Қазақстан Республикасы Көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің мәселелері

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы 1999 жылғы 21 шілде N 1020. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2004.10.29. N 1132 қаулысымен.

Күшін жойған

      Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 6  Жарлығына  сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігі туралы ереже бекітілсін. 
      2. Қазақстан Республикасының Көші-қон және демография жөніндегі агенттігіне бір орынбасары болуына рұқсат етілсін.
      3. "Қазақстан Республикасы Көші-қон және демография жөніндегі агенттігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 12 қаңтардағы N 8  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1998 ж., N 1, 5-құжат) күші жойылды деп танылсын.
     4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.     

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы        
Yкiметiнiң              
1999 жылғы 21 шілдедегі       
N 1020 қаулысымен          
бекiтiлген             

          Қазақстан Республикасының Көшi-қон және
          демография жөнiндегi агенттiгi туралы
                         Ереже     

                      1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгi (бұдан әрi - Агенттiк) Yкiмет құрамына кiрмейтiн, заңдарда көзделген шектерде, - көшi-қон және демография саласындағы басшылықты, сондай-ақ салалық үйлестiрудi, өзге де арнайы атқарушылық және шешушi функцияларды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган болып табылады. 
      Агенттiктiң облыстарда, Астана және Алматы қалаларында аумақтық органдары бар. 
      2. Агенттiк өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Yкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. 
      3. Агенттiк мемлекеттiк мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттiк тiлде жазылған мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ заңдарға сәйкес банктерде шоттары болады. 
      Агенттiк азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi. 
      Егер Агенттiкке заңдарға сәйкес уәкiлеттiк берiлген болса, онда оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар. 
      4. Агенттiк өз құзыретiндегi мәселелер бойынша заңдарда белгiленген тәртiппен Төрағаның бұйрықтарымен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды. 
      5. Агенттiктiң ережесi мен штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтедi. 
      6. Агенттiктiң заңды мекен-жайы: 473039, Астана қаласы, Әуезов көшесi 103 "а". 
      7. Агенттiктiң толық атауы - "Қазақстан Республикасының Көшi-қон және демография жөнiндегi агенттiгi" мемлекеттiк мекемесi. 
      8. Осы Ереже Агенттiктiң құрылтай құжаты болып табылады. 
      9. Агенттiктiң атқаратын қызметiн қаржыландыру республикалық бюджет есебiнен ғана жүзеге асырылады. 
      Агенттікке өз функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынасқа түсуге тыйым салынады. 
      Егер Агенттiкке заң актiлерiмен табыс әкелетiн қызметтi жүзеге асыруға құқықтар берiлген жағдайда, мұндай қызметтен алынған кiрiс республикалық бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi. 

       2. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi, функциялары
                    мен құқықтары  

      10. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерi: 
      1) Қазақстан Республикасы Конституциясында бекiтiлген адамның тұрғылықты жерiн еркiн таңдау, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдау, еркiн бару, еркiн жүрiп-тұру құқықтарын қамтамасыз ету; 
      2) республиканың қазiргi әлеуметтiк-экономикалық жағдайын, оның өткен тарихы мен дәстүрлерiн, даму болашағын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына және халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына сәйкес мемлекеттiк көшi-қон және демографиялық саясатты әзiрлеу мен iске асыру; 
      3) қазақтардың өзiнiң тарихи отанына қайтып оралуына жан-жақты жәрдемдесу, оларды қоныстандыру және жергiлiктi ұлттың қоныс аударушыларына атаулы көмек көрсету мен әлеуметтiк қорғауды жүзеге асыру жөнiндегi басқа да шаралар кешенiн iске асыруды ұйымдастыру; 
      4) әлеуметтiк-экономикалық ынталандыруды жасау негiзiнде көшi-қонның кездейсоқ және реттелмеген процестерiнiң алдын алу мен әлеуметтiк-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайлардың өзгерулерiне байланысты көшi-қон ағынын бағыттауға жәрдемдесу; 
      5) халықтың көшi-қон мәселелерi бойынша, оның iшiнде астыртын көшi-қонды азайту саласында басқа мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасау; 
      6) демографиялық процеске талдау және болжам жасау, көшi-қон процессiн басқару, республика халқының санын көбейту саясатын iске асыруға қатысу. 
      11. Агенттiк заңдарда белгiлеген тәртiппен мынадай функцияларды жүзеге асырады: 
      1) елдегi көшi-қон және демографиялық процестердi талдау мен болжам жасайды және бұл туралы Қазақстан Республикасының Yкiметiне, жергiлiктi атқарушы органдарға хабарлайды; <*>
      2) халықтың көшi-қонын реттеу жөнiндегi шаралар туралы ұсыныстар жасайды; 
      3) халықтың көшi-қоны және демография саласындағы тұжырымдамалар мен бағдарламаларды әзiрлейдi, өз құзыретiнiң шегiнде олардың орындалуын қамтамасыз етедi; 
      4) iшкi және сыртқы көшi-қонның, демографиялық жағдайдың ағымдағы және ұзақ мерзiмдi болжамдарын жасайды; 
      5) өз құзыретiнiң шегiнде көшi-қон және демография  саласындағы заңдардың орындалуына бақылау жасауды жүзеге асырады;<*>
      6) шет елдердегi қазақ диаспорасының тарихи отанына ерiктi түрде қоныс аударуына байланысты олардың проблемаларын зерттейдi; 
      7) Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң қарауына көшiп келу квоталарын қалыптастыру жөнiндегi ұсыныстарды енгiзедi;
      8) бекiтiлген көшiп келу квотасы шегiнде оралмандарды қабылдау мен орналастыруды ұйымдастырады; <*>
      9) келген босқындарды, оралмандарды, реэмигранттарды және мәжбүрлi қоныс аударушыларды, оралмандарды тiркеудi, есепке алуды, сондай-ақ заңдарда белгiленген жағдайларда оларға сараланған жәрдемақылар мен жеңiлдiктер төлеудi жүзеге асырады; <*>
      9-1) өз құзыретi шегiнде әкiмшілiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды; <*>
      10) Қазақстанның шет елдердегi өкiлдiктерi мен консулдық мекемелерiнiң шетелдiктер мен олардың отбасы мүшелерiнiң белгiленген көшiп келу квотасына сәйкес республикаға қоныс аудару туралы өтiнiштерi бойынша ұсыныстарын зерделеу және олар бойынша қорытындылар әзiрлейдi;
      11) өзiнiң аумақтық органдарының жұмысына басшылық жасайды  және үйлестiредi;
      12) өз құзыретiнiң шегiнде оралмандардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етудi ескере отырып оларды жинақы орналастыру мәселелерiн шешедi; <*>
      13) халықтың көшi-қоны және демография мәселелерi бойынша халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
      14) Қазақстан Республикасындағы халықтың көшi-қоны және демография мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлейдi; <*>
      15) азаматтардың хаттарын, шағымдары мен ұсыныстарын қарайды, олар бойынша қажеттi шаралар қолданады, Агенттiктiң құзыретiне қатысты мәселелер бойынша азаматтарды қабылдауды жүргiзедi;
      15-1) Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісім бойынша елдің басқа аймақтары мен елді мекендерінен экономикалық перспективалы аймақтар мен елді мекендерге қоныс аударуы ынталандыруға жататын адамдар санын анықтайды; <*> 
      16) өзiне заңдармен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады. 
       ЕСКЕРТУ. 11-тармақ 15-1)-тармақшамен толықтырылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 28 маусымдағы N 704   қаулысымен .
       ЕСКЕРТУ. 11-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004.01.29. N 98   қаулысымен
      12. Агенттiктiң негiзгi мiндеттерiн iске асыру және өз функцияларын заңдарда белгiленген тәртiппен жүзеге асыру үшін: 
      1) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарынан Агенттiкке жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшiн қажеттi материалдарды сұратуға және алуға; 
      2) Қазақстан Республикасының аумағын бұрын мәжбүрлi немесе ерiктi түрде, сондай-ақ еңбек көшi-қоны бойынша тастап кеткен отандастарды Қазақстан Республикасына ерiктi түрде қоныс аудару мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң тапсырмасымен басқа мемлекеттердiң үкiмет органдарымен, ведомстволарымен және ұйымдарымен келiсiмдер жасасуға; 
      3) көшiп келушiлердiң өтiнiштерi бойынша оларды оралмандар, реэмигранттар, ерiксiз қоныс аударушылар, оралмандар немесе босқындар деп тану туралы немесе оларға бұдан бас тарту туралы шешiмдер қабылдауға; <*>
      4) Қазақстан Республикасында саяси баспана алуға ниет бiлдiрген адамдардың жазбаша өтiнiштерiн қабылдауға, ол үшiн қажеттi құжаттарды ресiмдеуге және Қазақстан Республикасы Президентiнiң тиiстi шешiмдерi негiзiнде саяси баспана берiлгенi туралы куәлiк беруге; 
      5) Қазақстан Республикасындағы халықтың көшi-қоны мен демографияның жай-күйiне ықпал ететiн қаржы-несие, инвестиция, салық шараларын әзiрлеуге қатысуға;
      6) халықтың көшi-қоны мен демография мәселелерi бойынша нормативтiк құқықтық актiлер әзiрлеуге және өз құзыретiнiң шегiнде оларды бекiтуге; 
      7) шетелдiктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан  Республикасында еңбек қызметiн жүзеге асыруға тиiстi рұқсаттар беруге;
      8) халықтың көшi-қоны мен демография проблемалары бойынша  конференциялар мен семинарлар өткiзуге;
      9) заңдарда көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.
       ЕСКЕРТУ. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004.01.29. N 98   қаулысымен .

                  3. Агенттiктiң мүлкi 

     13. Агенттiктiң жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi бар.
     Агенттiктiң мүлкi оған мемлекет берген мүлік, сондай-ақ құны Агенттiктің теңгерiмiнде көрсетілетін өзге де мүлік есебiнен қалыптасады. <*>
      ЕСКЕРТУ. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004.01.29. N 98   қаулысымен
     14. Агенттiкке бекiтiлiп берiлген мүлiк республикалық меншiкке
жатады.
     15. Агенттiктiң өзiне бекiтiлiп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзге тәсiлмен билiк жасауға құқығы жоқ. 
     Агенттiкке заңдарда белгiленген жағдайлар мен шектерде мүлiкке  билiк жасау құқығы берiлуi мүмкiн.     

                  4. Агенттiктiң қызметiн ұйымдастыру 

      16. Агенттiктi Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады. 
      Төрағаның оның ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасары болады. 
      17. Төраға Агенттiктiң жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Агенттiкке жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыруы үшiн жеке жауап бередi. 
      18. Төраға осы мақсатта: 
      1) орынбасарының және Агенттiктiң құрылымдық бөлiмшелерi басшыларының мiндеттерi мен өкiлеттiктерiнiң шегiн белгiлейдi; 
      2) Агенттiк қызметкерлерiн, аумақтық органдардың басшыларын және олардың орынбасарларын заңдарда белгiленген тәртiппен қызметке тағайындайды және қызметтен  босатады;
      3) заңдарға сәйкес мемлекеттiк органдарда және өзге де ұйымдарда Агенттiктi бiлдiредi; <*>
      4) Агенттiктiң бұйрықтарына қол қояды;
      5) Агенттiктiң құрылымы мен штат кестесiн, сондай-ақ оның құрылымдық бөлiмшелерi мен аумақтық органдары туралы ереженi бекiтедi;
      6) заңдарда белгiленген тәртiппен Агенттiк қызметкерлерiн және аумақтық органдардың басшыларын  көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету, тәртiптiк жазалар қолдану мәселелерiн шешеді; <*>
      7) өзiнiң құзыретiне жататын басқа да мәселелер бойынша шешiмдер қабылдайды.
       ЕСКЕРТУ. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004.01.29. N 98   қаулысымен
      19. Агенттiк төрағасының жанынан консультациялық-кеңесушi орган болып табылатын алқа құрылады. Алқаның сандық және жеке құрамын Агенттiктiң төрағасы бекiтедi.     

             5. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату       

     20. Агенттiктi қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.