"Алматы қаласы Алатау аудандық сотының ұсынысы бойынша "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 107-бабы 8) тармақшасының конституциялылығын тексеру туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысы

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi, Төраға Қ.Ә. Мәми, Конституциялық Кеңестің ғұмыр бойы мүшесі Н.Ә. Назарбаев, Кеңес мүшелерi А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак қатысқан құрамда, мыналардың:
      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы Ж.Қ. Асановтың,
      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Е.Н. Жиенбаевтың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Б.Ә. Бекназаровтың,
      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Г.И. Исимбаеваның,
      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әділет министрі М.Б. Бекетаевтың,
      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары М.М. Ахметжановтың,
      Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму Бірінші вице-министрі Қ.А. Өскенбаевтың,
      Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл А. Саинның қатысуымен
      өзінің ашық отырысында Алматы қаласы Алатау аудандық сотының "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 107-бабының 8) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады.
      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі Р.Ж. Мұқашевтың хабарламасын, отырысқа қатысушылардың, сарапшы – Каспий университетінің қауымдастырылған профессоры Е.В. Нестерованың сөйлеген сөздерін тыңдап; сарапшылар: заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Т.Е. Қаудыровтың және С.Қ. Идрышеваның қорытындыларымен танысып; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің, "Университет КАЗГЮУ" акционерлік қоғамының, Каспий университетінің, Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институтының, Республикалық адвокаттар алқасының қорытындыларын, сондай-ақ конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 2019 жылғы 23 желтоқсанда Алматы қаласы Алатау аудандық сотының "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 107-бабының 8) тармақшасын (бұдан әрі – Тұрғын үй қатынастары туралы заң) конституциялық емес деп тану туралы ұсынысы келіп түсті.
      Ұсынысқа қарағанда, аталған соттың іс жүргізуінде "Алматы қаласының тұрғын үй саясаты басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің П.А. Исламоваға және оның отбасы мүшелеріне (11 адам) мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілген пәтерден басқа тұрғын үй бермей шығару туралы талабы бойынша азаматтық іс бар.
      Өз отбасын құрған және балалары бар жалдаушының отбасы мүшелерінің бірінің (ұлының) Алматы қаласында пәтер сатып алуы талап қоюшының сотқа жүгінуі үшін себеп болған. Талап қоюшы соттан Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабы 8) тармақшасына сәйкес барлық отбасы мүшелерін жалға алынған пәтерден шығаруды сұрайды.
      Аудандық сот азаматтық іс материалдарын зерттеп, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабының 8) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 21-бабының 1-тармағына, 25-бабының 2-тармағына және 26-бабының 1 және 2-тармақтарына қайшы келеді және Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілген адамның және азаматтың құқықтарына нұқсан келтіреді деп есептеген.
      Сондықтан сот Конституцияның 78-бабына сәйкес азаматтық іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұрып, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабының 8) тармақшасын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгінді.
      Кейіннен сот дау тудырып отырған құқықтық норма Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің талаптарына да қайшы келетінін көрсете отырып, өз ұсынысының дәлелдерін толықтырды.
      Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабы 8) тармақшасының конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.
      1. Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін... әлеуметтік мемлекет ретінде бекітеді, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады.
      Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінде Қазақстан әлеуметтік мемлекет ретінде өз азаматтарының лайықты өмір сүруі және жеке адамның еркін дамуы үшін өз мүмкіндіктеріне барабар жағдай жасау міндеттемесін өзіне алатыны бірнеше рет көрсетілген болатын. Ең қымбат қазына деп тану мемлекет үшін адамға, оның материалдық жағынан әл-ауқатына қамқорлық жасаудан аса маңызды міндет жоқ екенін білдіреді (2001 жылғы 21 желтоқсандағы № 18/2, 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 3, 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5, 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылар және басқалар).
      Мемлекеттік әлеуметтік саясат мазмұнының негізін қалайтын осы конституциялық бастамалар азаматтардың тұрғын үй құқықтарын іске асыру саласында да қолданылады, халықтың өмір сүру сапасы оларды жүзеге асыру деңгейіне байланысты болады.
      Негізгі Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады.
      Нарықтық экономика жағдайында Қазақстан Республикасының азаматтары негізінен өздерінің тұрғын үйге құқығын дербес іске асырады (үй салу, пәтермен мәмілелер жасау және басқа да тәсілдер арқылы), ал мемлекет бұл үшін қажетті жағдайлар жасауға міндеттенеді. Республика азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін, оның ішінде мұрагерлік тәртібімен алған мүлкін жеке меншігінде ұстай алады (Конституцияның 26-бабының 1 және 2-тармақтары). Тұрғын үй заңнамасында бір азаматтың немесе заңды тұлғаның меншігіндегі тұрғын үйлердің саны мен көлеміне шек қойылмайды (Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 11-бабының 2-тармағы).
