Мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету және АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен жұмысты үйлестіру мақсатында:
1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі елдік үйлестіру комитеті (бұдан әрі - Елдік үйлестіру комитеті) құрылсын.
2. Қоса беріліп отырған Елдік үйлестіру комитеті туралы ереже бекітілсін.
3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 23 мамырдағы № 43-ө өкіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген өкіммен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық үйлестіру кеңесінің (бұдан әрі - Үйлестіру кеңесі) құрамында:
мына:
"Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі, төрағаның орынбасары";
"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі Стратегиялық даму департаментінің директоры, хатшы" деген жолдар мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі, төрағаның орынбасары";
"Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Стратегиялық даму және қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры, хатшы";
көрсетілген өкіммен бекітілген Үйлестіру кеңесі туралы ережеде:
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Үйлестіру кеңесінің жұмыс органы болып табылады.".
Премьер-Министр | Б. Сағынтаев |
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2017 жылғы 11 сәуірдегі № 43-ө өкімімен бекітілген |
АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі елдік үйлестіру комитеті туралы ереже
1. Жалпы ережелер
1. АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі елдік үйлестіру комитеті (бұдан әрі - ЕҮК) АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен жұмысты үйлестіру мәселелерін шешуде мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету мақсатында құрылған.
2. ЕҮК Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
3. ЕҮК өзінің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ЕҮК жұмыс органы болып табылады.
5. ЕҮК отырысы жылына кемінде екі рет өткізіледі.
2. ЕҮК міндеті
6. ЕҮК міндеті:
1) Қазақстан Республикасының АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылы;
2) мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жобаларға бөлінген қаражатты тиімді пайдалануын қамтамасыз ету жөніндегі қызметін үйлестіру;
3) Қазақстан Республикасынан халықаралық ұйымдарға АИТВ инфекциясының, туберкулездің профилактикасы және онымен күрес жөніндегі жобаларды қаржыландыруға арналған өтінімдерді бекіту;
4) жобаларды іске асыруға жауапты халықаралық ұйымдарға бөлінген қаражатты негізгі алушыларды айқындау;
5) халықаралық және басқа да ұйымдар қаржыландыратын АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша жобаларды іске асыруды бағалау;
6) АИТВ инфекциясымен, туберкулезбен күрес саласындағы бағдарламалардың шеңберінде келісілген іс-шараларды әзірлеу үшін жобалар арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету, ақпарат алмасу бойынша ұсыныстарды әзірлеу болып табылады.
3. ЕҮК ұйымдастыру және жұмыс тәртібі
7. ЕҮК жұмысын ұйымдастыру мен тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2017 жылғы 11 сәуірдегі № 43-ө өкіміне қосымша |
АИТВ инфекциясы мен туберкулез мәселелері бойынша халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі елдік үйлестіру комитетінің құрамы
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі, төраға;
"АИТВ-мен өмір сүруші адамдардың қазақстандық одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, төрағаның орынбасары (келісім бойынша);
Қазақстандағы АИТВ/ЖИТС бойынша Біріккен Ұлтар Ұйымы Бірлескен Бағдарламасы офисінің директоры, төрағаның орынбасары (келісім бойынша);
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры, хатшы;
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі;
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі;
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары;
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері;
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің фтизиопульмонология кафедрасының меңгерушісі (келісім бойынша);
"Балақай-Шымкент" қоғамдық қорының президенті (келісім бойынша);
"Доверие плюс" қоғамдық қорының президенті (келісім бойынша);
"Теңбе-Тең" Қазақ қауымдастығының президенті (келісім бойынша);
"Жолдас" ЖИТС-сервистік ұйымдары қауымдастығының төрағасы (келісім бойынша);
"АИТВ-мен өмір сүретін әйелдердің қоры" қоғамдық қорының жоба маманы (келісім бойынша);
"АИТВ-мен өмір сүріп жүрген адамдардың өңірлік қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы (келісім бойынша:);
"Халықаралық бағдарламаларға арналған орталық" корпорациясының Қазақстан бойынша филиалының менеджері (ІСАР) (келісім бойынша);
"Population Services International" коммерциялық емес халықаралық корпорациясының Қазақстандағы филиалының директоры (келісім бойынша);
"Орталық Азиядағы Жаһандық денсаулықты зерделеу орталығы" корпорациясы филиалының директоры (келісім бойынша);
Орталық Нидерланды Корольдігінің туберкулезбен күрес жөніндегі бірлестігінің (KNCV) Орталық Азиядағы өкілдігінің директоры (келісім бойынша);
Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі мен қылмыс жөніндегі басқармасының бағдарламалық офисінің басшысы (келісім бойынша);
Centers for Disease Control and Prevention (СDС) Орталық Азиядағы өңірлік офисінің атқарушы директоры (келісім бойынша);
Америка Құрама Штаттарының Халықаралық даму агенттігінің жобаларды басқару жөніндегі маманы (келісім бойынша);
халықтың әлсіз топтарының өкілі (келісім бойынша);
Қазақстан мұсылмандар одағының президенті (келісім бойынша);
әлеуметтік мәні бар аурумен ауырған азамат (келісім бойынша);
әлеуметтік мәні бар аурумен ауырған азамат (келісім бойынша).