Шетелдік инвесторлардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 2 желтоқсан N 1843

Қолданыстағы

     Шетелдік инвесторлардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомствоаралық 
комиссияның қызметін ұйымдастыру мақсатында Қазақстан Республикасының 
Үкіметі қаулы етеді:
     1. Қоса беріліп отырған Шетелдік инвесторлардың өтініштерін қарау 
жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже бекітілсін.
     2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
     
     Қазақстан Республикасының
       Премьер-Министрі
     
     
                               Қазақстан Республикасы Үкіметінің
                                 1999 жылғы 2 желтоқсандағы
                                N 1843 қаулысымен бекітілген
     
     Шетелдік инвесторлардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомствоаралық
                       комиссия туралы ереже
                        1. Жалпы ережелер
     


      1. Шетелдік инвесторлардың өтініштерін қарау жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының шетелдік инвесторлардың қызметін реттейтін өзге де нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

            2. Комиссияның негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комиссияның негізгі міндеттері Қазақстан Республикасында инвестициялық ахуалды жетілдіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыруға жәрдем көрсету болып табылады.
      4. Комиссияның өз қызметінің аясындағы функциялары:
      1) шетелдік инвесторлардың өтініштерін уақытылы және сапалы қарауды қамтамасыз ету;
      2) Комиссия құзыретінің шеңберінде даулар мен шетелдік инвесторлардың талаптарын шешу жөнінде ұсыныстар жасау;
      3) мемлекеттің инвестициялық саясатын түзету жөнінде ұсынымдар әзірлеу;
      4) Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесіне Қазақстан экономикасының нақты секторына инвестициялардың түрлі нысандарын салатын шетелдік инвесторлардың қызметі туралы ақпарат ұсыну болып табылады.

               3. Комиссияның құрамы

      5. Комиссияны Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Басшысы басқарады. Комиссияның төрағасы Комиссияның қызметін қамтамасыз етеді, мәжілістерде төрағалық етеді, мәжілістерді өткізудің кестесін бекітеді, ұсынымдарды әзірлеу мен іске асыруға жалпы бақылау жасауды жүзеге асырады. Комиссияның төрағасы болмаған кезде оның өкілеттігін төрағаның орынбасары атқарады. <*>

     ЕСКЕРТУ. 5-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.04.18. N 507           
              қаулысымен. 

P010507_

 
     6. Комиссияның хатшысы мәжілістің күн тәртібі жөніндегі ұсыныстарды, 
қажетті құжаттарды, материалдарды әзірлейді және олар өткізілгеннен кейін 
хаттамаларды ресімдейді.
     7. Комиссияның жеке құрамын Қазақстан Республикасының Үкіметі 
бекітеді.
     
           4. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру
     
     8. Комиссияның мәжілістерінде қарауға арналған мәселелердің тізбесі 
шетелдік инвесторлардың өтініштеріне қарай жасалады және оны Төраға 
бекітеді.
     9. Бекітілген тізбе Комиссияның мүшелеріне тізім бойынша таратылады.
     10. Комиссия шешімінің ұсынымдық сипаты болады.


      11. Комиссияның мәжілісі қажеттілігіне қарай, бірақ кемінде тоқсанына бір рет өткізіледі және оны Төраға шақырады. Шетелдік инвесторлардың өтініші бойынша шұғыл шешім қабылдау қажет болған жағдайларда Төрағаның шақыруы бойынша Комиссияның кезектен тыс мәжілісі өткізілуі мүмкін.
      12. Төрағаның шақыруы бойынша Комиссияның мәжілістеріне мүдделі министрліктер мен ведомстволардың басшылары мен басқа да лауазымды тұлғалары, өтініштері қаралатын инвесторлар да қатысуы мүмкін.
      13. Комиссия мәжілістерінің қорытындылары бойынша Төраға мен хатшы

қол қоятын хаттама жасалады. Комиссияның шешімі ашық дауыспен қабылданады 
және, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санынан көпшілік дауыс берілсе, 
қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Төраға дауыс 
берген шешім қабылданды деп есептеледі.
     14. Комиссия мүшелерінің жазбаша түрде мазмұндалуы және Комиссия 
мәжілісінің хаттамасына қоса берілуі тиіс ерекше пікір білдіруге құқығы 
бар.
     15. Комиссияның әрбір мәжілісінен кейін Қазақстан Республикасының 
Үкіметіне Комиссия жұмысының қорытындылары туралы есеп жолданады.
     16. Комиссияның мәжілісіне енгізілетін материалдарға, қажет болған 
жағдайда, қосымша ақпараттық мәліметтер қоса беріледі.
     
               5. Комиссияның қызметін тоқтатуы
     
     17. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі Комиссияның қызметін 
тоқтатуы үшін негіз болып табылады.
     
     
     
     Оқығандар:    
    Қобдалиева Н.М.
    Орынбекова Д.К.