Қазақстан Республикасының төлем балансын жасау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 29 қаңтар N 71

Жаңартылған

      Мемлекеттің экономикалық саясатын жасауға қажетті Қазақстан Республикасының төлем балансын қалыптастыру мен талдау жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіру және үйлестіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасының Статистика жөніндегі агенттігі: 
      1) 1999 жылдың 1 мамырына дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әзірлеген төлем балансы жөніндегі мемлекеттік статистикалық есептің нысандарын бекітсін; 
      2) елдің төлем балансы бойынша статистикалық есептің жаңа нысандары қолданысқа енгізілгенге дейін төлем балансы жөніндегі мәліметтерді жинау мен өңдеуді қолданылып жүрген нысандар бойынша жүзеге асырсын және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкіне, 1999 жылдың II тоқсаны бойынша есептерді қоса алғанда, ақпарат ұсынатын болсын; 
      3) <*>
       Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.02.03. N 126   қаулысымен

      1.1. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi:
      1) ай сайын eceптi кезеңнен кейiнгi 36-күнге Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың сыртқы экономикалық қызмет тауар номенклатурасының (ЕурАзЭҚ СЭҚ ТН) он мәндi цифрлық кодына сәйкес елдер мен тауарлар бөлінісiнде кедендік жүк декларацияларының негiзiнде Қазақстан Республикасы сыртқы сауданың кедендiк статистикасын электронды түрде және "Кедендiк жүк декларацияларының негiзіндегi сыртқы сауда көрсеткiштерi" бюллетенiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне ұсынсын;
      2) тоқсан сайын есептi кезеңнен кейiнгi 25-күнге ТМД аймағын бөлiп көрсете отырып, есептi тоқсан үшiн экспорт пен импорттың жиынтық көлемдерi жөнiндегi деректердi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне ұсынсын;
      3) келiсімде айтылатын тiзбеге, форматтарға және мерзiмдерге сәйкес сыртқы сауда кедендiк статистикасының iріктелген көрсеткiштерi бойынша деректердi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiне ұсынсын.
       Ескерту. 1-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.02.03.  N 126 , өзгерту енгізілді - ҚР Үкіметінің 2006.01.13.   N 38  қаулыларымен.  

      2. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі және Қаржы министрлігі елдің төлем балансы көрсеткіштерінің жылдық, орта мерзімдік және ұзақ мерзімдік болжамды бағасын жасауға қатыссын. <*>
       Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2004.02.03. N 126   қаулысымен

      3. Министрліктер, агенттіктер, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын кәсіпорындар мен ұйымдар: 
      1) елдің төлем балансы бойынша бекітілген нысандарға сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық статистикалық агенттігіне, 1999 жылдың II тоқсаны бойынша есептерді қоса алғанда-статистикалық есеп, ал 1999 жылдың III тоқсаны бойынша есептерден бастап Ұлттық Банкке статистикалық есеп беретін болсын; 
      2) өз құзыреттеріне сәйкес елдің төлем балансының жекелеген көрсеткіштері бойынша бір жолғы іріктемелі зерттеулер жүргізуге қатысатын болсын.

      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қазақстан Республикасының төлем балансын әзірлеудің және Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметіне ұсынудың мерзімдері туралы ұсынысына келісім берілсін: 
      1) есептік төлем балансын алдын ала бағалау - есепті кезеңінен кейінгі 30-ші күні; 
      2) есептік төлем балансы - есеп беру кезеңінен кейінгі 90-шы күні; 
      3) болжамды төлем балансы - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және тиісті мемлекеттік органдардың бағдарламалық құжаттарын әзірлеу үшін белгіленген мерзімдерге сәйкес.

      5. Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Қазақстан Республикасының төлем балансын жасау туралы" 1997 жылғы 25 сәуірдегі N 659  қаулысының  (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1997 ж., N 17, 150-құжат) күші жойылған деп танылсын.
      6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.     

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі