"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 9 наурыздағы № 22-ө өкімі.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес:

      1. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Комиссияның құрамы;

      2) Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2016 жылғы 9 наурыздағы
№ 16-ө өкімімен
бекітілген

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрамы жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің 11.09.2017 № 130 өкімімен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту департаментінің директоры, хатшы

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      "Нұр Отан" партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің басшысы (келісім бойынша)

      "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      "Экономикалық зерттеулер институты" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Сандж зерттеулер орталығы" қоғамдық қорының президенті (келісім бойынша)

      "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

      "Ұлттық ақпараттық технологиялар" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2016 жылғы 9 наурыздағы
№ 16-ө өкімімен
бекітілген

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Осы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже (бұдан әрі - Ереже) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес әзірленген.

      2. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің 08.11.2016 № 112-ө өкімімен.

      5. Комиссия отырыстары жылына екі рет өткізіледі.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің 08.11.2016 № 112-ө өкімімен.

2. Комиссияның негізгі міндеті

      6. Комиссияның негізгі міндеті "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтердің тізбесін қарау нәтижелері бойынша Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілуге жататын мемлекеттік қызметтерді іріктеу бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

3. Комиссияны ұйымдастыру мен оның жұмыс тәртібі

      7. Комиссияны ұйымдастыру мен оның жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.