      Сөйтсе де, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдар арқылы тұрғын үйге жоғары дәрежелі қажеттілікке зәру және тұрғын үй проблемаларын шешуге мүмкіндіктері жетпейтін азаматтардың топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін ерекше жауаптылық алады. Мұндай ұстаным Конституцияның 25-бабы 2-тармағы нормасының мазмұнынан туындайды, оған сәйкес заңда көрсетілген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгіленген нормаларға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретін ақыға беріледі.
      Конституцияның 61-бабы 3-тармағы 1), 2) және 7) тармақшаларының негізінде Республика Парламенті тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың санаттарын, оларды осындай деп танудың өлшемшарттарын, оларға тұрғын үй берудің нысандарын, көздерін, нормаларын, тәртібін және оны пайдаланудың құқықтық режимін айқындауға уәкілетті. Бұл ретте Конституцияның 25-бабының 2-тармағын іске асыруға байланысты құқықтық қатынастарды заңнамалық реттеу әлеуметтік мемлекеттің миссиясын барынша ашу, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, теңдік пен әділдік принциптері тұрғысынан жүзеге асырылуы тиіс.
      Конституциялық Кеңестің осы құқықтық ұстанымдары жалпыға бірдей танылған халықаралық актілердің ережелеріне де сәйкес келеді.
      Демек, 1948 жылғы 10 желтоқсандағы Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында әр адам өзінің және отбасы мүшелерінің денсаулығын және әл-ауқатын қамтамасыз ететіндей, тамақты, киімді, баспананы, медициналық күтімді және қажетті әлеуметтік көмекті қамтитын өмір сүру деңгейіне және де жұмыссыз қалған күнде, науқас болған кезде, мүгедек, жесір болып қалған күнде, қартайған шақта немесе өзіне байланысты емес басқа да себептермен тіршілік ету мүмкіншілігінен айырылып қалған жағдайда қамсыздандырылуына құқылы деп бекітілген (25-баптың 1-тармағы).
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1966 жылғы 16 желтоқсанда қабылдаған және 2005 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әркімнің өзіне және өзінің отбасына жеткілікті тамақтануды, киім мен тұрғын үйді қамтитын жеткілікті өмір сүру деңгейіне және өмір сүру жағдайларын үздіксіз жақсартуға құқығын мойындайды деп айқындалған (11-баптың 1-тармағы).
      Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияда қатысушы мемлекеттер әрбір баланың дене бітімі, ақыл-ой, рухани, адамгершілік және әлеуметтік дамуы үшін қажетті өмір сүру деңгейіне құқығын мойындайды, ұлттық жағдайларға және өз мүмкіндік шегінде баланы тәрбиелеп отырған ата-ана мен басқа да адамдарға осы құқықты жүзеге асыруға жәрдем көрсету жөнінде қажетті шаралар қабылдайды және қажет болған жағдайда, материалдық жәрдем көрсетіп, бағдарламаларды, әсіресе тамақтандырумен, киіммен және тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бағдарламаларды қолдайды деп көрсетілген.
      Осылайша, Республика Конституциясы, елдің тұрғын үй заңнамасы және халықаралық актілер тұрғын үйді өмірлік мәні бар құндылық дәрежесіне дейін көтереді, осы саладағы мемлекеттің міндеттемелерін және олардың мазмұнын айқындайтын азаматтардың құқықтарын белгілейді. Бұл шаралар тұрғын үймен қамтамасыз етудің жеткілікті деңгейіне кепілдік беретін жағдай жасауға, оның ішінде тұрғын үйге аса мұқтаж азаматтарды мемлекеттік қолдауға, бағытталған.
      2. Конституцияның 25-бабы 2-тармағының ережелерін іске асыру мақсатында Тұрғын үй қатынастары туралы заңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдау (жалға алу) институты көзделген, ол жалдаушыға (жалға алушыға) тұрғын үйді немесе оның бір бөлігін ақысын төлетіп тұрақты немесе уақытша иеленуге және пайдалануға беруді білдіреді. Азаматқа тұрғын үй берудің осындай құқықтық режимін белгілеу бірқатар заңи фактілермен шартталған, оларға азаматты тұрғын үйге мұқтаж деп тану және тиісті есепке қою, тізімдерде белгіленген кезектіліктің келуі кіреді. Бұл ретте жалпы ереже бойынша азаматтарды тұрғын үйге мұқтаждар деп танудың өлшемшарттары ретінде Қазақстан Республикасының аумағында немесе нақты елді мекенде меншік құқығында тұрғын үйдің болмауы да, сол сияқты бар тұрғын үйдің мемлекет белгілеген нормалар мен стандарттар негізге алына отырып, оның тұру үшін жарамдылығын айқындайтын санитариялық-эпидемиологиялық, техникалық және тұрғын үйдің өзге де сипаттамаларына сәйкес келмеуі де саналады (Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 2-бабының 29) тармақшасы, 67-69, 71 және 74-баптары).
      Тұрғын үй берудің жалпы тәртібі азаматтардың жынысы, жасы бойынша, физиологиялық және өзге де белгілерін ескере отырып, бір адамға тұрғын үй беру нормаларының сақталуын да көздейді (75-бап). Тұрғын үй сол елді мекеннің жағдайларына қарай тұрмысқа жайлы және мұқтаж адам есепте тұрған елді мекеннің шегінде болуға тиіс (76-бап). Сонымен қатар, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 70-бабы азамат (зайыбымен және кәмелетке толмаған балаларымен бірге) осы елді мекенде мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір ғана тұрғын үй алуға құқылы деп ұйғарады.
      Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй-жайдың бір адамға шаққандағы кепілдік берілген ең аз мөлшерін (алаңын) және тұрғын үйге қойылатын талаптарды, сондай-ақ тұрғын үй бөлу қағидаларын белгілей отырып, мемлекет Конституцияның 25-бабының 2-тармағында бекітілген жария-құқықтық міндеттемелерін өзінің қаржы-экономикалық мүмкіндіктеріне қарай орындайды. Тұрғын үй қатынастарын құқықтық реттеу тетігінің осы элементтерінің жиынтығы отбасының, адамның бастапқы биологиялық және әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыруға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді әділ бөлуді және оған мұқтаж азаматтарды барынша қамтуды қамтамасыз етуге, олардың мүдделерін теңдестіруге және ұқсас қажеттіліктері бар басқа адамдардың мүдделеріне нұқсан келтірмеуге, жалдаушыларға (олардың отбасы мүшелеріне) тұрғын үй кепілдіктерінің негізсіз нормативтен асыра берілуін болдырмауға бағытталған.
      3. Конституциялық Кеңес Тұрғын үй қатынастары туралы заңда көзделген жалдау шартын тоқтату және адамдарды жалға алынған тұрғын үйден шығару мүмкіндігі жалдаушылардың (олардың отбасы мүшелерінің) мемлекеттік тұрғын үй кепілдіктерін негізсіз пайдалануына жол бермеу тәсілдерінің бірі болып табылады деп пайымдайды. Мұндай шара тұрғын үйге мұқтаждықтың жойылуының құқықтық салдары болып табылады.
      Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабының 8) тармақшасына сәйкес жалдаушыны (қосымша жалдаушыны), оның отбасы мүшелерін немесе онымен бірге тұратын басқа да адамдарды, егер олар меншік құқығымен орналасқан жеріне қарамастан өзге тұрғын үйді сатып алса, басқа тұрғын үй берілмей шығаруға жол беріледі.
      Шығару сот шешімі бойынша жүзеге асырылады, бұл Конституцияның 25-бабының 1-тармағына және 76-бабының 2-тармағына сай келеді, оларға сәйкесті соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді, ал сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады. Алайда сот мұндай шешімді басқа тұрғын үйді меншікке алу фактісі бойынша емес, Конституцияның жалпы ережелері және онда бекітілген тұрғын үй қатынастарын реттеу принциптері негізінде және әрбір нақты жағдайда азаматтардың заңды мүдделерін ескере отырып қабылдауы тиіс.
      Конституциялық Кеңес тұрғын үйді тұрақты немесе уақытша иелену және пайдалану кезеңінде азаматтың тұрғын үйге мұқтаж ретіндегі уақыт аралығында жалғасатын нақты жағдайы адамның мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге құқығын сақтаудың міндетті шарты болып табылады деп есептейді. Ол жалға алудың бүкіл мерзімі ішінде расталып отыруы тиіс. Жалдау шартын орындау барысында тұрғын үйге мұқтаждықтың жай-күйі өзгеріп, жақсаруы да, сол сияқты нашарлауы да мүмкін, бұл мемлекеттің тұрғын үй міндеттемелерінің және азаматтардың талаптарының көлеміне заңды түрде әсер етеді. Мұндай жағдайды растаған кезде жалдаушы мен оның отбасы мүшелерінің физиологиялық және өзге де сипаттамалары, олардың саны, жалға алынған және алынған пәтердің алаңы, тұрғын үй беру нормалары және азаматтардың бастапқы қажеттіліктерін айқындайтын өзге де жағдайлар назарға алынуы тиіс. Азамат басқа тұрғын үй алған жағдайда да, адамда тұрғын үйге мұқтаждықты тану өлшемшарттары болған кезде мемлекеттің тұрғын үй тұрғысынан қолдауына сенім артуға құқылы.
      Мұндай жалпы ұстаным қолданыстағы тұрғын үй заңнамасының да негізін қалап отыр. Басқа тұрғын үй-жайда үлесі бар азаматтар тұрғын үйге мұқтаж деп танылуы мүмкін (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 26 маусымдағы № 856 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке қою қағидаларының 8-тармағының 4) тармақшасы). Мұқтаждарды есепке қоюдан бас тарту негіздерінің қатарына өзге тұрғын үйдің болуы кірмейді, ал тұрғын үйде елу пайыздан аз үлесінің болуы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жекешелендіруге кедергі болмайды (Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 13-бабы 10-тармағының 1) тармақшасы, 72-бабы).
      Тұрғын үй қатынастары туралы заңның нормалары азаматтар бірге тұрған кезде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларын дербес жақсартуға, жалдаушының отбасы мүшелері болып табылатын өзге де адамдардың (жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар және басқалар), әсіресе, егер олар белгіленген нормативтер бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген болса, тұрғын үй құқықтарын іске асыруға кедергі жасамайды. Коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алған жалдаушының отбасы мүшелері тұрғын үйге жалдаушы сияқты негіздер бойынша мұқтаж деп танылмайды (67-баптың 1-1-тармағы). Бұл шектеу жалдаушының отбасы мүшелеріне тұрғын үйге мұқтаж ретінде есепке қабылдануына және басқа негіздер бойынша тұрғын үй-жай алуына тыйым салмайды.
      Сөйтсе де, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабы 8) тармақшасы нормасының қолданыстағы редакциясындағы мазмұны Конституциялық Кеңес анықтағандай оның конституциялық-құқықтық мағынасына сәйкес келмейді. Осы норманың құрылымы оны біркелкі түсінуді және қолдануды қамтамасыз етуге қауқарсыз, керісінше, әртүрлі түсіндіру салдарына жол береді, ал ол азаматтардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтіруге әкеп соқтыруы мүмкін (Жоғарғы Соттың деректеріне сәйкес, соңғы үш жылда 18 іс бойынша шығару туралы талаптар қанағаттандырылған).
      Мәселен, қаралып отырған норманың мазмұнынан адамдардың қандай құрамының меншік құқығымен өзге тұрғын үйді алуы тұрғын үйден шығару үшін негіз болып табылатыны анық емес. Өздеріне қатысты тұрғын үй-жайды жалдау шартының қолданылуы тоқтатылатын азаматтар тобы да, сондай-ақ басқа тұрғын үйге меншік құқығының (дара немесе ортақ меншік) түрі де нақты айқындалмаған. "Орналасқан жеріне қарамастан" деген сөз тіркесі оны кеңінен түсіндіруге мүмкіндік беріп, елден тыс жерде орналасқан тұрғын үйді де қамтиды. Алайда, Республика азаматтарын мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп тану кезінде Қазақстан аумағында меншік құқығында тұрғын үйдің болуы ғана назарға алынады (Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 69-бабы). Сонымен қатар, ол бірдей мұқтаждық дәрежесіне ие адамдарды тең емес жағдайға қояды, бұл Негізгі Заңның 14-тармағымен үйлеспейді. Оны қолданған кезде нақты отбасы құрамы, өзінің тұрғын үйі бар, бірақ оның белгіленген нормаларға сәйкес келмеуіне байланысты мұқтаж деп танылған азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдалануға құқылы, алайда тура осындай отбасы құрамы бар басқа азаматқа қатысты мемлекеттік тұрғын үй берілгеннен кейін ол басқа тұрғын үй-жай алған жағдайда пәтерді жалдау шартының қолданылуы тоқтатылады.
      Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабының 8) тармақшасын тексеру кезінде Конституциялық Кеңес оның мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық сәйкессіздігін де анықтады.
