Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1997 жылғы 28 тамыз N 1298

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының авариялардан, апаттардан және табиғи зiлзалалардан пайда болатын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi жетiлдiру, осы салада бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң Қазақстан Республикасының мүдделi орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiлген Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн құру туралы ұсынысы қабылдансын.
      2. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiне жалпы басшылық жасау Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органына жүктелсiн. <*>
      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      3. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдары мен ұйымдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi негiзгi функциялары қосымшаға сәйкес айқындалсын.
      4. "Төтенше жағдайларды болдырмау және олар кезiндегi iс-әрекеттер жөнiндегi республикалық жүйе құру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 25 маусымдағы N 395 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.

     Қазақстан Республикасы
     Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы       
Үкiметiнiң             
1997 жылғы 28 тамыздағы       
N 1298 қаулысымен         
БЕКIТIЛГЕН              

    Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк
                           жүйесi туралы
                               ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Мәтiндегi "Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегі мемлекеттiк комитетi", "Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитеттің", "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң",  "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегі мемлекеттiк комитеттің" деген сөздер тиiсiнше "төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы орган", "төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның" деген сөздермен ауыстырылды - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .

      1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң негiзгi мiндеттерiн, жұмыс iстеуiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбiн белгiлейдi.
      2. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi (ТЖМЖ) бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлардың (ТЖ)<*> алдын алуға, ал олар пайда болған жағдайда - зардаптарын жоюға (адамдардың өмiрi мен денсаулығына төнетiн тiкелей қауiп-қатердi жою жөнiндегi құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу, халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн қалпына келтiру айтылып отыр. Төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен объектiлер мен аумақтарды қалпына келтiру ТЖМЖ-ның құзыретiне кiрмейдi) халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, қоршаған табиғи ортаны қорғауға және халық шаруашылығына келтiретiн зиянын азайтуға арналған.

      <*> Әлеуметтiк-саяси, ұлтаралық қақтығыстар мен жаппай
        тәртiпсiздiктердiң алдын-алу және олардың зардаптарын жою
        жүйенiң құзыретiне кiрмейдi.

      3. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң негiзгi мiндеттерi:
      бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлар туа қалған жағдайда олардың алдын алу, адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық және мәдени құндылықтарды, қоршаған табиғи ортаны қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзу;
      халықты, аумақтарды қорғауды, техникалық және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi ұйымдастыру, экономикалық және құқықтық шаралар жүйесiн қалыптастыру; <*>
      төтенше жағдайларға ден қою, олардың зардаптарын жою, олардың туындау себептерiн тексеру тәртiбiн айқындау; <*>
      мониторинг пен халықты хабардар етудi ұйымдастыру; <*>
      авариялар, апаттар, табиғи және экологиялық зiлзалалар, жұқпалы аурулар, эпизоотиялар, эпифитотиялар пайда болған кезде төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамды және оның тiршiлiк ету ортасын қорғауға, шаруашылық жүргiзу және әлеуметтiк сала объектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн арттыруға бағытталған мемлекеттiк мақсатты және ғылыми-техникалық бағдарламалар әзiрлеудi және оларды орындауды ұйымдастыру;
      Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басқару органдары мен пункттерiнiң, байланыс және хабар беру жүйелерiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға күштерi мен құралдарының жоғары әзiрлiгiн қамтамасыз ету, оларды жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу;
      төтенше жағдайлардың әлеуметтiк-экономикалық зардаптарын болжау және бағалау; зардап шеккен халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
      халықты төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға үйрету және даярлау, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң маман кадрларын әзiрлеу және олардың бiлiктiлiгiн арттыру;
      төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою, авариялардың, апаттар мен табиғи зiлзалалардың зардаптарын жою iсiнде шет мемлекеттерге көмек көрсету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      4. ТЖМЖ құрамына:
      аумақтық органдарымен және ведомстволық бағынысты ұйымдарымен қоса Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органы;
      өздерiнiң құзыретiне кiретiн мәселелер бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюды қамтамасыз ететiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың басқару органдары, ұйымдары; <*>
      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      5. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың iс-қимылын үйлестiру үшiн төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi мынадай комиссиялар құрылады:
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссия;
      облыстардың, қалалар мен аудандардың төтенше жағдайлар жөнiндегi аумақтық комиссиялары;
      Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының төтенше жағдайлар жөнiндегi комиссиялары (бұдан әрi - төтенше жағдайлар жөнiндегi салалық комиссиялар);
      Мұнайдың төгiлуiне ден қою жөнiндегi ұлттық комиссия;
      көлiктегi қауiпсiздiк пен терроризмге қарсы iс-қимылды қамтамасыз ету жөнiндегi үйлестiру кеңесi;
      көлiктегi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi облыстық (қалалық) комиссиялар;
      республикалық және аумақтық эвакуациялық комиссиялар;
      орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың эвакуациялық және эвакуациялық қабылдау комиссиялары;
      Азаматтық қорғаныс бастықтарының шешiмi бойынша құрылатын, меншiк нысандарына қарамастан, ұйымдардың (бұдан әрi - ұйымдар) төтенше жағдайлар жөнiндегi комиссиялары, эвакуациялық және эвакуациялық қабылдау комиссиялары;
      ТЖМЖ аумақтық, функционалдық және салалық (объектiлiк) кіші жүйелердi қамтиды <*> және олардың екi деңгейi бар: жергiлiктi және республикалық (мемлекеттiк).
      Сiлтеме <*>. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар мен ұйымдардағы қолда бар, сондай-ақ құрылатын ТЖ алдын алу және жою жөнiндегi құрылымдар, күштер мен құралдар. <*>
      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      6. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық кiшi жүйелерi қабылданған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiске сәйкес келедi.
