Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы ереженi бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1996 жылғы 18 қаңтар N 68. Күшi жойылды - ҚРҮ 1997.02.11. N 190 қаулысымен.

Күшін жойған

      "Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiн құрылымдық қайта құру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 12 маусымдағы N 813 P950813_ қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 20,

 

234-құжат) сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:

     1. Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi

мемлекеттiк комитетi туралы осыған қоса берiлген Ереже бекiтiлсiн.

     2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкiметi шешiмдерiнiң

күшi жойылған деп танылсын.


     Қазақстан Республикасы

       Премьер-Министрiнiң

        бiрiншi орынбасары

                                       Қазақстан Республикасы

                                           Үкiметiнiң

                                      1996 жылғы 18 қаңтардағы

                                          N 68 қаулысымен

                                           Бекiтiлген

            Қазақстан Республикасының Статистика және талдау

                 жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы

                               ЕРЕЖЕ


     I. Жалпы қағидалар


 
       1. Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi (бұдан әрi - Мемстатком) елдiң мемлекеттiк статистикасына басшылық ететiн, оның бүкiл аумағында статистикалық қызметтiң мазмұны мен сипатын айқындайтын, мемлекеттiк органдардың, заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлердiң республиканың әлеуметтiк-экономикалық дамуының жайы мен үрдiсiн сипаттайтын қажеттi статистикалық және экономикалық деректерге деген мұқтажын қанағаттандыратын және халықаралық деңгейде статистикалық деректердiң ақиқаттылығы мен әдiснамалық салыстырмалылығын қамтамасыз ететiн Қазақстан Республикасы атқарушы өкiметiнiң орталық органы болып табылады.
      2. Мемстатком өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттары мен келiсiмдерiн, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлықтары мен өкiмдерiн, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулыларын және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң өкiмдерiн, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.
      3. Мемстатком ұйымдық жағынан орталық аппараттан, оған тiкелей бағынышты статистика және талдау жөнiндегi облыстық, Алматы қалалық басқармаларынан, Статистикалық зерттеулер институтынан және Мемстатком мен Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгi жанындағы Есепке алу, статистика, еңбек және жұмыспен қамту кадрларын даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жөнiндегi республикалық салааралық институтынан құралады. Мемстаткомға бағынышты мекемелер мен ұйымдар өздерiнiң қызметiн жергiлiктi атқарушы органдарымен үйлестiредi, атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесi туралы оларды дүркiн-дүркiн хабардар етiп, статистика саласындағы бұрмалаушылықтарды жоюға және болғызбауға бағытталған ұсыныстар жасайды.
 
      II. Мемстаткомның мiндетi
      4. Мемстаткомның негiзгi мiндетi:
      республикада болып жатқан экономикалық және әлеуметтiк процестер мен олардың даму үрдiсiн жан-жақты зерделеу, қорыту мен талдау; статистика саласындағы жалпы мемлекеттiк саясаттың жүргiзiлуi мен орындалуын қамтамасыз ету;
      Қазақстан Республикасын егемендi мемлекет ретiнде сипаттайтын статистикалық көрсеткiштердiң тұтастығы, объективтiлiгi мен жеткiлiктiлiгiн қамтамасыз ету;
      халықаралық ережелер мен стандарттарға сәйкес келетiн статистикалық деректердiң әдiснамалық салыстырмалылығын қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды жүзеге асыру;
      мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдарын, жұртшылықты елде болып жатқан әлеуметтiк-экономикалық процестер мен құбылыстар туралы жүйелi түрде хабардар ету, статистикалық ақпаратты тарату, халықаралық статистикалық ынтымақтастық жасау және статистикалық ақпарат алмасып отыру болып табылады.
 
