Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi туралы Ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1997 жылғы 3 наурыздағы N 290.

Жаңартылған

      "Орталық атқарушы органдардың құрылымын жетілдіру және мемлекеттік органдардың санын қысқарту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 29 қазандағы № 3168 Жарлығының 7-тармағының 2 және 6 тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:

      1. Қоса беріліп отырған:

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереже;

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарауындағы ұйымдардың тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің қосымшаға сәйкес күші жойылған деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Қажыгелдин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1997 жылғы 3 наурыздағы
№ 290 қаулысымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы
ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (Еңбекәлеуметмині) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы болып табылады және өзінің қызметін Конституцияға, заңдарға, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      2. Еңбек және оны қорғау, жұмыспен қамту, көші-қон, халықты әлеуметтік қорғау саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, осы саладағы реформаны нақты іске асыру жөніндегі жұмысты үйлестіру Еңбекәлеуметмині қызметінің негізгі мақсаты болып табылады.

      3. Еңбекәлеуметмині заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленіп, өзінің атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөрі бар.

ІІ. Еңбекәлеуметминінің негізгі міндеттері мен функциялары

      4. Еңбекәлеуметминінің негізгі міндеттері мен функциялары мыналар болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбек және өзге де әлеуметтік құқықтарын іске асырудың тиімді әдістерін әзірлеп, енгізу, оларды заңдармен көзделген мемлекеттік зейнетақымен, жәрдемақымен және басқа әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету;

      2) мемлекеттік әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын, әлеуметтік бағдарламалардың басқа да жобаларын әзірлеп, іске асыру және олардың орындалуын үйлестіру-әдістемелік жағынан қамтамасыз ету;

      3) өз құзыреті шегінде әлеуметтік нормативтер мен әлеуметтік стандарттарды әзірлеу;

      4) халықтың тұрмыс деңгейі мен табысын арттыру, еңбекке ақы төлеуді ұйымдастыруды, халықты мемлекеттік әлеуметтік қамтамасыз ету мен қызмет көрсетуді жетілдіру жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру;

      5) әлеуметтік серіктестік негізінде ұжымдық еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеп, жүзеге асыру, еңбек даулары мен жанжалдарын шешуге қатысу;

      6) халықтың саны саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және үйлестіру;

      7) халықты жұмыспен қамту, еңбек рыногын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, сондай-ақ жұмыссыздықтарды кәсіби даярлау, біліктілігін көтеру мен қайта даярлау, оларды әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз ету жөніндегі шараларды Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметі арқылы іске асыру;

      8) отбасыларын, аналарды, әкелерді, балаларды, мүгедектерді, әскери қызметтен босаған адамдар мен олардың отбасы мүшелерін, сондай-ақ әлеуметтік қорғауға мұқтаж халықтың басқа жіктерін қолдау шараларын әзірлеп, іске асыру;

      9) медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін және мүгедектерді оңалтудың мемлекеттік жүйесін, оларға протез-ортопедиялық көмек көрсетуді ұйымдастыру мен дамыту жөніндегі шараларды жүзеге асыру;

      10) республикада халықтың көші-қонына қатысты жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру, отандастардың Қазақстан Республикасына ерікті түрде қоныс аударуы мәселелері бойынша келісімдер жасау;

      11) еңбек, жұмыспен қамту, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау саласында мемлекеттің әлеуметтік бағдарланған экономикалық саясатының талаптарына сай келетін заңдарды дайындау, олардың сақталуына бақылауды қамтамасыз ету;

      12) Халықаралық Еңбек Ұйымымен, Халықаралық әлеуметтік қамтамасыз ету қауымдастығымен, Халықаралық көші-қон ұйымымен, БҰҰ-ның Балалар қорымен, Әлеуметтік әл-ауқат саласындағы саясат пен зерттеулер жөніндегі Европалық орталықпен және Министрліктің құзыретіне жататын мәселелер бойынша басқа да халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      13) әлеуметтік-еңбек саласында болып жатқан процестерге талдау жасау, еңбек рыногының дамуын болжамдау, осы саладағы істің жағдайы туралы баяндамалар дайындау, әлеуметтік саясатқа түзету жасау жөнінде ұсыныс енгізу;

      14) әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша аймақтық жобалардың бағдарламасын әзірлеу және өкіметтің атқарушы тармағының мүдделі органдарымен келісу, олардың орындалуын ұйымдастыру;

      15) Еңбекәлеуметминінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша әдістемелік басшылықты қамтамасыз ету және көмек көрсету;

      16) еңбекақының ең төмен деңгейдегі мөлшері туралы, зейнетақыны, жәрдемақыны, өзге де әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін есепті көрсеткіштің мөлшері туралы ұсыныстар енгізу, әлеуметтік жәрдемақы мен өтемдік төлемдер жүйесін жетілдіру, халықтың табысын инфляциядан қорғау;

      17) халықтың әлеуметтік-демографиялық топтары бойынша күнкөрістің ең төмен деңгейінің шамасын есептеу әдістемесін әзірлеу, ең төменгі күнкөріс есебіне сараптаманы жүзеге асыру;

      18) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесін, міндетті және ерікті әлеуметтік сақтандырудың мемлекеттік емес түрлерін дамыту, сақтандыру жарнасының мөлшерін белгілеу жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;

      19) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қаражатының мақсатты пайдаланылуына белгіленген тәртіппен бақылау жасау;

      20) еңбекке ақы төлеу жүйесін, оның тарифтік және аймақтық реттелуін жетілдіру;

      21) азаматтарға, соның ішінде Қазақстан Республикасынан тысқары жүргендерге мемлекеттік зейнетақы төлеуді қамтамасыз ету, зейнетақы мөлшерін, оны тағайындау шарттары мен төлеу тәртібін өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу, жеңілдікті зейнетақымен қамтамасыз етуді жетілдіру;

      22) зейнетақымен қамтамасыз етудің мемлекеттік және мемлекеттік емес жүйелерін дамытуға жәрдемдесу;

      23) мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Зейнетақы қоры бюджетінің жобасын әзірлеуге қатысу;

      24) еңбекті қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік басқару мен үйлестіруді жүзеге асыру органдарымен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

      25) еңбек жағдайы мен оның қорғалуын жақсартудың аймақтық бағдарламаларын әзірлеуді ұйымдастыру, Қазақстан Республикасының Үкіметіне еңбектің жай-күйі және оның жағдайы мен қорғалуын жақсарту жөніндегі шаралар туралы жыл сайын баяндамалар табыс ету;

      26) еңбек жағдайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      27) көші-қон процестерін зерделеу, болжамдау және үйлестіру, қоныс аударушыларды есепке алу және тіркеу, халықтың көші-қонын реттеу жөніндегі шаралар туралы ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ кезекті жылға арналған көшіп келу квотасын жасау, тіркеу және есепке алу;

      28) Қазақстан Республикасында саяси баспана алуға тілек білдіруші адамдардың өтінішін қарау, оны заңдарда белгіленген тәртіппен беру туралы куәлікті ресімдеу;

      29) аймақтардың әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктерін және халықтың түрлі санаттары мен топтарының қажеттерін ескере отырып, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін кешенді және мамандандырылған мемлекеттік стационарлық және стационарлық емес мекемелердің тармақты желісін құрып, дамыту, олардың қызметін үйлестіріп, әдістемелік жағынан қамтамасыз ету;

      30) еңбек, жұмыспен қамту, көші-қон және халықты әлеуметтік қорғау саласында халықаралық байланыстар мен ынтымақтастықты жүзеге асыру, шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен, осы мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен консультациялар мен келіссөздер жүргізу;

      31) еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласында ақпаратты өңдеу жүйесінің бірыңғай ақпараттық технологиясын енгізу;

      32) азаматтардың ұсыныстарын, арыздары мен шағымдарын қарау, олар бойынша қажетті шаралар қолдану, Еңбекәлеуметминінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау және консультация беру;

      33) Қазақстан Республикасының заңдарымен Еңбекәлеуметминіне жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асыру.

ІІІ. Еңбекәлеуметминінің құқықтары

      5. Алдына қойылған міндеттер мен жүктелген функцияларды орындау үшін Еңбекәлеуметминіне мынадай құқықтар беріледі:

      1) Еңбекәлеуметминіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті құжаттарды, қорытындыларды, анықтамалық және басқа да материалдарды Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарынан, сондай-ақ ұйымдардан белгіленген тәртіппен сұрату және алу;

      2) Еңбекәлеуметминінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, ұйымдардың қызметіне әдістемелік басшылықты жүзеге асыру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы заңдардың қолданылуы жөнінде түсініктер беру;

      3) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісе отырып және жергілікті атқарушы органдардың ұсынуы бойынша бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жекелеген лауазымдары мен санаттары үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен еңбекке ақы төлеу шарттарына орай тарифтік ставкалардың және лауазымдық жалақылардың мөлшерін айқындау;

      4) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен келісе отырып, әйелдердің және 18 жасқа толмаған адамдардың еңбек етуіне тыйым салынатын зиянды және ауыр еңбек жағдайындағы өндірістердің, кәсіптер мен жұмыстардың тізбелерін бекіту;

      5) еңбектi қорғау жөнiндегi ережелер мен нормаларды, сондай-ақ еңбектi қорғау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге қойылатын ұйымдастыру-әдiстемелiк және жалпы техникалық талаптарды;

      еңбек жөнiндегi нормаларды, Жұмысшылардың жұмыстары мен кәсiптерiнiң бiрыңғай тарифтiк-бiлiктiлiк анықтамалығын (БТБА), Қызметшiлер лауазымдарының бiлiктiлiк анықтамалығын (БА), Жұмысшылар кәсiптерiнiң және қызметшiлер лауазымдарының жiктегiшi (ҚДЖ), ұйымдастыру, нормалау және еңбек ақы төлеу мәселелер жөнiндегi нұсқаулықтарды өз құзыретiнiң шегiнде белгiлеу және бекiту;

      6) Зейнетақы қорына, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және Мемлекеттік халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорына сақтандыру жарналарының дұрыс есептелуі, толық және уақтылы аударылуы бойынша тексеру жүргізу, анықталған жолсыздықтарды жою жөнінде белгіленген тәртіппен шаралар қолдану;

      7) меншік нысандарына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан ұйымдарда еңбек туралы заңдардың және еңбекті қорғау жөніндегі ережелердің сақтауын қадағалау;

      8) Қазақстан Республикасына шетелдік жұмыс күшін тартуға, сондай-ақ жұмыс күшін шетелге шақыруға лицензиялар беру;

      Ведомстволық бағыныстағы ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру мен тарату мәселелерін және олардың қызметімен байланысты өзге де мәселелерді заңдарда белгіленген тәртіппен шешу;

      10) Мемлекеттік еңбек инспекциясының, Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметі инспекциясының, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорының, Зейнетақы қорының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының, өзге де ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыру;

      11) бюллетендер, журналдар мен басқа да баспа өнімдерін шығару;

      12) заңдарда көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

      Ескерту. Ереже 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 19.08.1997 № 1265 қаулысымен.

ІV. Еңбекәлеуметминінің қызметін ұйымдастыру

      6. Еңбекәлеуметминін Қазақстан Республикасының Конституциясымен белгіленген тәртіпте лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Министр басқарады. Министр Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кіреді, Еңбекәлеуметминінің құзыретіндегі мәселелер бойынша Парламентте, өзге де органдар мен ұйымдарда Үкіметтің өкілдігін жүзеге асырады.

      Министр:

      Еңбекәлеуметминінің қызметін басқарады және оған жүктелген міндеттерді орындау үшін дербес жауапкершілікте болады;

      оның ұсынуы бойынша Үкімет лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын орынбасарлары болады, олардың арасында міндеттерді бөледі және оларға Еңбекәлеуметмині қызметінің жекелеген салаларына басшылық жасау үшін жауапкершілік жүктейді;

      Еңбекәлеуметмині орталық аппаратының басқармалары мен бөлімдері, оған ведомстволық бағынысты ұйымдар туралы ережені бекітеді, орындауға міндетті бұйрықтар мен өкімдер шығарады, нұсқаулар береді;

      Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен келісе отырып белгіленген еңбекақы қоры және қызметкерлер саны шегінде Министрліктің орталық аппаратының шығыстар сметасын, штаттық кестесін бекітеді;

      Еңбекәлеуметмині орталық аппаратының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың қызметкерлерін белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      облыстардың (Алматы қаласының) еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының бастықтарын Министрдің келісуі бойынша тиісті облыстардың әкімдері лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады;

      көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін белгіленген тәртіппен шешеді;

      өзіне заңдармен белгіленген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады;

      Министр жоқ болған жағдайда оның міндетін бірінші орынбасар немесе орынбасарлардың бірі атқарады.

      7. Мемлекеттік, аймақтық және салалық мәселелерді талқылау және шешу үшін Еңбекәлеуметминінде құрамына Министр (төраға), лауазымы бойынша оның орынбасарлары және басшы қызметкерлер кіретін алқа құрылады. Алқаның дербес құрамы заңдарда белгіленген тәртіппен бекітіледі. Алқаның шешімдері Министрдің бұйрықтарымен немесе алқаның ресми хаттамаларымен жүзеге асырылады.

      8. Министрлік жанынан Қазақстан Республикасына ведомстволар заңды тұлға болып табылатын агенттіктер, комитеттер, департаменттер құрыла алады.

      Қазақстан Республикасы ведомстволарын құрудың тәртібі мен олардың қызметін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Ескерту. Ереже 8-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 14.07.1997 № 1108 қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1997 жылғы 3 наурыздағы
№ 290 қаулысымен
БЕКІТІЛГЕН

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағындағы ұйымдардың
ТІЗБЕСІ

      Республикалық медициналық-әлеуметтік сарап комиссиясы (РМӘСК);

      Ақпараттық-талдау орталығы;

      Кадрлардың біліктілігін көтеру курстары;

      Алматы тәжірибе-эксперименттік протез-ортопедиялық орталығы;

      Петропавл протез-ортопедиялық бұйымдар жөніндегі тәжірибе-эксперименттік кәсіпорны;

      Семей протез-ортопедиялық бұйымдар жөніндегі тәжірибе-эксперименттік кәсіпорны;

      Орталық протездеу эксперименттік лабораториясы;

      Соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған республикалық "Ардагер" пансионаты;

      Мемлекеттік халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорының атқарушы дирекциясы;

      Қазақ еңбек және жұмыспен қамту проблемалары ғылыми-зерттеу институты;

      Қазақ өнімділік орталығы;

      Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметінің ақпараттық жүйелер орталығы.

  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнiң
1997 жылғы 3 наурыздағы
N 290 қаулысына
ҚОСЫМША

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылған кейбiр шешiмдерiнiң ТIЗБЕСI

      1. "Қазақ КСР Еңбек министрлiгi мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 7 маусымдағы N 363 қаулысы;

      2. "Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi туралы Ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 30 желтоқсандағы N 818 қаулысы (ҚазКСР ҚЖ, 1991 ж., N 27, 196-құжат);

      3. "Қазақстан Республикасы Еңбек министрлiгiнiң Қазақ еңбек және жұмыспен қамту проблемалары ғылыми-зерттеу институтын құру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 31 желтоқсандағы N 822 қаулысының 8-тармағы;

      4. "Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 ж. 29 маусымдағы N 561 қаулысы (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, 1992 ж., N 25, 400-құжат);

      5. "Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiне өзгертулер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 6 ақпандағы N 115 қаулысымен (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 5, 62-құжат) бекiтiлген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулардың 5-тармағы;

      6. "Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi туралы Ереженi бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 1996 жылғы 17 маусымдағы N 741 қаулысы (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, 1996 ж., N 28, 244-құжат).