Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 қаулысы

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.01.2023 ж.бастап қолданысқа енгізіледі

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) Қазақстан Республикасы Кодексінің 241-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына, 341-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына, 645-бабы 9-тармағының 3) тармақшасына, 654-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін биржаларда бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асырудың төмендегі өлшемшарттары айқындалсын, оларға сәйкес келсе, осы бағалы қағаздар бойынша дивидендтерге салық салынбайды:

      1) бағалы қағаздармен мәмілелер көлемі күнтізбелік бір айда кемінде 25 (жиырма бес) миллион теңгені құрайды;

      2) бағалы қағаздармен мәмілелер саны күнтізбелік бір айда кемінде 50 (елу) мәмілені құрайды.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің мақсаттары үшін бағалы қағаздармен орындалған мәмілелер есепке алынады.

      2. "Қазақстан қор биржасы" (келісу бойынша) және "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы" (келісу бойынша) акционерлік қоғамдары тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-і күнінен кешіктірмей, өздерінің интернет-ресурстарында осы қаулының 1-тармағында белгіленген өлшемшарттарға сәйкес келетін бағалы қағаздар туралы ақпаратты орналастырып тұрсын.

      3. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов