Қаулы етеді:
1. Зорлау деп күш жұмсап, қорқытып немесе жәбірленушінің дәрменсіздігін пайдаланып әйел жынысты адаммен жыныс қатынасын жасауды түсіну керек. Субъективтік жағынан зорлау тікелей қылмыстық ниетпен сипатталады. Көрсетілген жағдайларда әйел жынысты адаммен жыныс құмарлығын табиғи емес түрде қандыруды да зорлау деп санау керек.
2. Күш жұмсау деп жәбірленушінің қарсылығын болдырмауға бағытталған әрекеттерді, мысалы ұрып-соғуды, тыныс алу жолдарын қысуды, аяқпен қолдарын ұстап жібермеуді, сыртқы не ішкі киімдерін жұлуды және сол сияқты әрекеттер жасауды түсіну керек.
Зорлау үстінде жәбірленушіні қасақана өлтіру ҚК-тің 88-бабының 1-бөлігінің "е" тармағымен және 101-бабының 4-бөлігімен саралануға тиіс. Егер қасақана кісі өлтіру зорлап жыныс қатынасын жасау немесе оған оқталу аяқталғаннан кейін істелген іс-әрекеттері жасыру мақсатында болса, ол ҚК-тің 89-бабының 1-бөлігінің "е" тармағымен және 101-баптың тиісті бөлігімен саралануға жатады.
Әйелді зорлау кезінде өмірге қауіпті соққымен денені ауыр жарақаттау ҚК-тің 93-бабының 2-бөлігімен және ҚК-тің 101-бабының тиісті бөлігімен саралануға жатады.
Жәбірленушінің денесін жеңіл және ауырлығы орта дәрежеде жарақаттаумен ұштасқан зорлау немесе зорлауға оқталу әйелді зорлау жөніндегі заңның диспозициясымен қамтылады да басқа баптармен қосымша саралауды талап етпейді.
3. ҚК-тің 101-бабының 4-бөлігінде көрсетілген ерекше ауыр зардаптарға мыналар жатады: зорлау үстінде жәбірленушіні қасақана не абайсызда өлтіру, оған ҚК-тің 93-бабының 1-бөлігінде көрсетілген зардаптарға әкеп соққан ауыр дене жарақатын салу, зорлаудан құтылу ретінде қолданған тәсілі нәтижесінде жәбірленушінің осындай жарақат алуы, жәбірленушінің екіқабат болуы немесе жүктілігін үзілдіруі, жәбірленушіге СПИД не басқада жұқпалы ауру жұқтыру, жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруі.
Егер зорлау мен жәбірленушінің өлімінің арасында себепті байланыс болса, ауыр науқасы бар жәбірленушінің осы науқастан қазаға ұшырауын да ерекше ауыр зардаптарға жатқызуға болады.
4. Зорлау мақсатында жәбірленушінің қарсылығын басу құралы ретінде қолданылатын қорқыту деп - зорлаушы адамның жәбірленушінің өзіне немесе оның жақын адамдарына күш жұмсайтын ниетінің шындығын көрсететін әрекеттермен немесе сөздермен қорқытуды түсіну керек. Қорқыту ҚК-нің 101-бабының диспозициясының қажетті элементі болғандықтан айыптының әрекеттері ҚК-тің 117-бабымен қосымша саралауды талап етпейді.
Әйелді зорлағаннан немесе оны зорлауға оқталғаннан кейін, мысалы, жәбірленушіні қорқыту және оның болған жағдай туралы арыздануына осындай жолмен кедергі жасау мақсатында өлтіремін, өз басына ауыр зорлық-зомбылық жасаймын немесе өрт қоямын деп қорқыту, егер осыларды жүзеге асырады-ау дерлік жеткілікті негіздер болса, ҚК-тің 117-бабымен және ҚК-тің 101-бабының тиісті бөлігімен саралануға жатады.
5. Жәбірленушінің дәрменсіздігі деген - бұл оның дене құрылысына немесе психикалық жағдайына (жастығына, дене кемтарлығына, ақылының ауысуына, басқаша ауру немесе есінен айырылу және т.с.с. жағдайларда) болуына байланысты айыпкерге қарсылық көрсету мүмкіншілігінің жоқтығы екенін, айыпкер онымен жыныс қатынасына түскенде жәбірленушінің тап сондай халде екенін сезінгенін ескеру керек.
Жәбірленушінің жастығына байланысты (14 жасқа дейінгі) дәрменсіздігін пайдаланып зорлады деп тану - тек оның жасының қаншада екенін білгенге ғана емес, жәбірленушінің онымен істелген әрекеттердің сипаты мен келер зардаптарын түсіну және қарсылық көрсету қабілеті жөніндегі мәліметтерге негізделуге тиіс. Қажет болған реттерде жәбірленушіні куәландыру үшін психология-психиатриялық сарап тағайындау керек.
Жас немесе кәмелетке толмаған қызды зорлау үшін жауаптылық тек айыпты адам қылмыс жасағанға дейін жәбірленушінің жасы жөнінде білсе немесе жәбірленушінің жас не кәмелетке толмағаны жөнінде болжаса ғана болуы мүмкін. Жәбірленушінің дене құрылысы оның нақты жасына сай келмеуі айыптының жәбірленушінің жасы жөнінде күні бұрын білген-білмегендігін көрсететін басқа жағдайлар жиынтығымен бірге бағалануға жатады.
Егер жәбірленушінің мастығы оның айыптыға қарсылық көрсетуіне мүмкіндік бермейтін дәрежеде болса, жәбірленушінің мас болғанын ол дәрменсіз жағдайда болды деп тануға болады. Бұл ретте жәбірленушіні осындай жағдайға айыпты адам келтірді ме, жоқ әлде оның дәрменсіз жағдайға түсуі айыптының әрекеттерінен тыс болды ма - мұның маңызы болмайды.
Айыпты адам жәбірленушіні дәрменсіз жағдайға келтіру үшін дәрі, есірткі, аса күшті немесе улы заттарды қолданған ретте, сарап тағайындау, мамандардан жауап алу және басқа жолмен қолданылған препараттардың қасиеті мен олардың адам жүйесіне тигізетін әсерін анықтауға шаралар қолдану қажет.
6. Зорлау - физиологиялық мағынада жыныс қатынасы басталған сәттен бастап аяқталады деп саналады.
Зорлауға оқталу - бұл күш жұмсау арқылы жәбірленушімен жыныс қатынасын жасауға бағытталған, бірақ көздеген нәтижеге айыптыдан тәуелсіз себептермен орындалмай қалған тікелей қастандық ниетпен жасалған әрекеттер.
Зорлауға оқталуды басқа қылмыстардан шек қойғанда айыпкер жәбірленушімен жыныс қатынасын оның еркінен тыс жасауды мақсат қылғанын және қолданылған күш осы мақсатқа жетудің құралы болғанын анықтау қажет. Бұл жағдайлар болмаған ретте ол зорлауға оқталғандық үшін жауапқа тартылуға тиісті емес.
Жәбірленушіні жыныс қатынасын жасауға көндіруге бағытталған әрекеттерді (дәмелену), осыған жету мақсатында алдауды, оны пайдалануды зорлау немесе оған оқталу деп саралауға болмайды.
7. Әйелді зорлаудан өз еркімен бас тарту, тек қылмыс жасауға кіріскен адам аяқтамаған зорлауға оқталу кезінде оны ақырына дейін жеткізуге мүмкіндігі барын біле тұрып жеке басының ықтиярымен бас тартса қана мүмкін болады.
Зорлаудан өз еркімен бас тартуға дейін жасалған қоғамға қауіпті әрекеттер (соққыға жығу, денеге жарақат салу, киімді жұлқу-жырту және т.с.с.) жағдайларға қарай қасақана денеге жарақат салу, қасақана мүлікті жою және басқа жауаптылықты көздейтін ҚК-тің баптары бойынша саралануға тиіс.
Жыныстық қатынас жасауға физиологиялық мүмкіндігі жоқ және оны өзі білетін адам зорлауға оқталғандыққа сырттай ұқсас әрекеттер жасағаны үшін ҚК-нің 101-бабы бойынша жауапқа тартылуға тиісті емес. Оның әрекеттері нақтылы жағдайларға байланысты бұзақылық, қорлау және басқа жауаптылықты көздейтін ҚК-тің баптары бойынша саралануы мүмкін.
8. Бірнеше адам (екеуден кем емес) жәбірленуші жөнінде бірлескен қимыл жасап онымен күш жұмсау арқылы жыныс қатынастарына түскенді бір топ адам болып жасаған зорлау деп саралауға болады. Зорлап жыныс қатынасын өздері жасамаған, бірақ жәбірленушіге күш қолдану жолымен басқалардың оны зорлауына көмектескен адамдар, топтасып зорлаудың бірге орындаушылары болып табылады. Жәбірленушімен өзі жыныс қатынасын жасамаған және жасауға оқталмаған, бірақ ақыл-кеңес берумен, жөн сілтеумен, жағдай жасаумен немесе кедергілерді жоюмен басқалардың жәбірленушіні зорлауына көмек көрсеткен қылмысқа қатысушылар қылмысқа көмектесуші болып табылады және олардың әрекеттері ҚК-тің 17-бабын қолдану арқылы саралануға тиіс.
Бір топ адам болып жасаған зорлау деп бірнеше адам бір жәбірленушіні зорлаған ретте де, сондай-ақ күш не психикалық қорқыту айыптылардың алдын ала келісілген әрекеттерімен бірнеше әйелдерге қолданылып, содан кейін әрбіреуі жеке бір әйелмен жыныс қатынасын жасағанды да тануға жатады.
Әйелді зорлауға бірге орындаушы болып қатысқандардың біреуі жасы қылмыстық жауаптылық белгіленген жасқа толмаған себепті немесе есі дұрыс еместіктен жауапқа тартуға жатпайтын ретте, зорлауға қатысқан екіншісінің әрекеттері бір топ болып жасалған қылмыс деп қаралуы мүмкін емес.
9. Қылмыс субъектісіне қатысты зорлауды сипаттайтын белгілер (бұрын әйелді зорлаған адам, ерекше қауіпті рецидивист) қылмысқа қатысушылардың сондай белгілері барларына ғана қолданылады. Бұл ретте әйелді зорлағанға дейін заңды күшіне енген соттың үкімімен ерекше қауіпті рецидивист деп танылған адам ҚК-тің 101-бабының 4-бөлігімен жауапқа тартылатынын ескеру қажет.
Ерекше қауіпті рецидивист деп танылған адамдардың сотталғандықтан арылу ерекшеліктерін ескере отырып (ҚК-тің 49-бабының 1-бөлігінің 7-тармағы) әйелді зорлаған сондай адамдардың заңмен белгіленген сотталғандықтан арылу мерзімі өткеннен соң, сот олардың сотталғандығын жою туралы мәселені шешпеген реттерде олардың әрекеттері ҚК-тің 101-бабының 4-бөлігімен саралануға жатады.
10. Заңмен белгіленген тәртіппен бұрын әйел зорлағаны үшін сотталғандығы жойылмаған немесе сотталғандықтан арылмаған, сондай-ақ екінші рет әйелді зорлаған кезде бұрынғы жасаған зорлау үшін қылмыстық жауапқа тартудың мерзімі өтпеген адамдар (ҚК-нің 43, 49-баптары) ҚК-тің 101-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылады. Бұл ретте зорлауды қайталанып жасалды деп тану үшін айыптының бұрын аяқталған қылмыс жасағанын немесе оған оқталғаны, ол қылмыста орындаушы немесе басқа қатысушы болғанының маңызы жоқ.
Егер айыпты адам арасына шамалы уақыт салып бірнеше жыныс қатынасын жасағанда бірыңғай ниетпен әрекеттенген болса, қылмысты созылмалы деп қарау керек және бұл ретте бір жәбірленушімен бірнеше жыныс қатынасын күш жұмсап жасау қайталанған болып саналмайды.
