Әйелді зорлағаны үшін жауапкершілікті белгілейтін заңдардың қолданылуы бойынша сот тәжірибесінде туған мәселелерге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Пленумы
Қаулы етеді:
1. Зорлау деп күш жұмсап, қорқытып немесе жәбірленушінің дәрменсіздігін пайдаланып әйел жынысты адаммен жыныс қатынасын жасауды түсіну керек. Субъективтік жағынан зорлау тікелей қылмыстық ниетпен сипатталады.
Ескерту. 1-тармаққа өзгерту енгізілді -
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.
N 12
Нормативтік қаулысымен.
2. Күш жұмсау деп жәбірленушінің қарсылығын болдырмауға бағытталған әрекеттерді, мысалы ұрып-соғуды, тыныс алу жолдарын қысуды, аяқпен қолдарын ұстап жібермеуді, сыртқы не ішкі киімдерін жұлуды және сол сияқты әрекеттер жасауды түсіну керек.
Зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау немесе оларды жасауға оқталу кезінде жәбірленушінің денсаулығына қасақана жеңіл немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіру әрекеттері ҚК
120
немесе ҚК
121-баптарының
диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.
Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 875/1 бұйрығымен бекітілген Сот-медициналық сараптама өндірісін ұйымдастырудың
ережесіне
сәйкес алынған сараптама қорытындысы негізінде анықталады.
Зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау барысында немесе аталған қылмыстарды жасауға оқталу кезінде не болмаса зорлап жыныстық қатынасын жасау, нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері аяқталғаннан кейін жасалған қылмысты жасыру немесе көрсетілген қарсылық үшін кек алу мақсатында жәбірленушіге құқыққа қарсы қасақана қаза келтіруді қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК
96-бабы
екінші бөлігінің к) тармағы және ҚК
120
немесе
121-баптарының
тиісті бөліктері бойынша саралаған жөн.
Қылмыстық процесті жүргізуші орган кінәлілердің көрсетілген әрекеттерін саралаған кезде ҚК
96-бабы
екінші бөлігінің к) тармағында және басқа да тармақтарында және ҚК
120
немесе ҚК
121-баптарының
тиісті бөліктерінде көзделген барлық саралау белгілерін көрсетуі тиіс
Ескерту. 2-тармаққа өзгерту енгізілді -
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.
N 12
Нормативтік қаулысымен.
3. Жәбірленушілерге абайсызда қаза келтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру (оның ішінде жәбірленушілер таңдап алған қылмыстан қорғану тәсілі нәтижесінде, мысалы: биік ғимараттардан, жүріп бара жатқан көліктен немесе поездан секіру кезінде алған), ВИЧ/ЖҚТБ жұқтыру, сондай-ақ басқа да ауыр салдарлардың орын алуы, ҚК
120
немесе ҚК
121-бабының
тиісінше үшінші бөлігімен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда -
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.
N 12
Нормативтік қаулысымен.
4. Зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолданып әрекеттерін жасау барысында көрсетілген қарсылықты басып тастау мақсатында қорқыту деп кінәлінің жәбірленушіні оның өзіне немесе жақындарына күш қолданатын пиғылының шынайылығын білдіретін сөздермен немесе әрекеттермен қорқытуын түсіну керек. Қорқыту ҚК
120
және ҚК
121-баптарының
диспозициясында көрсетілген зорлау, нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерінің қажетті элементтерінің бірі болғандықтан ҚК
112-бабы
бойынша қосымша саралауды талап етпейді.
Өлтірумен, денсаулыққа ауыр зиян келтірумен, сондай-ақ тұлғаға басқа ауыр күш қолданумен немесе мүлкін өртеумен жою, жарылыс жасаумен немесе өзге де жалпыға қауіпті тәсілмен қорқыту, егер олар зорлаудан немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасаудан кейін, мысалы, жәбірленушіні қорқыту немесе орын алған жағдай жайында арызбен жүгінуге жол бермеу мақсатында жасалса және мұндай қорқытушылық орындалады деп сескенуге жеткілікті негіз болса, ҚК
112-бабы
бойынша дербес саралануға, ал жасалған әрекет тұтастай көрсетілген қылмыстық нормамен және ҚК
120
немесе ҚК
121-баптарының
тиісті бөлігінің жиынтығы бойынша саралануға жатады.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда -
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.
