Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2026 жылғы 20 мамырдағы № 4 Нормативтік қаулысы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы нормативтік қаулы 01.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Мұрагерлік туралы заңнаманы біркелкі қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы түсіндіреді:

      1. Мұрагерлiк құқыққа Қазақстан Республикасының Конституциясымен (бұдан әрi - Конституция) кепiлдiк беріледi және ол Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде (бұдан әрi - АК) айқындалған тәртiппен, ал АК-де және өзге де заңнамалық актiлерде белгiленген жағдайларда қайтыс болған азаматтың (мұра қалдырушының) мүлкiнiң басқа адамдарға (мұрагерлерге) ауысуын қамтамасыз етедi.

      Мұрагерлік туралы істер бойынша дауларды шеше отырып, соттар мұра ашылған күнде қолданыста болған заңнаманы басшылыққа алуға тиіс. Өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң ол қолданысқа енгізілгеннен кейін туындаған мұрагерлік құқықтар мен міндеттерге қолданылады.

      2. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал ол қайтыс болды деп жарияланған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімінің күшіне енген күні мұраның ашылу уақыты болып табылады. Егер бірінен кейін бірі мұрагер болуы мүмкін азаматтар бір күнтізбелік тәулікте қайтыс болса, онда олар бір мезгілде қайтыс болған деп танылады және бірінен кейін бірі мұрагер болмайды, мұрагерлікке олардың әрқайсысының мұрагерлері шақырылады.

      3. Азаматтың тұрақты немесе көбінесе тұрған елді мекені деп танылған, мұра қалдырушының соңғы тұрған жері мұраның ашылған орны болып табылады.

      Егер мұра қалдырушының соңғы тұрған жері белгісіз болса, жылжымайтын мүлік орналасқан жер, ал ол болмаған кезде жылжымалы мүліктің немесе оның неғұрлым құнды бөлігінің орналасқан жері мұраның ашылу орны болып танылады. Мүліктің құндылығы мұра ашылған күні оның нарықтық құнының негізінде айқындалады.

      Мұрагерлер мұра қалдырушының тұрған жерін растай алмаған жағдайларда, сот заңдық маңызы бар фактілерді анықтау үшін Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде (бұдан әрі - АПК) көзделген тәртіппен мұра ашылған орынның заңдық фактісін анықтауы мүмкін.

      Мұра қалдырушы мерзiмдi әскери қызметтi өткеруіне, оқуына, жұмыс жағдайына және сипатына, iссапарға, емдеу мекемесiне орналасуына, бас бостандығынан айыру орындарында болуына және т.б. байланысты уақытша кеткен кезде оның кеткенге дейiн тұрақты тұрған жерi мұраның ашылу орны болып танылады.

      4. Егер Қазақстан Республикасының аумағында мүлкі бар мұра қалдырушының соңғы тұрған жері оның шегінен тыс жерде болса, мұраның ашылу орны Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шартқа сәйкес айқындалады.

      2004 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, 2002 жылғы 7 қазандағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Кишинев Конвенциясына қатысушы мемлекеттер үшін заңдық күші бар осы Конвенцияның 51-бабына сәйкес жылжымалы мүлікті мұраға қалдыру туралы істер бойынша аумағында мұра қалдырушының қайтыс болу сәтінде тұрғылықты жері болған Уағдаласушы Тараптың мекемелері іс жүргізуге құзыретті.

      Жылжымайтын мүлiктi мұраға қалдыру туралы iстер бойынша аумағында мүлiк орналасқан Уағдаласушы Тараптың мекемелерi іс жүргiзуге құзыреттi.

      Осындай ереже 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек пен құқықтық қатынастар туралы Минск Конвенциясының 48-бабында және оған 1997 жылғы 28 наурыздағы хаттамада да бекiтiлген. Бұл Конвенция Кишинев Конвенциясына қатысушы мемлекет пен оның қатысушысы болып табылатын, бірақ ол үшін Кишинев Конвенциясы күшіне енбеген мемлекет арасындағы қатынастарға қолданылады.

      5. АК-нің 1072-бабының 1-тармағына сәйкес мұрагер мұраны алу үшін заң бойынша немесе өсиет бойынша оны қабылдауға тиіс. Мұраны қабылдау тәсілі мұра ашылған кезде қолданыста болған заң бойынша айқындалады.

      АК (Ерекше бөлім) қолданысқа енгізілгенге дейін (1999 жылғы 1 шілдеге дейін) және 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен АК-ге (Ерекше бөлім) енгізілген өзгерістер қолданысқа енгізілгеннен кейін (2007 жылғы 3 ақпаннан бастап) ашылған мұраны мұрагер мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа немесе заңға сәйкес мұраға құқық туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды адамға мұраны қабылдау туралы немесе мұраға құқық туралы куәлікті беру туралы арыз беру арқылы не оны іс жүзінде қабылдау арқылы қабылдауға тиіс.

      Мұраны іс жүзінде қабылдау деп мұрагердің мұрагерлік мүлікті иеленуге немесе басқаруға кірісуін, оны ұстау немесе сақтау, мұра қалдырушының арыздарын төлеу жөнінде шаралар қабылдауын не мұрагерлік массаға енгізілуге жататын мұра қалдырушыға тиесілі ақшаны немесе мүлікті алуын куәландыратын әрекеттері түсініледі.

      Мұрагерлер көрсетілген әрекеттерді мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде жасалуы тиіс.

      Мұрагер мұраны қабылдау туралы арыздағы қолтаңбаны куәландыру үшін нотариусқа немесе құжаттардағы қолдың түпнұсқалығын куәландыруға заңға сәйкес уәкілеттік берілген лауазымды адамға, мұраның ашылған орнымен сәйкес келмейтін өзінің орналасқан жері бойынша мұра ашылған күннен бастап алты ай мерзім шегінде жүгінуге құқылы. Мұндай арыз, егер мұрагердің арызы мұра ашылған жердегі нотариусқа немесе уәкілетті лауазымды адамға басқа адам арқылы берілсе не пошта арқылы жіберілсе, АК-нің 1072-1-бабында белгіленген мерзімде мұраны қабылдаудың дәлелдемесі болып табылады.

      Мұрагердің мұрадан бас тартуы, басқа мұрагердің мұраны қабылдамауы немесе АК-нің 1045-бабында белгіленген негіздер бойынша мұрагерді мұраны қабылдаудан шеттету салдарынан мұрагерлік туындайтын басқа адамдар, олардың мұрагерлікке құқықтары туындаған күннен бастап алты ай ішінде мұраны қабылдауға құқылы.

      1999 жылғы 1 шілдеден бастап 2007 жылғы 3 ақпанға дейінгі кезеңде ашылған мұра бойынша мұрагерлікке шақырылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап алты ай ішінде мұрадан бас тартпаған, АК-нің 1045-бабында көзделген негіздер бойынша мұрагер құқығынан айырылмаған мұрагер өзіне тиесілі мұраға немесе оның бөлігіне (үлесіне) құқықты мұра ашылған уақыттан бастап иеленеді және заңда белгіленген тәртіппен оны мұрагер деп тағайындау туралы өсиеттік өкімді жарамсыз деп тану салдарынан мұрагерлік құқықты жоғалтпайды.

      6. Белгiленген тәртiппен қабылданған мұра ол ашылған күннен бастап мұрагерге тиесiлi деп танылады. Мұраны қабылдаған мұрагерге мұраға құқық туралы куәлікті алғанына және мұраға қалдырылатын мүлікке құқықтардың мемлекеттік тіркелгеніне қарамастан, мұндай құқық мемлекеттік тіркеуге жататын кезде, құқық мұра қалдырушының мүліктік құқықтары мен міндеттеріне ие болады.

      7. Егер мұрагер АК-нің 1072-1-бабының 2-тармағында көрсетілген әрекеттерді жасап, мұраны іс жүзінде қабылдаса, бірақ нотариус мұраға құқық туралы куәлікті беруден бас тартса, онда мұрагер нотариустың әрекеттеріне ерекше іс жүргізу тәртібімен сотқа шағым жасауға құқылы.

      Мұрагер мұраны іс жүзінде қабылдаған, бірақ мұраға құқық туралы куәлікті алу үшін нотариусқа қажетті дәлелдемелерді ұсына алмаған және оларды өзге жолмен алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда, мұрагер мұраны қабылдаудың заңды фактісін анықтау туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы, арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер, бұл ретте құқық туралы дау туындаса, онда мұндай фактіні анықтау талап қою тәртібімен жүргізіледі.

      8. Сот шарттардың мынадай жиынтығы:

      мұраны іс жүзінде қабылдаудың дәлелдемелері болмаған;

      мерзімді дәлелді себептермен өткізіп алған;

      мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінген кезде мұраны қабылдау үшін өткізіп алған мерзімді қалпына келтіріп, мұрагерді мұраны қабылдады деп тани алады.

      Бұл ретте мұраны қабылдау үшін мерзімін қалпына келтіру туралы талап қоюмен сотқа жүгінудің алты айлық мерзімі АПК-нің 126-бабындағы тәртіппен қалпына келтірілмейтіні ескерілуге тиіс. Осы мерзімнің өтуінің басталуын анықтау мұраны қабылдау мерзімін өткізіп алу себептерінің аяқталуына байланысты болғандықтан, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдады деп тану туралы талап қою АК-нің 1072-3-бабында көрсетілген алты айлық мерзімнің өтуіне қарамастан, соттың іс жүргізуіне қабылданады.

      Мұраны қабылдау үшін мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін сот әрбір істің нақты мән-жайларына байланысты анықтайды. Мұндай себептердің қатарына мұрагердiң мұраны заңда белгiленген мерзiмде қабылдауына кедергi келтiрген мән-жайларды (қатты науқастануы, дәрменсiз күйi, сауатсыздығы және т.б.) жатқызған жөн. Денсаулығының қысқа мерзiмге бұзылуы, мұраны қабылдау мерзiмдерi мен тәртiбi туралы азаматтық-құқықтық нормаларды бiлмеуі, мұрагерлiк мүлiктiң құрамы туралы мәлiметтердiң болмауы және т.б. мән-жайлар дәлелдi себептер болып табылмайды.

      9. Мұраны қабылдау үшін мерзiмдi қалпына келтiру және мұрагердi мұраны қабылдады деп тану туралы талап қою мұраның ашылған орны бойынша сотта мұраны қабылдаған басқа мұрагерлердiң қатысуымен қаралуға тиiс. Осындай мұрагерлер болмаған кезде мұраның ашылған орны бойынша коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті орган іске қатысуға тартылады, өйткені иесіз қалған мүлікті алу үшін мұраны қабылдау талап етілмейді.