      Қазақ тілінде ол былай деп жазылған: "8) олар меншік құқығымен орналасқан жеріне қарамастан өзге тұрғын үйді сатып алған болса". Ал орыс тілінде бұл ереже мынадай редакцияда тұжырымдалған: "8) они приобрели иное жилище на праве собственности, независимо от его места нахождения".
      Жоғарыдағыларға сәйкес, қазақ тіліндегі редакциясындағы "сатып алған болса" деген сөздер тек қана сатып алу жолымен тұрғын үйге меншік құқығы туындауы негізін анықтайды. Ал қаралып отырған норманың орыс тіліндегі редакциясында "приобрели" деген сөз тек сатып алуды ғана емес, сондай-ақ барлық өзге де тәсілдерді (тұрғын үйді мұрагерлік бойынша, сыйға тарту арқылы, жекешелендіру тәртібімен алу және басқалар) қамтиды. Осылайша, осы норманың қазақ және орыс тілдеріндегі редакциялары мемлекеттік тұрғын үйден шығару туралы мәселені әртүрлі шешеді.
      Аталған кемшіліктер құқықтық айқынсыздық және даулы құқық нормасын қолдану мәселесі бойынша бірыңғай сот практикасының болмауын туындатады.
      Конституциялық Кеңес бірқатар нормативтік қаулыларда қазақ және орыс тілдерінің қолданылудағы теңдігі сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің заң түріндегі тең маңыздылығын білдіреді, ал құқықтық норманың мазмұнын бұрмалайтын және оны біржақты түсінуге мүмкіндік бермейтін мағыналық сәйкессіздік, Республика Конституциясының 7-бабы 2-тармағының мазмұнына негізделе отырып, мұндай норманың практикада қолданылуын жоққа шығарады деп көрсеткен болатын. Заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып, заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығаратын түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс. Олар заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігі туралы конституциялық принциптен туындайды, өйткені мұндай теңдік құқықтық норманы біркелкі түсінгенде, түсіндіргенде және қолданғанда ғана қамтамасыз етілуі мүмкін (2007 жылғы 23 ақпандағы № 3, 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2, 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1, 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 5, 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 және басқалар). Сонымен қатар, заңда конституциялық құқықтарды шектеудің негіздері ғана емес, оларды қолданудың нақты тетіктері де көрсетілуі тиіс.
      Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Онда көрсетілген құқықтық құндылықтар, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және әділдік талаптарына сай келсе, демократиялық мемлекетте конституциялық маңызы бар игіліктерді қорғау үшін барабар, мөлшерлес және қажетті болып табылса, құқықтар мен бостандықтарды шектеуге негіз бола алады (Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысы).
      Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың мемлекеттің тұрғын үймен қамтамасыз ету саласындағы міндеттемелерін тиісінше іске асыру және азаматтардың тұрғын үй құқықтарын барынша қанағаттандыру мақсатында тиісті заңнамалық шараларды жүзеге асыру қажет деген пікірімен келіседі.
      Осылайша, Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 107-бабы 8) тармақшасы нормасының жалдаушыны (қосымша жалдаушыны), оның отбасының барлық мүшелерін және онымен бірге тұратын басқа да адамдарды, егер олар меншік құқығымен өзге тұрғын үй алған жағдайда, тұрғын үйге мұқтаждық дәрежесін ескермей, мемлекеттік тұрғын үйден шартсыз шығаруға жол беретін бөлігі жоғарыда баяндалған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бастамаларына және адамның конституциялық құқықтарын заңды шектеудің мақсаттарына жауап бермейді, сол себепті Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағына, 7-бабының 2-тармағына, 14-бабына, 25-бабының 2-тармағына және 39-бабының 1-тармағына қайшы келеді.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 4-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37, 40-баптарын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

қаулы етеді:

      1. "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 107-бабының 8) тармақшасы конституциялық емес деп танылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 2-тармағына сәйкес конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметіне азаматтардың тұрғын үй құқықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында "Тұрғын үй қатынастары туралы" 1997 жылғы 16 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына Конституциялық Кеңестің осы нормативтік қаулысында мазмұндалған құқықтық ұстанымдарына сәйкес өзгерістер мен толықтыруларға бастамашылық жасауға ұсыным берілсін.
      4. Соттар және басқа да құқық қолдану органдары қажетті нормативтік-құқықтық шаралар қабылданғанға дейін Қазақстан Республикасы Конституциясының тікелей қолданылуын қамтамасыз етсін және кері күші жоқ осы нормативтік қаулыны басшылыққа алсын.
      5. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
      6. Нормативтік қаулы республикалық ресми баспасөз басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Кеңесі