Қызмет бабымен шетелге шығудың тәртiбi және шетелдiк iссапарларға валюта қаржысының жұмсалуын бақылауды күшейту жөнiндегi шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң қаулысы 20 шiлде 1993 ж. N 630. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2005.03.01. N 187 қаулысымен.

Күшін жойған

      Қызмет бабымен шетелге шығуды ретке келтiру, шетелдiк iс сапарлардың тиiмдiлiгiн арттыру және iссапарға жiберушi ұйымдардың валюта қаржысын жұмсаудағы жауапкершiлiгiн күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi: 
      1. Қызмет бабымен шетелге шығудың тәртiбi туралы Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр). 
      2. Қазақстан Республикасының министрлiктерi мен ведомстволары, облыстардың, Алматы және Ленинск қалалары әкiмдерi, ұйымдардың, мекемелер мен кәсiпорындардың басшылары: 
      - қызмет бабымен шетелге шығудың тәртiбi туралы Ережемен бекiтiлген тәртiптi қатаң сақтауға, валюта қаржысын тиiмдi пайдалануға, шетелдiк iссапарлар жөнiндегi есеп пен есеп берудi ұйымдастыруға қажеттi шаралар қабылдасын; 
      - коллегияларда, мәжiлiстерде, ғылыми-техникалық кеңестерде қызмет бабымен шетелге барып келген қызметкерлердiң есебiн үнемi тыңдап отырсын. 
      3. Министрлiктер мен ведомстволар, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi тоқсан сайын: 
      - шетелдiк iссапарларға валюта қаржысын пайдалану туралы - Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне; 
      - шетелдiк iссапарлардың нәтижелерi туралы есеп жайында - Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiне ақпарат берiп отырсын. 
      4. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi. 
      - министрлiктер мен ведомстволарға, облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерiне шетелдiк паспорттарды ресiмдеу және шет мемлекеттердiң визаларын алу жұмысын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдерде болу режимi мен жағдайын хабарлап тұру үшiн қажет анықтамалық және басқа реттеушi материалдарды үнемi жiберiп отырсын; 
      - өз құзыры шеңберiнде министрлiктер мен ведомстволардың, облыстардың, Алматы және Ленинск қалалары әкiмдерiнiң шетелдiк iссапарларын ұйымдастыру және олардың тиiмдiлiгiн арттыру жұмысын үйлестiрудi қамтамасыз етсiн, жылына екi рет - шiлде мен қаңтар айларында Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiн осы саладағы iстiң жайы және шетелдiк iссапарларын жүзеге асыруда байқалған кемшiлiктер туралы хабардар етудi қоса алғанда оны, жетiлдiру жөнiнде шаралар қабылдасын. 
      5. Мемлекеттiк өкiмет пен басқару органдары ұйымдар, мекемелер, кәсiпорындар мен мемлекеттiк банкiлер қызметкерлерiнiң осы мақсатқа көзделмеген қаржы есебiнен, сондай-ақ қабылдаушы жақтың есебiнен екi жақты келiсiмдермен валютасыз негiзде көзделгендегiден басқа уақытта шетелдiк iссапарларға шығуына тыйым салынсын. 
      6. Қазақстан Республикасының қаржы министрлiгi: 
      - министрлiктер мен ведомстволарға Республикалық валюта қорынан шетелдiк iссапарларға бөлiнетiн валюта қаржысының лимитiн; 
      - мемлекеттiк ұйымдардың, мекемелер мен кәсiпорындардың валюталық түсiмi барларының шетелдiк iссапарларға валюта қаржысын жұмсау тәртiбi туралы ережесiн; 
      - Қазақстан Республикасының қызмет бабымен шетелге шығатын қызметкерлерi үшiн iссапар шығынының орнын толтыру нормаларын әзiрлеп, оны Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiнiң бекiтуiне енгiзсiн. 
      7. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi шетелдiк iссапарларына барған кезде ұлттық қауiпсiздiк органдарынан сұрау салынбайтын адамдардың тiзбесiн әзiрлеп, оны Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң бекiтуiне енгiзсiн.
      8. "Қызмет бабымен шетелге шығудың тәртiбiн жетiлдiру туралы" СССР Министрлер Советiнiң 1989 жылғы 16 тамыздағы N 661 қаулысын жүзеге асыру туралы" Қазақ ССР Министрлер Советiнiң 1989 жылғы 29 қыркүйектегi N 301 қаулысының күшi жойылған деп танылсын.     

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-министрi

Қазақстан Республикасы          
Министрлер Кабинетiнiң          
1993 жылғы 20 шiлдедегi          
N 630 қаулысымен              
Бекiтiлген                 

  Қызмет бабымен шет елге бару тәртiбi туралы
Ереже

  I. Жалпы ережелер

       1. Мамандар мен делегациялардың қызмет бабымен шет елге iссапарға баруы Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен ынтымақтасуының маңызды нысаны болып табылады. 
      Шет елге iссапарға кәсiби жағынан неғұрлым әзiр қызметкерлер жiберiледi. 
      Шет елге жiберiлетiн мамандарды iрiктеп алу мен даярлау олардың шет елдегi жұмысының тиiмдiлiгi үшiн iссапарға жiберушi ұйымдардың басшылары жауап бередi. 
      2. Мамандар мен делегацияларды қызмет бабымен шет елге iссапарға жiберген кезде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын, қолданылып жүрген заңдардың, контракттарды, халықаралық ынтымақтастық жоспарларын басшылыққа алып, сапарлардың саяси және экономикалық тұрғыдан тиiмдiлiгiн ескеру қажет. 
      3. Iссапарға жiберушi ұйым қабылдаушы жақпен, ал қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелерiмен делегациялар мен мамандардың сапарға шығатын күнiн, бағдарламасын және шет елде болуы мерзiмiн келiсiп алуды қамтамасыз етедi. 
      4. Сапарлардың саяси сипаты болған жағдайда және Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекетаралық ұйымдармен және мемлекеттермен қарым-қатынасының жайына әсерiн тигiзетiн болса, iссапарға жiберушi ұйым делегацияларды немесе жекелеген мамандарды шет елге жiберу жайын мiндеттi түрде Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгiмен келiседi. 

  II. Шет елге iссапарға жiберу туралы шешiм 
қабылдау 

      5. Делегациялар мен мамандардың қызмет бабымен шет елге баруы туралы шешiмдi, iссапардың мерзiмiне қарамастан, кәсiпорындардың, бiрлестiктер мен ұйымдардың басшылары, мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын iссапарларды қоспағанда, барлық санаттағы қызметкер жөнiнде өздiгiнен қабылдайды. Мемлекеттiк құпияның сақталуы мақсатында iссапарға жiберушi ұйымдар сапарға шығатын қызметкерлердiң мемлекеттiк құпиядан хабардарлығын анықтау үшiн Ұлттық қауiпсiздiк органдарына алдын-ала өтiнiш жасайды. Ұлттық қауiпсiздiк органдары мұндай сауалдарға 15 күн iшiнде жауап бередi. <*>
      Мемлекеттiк құпиядан хабардарлығы мәселесi жөнiнде ұлттық қауiпсiздiк органынан өтiнiш жасау мерзiмдiгi - бес жылда бiр рет (егер iссапарға шығушы жұмыс орнын ауыстырмаса). 
       ЕСКЕРТУ. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.07.23. N 1052   қаулысымен .  
      6. Лауазымды тұлғаларды мемлекеттiк бюджеттің қаражаты есебiнен шетелге iссапарға жiберу Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң шешімдерi бойынша жүзеге асырылады. <*>
       ЕСКЕРТУ. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.07.23. N 1052   қаулысымен .  
      7. Мемлекеттiк құпиядан хабардар мамандардың шет елге баруы тапсырманы орындауға олардың тiкелей қатысуы қажет болған жағдайда және ұлттық қауiпсiздiк органдарының пiкiрiн, iссапардың мерзiмiн және баратын елдiң жағдайын ескере отырып жүзеге асырылады. 
      8. Ұлттық қауiпсiздiк органдарынан сұрау салынбайтын адамдардың, сондай-ақ мемлекеттiк құпиядан хабардарлығына байланысты шет елге баруына шектеу жасалмайтын адамдардың тiзбесi белгiленген тәртiппен айқындалады. 
      9. Делегациялар мен мамандардың шет елде болу мерзiмiн iссапарға жiберушi ұйым анықтайды. 
      Қаржы жағы болған жағдайда Қазақстан Республикасының Елшiлерi, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерi делегациялар мен мамандардың шет елде болу мерзiмiн ұзарта алады және шет елде iссапарда жүрген мамандардың үшiншi елдерге баруына рұқсат ете алады. Үшiншi елдерге бару және iссапар мерзiмiн ұзарту туралы шешiм iссапарға жiберушi ұйымдармен келiсiм бойынша қабылданады. 

  III. Шетелдiк паспорттарды ресiмдеу және 
шет мемлекеттердiң визасын алу

        10. Ұлттық шетелдiк паспорттар енгiзiлгенге дейiн "Қазақстан Республикасының азаматы" деген белгi соғылған бұрынғы СССР-дiң жалпы азаматтық шетелдiк, қызметтiк және дипломатиялық паспорттары жарамды болып саналады. 
      11. Жалпы азаматтық шетелдiк паспорттарды Iшкi iстер министрлiгi аумақтық принцип бойынша бередi. 
      12. Сыртқы iстер министрлiгi қызметтiк және дипломатиялық паспорттарды ресiмдейдi. Мұндай паспорттар тиiстi нормативтi актiлердiң талаптарына сәйкес берiледi. 
      13. Шет елге бару құжаттарын ресiмдеу үшiн iссапарға жiберушi ұйым бұған қажеттi құжаттарды мына органдарға жiбередi: 
      а) Сыртқы iстер министрлiгiне: 
      - Қазақстан Республикасы Президентi мен Министрлер Кабинетiнiң Аппараты, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесi, министрлiктер, орталық ведомстволар мен мекемелер - барлық жағдайларда; 
      - облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi - бару үшiн виза ресiмдеу талап етiлетiн елдерге iссапарға шығу кезiнде; 
      - мемлекеттiк, қоғамдық және басқа кәсiпорындар, бiрлестiктер мен ұйымдар - бару үшiн виза ресiмдеу талап етiлетiн елдерге iссапарға шығу кезiнде, егер шет ел елшiлiктерi Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан болса. 
      ә) Iшкi iстер министрлiгiне: 
      - облыстардың, Алматы және Ленинск қалаларының әкiмдерi - азаматтардың визасыз негiзде жүрiп-тұруы туралы келiсiм жасалған елдерге iссапарға шыққан кезде; 
      - мемлекеттiк, қоғамдық және басқа кәсiпорындар, бiрлестiктер мен ұйымдар аумақтық принцип бойынша - азаматтардың визасыз негiзде жүрiп-тұруы туралы келiсiм жасалған елдерге iссапарға шығатын немесе бару үшiн виза ресiмдеу талап етiлетiн, бiрақ олардың елшiлiктерi Алматы қаласында орналасқан елдерге баратын кезде. 