      Мұраға құқық туралы куәлік берілмеген жағдайларда талап қою қанағаттандырылған кезде сот шешімнің қарар бөлігінде мерзімнің қалпына келтірілгенін және мұрагердің мұраны қабылдады танылғанын көрсетеді. Соттың шешiмi мұраға құқық туралы куәлiкті беру үшiн негiз болып табылады.

      Мұраға құқық туралы берілген куәлік болған кезде сот талап қоюшыға оны жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен жүгіну құқығын түсіндіру қажет. Шешімнің қарар бөлігінде сот мұраны қабылдау мерзімінің қалпына келтірілгенін, мұраға құқық туралы берілген куәліктің жарамсыз деп танылғанын көрсетеді және барлық мұрагерлердің үлестерін айқындайды. Соттың шешімі мұра қалдырушының мүлкіне мұрагерлердің құқықтарын тіркеу үшін негіз болып табылады. Мұрагерлік мүліктің иеліктен шағарылуына байланысты ол заттай болмаған жағдайда мұрагер мұрадағы өзіне тиесілі үлес құнының ақшалай өтемақысын өндіріп алуды талап етуге құқылы.

      Қажет болған жағдайда сот талап қоюды қамтамасыз ету немесе шешiмнiң орындалуын қамтамасыз ету тәртiбiмен жаңа мұрагердiң мұраның оған тиесiлi үлесiн алу құқығын қорғау жөнiнде шаралар қабылдай алады.

      10. Мұрагер мұра ашылған күннен бастап алты ай ішінде мұрадан бас тартуға құқылы.

      Мұрадан бас тарту мұраның ашылған орны бойынша нотариусқа арыз беру арқылы жасалуы мүмкін. Мұраның ашылған орны бойынша нотариусқа жеке өзiнiң келуi мүмкiн болмаған кезде мұрагер мұрадан бас тарту туралы арызындағы қолтаңбасын нотариуста немесе құжаттардағы қолдың түпнұсқалығын заңға сәйкес куәландыруға уәкiлеттi лауазымды адамда куәландыруға құқылы, кейіннен бұл арыз мұра ашылған жердегі нотариусқа немесе уәкілетті лауазымды адамға жолданады.

      Сенімхатта өкілдің мұрадан бас тартуға өкілеттігі көрсетілген жағдайда мұрагердің өкіліне осындай арыз беруіне жол беріледі.

      Он төрт жасқа толмаған кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері (олардың ата-аналары, асырап алушылары, қорғаншылары), сондай-ақ белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың қорғаншылары сенімхатсыз әрекет етеді. Он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар, соттың шешімімен әрекет қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдар өздерінің ата-аналарының, асырап алушыларының, қорғаншыларының келісімімен мұрадан бас тартуға құқылы.

      Кәмелетке толмаған мұрагерлердің, әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған адамдардың мұрадан бас тартуына қорғаншылық және қамқоршылық органының келісімімен ғана жол беріледі.

      Мұрагер өзіне мұрадан бас тарту үшiн берiлген мерзiм (алты ай) өткеннен кейiн, сондай-ақ мұраны іс жүзінде қабылдаған кезде мұрадан бас тарту құқығын жоғалтады. Мұрадан бас тарту мерзімі мұра ашылған күннен бастап басталады. Сот дәлелді себептер болған кезде мұраны қабылдаудан бас тарту мерзімін ұзартуы мүмкін, бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.

      11. Мұрадан бас тартқан адам кейіннен өзінің бас тартуының күшін жоя алмайды немесе қайтара алмайды. Мұрадан бас тарту ерікті түрде жасалмаған жағдайда (басқа адамдардың тарапынан мәжбүрлеу, алдау немесе жаңылыстыру және т.с.с. арқылы жасалса) мұрагер мәмілені жарамсыз деп тану үшін АК-де көзделген негіздер бойынша оған сот тәртібімен дау айтуға құқылы.

      Егер мұрагер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлiкке шақырылса, ол осы негіздемелердің біреуі бойынша да, екі негіздеме бойынша да өзіне тиесілі мұрадан бас тартуға құқылы.

      Ескерту жасап немесе шарт қойып мұрадан бас тартуға жол берілмейді. Егер мұрагер мұраның бір бөлігінен бас тартса, онда ол барлық мұрадан бас тартты деп есептеледі. Алайда, бұл ереже АК-нің 1079-бабына сәйкес мұрагерге үстелу құқығы бойынша тиесілі мұрадан бас тартқан жағдайда қолданылмайды.

      12. Мұрагерлікке шақырылған мұрагер өсиет бойынша немесе кез келген кезектегі заң бойынша мұрагерлердің қатарындағы басқа адамдардың пайдасына, оның ішінде ұсыну құқығы бойынша мұрагерлікке шақырылған адамдардың пайдасына немесе нақты адамдарды көрсетпестен, мұрадан бас тартуға құқылы. Мұрагерлікке шақырылмаған ұсыну құқығы бойынша мұрагерлердің, өсиет қалдырушы мұрадан айырған мұрагерлердің не лайықсыз мұрагерлер деп танылған адамдардың пайдасына мұрадан бас тартуға жол берілмейді.

      Егер мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагер заңда белгіленген мерзімде өзінің міндетті үлесін алу құқығынан бас тартса, онда мүліктегі оның үлесі өсиет бойынша мұрагерлерге ауысады. Міндетті үлеске құқық мұрагердің жеке басына байланысты болады, сондықтан міндетті үлестегі мұрадан басқа адамдардың пайдасына бас тартуға жол берілмейді.

      Заң бойынша мұрагер мұрадан бас тартқан не ол АК-де аталған мән-жайлар бойынша шығып қалған жағдайда мұраның мұндай мұрагерге есептелуге тиiс бөлiгi мұрагерлiкке шақырылған заң бойынша мұрагерлерге түседi және олардың арасында өздерiнiң мұрагерлік үлестерiне бара-бар бөлiнедi.

      Егер мұра қалдырушы барлық мүлiктi өзi тағайындаған мұрагерлерге өсиет етсе, мұрадан бас тартқан немесе шығып қалған мұрагерге тиесiлi мұра бөлiгi өсиет бойынша қалған мұрагерлерге түседi және өсиетте өзгеше көзделмегендiктен, олардың арасында өздерiнiң мұралық үлестерiне бара-бар бөлiнедi.

      Мұрагерлікке шақырылған мұрагер, оның мұрадағы үлесі АК-де көрсетілген негіздер бойынша мұрагерлік құқығын жоғалту нәтижесінде заң немесе өсиет бойынша басқа мұрагерлерге түсетін және АК-нің 1079-бабының талаптарына сәйкес олардың арасында өздерінің мұрагерлік үлестеріне бара-бар бөлінеді, оның ішінде мұрагер, қай мұрагерлердің пайдасына мұрадан бас тартқанын көрсетпей, АК-нің 1072-2-бабында белгіленген мерзімде мұраны қабылдамағанда, АК-нің 1045-бабына сәйкес мұрагерліктен шектетілген мұрагер мұрагерліктен шығып қалған деп танылады. Мұрагерге қосымша мұрагер тағайындалған жағдайда, ол мұрагерліктен шығып қалған деп танылмайды.

      13. Мұраға құқық туралы куәлікті мұрагерлерге нотариус немесе заңға сәйкес мұраға құқық туралы куәлікті беруге уәкілетті лауазымды адам мұра ашылған күннен бастап алты ай өткеннен кейін мұраның ашылған орны бойынша береді.

      Осы мерзім өткенге дейін мұраға құқық туралы куәлік нотариустың немесе лауазымды адамның мұраға қалдырылған мүлікке қатысты басқа мұрагерлердің жоқ екендігі туралы дәйекті мәліметтері болған жағдайда ғана берілуі мүмкін. Ұсынылған мәліметтердің дұрыстығына күмән туындаған кезде нотариус мұраға құқық туралы куәлікті мерзімінен бұрын беруден бас тартуға құқылы. Бұл әрекеттер мұра ашылған күннен бастап алты ай мерзім өткеннен кейін мұраға құқық туралы куәлікті беру үшін кедергі болып табылмайды.

      14. АК-нің 1044-бабына сәйкес мұра ашылған кезде көзі тірі болған, сондай-ақ мұра қалдырушының көзі тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.

      Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагер бола алады.

      Заң бойынша мұрагерлер АК-нің 1061, 1062, 1063, 1064-баптарында көзделген кезектілік тәртібімен мұрагерлікке шақырылады. Заң бойынша мұрагерлердiң әрбiр келесi кезегi алдыңғы кезектегi мұрагерлер болмаған, олар мұрагерліктен шеттетілген, мұраны қабылдамаған не одан бас тартқан жағдайда, осы Кодекстiң 1074-бабының 5-тармағында аталған жағдайларды қоспағанда, мұрагерлiк құқығына ие болады.

      15. АК-нің 1062, 1063, 1064-баптарында көрсетiлген, мұрагерлiкке шақырылатын мұрагерлер тобына кiрмейтiн заң бойынша мұрагерлер, егер олар мұра ашылған күні еңбекке жарамсыз болса және мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейін кемінде бір жыл оның асырауында болса, осы кезектегі мұрагерлермен бірге және тең дәрежеде мұра алады.

      Заң бойынша мұрагерлер қатарына мұра ашылған күні еңбекке жарамсыз болып табылған, мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейін кемінде бір жыл оның асырауында болған және онымен бірге тұрған АК-нің 1061, 1062, 1063, 1064-баптарында көрсетілмеген адамдар заң бойынша мұрагерлер қатарына жатады. Басқа мұрагерлер болған жағдайда олар мұрагерлiкке шақырылатын кезектегi мұрагерлермен бiрдей мұра алады. Заң бойынша басқа мұрагерлер болмаған кезде аталған адамдар сегізінші кезектегі мұрагерлер ретінде өз бетiнше мұра алады.

      АК-нің 1068 және 1069-баптарына қатысты еңбекке жарамсыздар қатарына қолданыстағы заңнамаға сәйкес еңбекке жарамсыз деп танылатын адамдар, оның ішінде: кәмелетке толмаған адамдар; зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар; 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар; оқуы аяқталғанға дейін күндізгі оқу нысаны бойынша оқу орнында оқитын он сегіз жасқа толған және одан асқан, бірақ жиырма үш жастан аспаған адамдар жатады.

      Мұра қалдырушының асырауында болған адамдар деп мұра қалдырушының толық асырауында болған немесе олар үшін өмір сүрудің тұрақты және негізгі қаражат көзі болған көмекті мұра қалдырушыдан алған еңбекке жарамсыз адамдарды есептеген жөн.

      Мұра қалдырушының мұрагерге материалдық көмек көрсетуінің жекелеген жағдайлары асырауында болу фактісінің дәлелдемесі бола алмайды.

      16. АК-нің 1067-бабына сәйкес мұра ашылғанға дейiн қайтыс болған мұрагердiң үлесi заң бойынша АК-нің 1061-бабының 2-тармағында, 1062-бабының 2-тармағында және 1063-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда ұсыну құқығы бойынша оның ұрпақтарына ауысады және олардың арасында тең бөлiнедi.

      Ұсыну құқығы бойынша мұрагер мұрагерліктен шығып қалған жағдайда оның үлесі ұсыну құқығы бойынша қалған мұрагерлерге тең үлеспен өтеді, олар болмаған кезде мұрагерлікке шақырылатын өзге мұрагерлерге өтеді.

      17. Егер 2007 жылғы 2 ақпаннан кейін ашылған мұраны заң бойынша немесе өсиет бойынша мұрагер АК-нің 1072-2-бабында белгіленген мұраны қабылдау үшін мерзімде (мұра ашылған күннен бастап алты ай) мұраны қабылдауға үлгермей қайтыс болса, оның мұраны қабылдау құқығы мұрагерлік трансмиссия тәртібімен оның мұрагерлеріне ауысады.

      Осындай мұрагердің ашылған мұрадағы үлесі заң бойынша және өсиет бойынша оның мұрагерлеріне мұраны қабылдау үшін алты ай мерзімінің қалған бөлігі ішінде жалпы негіздер бойынша ауысуы мүмкін. Егер мерзімнің қалған бөлігі үш айдан аз болса, онда нотариус немесе мұраға құқық туралы куәлікті беруге өкілетті адам мерзімді үш айға дейін ұзартады.

      Мұра қалдырушының 1999 жылғы 1 шілдеден бастап 2007 жылғы 3 ақпанға дейінгі кезеңде ашылған мұраға қатысты мүлкі оның мұрагерлеріне мұрагерлік трансмиссия тәртібімен ауыспайды.

      18. Азамат өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кіретін және кірмейтін бір не бірнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғалар мен мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады.

      АК-нің 1046, 1050-баптарының мағынасы бойынша өсиет қалдыру құқығы әрекетке қабілетті азаматтарға ғана тиесілі болады. Әрекетке қабілеттілікті тексеруді өсиетті куәландыратын адам жүзеге асырады, сондықтан нотариус немесе өсиетті куәландыруға өкілетті адам осы нотариаттық әрекетті жасау кезінде өсиет жасауға ниет білдірген адаммен әңгімелесіп, өсиет қалдырушының мүлікке билік етуге шынайы еркін, сондай-ақ қалыптасқан жағдайды дұрыс қабылдауын және өзінің әрекеттерін түсінуін анықтайды.

      19. Өсиетті жазу, оған қол қою және оны куәландыру тәртібі АК-нің 1050, 1051, 1052-баптарында белгіленген, бұл тәртіптің сақталмауы өсиеттің маңызсыздығына алып келеді.

      Өсиеттi жарамсыз деп тану осы адамға мүлiктiк салдар тудырса, оның талап қоюы бойынша өсиет азаматтық заңнамада мәмiленi жарамсыз деп тану үшiн белгiленген негiздер бойынша толық немесе iшiнара жарамсыз деп танылуы мүмкiн (АК-нiң 4-тарауы).

      Өсиет жарамсыз деп танылған кезде заң бойынша мұрагерлік ашылады. Осы өсиеттің күші жойылуына байланысты мұрагерлік құқығынан айырылған өсиет бойынша мұрагер АК-нің 1060-бабына сәйкес заң бойынша мұрагерлікке шақырылуы мүмкін.

      20. Соттар АК-нің 159-бабы 7-тармағының негіздері бойынша өсиеттің жарамсыздығы туралы дауды шеше отырып, сарапшының мұра қалдырушының психикалық және тәнінің жай-күйі туралы қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайтынын ескеруге тиіс. Сарапшының қорытындысын зерттеу кезінде сот қорытындының қарар бөлігін ғана емес, қорытындының сипаттау бөлігін де зерттеуге міндетті. Сарапшының түйіндері істің материалдарындағы дәлелдемелерге негізделетін сараптаманың сипаттау бөлігіне сәйкес келуге тиіс. Соттың сарапшының қорытындысымен келіспеуі АПК-нің 92-бабының жетінші бөлігіне сәйкес уәжді болуға тиіс.

      Өсиетті жасау кезінде бірлескен ортақ меншіктегі жұбайының үлесі бөлінбеу негіздері бойынша өсиетті жарамсыз деп тану туралы талап қою мұраға құқық туралы куәлік берілгенге дейін ұсынылған кезде сот АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы негізінде талап қоюды қайтарып береді және талап қоюшыға артында қалған жұбайының ерлі-зайыптылардың ортақ меншігіндегі үлеске меншік құқығы туралы куәлікті алуы үшін мұраның ашылу орны бойынша нотариусқа жүгінуді ұсынады.

      Өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлік артында қалған жұбайының ортақ меншіктегі үлесін бөліп шығармай берілгенде, мүдделі адамдар мұндай куәлікті артында қалған жұбайына тиесілі үлес бөлігінде жарамсыз деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы.