Жауаптылығы ҚК-тің 101-бабының бөліктерінің әртүрімен белгіленетін екі немесе одан да көп зорлау жасаған ретте, сондай-ақ бір ретте зорлауға оқталса немесе оған қатысушы болса, ал басқа ретте аяқталған зорлау жасаса, онда айыптының әрекеттері көрсетілген қылмыстардың әрқайсысы бойынша өз алдына саралануы қажет.
11. Өзінде венерологиялық ауруы немесе СПИД ауруы бар екенін білетін адам зорлап жыныс қатынасын жасаған үшін ғана емес, сонымен қатар басқа адамды осы ауруларды жұқтыру қаупін біле тұра душар еткені немесе жұқтырғаны үшін де жауаптылыққа жатады, егер оның әрекеттері ҚК-тің 101-бабының 4-бөлігімен қамтылмаса.
12. Жас балалардың көзінше жасалған зорлау балалар айыптының істеген әрекеттерінің мағынасын ұғынатыны және жәбірленушіні зорлап жатқан кезде айыпкер олардың қатысып отырғандарын білгені анықталған реттерде ҚК-тің 103-бабымен қосымша саралануы мүмкін.
13. Ауырлататын мән-жайлары жоқ жағдайларда әйелді зорлағаны үшін немесе оған оқталғаны үшін (101-баптың 1-бөлігі) қылмыстық іс - ҚІЖК-нің 88-бабының 1-бөлігіне сәйкес басқаша емес, тек қана жәбірленушінің шағымы бойынша қозғалады. Зорланған жәбірленуші әйелдің оқыстан қазаға ұшырауына, белгісіз жоғалуына, әрекет қабілеттігін жоғалтуына және басқа себептерге байланысты мұндай шағымның жоқтығы істі қозғаудың мүмкіндігін болғызбайды.
Егер сол іс-әрекеттің саралауын ҚК-тің 101-бабының басқа бөліктерінен осы баптың 1-бөлігіне өзгерту қажет екендігі туралы қорытындыға келсе ол ондай шешімді тек қана істе жәбірленушінің айыптыны жауапқа тарту жөніндегі жазбаша шағымы бар болғанда немесе оның сот мәжілісіндегі сондай ауызша шағымының негізінде қабылдай алады. Жәбірленуші шағым беруден бас тартса соттың ұйғаруымен іс қысқартылады.
14. Осы категориядағы істердің ерекшелігін ескере отырып, төрағалық етуші істің барлық жағдайларын анықтау жәбірленушінің ар-намысы мен абыройына кір келтірмейтін әдепті түрде жүргізілуіне шаралар қолдануға міндетті.
ҚІЖК-нің 12-бабына сәйкес жыныс қатынастарынан туатын қылмыстар жөніндегі істерді жабық сот мәжілісінде қарау тәртіптеуші немесе сот мәжілісінде шығарған соттың дәлелденген ұйғаруы бойынша жүзеге асырылады. 16 жасқа дейінгі іс бойынша куәлар олардан жауап алынғаннан кейін сот залынан шығарылуға тиіс.
15. Қазақ КСР Жоғарғы Соты Пленумының 1970-жылғы 22-қыркүйектегі N 8
"Қазақ КСР соттарының КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1964-жылғы 25-наурыздағы N 2 "Зорлау жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" және 1974-жылғы 20-желтоқсандағы N 8 "Зорлау жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" қаулыларын орындау туралы" қаулысының күші жойылған деп танылсын. КСРО Жоғарғы Соты Пленумының 1984-жылғы 26-сәуірде N 7 қаулысымен өзгерістер енгізілген 1964-жылғы 25-наурыздағы N 2 "Зорлау жөніндегі істер бойынша сот тәжірибесі туралы" қаулысы қолданылуға жатпайды деп танылсын. Оқығандар: (Қасымбеков Б.А.) (Икебаева Ә.Ж.)