Қазақстан Республикасында мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды аралдар, бөгеттер, ғимараттар мен қондырғылар құрылысына және оларды пайдалануға рұқсат берудiң тәртiбi мен шарттары туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 24 маусым N 772

Қолданыстағы

      "Мұнай туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылғы 28 шiлдедегi  N 2351  Заң күшi бар Жарлығын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
     Қазақстан Республикасында мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды аралдар, бөгеттер, ғимараттар мен қондырғылар құрылысына және оларды пайдалануға рұқсат беру тәртiбi мен шарттары туралы Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).

     Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрiнiң
          орынбасары
 
                                     Қазақстан Республикасы
                                          Үкiметiнiң
                                     1996 жылғы 24 маусымдағы
                                         N 772 қаулысымен
                                           Бекiтiлген

           Қазақстан Республикасында мұнай операцияларын
        жүргiзу кезiнде жасанды аралдар, бөгеттер, ғимараттар
         мен қондырғылар құрылысына және оларды пайдалануға
             рұқсат берудiң тәртiбi мен шарттары туралы
                              Ереже

                           1. Кiрiспе
 
      1. Жасанды аралдар, бөгеттер, ғимараттар және қондырғыларды пайдалана отырып, мұнай операцияларын жүргiзу жөнiндегi қызмет мынандай төрт кезеңге бөлiнедi: 
      құрылыс (монтаж) салу және пайдалану жобасын әзiрлеу; 
      объектiнiң құрылысын (монтаж) салу; 
      объектiнi пайдалану; 
      объектiнi пайдаланудан шығару (тарату, тоқтатып қою), қайта бейiмдеу. 
      2. Осы Ережеде баяндалған тәртiп алынған лицензияға сәйкес мұнай операцияларын жүргiзуге контракт жасалғаннан кейiн мұнай операцияларын жүзеге асыру сатысында заңды және жеке тұлғаларға, мемлекеттiк басқару мен қадағалаудың орталық және жергiліктi органдарына, ұйымдарға қатысты талаптар мен қажеттi iс-қимылдарды айқындайды. 
      3. Осы Ереже мемлекеттiк шекараны қорғауға, кедендiк ережелердi сақтауға, салық төлеуге, қорғаныс қабiлетiн қамтамасыз етуге, жағалаудағы мемлекеттермен саяси қатынастарға байланысты мұнай операцияларын жүзеге асыру жөнiндегi талаптар мұнай операцияларын жүргiзуге арналған Контрактiде объектiлердi монтаждау мен пайдалану жөнiндегi жұмыстар басталғанға дейiн көзделуге тиiс екендiгi ескерiле отырып әзiрлендi. 

             2. Мұнай операцияларын жүргiзген кезде 
                       объектiлердi жобалау 

