Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнің жобаларын ресiмдеу жөнiндегi нұсқаулықты (заңдық техникасы) бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы. 1998 жылғы 22 шiлдедегi N 678

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:

      1. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң нормативтiк құқықтық актiлерiнiң жобаларын дайындаудың және келiсудiң тәртiптерi мен оларды ресiмдеудiң ережелерi (заңдық техникасы) туралы нұсқаулық бекiтiлсiн.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 
1998 жылғы 22 шiлдедегi     
N 678 қаулысымен      
бекiтiлген      

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiнің жобаларын ресiмдеу жөнiндегi нұсқаулық (заңдық техникасы)

      1. <*>

      2. <*>
      ЕСКЕРТУ. 1-2-бөлімдер алынып тасталды - ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысымен.

     

3. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары мен Премьер-Министрiнiң өкiмдерiн ресiмдеудiң тәртiбi
(заңдық техникасы)

1. Қазақстан Республикасының Үкiметi мен
Премьер-Министрi актiлерiн ресiмдеуге
қойылатын жалпы талаптар

      24. Үкiметтiң қаулысы мен Премьер-Министр өкiмiнiң мынадай деректемелерi:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы;
      2) актiнiң нысанына нұсқама;
      3) аталған актiнi реттеудiң нысанасын бiлдiретiн тақырып;
      4) актiнiң қабылданған жерi мен күнi;
      5) актiнiң тiркеу нөмiрi;
      6) Премьер-Министрдiң не оның мiндетiн атқарушы адамның қолы;
      7) елтаңбалы мөрi болуы тиiс.

      25. "Тармақ" сөзiмен аталмастан құқық нормасын қамтитын тармақ Үкiмет немесе Премьер-Министр актiлерiнiң негiзгi құрылымдық элементi болып табылады.
      Тармақтар маңыздылығы бойынша қисындық ретпен, сондай-ақ мәселенi шешу кезеңдерiнiң хронологиясы ескерiле отырып орналастырылады.

      26. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң көлемi едәуiр актiлерiнiң мазмұны бойынша жақын тармақтары тарауларға бiрiктiрiлуi мүмкiн. Мазмұны бойынша жақын бiрнеше тарау бөлiмдерге бiрiктiрiлуi мүмкiн.

      27. Нормативтiк құқықтық актiнiң тармақтары тармақшаларға бөлiнуi мүмкiн. Тармақтар мен тармақшалардың iшiнде азатжолдармен бөлiнген бөлiктер болуы мүмкiн.
      Үкiмет немесе Премьер-Министр актiлерiнiң мәтiнiнде азатжолдарды дефистермен немесе өзге де белгiлермен бiлдiруге жол берiлмейдi.

      28. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң әрбiр тармағы, тармақшасы, сондай-ақ тараулары, параграфтары мен бөлiмдерi, бөлiмшелерi араб сандарымен нөмiрленедi.

      29. Тармақтарды, тарауларды және бөлiмдердi нөмiрлеу бүкiл актi үшiн өн бойына болып табылады.
      Тармақшаларды нөмiрлеу әрбiр тармақ үшiн дербес болып табылады. Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкiмiнiң әрбiр тарауындағы параграфтардың нөмiрленуi мен бөлiмдегi бөлiмшелердiң нөмiрленуi өн бойына емес дербес болып табылады.

      30. Тармақтардағы тармақшалардың нөмiрi мына тұрғыда:
      1), 2), 3) және одан әрi жақшамен бөлiнедi.

      31. Бiр тармақтан тұратын қаулыларда немесе өкiмдерде тармақтарды нөмiрлеу талап етiлмейдi.

      32. Тақырыбы (атауы) қабылданатын (шығарылатын) актiнi реттеудiң нысанасын бiлдiредi және қысқа болуы тиiс.

      33. Үкiмет қаулысының атауында сөздердi тасымалдауға жол берiлмейдi.

      34. Үкiметтiң бұрын қабылданған актiге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудi көздейтiн, қаулысының атауында актiнiң түрiне, оны қабылдаған органға, қабылданған күнiне және оның соңғысының тiзiлiмiнде тiркелген нөмiрiне сiлтеме (көрсетiлген ретпен) болуы тиiс.
      Осы тармақтың талаптары Үкiметтiң ол не Премьер-Министр бұрын қабылдаған актiнiң күшiнiң жойылғандығы туралы қаулысына қойылатын тақырыпқа да қатысты.

      35. Актiнi қабылдаудың, оның алдында тұрған негiзгi мiндеттердiң мақсаты мен себептерiн түсiндiру қажет болатын жағдайларда құқық нормаларын баяндаудың алдында кiрiспе бөлiк (кiрiспе) болады. Нормативтiк ережелер жобаның кiрiспе бөлiгiне кiргiзiлмейдi.
      Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкiмiнiң кiрiспесiнде себептердi көрсету мақсатында заң актiлерiне, Қазақстан Республикасы Президентi актiлерiне немесе аталған шешiм iске асыруға қабылданатын Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң оның алдындағы актiлерiне сiлтеме келтiрiлуi мүмкiн.

      36. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң әрбiр тарауын пайдаланудың қолайлылығы мақсатында оның бөлiмдерiнiң, сондай-ақ тараулар параграфтарының және бөлiмдерiнiң iшкi бөлiмдерiнiң тақырыптары болуы мүмкiн.
      Тараулардың, бөлiмдердiң, параграфтар мен бөлiмшелердiң тақырыптары алдыңғы мәтіннен - екi жол аралық интервалмен, ал келесi мәтiннен - бiр интервалмен ажыратылады. <*>
      ЕСКЕРТУ. 36-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысымен.

      37. Үкiметтiң қаулыларының және Премьер-Министрдiң өкiмдерiнiң мәтiндерi нақты құрылуы және қолдан түзетусiз және бояусыз бiрыңғай әрiппен басылуы тиiс.

      38. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң мәтiнi әдеби тiлдiң және заң терминологиясының нормалары сақтала отырып жазылады, ереже неғұрлым қысқа болуы және нақты әрi әртүрлi бұрмалауға жатпайтын мазмұнды қамтуы тиiс. Ескiрген және көп мағыналы сөздер мен сөйлемшiлердi, эпитеттердi, метафораларды, қысқарған сөздердi қолдануға жол берiлмейдi. Тармақтың мазмұны (нормасы) басқа баптарда қайталап жазылмайды.

      39. Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң мәтiнi мағыналық және құқықтық жүгi жоқ декларативтiк сипаттағы ереженi қамтымауы тиiс.

      40. Актiлердiң жобаларындағы тапсырма, әдетте, Үкiметке бағынысты және есеп беретiн органға не қажет болған кезде олардың басшыларына бағытталуы тиiс.
      Үкiметтiң қаулылары мен Премьер-Министрдiң өкiмдерiндегi Үкiметке бағынысты емес мемлекеттiк органдарға (олардың басшыларына) қатысты тапсырма ұсынымдық нысанда не олармен келiсiм бойынша жазылуы тиiс.

      41. Үкiмет немесе Премьер-Министр қаулысының мәтiнiнде мемлекеттiк органдардың және өзге де ұйымдардың атауы ресми атауына сәйкес толық және бүкiл мәтiн бойынша бiр үлгiде жазылады.
      Ұйымдардың атауын қысқартуға нормативтiк құқықтық актiнiң мәтiнінiң өзiнде қысқартудың не аббревиатуралардың мағынасын таратып жаза отырып, мәтiннiң қарапайымдығы мен ықшамдығын қамтамасыз ету мақсаты үшiн жол берiледi.

      42. Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң шешiмiнiң мәтiнiнде тақырыптан, тараулардың, бөлiмдердiң, параграфтар мен бөлiмшелердiң атауларынан, "Қаулы етедi" деген сөзден және бөлiктенген әрiптермен жазылатын қол қоюшы адамның қызметi мен атынан басқа жекелеген сөздер мен сөз тiркестерiн бөлiктеуге және астын сызуға жол берiлмейдi. "Қаулы етедi" деген сөз бас әрiптермен жазылады және оны жеке жолға тасымалдауға тыйым салынады. <*>
      ЕСКЕРТУ. 42-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы N 1300 қаулысымен.

      43. Премьер-Министрдiң өкiмiмен (Үкiметтiң қаулысымен) комиссиялардың жұмыс топтарының немесе өзге де уақытша органның, сондай-ақ Үкiмет делегацияларының жеке құрамы бекiтiлген жағдайда олардың жұмысына қатысушы адамдардың тектерi, аттары, әкесiнiң аттары және қызметтерi толық жазылады.

      44. Қажет болған кезде Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң актiсiнде жоғары тұрған деңгейлер актiлерiнiң баптарына (тармақтарына) сiлтемелер келтiрiлуi, сондай-ақ жоғары тұрған деңгейлердiң құқықтық актiлерiнiң нормаларынан мұндай актiлерге сiлтемемен жекелеген ережелерi көшiрiлiп алынуы мүмкiн.
      Актiнiң тармақтары мен тармақшаларындағы оның басқа тармақтары мен тармақшаларына сiлтемелерге құқықтық нормалардың өзара байланысын көрсету не қайталауды болдырмау қажет болған жағдайларда ғана жол берiледi.

      45. Азатжолдарға, жолдарға және сөйлемдерге сiлтеме жасау кезiнде олардың нөмiрленуi реттiк сан есiмдермен (жазбаша) көрсетiледi.

      46. Қаулының немесе өкiмнiң мәтiнiнде тармаққа, тармақшаға сiлтеме олардың реттiк нөмiрi көрсетiле отырып келтiрiледi (оларды көрсету үшiн сын есiмдердi пайдалануға жол берiлмейдi).

      47. Егер шешiмнiң мәтiнiнде нормативтiк құқықтық актiге сiлтеме болған жағдайда оның түрi, қабылданған күнi, тiзiлiмде тiркелген нөмiрi және осы актiсiнiң атауы (көрсетiлген ретпен) көрсетiледi.
      Заң актiлерiне сiлтеме жасалған кезде ол тiзiлiмде тiркелген нөмiрдi көрсету, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлықтарын қоспағанда, талап етiлмейдi.
      Үкiметтiң бұрын қабылданған актiге өзгерiстер, толықтырулар енгiзудi және/немесе оның күшi жойылған деп тануды көздейтiн қаулылары жобасының атауы актiнiң түрiн, оның қабылданған күнiн және тiркеу нөмiрiн көрсетудi қамтуы тиiс.

      48. Егер жобаның мәтiнiнде сол бiр нормативтiк құқықтық актiге бiрнеше дәйектi сiлтемелер келтiрiлген болса, актiнiң толық атауы кейiн оған сiлтеме жасалуы арқылы бiр рет көрсетiледi.

      49. Егер қаулыда немесе өкiмде қосымшаға сiлтеме болса, онда қаулыға және/немесе өкiмге бiр қосымша болған жағдайларды қоспағанда, аталған қосымшаның нөмiрi көрсетiледi.

      50. Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкiмiнiң мәтiнiнде күнiн көрсету кезiнде айдың атауы қолданылады, ал жыл толық көрсетiледi, мысалы: "1997 жылғы 13 маусымдағы".

      51. Қаулы мен қосымшаның тақырыптары ұқсас болған жағдайларда қаулының мәтiнiнде қаулының толық атауы қолданылмауы ықтимал.

      52. Үкiмет қаулысының немесе Премьер-Министр өкiмiнiң нормаларына ескертпеуге тиiстi нұсқауды мәтiнде норманың мағынасына нұқсан келтiрмей жазуға мүмкiндiк болмаған ерекше жағдайларда жол берiледi.

2. Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы Үкiмет қаулыларының немесе Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын  ресiмдеудiң тәртiбi

      53. Сол бiр актiге барлық өзгерiстер мен толықтырулар бiр тармақпен немесе тармақшамен көзделедi.

      54. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң бұрын қабылданған актiлерге өзгерiстер және/немесе толықтырулар енгiзудi, сондай-ақ олардың күшi жойылған деп тануды көздейтiн актiлерiн дайындау кезiнде оның тiзiлiмде тiркелген күнiнен, нөмiрiнен және бұл шешiмнiң атауының кейiн жақшаның iшiнде оның "Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актiлер жинағында" жарияланған жылы, жиынтық нөмiрi және құжаттың нөмiрi көрсетiледi. Егер қабылдау (шығару) күнiне бұрын қабылданған актi аталған жинақта жарияланбаған болса, бұл актiнiң күнi, нөмiрi және атауы ғана көрсетiледi.

      55. Үштен асатын Үкiметтiң қаулыларын немесе Премьер-Министрдiң өкiмдерiн өзгерту немесе толықтыру кезiнде жеке қосымшамен ресiмделетiн тiзбелер жасалады.

      56. Егер Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң сол немесе өзге де актiлерiнiң бiр тармақтарының (тармақшаларының) күшi жойылған деп танылуы тиiс болса, ал осы актiнiң басқа бөлiктерiнiң жаңа редакцияда жазылуы қажет болса, онда мұндай актi өзгерiстердiң тiзбесiне кiргiзiледi.

      57. Егер қаулыда немесе өкiмде қосымшаға сiлтеме болса, онда қаулыға және/немесе өкiмге бiр қосымша болған жағдайларды қоспағанда, жақшаның iшiнде аталған қосымшаның нөмiрi көрсетiледi.

      58. Қолданылып жүрген актiге құрылымдық қосымша бөлiктер енгiзiлген кезде олар өздерi жалғасатын актiнiң бұрынғы құрылымдық нөмiрлерiн қайталайтын қосымша нөмiрлермен кiргiзiледi: 2-1-тармақ, 8-1-тармақша, 9-1-параграф, 25-1-бөлiм және одан әрi.
      Құрылымдық бөлiкке енгiзiлген мәтiнiнен кейiн жақшаның iшiнде актiге кiргiзiлгендiгi туралы сiлтеме енгiзiледi. Қалған бөлiктердiң нөмiрленуi сақталады.

      59. "Баспасөзде жарияланбайды", "баспасөзге арналмаған" деген белгiлерi бар актiлер тiзбеге олардың тақырыбы көрсетiлместен кiргiзiледi.

      60. Өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлетiн актiлердiң тiзбесiндегi барлық актiлер күшi жойылған деп танылған актiлердiң тiзбесiндегi сияқты олардың шыққан (қабылданған) күнi бойынша хронологиялық тәртiппен орналасады.
      Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң актiсi сол күнiнiң шегiнде олардың нөмiрлерiне немесе ПҮАЖ-дағы құжаттардың нөмiрiне сәйкес көрсетiледi.

3. Күшi жойылған деп тану туралы Үкiметтiң актiлерi мен Премьер-Министр өкiмдерiнiң жобаларын ресiмдеудiң тәртiбi

      61. Үкiметтiң нормативтiк сипаты бар актiсiн қолданылып жүргеннiң(дердiң) орнына қабылдау кезiнде соңғысы(лары) осы актiмен күшi жойылуға (толықтай немесе iшiнара) қойылуы тиiс.
      Осыған ұқсас жағдайларда дербес сипаты бар қолданылып жүрген актiлерге қатысты шешiм бұл актi қағидаларының құқықтық салмағына қарай әрбiр нақты жағдайда жеке қабылданады.

      62. Үкiметтiң қолданылып жүрген актiсiнiң немесе Премьер-Министр өкiмiнiң құрылымдық бөлiктерiнiң күшi жойылған деп тану кезiнде мұндай бөлiктер қолданылып жүрген актiден алынып тасталады, бiрақ олардың нөмiрлерi сақталады.
      Сақталған нөмiрге актiнiң (немесе оның бөлiктерiнiң) күшi жойылған деп тану туралы актiге сiлтеме қосылады. Сақталған құрылымдық бөлiктердiң нөмiрленуi өзгермейдi.

      63. Егер, күшi жойылуға бiрнеше (3 және одан көп) бұрын қабылданған актiлер қойылған жағдайда жеке қосымшамен (тiзбемен) ресiмделетiн тiзбе жасалады.
      Тiзбе заңдық тұрғыдан негiзделген және де жеткiлiктi мөлшерде толық болуы қажет.
      Тiзбелерге жаңа актiмен қамтылған актiлер де кiргiзiледi.

      64. Егер Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң актiсi маңызын (заңдық күшiн) толық жоғалтпаса, ол күшi жойылған деп тануға арналған тiзбеге жаңадан қабылданатын актiге қайшы келетiн немесе соңғысында қамтылған бөлiгiнде ғана кiргiзiледi.
      Егер көлемi бойынша үлкен Үкiметтiң қаулысы немесе Премьер-Министрдiң өкiмi тармақтарының айтарлықтай бөлiгi күшi жойылған деп тануға жататын болса, онда тiзбеге өзiнiң күшiн сақтайтын тармақтар айтылуы арқылы бүкiл актi кiргiзiледi.

      65. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң басқа да шешiмдердiң нормаларын қайталайтын және жаңалығы жоқ актiлер де күшi жойылған деп тануға жатады.

      66. Күшi жойылуға ресми жарияланған да, жарияланбаған да нормативтiк құқықтық актiлер қойылады.

      67. Негiзгi актiлер де, оның мәтiнiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлген актiлер (немесе олардың бөлiктерi) де күшi жойылған деп тануға жатады.
      Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң толық күшi жойылған деп тануға жататын қандай да бiр актiсiнiң (тармағының, тармақшасының, азатжолының) редакциясы бiрнеше мәрте өзгерген жағдайда тiзбеге ол туралы барлық актiлер, оның iшiнде редакциясын өзгерткен аралық актiлер дербес тармақтар түрiнде кiргізiледi.

      68. Тiзбеге дербес тармақтар түрiнде Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң жаңа шешiмге қайшы келетiн немесе онда қамтылған оның қолданылу аясын, сондай-ақ уақыт бойынша және адамдардың шеңберi бойынша оның жекелеген құрылымдық бөлiктерiнiң қолданылу аясын кейiннен кеңейту туралы барлық актiлерi кiргiзiледi.

      69. Тiзбеге жаңа актi шығарылған сәтке дейiн қолданылған актiлермен бiрге бұрын, жаңа актi қабылданғанға дейiн iс жүзiнде маңызын жойған, бiрақ күшi жойылған деп танылмаған сол мәселе жөнiндегi актiлер де кiргiзiледi (тиiсiнше күшi жойылған деп тануға жатады).
      Күшi жойылған деп танылған актiлердiң тiзбесiне, сондай-ақ бұрын жалпы нысанда (яғни аттары аталмастан) күшi жойылған деп танылған аталған мәселе бойынша актiлер де кiргiзiледi.

      70. Үкiметтiң немесе Премьер-Министрдiң қолданылу мерзiмi бiткен уақытша сипаттағы актiлерi мен актiлерiнiң құрылымдық бөлiктерi күшi жойылған деп тануға жатпайды.

      71. Актiлерде қолданылу мерзiмi бiткен уақытша сипаттағы нормалармен қатар тұрақты қолданылатын нормалар болған және бұл нормалардың барлығы күшi жойылған деп тануға жататын жағдайларда тiзбеге бүкiл актi тұтас кiргiзiледi.

      72. Егер Үкiмет немесе Премьер-Министр актiсiнiң тармағы күшi жойылған деп тануға жататын қосымшаға сiлтеменi қамтитын болса, онда аталған тармақ қана тiзбеге кiргiзiледi (күшi жойылуға қойылады), ал қосымша жеке айтылмайды.
      Егер актiнiң тармағында қосымшаны бекiтумен қатар маңызын сақтаған басқа мәселелерге қатысты норма болған, ал қосымша толықтай күшi жойылған деп тануға жататын жағдайда, онда тiзбеге аталған тармақ қосымшаға қатысты бөлiгiнде кiргiзiледi, ал қосымша жеке айтылмайды.

      73. Егер сол немесе өзге де актi (оның құрылымдық бөлiгi) тiзбеге толық кiре алмайтын болса, жағдайға қарай жекелеген сөйлемдердi, сөздердi, жолдарды және басқаларын алып тастаумен, толықтырумен немесе ауыстырумен шектеле отырып оның жаңа редакциясын қарастыру қажет.

      74. Егер жекелеген тармақтар толықтай, ал басқалары тек белгiлi бiр бөлiктерiнде ғана күшi жойылған деп танылуға жатса, онда әуелi күшi жойылған деп тануға толықтай жататын тармақтар көрсетiледi.

4. Үкiметтiң қаулылары мен Премьер-Министр өкiмдерiне қосымшаларды ресiмдеудiң тәртiбi

      75. Үкiметтiң қаулысы мен Премьер-Министр өкiмiнiң құрылымына қосымшалар кiруi мүмкiн.

      76. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң шешiмiне графиктердi, кестелердi, сызбаларды, карталарды, тiзбелердi және басқаларын кiргiзу қажет болған жағдайда, соңғылары жеке қосымшамен ресiмделедi.

      77. Туынды нормативтiк құқықтық актiнiң не қосымшаның бiрiншi парағының оң жақ жоғары бұрышында сол арқылы ол қабылданған, негiзгi нормативтiк құқықтық актiнiң қабылданған күнi, нөмiрi және атауы көрсетiлуi қажет.
      Егер қаулыға бiрнеше қосымша болған жағдайда, әрбiр қосымшаның оң жақтағы жоғары бұрышында оның тiзiлiмде тiркелген реттiк нөмiрi, сондай-ақ тиiстi актiнiң қабылданған күнi, нөмiрi және атауы көрсетiледi.
      Егер Үкiметтiң қаулысының немесе Премьер-Министрдiң өкiмiнiң мәтiнiнде:
      1, 2, ...қосымшаға сәйкес, не (1, 2 ... қосымша) деген сiлтеме келтiрiлсе, онда қосымшаның оң жақ жоғары бұрышына:

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
(Премьер-Министрiнiң)  
1998 жылғы " " ________   
N ____ қаулысына     
(өкiмiне)        
1, 2 ... қосымша     

      деп жазылады.

      ... Ереже, ... Нұсқаулық (қоса берiлiп отырған) бекiтiлсе, онда қосымшаның оң жақ жоғары бұрышына:

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
(Премьер-Министрiнiң)    
1998 жылғы " " ________   
N ____ қаулысымен    
(өкiмiмен)    
бекiтiл(дi)ген    

      деп жазылады.
      Егер жеке қосымшамен ресiмделетiн Ережеге, Нұсқаулыққа, Тәртiпке және өзге де туынды актiлерге қосымша болса, онда соңғысының оң жақ жоғары бұрышында:

1, 2 қосымша     

      деп көрсетiледi.

      78. Қосымшаның тақырыбы ол қабылданған негiзгi актiнiң мәтiнiне мiндеттi түрде сәйкес келуi тиiс.

      79. Үкiмет пен Премьер-Министрдiң "құпия", "өте құпия", "аса маңызды" деген белгiлерi бар актiлерiн ресiмдеуге қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.