      Әрбiр аумақтық кiшi жүйе ведомстволық бағыныстағы аумақта төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға арналған және әдетте төтенше жағдайлар жөнiндегi комиссияны (облыстың, аудандық, қалалық, поселкалық, объектiлiк) немесе оның функциясын орындайтын басқа органдары, төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның аумақтық органдарын (төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық, қалалық басқарманы, аудандық бөлiмдi), күнделiктi басқару органын (кезекшi қызметтi) немесе 051 құтқару қызметiн, осы аумақтағы функциялық және ведомстволық кiшi жүйелердiң күштерi мен құралдарын, оның iшiнде қаржы, азық-түлiк, медициналық және материалдық-техникалық ресурстарды, байланыс, хабар беру, ақпаратпен қамтамасыз ету жүйелерiн, сондай-ақ арнаулы оқу орындарын қамтиды. <*>
      Аумақтық кiшi жүйелердiң нақты құрылымын жергiлiктi атқарушы органдар айқындайды.
      Аумақтық кiшi жүйелердiң мiндеттерi, жұмыс iстеуiн ұйымдастыру және оның тәртiбi, мемлекеттiк органдардың объектiлiк және жергіліктi төтенше жағдайлар кезiндегi өзара iс-қимыл жасау тәртiбi Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органымен келiсiм бойынша жергiлiктi атқарушы органдар бекiтетiн ережелермен айқындалады. <*>
      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      7. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң функциялық кiшi жүйелерi Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының және ұйымдарының: қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн қадағалау және қауiптiлiгi ықтимал объектiлердегi жағдайға бақылау жасау; төтенше жағдайлардың алдын алу; адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау; төтенше резервтiк қорларды пайдалану; төтенше жағдайларды жою жөнiндегi тiкелей мiндеттердi шешетiн басқару органдарынан, күштерi мен құралдарынан тұрады.
      Бұл ретте жекелеген функциялық кiшi жүйелердiң құрамына осындай мiндеттердi немесе бiрiн-бiрi толықтыратын мiндеттердi шешетiн бiрнеше орталық атқарушы органдардың, ұйымдардың басқару органдары, күштерi мен құралдары кiруi мүмкiн.
      Функционалдық кiшi жүйелердiң негiзгi мiндеттерi, қызметiн ұйымдастыру және оның тәртiбi Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органы бекiтетiн азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық қызметтерi туралы ережелермен айқындалады. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар республикалық қызметтерiнiң тiзбесi Қазақстан Республикасы Үкiметінің шешiмiмен айқындалады. <*>
      Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      8. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң салалық (объектiлiк) кiшi жүйелерi Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарында, ұйымдарында, құрылады және тiкелей олар басқаратын объектiлерде төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға арналған.
      Салалық (объектiлiк) кiшi жүйелердiң нақты құрылымын, олардың мiндеттерiн, қаржыландыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының тиiстi орталық атқарушы органдары, ұйымдары, айқындайды және олар осы кiшi жүйелер туралы ережелермен бекiтiледi.
      Бұл ретте әрбiр салалық (объектiлiк) кiшi жүйеге, оның буындарына әдетте басшы органдар, күнделiктi басқару органдары (кезекшi-диспетчерлiк қызмет), қауiптiлiгi ықтимал объектiлердегi жағдайға бақылау жасайтын және табиғи ортаның жай-күйiн қадағалап отыратын күштер мен құралдар, төтенше жағдайларды жою жөнiндегi күштер мен құралдар кiредi. Осы саладағы ұйымдардың, органдар мен қызметтердiң iс-қимылдарын жүзеге асыруды нұсқауларын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi шешiмдер қабылдаған кезде саланың басшы органдары ескерiп отыратын Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының төтенше жағдайлар жөнiндегi комиссиялары (бұдан әрi - төтенше жағдайлар жөнiндегi салалық комиссиялар) үйлестiрiп отырады. <*>
      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      9. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiндегi Республикалық (мемлекеттiк) деңгейге төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы орган, оның аумақтық органдары мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары, сондай-ақ басқа да орталық атқарушы органдар, орталық кезекшi-диспетчерлiк пункттер, төтенше жағдайларды байқау, бақылау және жою күштерi мен құралдары, басқару мен байланыстың жұмылдыру пункттерi жатады. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi шеңберiнде олардың iс-қимылын үйлестiрудiң шешiмi нұсқаулық сипатта болатын. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссия жүзеге асырады.
      10. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiндегi жергiлiктi деңгейге жергiлiктi атқарушы органдар төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның аумақтық органдары (төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық, қалалық басқармалар мен аудандық бөлiмдер), мекемелердiң кезекшi-диспетчерлiк қызметтерi, осы аумақтағы төтенше жағдайларды байқайтын, бақылайтын және жоятын күштер мен құралдар жатады. Олардың қызметiн үйлестiрудi шешiмдерi нұсқаулық сипатта болатын төтенше жағдайлар жөнiндегi тиiстi аумақтық комиссиялар жүзеге асырады. <*>
      Ескерту. 10-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      11. Барлық деңгейлердегi төтенше жағдайлар кезiнде адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық және мәдени құндылықтарды, қоршаған табиғи ортаны қорғау жөнiндегi мiндеттердi шешуге қоғамдық ұйымдар (кәсiптiк одақтар, құтқару құрылымдары ассоциациялары, ерiктi қоғамдар және басқа қоғамдық құрылымдар) ерiктi негiзде Қазақстан Республикасының заңдарына және өздерiнiң жарғыларына сәйкес қатыса алады. Олар бұл мiндеттердi өз мүшелерiнiң және халықтың басқа топтарының арасында қажеттi түсiндiру жұмыстарын жүргiзу жолымен, сондай-ақ түрлi зiлзалалардың алдын алуға және олардың келеңсiз зардаптарын азайтуға (мемлекеттiк аттестация бекiткен арнайы әзiрлiгi болған жағдайда), авариялық-құтқару жұмыстарын жүзеге асыруға және зiлзала болған аудандарда зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөнiндегi қажеттi шараларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттiк ұзақ мерзiмдi мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруға тiкелей қатысу жолымен шешедi.
      12. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiне басшылықты:
      республикалық (мемлекеттiк) деңгейде:
      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi;
      төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы орган (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн құру, жұмыс iстеуi және одан әрi дамуы, сондай-ақ Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн жедел басқару);
      Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң функциялық және салалық кiшi жүйелерiне басшылық жасау);
      жергiлiктi деңгейде:
      төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органның аумақтық органдары ТЖМЖ аумақтық кiшi жүйелерiн басқару кезiнде жұмыс аппараты болып табылатын жергiлiктi атқарушы органдар, жергiлiктi атқарушы органдардағы Азаматтық қорғаныс жөнiндегі бөлiмдер (қызметкерлер), ұйымдар басшылары (ТЖМЖ объектілік кішi жүйелерiнің басшылары). <*>
      кәсiпорындар мен ұйымдардың басшылары (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң объектiлiк кiшi жүйелерiн басқару) жүзеге асырады.
      Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басшы органдары шешiмдер қабылдаған кезде төтенше жағдайлар жөнiндегi тиiстi ведомствоаралық, аумақтық және салалық комиссиялардың ұсыныстарын ескередi.
      Төтенше жағдайлар жөнiндегi ведомствоаралық комиссиялардың құрылымы мен құрамын, сондай-ақ олардың жұмыс iстеуi туралы ереженi төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
      Төтенше жағдайлар жөнiндегi салалық және аумақтық комиссиялардың құрылымы мен құрамын, сондай-ақ олар туралы ереженi Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары айқындайды.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттік комиссияны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бiрiншi орынбасары, төтенше жағдайлар жөнiндегi аумақтық және салалық комиссияларды - облыстар, қалалар, аудандар әкiмдерінің орынбасарлары, тиiстi орталық атқарушы органдар басшыларының орынбасарлары басқарады. <*>
      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      13. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң күнделiктi басқару органдары Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң кiшi жүйелерi мен буындарының жұмыс iстеуiне басшылық пен бақылауды жүзеге асырады.
      Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң күнделiктi басқару органдарын орналастыру тиiстi байланыс және хабар беру құралдарымен жарақтандырылатын және пайдалануға үнемi әзiр, даярлықта ұсталатын қалалық және қала сыртындағы басқару пункттерiнде жүзеге асырылады.
      Ескерту. 13-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      14. Байқау және бақылау күштерi мен құралдары:
      Төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органның кезекшi қызметтерiнен;
      орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың кезекшi қызметтерiнен;
      қауіптiлiгi ықтимал объектiлердiң кезекші диспетчерлiк қызметтерiнен;
      апаттар медицинасы орталықтарының диспетчерлiк қызметтерiнен;
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызметтiң бөлiмшелерiнен;
      Төтенше жағдайларды мемлекеттiк қадағалау, техникалық және тау-кен қадағалау органдарынан;
      радиациялық және ядролық қауiпсiздiкке мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардан;
      теңiзде және ішкi су айдындарында мұнай операцияларының қауiпсiз жүргiзiлуiне мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыратын органдардан;
      көлiктiң қауіпсiз пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыратын органдардан;
      сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын органдардан;
      Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарынан;
      ветеринария, фитосанитария, жануарлар мен өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардан;
      қоршаған орта мен табиғи ресурстардың, оның ішінде гидрометеорология және табиғи ортаның ластануы бойынша мониторинг қызметтерiнен;
      қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын органдардан;
      сейсмологиялық байқау және жер сiлкінісiн болжау республикалық жүйесiнің қызметтерiнен;
      селдердiң, тау көшкiндерінің және қар көшкiндерінің мониторингi қызметтерiнен;
      орман және дала өрттерінің мониторингi қызметтерiнен тұрады.
      ТЖ жою күштерi мен құралдары:
      азаматтық қорғаныс бөлiмдерiнен;
      республикалық және аймақтық аэромобильдi жедел-құтқару жасақтарынан;
      Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет бөлiмшелерiнен;
      суда құтқару қызметiнің құралымдарынан;
      сүңгуір авариялық-құтқару жасақтарынан;
      авариялық-құтқару және авариялық-қалпына келтiру құралымдарынан, оның ішінде штаттық тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтанға қарсы және басқа да мамандандырылған қызметтерден;
      051 құтқару қызметтерiнен;
      ормандарды авиациялық күзету және қорғау қызметiн қоса алғанда, ормандарда өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қызметтерiнен;
      азаматтық қорғаныстың аумақтық және объектiлiк құралымдарынан;
      сел, су тасқыны және қар көшкіні қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтерден;
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң үнемi әзiрлiкте тұратын радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану, инженерлiк әскерлерi және басқа да әскер түрлерi әскери бөлiмдерiнен;
      бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнен тұрады.<*>
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      15. Төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органның, Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет бөлiмшелерінің, суда құтқару қызметінің, 051 құтқару қызметтерінің, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің үнемi әзірлікте тұратын радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану, инженерлiк әскерлерi және басқа да әскер түрлерi әскери бөлiмдерiнiң күштерi базасында, әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтан атқылауынан құтқару және басқа мамандандырылған бөлiмшелерiнiң, шұғыл медициналық қызмет құралымдарының, құрылыс және монтаждау ұйымдарының және республиканың түрлi ұйымдары және басқа да осындай кәсiби қызметтерiнiң базасында, олармен келiсе отырып, төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы орган, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң түрлi деңгейлердегi басшы органдары өз мүмкiндiктерiнiң шегiнде елiмiздiң түрлi аймақтарында төтенше жағдайларда жедел тойтару және жою жөнiндегi жұмыстар жүргiзу үшiн және шетелдерге көмек көрсету үшiн тарта алатын үнемi әзiрлiкте болатын авариялық-құтқару және авариялық-қалпына келтiру бөлiмшелерi (күштерi) құрылады.
      Республикалық және жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылмайтын, үнемi әзiрлiкте тұратын күштердi Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басшы органдарының шешiмiмен құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын орындауға тартуға болады. <*>
      Ескерту. 15-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен
      16. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң жұмысын ақпараттық жағынан қамтамасыз етудi автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесi (ТЖ ААБЖ) жүзеге асырады.
      Төтенше жағдайлар туындаған кезде жағдай туралы ақпаратты:
      қалалар, аудандар, қалалардағы аудандар, кенттер, ауылдар (селолар), ауылдық (селолық) округтер әкімдерінің аппараттары, сондай-ақ ұйымдар - дереу Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органының аумақтық органдарына;
      ұйымдар - өздерінің өкiлеттігіне сәйкес дереу орталық атқарушы органға;
      Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегi орталық атқарушы органының аумақтық органдары - дереу "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегі агенттiгінің республикалық дағдарыс орталығы" мемлекеттiк мекемесiне бередi.
      Жаhандық және аймақтық төтенше жағдайлар туындаған жағдайда олар туралы ақпаратты:
      Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органының аумақтық органдары - Қазақстан Республикасының шекаралас әкiмшілік-аумақтық бiрлiктерiнiң әкiмдерiне;
      орталық атқарушы органдар - ведомстволық бағынысты ұйымдардағы төтенше жағдайлар туралы "Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгінің республикалық дағдарыс орталығы" мемлекеттік мекемесiне;
      Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органы - өздерiнiң өкiлеттiктерiне сәйкес дереу Қазақстан Республикасының Үкiметiне, орталық атқарушы органдарға бередi. <*>
      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      17. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң қызметiне бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және iс-қимыл жасау жөнiндегi шараларды жоспарлау, әзiрлеу және жүзеге асыру кiредi.
      Жағдайға қарай жүйенiң жұмыс iстеуiнiң үш тәртiбi: күнделiктi қызмет тәртiбi, аса жоғары әзiрлiк тәртiбi, төтенше тәртiбi болады.
      Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң, оның кiшi жүйелерi мен буындарының жұмыс iстеуiнiң қандай да бiр режимiн енгiзу туралы шешiмде төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы орган, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң түрлi деңгейдегi басшы органдары Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң аумақтық органдарының (нақты жағдайды ескере отырып төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық, қалалық басқармалары, аудандық бөлiмдерi) келiсiмiмен қабылдайды.
      Жағдайға қарай Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң кiшi жүйелерi мен буындары бiр мезгiлде түрлi режимдерде жұмыс iстей алады.
      18. Әдетте, төтенше жағдайларды жоюға тiкелей басшылықты:
      объектілік төтенше жағдайлар кезiнде қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органы аумақтық органдарының, ТЖМЖ аумақтық кiшi жүйелерi басшы органдарының қатысуымен ұйымдардың басшылары;
      жергiлiктi төтенше жағдайлар кезінде жергiлiктi атқарушы органдар, авариялардың, апаттардың, дүлей зiлзалалардың таралу шекараларына қарай Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органының аумақтық органдары;
      аймақтық және жаhандық төтенше жағдайлар кезiнде Қазақстан Республикасы Үкiметінің тапсыруымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссия тарапынан iс-қимылдар үйлестiрiле отырып Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органы жүзеге асырады.
      Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, ұйымдардың бiрiншi басшылары ТЖМЖ басшы органдарының нұсқауларын орындамағаны немесе уақтылы орындамағаны үшін жауаптылықта болады. <*>
      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      19. Төтенше жағдайларды жоюды Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық немесе төтенше жағдайлар пайда болған аумақтар мен объектiлердiң ведомстволық кiшi жүйелерiнiң күштерi мен құралдары жүзеге асырады.
      Егер төтенше жағдайлардың көлемi Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық және салалық кiшi жүйелерiнiң басшы органдары, төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы орган аумақтық органдары оны тоқтата және жоя алмайтындай болса, онда Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң ұсынысымен, сондай-ақ орталық және жергiлiктi органдардың өтiнiштерi және төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның олар жөнiндегi тиiстi қорытындысы бойынша тиiстi көмек көрсету туралы шешiм қабылдайды.
      Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрамалары мен бөлiмдерi, басқа да әскерлерi және әскери құралымдары Қазақстан Республикасы Президентiнiң нұсқауы бойынша оларды қатыстыру алдын ала бекiтiлген өзара iс-қимыл жоспарларында көзделген жағдайлардан басқа да төтенше жағдайларды жоюға тартылуы мүмкiн. <*>
      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      20. Төтенше жағдайлар кезiнде халықтың, қоршаған табиғи ортаның қауiпсiздiгi мен қорғалуы және шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша мемлекеттiк мақсатты бағдарламаларды орындауды төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың тұрақсыздандыру ықпалын азайту жөнiндегi қаржы, несие-инвестиция саясатын үйлестiру мақсатында, сондай-ақ авариялардың, апаттардың, табиғи және басқа да зiлзалалардың зардаптарын жоюға даярлық мақсатында тиiстi басшы органдар жүзеге асырады.
      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен
      21. Халықты төтенше жағдайлар кезiнде қорғау тәсiлдерiне үйретудi Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары, төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның аумақтық органдары жұмыс iстейтiн, оқитын және тұрғылықты жерлердегi сабақтарда, жаттығуларда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және арнайы оқу-жаттығулар кезiнде, сондай-ақ дербес жүзеге асырады.
      Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң, оның кiшi жүйелерi мен буындарының басқару органдарының мамандарын әзiрлеу төтенше жағдайлар жөнiндегі орталық атқарушы органның Республикалық даярлау және оқыту орталығында, облыстық (қалалық) халықты даярлау және оқыту орталықтарында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк өрт сөндiру қызметiнiң оқу-материалдық базасында жүзеге асырылады.
      Ескерту. 21-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .
      22. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн ұйымдастыруды жетiлдiру, жүйенiң басқару органдарының, күштерi мен құралдарының даярлығы мен даярлық деңгейiн тексеру мақсатында жыл сайын оның кiшi жүйелерi мен буындарында оқу-жаттығу мен жаттығулар жоспарланады және өткiзiледi. Оқу-жаттығу мен жаттығулардың сипаты, олардың мерзiмi, көлемi мен өткiзу жоспарлары белгiленген тәртiппен жасалады және бекiтiледi.

Қазақстан Республикасы       
Үкiметiнiң             
1997 жылғы 28 тамыздағы       
N 1298 қаулысына          
қосымша               

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2003.12.31. N 1387 қаулысымен .

Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдарының Төтенше
   жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi функциялары

      1. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi.
      Төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың қоғамдық тәртiптi қорғау республикалық қызметінің тұрақты дайындығын қамтамасыз ету.
      Iшкi iстер органдары қызметкерлерi мен iшкi әскерлер әскери қызметшiлерiн төтенше жағдайлар саласында даярлықтан өткiзу мен оқып-үйренуiн ұйымдастыру.
      Төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртіпті сақтау (ұстау) және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес, өз құзыретi шегiнде материалдық және мәдени құндылықтарды, мемлекеттiк және өзге де объектiлер мен коммуникацияларды, меншiктiң барлық түрiн, азаматтардың жеке мүлкiн қорғау. Төтенше жағдайлар аудандарын, зақымдау ошақтарын оқшаулау (қоршау). Төтенше жағдайлар кезiнде өзге де мемлекеттiк органдармен бiрлесiп карантиндік, санитарлық, табиғатты қорғау (экологиялық) және эвакуациялық іс-шаралардың жүргiзiлуiне қатысу.
      Жол қозғалысы қауiпсiздiгiнiң қамтамасыз етiлуiн мемлекеттiк қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру. Өз құзыреті шегiнде iзгілік және өзге де жүктердi төтенше жағдайлар аймақтарына (аудандарына) жеткiзу кезiнде бiрге жүру және олардың сақталуын қамтамасыз ету.
      Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, дүлей зiлзалалар мен апаттарды текcepугe қатысу.
      Өз құзыреті шегінде қару-жарақ пен оқ-дәрiлердiң (жауынгерлiк қару-жарақты қоспағанда), жарылғыш және әсерi күштi улы заттардың, радиоактивтi материалдардың және рұқсат етiлген жүйелер объектiлерiндегi заттардың сақталуын қамтамасыз етуге мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыру.
      Қажет болған жағдайларда iшкi iстер органдарының төтенше жағдайлар аймақтарындағы (аудандарындағы) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге қатысу.
      Өзара iс-қимыл жасау жоспарларына сай немесе Қазақстан Республикасы Президентiнiң нұсқауы бойынша төтенше жағдайларды жою жөнiндегi iс-шараларға iшкi әскерлер құрамалары мен бөлiмдерiнің қатысуын қамтамасыз ету.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттiк жүйесiнiң басшы органдарын, сондай-ақ халықты төтенше жағдайлардың туындау қаупi туралы жедел хабарландыруға қатысу.
      Көлiктегi қауіпсiздiктi және терроризмге қарсы iс-әрекеттi қамтамасыз етуге қатысу.
      Төтенше жағдайлар кезiнде iшкi iстер органдары мен iшкi әскерлердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жоспарлау және жүзеге асыру. Өз құзыретi шегiнде авариялық-құтқару және төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөнiндегi басқа да кезек күттірмейтiн жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу.
      2. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi.
      Төтенше жағдайлардағы iс-қимылдарға азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық медициналық қызметiнiң және апатты медицина құралымдарының тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыру.
      Төтенше жағдайлардағы шұғыл медициналық көмек қызметiнiң құралымдарын (Қазақстан Республикасының Апатты медицина орталығы мен апатты медицинаның аймақтық орталықтарын қоса алғанда), санитарлық-карантиндік пункттердi және далалық госпитальдарды құру және олардың құралымдарының қызметiн қамтамасыз ету.
      Медициналық резервтер құру, олардың уақтылы жаңартылуын және ауыстырылуын ұйымдастыру, мамандандырылған медициналық көмек бригадаларын медициналық мүлiкпен жарақтандыру.
      Дәрi-дәрмектердің және медициналық мақсаттағы құралдардың мемлекеттiк резервiн қалыптастыру.
      Төтенше жағдайларды жоюды медициналық-санитарлық қамтамасыз ету жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру. Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелiнуiне және таралуына жол бермеу, оларды жою жөнiндегi iс-шаралардың орындалуына қатысу. Эпидемиологиялық жағдай жөнiнде басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен ақпарат алмасу.
      Халық арасында санитарлық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзу.
      Қазақстан Республикасының аумағын аса қауiптi және карантиндік аурулардың әкелiнуiнен және таралуынан қорғауды ұйымдастыруға қатысу.
      3. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, авариялар, апаттар және дүлей зiлзалалар кезiнде өзара көмек көрсетуге жәрдемдесу.
      Шет елдердi Қазақстан Республикасында жүргiзіліп жатқан эпидемияға қарсы iс-шаралар туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан табиғи және техногендiк авариялар мен апаттардың трансшекаралық әсер ету қаупi туралы хабардар ету.
