Қазақстан Республикасы Конституциясы 5-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру туралы

Қаулы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 2000 жылғы 7 маусым N 4/2

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі құрамында Төраға Ю.А.Ким, Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев, Ж.Д.Бұсырманов, А.К.Котов, Қ.Ә.Омарханов және В.Д.Шопин қатысқан, өтініш субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі А.Н.Котловтың, филология ғылымының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің доценті, маман М.Б.Нұртазинаның қатысуымен, өзінің ашық отырысында Республика Премьер-Министрінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 5-бабының 4-тармағын ресми түсіндіру жөніндегі өтінішін қарады.
      Конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп шығып, баяндамашы Ж.Д.Бұсырмановтың хабарын, өтініш субъектісі өкілінің және маманның сөйлеген сөздерін тыңдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 2000 жылғы 10 мамырда Республика Премьер-Министрінің, Республика Конституциясы K951000_ 5-бабының 4-тармағын "саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді" делінетін бөлігінде ресми түсіндіру жөніндегі өтініші келіп түсті. Бұл орайда өтініш субъектісі мына сұраққа жауап беруді сұрайды: Конституцияның осы келтірілген нормасының заңи мазмұны тек ақшалай қаражат алуға тыйым салынады дегенді ғана ма, немесе кез-келген өзге де материалдық көмекті (мүлік, жабдық, заттай көмек, мүліктік құқық, саяси партиялар мен кәсіптік одақтарға көрсетілген қызметтердің төлемі және т.б.) алуға да сондай-ақ тыйым салынады дегенді білдіре ме?
      Республика Конституциясының, қолданылып жүрген заңдардың нормаларын, сондай-ақ қолда бар материалдарды талдап шығып, Конституциялық Кеңес мынаны ескерді.
      "Қоғамдық бірлестіктер туралы" Z960003_ Республика Заңының 2-бабына сай, Қазақстан Республикасында саяси партиялар, кәсіптік одақтар және азаматтардың ортақ мақсаттарға жету үшін ерікті негізде құрылған, заңдарға қайшы келмейтін басқа да бірлестіктері қоғамдық бірлестіктер деп танылады.
      Барлық қоғамдық бірлестіктердің ішінде партиялар мен кәсіптік одақтар азаматтардың өз-өзі ұйымдасуының ең жоғары нысаны болып, саяси және әлеуметтік-экономикалық мақсатты көздейтін жеткілікті дәрежеде құрылымдалған бірлестік болып табылады. Оларға ынтымақтастықтың жоғары деңгейі, азаматтардың саяси дүниетанымына және мемлекеттің өмірдің әр саласындағы саясатына елеулі түрде әсер ете алу мүмкіншілігі тән. Сондықтан, Республика Конституциясы 5-бабының 4-тармағында, бірінші кезекте, саяси партиялар мен кәсіптік одақтар сияқты субъектілерді шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді. Бұл норманың Конституцияның "Жалпы ережелер" деп аталатын I бөлімінде болуы, мемлекет пен қоғамның ерекше қорғалатын мүдделері мен құндылықтарынан дәлел береді, себебі Қазақстан мемлекетінің конституциялық құрылысын, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау көзде тұтылады. Партиялар мемлекеттік органдарды құруға және өздерінің өкілдері арқылы - мемлекеттің саясатын қалыптастыруға қатысады. Қоғамдық-саяси өмірде кәсіптік одақтар да айтулы роль атқарады.
      Шет елдердің осы тақылеттес тәжірибесін зерделеу көрсеткендей, саяси партиялар мен кәсіптік одақтардың шетелдік көмек алуына мұндай тыйым салу ұлттық заңдарды қамтиды және онда сырттан келетін "қаржылық" та, "өзге де көмекке" де тыйым салу көзделген.
      Конституциялық норма-принциптердің, 5-баптың 4-тармағын қосқанда, басымдыққа ие болатындығы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 29 қазандағы N 20/2 S990020_ қаулысында аталып өтілген болатын. Бұл орайда Конституцияның негізгі идеясы мен рухын ескеру қажет, оның құрылымындағы "Жалпы ережелер" деп аталатын I бөлімнің нормалары жаппай қамтушы әрекеттегі сипатта болады, өйткені, Конституцияның K951000_ басқа бөлімдерінің нормаларын қамтитын Қазақстан мемлекеттігінің түбегейлі принциптері мен тұрлауын баянды етеді.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясы 5-бабы 4-тармағының қарастырылып отырған нормасының мағынасында, саяси партиялар мен кәсіптік одақтардың шетелдік субъектілерден қаржылық көмек алуына тыйым салу дегенде, басқа да: ақшалай қаражат, мүлік, жабдық, автокөлік, байланыс, баспа құралдары және т.б. түріндегі өзге де материалдық көмек алу сияқты нысандарды түсіну керек.
      Республика Конституциясы 39-бабының 1-тармағына сай, мемлекет, адамның және азаматтың ұжымдық та, жеке де құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті сақтау қажет болғанда, заңмен шектеуге бару құқығын өзінде сақтап қалады. Сол арқылы Конституция заң шығарушыға, елдің конституциялық тұрлауы, егемендігі мен тәуелсіздігіне төнетін қатерге соған барабар құқықтық шара қолдануды белгілеу мүмкіншілігін береді. Сыртқы әсерден сақтау, саяси партиялар мен кәсіптік одақтардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, мемлекет саяси партиялар мен кәсіптік одақтарға шетелдік субъектілер тарапынан көрсетілетін өзге де көмекке заңмен тыйым салу мүмкіншілігіне ие.
      Баяндалғанның негізінде, және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 32, 33 және 37-баптарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясы K951000_ 5-бабы 4-тармағының "... саяси партиялар мен кәсіптік одақтарды шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берілмейді" делінетін бөлігіндегі нормасын, саяси партиялар мен кәсіптік одақтардың ақшалай және өзге де материалдық қаражат алуына құқықтық тыйым салу деп түсіну керек.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сай,

осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл 
аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және 
Қазақстан Республикасы Конституциясы 73-бабының 4-тармағында көзделген 
жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.     
     
      Қазақстан Республикасы 
     Конституциялық Кеңесінің 
            Төрағасы 
     
     Мамандар:
     Қасымбеков Б.А. 
     Икебаева Ә.Ж.