N 12
Нормативтік қаулысымен.
5. Жәбірленушінің дәрменсіздігі деген - бұл оның дене құрылысына немесе психикалық жағдайына (жастығына, дене кемтарлығына, ақылының ауысуына, басқаша ауру немесе есінен айырылу және т.с.с. жағдайларда) болуына байланысты айыпкерге қарсылық көрсету мүмкіншілігінің жоқтығы екенін, айыпкер онымен жыныс қатынасына түскенде жәбірленушінің тап сондай халде екенін сезінгенін ескеру керек.
Жәбірленушінің жастығына байланысты (14 жасқа дейінгі) дәрменсіздігін пайдаланып зорлады деп тану - тек оның жасының қаншада екенін білгенге ғана емес, жәбірленушінің онымен істелген әрекеттердің сипаты мен келер зардаптарын түсіну және қарсылық көрсету қабілеті жөніндегі мәліметтерге негізделуге тиіс. Қажет болған реттерде жәбірленушіні куәландыру үшін психология-психиатриялық сарап тағайындау керек.
Жас немесе кәмелетке толмаған қызды зорлау үшін жауаптылық тек айыпты адам қылмыс жасағанға дейін жәбірленушінің жасы жөнінде білсе немесе жәбірленушінің жас не кәмелетке толмағаны жөнінде болжаса ғана болуы мүмкін. Жәбірленушінің дене құрылысы оның нақты жасына сай келмеуі айыптының жәбірленушінің жасы жөнінде күні бұрын білген-білмегендігін көрсететін басқа жағдайлар жиынтығымен бірге бағалануға жатады.
Егер жәбірленушінің мастығы оның айыптыға қарсылық көрсетуіне мүмкіндік бермейтін дәрежеде болса, жәбірленушінің мас болғанын ол дәрменсіз жағдайда болды деп тануға болады. Бұл ретте жәбірленушіні осындай жағдайға айыпты адам келтірді ме, жоқ әлде оның дәрменсіз жағдайға түсуі айыптының әрекеттерінен тыс болды ма - мұның маңызы болмайды.
Айыпты адам жәбірленушіні дәрменсіз жағдайға келтіру үшін дәрі, есірткі, аса күшті немесе улы заттарды қолданған ретте, сарап тағайындау, мамандардан жауап алу және басқа жолмен қолданылған препараттардың қасиеті мен олардың адам жүйесіне тигізетін әсерін анықтауға шаралар қолдану қажет.
6. Зорлау - физиологиялық мағынада жыныс қатынасы басталған сәттен бастап аяқталады деп саналады.
Зорлауға оқталу - бұл күш жұмсау арқылы жәбірленушімен жыныс қатынасын жасауға бағытталған, бірақ көздеген нәтижеге айыптыдан тәуелсіз себептермен орындалмай қалған тікелей қастандық ниетпен жасалған әрекеттер.
Зорлауға оқталуды басқа қылмыстардан шек қойғанда айыпкер жәбірленушімен жыныс қатынасын оның еркінен тыс жасауды мақсат қылғанын және қолданылған күш осы мақсатқа жетудің құралы болғанын анықтау қажет. Бұл жағдайлар болмаған ретте ол зорлауға оқталғандық үшін жауапқа тартылуға тиісті емес.
Жәбірленушіні жыныс қатынасын жасауға көндіруге бағытталған әрекеттерді (дәмелену), осыған жету мақсатында алдауды, оны пайдалануды зорлау немесе оған оқталу деп саралауға болмайды.
7. Әйелді зорлаудан өз еркімен бас тарту, тек қылмыс жасауға кіріскен адам аяқтамаған зорлауға оқталу кезінде оны ақырына дейін жеткізуге мүмкіндігі барын біле тұрып жеке басының ықтиярымен бас тартса қана мүмкін болады.
Зорлаудан өз еркімен бас тартуға дейін жасалған қоғамға қауіпті әрекеттер (соққыға жығу, денеге жарақат салу, киімді жұлқу-жырту және т.с.с.) жағдайларға қарай қасақана денеге жарақат салу, қасақана мүлікті жою және басқа жауаптылықты көздейтін ҚК-тің баптары бойынша саралануға тиіс.
Жыныстық қатынас жасауға физиологиялық мүмкіндігі жоқ және оны өзі білетін адам зорлауға оқталғандыққа сырттай ұқсас әрекеттер жасағаны үшін ҚК-нің 101-бабы бойынша жауапқа тартылуға тиісті емес. Оның әрекеттері нақтылы жағдайларға байланысты бұзақылық, қорлау және басқа жауаптылықты көздейтін ҚК-тің баптары бойынша саралануы мүмкін.
8. Бірнеше адам (екеуден кем емес) жәбірленуші жөнінде бірлескен қимыл жасап онымен күш жұмсау арқылы жыныс қатынастарына түскенді бір топ адам болып жасаған зорлау деп саралауға болады. Зорлап жыныс қатынасын өздері жасамаған, бірақ жәбірленушіге күш қолдану жолымен басқалардың оны зорлауына көмектескен адамдар, топтасып зорлаудың бірге орындаушылары болып табылады. Жәбірленушімен өзі жыныс қатынасын жасамаған және жасауға оқталмаған, бірақ ақыл-кеңес берумен, жөн сілтеумен, жағдай жасаумен немесе кедергілерді жоюмен басқалардың жәбірленушіні зорлауына көмек көрсеткен қылмысқа қатысушылар қылмысқа көмектесуші болып табылады және олардың әрекеттері ҚК-тің 17-бабын қолдану арқылы саралануға тиіс.
Бір топ адам болып жасаған зорлау деп бірнеше адам бір жәбірленушіні зорлаған ретте де, сондай-ақ күш не психикалық қорқыту айыптылардың алдын ала келісілген әрекеттерімен бірнеше әйелдерге қолданылып, содан кейін әрбіреуі жеке бір әйелмен жыныс қатынасын жасағанды да тануға жатады.
Әйелді зорлауға бірге орындаушы болып қатысқандардың біреуі жасы қылмыстық жауаптылық белгіленген жасқа толмаған себепті немесе есі дұрыс еместіктен жауапқа тартуға жатпайтын ретте, зорлауға қатысқан екіншісінің әрекеттері бір топ болып жасалған қылмыс деп қаралуы мүмкін емес.
9. Қылмыс субъектісіне қатысты зорлауды сипаттайтын белгілер (бұрын әйелді зорлаған адам, ерекше қауіпті рецидивист) қылмысқа қатысушылардың сондай белгілері барларына ғана қолданылады. Бұл ретте әйелді зорлағанға дейін заңды күшіне енген соттың үкімімен ерекше қауіпті рецидивист деп танылған адам ҚК-тің 101-бабының 4-бөлігімен жауапқа тартылатынын ескеру қажет.
Ерекше қауіпті рецидивист деп танылған адамдардың сотталғандықтан арылу ерекшеліктерін ескере отырып (ҚК-тің 49-бабының 1-бөлігінің 7-тармағы) әйелді зорлаған сондай адамдардың заңмен белгіленген сотталғандықтан арылу мерзімі өткеннен соң, сот олардың сотталғандығын жою туралы мәселені шешпеген реттерде олардың әрекеттері ҚК-тің 101-бабының 4-бөлігімен саралануға жатады.
10. ҚК
120-бабы
екінші бөлігінің г) тармағында немесе ҚК
121-бабы
екінші бөлігінде көрсетілген белгілері бойынша жауаптылыққа бұрын жасалған зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін сотталғандығы заңда көрсетілген тәртіппен алынбаған немесе жойылмаған, сондай-ақ соңғы зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасаған кезде уақыты бойынша бұрын жасалған зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері үшін қылмыстық жауапқа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген тұлғалар тартылады. Сонымен қатар, зорлауды немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін бірнеше рет қайталану деп тану үшін кінәлінің бұрын аяқталған қылмыс жасағандығы немесе оған оқталғандығы, сондай-ақ ол орындаушы немесе қылмыстың қатысушысы болғаны маңызды емес.
Егер кінәлі адам болмашы уақыт аралығында белгілі бір жәбірленушілерге қатысты бірнеше жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау кезінде бір ниетпен әрекет етсе, қылмысты жалғаспалы деп тану қажет және мұндай жағдайда бір жәбірленушімен күш қолданып бірнеше жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттерін жасау бірнеше рет жасалуды құрамайды.
Жауаптылық ҚК
120
немесе ҚК
121-баптарының
бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, екі немесе одан да көп зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері жасалған кезде, бұл әрекеттер ҚК
11-бабы
бесінші бөлігінің талаптарына сәйкес, ҚК
120-бабы
екінші бөлігінің г) тармағы (негіздер болған кезде басқа да тиісті тармақтарымен) немесе ҚК 121-бабы бойынша саралануға жатады.
Зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері жасалған кезде, ал басқасында - зорлау немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері аяқталған болса немесе бір қылмысты жасаған кезде кінәлі оны орындаушы, ал басқа қылмыстарды жасау кезінде - ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші болса, кінәлінің әрекеттері қылмыстардың жиынтығы бойынша саралануы тиіс.
Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда -
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006.12.25.
N 12
Нормативтік қаулысымен.
11. Өзінде венерологиялық ауруы немесе СПИД ауруы бар екенін білетін адам зорлап жыныс қатынасын жасаған үшін ғана емес, сонымен қатар басқа адамды осы ауруларды жұқтыру қаупін біле тұра душар еткені немесе жұқтырғаны үшін де жауаптылыққа жатады, егер оның әрекеттері ҚК-тің 101-бабының 4-бөлігімен қамтылмаса.
12. Жас балалардың көзінше жасалған зорлау балалар айыптының істеген әрекеттерінің мағынасын ұғынатыны және жәбірленушіні зорлап жатқан кезде айыпкер олардың қатысып отырғандарын білгені анықталған реттерде ҚК-тің 103-бабымен қосымша саралануы мүмкін.
13. Ауырлататын мән-жайлары жоқ жағдайларда әйелді зорлағаны үшін немесе оған оқталғаны үшін (101-баптың 1-бөлігі) қылмыстық іс - ҚІЖК-нің 88-бабының 1-бөлігіне сәйкес басқаша емес, тек қана жәбірленушінің шағымы бойынша қозғалады. Зорланған жәбірленуші әйелдің оқыстан қазаға ұшырауына, белгісіз жоғалуына, әрекет қабілеттігін жоғалтуына және басқа себептерге байланысты мұндай шағымның жоқтығы істі қозғаудың мүмкіндігін болғызбайды.
Егер сол іс-әрекеттің саралауын ҚК-тің 101-бабының басқа бөліктерінен осы баптың 1-бөлігіне өзгерту қажет екендігі туралы қорытындыға келсе ол ондай шешімді тек қана істе жәбірленушінің айыптыны жауапқа тарту жөніндегі жазбаша шағымы бар болғанда немесе оның сот мәжілісіндегі сондай ауызша шағымының негізінде қабылдай алады. Жәбірленуші шағым беруден бас тартса соттың ұйғаруымен іс қысқартылады.
14. Осы категориядағы істердің ерекшелігін ескере отырып, төрағалық етуші істің барлық жағдайларын анықтау жәбірленушінің ар-намысы мен абыройына кір келтірмейтін әдепті түрде жүргізілуіне шаралар қолдануға міндетті.
ҚІЖК-нің 12-бабына сәйкес жыныс қатынастарынан туатын қылмыстар жөніндегі істерді жабық сот мәжілісінде қарау тәртіптеуші немесе сот мәжілісінде шығарған соттың дәлелденген ұйғаруы бойынша жүзеге асырылады. 16 жасқа дейінгі іс бойынша куәлар олардан жауап алынғаннан кейін сот залынан шығарылуға тиіс.
15. Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1970-жылғы 22-қыркүйектегі N 8 "Қазақ КСР соттарының КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1964-жылғы 25-наурыздағы N 2 "Зорлау жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" және 1974-жылғы 20-желтоқсандағы N 8 "Зорлау жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" қаулыларын орындау туралы" қаулысының күші жойылған деп танылсын.
КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1984-жылғы 26-сәуірде N 7 қаулысымен өзгерістер енгізілген 1964-жылғы 25-наурыздағы N 2 "Зорлау жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" қаулысы қолданылуға жатпайды деп танылсын.