ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы нормативтік қаулы 01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын сот практикасында дұрыс және біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Әкімшілік қадағалау туралы заңнама Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция) негізделген және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен (бұдан әрі – ҚК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен (бұдан әрі – ҚАК), Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінен (бұдан әрі – ҚПК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінен (бұдан әрі – ӘҚБтК), "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII Қазақстан Республикасының Заңынан (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Әкімшілік қадағалау соттың қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінен босатылған адамдардың құқықтары мен бостандықтарына уақытша шектеулер белгілеуі, оларға міндеттер жүктеуі (бұдан әрі – әкімшілік шектеу) және ішкі істер органдарының көрсетілген адамдардың (қадағалаудағы адамдардың) әкімшілік шектеулерді сақтауын қадағалауы арқылы олардың қылмыстық құқық бұзушылықтарды қайталап жасауының алдын алуға бағытталған мәжбүрлі шара болып табылады. Әкімшілік қадағалау қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін жаза болып табылмайды.
3. Әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы мәселені шешу кезінде соттар адамның Заңға сәйкес өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленуі мүмкін субъектісі болатын-болмайтынын тексеруі қажет.
Соттардың Заңның күші тек бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеген адамдарға ғана қолданылатынын ескергені жөн, бұл ретте әкімшілік қадағалау шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдарға олардың Қазақстан Республикасының аумағында заңды негізде тұруы (болуы) жағдайында қолданылуы мүмкін.
4. Әкімшілік қадағалау белгіленуі мүмкін ҚАК-нің 171-бабында және Заңның 64-бабында белгіленген адамдар тізбесі толық болып табылады және кеңейте түсіндіруге жатпайды.
Осыған байланысты әкімшілік қадағалау:
қылмыстық заңда қылмыстық теріс қылықтарға жатқызылған;
қылмыс деп танылмаған не қылмыстық заңның өзгеруіне байланысты сотталуға алып келмейтін;
жасағаны үшін қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде жазасын өтемеген;
қылмыстық заңда белгiленген тәртiппен сотталғандығы өтелген немесе алып тасталған қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамдарға белгіленуі мүмкін емес.
ҚК-нің 5-бабының іс-әрекеттің жазаланушылығын жеңілдететін қылмыстық заңның кері күші туралы талаптарына сәйкес әкімшілік қадағалау кейін қылмыстық заңның өзгеруіне байланысты жасағаны үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделмеген қылмысқа жатқызылған қылмыс үшін сотталған және қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінде жазасын өтеген адамға да қатысты белгіленуі мүмкін емес.
Егер әкімшілік қадағалау белгіленсе, бірақ адамның жазаны өтеген іс-әрекеті кейіннен қылмыс деп танылмаса немесе қылмыстық теріс қылықтар санатына не жасағаны үшiн бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза көзделмеген қылмысқа жатқызылса, онда ҚК-нің 5-бабының негiзiнде қайта қарағаннан кейiн сот қадағалаудағы адамның немесе оның қорғаушысының өтінішхаты бойынша не ішкі істер органдарының ұсынуы немесе прокурордың өтінішхаты бойынша әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулы шығарады. Егер қылмыстық заңды жеңілдетуге орай қылмыстың ауырлығы өзгерген, мысалы, қадағалаудағы адам жазасын өтеген аса ауыр қылмыс ауыр қылмыстар санатына жатқызылған жағдайда белгіленген әкімшілік қадағалаудың мерзімін қысқарту туралы мәселені шешу үшін де дәл осындай тәртіп қолданылады.
ҚАК-нің 2-бабының екінші бөлігіне сәйкес жазаларды және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу, сотталғандарға түзеу құралдарын қолдану оларды орындау кезінде қолданыста болатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады. Осыған байланысты соттар "Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау туралы" 1996 жылғы 15 шілдедегі № 28-1 Қазақстан Республикасы Заңының негізінде әкімшілік қадағалау белгіленген адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау мерзімін ұзарту, оны тоқтату, белгіленген шектеулерді өзгерту туралы мәселелерді қарау кезінде Заңды басшылыққа алғаны жөн. Бұл ретте бұрын белгiленген әкiмшiлiк қадағалау мерзiмi оны ұзарту үшiн негiздер болмаған жағдайда қайта қарауға жатпайды.
5. Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемелерінен жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарға, сондай-ақ өтелмеген жазасының бір бөлігі пробациялық бақылау белгілене отырып жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстырылған адамдарға қатысты өтелмеген жаза бөлігінің мерзімі аяқталғанға дейін әкімшілік қадағалауды белгілеуге жол берілмейді.
"Бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарға қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің түрлерiн тағайындау жөнiндегi сот практикасы туралы" 2006 жылғы 23 маусымдағы № 7 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 8-тармағының ережелерін ескере отырып, ҚК-нің 41, 42, 43, 44-баптарында көзделген негіздер бойынша сот үкімімен тағайындалған жаза (айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар, бас бостандығын шектеу) бас бостандығынан айыруға ауыстырылған адамдарға қатысты әкімшілік қадағалау белгіленуі мүмкін емес.
6. Әкімшілік қадағалауды қаулы шығару арқылы сот қана белгілейді, онда сот адамның әкімшілік қадағалауға жататын Заңның 64-бабының 4-тармағында көзделген негіздерді көрсетуге тиіс.
Заңның 64, 65-баптарына сәйкес сотқа әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы ұсынумен қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің бастығы; ішкі істер органының бастығы; әкімшілік қадағалауды ұзарту немесе белгіленген әкімшілік шектеулерді толықтыру туралы – ішкі істер органы; әкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату немесе белгіленген әкімшілік шектеулерді қысқарту туралы – ішкі істер органы немесе әкімшілік қадағалаудағы адам және оның қорғаушысы жүгінуге құқылы.
Қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің, ішкі істер органының бастығы ұсынуда осы мекемеден босатылуға тиіс немесе жазасын өтеген сотталған адамға қатысты әкімшілік қадағалауды белгілеу уәждерін баяндауға және оған сотталған адамға қатысты апелляциялық, кассациялық сатылар үкімінің, қаулыларының көшірмелерін, шешім қабылдау үшін маңызы бар басқа да материалдарды қоса беруге міндетті.
Ішкі істер органының бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға қатысты әкімшілік қадағалауды ұзарту, мерзімінен бұрын тоқтату, әкімшілік қадағалаудың шектеулерін толықтыру, қысқарту туралы ұсынуында сотталғандығы туралы деректермен қатар оның мінез-құлқы туралы (атап айтқанда адамның мінездемесі қоса беріледі), оның шектеулерді бұзғаны, құқық бұзушылықтар жасағаны не құқыққа бағынушылық мінез-құлқы, жұмысқа орналасқаны туралы және басқа да мәліметтер қамтылуға тиіс. Ұсынуға көрсетілген мәліметтерді растайтын сот актілерінің көшірмелері, құжаттар мен материалдар қоса беріледі.
Қадағалаудағы адам денсаулығына, жасына не басқа да дәлелді себептерге байланысты сотқа өзі жүгіне алмаған жағдайда прокурор қадағалаудағы адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін әкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату немесе әкімшілік шектеулерді қысқарту туралы уәжді өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы.
Жинақталған материал толық болмаған жағдайда кемшіліктерді жою үшін сот қаулымен ұсынуды кері қайтарады.
Егер қадағалаудағы адам әкімшілік қадағалауды мерзімінен бұрын тоқтату туралы немесе белгіленген әкімшілік шектеулерді қысқарту туралы өтінішхат берсе, алайда ұсынылған құжаттар және материалдар шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса, сот өтінішхатты қайтармай өз бастамасымен қажетті дәлелдемелерді талап етіп алдыртуға құқылы.
7. Сот жазаны орындау орны бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесі бастығының бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамға әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы уәжді ұсынуының негізінде сотталған адамның құқықтары мен бостандықтарына шектеулерді көрсетпей және оған міндеттерді жүктемей тек әкімшілік қадағалауды белгілеу туралы қаулы шығарады. Сот қадағалаудағы адамға қатысты нақты шектеулер мен міндеттерді ол жазасын өтегеннен кейін ішкі істер органының ұсынуымен тұрғылықты жері бойынша белгілейді.
8. Әкімшілік қадағалау мәжбүрлеу шарасы болғандықтан, Заңда көзделген белгілі бір мерзімге белгіленетінін соттардың ескергені жөн. Заңның 64-бабының 2-тармағына сәйкес әкімшілік қадағалау:
онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар үшін – жазасын өтегеннен кейін үш жылға;
ауыр қылмыстар үшін – жазасын өтегеннен кейін алты жылға;
аса ауыр қылмыстар үшін – жазасын өтегеннен кейін сегіз жылға белгіленеді.
Заңда есептеу мерзімі белгілі бір уақыт кезеңіне көзделгендіктен, онда әкімшілік қадағалауды белгілеу кезінде бұл мерзімді өзгертуге жол берілмейді.
