Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 наурыздағы № 105 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2022 жылғы 2 наурыздағы
№ 105 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтыру

      1. "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 28 шілдедегі № 597 қаулысында:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік жастар саясаты туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын беру тәртібін айқындайды.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Орталық, жергiлiктi және өзге де мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген өзге де заңды тұлғалар (бұдан әрі – ұсынатын ұйымдар) уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды қағаз және электрондық түрде жібереді:

      1) кандидаттың жеке куәлігінің көшірмесі;

      2) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын алуға арналған тіркеу өтінімі;

      3) қолдаухат пен сыйлық алуға ізденушінің жетістіктері туралы анықтама;

      4) марапаттау дипломдарының, грамоталардың, алғыс хаттардың көшірмелері (бар болса);

      5) кандидаттың немесе кандидат туралы мақалалардың, жарияланымдардың көшірмелері (бар болса);

      6) банктік шоттың болуы туралы анықтаманың көшірмесі;

      7) кандидаттың жетістіктері туралы өзге де растаушы материалдар (бар болса).

      Уәкiлеттi орган сыйлық алуға ізденуші бойынша келіп түскен құжаттарды қабылдап, бір күн мерзімде тіркейді.

      Құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, уәкілетті орган өтінімді алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынатын ұйымдарға өтінімді осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келтіру қажеттігі туралы хабарламаны оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе олардың электрондық мекенжайларына жібереді.

      Ұсынатын ұйымдар хабарламаны алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні болмаған құжаттарды уәкілетті органға қағаз және электрондық түрде ұсынады.

      Уәкілетті орган хабарламада көрсетілген ескертулерді ескере отырып пысықталған өтінімдерді Комиссияның қарауына ұсынады.

      Өтінім осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келтірілмеген жағдайда, хабарламада көрсетілген мерзімде уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығын алуға өтінімді қайтарады.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Хаттама жобасы мен негіздемесі бар хабарлама хаттамаға қол қойылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынатын ұйымдарға оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе олардың электрондық мекенжайларына жіберіледі.

      Ұсынатын ұйымдар хаттама жобасы бар хабарлама алынған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хаттама жобасына қарсылықтар беруі мүмкін.

      Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды.

      Хаттамада сыйлық беруге кандидатуралар және себептерін көрсете отырып, сыйлық берілмейтін кандидатуралар көрсетіледі.".

      2. "Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 2 желтоқсандағы № 762 қаулысында:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 37-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 37-бабының 2-тармағына сәйкес әзiрлендi және мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткізу тәртібін айқындайды.";

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Конкурстық комиссия өтiнiмдер салынған конверттердi конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген күнi, уақытта және орында конкурсқа қатысушылардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен ашады.

      Конверттердi ашу кезiнде конкурстық комиссия мүшелерi алынған құжаттардың әрбір парағын дәйектеуді жүзеге асырады.

      Конкурстық комиссия хабарландыруда көрсетілген, конкурс талаптарына сәйкес келетін мерзімді баспа басылымдарын айқындау мақсатында конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарайды.

      Осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, конкурстық комиссия өтінімдер салынған конверттерді ашқаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысушыларға немесе олардың өкілдеріне мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актілерді және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алуға арналған конкурсқа қатысуға өтінімді сәйкес келтіру қажеттігі туралы хабарламаны оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе олардың электрондық мекенжайларына жібереді.

      Өтінім осы Қағидаларға қосымшада көрсетілген талаптарға сәйкес келтірілмеген жағдайда, конкурстық комиссия өтінімді сәйкес келтіру мерзімі аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурсқа қатысушыларға немесе олардың өкілдеріне конкурсқа қатысуға өтінімді қайтару туралы жазбаша дәлелді жауапты оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе олардың электрондық мекенжайларына жібереді.

      11. Конкурсқа қатысуға өтінімдерді қарау нәтижелері бойынша өтінімдер салынған конверттерді ашқан күннен бастап бір жұмыс күнінен аспайтын мерзімде конкурсқа қатысуға өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасы ресімделеді.

      Өтінімдер салынған конверттерді ашу хаттамасы мынадай:

      1) келіп түскен өтінімдер;

      2) қатысушылардан өтінімдердің түсуі және конкурс өткізу тәртібін түсіндіру;

      3) конкурс өткізу тәртібіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;

      4) өтінімдерде қамтылған мәліметтер және оларға қойылатын талаптар;

      5) конкурсқа қатысушыларға немесе олардың өкілдеріне конкурсқа қатысуға өтінімді сәйкес келтіру мүмкіндігінің берілуі туралы ақпаратты қамтиды.".

      13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Өтінімдерді ашқан күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде заңнамалық актілерді және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспа басылымдарын айқындау конкурсы қорытындыларының хаттамасы ресімделеді.

      Конкурстық комиссия хаттамаға қол қойылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хаттама жобасы бар хабарламаны конкурсқа қатысушыларға немесе олардың өкілдеріне оның табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе өтінімдерінде көрсетілген электрондық мекенжайларына жібереді.

      Конкурсқа қатысушы немесе оның өкілі хаттама жобасы бар хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хаттама жобасына қарсылық беруі мүмкін.

      Конкурс қорытындыларының хаттамасына конкурстық комиссияның төрағасы мен барлық мүшелері, сондай-ақ конкурстық комиссия мүшесі болып табылмайтын конкурстық комиссияның хатшысы қол қояды.

      14. Конкурс қорытындыларының хаттамасы мынадай:

      1) қайтарудың себептерін толық сипаттап, оның ішінде конкурсты ұйымдастырушы қоятын талаптарға олардың сәйкес келмейтінін растайтын мәліметтер мен құжаттарды көрсете отырып, конкурсқа қатысуға өтінімдері қайтарылған мерзімді баспа басылымдары;

      2) заңнамалық актілерді және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспа басылымдарының айқындалуы;

      3) конкурсқа қатысушылардың немесе олардың өкілдерінің конкурс қорытындылары хаттама жобасымен, сондай-ақ қарсылықтар келіп түскен жағдайда, оларды қараудың нәтижелерімен таныстырылғаны туралы ақпаратты қамтиды.";

      Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актiлердi және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алуға конкурс өткiзу қағидаларына қосымша осы өзгерістер мен толықтыруға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      3. "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын тағайындау туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 шiлдедегi № 469 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантын беру қағидаларында:

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді тіркейді және олардың осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкестігін қарайды.

      Уәкілетті орган құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда конкурстық өтінімді алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде үміткерге конкурстық өтінімді осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келтіру қажеттігі туралы хабарламаны үміткердің конкурстық өтінімінде көрсетілген электрондық мекенжайға жібереді.

      Конкурстық өтінім хабарлама алынған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келтірілмеген жағдайда уәкілетті орган конкурстық өтінімді үміткерге қайтарады.

      Үміткер пысықталған конкурстық өтінімді конкурс өткізу туралы ақпараттық хабарламада көрсетілген конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімінің соңына дейін қайта бере алады.

      Осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келетін конкурстық өтінімдерді уәкілетті орган конкурстық өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурстық комиссияның қарауына жібереді.

      Уәкілетті органның конкурстық комиссияға конкурстық өтінімдерді бергенін растау конкурстық өтінімдерді беру туралы хаттамамен ресімделеді.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Конкурстық комиссияның мүшелері уәкілетті орган осы Қағидалардың 17-тармағына сәйкес келетін конкурстық өтінімдерді ұсынған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес бағалау парағы бойынша конкурстық өтінімдерді бағалайды және конкурс жеңімпаздарын айқындайды.

      Үміткер ұсынған конкурстық өтінімде жобаның негізгі идеясы, оның әлеуметтік әсері, күтілетін нәтижелері ашып көрсетілмеген жағдайда және конкурстық комиссияда жобаға қосымша сұрақтар туындаған кезде, конкурстық комиссия төрағасының шешімі бойынша үміткерлердің баяндамаларын таныстырылымдармен бірге көзбе-көз немесе қашықтан тыңдау жүргізіледі.

      Конкурстық комиссияның шешімімен осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес бағалау парағы бойынша жиналған балдардың санын көрсете отырып, конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасы ресімделеді.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Конкурстық комиссия конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қойылғанға дейін 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде үміткерлердің конкурстық өтінімдерінде көрсетілген электрондық мекенжайларға конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасы бар хабарлама жібереді.

      Үміткер конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасы бар хабарламаны алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде конкурс қорытындылары туралы хаттама жобасына қарсылық беруі мүмкін.

      Қарсылықтар келіп түскен жағдайда, олар қаралғаннан кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қатысып отырған конкурстық комиссияның мүшелері қол қояды.".

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен
толықтыруға қосымша
Мерзімді баспа
басылымдарының
заңнамалық актiлердi және
Конституциялық
Кеңестің қорытынды
шешімдерін ресми жариялау
құқығын алуға конкурс өткiзу
қағидаларына қосымша
Нысан

Мерзімді баспа басылымдарының заңнамалық актілерді және Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін ресми жариялау құқығын алуға арналған конкурсқа қатысуға өтінім

      1. Толық атауы/тегі, аты, әкесінің аты (бар болса):

      _______________________________________________________________

      2. Орналасқан жерінің мекенжайы/заңды мекенжайы:

      _______________________________________________________________

      3. Телефон, факс нөмірлері, электрондық мекенжайы:

      _______________________________________________________________

      4. Мерзімді баспа басылымының атауы:

      _______________________________________________________________

      5. Мерзімді баспа басылымын есепке қою туралы куәлік:

      _______________________________________________________________

      6. Баспа басылымдарын шығару тиражын және мерзімділігін растайтын баспахана анықтамасы (қосымша).

      _______________________________________________________________

      Меншік иесінің не уәкілетті адамның тегі, аты-жөні, қолы

      Мөр орны (бар болса)

      20__ жылғы "___" ___________