      III. Мемстаткомның функциясы
      5. Мемстатком өзiне жүктелген мiндеттерге сәйкес:
      статистиканың құқықтық негiзiн қамтамасыз ететiн республиканың қолданылып жүрген заңдылық және нормативтiк актiлерiнiң жаңа жобаларын жасайды және оларға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы Үкiметке ұсыныстар енгiзедi;
      Мемстатком бекiтетiн бағдарламалар мен статистикалық нысандар бойынша мемлекеттiк есеп жасау, бiржолғы есепке алу, сынаққа және iрiктеп байқауға алу түрiнде елiмiзде жүзеге асырылатын статистикалық байқауды ұйымдастырып, өткiзедi;
      елдегi статистикалық қызметтi үйлестiредi;
      Қазақстан Республикасының Статистиканы жетiлдiру жөнiндегi Мемлекеттiк бағдарламасы шараларының орындалуын ұйымдастырады;
      шаруашылық жүргiзушi және өзге де субъектiлердiң мемлекеттiк регистрiн және Мемстаткомға бекiтiлген жалпы жiктегiштер мен техникалық-экономикалық және әлеуметтiк ақпараттың кодтау жүйелерiн жүргiзу жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастырады;
      республиканың мүдделi министрлiктерiмен, мемлекеттiк комитеттерiмен әрi өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарымен келiсу бойынша статистикалық және ұйымдастырушылық жұмыстарының Регламентiн әзiрлейдi және оны жыл сайын Үкiметке бекiтуге ұсынады;
      бекiтiлген Регламентке сәйкес статистикалық және экономикалық ақпаратты жинауды, қорытуды, тарату мен сақтауды, оны "Қазақстан Республикасының Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетiн құрылымдық қайта құру туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 12 маусымдағы N 813 қаулысының 9-тармағына көзделген шарттармен Президентке, Парламентке және Үкiметке, министрлiктерге, мемлекеттiк комитеттер мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарға және басқа да заңды тұлғаларға, сондай-ақ ТМД-ға мүше мемлекеттердiң статистикалық органдарына және халықаралық ұйымдарға түсiрудi жүзеге асырады;
      статистика жөнiндегi халықаралық әдiснамалық ұсынылымдарды елдiң жағдайына қарай бейiмдейдi, жаңаларын әзiрлейдi, олардың статистикалық қызметтiң практикасына енгiзедi;
      көрсеткiштердiң ең шағын құрамын белгiлейдi әрi мемлекеттiк және ведомстволық статистикалық есептiң нысандарын және оларды жасау мен мемлекеттiк статистика органдарына түсiру тәртiбi туралы тиiстi нұсқаулар мен нұсқаулықтарды бекiтедi;
      ғылыми әдiснама және статистикалық байқаудың прогрессивтi әдiстерiн, компьютер техникасын, ақпарат беру құралдары мен полиграфиялық жабдықтарды кеңiнен қолдануға негiзделген қазiргi ақпараттық технологияларды енгiзу негiзiнде статистикалық ақпараттың ақиқаттылығын, дұрыстығы мен тұтастылығын қамтамасыз етедi;
      белгiленген тәртiппен статистикалық жинақтарды, бюллетеньдердi, экономикалық шолуларды және басқа да статистикалық материалдарды бастырып шығарады және таратады; қалың жұртшылық үшiн басылымдарда жиынтықталған статистикалық ақпаратты әрдайым жариялап отырады;
      министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттер мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың, кәсiпорындардың, ұйымдар мен мекемелердiң қызметкерлерiмен статистика мәселелерi жөнiндегi семинарлар мен кеңестер өткiзедi;
      мемлекеттiк статистика органдарының алдында есеп беретiн кәсiпорындарды, ұйымдар мен мекемелердi қажеттi статистикалық құралдармен қамтамасыз етедi;
      белгiленген тәртiппен мемлекеттiк құпияның сақталуын, бастапқы статистикалық ақпараттың жасырындылығын қамтамасыз етедi;
      қазiргi мемлекеттiк келiсiмдер шеңберiнде халықаралық экономикалық және статистикалық органдарымен және шетелдердiң статистикалық қызмет орындарымен ынтымақтастықты жүзеге асырады;
      статистикалық ақпарат жүйесiнiң дамуы мен өрiстеуiнiң, оның елiмiздiң және халықаралық ұйымдардың ақпарат жүйелерiмен өзара iс-қимылының аса маңызды проблемалары жөнiндегi ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын ұйымдастырады;
      есеп және статистика қызметкерлерiн даярлау, қайта даярлау және кәсiби мамандығын арттыруды ұйымдастырады.
 
      IV. Мемстаткомның құқығы
      6. Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына сәйкес, алдында қойылған мiндетi мен жүктелген функциясына қарай Мемстаткомның:
      қаржы, банк, кеден, құқық қорғау және өзге де органдар мен қызмет орындарын қосқанда, меншiк түрi мен ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, ел аумағында iс-қимыл жасайтын заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлерден, одан тысқары жерлерде iс-қимыл жасайтын резиденттерден Мемстатком белгiлеген көлемi мен мерзiмiнде дұрыс статистикалық деректер алуға;
      халық арасында статистикалық байқау жүргiзуге және азаматтардан статистика мақсаты үшiн қажеттi деректердi алуға;
      қажет болған жағдайда бастапқы және жиынтықты статистикалық деректердiң дұрыстығын тексеруге құқы бар. Олардың бұрмаланғаны анықталған жағдайда заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлерге мiндеттi түрде оны жою туралы нұсқаулар беруге, жиынтықты статистикалық деректерге тиiсiнше дәлелдемелер енгiзуге;
      шаруашылық шарттары бойынша бейiмдiлiк тақырыптама жөнiнде статистикалық, талдамалық, ақпараттық-есептеу және өзге жұмыстарды жүргiзуге, сондай-ақ белгiленген тәртiппен статистикалық ақпараттың заңды және жеке тұлғаларға өткiзiлуiн жүзеге асыруға;
      мемлекеттiк статистикалық байқауларды жүргiзуге белгiленген тәртiппен лауазымды адамдарды тартуға;
      айқындалған бұрмалаушылықты жойғанға дейiн Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңдарына қайшы келетiн мемлекеттiк және ведомстволық статистика мәселелерi жөнiндегi ведомстволық актiлердiң қолданылуын тоқтата тұруға;
      заңда белгiленген тәртiппен мемлекеттiк статистика мәселелерi жөнiндегi әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға;
      республика министрлiктерiнiң, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының, сондай-ақ меншiк түрi мен ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың мемлекеттiк статистика мәселелерi жөнiндегi Қазақстан Республикасының заңдарын орындауына бақылауды жүзеге асыруға;
      мемлекеттiк статистиканы жетiлдiру және қызметiн үйлестiрудiң неғұрлым маңызды проблемаларын шешу үшiн олар бойынша ведомствоаралық ғылыми-әдiстемелiк кеңестер, сондай-ақ, мүдделi министрлiктер мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары, басқа да ұйымдар мен мекемелерi, халықаралықтарын қоса, өкiлдерiнiң қатысуымен уақытша жұмыс топтарын құруға;
      өз құзыретi шегiнде республиканың министрлiктерiне, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарына, ел аумағындағы кәсiпорындарға, мекемелер мен ұйымдарға және шет жерде қызмет ететiн резиденттерге, олардың меншiк түрi мен ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, мемлекеттiк статистикалық есеп берудегi бұрмалаушылықты жою туралы олардың орындауы үшiн мiндеттi ұйғарымнама беруге;
      белгiленген тәртiппен статистика мәселелерi жөнiнде республиканың барлық министрлiктерiнiң, мемлекеттiк комитеттерi мен өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдарының, кәсiпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың орындауы үшiн мiндеттi қаулылар, нұсқаулықтар мен нұсқаулар шығаруға құқығы бар.
 
      V. Мемстаткомның жұмысын ұйымдастыру
      7. Мемстаткомды Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайтын және лауазымнан босататын Төраға басқарады.
      8. Қазақстан Республикасы Мемстаткомның Төрағасы облыстардың және Алматы қаласының әкiмдерiмен келiсуi бойынша статистика және талдау жөнiндегi облыстық, Алматы қалалық басқармаларының бастықтарын лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
      Мемстаткомға тiкелей бағынатын оған қарасты ұйымдар мен басқармалардың басшыларын, кандидатуралары алқада қаралғаннан кейiн, Мемстаткомның Төрағасы оларды лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
      9. Мемстаткомның Төрағасы:
      Мемстаткомның қызметiн басқарады, оған жүктелген мiндеттердiң орындалуы мен өз функцияларының iске асырылуы үшiн дербес жауап бередi; Төраға орынбасарлары арасындағы мiндеттердi бөледi;
      белгiленген адам саны мен еңбек ақы қоры шегiнде орталық аппараттың және статистика және талдау жөнiндегi облыстық (қалалық) басқармалары аппаратының штаттық кестесiн бекiтедi;
      орталық аппарат қызметкерлерiн және оған қарасты органдардың басшы қызметкерлерiн лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады, оларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген мадақтау шаралары мен тәртiптiк жазаларды қолданады;
      өз құзыретi шегiнде, қолданылып жүрген заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн барлық қызмет орындары мен оларға қарасты ұйымдардың орындауы үшiн мiндеттi бұйрықтар, нұсқаулықтар шығарады;
      басқа министрлермен, мемлекеттiк комитеттердiң төрағаларымен, Қазақстан Республикасының өзге де орталық және басқарушы органдарының басшыларымен келiсу бойынша бұйрықтар мен нұсқаулықтар шығарады.
      10. Мемстаткомда құрамында Төраға (алқа төрағасы), оның орынбасарлары және орталық аппарат пен оған қарасты ұйымдардың басшы қызметкерлерi бар алқа құрылады. Алқаның адам саны мен дербес құрамын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Алқа өзiнiң мәжiлiстерiнде Мемстаткомның ағымдағы және келешектегi мiндеттерiн айқындайды, статистиканы ұйымдастыру әдiстерiн жетiлдiрудiң, қабылданған шешiмдердi орындаудың, кадрларды iрiктеудiң, орналастырудың, қайта даярлаудың негiзгi мәселелерiн қарайды; аса маңызды бұйрықтардың, нормативтiк және әдiстемелiк құжаттардың жобаларын талқылайды; бөлiмшелердiң жұмысы туралы есептердi тыңдайды.
      Алқаның шешiмдерi алқа қаулыларымен және Мемстатком Төрағасының бұйрықтарымен жүзеге асырылады.
      11. Мемстаткомның құрылымын, аппараты қызметкерлерiнiң шектi санын, соның iшiнде орталық аппараттың да, және еңбек ақы қорын қосқанда, оны ұстауға жұмсалатын қаражат мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      12. Мемстаткомның және оның жергiлiктi органдарының жалпы республикалық және аймақтық функционалдық мiндеттерiн орындауы үшiн, сондай-ақ оның материалдық-техникалық базасын дамыту үшiн қажеттi қаржысының негiзi республика бюджетiнiң қаражатынан, сондай-ақ, қолданылып жүрген заңдарға сәйкес шарттық жағдайларда статистикалық қызмет көрсетуден алынатын кiрiстерден құралады.
      Қолданылып жүрген заңдарға сәйкес шарттық жағдайлармен статистикалық қызмет көрсетуден құрылатын Мемстаткомның валюталық қоры статистикалық органдар жүйесiнiң материалдық-техникалық және әлеуметтiк дамуына, сондай-ақ статистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыруға пайдаланылады. Қорды жұмсау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi бекiтедi.
      13. Мемстатком - заңды тұлға болып табылады, өзiне тиесiлi мүлкiне ие, ағымдағы (есеп айырысу) және валюталық шоттары және Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк елтаңбасы бейнеленген, өз атауы қазақ және орыс тiлдерiнде жазылған мөрi бар.
      Мемстатком өзiне қарасты ұйымдардың жұмысына басшылық етедi, сондай-ақ, олардың ережелерiн (жарғыларын) бекiтедi.
      14. Мемстаткомды және оған қарасты ұйымдарды қайта ұйымдастыру мен тарату Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
 

                                       Қазақстан Республикасы



                                            Үкiметiнiң

                                      1996 жылғы 18 қаңтардағы

                                          N 68 қаулысына

                                           Қосымша



 
              Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң күшi жойылған
                              шешiмдерiнiң
                                ТIЗБЕСI
      1. "Қазақ КСР Статистика және талдау жөнiндегi мемлекеттiк комитетi, статистика және талдау жөнiндегi облыстық (Алматы қалалық) басқармасы туралы Ереженi бекiту туралы" Қазақ КСР Министрлер Кабинетiнiң 1991 жылғы 5 қарашадағы N 668 қаулысы.
      2. "Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 19 мамырдағы N 715 P950715_ қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 18, 203-құжат) 14-тармағы.
      3. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк мүлiктi басқару жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң мәселелерi" жайындағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 19 мамырдағы N 716 P950716_ қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 18, 204-құжат) 13-тармағы.
      4. "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк Медетшi банкi қызметiнiң мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 8 маусымдағы N 800 P950800_ қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 20, 232-құжат) 8-тармағы.
      5. Қазақстан Республикасының Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы елдерiмен ынтымақтастығы жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң мәселелерi" жайындағы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995 жылғы 13 маусымдағы N 819 P950819_ қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1995 ж., N 21, 238-құжат) 11-тармағы.