      Халықаралық көмек шеңберiнде құтқарушылардың келу, кету рұқсаттарын тездетіп алуына, төтенше жағдайлар аймақтарына iзгілік жүктердiң жеткiзiлуiне жәрдемдесу.
      4. Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесiн жетiлдiру мен дамыту мүддесi үшiн ғылыми зерттеулер жүргiзудi ұйымдастыру.
      Шығаруға және сатып алуға ұсынылатын авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарын әзiрлеуге және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жасауды ұйымдастыруға қатысу.
      Қазақстан Республикасының аумағында сейсмикалық қадағалаулар ұйымдастыру. Жер сiлкiнiсiн, бiрiншi кезекте қысқа мерзiмдiлерiн болжаудың сенiмдi тәсiлдерiн әзiрлеу және енгiзу.
      Сейсмикалық қауiптілік мониторингiн жүргiзу.
      Қоршаған табиғи ортаның жағдайы, ықтимал қауiптi аумақтар мен объектiлер туралы деректер жинау үшiн ғарыштық мониторинг ұйымдастыру әрi жүзеге асыру, авариялық және аварияларды жағдайлар туралы шұғыл хабарлау үшiн оларды төтенше жағдайлар жөнiндегi республикалық автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiне жүйелi түрде беру.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттiк жүйесi үшiн кадрлар даярлауды ұйымдастыру.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою iс-қимылдарына оқушыларды оқытып-үйрету.
      Ведомстволық бағынысты мекемелерде төтенше жағдайлар зардаптарының алдын алу және жою жөніндегi iс-шараларды жүзеге асыру.
      Әскерилендiрiлмеген авариялық-құтқару құралымдарын құру және оларды әзірліктің қажеттi деңгейiнде ұстау.
      5. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi.
      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi бөлімдерi мен бөлiмшелерiнiң (бiрiншi кезекте радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану және инженерлiк әскерлердiң) белгіленген тәртiппен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi iс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету.
      Төтенше жағдайлар жөнiндегi орталық атқарушы органмен бiрлесiп соғыс жағдайы кезеңiнде азаматтық қорғаныс жүйесiнiң жұмыс iстеуiн ұйымдастыру.
      Авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету.
      Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгiне төтенше жағдайлар аудандарын оқшаулау және төтенше жағдайлар аймақтарындағы материалдық және мәдени құндылықтарды қорғауға көмек көрсету.
      Төтенше жағдайлар қаупi төнген және туындаған кезде хабарлау және байланыс жүйесiне қатысу.
      Төтенше жағдайларда байланысты ұйымдастыру үшiн радиожиілік арнасын бөлу.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттiк жүйесi үшiн әскери мамандар даярлау.
      Өнеркәсiптiк төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кезiнде әскери-техникалық құралдармен арнайы көмек көрсету.
      6. Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi.
      Ведомстволық бағынысты, оның iшiнде шекаралас аумақтарда және су ортасында орналасқан объектiлердегi авариялар мен апаттардың алдын алу және жою жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру.
      Республика аумағында ядролық және радиациялық қауiпсiздіктi, оған қадағалауды қамтамасыз ету.
      Ықтимал қауiптi ведомстволық бағынысты объектiлердегi және оған шектес аумақтардағы жағдайды қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру. Халықты хабардар ету.
      Объекттердi өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiктi ескере отырып орналастыру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттiк жүйесiне кiретiн ведомстволық және кәсiптiк авариялық-құтқару бөлiмшелерінің күштерiмен құтқару авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге қатысу.
      Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, ведомстволық бағынысты объектiлердегi шығарылатын өндiрiс өнiмдерінің, жұмыстар мен процестердiң қауіпсiздігі саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру әрi техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеу.
      Энергетика және өнеркәсiп объектiлерiнің, жаңадан пайдалануға берiлген объектiлерде құбыр магистральдары мен желiлердiң сейсмикалық төзiмдiлiгiн қамтамасыз ету. Салалық авариялық-техникалық және авариялық-құтқару қызметтерінің ведомстволық бағынысты объектiлердегi төтенше жағдайлардағы іс-қимылға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      Ведомстволық бағынысты oбъектiлердегi техногендік төтенше жағдайларға ден қою, олардың зардаптарын жою, олардың туындау себептерiн тексеру тәртiбiн айқындау.
      Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық қызметтерінің төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлігін қамтамасыз ету.
      7. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi.
      Ведомстволық бағынысты объектiлерде авариялар мен апаттардың, эпизоотиялар мен эпифитотиялардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру.
      Ауыл шаруашылығы жерлерінің, су кеңiстiгiнiң химиялық қауiптi әрi радиоактивтi заттармен және ауыр металдармен ластануына бақылау жасау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру. Ластанған аумақтарда ауыл шаруашылығы өндiрiсiн ұтымды жүргiзудi қамтамасыз ету.
      Эпизоотологиялық, фитопатологиялық және токсикологиялық бақылау, эпизоотиялар мен эпифитотияларды жою жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру. Карантиндiк iс-шараларды ұйымдастыру.
      Ауыл шаруашылығы өндiрiсi үшiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды бағалау жөнiндегi қажеттi ақпаратты жедел алуды, өңдеудi және берудi қамтамасыз ету.
      Халықтың арасында эпизоотиялар мен эпифитотиялардың таралуының алдын алу жөнінде санитарлық-түсiндiру жұмысын жүргiзу. Ауыл халқын төтенше жағдайлар кезiнде iс-қимыл жасауға оқытып-үйрету.
      Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      Орман қорының аумағында өрттердiң және аурулар мен зиянкестер ошақтарының алдын алу және жою жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру. Орман-патологиялық қадағалау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру, ормандардағы өрт жағдайы мен энтофитопатологиялық жағдайларға баға беру жөнiнде қажеттi ақпарат берiп отыру.
