Жәрдем-жинақ шотын жүргiзу және тұрғын үй шараларына кредит беру туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 29 шiлде 1994 ж. N 850

Қолданыстағы
      Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Жаңа тұрғын үй саясаты туралы" 1993 жылғы 6 қыркүйектегi N 1344 U931344_ Жарлығын орындау үшiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiмен келiсiлген шарттарға сәйкес тұрғын үйге арналған жәрдем-жинақ шотының екi түрiн:
      - жаңа тұрғын үй саясатының мемлекеттiк бағдарламасына сәйкес тұрғын үйдi қаржыландыру және кредиттеу жөнiнде жеңiлдiгi бар азаматтар санаттары үшiн - тұрғын үйге арналған жәрдем-жинақ шотын қамтамасыз етсiн.
      Жеңiлдiк жасалған кредит Қазақстан Республикасының Үкiметi бөлетiн қаражат есебiнен жылына 5 процент ставка бойынша 30 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi;
      - басқа азаматтар үшiн олардың тұрғын үйi бар екенiне қарамастан - тұрғын үйге арналған жинақталған жәрдем-жинақ шоты жүргiзiледi ("Тұрғын үй жинақ шоты").
      Осы шоттарға қаражат жинау және кредит беру Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi белгiлейтiн мөлшер мен мерзiмде, сондай-ақ проценттiк ставка бойынша жүргiзiледi.
      2. Тұрғын үй жағдайын жақсарту кезегiнде 10 жыл және одан да көп уақыттан берi тұрған, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тегiн үй алу кезегiнен шыққысы келетiн азаматтарға 1994-1995 жылдарға тұрғын үй салуға және сатып алуға бюджеттен қайтарылмайтын дотация мен жеңiлдiк жасалған кредит бөлу тәртiбi бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
      3. Былай деп белгiленсiн:
      бюджеттен қайтарылмайтын дотация мен жеңiлдiк жасалған кредит беру осы Тәртiпке және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкiмен келiсiлген жеңiлдiк жасалған кредитi бар азаматтарға тұрғын үй салу үшiн Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi беретiн тәртiп туралы уақытша ережелерге сәйкес жүргiзiледi;
      бюджет қаражаты есебiнен iшiнара дотациясы бар жеңiлдiк жасалған кредит алуға мұқтаж азаматтар санатына:
      жергiлiктi әкiмшiлiктер мен бюджеттiк ұйымдарда тұрғын үй алу кезегiнде 10 жыл және одан да көп уақыт тұрған, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тегiн үй алу кезегiнен шыққысы келетiн азаматтар;
      Қазақстан Республикасының Халықтық банкiнде ашылған тұрғын үй салымына қаражат жинау шарттарын орындаған азаматтар кiргiзiледi.
      4. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi кредиттiң есебiн АҚШ долларының курсымен шығарсын. Ол үшiн банкке берiлген кредиттер мен қосылған проценттердi доллармен бағалап есептеуге рұқсат етiлсiн. Берiлген жәрдем мен қосылған проценттер бойынша төлеудi заемшылар қаражат жарнасын төлейтiн күнгi АҚШ долларының биржалық курсы бойынша теңгемен өтейдi.
      5. 1994-1995 жылдарға дотациялар мен жеңiлдiк жасалған кредиттердiң мөлшерiн анықтау үшiн нормативтердiң мынадай құрамы белгiленсiн:
      тұрғын үй алаңы Қазақстан Республикасының тұрғын үй кодексiнде көзделген қолданылып жүрген әлеуметтiк нормалар шегiнде;
      тұрғын үйдiң әрбiр шаршы метрiнiң құны Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгi аймақтар бойынша белгiлейтiн әлеуметтiк норма бойынша және арнайы бюллетеньдерде жарияланып тұратын норма бойынша.
      6. Қазақстан Республикасының Құрылыс, тұрғын үй және аумақтарда құрылыс салу министрлiгi, Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi және жергiлiктi әкiмдер бәсекелестiк орта жасау, жобалаушылар, құрылысшылар және құрылыс материалдарын шығарушылар арасында сауда өткiзу, құрылыс өндiрiсi мен құрылыс материалдары өнеркәсiбiнiң базасын тиiмдi де қымбат емес материалдар, конструкциялар, бұйымдар шығаруға және оларды тұрғын үй салу кезiнде қолдануға бағдарлай отырып жаңғырту жолымен тұрғын үй қорын жасау және оның құнын арзандату жұмыстарын жүргiзетiн болсын.

     Тұрғын үйдi банк кредитiн алған азаматтарға бiрiншi
кезекте сату iсi ұйымдастырылсын.
     7. "Қазақстан теледидары мен радиосы" республикалық 
корпорациясы, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық
ақпарат құралдары министрлiгi тұрғын үй құрылысы жөнiнде
жарнама, түсiндiру материалдарын және басқа үгiт материалдарын
беру iсiн ұйымдастыратын болсын.
     
     Қазақстан Республикасының
          Премьер-министрi
                                       Қазақстан Республикасы
                                       Министрлер Кабинетiнiң
                                       1994 жылғы 29 шiлдедегi
                                           N 850 қаулысымен
                                            Бекiтiлген
     
            Тұрғын үй жағдайын жақсарту кезегiнде 10 жыл және
         одан да көп уақыттан берi тұрған, мемлекеттiк тұрғын үй
        қорынан тегiн үй алу кезегiнен шыққысы келетiн азаматтарға
          1994-1995 жылдарға тұрғын үй салуға және сатып алуға
         бюджеттен қайтарылмайтын дотация мен жеңiлдiк жасалған
                            кредит бөлу
                              Тәртiбi
     


      1. Тегiн пәтер алу кезегiнде 10 жыл және одан да көп уақыт тұрған және банк кредитiн пайдаланып жеке үй салғысы келетiн немесе сатып алғысы келетiн отбасыларға:
      белгiленген әлеуметтiк норма бойынша бюджеттен үй құнының 20 процентi мөлшерiнде қайтарылмайтын дотация берiледi;
      сатып алынатын үй құнының жетiспейтiн бөлiгi отбасылардың өздерi жинаған қаражаты және оларға жылына 5 проценттен аспайтын ставка бойынша 30 жыл мерзiмге дейiн жеңiлдiк жасалған кредит беру есебiнен толтырылады.
      Заемшылардың мұндай санатына аудандық (қалалық) әкiмшiлiктер мен бюджет ұйымдарында тегiн пәтер алу кезегiнде тұрғандар жатады. Кезекте тұрғандардың бұл санатына жатқызу үшiн азаматтарға жергiлiктi әкiмшiлiктер мен бюджет ұйымдарынан тегiн пәтер алу кезегiне қойылған күнi көрсетiлiп, оны берген орган басшысының қолы қойылып, мөр басылып берiлген анықтама қағаз негiз болып табылады.
      2. Азаматтардың жеке үй сатып алуына бюджеттен қайтарылмайтын дотация мен банктiң жеңiлдiк жасалған кредитiн берудiң мынадай тәртiбi белгiленедi:
      аудандық (қалалық) әкiмшiлiктер жанынан жергiлiктi әкiмшiлiктер, қаржы органдары және Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкiнiң мекемелерi (немесе агент-банк) өкiлдерiнен комиссиялар құрылады, олар;
      азаматтардың тегiн мемлекеттiк үй алу кезегiнен шығатыны және банк кредитiнiң көмегiмен үй салғысы немесе жекеменшiгiне сатып алғысы келетiнi туралы өтiнiштерiн, сондай-ақ сатып алынатын үйдiң белгiленген әлеуметтiк норма бойынша мөлшерi мен құнын анықтау үшiн қажеттi басқа да құжаттарды (отбасының құрамы, сатып алынатын үйдiң түрi мен мөлшерi, үй сататын жер учаскесiн бөлу туралы және басқа құжаттарды) қарайды;
      кезекте тұрғандардың әрқайсысының бюджеттен қайтарылмайтын дотация алу құқын, мөлшерi мен алу кезегiн дербес анықтайды. Бiрiншi кезекте бюджеттен дотацияны үйi жоқ азаматтар, сонан соң тұрған үйi қолданылып жүрген тұрғын үй заңының әлеуметтiк нормасына сай келмейтiн азаматтар алады;
      белгiленген тәртiппен азаматтардың үй салуға немесе сатып алуға берген кредиттi өтей алмайтындығы мәселесiн қарайды;
      үй салатын немесе сатып алатын (дотация, өз қаражаты, кәсiпорын қаражаты мен банк кредиттерi есебiнен) қаржы көздерiмен қамтамасыз ету жолдарын зерттейдi;
      табыс деңгейi төмен (отбасылардың табысын қосқан кезде отбасының әрбiр мүшесiне шаққанда 4 ең аз жалақы мөлшерiнен кем болатын) азаматтарға тегiн мемлекеттiк тұрғын үй алу құқы сақталады. Бұл орайда олардың үй сатып алуына бюджеттен дотация мен банк кредитi бөлiнбейдi;
      азаматтарды тұрғын үй салу немесе сатып алу үшiн бюджеттен дотация және банктен кредит алу тiзiмiне кiргiзу туралы шешiм қабылдайды және осы шешiмдердi азаматтарға бередi;
      аудан (қала) бойынша бюджеттен дотация және жеңiлдiк жасалған кредиттер алатын азаматтардың тiзiмiн Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкiнiң (немесе агент-банктiң) қаржы органдары мен мекемелерiне берiп отырады.
      Азаматтарды тегiн Мемлекеттiк тұрғын үй алушылар кезегiнен шығару туралы мәселе олар тұрғын үйдi салып бiтiп, оны пайдалануға қабылдау немесе үйдi (пәтердi) сатып алу-сату актiсi негiзiнде тұрғын үйдi сатып алу актiсi ресiмделгеннен кейiн шешiледi.
      3. Облыстық (қалалық) әкiмшiлiктер мен Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкiнiң (немесе агент-банк) мекемелерi облыс (қала) бойынша бюджеттiк дотациялар мен жеңiлдiк жасалған кредит алушылар кезегiнде тұрған азаматтардың тiзiмiн жасап, оны Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкiсiне бередi.
      4. Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi облыстық (қалалық) әкiмшiлiктердiң жиынтық тiзiмiнiң негiзiнде республика бойынша әрбiр жылға азаматтарға тұрғын үй салу шараларына бюджеттен дотациялар және жеңiлдiк жасалған кредиттер беруге қажеттi қаражат көлемiн анықтап, алдағы жылға арналған бюджет жобасын жасау үшiн белгiленген мерзiмде республиканың қаржы министрлiгiне өтiнiш жiбередi.
      5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi үстiмiздегi жылға бекiтiлген бюджетке сәйкес Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкiне 30-баптың 170-тарауы (мемлекеттiк дотация) бойынша кредиттер ашу жолымен қаржыландыруды жүзеге асырады.
      Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi бюджеттен түскен қаражатты бөлек бюджет шотында есепке алып отырады.
      6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi облыстық әкiмшiлiктердiң тiзiмi негiзiнде бюджеттен берiлетiн қайтарылмайтын дотацияның сомасын бөлiп, өз бөлiмшелерiне (немесе агент-банктерге) бюджеттiк тапсырмамен жеткiзiп тұрады. Мұнымен бiр мезгiлде жеңiлдiк жасалған кредиттiң көлемi хабарланады. Азаматтардың жәрдем-жинақ шоттарына бюджет қаражатын қосу бюджеттiк шоттан төлемдiк тапсырмалармен кезегi келуiне қарай және аудандық (қалалық) әкiмшiлiктер комиссияларының тiзiмiнде белгiленген көлемiне қарай жүргiзiледi.
      Осы тiзiмге кiрген азаматтардың бәрi бiр жылда толық қамтамасыз етiлмеген жағдайда жәрдем-жинақ шотына бюджеттiк қаражатты есептеп қосу оның түсуiне қарай белгiленген кезек тәртiбiмен жүргiзiледi.
      7. Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне бюджеттен мемлекеттiк дотацияға берiлген қаражаттың жұмсалуы жөнiнде белгiленген нысанмен есеп берiп отырады.
      8. Қайтарылмайтын дотация қаражаты тұрғын үй салуға немесе сатып алуға ғана пайдаланылады.
      Бұл қаражат жәрдем-жинақ шотынан қолма-қол ақша төлемей есеп айырысу чектерiн, чек кiтапшаларын беру және сомаларды сауда, құрылыс және басқа ұйымдардың шотына аудару жолымен немесе азаматтардың өтiнiшi бойынша қолма-қол ақшамен қатаң түрде мақсатқа сай жұмсалатын етiп берiледi.
      9. Қайтарылмайтын дотация қаржысының мақсатқа сай жұмсалуын бақылау Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы банкiне, сондай-ақ жергiлiктi жердегi Мемлекеттiк қаржы бақылау органдарына және аудандық әкiмшiлiктерге жүктеледi.
      Кезек сақтаудың жай-күйi туралы дүдәмал деректер берiлген жағдайда, қайтарылмайтын мемлекеттiк дотациялар мен банк кредиттерi жөнсiз алынған болса, аталған дотациялар мен кредиттер индекстеудi, айып салу санкцияларын қолдана отырып және жауапты адамдарды жауапқа тарту жолымен сот органдары арқылы заемшылардан мерзiмiнен бұрын өндiрiлiп алынады.
      Бюджеттен алынған дотация мен банк кредитi мақсатқа сай жұмсалмаған жағдайда бұл қаражат индекстеудi және банк белгiлеген айып салу санкцияларын қолдана отырып, ең алдымен жәрдем-жинақ шотындағы қаражаттың қалдығы есебiнен өндiрiлiп алынуға тиiстi, ал жетiспейтiн сомасы, егер жәрдем алған заемшы оны өз еркiмен қайтарып беруден бас тартатын болса, азаматтық сот шешiмi жолымен өндiрiлiп алынады. Қаражатты мақсатқа сай жұмсамаған адамдар оны қайтадан алу құқынан айырылады.