пайдалана алады.
Конституциялық Сот қаралып отырған өтініште күдікті мен қорғаушыға күдіктінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері және процестік әрекеттер хаттамаларының көшірмелерін түсіруге не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп жатқан органнан алуға тыйым салудан басқа, ҚПК-нің 64 және 70-баптарының дау айтылып отырған нормаларының конституциялық еместігі туралы қандай да бір өзге дәлелдер келтірілмегенін атап өтеді.
ҚПК-нің аталған нормаларының мазмұнынан күдікті мен қорғаушысы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін процестік құжаттардың және шешімдердің шектеулі түрінің көшірмелерін түсіруге немесе алуға құқылы екенін түсінуге болады. Бұларға күдіктінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің және процестік әрекеттердің хаттамалары кірмеген. Сонымен қатар ҚПК-нің 64-бабы тоғызыншы бөлігінің 17) тармағында және 70-бабы екінші бөлігінің 5) тармағында мұндай хаттамалардың көшірмелерін түсіруге және алуға тікелей түрде тыйым салатын және сол арқылы адамның және азаматтың конституциялық құқықтарын шектейтін нақты құқықтық нормалар қамтылмайды.
Өтініш беруші дау айтып отырған ҚПК нормалары процестік құжаттардың көшірмелерін түсіру және алу құқығымен қатар, күдікті мен қорғаушының қылмыстық процестегі басқа да құқықтарының едәуір көлемін де бекітеді. Бұлар қылмыстық-процестік заң арқылы адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға және білікті заң көмегін алуға конституциялық құқықтарын (Конституцияның 13-бабы), сондай-ақ азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделерін қозғайтын құжаттармен танысу мүмкіндігін (Конституцияның 18-бабы) қамтамасыз етуге бағытталған және мәні бойынша шектеу сипатына емес, оң сипатқа ие. Қазақстан Республикасының Парламенті Конституцияның 61 және 62-баптарында бекітілген өкілеттіктері мен заң шығару рәсіміне сәйкес ҚПК-ні қабылдап, оған Қазақстан Республикасының Президенті қол қойды және ол қолданысқа енгізілді.
ҚПК-нің 64 және 70-баптарының нормаларында өтініш беруші көрсетіп отырған құқықтың болмауы күдіктіні қорғауды жүзеге асыруға және оның білікті заң көмегін алуына кедергі болып табылмайды, өйткені "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Адвокаттық қызмет туралы заң) 33-бабы 3-тармағының 4) тармақшасына сәйкес адвокаттың процестік құжаттарды, тергеу және сот iстерiн қоса алғанда, көмек сұрап өтініш жасаған адамға қатысты материалдармен танысу құқығынан басқа, оларда қамтылған ақпаратты Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен тіркеп алуға құқығы бар. Жоғарыда атап өткендей, ҚПК-нің 64 және 70-баптарында күдіктінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттері хаттамаларының көшірмесін жасауға тікелей тыйым салатын нормалар қамтылмағанын негізге ала отырып, Адвокаттық қызмет туралы заңның белгіленген ережесін ескере отырып, қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын орган және оның лауазымды адамдары күдікті қорғаушысының оларда қамтылатын ақпаратты көшірме жасау арқылы тіркеп алуына кедергі жасауға құқылы емес.
Баяндалған мән-жайларда өтініш беруші дау айтып отырған ҚПК-нің нормалары адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмейді.
2. Конституциялық Сот қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру шеңберінде қорғаушының өкілеттігі едәуір кеңейтілгенін атап өтеді. 2021 жылғы 21 маусымға дейін ҚПК-нің 70-бабына сәйкес тергеп-тексеру аяқталғанға дейін қорғаушы күдіктіге, айыпталушыға ұсынылатын не ұсынылуға тиіс ұстап алу хаттамасымен, бұлтартпау шарасын қолдану және күзетпен ұстау, үйқамақ мерзімін ұзарту туралы қаулылармен, іс бойынша мерзімдерді үзу туралы хабарламамен және күдіктінің немесе қорғаушының өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен ғана танысуға құқылы болды. Қорғаушының процестік құжаттардың көшірмелерін түсіру және алу өкілеттігі болған жоқ.
Ал күдіктінің ҚПК-нің 64-бабы тоғызыншы бөлігінің 23) тармағына сәйкес жасырын тергеу әрекеттеріне қатысты мәселелерді қоспағанда, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын процестік шешімдердің қабылданғаны туралы өзін қылмыстық процесті жүргізетін органның кейінге қалдырмай хабардар етуіне, сондай-ақ олардың көшірмелерін алуға құқығы болды және ол бар.
Күдіктінің құқықтарындағы және қорғаушының өкілеттіктеріндегі асимметрия негізінен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2021 жылғы 9 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен жойылды, онда ҚПК-нің 70-бабына жалпы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысымен Конституцияға сәйкес келеді деп танылған өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, ҚПК-нің аталған бабы екінші бөлігінің 5) тармағында қорғаушының өзінің қорғауындағы адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы қаулыларының көшірмелерін, сондай-ақ маман, сарапшы қорытындысының көшірмелерін, өзінің қорғауындағы адамға қатысты қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаны ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен түсіру не сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан алу құқығы заңнамалық түрде бекітілді. Бұдан басқа, қорғаушы сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін танысуға құқылы қылмыстық іс материалдарының тізбесі кеңейтілді.
Конституциялық іс жүргізу барысында ҚПК-нің 64 және 70-баптарының ережелеріне жүргізілген талдау және салыстыру олардың кейбір нормаларының сәйкессіздігін анықтады.
Мәселен, күдіктінің: қылмыстық процесті жүргізетін адамның және қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдардың заңсыз әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қарсылық білдіруге, осы қарсылықтарды процестік құжаттарға енгізуді талап етуге; тергеу судьясы алдында куәның және жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат беруге; сұрау салуды орындаудан бас тартылған не ол бойынша үш тәулік ішінде шешім қабылданбаған жағдайда тергеу судьясы алдында, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қоспағанда, өз мүдделерін қорғау үшін қажет кез келген мәліметтерді, құжаттарды, нәрселерді талап етіп алдыру туралы өтінішхат беруге құқығы жоқ.
Ал қорғаушының, Конституциялық Соттың пікірінше, маңызды болып табылатын мұндай құқықтары бар.
Атап көрсетілген сәйкессіздік адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын қорғауға конституциялық құқығының ықтимал бұзылуына жағдайлар жасайды, өйткені қорғаушы қызметінен бас тартқан күдікті сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында бұл құқықтарды пайдалана алмайды.
Конституциялық Сот қылмыстық процестің құқықтық табиғаты мен жалпы қағидаттары ескеріле отырып, күдікті мен қорғаушысының құқықтарындағы айырмашылықтар ақылға қонымды және негізделген сипатқа ие болуға тиіс, құқықтық реттеудегі теңгерімсіздікке және әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын, әсіресе, күдікті өзін қорғауды дербес жүзеге асыратын және қорғаушы қызметін пайдаланбайтын жағдайда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығының бұзылуына жол бермеуге тиіс деп есептейді. Осы бөлікте ҚПК-нің 64 және 70-баптары қосымша жетілдіруді қажет етеді.
3. Конституциялық Сот күдікті мен қорғаушысының құқықтары бөлігінде ҚПК нормалары (64 және 70-баптар) кез келген басқа құқық нормалары сияқты жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті және негізделген өлшемшарттарға негізделуге тиіс екенін де атап өтеді.
Күдікті мен қорғаушысының тергеп-тексеру аяқталғанға дейін қылмыстық істің барлық материалына қолжетімділігін шектеу тергеп-тексеру мақсаттарына қол жеткізу қажеттігімен және куәларға құқыққа сыйымсыз ықпал ету не айғақтарды күні бұрын ашу арқылы тергеп-тексеруге кедергі жасау мүмкіндігін болғызбаумен түсіндіріледі. Алайда, күдіктінің өзінің айғақтары жазылған тергеу әрекеттері хаттамаларының күдікті мен қорғаушысының тергеп-тексеру барысында процестік құжаттардың көшірмесін алуы үшін қолжетімді тізбеде болмауына, Конституциялық Соттың пікірінше, қорғалу құқығын қамтамасыз ету немесе білікті заң көмегін алу тұрғысынан жеткілікті негіздеме жоқ.
Конституцияның 13-бабының 1-тармағына сәйкес әркім өзінің құқықтары мен бостандықтарын заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқылы.
Күдіктінің немесе оның қорғаушысының өздерінің қатысуымен жүргізілген процестік әрекеттер хаттамаларының көшірмелерін қылмыстық қудалау органынан алу немесе оларды өз бетінше түсіру мүмкіндігі өз құқықтарын қорғауды жүзеге асырудың және білікті заң көмегін алудың (көрсетудің) маңызды тәсілдерінің бірі деп танылуы керек. Мұндай тәсіл адвокаттың аталған процестік құжаттарда қамтылатын ақпаратты тіркеп алу құқығына толық сәйкес келеді, сондай-ақ қылмыстық процеске басқа да қатысушылар құқықтарының нақты немесе болжамды бұзылуын туғызбайды.
Осыған байланысты Конституциялық Сот қылмыстық-процестік заңнаманы осы бөлікте жетілдіру үшін тиісті шаралар қабылдау қажет деп пайымдайды.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 64-бабы тоғызыншы бөлігінің 17) тармағы және 70-бабы екінші бөлігінің 5) тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру туралы мәселені қарау ұсынылсын.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |