2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 482-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулысы

Қолданыстағы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 482-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар Б.М. Нұрмұханов, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Б.Ш. Жақселекованың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары М.А. Аюбаевтың,

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі С.Ж. Сейтжановтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Ә.М. Ракишеваның,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – А.А. Нұркееваның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында В.Д. Щебентовскийдің 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 482-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусинді және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Cотына (бұдан әрі – Конституциялық Cот) ҚПК-нің 482-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен адвокат А.Т. Темірғалының өтініш беруші Астана қаласының № 2 Есіл аудандық сотының 2018 жылғы 2 ақпандағы үкімімен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің АП-162/3 мекемесінде жазасын өтеп жүрген кезеңде оған құқықтық көмек көрсету шеңберінде Павлодар қаласының № 2 сотына ҚПК-нің 476-бабының тәртібімен "Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі" РММ-нің әрекетсіздігіне шағым келтіргенін түсінуге болады.

      Павлодар қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысымен адвокаттың шағымы үкімді орындау тәртібімен шағым келтіруге сотталған адамның ғана құқығы болғандықтан тиісті емес адамның шағым беруіне байланысты қараусыз қалдырылған.

      Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 қаңтардағы қаулысымен Павлодар қаласы № 2 сотының қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

      Өтініш авторының пікірінше, дау айтылып отырған норманың ережесі азаматты "Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Адвокаттық қызмет туралы заң, Заң) көзделген білікті заң көмегі түрлерінің бірін алу құқығынан айырады, оған шағымға заңда көзделмеген жеке өзінің қол қою және оны сотқа беру міндетін жүктей отырып, адвокатты Заңда бекітілген осындай құқықтан айырады, сотталған азаматтардың Конституцияда кепілдік берілген білікті заң көмегіне қол жеткізуіне қосымша және еңсерілмейтін кедергілер туғызады.

      Конституциялық Cот ҚПК-нің 482-бабы төрт бөліктен тұратынға назар аударады. Өтініш беруші дау айтып отырған, шағым келтіру құқығы берілген субъектіні айқындайтын норма көрсетілген баптың бірінші бөлігінің бірінші сөйлемінде жазылған. Кейінгі бөліктерінде соттың сотталған адамдардың жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өз құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне, сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне не прокурордың осыған ұқсас шағымдарды қанағаттандырудан бас тартуына шағымдарын қарау тәртібі реттеледі.

      Өтініш берушінің ҚПК-нің 482-бабының сотталғандардың шағымдарын сотта қараудың процестік тәртібін белгілейтін ережелерінің Конституцияға сәйкестігін тексеру мәселесін қоймайтынын ескере отырып, Конституциялық Сот "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 50-бабының 2-тармағына сәйкес ҚПК-нің 482-бабының конституциялылығын өтініште көрсетілген норма бекітілген бірінші бөлігінде ғана тексерді.

      ҚПК-нің дау айтылып отырған нормасының конституциялылығы мәселесін қарау кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 13-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.

      ҚПК-нің 482-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сотталған адамның жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өз құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) (орыс тіліндегі редакцияда: және шешімдеріне), сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне не прокурордың осыған ұқсас шағымдарды қанағаттандырудан бас тартуына сотқа шағым жасауға құқығы бар.

      Конституцияның 12-бабының 2-тармағына сәйкес адамның құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды.

      Конституциялық Кеңес "адамның аталған құқығы мен бостандығын абсолюттi деп тану олардың Қазақстан Республикасының аумағында тұратын әр адамға, оның Республика азаматы болуы-болмауына қарамастан, қолданылады дегендi бiлдiредi" деп атап өтті (1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2 қаулы).

      ҚПК-нің 7-бабының 52) тармағына сәйкес үкім – айыпталушының кiнәлiлiгi немесе кiнәсiздiгi және оған жаза қолдану немесе қолданбау туралы мәселе бойынша бiрiншi, апелляциялық сатыдағы сот шығарған сот шешiмi. Осы сот актісінің жеке анықтылығы ол жасайтын құқықтық салдар, ең алдымен, мемлекет атынан қылмыстық жазаға тартылатын адам ретінде сотталған адамның өзіне қолданылады, бұл, өз кезегінде, оған тиесілі құқықтар мен бостандықтарды шектейді дегенді көздейді. Осыған байланысты, заң шығарушының сотталған адамға жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне, сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне сот арқылы шағым жасау құқығын беруі әр адамға құқықтардың және әркімнің сот арқылы қорғалу құқығының тиесілілігі конституциялық қағидаттары тұрғысынан негізді және қисынды түрде туындайды.

      2. Әркімге білікті заң көмегін алу құқығына Конституцияның 13-бабының 3-тармағымен кепілдік беріледі.

      Конституцияның нормалары мен ережелерін дамыту үшін ел Парламенті Адвокаттық қызмет туралы заңды қабылдады, бұл заң көмегінің негізгі қағидаттарын, нысандары мен түрлерін белгілейтін заңнамалық акт болып табылады.

      Адвокаттық қызметтің де, заң көмегінің де көп қырлылығы ескеріле отырып, Заңның 2-бабында адвокаттық қызмет пен заң көмегін реттейтін нормалар өзге де нормативтік құқықтық актілерде де қамтылуы мүмкін деп белгіленеді. Заңда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде заң көмегін көрсетудің ерекшеліктері белгіленуі мүмкін дегенге де жол беріледі.

      Қаралып отырған жағдайда ҚПК және 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі (бұдан әрі – ҚАК) осындай нормативтік құқықтық акт болып табылады.

      Қылмыстық процеске қатысты заң көмегі құқығы ҚПК нормаларының қылмыстық процесті жүргізетін органды қорғалуға құқығы бар куәға, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға өздерінің қалауы бойынша қорғаушы қызметтерін пайдалану мүмкіндігін беруге міндеттейтіндігімен, ал белгілі бір жағдайларда қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысу міндеттілігін белгілейтіндігімен қамтамасыз етіледі. ҚПК-де қорғаушының өкілеттігі айқындалады, сондай-ақ қорғаушыны шақыру, тағайындау, ауыстыру, оның еңбегіне ақы төлеу тәртібі, оның ішінде төлем шығыстары мемлекет есебіне жатқызыла отырып реттеледі.

      Жүргізілген талдау көрсеткендей, әркімнің білікті заң көмегін алу құқығын іске асыруға қатысты ҚПК-нің 482-бабының нормалары Конституцияның ережелеріне сәйкес келмейді.

      ҚПК-нің Ерекше бөлігінің нормаларына сәйкес қорғаушының қатысуы, оның ішінде міндетті қатысуы сотқа дейінгі іс жүргізу барысында ғана емес, сонымен қатар әртүрлі сатыдағы соттардың қылмыстық істі қарауы кезінде де көзделеді. Атап айтқанда, заңды күшіне енген үкімді кассациялық сатыдағы сотта қайта қарау туралы өтінішхатты келтіруге сотталған адамның ғана емес, оның қорғаушысының да құқығы бар (ҚПК-нің 414 және 486-баптары).

      Осыған ұқсас тәсілді заң шығарушы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхат беру құқығына қатысты қолданды (ҚПК-нің 502-бабы). Бұл нормалар білікті заң көмегін алуға берілетін конституциялық кепілдікпен үйлеседі, қылмыстық процесс қағидаттарына, Заңда белгіленген заң көмегінің нысандары мен түрлеріне сәйкес келеді және сотталған адамның қорғалу құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

      Сонымен бірге үкімді орындау сатысында қорғаушының сотталған адамның мүддесі үшін өтінішхаттар келтіруге процестік құқығы шектеулі. Мәселен, ҚПК-нің 476-бабында белгіленген, үкімді орындау кезінде соттың қарауына жататын 26 мәселеден тұратын тізбедегі 12 мәселені (2), 4), 5), 7), 9), 11), 13), 15), 16), 17), 19), 20) тармақтар) қарауға – қорғаушысы емес, сотталған адамның өзі ғана және тек бір мәселеге (23) тармақ) сотталған адам немесе қорғаушысы бастамашылық ете алады (ҚПК-нің 477-бабы).

      ҚПК-нің 482-бабына сәйкес қорғаушыға сотталған адамды қорғау үшін жазаны орындайтын мекеменің немесе органның сотталған адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) (орыс тіліндегі редакцияда: және шешімдеріне), сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне не прокурордың осыған ұқсас шағымдарды қанағаттандырудан бас тартуына сотқа шағым жасауға өкілеттік берілмейді.

      Практикадағы бұл құқықтық олқылық адвокаттың сотталған адам өзіне берген, сенім білдірушінің атынан шағым келтіру өкілеттігін қамтитын сенімхат негізінде сотталған адамның атынан шағым беру арқылы сотталған адамға заң көмегін көрсетуімен толықтырылады.

      Сотталған адам кәмелетке толмаған болып табылатын және іске оның заңды өкілі қатысатын жағдайларды қоспағанда, ҚПК-де қылмыстық процеске қатысушылар қатарында сотталған адамның өкілі сияқты процестік фигура көзделмейді. Ең алдымен азаматтық құқыққа тән сенімхат бойынша өкілдік ету институтын қылмыстық процесте қолдану бұл жағдайда сотталған адамның құқықтарын қорғау үшін ҚПК-де арнайы нормалар болмағандықтан адвокаттар қолданатын мәжбүрлі шара болып табылады.

      Конституциялық Сот бұған дейін 2023 жылғы 22 мамырдағы № 16-НҚ нормативтік қаулысында "соттың үкімді орындау сатысындағы қызметі, сол сияқты басқа да сатылардағы қызметі қылмыстық процестің бірыңғай қағидаттарына негізделген және қылмыстық сот ісін жүргізудің жалпы міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған" деп түсіндірді.

      Қылмыстық процесс қағидаттарының маңыздылығын баса айта отырып, заң шығарушы ҚПК-нің 9-бабында қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін іске асырудың жалпы шарттарын және оның алдында тұрған міндеттердің шешілуін қамтамасыз ететін қылмыстық процесс сатыларының, институттары мен нормаларының жүйесі мен мазмұнын айқындайтын іргелі бастаулары қағидаттар болып табылатынын белгіледі. Осы қағидаттарды бұзу іс бойынша жүргізілген іс жүргізуді жарамсыз деп тануға дейін апаратын елеулі құқықтық салдарға әкеп соғады.

      Заң шығарушы қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау (ҚПК-нің 15-бабы), сот ісін жүргізуді тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асыру (ҚПК-нің 23-бабы), білікті заң көмегі құқығын қамтамасыз ету (ҚПК-нің 27-бабы) туралы принципті ережелерді таныды.

      Осыған байланысты сотталған адам үкім заңды күшіне енгеннен кейін қылмыстық процестің әртүрлі сатылары шеңберінде алуына болатын білікті заң көмегінің көлеміне көзқарастардағы мұндай саралауға объективті және ақылға қонымды негіздеме жоқ, қылмыстық процесс қағидаттарына сәйкес келмейді, Республиканың басқа да заңдарына қайшы келеді және Конституциямен кепілдік берілген білікті заң көмегін алу құқығын бұзуға алғышарттар жасайды.

      Мәселен, Заңның 15-бабының 3) тармақшасында осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және білдіру заң көмегі түрлерінің бірі болып табылады деп белгіленеді.

      Заңның 33-бабы 3-тармағының 1) және 7) тармақшаларында заң шығарушы адвокатқа заң көмегiн сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтары мен мүдделерiн құзыретiне тиiстi мәселелердi шешу кiретiн барлық соттарда, мемлекеттiк, өзге де органдар мен ұйымдарда қорғау және бiлдiру, мемлекеттік билік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің көмек сұрап өтініш жасаған тұлғалардың құқықтарына және заңмен қорғалатын мүдделерiне нұқсан келтіретін шешімдеріне және әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) өтiнiшхаттар мәлiмдеу, белгiленген тәртiппен шағымдар келтіру құқығын береді.

      Осы бөлікте ҚПК және ҚАК нормалары арасында қайшылықтардың бар екенін де атап өту қажет. Мәселен, ҚАК-тің 10-бабы бірінші бөлігінің 7) тармақшасында сотталған адамға білікті заң көмегін консультациялар, анықтамалар, құқықтық сипаттағы құжаттарды, оның ішінде үкімдерді орындау барысында ұсынылатын құжаттарды жасау түрінде ғана емес, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен өзге де түрде алуға кепілдік беріледі. Демек, жоғарыда аталған заң көмегінің түрі – қорғау және өкілдік ету – сотталған адамға үкімді орындау кезеңінде өз құқықтарын қорғау үшін қолжетімді болуға тиіс.

      Конституциялық Кеңес Республика Парламенті заң көмегін көрсету жүйесін құқықтық реттеудің нақты модельдерін айқындауға құқылы екенін айта отырып, ҚАК-тің аталған нормасын Конституцияға сәйкес келеді деп таныды (2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулы). Конституциялық Кеңес көрсетілген нормативтік қаулысында атап өткендей, білікті заң көмегін алу құқығы әрбір адамның өзі заңдық маңызы бар әрекеттер жасаған кезде жоғары білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді.

      Адамның құқықтары мен бостандықтары Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы болып табылады. Заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады. Бұл ретте әркімнің білікті заң көмегін алу құқығы ешбір жағдайда шектелуге жатпайды (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы, 12-бабының 2-тармағы және 39-бабының 3-тармағы).

      Көрсетілген конституциялық ереже мәнмәтінінде Конституциялық Сот, Адвокаттық қызмет туралы заңнан басқа, басқа нормативтік құқықтық актілерде заң көмегін көрсету ерекшеліктерін белгілеу құқықтық процестің ерекшелігі ескеріле отырып, осындай көмек көрсететін адамдардың қызметі үшін ерекше жағдайлардың жасалуын білдіруі мүмкін, бірақ заң көмегінің көлемін, түрлері мен тәсілдері қысқартылмауға тиіс деп есептейді.

      Сотталған адамның үкімді орындау сатысында өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін шағым беру бөлігінде адвокаттың қызметтерін пайдалану мүмкіндігінің болмауы қылмыстық процестің ерекшелігі ретінде есептелмейді, өйткені ол Конституциямен кепілдік берілген және Республиканың басқа да заңдарында белгіленген заң көмегінің көлемін едәуір шектейді.

      Осыған байланысты Конституциялық Сот жазаны орындайтын мекеменің немесе органның әрекетіне (әрекетсіздігіне) және шешіміне шағым жасау құқығының сотталған адамға тиесілі болуы оның Адвокаттық қызмет туралы заңда белгіленген тәртіппен заң көмегін алу және қорғалу құқығын жоққа шығармайды деп пайымдайды.

      3. "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес Республика кодекстерінің заңдармен салыстырғанда заңдық күші анағұрлым жоғары болады. Қалыптасқан жағдай құқық қолданушыларға қайшы келетін ҚПК нормаларын ескермей, Адвокаттық қызмет туралы заңның нормаларын тікелей басшылыққа алуға мүмкіндік бермейді.

      Негізгі Заңның 4-бабының 2-тармағына сәйкес Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады, ал еліміздің барлық заңдары оған сәйкестендірілуге тиіс. Демек, ҚПК-нің 482-бабы бірінші бөлігінің Конституцияға қайшы келетін нормалары заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін қолданылмауға тиіс, ал заң көмегін көрсету кезінде Конституцияның және Адвокаттық қызмет туралы заңның тиісті нормаларын басшылыққа алу қажет.

      4. ҚПК-нің 482-бабын тексеру кезінде Конституциялық Сот оның қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкес келмеуін де анықтады.

      ҚПК-нің 482-бабы бірінші бөлігінің бірінші сөйлемі мемлекеттік тілде мынадай редакцияда жазылған: "Сотталған адам жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өз құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), сондай-ақ прокурордың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі шешімдеріне не прокурордың осыған ұқсас шағымдарды қанағаттандырудан бас тартуына сотқа шағым жасауға құқылы.".

      Осы сөйлем орыс тілінде мынадай редакцияда жазылған: "Осужденный вправе обжаловать в суд действия (бездействие) и решения учреждения или органа, исполняющих наказание, затрагивающие их права и законные интересы, а также решения прокурора по вопросам, связанным с исполнением приговора, либо отказ прокурора в удовлетворении их аналогичных жалоб.".

      ҚПК-нің 482-бабы бірінші бөлігі бірінші сөйлемінің қазақ тіліндегі редакциясында "заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)" деген сөздерден кейін "және шешімдеріне" деген сөздер жоқ. Осылайша, осы редакцияға сәйкес сотталған адам жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтын әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасай алады, бірақ осы мекемелердің немесе органдардың шешімдеріне шағым жасауға құқығы жоқ. Орыс тіліндегі редакцияда сотталған адамның мұндай құқығы көзделген.