  IV. Шет елге теңiз, әуе жолымен, темiр жол және 
автомобиль көлiгiмен сапарға жiберу тәртiбi
туралы 

      14. Шет елге теңiз жолымен сапарға жiберу Қазақстан Республикасының шет елге шығатын кемелерi бар министрлiктерi мен ведомстволары тiзбесiн бекiтетiн пароходстволардың, өндiрiстiк бiрлестiктердiң және басқа ұйымдардың шешiмi негiзiнде, осы Ереженiң 5-тармағында көзделген тәртiптi сақтай отырып жүзеге асырылады. 
      Осы тәртiп шет елге баратын кемелер экипажының құрамында жұмыс iстеуге ұсынылған адамдарды, кәсiпорындар мен ұйымдардың шет елге үнемi шығып тұратын мамандарын жұмысқа алуға ресiмдеген кезде қолданылады. 
      Мұндай адамдарды, сондай-ақ жүзу құрамының қызметкерлерiн шет елге жiберу туралы шешiм оларды шет ел қоғамдары мен компанияларының кемелерiнде жұмысқа жiберу үшiн негiз болып табылады. 
      Кеме экипаждарының мүшелерiн сапарға жiберу туралы шешiм, бұған бөгет жасайтын себептер туындамаса, шет елге баратын кемелердегi еңбек қызметiнiң бүкiл кезеңiне жарамды болып табылады. Қызметкер саладан жұмыстан шығарылған кезде оны шет елге жiберу туралы шешiм күшiн жояды. 
      15. Шет елге әуе жолымен сапарға жiберу Қазақстан Республикасының шет елге шығатын әуе кемелерi бар министрлiктерi мен ведомстволары тiзбесiн бекiтетiн Қазақ азаматтық авиация басқармасының, өндiрiстiк бiрлестiктердiң және басқа ұйымдардың шешiмi негiзiнде, осы Ереженiң 5-тармағында көзделген тәртiптi сақтай отырып жүзеге асырылады. 
      Осы тәртiп шет елге үнемi шығып тұратын әуе кемелерi экипажының құрамында ұшуға ұсынылған адамдарды шет елге ұшу үшiн алғаш рет ресiмдеген кезде ғана қолданылады. 
      Әуе кемелерi экипажының мүшелерiн сапарға жiберу туралы шешiм, бұған бөгет жасайтын себептер туындамаса, шет елге бiрнеше рет ұшып баратын бөлiмше құрамындағы еңбек қызметiнiң бүкiл кезеңiне жарамды болып табылады. 
      Әскери әуе кемелерiнiң экипаждарын шет елге сапарға жiберудi Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады. 
      16. Визасыз режим туралы келiсiм жасалған елдерге әуе кемелерiнiң құрамы келу-кету визасын алмай-ақ ұша бередi. 
      Шет мемлекеттiң заңдары бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемелерi экипаждары мүшелерi үшiн келу-кету визасының болуы көзделген болса, шетелдiк паспорттарды ресiмдеу және виза алу осы Ереженiң III бөлiмiне сәйкес жүзеге асырылады. 
      17. Халықаралық темiр жол және автомобиль қатынасы қызмет көрсететiн қызметкерлердiң шет елге баруы тiзбесiн Көлiк министрлiгi бекiтетiн темiр жол басқармаларының, өндiрiстiк бiрлестiктердiң және басқа ұйымдардың шешiмi негiзiнде, осы Ереженiң 5-тармағында көзделген тәртiптi сақтай отырып жүзеге асырылады. 
      18. Қызмет бабымен шет елге баруға арналған құжаттарды ресiмдеу, шетелдiк паспорттарды және шет мемлекеттердiң бару визаларын алу тәртiбi туралы нұсқауды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Iшкi iстер министрлiгi Қазақстан республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң келiсуiмен әзiрлейдi және бекiтедi. 
      Аталған нұсқауды, сондай-ақ мамандардың қызмет бабымен шет елге iссапарға баруын ресiмдеуге қажеттi құжаттардың үлгiлерiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлiгi мен Iшкi iстер министрлiгi таратады.