Әкiмшiлiк қадағалауды қолдану мерзiмiн сот қаулысы заңды күшiне енген күннен бастап, ал сот әкiмшiлiк қадағалауды қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемесі орналасқан жерi бойынша белгiлеген жағдайда - қылмыстық-атқару жүйесi мекемесiнен босатылған сәттен бастап есептеу қажет.
Сот қаулының қарар бөлiгiнде әкімшілік қадағалаудың мерзімін – жылдар санын және оны есептеу басталғаны туралы шешімді көрсетуге тиiс.
9. Қадағалаудағы адам әкімшілік қадағалау қағидаларын немесе өзіне жарияланған шектеулерді бұзған, сол сияқты ол құқық бұзушылықтар жасаған жағдайларда, әкімшілік қадағалауды қолдану мерзімі iшкi iстер органдарының уәжді ұсынуы бойынша соттың қаулысымен әрбір кезде алты айға ұзартылады.
Ішкі істер органдарының әкімшілік қадағалау мерзімін ұзарту туралы ұсынуына оларды ұзарту үшін негіздердің бар-жоғын куәландыратын материалдар қоса берілуге тиіс.
Әкімшілік қадағалауды қолдану мерзімін ұзарту үшін негіздердің тізбесі толық болып табылады және кеңейте түсіндіруге жатпайды.
Әкiмшiлiк қадағалауды ұзарту үшін негiз болып табылатын құқық бұзушылық деп қадағалаудағы адамның ӘҚБтК-де көзделген құқық бұзушылықты жасауын не көрсетілген адамның оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындалған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сотталғанын немесе оған қатысты іс бойынша iс жүргiзудің ақталмайтын негіздер бойынша тоқтатылғанын түсінген жөн.
Әкімшілік қадағалау қағидаларын және белгіленген шектеулерді объективті себептерге байланысты сақтамау, мысалы психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмек көрсететін ұйымдардың стационарларында мәжбүрлеп емделу салдарынан ішкі істер органдарының шақыруы бойынша келмеу немесе ауданның (қаланың) шегінен тыс шығу; қадағалаудағы адамның өзі немесе оның жақын туысы шұғыл медициналық көмек алу үшін жергiлiктi уақыт бойынша сағат 22-ден бастап сағат 6-ға дейінгі уақыт аралығында тұрғынжайдан шығуы және т.б., әкімшілік қадағалау қағидаларын және белгіленген шектеулерді бұзу деп танылуы мүмкін емес.
Әкімшілік қадағалау мерзімі оны қолдану мерзімінің соңғы күнінен кешіктірмей ұзартылуы мүмкін.
Әкімшілік қадағалауды тоқтату шарттары басталған кезде ішкі істер органдарының әкімшілік қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлері әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулыны дереу шығаруға міндетті, оны ішкі істер органының бастығы бекітеді. Әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулыны шығармау немесе уақтылы шығармау оны ұзартуға алып келмейді.
Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңнамасын бұзу, әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы қаулы болмаған кезде әкімшілік қадағалаудың мерзімі өткеннен кейін одан жалтару адамды ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа және ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылмайды.
10. Заңның 65-бабының 2-тармағында айқындалған әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамдарға қатысты қолданылатын шектеулердің тiзбесi кеңейте түсiндiруге жатпайды.
Заңның осы нормасының негiзiнде әкiмшiлiк қадағалау мерзiмiн белгілеу, ұзарту туралы немесе бұрын белгiленген әкiмшiлiк шектеулердi толықтыру туралы сот қаулысында бiр немесе бiрнеше әкiмшiлiк шектеулер айқындалуы тиiс.
Сот ішкі істер органының ұсынуында көрсетілмеген өзге де әкімшілік шектеулерді белгілеуге құқылы емес.
Әкімшілік шектеулерді еркін сипатта таңдау мүмкін емес, олардың қолданылуы жеке профилактикалық әсерді қамтамасыз етуге бағытталуға тиіс. Атап айтқанда қадағалаудағы адам жасаған қылмыстың (қылмыстардың) сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, жазаны өтеу кезеңіндегі және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейінгі оның мінез-құлқын, аталған адамның отбасы жағдайын, оның жұмыс және (немесе) оқу орны мен кестесін, денсаулық жағдайын, сондай-ақ назар аударуға тұрарлық өзге де мән-жайларды соттардың ескергені жөн. Егер адам алкогольдік масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін сотталған болса немесе жазаны өтеу кезеңінде қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесінде алкогольдік ішімдіктерді тұтынғаны үшін жазаға тартылса, оның спирттік ішімдіктерді сату немесе ішу жүзеге асырылатын қоғамдық тамақтану орындарында болуына тыйым салатын әкімшілік шектеулерді қолдану туралы мәселені қарау орынды болады. Сол сияқты, егер қадағалаудағы адам жазасын өтеген қылмысы кәмелетке толмаған жәбірленушіге қатысты жасалса (қорқытып алу, азаптау, әртүрлі ауырлық дәрежедегі зиянды келтіру және т.б.), кәмелетке толмағанды оның ата-анасының не заңды өкілдерінің келісімінсіз іздестіруге, оған баруға, телефон арқылы сөйлесуге және өзге де тәсілмен қарым-қатынас жасауға тыйым салу мәселесін қарастырған жөн.
Еңбек міндеттерін орындау жағдайларын қоспағанда, қадағалаудағы адамның тұрғынжайдан кетуіне тыйым салу процестік заңнамада жергілікті уақыт бойынша сағат 22-ден сағат 6-ға дейінгі уақыт аралығында айқындалатын түнгі уақыт шегінде ғана белгіленуі мүмкін екенін соттар ескеруге тиіс.
Қаулыны орындайтын орган сот белгілеген шектеулердің шегінен шықпауға тиіс және азаматтардың құқықтарына (еңбек, сайлау, қоғамдық және басқа да) қатысты өзге шектеулерге жол бермеуге тиіс.
Қадағалаудағы адам басқа елді мекенге уақытша барған кезде әкімшілік қадағалауды жүзеге асыратын ішкі істер органының жазбаша рұқсатын алуға міндетті.
11. Сот әкімшілік қадағалау мерзімі ішінде қадағалаудағы адамның өмір сүру салты мен мінез-құлқы туралы, оның әкімшілік шектеулерді сақтауы туралы мәліметтерді ескере отырып, ішкі істер органының уәжді ұсынуы немесе қадағалаудағы адамның өтінішхаты негізінде әкімшілік шектеулер тізбесін қысқартуы немесе қадағалаудағы адамға бұрын белгіленген әкімшілік шектеулерді толықтыруы мүмкін.
Бұл ретте сот өтініш беруші алып тастау туралы өтінішхат бермеген әкімшілік шектеулердің күшін жою туралы шешім қабылдауға құқылы.
12. Әкімшілік қадағалаудағы адамдарға олардың құқықтарын және белгіленген шектеулерді сақтау жөніндегі міндеттерін түсіндіру, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарға сот белгілеген әкімшілік қадағалаудан жалтарғаны үшін қылмыстық жауаптылық туралы ескерту ішкі істер органдарына жүктеледі.
Әкімшілік қадағалауды ішкі істер органдары жүзеге асырады, олардың қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерінің толық тізбесі Заңның 66-бабында белгіленген.
13. Әкімшілік қадағалау мынадай жағдайларда:
әкiмшiлiк қадағалау мерзiмi өткен соң;
қадағалаудағы адамның бас бостандығынан айыруға сотталуына байланысты;
қадағалаудағы адамның қайтыс болуына байланысты тоқтатылады.
Көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік қадағалауды тоқтату туралы мәселені шешу соттың құзыретіне кірмейтінін ескеру қажет. Мұндай жағдайларда әкiмшiлiк қадағалауды тоқтату туралы шешiмдi қадағалаудағы адам есебінде тұрған iшкi iстер органы қабылдайды.
Егер Заңның 59-бабы 8-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көзделген мән-жайлар әкімшілік қадағалауды ұзарту туралы ұсынуды қарау барысында анықталса, сот іс жүргізуді тоқтатуға тиіс.
Қадағалаудағы адамды бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға соттаған жағдайда әкімшілік қадағалау әрекеті тоқтатылмайды.
14. Егер қадағалаудағы адамның әкімшілік шектеулерді адал сақтайтыны, оған сот жүктеген міндеттерді орындайтыны анықталса, оған тұрғылықты жері бойынша немесе еңбек қызметінде жағымды мінездеме берілсе, ішкі істер органы бастығының уәжді ұсынуы негізінде не қадағалаудағы адамның өтінішхаты бойынша әкімшілік қадағалау соттың қаулысымен мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Өзіне қатысты әкімшілік қадағалау белгіленген адам сотқа өзiне қойылған шектеулердiң тізбесін қысқарту туралы өтiнiшхат беруге құқылы.