      Eгep сот мұра қалдырушының өз еркiн бiлдiруiн түсiнуге әсер етпейдi деп белгiлесе, өсиеттi жасау, қол қою немесе оны растау кезiнде жiберiлген емле қателерi және техникалық сипаттағы басқа да елеусiз қателер өсиеттi жарамсыз деуге негiз бола алмайды.

      21. АК-нің 1069-бабына сәйкес мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, оның ішінде асырап алған балалары, қайтыс болған адамның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-анасы (асырап алушылар) өсиеттің мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұрагерлік кезінде олардың әрқайсысына тиесілі болатын үлестің (міндетті үлес) кемінде жартысын мұраға алады. Бұл ретте заң осы адамдардың мұрадағы міндетті үлеске құқығының туындауын олардың мұра қалдырушының асырауында болғанымен, мұра қалдырушымен бірге тұрғанымен және онымен бірге ортақ шаруашылық жүргізгенімен байланыстырмайды.

      Мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагер үшін өсиетте белгіленген кез келген шектеулер мен ауыртпалықтар оған ауысатын мұраның міндетті үлестен асатын бөлігіне ғана қатысты жарамды болады.

      Егер мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагер, оны қабылдамай қайтыс болса, онда осындай мұрагердің міндетті үлесі өсиет бойынша мұрагерлерге ауысады. Міндетті үлеске құқық мұрагердің жеке басына байланысты, сондықтан осындай мұрагер қайтыс болған жағдайда, міндетті үлесті қабылдау құқығы мұрагерлік трансмиссия тәртібімен оның мұрагерлеріне ауысуы мүмкін емес.

      22. Мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагерді мұрагерлікке шақыру үшін негіздер мұра ашылған күні болуға тиіс, сондықтан өсиетте осындай мұрагерлердің көрсетілмеуі өсиетті жарамсыз деп тану үшін негіз бола алмайды.

      Егер өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлік міндетті үлес ескерілмей берілсе, онда ол мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагердің талап қоюы бойынша оған тиесілі міндетті үлес бөлігінде жарамсыз деп танылуы мүмкін.

      Соттар мұрадағы міндетті үлесті бөліп шығару туралы дауды қарау кезінде әдеттегі үй жабдықтары заттарын (мысалы, жиһаз, тұрмыстық техника және т.б.) қоса алғанда, барлық мұрагерлік мүліктің нарықтық құнын мұраның ашылу күніне анықтауға және мұрагерлік ету тәртібі өсиет бойынша өзгертілмегенде, заң бойынша мұрагерлікке шақырылатын барлық мұрагерлерді ескеруге тиіс.

      Әдеттегі үй жабдықтары заттарына жеке пайдаланудағы заттар (аяқ киім, киім), кәсіптік қызметпен айналысуға арналған заттар, балаларға арналған заттар жатқызылмайды.

      23. АК-нің 1040-бабына сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқталмайтын құқықтары мен міндеттері кіреді.

      Мұрагерлік мүліктің құрамын және орналасқан орнын нотариус мұрагерлер ұсынған мүлікке құқық белгілейтін құжаттардың, сондай-ақ бағалы қағаздардың, мұра қалдырушының банк шоттары бойынша ақша қозғалысы туралы үзінді көшірмелердің және басқа да құжаттардың негізінде тексереді.

      Мұраның құрамына мұра қалдырушының тірі кезінде ресімделмеген мүліктік құқықтарын ресімдеу үшін қажетті құқықтар, оның ішінде оларды тіркеу құқығы кіруі мүмкін.

      Аталған норманы ескере отырып, мұра ашылған кезде мұра қалдырушының жылжымайтын мүлікке меншік құқығы тіркелмеген және оның атына мүлікке құқықты белгілейтін құжаттар ұсынылған кезде нотариус немесе заңға сәйкес мұраға құқық туралы куәлік беруге уәкілетті лауазымды адам мұрагерге мұра қалдырушының меншік құқығын тіркеуге құқық туралы куәлік береді.

      Мұра қалдырушыға меншік құқығы немесе уақытша жер пайдалану құқығы негізінде тиесілі жер учаскесінде орналасқан және қажетті рұқсаттарды ала отырып салынған, бірақ пайдалануға қабылданбаған құрылыстарға нотариус мұрагерлерге осы мүлікті мұра қалдырушының атынан пайдалануға қабылдау құқығы туралы куәлік береді.

      Мұра қалдырушыға тиесілі емес жер учаскесінде тұрғызылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген рұқсаттар алынбай өз бетімен салынған құрылысқа мұрагерлік құқықтарды ресімдеу АК-нің 244-бабының 3, 4-тармақтарына сәйкес мұрагердің талап қоюы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады. Нотариустың мұра қалдырушының атына өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тіркеуге куәлік беруге құқығы жоқ.

      24. Мұраны бөлу мұрагерлердің келісімі бойынша мұраға құқық туралы куәлікте көрсетілген оларға тиесілі үлестерге сәйкес жүргізіледі. Келісімге қол жеткізбеген кезде мұраны бөлу сот тәртібімен жүргізіледі.

      Егер мұраға құқық туралы куәлік берілмеген мұраны бөлу туралы талап қоюды қабылдау кезінде АК-нің 1073-бабының 2-тармағында мұраға құқық туралы куәлікті беру үшін көзделген мерзімнің өтпегені анықталса, сот АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы негізінде талап қоюды қайтарады және мұраға құқық туралы куәлікті алу тәртібін түсіндіреді.

      25. Мұрагерлік мүлікті бөлу туралы істерді қарау кезінде сот мұраға құқық туралы куәлікте көрсетілген үлестерді негізге алуы және АК-нің 218-бабының талаптарын басшылыққа алуға тиіс.

      Мұрагерлік мүлікті бөлу туралы дауды шеше отырып, сот істі қарау уақытында оның құрамын және нарықтық құнын анықтауға тиіс. Бұл ретте АК-нің 1040-бабына сәйкес мұраның бөлінуге жататын құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтатылмайтын құқықтары мен міндеттері кіретінін назарда ұстаған жөн.

      АК-нің 115-бабының 2-тармағына сәйкес мүліктік игіліктер мен құқықтарға (мүлікке): заттар, ақша, оның ішінде шетел валютасы, қаржы құралдары, жұмыс, қызмет, шығармашылық-зияткерлік қызметтің объектіге айналған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілері және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары, мүліктік құқықтар, цифрлық активтер және басқа да мүлік жатады. Бұдан басқа мұрагерлер мұра қалдырушыға тиесілі жеке мүліктік емес құқықтарды және басқа да материалдық емес игіліктерді (мұра қалдырушының қадір-қасиеті мен ар-намысы, авторлық құқық, туындыға қол сұғылмаушылық құқығы және т.б.) жүзеге асырып, қорғай алады.

      Ерлі-зайыптылардың неке кезеңінде жинаған салымдары олардың ортақ бірлескен меншігі болып табылады. Олардың ортақ бірлескен меншігінде мұра қалдырушының үлесін бөліп шығару кезінде артында қалған жұбайының атына салынған салымдарды ескеру қажет.

      Барлық мүлік немесе оның бір бөлігі мұрагерлерге нақты мүлік көрсетілмеген үлеспен өсиет етілген жағдайларда, мұрагерлердің арасында мұрагерлік мүлік өсиет бойынша бөлінуі мүмкін.

      Мұрадағы міндетті үлеске құқығы бар мұрагерге мұрагерлік мүліктен заттай үлесін бөліп шығару кезінде осындай мұрагердің үлесі алдымен заң бойынша мұраға алынатын мүлік есебінен белгіленеді, ал оның жетіспейтін бөлігі өсиетте көрсетілген мүлік есебінен қанағаттандырылуы мүмкін.

      26. Егер сақтандырылушының қайтыс болуы сақтандыру шартында көзделген сақтандыру жағдайы болып табылса, онда сақтандыру төлемдері сақтандыру шартының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мынадай жағдайларда:

      егер сақтандыру шартында сақтандырылған адам сақтандырушы болмаса, немесе сақтандырушы болса да, пайда алушы ретінде белгіленбесе, сақтандырылған адамның қайтыс болуы осындай шартта көзделген жағдай болып табылса;

      егер сақтандырылған адам шарт бойынша сақтандыру төлемдерін алуға тиіс адамның (пайда алушының) қылмыстық жазаланатын әрекеттерінен қайтыс болса;

      егер сақтандырылған адам қолданылу мерзімі аяқталған жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша өзіне тиесілі төлемдерді алып үлгермей қайтыс болса;

      егер заң актілеріне сәйкес өмірі мен денсаулығы міндетті сақтандырылуға жататын азаматтар (әуе, теміржол, теңіз, ішкі су және автомобиль көлігінің жолаушылары) қаза тапса, сақтандыру төлемдері сақтандырылған адамның мұрагерлік мүлкі құрамына қосылады.

      Егер заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сақтандырушы болып табылмайтын адам қайтыс болған жағдайда, оған қатысты жасалған мүліктік сақтандыру шарты, сақтандыру объектісі болған мүлік бойынша оның құқықтары мен міндеттері сақтандырушының келісімі бойынша оның мұрагерлеріне ауысуы мүмкін.

      27. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 22-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына, 40-бабына сәйкес азаматтың меншігіндегі жер учаскесі, ұзақ мерзімді уақытша жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Уақытша қысқа мерзiмдi жер пайдалану құқығын мұрагерлік кезiнде бұл құқықтың мұрагерлiк тәртiппен ауысуы, егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше белгiленбесе, сол тәртiппен жүзеге асырылады.

      28. Шаруа қожалығының мүлкi, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгiленбесе, оның мүшелерiне бiрлескен меншiк құқығымен тиесiлi болады.

      Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жай серіктестік нысанында ұйымдастырылған фермер қожалығының мүлкі оның мүшелеріне ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі болады.

      Мұра қалдырушының жеке кәсiпкерлiгiне негiзделген фермер қожалығының мүлкi оған жеке меншiк құқығымен тиесiлi болады.

      АК-нің 1082-бабына сәйкес шаруа немесе фермер қожалығының мүшесi қайтыс болған жағдайда мұра жалпы ережелер бойынша ашылады. Мұра қалдырушының жеке кәсiпкерлiгiне негiзделген фермер қожалығының мүлкiне мұра ашуды қоспағанда, мұрагердiң осы мүлiкке жалпы меншiктегi мұра қалдырушының үлесiне мөлшерлес ақшалай өтемақы алуға құқығы бар.

      Егер шаруа немесе фермер қожалығын құру туралы шартта мұрагерлерді осындай шаруашылықтардың мүшелігіне қабылдау көзделсе, онда шаруа немесе фермер қожалығы мүшелерінің жалпы жиналысының шешімі бойынша мұндай шаруашылықтың қайтыс болған мүшесінің мұрагері мұрагерлік үлес шегінде мүшелікке қабылдануы мүмкін.

      Шаруа немесе фермер қожалығының мүлкi мұрагерлер арасында осындай шаруашылықтың қызметi тоқтатылған жағдайда ғана бөлiнуi мүмкiн.

      29. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке, қосымша жауапкершілігі бар серіктестікке, өндірістік кооперативке, толық серіктестікке қатысушының үлесі АК-ге сәйкес мұрагерлерге өтеді. Егер олардың құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, мұрагерлер аталған шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң мүшелiгiне қабылдануға тиiс. Қатысушыға қабылдаудан бас тарту не мұндай шешім қабылдаудағы әрекетсiздiк талап қою iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа дау айтылуы мүмкiн.

      Мұрагерлер қатысушылар қатарына кiруден бас тартқан не аталған шаруашылық жүргiзушi субъектiлер мұндай қабылдаудан бас тартқан кезде мұрагерлерге активтер мен пассивтердi ескере отырып, қатысушының қайтыс болған күнi айқындалатын жарғылық капиталдағы және мүлiктегi мұра қалдырушыға тиесiлi үлестiң құны төленедi.

      Акционерлiк қоғамның қатысушысы қайтыс болған жағдайда оған тиесiлi акциялар мүлiк ретiнде ғана емес, оларға бекiтiлген мұра қалдырушының өзi куәландырған құқықтарының жиынтығы ретiнде мұрагерлерге ауысады.

      30. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 33-бабының мағынасы бойынша ерлі-зайыптылар некеде тұрған кезінде жинаған мүлікке олар алған зейнетақылар, жәрдемақылар, сондай-ақ арнаулы нысаналы мақсаты жоқ өзге де ақшалай төлемдер жатады. Осыны негiзге ала отырып, жеке зейнетақы шотындағы және мұра қалдырушы тiрi кезiнде алмаған бiрыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары, сондай-ақ нысаналы жинақтар ерлi-зайыптылардың бiрлесiп жинаған мүлкiне жатпайды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мұраға қалдырылады.

      31. АК-нің 1078-бабына сәйкес мұра ашылғанға дейiнгi бiр жыл iшiнде мұра қалдырушымен бiрге тұрған мұрагерлер тұрғын үйдi, сондай-ақ үй жабдықтары мен үй-iшi тұрмысы заттарын мұраға алуға басым құқыққа ие болады. Мұра қалдырушымен бiрге мүлiкке ортақ меншiк құқығы бар мұрагерлер ортақ меншiкте болған мүлiктi мұраға алуға басым құқыққа ие болады. Басым құқықтарды іске асырған кезде мұра қалдырушының мүлкі көрсетілген мұрагерлерге мұраны бөлуге қатысатын басқа мұрагерлердің мүліктік мүдделерін сақтай отырып, ақшалай немесе мүліктік өтемақы төлеу жолымен ауысатынын негізге алған жөн.

      Антикварлық заттар, сондай-ақ көркемдік, тарихи немесе өзге де құндылығы бар заттар үй жабдықтары мен үй-іші тұрмысында ұсталған заттар бола алмайды. Дау туындаған заттың көркемдік, тарихи немесе өзге де құндылығы туралы мәселелерді анықтау үшін сот сараптама тағайындай алады.

      32. АК-нің 1038-бабының 2-тармағына сәйкес қайтыс болған азаматтың мұрасы басқа адамдарға әмбебап құқық мирасқорлығы талаптарымен бiрыңғай тұтас нәрсе ретiнде, бiр-ақ мезгiлде ауысады. Әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртiбiмен мұрагерлерге мұрагерлiк мүлiк қана емес, сондай-ақ мұра қалдырушының мүлiктiк және жекелеген мүлiктiк емес құқықтары ғана емес, оған жүктелген мiндеттер де ауысады. Сондықтан АК-нің 1081-бабына сәйкес мұраны қабылдаған мұрагерлер әрбір мұрагерге өткен мүліктің нарықтық құны шегінде ортақ борышкерлер ретінде мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша жауап береді.

      Көрсетілген нормаларды қолданған кезде соттар мұрагерлер мұра қалдырушымен жасалған шарттардың тараптары болып табылмайтынын, олардың мұра қалдырушының борыштары бойынша жауап беру міндеті шарттың күшімен емес, заң күшімен туындайтынын назарда ұстауға тиіс.

      Мұрагер мұра қалдырушының міндеттемелері бойынша кредитор мұраның ашылған уақыты туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап есептелетін талап қоюдың жалпы мерзімі шегінде жауап береді.

      Мұраны мұрагерлік трансмиссия тәртібімен қабылдаған мұрагер осы мүлік тиесілі болған мұра қалдырушының борыштары бойынша осы мүлік құнының шегінде жауап береді және оған мұраны қабылдау құқығы өткен мұрагердің борыштары бойынша осы мүлікпен жауап бермейді.

      33. Мыналардың:

      1) "Соттардың мұрагерлік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2009 жылғы 29 маусымдағы № 5 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының;

      2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты нормативтік қаулысының 18-тармағының күші жойылды деп танылсын.

      34. Конституцияның 5-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
А. Мерғалиев
      Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы
Г. Әлмағамбетова