      4. Мұнай операцияларын жүргiзген кезде объектiлердi жобалау лицензиатқа жер қойнауын пайдалануға лицензия алғаннан және контракт жасалғаннан кейiн жүзеге асырылады. 
      5. Объектiлердi жобалау мұнай операцияларының, лицензиаттың тиiстi лицензиясы бар ерекше түрлерiне ғана жүзеге асырылады. 
      6. Мұнай операцияларын жүргiзген кезде жобалық құжаттаманы әзiрлеудi жоспарлаушы мердiгерлер мен көмекшi мердiгерлердiң (атқарушылардың), оның iшiнде шетелдiктердiң де тиiстi объектiлердi жобалауға құқығы бар мемлекеттiк лицензиялары болуы керек. Жобалық құжаттаманы әзiрлеудi жүзеге асырушы мердiгерлер мен көмекшi мердiгерлердi (атқарушыларды) лицензиялау тәртiбiн, сондай-ақ тиiстi шетелдiк лицензияларды Қазақстан Республикасында тануды Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгi айқындайды. 
      7. Мұнай операцияларын жүргiзген кезде ерекше күрделi және аса жауапты объектiлердi жобалауды жоспарлаушы мердiгерлер мен көмекшi мердiгерлер (атқарушылар) жобалау құқығына лицензия алу үшiн алдын ала Қазақстан Республикасының Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң, Денсаулық сақтау министрлiгi мен Экология және биоресурстар министрлiгiнiң жобалау жұмыстары құқығына оң қорытындысын алуы қажет. 
      8. Жобалық құжаттаманы әзiрлеу Қазақстан Республикасында мұнай операцияларын жобалау кезiндегi қолданыстағы стандарттарға, нормаларға, ережелерге және басқа нормативтiк-техникалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады. 
      Шетелдiк мемлекеттердiң ережелерiн, стандарттарын, нормаларын және басқа нормативтiк-техникалық құжаттарын қолдануға оларды тиiстi Құзыреттi органдар мұнай операцияларының нақтылы бiр объектiлерiн жобалау үшiн бекiткен ерекше жағдайларда ғана жол берiледi. 
      Объектiлердi жобалау және оның құрылысы (монтаждау) барысында Қазақстан Республикасы нормативтiк-техникалық құжаттарының талаптары өзгертiлген жағдайда лицензиат тиiстi Құзыреттi органмен бұрынғы қолданылған нормативтiк-техникалық құжаттар бойынша жобалау мүмкiндiгiн келiсiп алуға мiндеттi. 
      9. Судың жай-күйiне әсерiн тигiзетiн ашық су қоймаларында, су қорғау аймақтары мен белдеулерiнде мұнай операцияларын жүргiзу үшiн объектiлердi жобалау мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының Су ресурстары жөнiндегi комитетiнiң келiсiмi бойынша су қорғау шаралары қолданылып жүргiзiлуге тиiс. 
      10. Жобалық құжаттаманың құрамына мыналар кiредi: 
      қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн жобалау алдындағы (базалық) бағалау; 
      қоршаған табиғи ортаға тиетiн әсердi бағалау; 
      болуы мүмкiн ауыр (авариялық) жағдайларды талдау, олардың алдын алу және ауыр (авариялық) жағдай пайда болғанда жұмыс iстейтiн қызметшiлердi және объектiнiң жұмыс iстеп тұрған аймағындағы халықты қорғау жөнiндегi шаралар; 
      табиғат қорғаудың кешендi шаралары жөнiндегi ұсыныстар, қоршаған табиғи ортаның жай-күйiне өндiрiстiк және ведомстволық бақылауды (экологиялық мониторинг) жүзеге асырудың бағдарламасы; 
      техника қауiпсiздiгi, өндiрiстiк санитария және жұмыс iстеушi қызметшiлердiң еңбегiн қорғау мәселелерi. 
      11. Жобалық құжаттаманың тарауы - Қоршаған табиғи ортаның жобалау алдындағы (базалық) жай-күйiн бағалауды лицензиат немесе мердiгер тәуелсiз сарапшылардың мiндеттi түрде қатысуымен орындауға және оны жобаланған мұнай операцияларын жүзеге асыруды бастамай тұрып Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгi бекiтуге тиiс. 
      Жобалық құжаттаманың бұл тараудағы мазмұны мұнай операцияларының, оларды жүзеге асыру процесiндегi қоршаған табиғи ортаға, жұмыс iстейтiн қызметшiлер мен тұратын халықтың денсаулығына кейiннен тигiзетiн нақты әсерлерiн анықтауға негiз болып табылады. 
      12. Жобалық құжаттаманың тарауын - Қоршаған табиғи ортаға тигiзген әсерiн бағалауды көмекшi мердiгер (атқарушы) орындауға және Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгiмен келiсуге тиiс. 
      13. Жобалық құжаттаманың тарауы - ауыр (авариялық) жағдайлардың тигiзетiн әсерiн талдау, олардың алдын алу және ауыр (авариялық) жағдайлар пайда болғанда жұмыс iстейтiн қызметшiлер мен объектiнiң жұмыс iстеп тұрған аймағында тұратын халықты қорғау шаралары Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен келiсiлуге тиiс. 
      14. Жобалық құжаттаманың тарауы - Техника қауiпсiздiгi, өндiрiстiк санитария және жұмыс iстейтiн қызметшiлердiң денсаулығын қорғау Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгiнiң немесе оның аумақтық органдарымен келiсiлуге тиiс. 
      15. Жобалық құжаттаманың энергиямен жабдықтау және электр қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi тарауы Қазақстан Республикасының Энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгi аумақтық органдарының техникалық шарттары бойынша жасалуы тиiс. 
      16. Жобалық құжаттаманың өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi тарауы Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi аумақтық өрт қадағалау және өрттен қорғау мемлекеттiк органдарының техникалық шарттарына сәйкес болуы тиiс. 
      17. Лицензиат жобалық құжаттаманы әзiрлеу, объектiнi салу (монтаждау) және пайдалану кездерiнде, объектiнiң қызмет ету аймағында тұратын халықты, сондай-ақ қоғамдық бiрлестiктер мен ұйымдарды жобаны жүзеге асырудың мазмұны мен салдары туралы хабарландырып және халықтың пiкiрiн ескерiп отыруға тиiс. 
      18. Жобалық құжаттама әзiрленiп болғаннан кейiн, келiсiм алуға Қазақстан Республикасының Геология және жер қойнауын қорғау министрлiгiне, Қазақстан Республикасының Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiне, одан әрi мемлекеттiк санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жасауға Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiне және мемлекеттiк ведомстводан тыс сараптама жасауға Құрылыс, тұрғын үй және аймақтарда құрылыс салу министрлiгiне берiлуге тиiс. 
      19. Осы Ереженiң 18-бабында баяндалған келiсiм алу, сараптама жасау тәртiбi өткiзiлгеннен кейiн, жобалық құжаттаманың түпкiлiктi редакциясы мемлекеттiк экологиялық сараптамаға Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгiне ұсынылуы тиiс. 
      20. Мемлекеттiк экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жобалық құжаттаманың келiсiлген түпкiлiктi құжаты болып табылады және лицензиат үшiн техникалық жобаны құрылысты (монтаж) және пайдалануды iске асыру жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге рұқсат алу үшiн негiз болады. 

              3. Объектiлердiң құрылысы (монтаждау) 

      21. Мұнай операцияларын жүргiзген кезде объектiлердiң құрылысына (монтаждауға) тиiстi мемлекеттiк лицензиясы бар мердiгерлер мен көмекшi мердiгерлер (атқарушылар) тартылады. 
      22. Салынып жатқан (монтаждалатын) объектiлерге пайдаланылатын жабдықтар мен материалдардың тиiстi сапа және қауiпсiздiк сертификаттары болуы тиiс. 
      Жабдықтар мен материалдардың сапасы және қауiпсiздiгi сертификаттарын беруге құқы бар органдар тiзбесiн, сондай-ақ шетелдiк мемлекеттердiң тиiстi органдары беретiн осыған ұқсас сертификаттардың танылу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Стандарттау, метрология және сертификация жөнiндегi комитетi белгiлейдi. 
      23. Объектiлердiң құрылыс (монтаж) жұмыстары бiткеннен кейiн лицензиат оларды объектiлердi пайдалануға қабылдау жөнiндегi комиссиясына ұсынады, мұнымен бiрге: 
      объектiнi пайдалануға қабылдау туралы мемлекеттiк комиссияның актiсi объектiнiң құрылысы (монтажы) бiткенiн және оны пайдалануға қосу үшiн дайын болғанын куәландыратын түпкiлiктi құжат болып табылады; 
      объектiнi пайдалануға қабылдау жөнiндегi мемлекеттiк комиссияны құру және оның жұмыс тәртiбiн, қажеттi құжаттардың тiзбесi мен оларды ресiмдеудi Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк және құқықтық құжаттары айқындайды. 

             4. Объектiлердi пайдалану 

      24. Қазақстан Республикасында лицензиялауға жататын өзге қызметке кiрiсетiн жер қойнауын пайдаланушы, оны жүргiзуге тиiстi лицензия беретiн органнан лицензия алуға мiндеттi. 
      25. Лицензиат объектiлердi пайдалануға, осындай объектiлердi пайдалану құқығына Қазақстан Республикасы Мұнай және газ өнеркәсiбi министрлiгiнен алған мемлекеттiк лицензиясы бар мердiгерлер мен (немесе) көмекшi мердiгерлердi (атқарушыларды) тартуға мiндеттi. Мұнымен қатар, өтiнiш берушi, аса жауапты объектiлердi пайдалану құқығына мемлекеттiк лицензия алмай тұрып, оларды пайдалану құқығына Қазақстан Республикасының Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгiнен, Экология және биоресурстар министрлiгiнен, Су ресурстары жөнiндегi комитетiнен оң қорытынды алуға мiндеттi. 
      26. Электрқондырғыларды пайдалану алдында лицензиат Қазақстан Республикасы энергетика және көмiр өнеркәсiбi министрлiгiнiң тиiстi энергия қадағалау органдарынан оларды пайдалану құқығына рұқсат алуға мiндеттi. 
      27. Объектiлердi пайдалану алдында лицензиат авариялық-қалпына келтiру және жөндеу жұмыстарын жүргiзудiң тәртiбiн, сондай-ақ объектiлердi пайдалану процесiнде ауыр (авариялық) жағдайлар пайда болғанда жұмыс iстейтiн қызметшiлердi және объектiнiң жұмыс iстеп тұрған аймағында тұратын халықты қауiпсiз жерге көшiру жоспарын әзiрлеуге және бекiтуге мiндеттi. 
      28. Объектiлердi пайдалану процесiнде ауыр (авариялық) жағдайлар пайда болғанда авариялық-қалпына келтiру және жөндеу жұмыстарын жүргiзудiң тәртiбi Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiмен және Қазақстан Республикасының Өнеркәсiпте жұмысты қауiпсiз жүргiзудi қадағалау және кен қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң органдарымен келiсiлуге тиiс. 
      Объектiлердi пайдалану процесiнде пайда болған ауыр (авариялық) жағдайларда қауiпсiз жерге көшiру жоспары Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң органдарымен келiсiлуге тиiс. 
      Объектiлердi пайдалану процесiнде пайда болған ауыр (авариялық) жағдайларда авариялық-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзудiң тәртiбi, сондай-ақ қауiпсiз жерге көшiру жоспары жыл сайын қайта келiсiлуге және қайта бекiтуге жатады. 
      29. Объектiлердi пайдалану алдында лицензиат Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң Өрт қадағалау және өрттен қорғау мемлекеттiк органдарымен келiсiлген объектiлердi пайдалану процесiнде өрттен қорғауды қамтамасыз етудiң тәртiбiн әзiрлеуге және бекiтуге мiндеттi. 
      Объектiлердi пайдалану процесiне өрттен қорғауды қамтамасыз етудiң тәртiбi жыл сайын қайта келiсiлуге және қайта бекiтуге жатады. 
      30. Объектiлердi пайдалану алдында лицензиат Қазақстан Республикасының Экология және биоресурстар министрлiгi органдарымен келiсiлген қоршаған табиғи ортаның жай-күйiне өндiрiстiк бақылауды жүзеге асырудың (экологиялық мониторинг) тәртiбiн әзiрлеуге және бекiтуге мiндеттi. 
      31. Қоршаған табиғи ортаның жай-күйiне өндiрiстiк бақылауды жүзеге асырудың тәртiбi жыл сайын қайта келiсiлуге және қайта бекiтуге жатады. 

               5. Объектiлердi пайдаланудан шығару 

      32. Лицензиат объектiлердi пайдаланудан шығару туралы шешiм қабылдағаннан кейiн, ол лицензиат тарапынан Қазақстан Республикасы Үкiметiнен тиiстi өкiлеттiгi бар лицензиялық органмен келiсiлуге тиiс. 
      33. Объектiнi пайдаланудан шығару жөнiнде лицензиялық органмен келiскеннен кейiн лицензиат объектiнi пайдаланудан шығару жөнiндегi жұмыстарды орындауға арналған құжаттамасын әзiрлеуге және бекiтуге мiндеттi. 
      Мемлекеттiк экологиялық сараптама берген оң шешiм объектiнi пайдаланудан шығаруға жобалық құжаттамаға берiлген келiсiм туралы түпкiлiктi құжат және сонымен бiрге объектiлердi пайдаланудан шығару жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыруға рұқсат алуға негiз болып табылады. 
      34. Объектiлердi пайдаланудан шығару жөнiндегi жұмыстарды жүзеге асыруды мемлекеттiк комиссия жүргiзедi. 
      Объектiлердiң пайдаланудан шығарылуы туралы мемлекеттiк акт объектiнi пайдалану тоқтатылғанын және оны жаңа иесiне немесе мемлекеттiк басқару органына беруге дайын екендiгiн куәландыратын түпкiлiктi құжат болып табылады. 
      35. Объектiлердi пайдаланудан шығару жөнiндегi жұмыстар бiткен соң және ол туралы мемлекеттiк комиссия актiсiне қол қойылғаннан кейiн лицензиат тәуелсiз сарапшылардың қатысуымен объектiлердi пайдаланудан шығарғаннан кейiнгi қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн бағалауды орындауға мiндеттi. 
      Объектiлердi пайдаланудан шығарғаннан кейiнгi қоршаған табиғи ортаны бағалау актiсiн Қазақстан Республикасы: Экология және биоресурстар министрлiгінiң органдары бекiтуге тиiс. 
      Объектiлердi пайдаланудан шығарғаннан кейiнгi қоршаған табиғи ортаның жай-күйiн бағалаудың нәтижелерi, олар Қазақстан Республикасы Экология және биоресурстар министрлiгiнiң органдары тарапынан бекiтiлген жағдайда, объектiлердiң салыну (монтаждау) және пайдалану процесiнде олардың қоршаған табиғи ортаға тигiзген нақтылы әсерлерiн айқындайтын бiрден-бiр және түпкiлiктi өлшемдер болып табылады. 

         6. Теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды 
           аралдар, бөгеттер, ғимараттар мен қондырғылар құрылысына 
            (монтаждауға) және оларды пайдалануға рұқсат берудiң 
            тәртiбi мен шарттарының кейбiр ерекшелiктерi 

      36. Теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды аралдар, сондай-ақ ғимараттар және қондырғылар құрылысына (монтаждауға) рұқсат берiлген кезде осы Ереженiң 1-5-тарауларында көзделген тәртiптер мен шарттар сақталады. 
      37. Осы Ереженiң 2-тарауында айтылған тәртiпке қосымша, теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды аралдар, сондай-ақ қондырғылар мен ғимараттар құрылысына (монтаждауға) арналған жобалық құжаттаманы әзiрлеген кезде лицензиат мыналарды орындауға мiндеттi: 
      мемлекеттiк шекараны қорғауға, қорғаныс қабiлетiн қамтамасыз етуге, кедендiк және қоныс аудару ережелерiне, визалық режимге байланысты Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi тәртiптер мен шараларды тиiстi Құзыреттi органдармен келiсуге; 
      теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды аралдар, сондай-ақ ғимараттар мен қондырғылар құрылысына (монтаждауға) орын белгiлеуден бұрын кеме қатынасы мен осы объектiлердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды тиiстi Құзыреттi органдармен келiсуге; 
      теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды аралдар, сондай-ақ ғимараттар мен қондырғылар құрылысына (монтаждауға) орын таңдағанда, объектiлердiң сыртқы әрбiр нүктелерiнен 400 метрден аспауға тиiс қауiпсiздiк аймақтарын алдын ала қарастыруға; 
      теңiздiк ортаға, минералдық және жанды ресурстарға залал келтiрмеу үшiн алдын ала шаралар әзiрлеуге; 
      теңiз акваториясында жасанды аралдар, ғимараттар және қондырғылар бар екендiгi жөнiнде ескерту жүйесiн алдын ала қарастыруға; 
      Қазақстан Республикасының жағалаулық қызметiмен ұдайы байланыс жасау жүйесiн қамтамасыз етудi көздеуге мiндеттi. 
      38. Осы Ереженiң 3 және 4-тарауларында баяндалған тәртiпке қосымша теңiзде мұнай операцияларын жүргiзу кезiнде жасанды аралдар құрылысы (монтаждау) және оны пайдалану, сондай-ақ қондырғылар туғызу процесiнде лицензиат мыналарды орындауға мiндеттi: 
      тиiстi Құзыреттi органмен объектiге лицензиат қызметшiлерiн, мердiгерлердi және көмекшi мердiгерлердi (атқарушыларды) өткiзу режимi жүйесiн, сондай-ақ мемлекеттiк басқару және қадағалау органдары өкiлдерiн объектiге жiберудi қамтамасыз ету тәртiбiн әзiрлеуге және келiсуге; 
      тиiстi Құзыреттi органмен объектiге адамдардың келуiн және кетуiн қатаң тiркеуге алу, сондай-ақ объектiдегi адамдардың бар-жоқтығына бақылау жасау тәртiбiн әзiрлеуге және келiсуге; 
      тиiстi Құзыреттi органмен теңiзде адамдардың өмiрiн құтқару тәртiбiн әзiрлеуге және келiсуге. 
      39. Осы Ереженiң 5-тарауында айтылған тәртiпке қосымша лицензиат объектiнi пайдаланудан шығару жөнiндегi жұмыстарды орындау кезiнде объектiнi пайдаланудан шығару жөнiндегi жұмыстарды аяқтау және мемлекеттiк комиссия актiсiне қол қою бойынша тиiстi Құзыреттi органға оны пайдаланудан шығарғаннан кейiн объектiнiң дәл орналасқан жерi, техникалық жай-күйi және объектiнiң иесi туралы ақпарат беруге мiндеттi.