Өзiне қатысты әкiмшiлiк қадағалау мерзiмiнен бұрын не мерзiмi өткен соң тоқтатылған тұлға қайтадан әкiмшiлiк қадағалауға алынбайды.
15. Сот әкімшілік қадағалауды белгілеу, мерзімін ұзарту, бұрын белгіленген шектеулерді толықтыру туралы материалдарды қараған кезде өзіне қатысты аталған мәселелер шешілетін адамның қорғалуға құқығы қамтамасыз етілуге тиіс, бұл ретте ҚПК-нің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы міндетті.
Сотталған адамға оның құқығы және әкімшілік қадағалау мәселелері бойынша шығарылған сот қаулысына шағымдану тәртібі түсіндірілуге тиіс.
Сот отырысын тағайындау кезінде сот ұсыну енгізген немесе әкімшілік қадағалауды жүзеге асыратын органды немесе мекемені, сондай-ақ прокурорды, қадағалаудағы адамды және оның қорғаушысын (ол қатысқан жағдайда) әкімшілік қадағалау мәселелері бойынша ұсынуды (өтінішхатты) қарау орны мен уақыты туралы хабардар етеді.
16. Әкімшілік қадағалау мәселелері бойынша ұсынуларды (өтінішхаттарды) қарау жөніндегі сот отырысының дайындық бөлігі ҚПК-нің 43-тарауына сәйкес өткізіледі.
Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесінің немесе ішкі істер органының өкілі не қадағалаудағы адам (оның қорғаушысы) ұсынудың (өтінішхаттың) және оған қоса берілген материалдардың мазмұнын баяндайды, содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелері мен пікірлерін тыңдайды.
Сотталған адам және оның қорғаушысы сотқа ұсынылған материалдармен танысуға және олардың көшірмесін жасауға, материалдарды зерттеуге қатысуға, сотта сөз сөйлеуге, өтінішхаттар мәлімдеуге, дәлелдемелер ұсынуға, қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін білдіруге құқылы.
Сот әкімшілік қадағалау мәселелері бойынша ұсынуды (өтінішхатты) қарау нәтижелері бойынша уәжді қаулы шығарады.
17. Әкімшілік қадағалау мәселелері бойынша ұсынуларды (өтінішхаттарды) қарау кезінде сот отырысының хаттамасы жүргізіледі. Хаттама ҚПК-нің 347-бабына сәйкес компьютерлік, электрондық (аудио-, бейне түсіруді қоса алғанда), машинада жазу не қолмен жазу тәсілімен жасалады.
Сот отырысы барысын тіркеу ҚПК-нің 347-1-бабына сәйкес аудио-, бейнежазба құралдарының көмегімен жүзеге асырылады.
Сот процеске қатысушылардың өтінішхаты бойынша аудио-, бейнежазбаның немесе сот отырысы хаттамасының көшірмесін ұсынады.
Қағаз жеткізгіште жасалған хаттамада, егер сот талқылауының аудио-, бейнежазбасы қолданылмаса, ҚПК-нің 347-бабының үшінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерден басқа сот отырысына келген қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі мекемесі (ішкі істер органы) өкілінің, сотталған адамның, процеске басқа да қатысушылардың түсініктемелері мен пікірлері, сондай-ақ соттың барлық әрекеттері, оның ішінде адамның қорғалу және сот қаулысына шағым жасау құқығын түсіндіруі көрсетілуге тиіс.
Сот отырысының хаттамасымен танысу, оған ескертулер беру және сот отырысының аудио-, бейнежазбасына, сот отырысының қысқаша хаттамасына және қағаз жеткізгіште дайындалған сот отырысының хаттамасына ескертулерді қарау тәртібі ҚПК-нің 348, 348-1, 349-баптарында көзделген қағидалар бойынша жүзеге асырылады.
18. Әкiмшiлiк қадағалау белгіленген адамның, оның қорғаушысының шағымы бойынша немесе прокурордың өтiнiшхаты бойынша жоғары тұрған сот әкiмшiлiк қадағалау мәселелерi бойынша шығарылған сот қаулысының күшін жоюы немесе өзгертуi мүмкiн.
Сот әкімшілік қадағалау белгіленген адамға қатысты сот қаулысының көшірмесін қолхат ала отырып, бес тәуліктен кешіктірмей табыс етуге міндетті.
19. Әкiмшiлiк қадағалаудағы адам әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын немесе өзіне қатысты белгiленген шектеулерді бұзған жағдайда ӘҚБтК-нің 480-бабының бірінші бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.
Әкімшілік қадағалау мерзімі ұзартылғаннан кейін өзіне қатысты белгіленген шектеулерді алғаш рет бұзған адам ӘҚБтК-нің 480-бабының бірінші бөлігі бойынша жауаптылыққа тартылуға жатады.
20. Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзумен байланысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді және әкімшілік қадағалаудан жалтару туралы қылмыстық істерді қарау кезінде соттардың басқа мән-жайлармен қатар әкімшілік қадағалауды белгілеудің және оның мерзімін ұзартудың заңдылығын тексергені жөн.
Әкімшілік қадағалауды белгілеу, ұзарту туралы заңды күшіне енген өзіне қатысты сот қаулысы бар, әкімшілік қадағалау қағидаларын немесе өзіне қатысты сот белгілеген шектеулерді бұзуға жол берген адам ғана ҚК-нің 431-бабы және ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
Әкімшілік қадағалаудың белгіленген шектеулеріне және қағидаларына жатпайтын өзге бұзушылықтарды жасау адамды ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болып табылмайды.
Әкімшілік қадағалау қағидаларын немесе қадағалаудағы адамға қатысты белгіленген шектеулерді бұзумен байланысты ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қараған кезде сот істің басқа мән-жайларымен қатар оның белгіленген шектеулерді сақтауына кедергі келтіріп, жол берілген бұзушылықтың себептері мен уәждері (қадағалаудағы адамның кенеттен ауыр науқастануы, оның жақын туысының қайтыс болуы немесе науқастануы және басқа да себептер) туралы дәлелдерін тексеруге міндетті.
Қазақстан Республикасының әкімшілік қадағалау туралы заңнамасын бұзғаны туралы іс қозғалған адамның кінәсі ӘҚБтК-де көзделген тәртіппен дәлелденгенге және заңды күшіне енген сот қаулысымен анықталғанға дейін ол кінәсіз деп есептеледі.
21. Қадағалаудағы адамның бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін таңдап алған тұрғылықты жеріне, демалыс және мереке күндерін есептемегенде, бес тәулік ішінде бармағаны үшін, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған қадағалаудағы адамның тұрғылықты жерін өз бетімен тастап кеткені үшін ҚК-нің 431-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық осы әрекеттер әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсатында жасалған жағдайда ғана туындайды.
Егер қадағалаудағы адам ішкі істер органдарының тарапынан бақылаудан жалтару пиғылы болмай, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайға, көлік қатынасының уақытша болмауына, осы адамның ауыр науқастануына және басқа да дәлелді себептерге байланысты таңдап алған тұрғылықты жеріне белгіленген мерзімде бара алмаса, бұл іс-әрекет қылмыстық жазаланатын болып табылмайды.
Сонымен қатар қадағалаудағы адамның әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсатынсыз тұрғылықты жерінен өз бетiмен тастап кету іс-әрекетінде ҚК-нің 431-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмайды және ол ӘҚБтК-нің 480-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа ғана әкеп соғады.
Қадағалаудағы адамның әкімшілік қадағалаудан жалтару мақсаты – ҚК-нің 431-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі ретінде іс бойынша дәлелденуге тиіс. Қадағалаудағы адамның осындай мақсатының болуын оның дәлелсіз себептермен ұзақ уақытқа тұрғылықты жерін өз бетімен тастап кетуі, қадағалаушы органнан тұрғылықты жерінен тысқары өзінің болған жерін қасақана жасыруы, Қазақстан Республикасы өңірінің, аумағының шегінен тыс жерге шығуы және т.б. куәландыруы мүмкін.
22. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамға белгіленген әкімшілік қадағалаудан жалтарғаны үшін жаза тағайындау кезінде сотталушының жұмыспен қамтылуын, оның денсаулық жағдайын, отбасылық жағдайын, оның жеке басын сипаттайтын және оған бас бостандығынан айырудан басқа қылмыстық заңның санкциясында көзделген қылмыстық жазаның өзге шараларын қолдануға мүмкіндік беретін басқа да мән-жайларды соттардың ескергені жөн.
23. Мыналардың:
1) "Әкімшілік қадағалау жөніндегі заңнаманы қолданудың сот практикасы туралы" 2019 жылғы 31 мамырдағы № 1 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;
2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 38-тармағының;
3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2024 жылғы 29 қарашадағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы 10-тармағының күші жойылды деп танылсын.
24. Конституцияның 5-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және ресми жарияланғаннан кейін 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
А. Мерғалиев |
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |