Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының авариялардан, апаттардан және табиғи зiлзалалардан пайда болатын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi қызметiн үйлестiрудi жетiлдiру, осы салада бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
1. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң Қазақстан Республикасының мүдделi орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiлген Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн құру туралы ұсынысы қабылдансын.
2. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiне жалпы басшылық жасау Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне жүктелсiн.
3. Қазақстан Республикасы орталық атқарушы органдары мен
ұйымдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi негiзгi
функциялары қосымшаға сәйкес айқындалсын.
4. "Төтенше жағдайларды болдырмау және олар кезiндегi iс-әрекеттер
жөнiндегi республикалық жүйе құру туралы" Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 25 маусымдағы N 395 қаулысының күшi
жойылған деп танылсын.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1997 жылғы 28 тамыздағы
N 1298 қаулысымен
БЕКIТIЛГЕН
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк
жүйесi туралы
ЕРЕЖЕ
1. Осы Ереже Қазақстан Республикасында төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң негiзгi мiндеттерiн, жұмыс iстеуiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбiн белгiлейдi.
2. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi (ТЖМЖ) бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлардың (ТЖ) алдын алуға, ал олар пайда болған жағдайда - зардаптарын жоюға (адамдардың өмiрi мен денсаулығына төнетiн тiкелей қауiп-қатердi жою жөнiндегi құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзу, халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн қалпына келтiру айтылып отыр. Төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккен объектiлер мен аумақтарды қалпына келтiру ТЖМЖ-ның құзыретiне кiрмейдi) халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге, қоршаған табиғи ортаны қорғауға және халық шаруашылығына келтiретiн зиянын азайтуға арналған.
Әлеуметтiк-саяси, ұлтаралық қақтығыстар мен жаппай
тәртiпсiздiктердiң алдын-алу және олардың зардаптарын жою
жүйенiң құзыретiне кiрмейдi.
3. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң негiзгi мiндеттерi:
бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлар туа қалған жағдайда олардың алдын алу, адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық және мәдени құндылықтарды, қоршаған табиғи ортаны қорғау саласында бiрыңғай мемлекеттiк саясат жүргiзу;
халықты қорғауды, техникалық және экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi экономикалық және құқықтық шаралар жүйесiн қалыптастыру;
авариялар, апаттар, табиғи және экологиялық зiлзалалар, жұқпалы аурулар, эпизоотиялар, эпифитотиялар пайда болған кезде төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамды және оның тiршiлiк ету ортасын қорғауға, шаруашылық жүргiзу және әлеуметтiк сала объектiлерiнiң тұрақты жұмыс iстеуiн арттыруға бағытталған мемлекеттiк мақсатты және ғылыми-техникалық бағдарламалар әзiрлеудi және оларды орындауды ұйымдастыру;
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басқару органдары мен пункттерiнiң, байланыс және хабар беру жүйелерiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға күштерi мен құралдарының жоғары әзiрлiгiн қамтамасыз ету, оларды жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу;
төтенше жағдайлардың әлеуметтiк-экономикалық зардаптарын болжау және бағалау; зардап шеккен халықтың тұрмыс-тiршiлiгiн бiрiншi кезекте қамтамасыз ету;
халықты төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға үйрету және даярлау, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң маман кадрларын әзiрлеу және олардың бiлiктiлiгiн арттыру;
төтенше жағдайлардың алдын-алу және жою, авариялардың, апаттар мен табиғи зiлзалалардың зардаптарын жою iсiнде шет мемлекеттерге көмек көрсету саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады.
4. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң құрамына:
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен оның төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық, қалалық басқармалары мен аудандық бөлiмдерi, азаматтық қорғаныс (АҚ) бөлiмдерi, Республикалық жедел-құтқару отряды, басқа да ведомстволық бағынысты ұйымдары;
Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарымен ұйымдарының басшы органдары, республиканың техногендiк авариялардың, апаттар мен табиғи зiлзалалардың алдын алуға және зардаптарын жоюға арналған күнделiктi басқару органдары (кезекшi диспетчерлiк қызметтерi);
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет департаментiнiң облыстық жедел-құтқару отрядтары, бөлiмдерi мен бөлiмшелерi, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары мен ұйымдарының мамандандырылған құтқару және авариялық-қалпына келтiру құралымдары, оның iшiнде штаттық тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтанға қарсы және басқа да мамандандырылған қызметтерi, қалпына келтiру және өрт сөндiру поездары. Азаматтық қорғаныстың аумақтық және объектiлiк құралымдары, Қарулы Күштердiң өзара iс-қимыл жоспары бойынша тартылған химиялық, инженерлiк және басқа да әскерлерi түрлерiнiң бөлiмдерi, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың шұғыл медицина қызметi, медициналық қызметi, жұқпалы ауруларға қарсы мамандандырылған қызмет, шұғыл мал дәрiгерлiк көмек және өсiмдiктердi қорғау қызметi;
Қазавиаорманқорғау бөлiмшелерiмен бiрге Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң Орман қорғау қызметi;
Қазақстан Республикасының бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметi;
Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары мен ұйымдарының қоршаған табиғи ортаның және қауiптiлiк ықтимал объектiлердiң жай-күйiн байқау және бақылау қызметi, республикалық сейсмиологиялық бақылаулар және жер сiлкiнiсiне болжам жасау жүйесi кiредi.
5. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, кәсiпорындар мен ұйымдардың iс-қимылын үйлестiру үшiн төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi комиссиялар:
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссия;
облыстардың, қалалардың және аудандардың төтенше жағдайлар жөнiндегi аумақтық комиссиялары;
Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының, ұйымдар мен кәсiпорындардың төтенше жағдайлар жөнiндегi комиссиялары;
Республикалық және аумақтық жұқпалы ауруларға қарсы төтенше комиссиялар;
Жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi ведомствоаралық комиссия, оның аумақтық комиссиялары құрылады.
Жоғарыда аталған комиссиялардың шешiмдерi нұсқаулық сипатта болады және оларды Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басшы органдары табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi шараларды жүргiзген кезде ескерiп отырады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiне аумақтық, функциялық және салалық (объектiлiк) кiшi жүйелер кiредi және оның екi: жергiлiктi және республикалық (мемлекеттiк) деңгейi болады.
Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардағы, сондай-ақ
кәсiпорындар мен ұйымдардағы табиғи және техногендi сипаттағы
төтенше жағдайлардың зардаптарының алдын алу және жою жөнiндегi
қолда бар, сондай-ақ құрылатын құрылымдар, күштер мен құралдар.
6. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық кiшi жүйелерi қабылданған әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiске сәйкес келедi.
Әрбiр аумақтық кiшi жүйе ведомстволық бағыныстағы аумақта төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға арналған және әдетте төтенше жағдайлар жөнiндегi комиссияны (облыстың, аудандық, қалалық, поселкалық, объектiлiк) немесе оның функциясын орындайтын басқа органдары, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң аумақтық органдарын (төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық, қалалық басқарманы, аудандық бөлiмдi), күнделiктi басқару органын (кезекшi қызметтi), осы аумақтағы функциялық және ведомстволық кiшi жүйелердiң күштерi мен құралдарын, оның iшiнде қаржы, азық-түлiк, медициналық және материалдық-техникалық ресурстарды, байланыс, хабар беру, ақпаратпен қамтамасыз ету жүйелерiн, сондай-ақ арнаулы оқу орындарын қамтиды.
Аумақтық кiшi жүйелердiң нақты құрылымын жергiлiктi атқарушы органдар айқындайды.
Аумақтық кiшi жүйелер жұмысының мiндеттерi, ұйымдастырылуы мен тәртiбi жергiлiктi атқарушы орган бекiтетiн ережелермен айқындалады.
7. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң функциялық кiшi жүйелерi Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарының және ұйымдарының: қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн қадағалау және қауiптiлiгi ықтимал объектiлердегi жағдайға бақылау жасау; төтенше жағдайлардың алдын алу; адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау; төтенше резервтiк қорларды пайдалану; төтенше жағдайларды жою жөнiндегi тiкелей мiндеттердi шешетiн басқару органдарынан, күштерi мен құралдарынан тұрады.
Бұл ретте жекелеген функциялық кiшi жүйелердiң құрамына осындай мiндеттердi немесе бiрiн-бiрi толықтыратын мiндеттердi шешетiн бiрнеше орталық атқарушы органдардың, ұйымдардың басқару органдары, күштерi мен құралдары кiруi мүмкiн.
Функциялық кiшi жүйелердiң негiзгi мiндеттерi, қызметiнiң ұйымдастырылуы мен тәртiбi Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi бекiтетiн Республикалық азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметi туралы ережелермен айқындалады. Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметiнiң құрамы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмiмен айқындалады.
8. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң салалық (объектiлiк) кiшi жүйелерi Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарында, ұйымдарында, кәсiпорындарында құрылады және тiкелей олар басқаратын объектiлерде төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға арналған.
Салалық (объектiлiк) кiшi жүйелердiң нақты құрылымын, олардың мiндеттерiн, қаржыландыру тәртiбiн Қазақстан Республикасының тиiстi орталық атқарушы органдары, ұйымдары, кәсiпорындары айқындайды және олар осы кiшi жүйелер туралы ережелермен бекiтiледi.
Бұл ретте әрбiр салалық (объектiлiк) кiшi жүйеге, оның буындарына әдетте басшы органдар, күнделiктi басқару органдары (кезекшi-диспетчерлiк қызмет), қауiптiлiгi ықтимал объектiлердегi жағдайға бақылау жасайтын және табиғи ортаның жай-күйiн қадағалап отыратын күштер мен құралдар, төтенше жағдайларды жою жөнiндегi күштер мен құралдар кiредi. Осы саладағы кәсiпорындар мен ұйымдардың, органдар мен қызметтердiң iс-қимылдарын жүзеге асыруды нұсқауларын төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi шешiмдер қабылдаған кезде саланың басшы органдары ескерiп отыратын төтенше жағдайлар жөнiндегi салалық комиссиялар үйлестiрiп отырады.
9. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiндегi Республикалық (мемлекеттiк) деңгейге Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, оның аумақтық органдары мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдары, сондай-ақ басқа да орталық атқарушы органдар, орталық кезекшi-диспетчерлiк пункттер, төтенше жағдайларды байқау, бақылау және жою күштерi мен құралдары, басқару мен байланыстың жұмылдыру пункттерi жатады. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi шеңберiнде олардың iс-қимылын үйлестiрудiң шешiмi нұсқаулық сипатта болатын. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссия жүзеге асырады.
10. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiндегi жергiлiктi деңгейге жергiлiктi атқарушы органдар (облыстардың, аудандардың, қалалардың әкiмдерi), Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң аумақтық органдары (төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық, қалалық басқармалар мен аудандық бөлiмдер), кәсiпорындар мен мекемелердiң кезекшi-диспетчерлiк қызметтерi, осы аумақтағы төтенше жағдайларды байқайтын, бақылайтын және жоятын күштер мен құралдар жатады. Олардың қызметiн үйлестiрудi шешiмдерi нұсқаулық сипатта болатын жергiлiктi атқарушы органдардың төтенше жағдайлар жөнiндегi комиссиялары жүзеге асырады.
11. Барлық деңгейлердегi төтенше жағдайлар кезiнде адамдардың өмiрi мен денсаулығын, материалдық және мәдени құндылықтарды, қоршаған табиғи ортаны қорғау жөнiндегi мiндеттердi шешуге қоғамдық ұйымдар (кәсiптiк одақтар, құтқару құрылымдары ассоциациялары, ерiктi қоғамдар және басқа қоғамдық құрылымдар) ерiктi негiзде Қазақстан Республикасының заңдарына және өздерiнiң жарғыларына сәйкес қатыса алады. Олар бұл мiндеттердi өз мүшелерiнiң және халықтың басқа топтарының арасында қажеттi түсiндiру жұмыстарын жүргiзу жолымен, сондай-ақ түрлi зiлзалалардың алдын алуға және олардың келеңсiз зардаптарын азайтуға (мемлекеттiк аттестация бекiткен арнайы әзiрлiгi болған жағдайда), авариялық-құтқару жұмыстарын жүзеге асыруға және зiлзала болған аудандарда зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөнiндегi қажеттi шараларды жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттiк ұзақ мерзiмдi мақсатты бағдарламаларды жүзеге асыруға тiкелей қатысу жолымен шешедi.
12. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiне басшылықты:
республикалық (мемлекеттiк) деңгейде:
Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Президентi мен Қазақстан Республикасының Үкiметi;
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн құру, жұмыс iстеуi және одан әрi дамуы, сондай-ақ Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн жедел басқару);
Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдары (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң функциялық және салалық кiшi жүйелерiне басшылық жасау);
жергiлiктi деңгейде:
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық кiшi жүйелерiн басқару кезiнде жұмысшы аппараты Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң облыстық және қалалық басқармалары, аудандық бөлiмдерi, жергiлiктi атқарушы органдары (облыстардың, қалалардың, аудандардың әкiмдерi) болып табылады;
кәсiпорындар мен ұйымдардың басшылары (Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң объектiлiк кiшi жүйелерiн басқару) жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басшы органдары шешiмдер қабылдаған кезде төтенше жағдайлар жөнiндегi тиiстi ведомствоаралық, аумақтық және салалық комиссиялардың ұсыныстарын ескередi.
Төтенше жағдайлар жөнiндегi ведомствоаралық комиссиялардың құрылымы мен құрамын, сондай-ақ олардың жұмыс iстеуi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
Төтенше жағдайлар жөнiндегi салалық және аумақтық комиссиялардың құрылымы мен құрамын, сондай-ақ олар туралы ереженi Қазақстан Республикасының орталық және жергiлiктi атқарушы органдары айқындайды.
Төтенше жағдайлар жөнiндегi ведомствоаралық комиссияны Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы, ал төтенше жағдайлар жөнiндегi аумақтық және салалық комиссияларды облыстардың, қалалардың, аудандардың әкiмдерiнiң орынбасарлары, министрлердiң орынбасарлары және мемлекеттiк комитеттердiң төрағалары басқарады.
13. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң күнделiктi басқару органдары:
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң облыстық, қалалық басқармалары мен аудандық бөлiмдерi;
барлық деңгейдегi төтенше жағдайлар жөнiндегi аумақтық комиссиялардың кезекшi қызметтерi;
функциялық кiшi жүйелердiң кезекшi қызметтерi мен мамандандырылған бөлiмшелерi;
орталық атқарушы органдардың, шаруашылық жүргiзушi объектiлердiң кезекшi-диспетчерлiк қызметтерi мен мамандандырылған бөлiмшелерi болып табылады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң күнделiктi басқару органдары Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң кiшi жүйелерi мен буындарының жұмыс iстеуiне басшылық пен бақылауды жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң күнделiктi басқару органдарын орналастыру тиiстi байланыс және хабар беру құралдарымен жарақтандырылатын және пайдалануға үнемi әзiр, даярлықта ұсталатын қалалық және қала сыртындағы басқару пункттерiнде жүзеге асырылады.
14. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң күштерi мен құралдарын байқау және бақылау күштерi мен құралдарына және төтенше жағдайларды жою күштерi мен құралдарына бөлiнедi.
Байқау және бақылау күштерi мен құралдары:
Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң кезекшi қызметтерiнен;
орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың кезекшi қызметтерiнен;
қауiптiлiгi ықтимал объектiлердiң кезекшi диспетчерлiк қызметтерiнен;
Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнiң Құрылыс және сәулет-қала құрылысы агенттiгi Мемлекеттiк сәулет-құрылыс инспекциясының қызметтерiнен;
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң эпизоотиялардың және эпифитотиялардың алдын алу қызметтерiнен;
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Мемлекеттiк санитарлық-жұқпалы ауруларды қадағалау қызметiнен;
Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгi Табиғи ортаның гидрометеорологиясы мен мониторингi агенттiгiнің табиғи гидрометеорологиялық құбылыстардың және қоршаған табиғи ортаның ластануының төтенше жоғары деңгейiн ескерту қызметтерiнен;
Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгiнiң Мемлекеттiк бақылау қызметiнен;
республикалық сейсмологиялық байқау және жер сiлкiнiсiн болжау жүйесiнiң қызметiнен тұрады.
Төтенше жағдайларды жоюдың күштерi мен құралдары:
Азаматтық қорғаныс бөлiмдерiнен, Республикалық жедел-құтқару отрядынан, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң басқа да күштерi мен құралдарынан;
облыстық жедел-құтқару отрядтарынан; Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет департаментiнiң бөлiмшелерiнен;
Азаматтық қорғаныстың аумақтық және объектiлiк құралымдарынан;
министрлiктер мен ұйымдардың әскерилендiрiлген және әскерилендiрiлмеген өртке қарсы, авариялық-құтқару және авариялық-қалпына келтiру құралымдарынан, оның iшiнде штаттық тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтан атқылауынан құтқару және басқа мамандандырылған қызметтерiнен;
шұғыл медициналық көмек пен жұқпалы ауруларға қарсы шаралар қызметiнiң мекемелерi мен құралымдарынан;
шұғыл малдәрiгерлiк көмек құралымдары мен өсiмдiк қорғау қызметтерiнен;
тасқын, су басуы және қар көшкiнi қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтерден;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң өзара iс-қимыл жоспарлары бойынша авариялардың, апаттардың, табиғи және экологиялық зiлзалалардың зардаптарын жоюға арналған химиялық, инженерлiк және басқа да әскерлерi түрлерiнiң әскери бөлiмдерiнен;
бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнен;
қалпына келтiру және өрт сөндiру поездарынан тұрады.
15. Азаматтық қорғаныс бөлiмдерiнiң, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi республикалық жедел-құтқару отрядының, облыстық жедел-құтқару отрядтарының, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң үнемi әзiрлiкте тұратын химиялық, инженерлiк және басқа да әскерлерi түрлерi әскери бөлiмдерiнiң, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң Мемлекеттiк өртке қарсы қызмет департаментi бөлiмшелерiнiң, әскерилендiрiлген тау-кен құтқару, газдан құтқару, фонтан атқылауынан құтқару және басқа мамандандырылған бөлiмшелерiнiң, шұғыл медициналық қызмет құралымдарының, құрылыс және монтаждау ұйымдарының және республиканың түрлi ұйымдары мен мекемелерiнiң және басқа да осындай кәсiби қызметтерiнiң базасында, олармен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң түрлi деңгейлердегi басшы органдары өз мүмкiндiктерiнiң шегiнде елiмiздiң түрлi аймақтарында төтенше жағдайларда жедел тойтару және жою жөнiндегi жұмыстар жүргiзу үшiн және шетелдерге көмек көрсету үшiн тарта алатын үнемi әзiрлiкте болатын авариялық-құтқару және авариялық-қалпына келтiру бөлiмшелерi (күштерi) құрылады.
Республикалық және жергiлiктi бюджеттен қаржыландырылмайтын, үнемi әзiрлiкте тұратын күштердi Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басшы органдарының шешiмiмен құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын орындауға тартуға болады.
16. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң жұмысын ақпараттық жағынан қамтамасыз етудi автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесi (ТЖ ААБЖ) жүзеге асырады.
17. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң қызметiне бейбiт уақытта және соғыс кезiнде төтенше жағдайлардың алдын алу және iс-қимыл жасау жөнiндегi шараларды жоспарлау, әзiрлеу және жүзеге асыру кiредi.
Жағдайға қарай жүйенiң жұмыс iстеуiнiң үш тәртiбi: күнделiктi қызмет тәртiбi, аса жоғары әзiрлiк тәртiбi, төтенше тәртiбi болады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң, оның кiшi жүйелерi мен буындарының жұмыс iстеуiнiң қандай да бiр режимiн енгiзу туралы шешiмде Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң түрлi деңгейдегi басшы органдары Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң аумақтық органдарының (нақты жағдайды ескере отырып Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң төтенше жағдайлар жөнiндегi облыстық, қалалық басқармалары, аудандық бөлiмдерi) келiсiмiмен қабылдайды.
Жағдайға қарай Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң кiшi жүйелерi мен буындары бiр мезгiлде түрлi режимдерде жұмыс iстей алады.
18. Әдетте, төтенше жағдайларды жоюға тiкелей басшылықты:
таралуы өндiрiстiк үй-жайлармен шектелген жеке төтенше жағдайларға - кәсiпорындардың, ұйымдардың басшылары;
таралуы объект аумағы мен шектелген объектiлiк төтенше жағдайларға - қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi аумақтық органдарының, Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық кiшi жүйелерi басшы органдарының қатысуымен кәсiпорындардың, ұйымдардың басшылары;
таралуы қаланың (ауданның) немесе облыстың аумағымен шектелетiн жергiлiктi төтенше жағдайларды - жергiлiктi атқарушы органдар, авариялардың, апаттардың, табиғи зiлзалалардың таралу шекараларына қарай Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң төтенше жағдайлар жөнiндегi аудандық бөлiмдерi, қалалық және облыстық басқармалары;
таралуы бiрнеше облыстардың аумағымен шектелетiн аймақтық төтенше жағдайларды - Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссияның тарапынан iс-қимылдардың үйлестiрiлуi жағдайында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң қатысуымен орталық және жергiлiктi атқарушы органдар;
таралуы республиканың немесе шектес елдердiң едәуiр аумағын қамтитын ауқымды төтенше жағдайларды - Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тапсыруымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi ведомствоаралық мемлекеттiк комиссия тарапынан iс-қимылдардың үйлестiрiлуi жағдайында Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi жүзеге асырады. Жоспарлау-қалпына келтiру жұмыстары орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың күшiмен жүзеге асырылады.
Орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, кәсiпорындар мен ұйымдардың бiрiншi басшылары Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басшы органдарының нұсқауларын орындамағаны немесе уақтылы орындамағаны үшiн жауаптылықта болады.
19. Төтенше жағдайларды жоюды Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық немесе төтенше жағдайлар пайда болған аумақтар мен объектiлердiң ведомстволық кiшi жүйелерiнiң күштерi мен құралдары жүзеге асырады.
Егер төтенше жағдайлардың көлемi Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық және салалық кiшi жүйелерiнiң басшы органдары, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң аумақтық органдары оны тоқтата және жоя алмайтындай болса, онда Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитеттiң ұсынысымен, сондай-ақ орталық және жергiлiктi органдардың өтiнiштерi және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң олар жөнiндегi тиiстi қорытындысы бойынша тиiстi көмек көрсету туралы шешiм қабылдайды.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрамалары мен әскери бөлiмдерi, өзге де әскерлерi мен әскери құралымдары Қазақстан Республикасы Президентiнiң нұсқауы бойынша оларды қатыстыру алдын ала бекiтiлген өзара iс-қимыл жоспарларында көзделген жағдайлардан басқа да төтенше жағдайларды жоюға тартылуы мүмкiн.
20. Төтенше жағдайлар кезiнде халықтың, қоршаған табиғи ортаның қауiпсiздiгi мен қорғалуы және шаруашылық жүргiзу объектiлерiнiң тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелерi бойынша мемлекеттiк мақсатты бағдарламаларды орындауды төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың тұрақсыздандыру ықпалын азайту жөнiндегi қаржы, несие-инвестиция саясатын үйлестiру мақсатында, сондай-ақ авариялардың, апаттардың, табиғи және басқа да зiлзалалардың зардаптарын жоюға даярлық мақсатында тиiстi басшы органдар жүзеге асырады.
Мемлекеттiк мақсатты бағдарламалар белгiленген тәртiппен жасалады, оларды Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi және олар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бағдарламаны құрайтын негiзгi жобалардың мазмұны мен қаржыландыру көлемi оларды iске асыруға қатысатын тиiстi орталық және жергiлiктi атқарушы органдармен келiсiледi.
21. Халықты төтенше жағдайлар кезiнде қорғау тәсiлдерiне үйретудi Қазақстан Республикасының жергiлiктi атқарушы органдары, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң аумақтық органдары жұмыс iстейтiн, оқитын және тұрғылықты жерлердегi сабақтарда, жаттығуларда бұқаралық ақпарат құралдары арқылы және арнайы оқу-жаттығулар кезiнде, сондай-ақ дербес жүзеге асырады.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң, оның кiшi жүйелерi мен буындарының басқару органдарының мамандарын әзiрлеу Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң Республикалық даярлау және оқыту орталығында, облыстық (қалалық) халықты даярлау және оқыту орталықтарында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк өрт сөндiру қызметiнiң оқу-материалдық базасында жүзеге асырылады.
22. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн ұйымдастыруды жетiлдiру, жүйенiң басқару органдарының, күштерi мен құралдарының даярлығы мен даярлық деңгейiн тексеру мақсатында жыл сайын оның кiшi жүйелерi мен буындарында оқу-жаттығу мен жаттығулар жоспарланады және өткiзiледi. Оқу-жаттығу мен жаттығулардың сипаты, олардың мерзiмi, көлемi мен өткiзу жоспарлары белгiленген тәртiппен жасалады және бекiтiледi.
Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1997 жылғы 28 тамыздағы
N 1298 қаулысына
қосымша
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлардың алдын алу және
жою жөнiндегi орталық атқарушы органдары мен ұйымдарының
ФУНКЦИЯЛАРЫ
Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi
Төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қамтамасыз ету мен материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау. Төтенше жағдайлар аудандарын оқшаулау.
Жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету. Жүктердi төтенше жағдайлар аймағына жеткiзген кезде алып жүру және сақталуын қамтамасыз ету.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың қоғамдық тәртiптi сақтау қызметiн құру және олардың төтенше жағдайларда iс-қимылға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi
Төтенше жағдайлардағы шұғыл медициналық көмек қызметi мен азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың медициналық қызметiн құру және оларға басшылық жасау.
Төтенше жағдайлар аймақтарында шұғыл медициналық көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастыру. Аса қауiптi инфекциялық аурулардың әкелiнуiне және таралуына жол бермеу, оларды жою жөнiндегi шараларды орындау. Жұқпалы аурулардың жағдайы жөнiнде басқа елдермен және халықаралық ұйымдармен ақпарат алмасу.
Халықтың арасында санитарлық-түсiндiру жұмыстарын жүргiзу.
Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, авариялар, апаттар және табиғи зiлзалалар кезiнде өзара көмек көрсетуге жәрдемдесу.
Шет елдердi Қазақстан Республикасында жүргiзiлiп жатқан жұқпалы ауруларға қарсы шаралар туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан табиғи және техногендiк апаттардың трансшекаралық әсер ету қаупi туралы хабардар ету.
Халықаралық көмек шеңберiнде құтқарушылардың келу, кету рұқсаттарын тездетiп алуына, төтенше жағдайлар аймағына қайырымдылық жүктерiнiң жеткiзiлуiне жәрдемдесу.
Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюдың мемлекеттiк жүйесiн жетiлдiру мен дамыту мүддесiмен ғылыми зерттеулер жүргiзудi ұйымдастыру.
Авариялық-құтқару техникасы мен жабдығын өндiруге және сатуға ұсынылатын мемлекеттiк ғылыми-техникалық сараптама жасау мен ұйымдастыруға қатысу.
Қазақстан Республикасының аумағында сейсмикалық қадағалаулар ұйымдастыру. Жер сiлкiнiсiн, бiрнеше кезекте қысқа мерзiмде болатын жер сiлкiнiсiн болжаудың сенiмдi тәсiлдерiн жасау және енгiзу.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi
Белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi бөлiмдерi мен бөлiмшелерiнiң (бiрiншi кезекте химиялық және инженерлiк әскерлердiң) төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi шараларға қатысуын қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен бiрге ерекше кезеңде азаматтық қорғаныс жүйесiнiң жұмыс iстеуiн ұйымдастыру.
Бiрыңғай авиациялық iздестiру-құтқару қызметiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлар аудандарын оқшаулау, төтенше жағдайлар аймағындағы материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау.
Төтенше жағдайлар қаупi төнген және пайда болған кезде хабарлаудың және байланыстың жалпы жүйесiне қатысу.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi аумақтық, функционалдық және ведомстволық кiшi жүйелерiнiң басшы органдарына шекара маңындағы жерлердегi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алғы шарттары мен пайда болуы туралы ақпарат ұсыну.
Шекара әскерлерiнiң белгiленген тәртiппен төтенше жағдайлар аймақтарында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге қатысуы.
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде мемлекеттiк шекараны күзету жөнiндегi шараларды жүзеге асыру.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес
авариялық-құтқару құралымдарының, iзгiлiк көмек жүктерiнiң,
босқындардың оңайлатылған өтуiн қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Бiлiм және мәдениет министрлiгi
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесi
үшiн кадрлар даярлауды ұйымдастыру.
Оқушыларды табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың
алдын алу және жою жөнiндегi iс-қимылдарға үйрету.
Ведомстволық бағынысты мекемелерде табиғи және техногендiк
сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою
жөнiндегi шараларды жүзеге асыру.
Әскерилендiрiлмеген авариялық-құтқару құралымдарын құру және
қажеттi деңгейде әзiрлiкте ұстау.
Қазақстан Республикасының Энергетика және табиғи ресурстар
министрлiгi, Қазақстан Республикасының Экономика және сауда
министрлiгiнiң Өнеркәсiп департаментi
Қауiптiлiгi ықтимал объектiлердегi және оған шектес аумақтардағы жағдайды қадағалау мен бақылауды ұйымдастыру. Ведомстволық бағыныстағы объектiлерде авариялар мен апаттардың зардаптарына жол бермеу және жою жөнiндегi шараларды жүзеге асыру.
Өнеркәсiптiк және экологиялық қауiпсiздiктi ескере отырып министрлiктердiң объектiлерiн орналастыру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру. Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiне кiретiн ведомстволық және кәсiптiк авариялық-құтқару бөлiмшелерiнiң күштерiмен құтқару, авариялық-қалпына келтiру және басқа да кезек күттiрмейтiн жұмыстарды жүргiзуге қатысу.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң тиiстi ведомстволық кiшi жүйелерiн құру және олардың жұмысына басшылық жасау.
Энергетика желiлерiнiң, құбыр арналарының қауiпсiз процестерi мен технологияларын жасау жөнiндегi ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру, сенiмдi де авариясыз жұмысын қамтамасыз ету. Осы саладағы әлемдiк тәжiрибенi енгiзу.
Энергетика мен өнеркәсiп объектiлерiнiң құбыр арналары мен желiлерiнiң сейсмикалық төзiмдiлiгiн қамтамасыз ету.
Республикада авариялық-құтқару техникасы мен жабдығын шығаруды ұйымдастыру. Өнеркәсiпте қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi заңдар мен нормативтiк актiлер жобаларын әзiрлеу. Кәсiпорындардың қызметкерлерi мен жақын маңда тұратын халықты осы кәсiпорындарда авариялар мен апаттар болған кезде төтенше жағдайлардағы iс-қимыл ережелерi мен тәртiбiне үйретудi ұйымдастыру.
Азаматтық қорғаныс пен Төтенше жағдайлар сауда және тамақтандыру қызметтерiн құру және олардың төтенше жағдайлардағы iс-қимылдарға әзiрлiгiн қамтамасыз ету (Экономика және сауда министрлiгiнiң Өнеркәсiп департаментi).
Азаматтық қорғаныс пен Төтенше жағдайлар энергетика қызметiнiң төтенше жағдайлардағы iс-қимылға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету (Энергетика және табиғи ресурстар министрлiгi).
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлiгi
Ведомстволық бағыныстағы объектiлерде, авариялар мен апаттардың, эпизоотиялар мен эпифитотиялардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөнiндегi шараларды жүзеге асыру.
Ауыл шаруашылығы жерлерiнiң радиоактивтi заттармен және ауыр металдармен ластануына бақылау жасау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру. Ластанған аумақтарда ауыл шаруашылық өндiрiсiн ұтымды жүргiзудi қамтамасыз ету.
Эпизоотологиялық, фитопатологиялық және токсикологиялық бақылау, эпизоотиялар мен эпифитотияларды жою жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру. Карантиндiк шараларды ұйымдастыру.
Ауыл шаруашылығы өндiрiсi үшiн табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайларды бағалау жөнiндегi қажеттi ақпаратты жедел алуды, өңдеудi және берудi қамтамасыз ету.
Халықтың арасында эпизоотиялар мен эпифитотиялардың таралуының алдын алу жөнiнде санитарлық-түсiндiру жұмысын жүргiзу. Село халқын төтенше жағдайлар кезiндегi iс-қимылға үйрету.
Азаматтық қорғаныс пен Төтенше жағдайлар жануарлар мен өсiмдiктердi қорғау қызметiнiң, Азаматтық қорғаныс пен Төтенше жағдайлардың техникалық қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету. Орман қорының аумағында өрттердiң және аурулар мен зиянкестер ошақтарының алдын алу және жою жөнiндегi шараларды жүзеге асыру. Орман патологиясын қадағалау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыру және үйлестiру, ормандардағы өрт жағдайы мен энтофитопатологиялық жағдайларға баға беру жөнiндегi қажеттi ақпарат берiп отыру.
Халықтың арасында орман өрттерiнiң пайда болуының алдын алу жөнiнде профилактикалық түсiндiру жұмыстарын жүргiзу. Мамандандырылған командаларды орман өрттерi пайда болған жағдайда iс-қимыл жасауға үйрету. Орман қорғау қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Су тасқынының, су басуының, бөгеттердiң бұзылуының алдын алу және зардаптарын жою жөнiндегi, халықты және экономиканың салаларын табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде сумен қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды ұйымдастыру.
Су режимiн қадағалау, су ресурстарын пайдалануды реттеп отыру.
Қазақстан Республикасы Экономика және сауда министрлiгiнiң
Құрылыс және сәулет-қала құрылысын бақылау агенттiгi
Төтенше жағдай аудандарында объектiлердi жобалау, құрылысын салу және пайдалану әдiстерiн, қауiптi табиғи және техногендiк процестердi зерделеу, бағалау және болжау әдiстерi мен құралдарын әзiрлеу, аумақтарды инженерлiк қорғаудың жаңа әдiстерiн әзiрлеу және қолданылып жүргендерiн жетiлдiру. Үйлер мен ғимараттардың сенiмдiлiгi мен сейсмикалық төзiмдiлiгi саласында ғылыми зерттеулердi ұйымдастыру.
Қауiптi өндiрiс объектiлерiн, сондай-ақ төтенше жағдайларда пайдаланылатын объектiлердi салуды және инженерлiк қорғауды нормативтiк қамтамасыз ету.
Жобалық құжаттаманы сараптау. Төтенше жағдайларды жою кезiнде құтқару және авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзгенде келген нұқсанның және материалдық-техникалық ресурстарға деген қажеттiлiктiң есебiн жүргiзудiң методологиясын әзiрлеу.
Үйлер мен ғимараттар құрылысының сапасына, сондай-ақ сейсмикалық қарсы күшейтiлуiне бақылау жасау.
Сел және қар көшкiнiнiң қаупi бар учаскелерде, тектоникалық жарылу аймақтарында, есептi сейсмикалылығы 9 баллдан асатын учаскелерiнде, зақымдалған, химиялық және радиациялық қаупi бар аймақтарда құрылыс салуды реттеу.
Табиғи зiлзалалар мен техногендiк апаттар кезiнде құрылыс конструкцияларының авариялары және үйлер мен ғимараттардың күйреуi жөнiнде деректер банкiн құру.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың инженерлiк қызметiн құру және төтенше жағдайлардағы iс-қимылдарға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар
министрлiгi
Темiржол, автомобиль, авиация, өзен және теңiз көлiгiнде, сондай-ақ байланыс объектiлерi мен желiлерiнде, коммуникацияларда авариялар мен апаттардың алдын алу және жою.
Негiзгi, сенiмдi және қауiпсiз жолдарды, жол өткелдерiн, көпiрлердi, байланыс желiлерiн жобалауды және салуды қамтамасыз ету. Төтенше жағдайлар кезiнде инфрақұрылым объектiлерi жұмысының қосарлана атқарылуын қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлар кезiнде инфрақұрылым объектiлерi жұмысының сенiмдiлiгiн арттыру жөнiндегi ғылыми зерттеулердi және әлемдiк озық тәжiрибенi енгiзудi ұйымдастыру.
Көлiк пен байланыста қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында заңдар мен нормативтiк актiлер жобаларын әзiрлеу.
Төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарды жүргiзу, көшiру шараларын жүзеге асыру үшiн қажеттi күштердi, құралдар мен материалдық-техникалық ресурстарды тасымалдауды қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлар аудандарында құтқару, авариялық қалпына келтiру және басқа кезек күттiрмес жұмыстарды жүргiзуге ведомстволық құралымдар күштерiнiң тактикалық-техникалық мүмкiндiктерi шегiнде қатысуы. Төтенше жағдайларда үздiксiз, тұрақты байланысты қамтамасыз ету, төтенше жағдайларды жою кезiнде басқару, байқау және бақылау органдарына байланыс арналарын басымдықпен беру.
Төтенше жағдайларда байланысты ұйымдастыру үшiн радиожиiлiк алаптарын бөлу. Төтенше жағдайлар туралы хабар беру жүйесiн тұрақты әзiрлiкте ұстау.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың көлiк қызметi мен жол және көпiр қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимылдарға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Экономика және сауда министрлiгi,
Қаржы министрлiгi, Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау
министрлiгi
Республика аумағында өнеркәсiп және экологиялық қауiпсiздiк талаптарын ескере отырып халық шаруашылығы объектiлерiн орналастыру жөнiндегi жұмыстарды үйлестiру (Экономсаудаминi, Еңбек және халықты әлеуметқорғауминi).
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, зардап шеккен халыққа көмек көрсету жөнiндегi жұмыстарды қаржыландыруды қамтамасыз ету (Қаржыминi).
Төтенше жағдайларды жоюға қажеттi мемлекеттiк материалдық резервтер мен қаражат резервтерiн жасау (Қаржыминi).
Зардап шеккен халықты уақытша баспанамен, ең қажеттi мүлiкпен, тағам өнiмдерiмен қамтамасыз етудi ұйымдастыру (Еңбек және халықты әлеуметқорғауминi, Қаржыминi, ТЖМЖ).
Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар
министрлiгi
Республикадағы экологиялық жағдайға бақылау жасауды қамтамасыз ету, оны жақсарту жөнiндегi шараларды жоспарлау және жүзеге асыру, жобаларға экологиялық сараптау жүргiзу және кәсiпорындарға экологиялық бақылау жасау жолымен техногендiк апаттар мен аварияларға жол бермеу, экологиялық апаттардың пайда болу мүмкiндiгi туралы хабарлап отыру.
Экологиялық төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмыстарға әдiстемелiк басшылық жасау. Авариялар мен апаттардан пайда болатын радиоактивтi және химиялық ластануға жедел бақылау жасау және дәл өлшеулер жүргiзу.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң қадағалайтын және бақылайтын тиiстi функциялық кiшi жүйелерiн құру және жұмыс iстеуiне басшылық жасау.
Қауiптi гидрометеорологиялық құбылыстарға, селге, қар көшкiнiне, қоршаған табиғи ортаның жоғары деңгейде ластануына және бұған байланысты төтенше жағдайлардың көлемiне болжам жасау, олардан келетiн қауiп-қатер туралы уақытылы хабарлап отыру.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң басқару органдарына қоршаған табиғи ортаның ластану деңгейi туралы гидрометеорологиялық ақпарат пен мәлiметтер берiп отыру.
Қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн байқау тиiстi функциялық кiшi жүйелерi мен қауiптi метеорологиялық құбылыстардың алдын алу жүйелерiн құру және оларға басшылық жасау. Қауiптi гидрометеорологиялық құбылыстарға ұзақ мерзiмдi және қысқа мерзiмдi болжам жасаудың тиiмдi әдiстерiн әзiрлеу жөнiндегi ғылыми зерттеулер.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi
(келiсiм бойынша)
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетi мен Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiнiң аумақтық, функциялық және ведомстволық кiшi жүйелерiнiң басшы органдарына төтенше жағдайлардың ықтимал алғы шарттары мен сипаты туралы, олардың себептерi туралы, шетелдердегi жұқпалы аурулар жайында, қылмысты топтар мен жекелеген адамдардың қасақана төтенше жағдай туғызуы жөнiндегi нақты iс-қимылдары туралы ақпарат берiп отыру.
Төтенше жағдайлар аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге (белгiленген тәртiппен) қатысу.
Төтенше жағдайлар кезiнде, оның iшiнде режиммен жұмыс iстейтiн объектiлерде және ерекше режим объектiлерiнде, шетелдiктердiң болуы үшiн аудандарда, босқындарды қабылдау кезiнде, сондай-ақ шет мемлекеттердiң Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайларды жою жөнiндегi жұмысқа жәрдем көрсетуi кезiнде мемлекеттiк қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асыру. Қажет болған кезде арнаулы күштерi мен құралдарының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi жұмысқа қатысуы.
Республикалық ұлан (келiсiм бойынша)
Төтенше жағдайлар аудандарын оқшаулау, төтенше жағдайлар аймағындағы материалдық және мәдени құндылықтарды қорғау.
Төтенше жағдайлар аймағында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге (белгiленген тәртiппен) қатысу.
Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат
iстерi жөнiндегi ұлттық агенттiгi (келiсiм бойынша), "Қазақстан
теледидары мен радиосы" республикалық корпорациясы
Төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi туралы халыққа жедел хабарлауды қамтамасыз ету. Төтенше жағдайлар кезiндегi iс-қимылдардың ережелерi мен тәртiбiмен халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы үйретудi ұйымдастыру.
Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау саласындағы бiлiмдi, тұрмыстағы және өндiрiстегi қауiпсiздiк ережелерiн насихаттау жөнiнде баспасөзде мақалалар берудi, радио мен теледидар бойынша хабарлар берудi үзбей ұйымдастырып отыру. Табиғи зiлзалалардың, техногендiк апаттар мен авариялардың алдын алу және жою жөнiнде мемлекет қабылдаған шаралар туралы халыққа кеңiнен хабарлап отыру.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың ақпарат қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеден комитетi
Төтенше жағдайларда қайырымдылық көмек жүктерiн, авариялық-құтқару техникасы мен жабдығын өткiзудiң оңайлатылған және жеделдетiлген жолын қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасы Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясының
Атом энергиясы жөнiндегi агенттiгi, "КАТЭП" Атом энергетикасы
мен өнеркәсiбi жөнiндегi ұлттық акционерлiк компаниясы
Қазақстан Республикасының аумағындағы қауiп-қатерi ықтимал объектiлердiң жай-күйiн бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру.
Қазақстанның өнеркәсiп және энергетика объектiлерiнде авариялар мен апаттардың пайда болу мүмкiндiктерiне болжам жасау.
Заңдар мен нормативтiк актiлердiң, қауiпсiздiк нормалары мен стандарттарының жобаларын жасау.
Мемлекеттiк бақылау мен қадағалаудың тиiстi кiшi жүйелерiнiң, азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар радиациядан қорғану қызметiнiң ("КАТЭП" ҰАК) құрылуына және жұмыс iстеуiне басшылық жасау.
Қазақстан Республикасы Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясының
Ұлттық аэроғарыш агенттiгi
Қоршаған табиғи ортаның, қауiп-қатерi ықтимал аумақтар мен объектiлердiң жай-күйi туралы деректер жинау үшiн ғарыштық мониторинг ұйымдастыру және жүзеге асыру, оларды тұрақты негiзде авариялық және авария алдындағы жағдайлар туралы шұғыл хабарлау үшiн төтенше жағдайлардың автоматтандырылған ақпараттық-басқару жүйесiне беру.
Төтенше жағдайларда жинақы тұтынушылар, арнаулы және тұрақты объектiлер үшiн ғарыштық байланыстың сенiмдi арналарымен қамтамасыз ету. Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөнiндегi жұмыстарды ғарыштық маусымдық уақытпен қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлар жөнiндегi автоматтандырылған ақпараттық басқару жүйесiнiң (ТЖ ААБЖ) тиiстi кiшi жүйелерi үшiн ғарыштық мониторинг пен байланыс жүйесiн құруға және оның жұмыс iстеуiне қатысу.
"Қазақтелеком" ашық акционерлiк қоғамы
Халықты және мемлекеттiк басқару органдарын табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың пайда болу қаупi туралы дер кезiнде хабардар етудi техникалық қамтамасыз ету.
Төтенше жағдайлардың алдын алудың және жоюдың мемлекеттiк жүйесiне төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiнде шаралар қабылдау үшiн бiрiншi кезекте сенiмдi байланыс арналарын беру.
Төтенше жағдайлар кезiнде байланыс арналарының қосарлана қызмет атқаруын қамтамасыз ету.
Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлардың хабар беру және байланыс қызметiнiң төтенше жағдайларда iс-қимыл жасауға тұрақты әзiрлiгiн қамтамасыз ету.