      Халық арасында орман өрттерi туындауының алдын алу жөнiнде алдын ала түсiндiру жұмыстарын жүргiзу. Мамандандырылған командаларды орман өрттерi туындаған жағдайда iс-қимыл жасауға үйрету. Орман қорғау қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға әзірлігін қамтамасыз ету.
      Су тасқынының, су басып қалудың, бөгеттердiң бұзылуының алдын алу және зардаптарын жою жөнiндегi, халықты және экономиканың салаларын төтенше жағдайлар кезiнде сумен қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды ұйымдастыру.
      Су режимiн қадағалау, су ресурстарын пайдалануды реттеп отыру.
      8. Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлiгi.
      Сәулет-құрылыc бақылауын ұйымдастыру.
      Қауiптiлігі жоғары жағдайлардағы аудандарда объектiлердi жобалау, құрылысын салу және пайдалану әдiстерiн, қауiптi табиғи және техногендiк процестердi зерделеу, бағалау және болжау әдiстерi мен құралдарын әзiрлеу, аумақтарды инженерлiк қорғаудың жаңа әдiстерiн әзiрлеу және қолданылып жүргендерiн жетiлдiру. Үйлер мен ғимараттардың сенiмдiлiгi мен сейсмикалық төзiмдiлiгi саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру.
      Қауiптi өндiрiстiк объектiлердi, сондай-ақ қауiптi жағдайларда пайдаланылатын объектiлердi салуды және инженерлiк қорғауды нормативтiк қамтамасыз ету.
      Жобалық құжаттаманы сараптау. Төтенше жағдайларды жою кезiнде құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу кезiнде келген залалдың және материалдық-техникалық ресурстарға қажеттiлiктiң есебiн жүргiзудiң әдiснамасын әзiрлеу.
      Үйлер мен ғимараттар құрылысының сапасына, сондай-ақ сейсмикаға қарсы күшейтiлуiне бақылау жасау.
      Сел және тау көшкiнінің қаупi бар учаскелерде, тектоникалық жарылу аумақтарында, есептi сейсмикалылығы 9 балдан асатын учаскелерде, зақымдалған, химиялық және радиациялық қаупi бар аумақтарда құрылыс салуды реттеу.
      Дүлей зiлзалалар мен техногендiк апаттар кезiнде құрылыс конструкцияларының авариялары, үйлер мен ғимараттардың бүлiнуi және құлауы жөнiндегi дерекқорды жасау.
      Үйлер мен ғимараттарды, оның iшiнде су ортасында орналасқандарын жобалау, құрылысын салу және пайдалану кезiнде қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз ету.
      Ведомстволық бағынысты объектiлерде, оның iшiнде шекарааралық аумақта және су ортасында орналасқандарында авариялар мен апаттардың алдын алу және жою жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру.
      Ықтимал қауiптi ведомстволық бағынысты объектiлердегi және оған шектес аумақтардағы жағдайды қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру. Жұртшылықты хабардар ету.
      Өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiктi ескере отырып, объектiлердi орналастыру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттік жүйесiне кiретiн ведомстволық және кәсіптiк авариялық-құтқару бөлiмшелерінің күштерiмен құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге қатысу.
      Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, ведомстволық бағынысты объектiлерде өндiрiс өнiмдерінің, жұмыстар мен процестердiң қауiпсiздiгi саласында ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және техникалық әрi технологиялық нормаларды қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдер әзiрлеу.
      Республикада авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарын шығаруды ұйымдастыру. Өнеркәсiптегi қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi заң жобалары мен нормативтік кесiмдердi әзiрлеу. Ұйымдар қызметкерлерiн және оларға жақын маңда тұратын халықты осы ұйымдарда авариялар мен апаттар туындай қалған кездегi төтенше жағдайларда iс-қимыл жасау ережесi мен тәртiбiне үйретудi ұйымдастыру.
      Ведомстволық бағынысты объектiлердегi төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға салалық авариялық-техникалық және авариялық-құтқару қызметтерінің тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      9. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi.
      Көлiктегi жолаушылар мен жүктердiң қауiпсiздiгiн және терроризмге қарсы iс-қимылды қамтамасыз етуге бақылау жасау.
      Темiр жол, автомобиль, авиация, өзен және теңiз көлiгiнде авариялар мен апаттардың алдын алу және жою.
      Күрделi, сенiмдi және қауiпсiз жолдарды, жол өткелдерiн, көпiрлердi жобалау мен құрылысын салуды қамтамасыз ету. Төтенше жағдайлар кезiнде инфрақұрылым объектiлерi жұмысының қосарлана атқарылуын қамтамасыз ету.
      Төтенше жағдайлар кезiнде инфрақұрылым oбъектiлерi жұмысының сенiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру және әлемдiк озық тәжiрибенi енгiзу.
      Халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, көлiктегi өндiрiс өнiмдерiнiң, жұмыстар мен процестердiң қауiпсiздiгi саласында техникалық және технологиялық нормаларды қамтитын нормативтiк құқықтық кесiмдердi әзiрлеу.
      Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелiнуi және таралуының алдын алу жөнiндегi iс-шараларға қатысу.
      Төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге қажеттi күштерді, құралдар мен материалдық-техникалық ресурстарды тасымалдауды қамтамасыз ету, эвакуациялық iс-шараларды жүзеге асыру.
      Ведомстволық құралымдар күштерінің төтенше жағдайлар ауданында құтқару жұмыстарын жүргiзуге тактикалық-техникалық мүмкiндiктерi шегiнде қатысу.
      Қалпына келтiру және өрт поездарының iс-қимыл жасауға әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      10. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi.
      Төтенше жағдайларды жою жоспарларына сәйкес Қазақстан Республикасына келетiн шетел қызметкерiнің жұмыс iстеуiне лицензиялау мен рұқсаттар берудiң жеделдетiлген рәсiмiн қамтамасыз ету.
      11. Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлiгi.
      Республикадағы экологиялық жағдайға мемлекеттiк бақылау жасауды қамтамасыз ету, оны жақсарту жөнiндегi шараларды жоспарлау және жүзеге асыру, жобаларға экологиялық сараптау жүргізу және ұйымдарға экологиялық бақылау жасау жолымен техногендiк апаттар мен авариялардың алдын алу, экологиялық апаттардың туындау мүмкiндiгi туралы хабарлап отыру.
      Экологиялық төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарға әдiстемелік басшылық жасау. Авариялар мен апаттардан пайда болатын радиоактивтi және химиялық ластануға жедел бақылау жасау және өлшеулердi жүзеге асыру.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою мемлекеттiк жүйесінің қадағалайтын және бақылайтын тиiстi кiшi жүйелерiн құру және оларға басшылық жасау.
      Қауiптi гидрометеорологиялық құбылыстарды, селдердi, қар көшкiнiн, қоршаған табиғи ортаның ластануының жоғарғы деңгейiн және онымен байланысты төтенше жағдайлардың ауқымын болжау, олардың қаупi туралы уақтылы хабарлау.
      Төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою мемлекеттiк жүйесінің басқару органдарына гидрометеорологиялық ақпаратты және қоршаған табиғи ортаның ластануының деңгейi туралы деректердi беру.
      Қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн және қауiптi метеореологиялық құбылыстар туралы ескерту жүйелерiн бақылайтын тиiстi функционалдық кiшi жүйелердi құру және оларға басшылық жасау. Қауіптi гидрометеорологиялық құбылыстарға ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi болжамдар жасаудың тиiмдi әдiстерiн әзiрлеу жөнiндегi ғылыми зерттеулер.
      12. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi (келiсiм бойынша).
      Орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға төтенше жағдайлардың ықтимал алғы-шарттары, сипаты мен себептерi туралы, шет елдердегi эпидемиологиялық жағдай туралы, қылмыстық топтар мен жекелеген адамдардың қасақана төтенше жағдайлар туғызу жөнiндегi нақты iс-әрекетi туралы ақпараттар беру.
      Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайлар мәселелері бойынша жұмысқа шет мемлекеттердiң көмек көрсетуi кезiнде мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру.
      Қажет болған жағдайда арнайы күштер мен құралдардың төтенше жағдайлардың алдын алу мен жою жөнiндегi iс-шараларға қатысуы.
      Төтенше жағдайлар туындаған кезде үкіметтік байланысты ұйымдастыру.
      Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алу жөнiндегi іс-шараларға қатысу.
      Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес мемлекеттік шекара арқылы авариялық-құтқару құралымдарын, iзгiлiк көмек жүктерiн, босқындарды оңайлатылған жолмен өткiзудi қамтамасыз ету.
      13. Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлiгi.
      Төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы халыққа жедел хабарлауды қамтамасыз ету. Халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы төтенше жағдайлар кезiндегi іс-қимыл жасау ережесi мен тәртiбiне оқытып-үйретуді ұйымдастыру.
      Төтенше жағдайлардан қорғану саласындағы бiлiмдi, тұрмыстағы және өндiрiстегi қауіпсiздік ережелерін насихаттау жөнiнде баспасөзде үнемi жарияланымдар, радио және теледидар бойынша хабарлар ұйымдастыру. Дүлей зiлзалалардың, техногендiк апаттар мен авариялардың алдын алу және оларды жою жөнiнде мемлекет қабылдайтын шаралар туралы халықты хабардар ету.
      Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың республикалық ақпарат қызметiнiң төтенше жағдайларда іс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      14. Қазақстан Республикасының Кедендiк бақылау агенттігі.
      Төтенше жағдайлар кезiнде iзгiлiк көмек жүктерiн, авариялық-құтқару техникасы мен жабдықтарын кедендік ресiмдеудiң басым тәртiбiн қамтамасыз ету.
      Аса қауiптi жұқпалы аурулардың әкелінуі мен таралуының алдын алу жөнiндегi іс-шараларға қатысу.
      Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасында радиациялық бақылау жасау.
      15. Қазақстан Республикасының Ақпараттандыру және байланыс жөнiндегi агенттiгi.
      Ұйымдар мен хабарлау және байланыс қызметтерi құратын азаматтық қорғаныс құралымдарының төтенше жағдайлар аймақтарында құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргізуге қатысуы.
      Басқару органдарын төтенше жағдайларды жою кезiнде байланыспен басым тәртiппен қамтамасыз ету.
      Төтенше жағдайлардың туындау қаупі туралы мемлекеттік басқару органдарының жұмыс iстеп тұрған хабарлау құралдарын техникалық қамтамасыз ету.
      Төтенше жағдайлар кезiнде байланыс арналарының қосарлана жұмыс атқаруын қамтамасыз ету.
      Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың хабарлау және байланыс қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
      16. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк материалдық резервтер жөнiндегi агенттiгi.
      Мемлекеттiк материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен оларды сақтау нормаларын әзiрлеу.
      Мемлекеттік материалдық резервке материалдық құндылықтарды жеткiзiп беруге арналған тапсырыстарды орналастыру.
      Мемлекеттiк материалдық резерв қорларын қалыптастыруды, сақтауды және оларға қызмет көрсетудi жүзеге асыру.
      Қазақстан Республикасы Yкiметінің шешiмдерiмен көзделген алушыларға мемлекеттік материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын қарызға алу, жаңалау және ауыстыру тәртiбiмен шығарылуын жүзеге асыру.