Цифрлық трансформация және "Data-driven government"-ке көшу мақсатында:
1. Цифрлық үкімет офисі (бұдан әрі – Офис) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Офис туралы ереже бекітілсін.
Премьер-Министр | Ә. Смайылов |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 94-ө өкімімен бекітілген |
Цифрлық үкімет офисі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Цифрлық үкімет офисі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) Цифрлық үкімет офисінің (бұдан әрі – Офис) міндеттерін, функционалдық қызметін және ұйымдық құрылымын айқындайды.
2. Офистің негізгі ұйымдық құрылымдары Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанындағы Цифрлық трансформация орталығы, Ұлттық жобалардың іске асырылуын мониторингтеу офисі және Бірыңғай ахуалдық орталық болып табылады.
3. Офис өз қызметін Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
2-тарау. Офистің міндеттері мен функциялары
4. Офистің негізгі міндеттері:
1) мемлекеттік басқарудағы, әлеуметтік-экономикалық және қызметтің басқа да салаларындағы тосын оқиғаларды анықтау және (немесе) шешу жөнінде кешенді ұсыныстар тұжырымдау.
Тосын оқиға деп мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тұрақты жұмыс істеуінің, тыныс-тіршіліктің әлеуметтік-экономикалық және басқа да салаларының орнықты дамуының бұзылуын туғызған немесе туғызуы мүмкін және уақтылы араласу мен шұғыл шешуді талап ететін штаттан тыс жағдай түсініледі;
2) мемлекеттік басқарудың барынша тиімділігіне қол жеткізу және адамға бағдарланған сервистерді құру арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрлық қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдардың бизнес-процестерін реинжинирингтеу жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
3) ұлттық жобалардың және стратегиялық міндеттердің орындалуын мониторингтеуді қамтамасыз ету, сондай-ақ берілген көрсеткіштерден ауытқуларды уақтылы түзету жөнінде ұсыныстар тұжырымдау;
4) басқару шешімдерін өзекті және анық деректермен қамтамасыз ету, сондай-ақ үлкен деректерді талдау алгоритмдерін қолдана отырып, нақты уақыт режимінде талдамалық кейстерді тұжырымдау бойынша ведомствоаралық жұмысты ұйымдастыру.
5. Офистің функциялары:
1) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және өзге де ұйымдардың Офистің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша қызметін үйлестіру;
2) Офистің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ақпараттық және сараптамалық-талдамалық қолдауды жүзеге асыру;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімін талап ететін мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне ұсыныстар енгізу;
4) мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне Офистің құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ұсынымдар жолдау.
6. Мыналарды:
1) Офис қызметінің басым бағыттарын айқындауды;
2) Офис шешімдерінің орындалу барысы туралы Офис жетекшісінің есебін тыңдауды;
3) өзінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Офиске тапсырмалар беруді қоса алғанда, Офистің қызметін стратегиялық басқаруды және жалпы басшылық жасауды Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жүзеге асырады.
7. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Офис жетекшісі болып табылады.
8. Офис жетекшісі:
1) Офистің жұмысын ұйымдастырады;
2) Офис жұмысына мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өкілдерін тартады;
3) Офиске жіберілген жұмыскерлердің міндеттері мен функционалдық міндеттерін айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына жұмыскерлерді ауыстыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;
4) мемлекеттік органдар мен ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының атына Офиске жіберілген жұмыскерлерді көтермелеу немесе жазалау туралы ұсыныстар енгізеді;
5) жарты жылда бір реттен сиретпей, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрін Офистің жұмысы туралы хабардар етеді;
6) Офистің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, өзге де ұйымдардың жұмыскерлері мен тұлғалардан тұратын Офистің жұмыс топтарын қалыптастырады.
9. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Офистің жұмыс органы болып табылады.
10. Офистің міндеттері мен функцияларын жүзеге асыру процесінде оған қатысушылардың жұмыс істеу және өзара іс-қимыл жасау тәртібін Офис жетекшісі бекітеді.