      Конституциялық бақылау органы бұған дейін "қазақ және орыс тілдерін тең қолдану қазақ және орыс тілдеріндегі нормативтік құқықтық актілер мәтіндерінің заңдық маңызы тең екенін білдіреді", сондай-ақ "құқықтық норманың мазмұнын бұрмалайтын және оны біржақты түсінуге мүмкіндік бермейтін мағыналық сәйкессіздік Республика Конституциясының 7-бабы 2-тармағының мазмұнына негізделе отырып, мұндай норманың практикада қолданылуын жоққа шығарады" деп бірнеше рет атап өтті (Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы № 3 қосымша қаулысы, Конституциялық Кеңестің 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысы).

      5. Конституциялық Сот ҚПК-нің заң көмегін көрсетуге қатысты бірқатар нормалары заң техникасының қағидалары бұзыла отырып тұжырымдалғанын, соның нәтижесінде оның кейбір нұсқамалары анық көрсетілмегенін де атап өтеді.

      Мәселен, ҚПК-нің 66-бабының бірінші бөлігінде қорғаушы сотталған адамның құқықтары мен мүдделерiн заңда белгiленген тәртiппен қорғауды жүзеге асыратын және оған қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде заң көмегiн көрсететiн адам деп айқындалады.

      ҚПК-нің 46-бабына сәйкес қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу, егер iс бойынша үкiмді немесе басқа да қорытынды шешiмді орындау бойынша арнаулы шаралар қабылдау талап етілсе, үкім заңды күшіне енген кезден бастап немесе оның орындауға келтірілгені туралы растау алынған кезден бастап аяқталады.

      Аталған нормаларды сөзбе-сөз түсіну, Конституциялық Соттың пікірінше, қылмыстық іс бойынша іс жүргізу аяқталған кезден бастап, яғни үкім заңды күшіне енген немесе ол орындалуға келтірілген кезден бастап қорғаушының өкілеттігі тоқтатылатынын білдіреді. Тиісінше, қорғаушы кассациялық іс жүргізуде және үкімнің орындалу сатысында сотталған адамның құқықтары мен мүдделерін қорғауды жүзеге асыруға құқылы емес, ал заң көмегін көрсететін адвокаттың басқа құқықтық мәртебесі болуға тиіс, бірақ бұл ҚПК-де көзделмеген.

      Қорғаушының көрсетілген қылмыстық процесс сатыларындағы өкілеттігі ҚПК-нің 70-бабында да көзделмеген, ал ҚПК-нің 7-бабының 57) тармағына сәйкес iс бойынша iс жүргiзу – нақты қылмыстық iс бойынша оның сотқа дейінгі және соттағы іс жүргізуі барысында жүзеге асырылатын процестік әрекеттер мен шешiмдердiң жиынтығы.

      Жоғарыда айтып өтілгендей, сот ісін жүргізу сот үкім заңды күшіне енгеннен кейін де жүзеге асыратын және қабылдайтын, осыларға қорғаушы қатыса алатын, ал ҚПК-де белгіленген мән-жайлар болған кезде қатысуға міндетті болатын процестік әрекеттерді және процестік шешімдерді қамтиды.

      Заң, Конституциялық Кеңес бұрын атап өткендей, заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға тиіс және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, заңды әрекетті құқыққа қайшы әрекеттен барынша айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс (2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулы).

      ҚПК-нің атап өтілген кемшіліктері ондағы кейбір ережелерді екіұшты түсінуге мүмкіндік туғызады, бұл практикада осы заңнамалық актіні өз бетінше түсіндіруге және барабар қолданбауға және нәтижесінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге алып келуі мүмкін.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" Конституциялық заңның 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 482-бабы бірінші бөлігінің бірінші сөйлемі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, адамдардың қылмыстық процесте қорғалу және білікті заң көмегін алу құқықтарын құқықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      3. Жаңа нормативтік құқықтық актілер қабылданғанға дейін қозғалатын қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің ерекшеліктері ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Конституциялық Cоттың осы шешімі тікелей қолданылады.

      Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты