Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысы.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2023 ж.бастап қолданысқа енгізіледі

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 341-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына, 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасына және 654-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.03.2024 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттары айқындалсын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 20.03.2024 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. "Қазақстан қор биржасы" (келісу бойынша) және "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы" (келісу бойынша) акционерлік қоғамдары тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-і күнінен кешіктірмей, өздерінің интернет-ресурстарында осы қаулының 1-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін бағалы қағаздар туралы ақпаратты орналастырып тұрсын.

      3. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 17 қарашадағы
№ 911 қаулысына
қосымша

Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттары

      Ескерту. Қаулы қосымшамен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 20.03.2024 № 220 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздардың (инвестициялық пай қорларының пайларын және борыштық бағалы қағаздарды қоспағанда) сауда-саттығын жүзеге асырған кезде бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер бойынша мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:

      1) бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 25 (жиырма бес) миллион теңгені құрайды;

      2) бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 50 (елу) мәмілені құрайды.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда инвестициялық пай қорлары пайларының сауда-саттығын жүзеге асырған кезде бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер бойынша мынадай өлшемшарттар қатар сақталады:

      1) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 20 (жиырма) миллион теңгені құрайды;

      2) инвестициялық пай қорларының пайларымен жасалатын мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 10 (он) мәмілені құрайды.

      3. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасын және 654-бабының 3) тармақшасын қолдану мақсаттары үшін Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бір шығарылым шегінде борыштық бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асырған кезде ашық сауда-саттық әдісімен орналастырылған және осы шығарылым айналысындағы борыштық бағалы қағаздардың көлемі бойынша кемінде 1 (бір) миллиард теңгені құрайтын өлшемшарт сақталады.