Мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін комиссия құру туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2016 жылғы 30 қаңтардағы № 9-ө өкімі

Қолданыстағы

      Мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу мақсатында:

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Комиссия 2016 жылғы 1 мамырға дейінгі мерзімде бірінші кезеңде мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру бойынша ұсыныстарды әзірлесін және Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін.

      Премьер-Министр К. Мәсімов

  Премьер-Министрінің
2016 жылғы 30 қаңтардағы
№ 9-ө өкіміне
қосымша

Мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры, хатшы

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Сыртқы істер вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

      "Қазақстанның Азаматтық альянсы" заңды тұлғалар бірлестігінің директоры (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2016 жылғы 30 қаңтардағы
№ 9-ө өкімімен
бекітілген

Мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметінің мақсаты "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының "Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру" бесінші бағыты (97-қадам) шеңберінде көзделген мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беруді жүзеге асыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының әзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      5. Комиссия отырысы қажеттілігіне қарай, бірақ жарты жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.

2. Комиссияның міндеттері

      6. Комиссияның міндеті мемлекеттік органдардың мемлекеттік функцияларын бәсекелес ортаға және өзін-өзі реттейтін ұйымдарға беру мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады.

3. Комиссия қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі

      7. Комиссияның қызметін ұйымдастыру және оның тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы консультативтік-кеңесші органдарды және жұмыс топтарын құру, оның қызметі, сондай-ақ таратылу тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.