Тыңайтқыштардың жекелеген түрлерін экспорттауға айрықша құқық берудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 12 мамырдағы № 362 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 2 және 4-тармақтарына, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасына, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29 және 47-баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) экспортына айрықша құқық берілген тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің тізбесі;

      2) айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму комитеті осы қаулының 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің экспортына айрықша лицензия беруді жүзеге асыру жөніндегі лицензиар болып айқындалсын.

      3. "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 936 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туралы ережеде:

      15-тармақ мынадай мазмұндағы 149-1) және 149-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "149-1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тауарлардың экспортына және (немесе) импортына айрықша лицензия беруді жүзеге асыру;

      149-2) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тауарлардың экспортына және (немесе) импортына айрықша лицензия беру қағидаларын әзірлеу және бекіту;".

      4. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 12 мамырдағы
№ 362 қаулысымен
бекітілген

Экспортына айрықша құқық берілген тыңайтқыштардың жекелеген түрлерінің тізбесі

Р/с

Экспортына айрықша құқық берілген тыңайтқыштардың түрі

ЕАЭО СЭҚ ТН коды

1

Аммоний нитраты

3102 30 900 0

2

Аммофос

3105 59 000 0

      Ескертпе: аббревиатураның толық жазылуы:

      ЕАЭО СЭҚ ТН – Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2023 жылғы 12 мамырдағы
№ 362 қаулысымен
бекітілген

Айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылардың тізбесі

      1 "ҚазАзот" акционерлік қоғамы.

      2. "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

      3. "Kaz Chemicals Trading House" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.