ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Нормативтік қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 24-т. қараңыз.
Заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау тәртібін регламенттейтін қолданыстағы заңнаманы біркелкі және дұрыс қолдану мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 76-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес заңды күшіне енген сот үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың аумағында міндетті күші бар екені және Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) ережелеріне сәйкес дереу орындалуға жататыны түсіндірілсін. Осыған байланысты қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау ерекше жағдайларда, қатаң түрде ҚПК-нің ережелеріне сәйкес жүзеге асырылуға және олардың орындалуына кедергі келтірмеуге тиіс.
Қылмыстық істер бойынша заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарауды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы ҚПК-нің 446-бабы үшінші бөлігінің тәртібімен енгізілген Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) наразылығы, облыстық не оған теңестірілген сот төрағасының ұсынуы бойынша не Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының үш судьясының (бұдан әрі – Жоғарғы Сот судьялары) қаулысымен кассациялық сатыға берілген ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардың өтінішхаттары бойынша ғана жүргізеді.
2. ҚПК-нің 485-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген зардаптарға әкеп соққан қылмыстық және (немесе) қылмыстық-процестік заңдарды дұрыс қолданбау жағдайлары ғана заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады. Бұл негіздердің тізбесі толық болып табылады және кеңінен түсіндіруге жатпайды.
ҚПК-нің 484-бабы екінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында санамаланған заңды күшіне енген сот актілері кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайды.
Ескертпе!ҚР Конституциялық Сотының 14.07.2023 № 21 нормативтік қаулысын қараңыз.
Қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша заңды күшіне енген сот актілері, оларға шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталмаған жағдайда сот актілері ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Бас Прокурордың наразылығы бойынша ғана қайта қаралуы мүмкін.
Кассациялық сатыдағы соттың қаулылары Бас Прокурордың наразылығы бойынша: 1) сот актісі мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғаған не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр зардаптарға әкеп соғуы мүмкін; 2) адам өмір бойы бас бостандығынан айыруды өтеген жағдайларда ғана қайта қаралуы мүмкін.
3. Ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша бірінші сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары, олар апелляциялық сатыдағы сотта қаралғаннан кейін, ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер болған кезде апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулыларына Бас Прокурор наразылық білдіруі, сондай-ақ ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар кассациялық сатыдағы сотқа шағым жасауы мүмкін.
Ауырлығы орташа, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшін айыптаумен сотқа берілген адамдарға қатысты істер бойынша олардың әрекетін төмен тұрған соттар қылмыстық теріс қылық немесе ауырлығы онша емес қылмыс ретінде саралаған кезде сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхат осындай қайта саралаумен келіспеген және іс-әрекетті бұрынғы аса ауыр бап бойынша саралау туралы мәселе қойылған жағдайда ғана берілуі мүмкін.
ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген тұлғалардың заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтінішхаттарын (бұдан әрі – кассациялық өтінішхат) кассациялық сатының сот отырысында қарау үшін іспен бірге кассациялық өтінішхатты беру үшін негіздердің бар-жоғы туралы мәселені шешу үшін Жоғарғы Соттың үш судьясы сот отырысында алдын ала қарайды. Бұл қағидалар ҚПК-нің 446-бабының үшінші бөлігіне сәйкес енгізілетін Бас Прокурордың наразылығына, облыстық не оған теңестірілген сот төрағасының ұсынымына, сондай-ақ өмір бойы бас бостандығынан айыруды өтеп жүрген адамдардың және олардың қорғаушыларының кассациялық өтінішхаттарына қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.
ҚПК-нің 29-бабында көзделген сот талқылауының жариялылығын шектеу жағдайларын қоспағанда, кассациялық өтінішхатты алдын ала қарау бойынша сот отырыстарын судьялар ашық өткізеді.
4. Бірінші сатыдағы соттың сот актісіне:
ешкім шағымданбаған (өтінішхат келтірілмеген) және ол заңды күшіне енген;
шағым жасалған (өтінішхат келтірілген), алайда заңда белгіленген тәртіппен апелляциялық (жекеше) шағым, прокурордың өтінішхаты ол қаралғанға дейін кері қайтарып алынған;
шағым жасалған (өтінішхат келтірілген), алайда апелляциялық шағым жасау мерзімінің өтіп кетуіне байланысты шағым, прокурордың өтінішхаты қараусыз қайтарылған;
сотталған (ақталған) адамға қатысты қайта қаралмаған, бірақ апелляциялық сатыдағы сотқа осы іс бойынша басқа адамдарға қатысты шағым жасалған (өтінішхат келтірілген) және қайта қаралған жағдайлар сот актілеріне шағым жасаудың апелляциялық тәртібін сақтамау деп танылады
5. ҚПК-нің 486-бабының бірінші бөлігінде санамаланған адамдар ҚПК-нің 484-бабы бірінші бөлігінің талаптары сақталған кезде істі бірінші және апелляциялық сатылардағы соттарда қарау кезінде қатыспаған жағдайларда да кассациялық өтінішхат беруге құқылы.
Кассациялық өтінішхат беру құқығына ие басқа адамдардың қатарына белгіленген тәртіппен процеске қатысушы деп танылмаған, бірақ өзінің нақты жағдайын негізге ала отырып, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғауға құқығы бар адамдар (бұдан әрі – мүдделі адам) жатады. Мұндай адамдарға мүлік иесі немесе мүлкі тәркіленген не мүлкіне тыйым салынған кепіл ұстаушы және басқа адамдар жатқызылуы мүмкін.
Мүдделі адамның өтінішхатында сот актісінің қандай бөлігінде олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қозғайтыны, істі қарау кезінде заңның қандай нормалары бұзылғаны, сондай-ақ сот актілерін қайта қарауға әкеп соғатын нақты негіздер келтіріліп, өтініштің мәні көрсетілуі тиіс.
Сот актілеріне шағым жасаудың апелляциялық тәртібін міндетті түрде сақтау туралы ҚПК-нің 484-бабы бірінші бөлігінің талаптары мүдделі адамға да қолданылады. Мүдделі адам өзінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғанын бірінші сатыдағы соттың сот актілеріне апелляциялық шағым жасау мерзімі өтіп кеткеннен кейін анықтаған жағдайда, мұндай адам ҚПК-нің 419-бабындағы тәртіппен өткізіп алған мерзімін қалпына келтіру туралы сотқа жүгінуге құқылы.
Кәмелетке толмаған сотталған адамның заңды өкілі заңды күшіне енген сот актілеріне сотталған адам кәмелетке толғанға дейін ғана кассациялық өтінішхат беруге құқылы.
6. Жәбірленуші, оның өкілі немесе заңды өкілі ҚПК-нің 484-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр және аса ауыр қылмыстар туралы істер бойынша ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша сот актілеріне шағым жасауға құқылы.
ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағында көзделген негіз бойынша жәбірленушінің ҚПК-нің 71 (алтыншы бөлік), 72 (үшінші және төртінші бөліктер) және 76 (үшінші бөлік)-баптарында көзделген құқықтары бұзылған жағдайда, атап айтқанда прокурор айыптаудан бас тартқан кезде жәбірленушіні жекеше айыптаушы деп танымау, оны сот талқылауына қатысу, сот жарыссөздерінде сөз сөйлеу құқығынан айыру, жәбірленуші (азаматтық талапкер) мәлімдеген азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеу және қылмыстық істі мәні бойынша дұрыс шешуге әсер еткен басқа да бұзушылықтар жағдайында сот актілері қайта қаралуы мүмкін.
7. Соттың заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы кассациялық өтінішхаттың, наразылықтың құрылымы мен мазмұны ҚПК-нің 488-бабының талаптарына қатаң сәйкес келуі тиіс.
Кассациялық өтінішхат пен наразылық Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына жолданады және онда:
кассациялық өтінішхат берген адам туралы, оның процестік жағдайы, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, онымен байланыс құралдарының нөмірлері көрсетілген деректер;
шағым жасалатын сот актілерін нұсқау және оларды шығарған соттардың атауы;
сот актісінің қай бөлігіне немесе оған толық көлемде кассациялық өтінішхат берілетіні, наразылық келтірілетіні туралы нұсқау;
сот актісін қайта қарау үшін негізді көздейтін ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің тиісті тармағына сілтеме;
сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыру немесе істі алдыңғы сот сатыларында қарау кезінде заңның қандай нормалары бұзылғандығы және осы бұзушылықтар шығарылған сот шешімдеріне қалай әсер еткені туралы сот актісінің дұрыс еместігін негіздейтін дәлелдер және оның өтінішінің мәні;
кассациялық өтінішхаттың, наразылықтың талаптарын негіздейтін дәлелдер;
кассациялық өтінішхатты берген тұлғаның қатысуымен немесе қатысуынсыз қарау туралы нұсқау;
кассациялық өтінішхатқа, наразылыққа қоса берілетін материалдардың тізбесі;
кассациялық өтінішхат, наразылық берілген күн және өтінішхат иесінің, наразылық келтірген прокурордың қолы болуы тиіс.
Кассациялық өтінішхат, наразылық қылмыстық іс бойынша белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жасалуы тиіс. Өтінішхатқа шағым жасалып отырған сот актілерінің көшірмелері қоса берілуі тиіс.
Бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жүрген сотталған адамның кассациялық өтінішхаты қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігі арқылы беріледі.
Бас Прокурордың ҚПК-нің 485-бабы екінші бөлігінің 1) тармағының негізінде енгізілген наразылығы кассациялық сатыдағы соттың қайта қарауға жататын қаулысының мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделерді, мемлекеттің қауіпсіздігін қозғайтын не адамдардың өмірі, денсаулығы үшін орны толмас ауыр салдарларға әкеп соқтыруы мүмкін екендігіне негіздемені қамтуы тиіс.
Жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған кезде кассациялық өтінішхат, наразылық хатпен қараусыз қайтарылады.
Өтінішхат не өзге де өтініш ҚПК-нің 488-бабы бірінші бөлігінің талаптарына сәйкес келмейтін, сондай-ақ онда орынсыз сөздер, нормативтік емес лексика, сот ісін жүргізуге қатысушылар мен басқа да адамдарға тіл тигізу, сондай-ақ іске қатысы жоқ мән-жайлар болған жағдайларда да қайтарылуға жатады.
ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағы бойынша алғашқы өтінішхатты қайтаруға негіз болған кемшіліктер жойылғаннан кейін кассациялық сатыға өтінішхат қайта келіп түскен кезде ҚПК-нің 487-бабының екінші бөлігінде белгіленген сотталған адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын негіздер бойынша сот актілеріне шағым жасау мерзімі алғашқы өтінішхат берілген сәттен бастап есептеледі.
8. Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысын қайта қарау туралы кассациялық өтінішхат ҚПК-нің 484-бабының бірінші және төртінші бөліктеріне сілтеме жасай отырып, Жоғарғы Сот судьясының хатымен қараусыз қайтарылуға жатады.
9. ҚПК-нің 490-бабы бірінші бөлігі 1) тармағының ережелеріне сәйкес кассациялық өтінішхаттар қаралмай ҚПК-нің 489-бабында көзделген негіздер бойынша Жоғарғы Сот судьясының хатымен өтінішхат судьяға берілген кезден бастап он тәуліктен аспайтын мерзімде қайтарылады.
10. Апелляциялық сатыдағы сот шығарған жекеше қаулыға кассациялық тәртіппен шағым жасалуы (наразылық келтірілуі) мүмкін.
Бірінші сатыдағы соттың жекеше қаулысын кассациялық сатыдағы сот құқықтары мен заңды мүдделері қозғалатын тұлғаның өтінішхаты бойынша оған шағым жасаудың апелляциялық тәртібі сақталған жағдайда ғана қайта қарауы мүмкін. Бұл шарт сақталмаған жағдайда өтінішхат оны берген адамға Жоғарғы Сот судьясының хатымен қайтарылады.
11. ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақтарында көзделген негіздер бойынша кассациялық өтінішхат ҚПК-нің 490-бабы бірінші бөлігінің 1) тармағында көзделген жағдайда Жоғарғы Сот судьясының хатымен, ал ҚПК-нің 491-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағында көзделген жағдайда судьялардың қаулысымен қайтарылады. Егер осы негіздер кассациялық сатыдағы сот отырысында анықталса, онда өтінішхат, наразылық қараусыз қалдырылады және кассациялық іс жүргізу сот алқасының қаулысымен тоқтатылады.
12. ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағына сәйкес 2022 жылғы 1 шілдеге дейін шығарылған судьяның қаулысы не 2022 жылғы 30 маусымнан кейін шығарылған үш судьяның кассациялық өтінішхатты кассациялық сатыдағы сотқа беруден бас тарту туралы қаулысы (бұдан әрі –судьяның (судьялардың) қаулысы) болған жағдайларда, егер өтінішхатта қандай да бір интерпретацияда бұрын қарау нысанасы болған және бұл туралы судьяның (судьялардың) қаулысында көрсетілген қайта қараудың сол негіздері келтірілсе, өтінішхат Жоғарғы Сот судьясының хатымен қараусыз қайтарылуға жатады.
Қайта қараудың бұрын қарау нысанасы болған сол негіздер деп сот актісінің заңдылығын және негізділігін, сотталған адамның кінәсінің дәлелденгенін немесе ақталған адамның кінәсі дәлелдемелерінің болмауын, іс-әрекет пен тағайындалған жазаның саралануының дұрыстығын тани отырып, судьяның (судьялардың) қаулысында олардың бар-жоғы туралы ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздерді растайтын кассациялық өтінішхатта келтірілген мән-жайлар танылады.
Судьялардың (судьяның) кассациялық сатының сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беруден бас тарту туралы қаулысында дәлелдеріне қатысты жауаптар берілген нақ сол адамның мүддесі үшін және нақ сол іс бойынша әртүрлі қорғаушылардың өтінішхаттары да ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігі 6) тармағының негізінде қайтарылуы тиіс өтінішхаттарға жатады.
Бас Прокурордың ҚПК-нің 484-бабы төртінші бөлігінің тәртібімен енгізілген кассациялық сатыдағы соттың қаулысын қайта қарау туралы наразылығы, егер бұрын осы іс бойынша сот актілері Бас Прокурордың наразылығы бойынша қайта қаралса және жаңа наразылықта бұрын қарау нысанасы болған және бұл туралы кассациялық сатыдағы соттың қаулысында көрсетілген қайта қараудың сол негіздері келтірілсе, қараусыз қайтарылуға жатады.
13. ҚПК-нің 490-бабының бірінші бөлігіне сәйкес Жоғарғы Соттың судьясы келіп түскен кассациялық өтінішхат бойынша мынадай: ҚПК-нің 489-бабының бірінші бөлігінде көзделген негіздер бойынша өтінішхатты қайтару туралы; қылмыстық істі талап етіп алдыру туралы; құрамында үш судья өтінішхатты алдын ала қарау туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Өтінішхатты алдын ала қарау туралы шешім қабылданған жағдайда, Жоғарғы Соттың судьясы оның қаралатын күнін айқындайды және қылмыстық процесс тараптарына: өтінішхаттың келіп түскені туралы; өтінішхаттың және оған қоса берілген құжаттардың мазмұны туралы; тараптардың сот отырысына, оның ішінде техникалық құралдарды қолдана отырып, онлайн режимде қатысу құқығы туралы; жазбаша қарсылықты белгілі бір мерзім ішінде ұсыну құқығы туралы; сот отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы; сот отырысына қатысу тараптардың міндеті емес, құқығы болып табылатындығы және тараптардың келмеуі өтінішхатты қарауға кедергі келтірмейтіні туралы тиісінше хабарлауды ұйымдастырады.
14. Кассациялық өтінішхатты алдын ала қарау бойынша сот отырысы төрағалық етушінің өтінішхаттың кімнен келіп түскенін және қандай іс бойынша қаралатынын, соттың құрамына кім кіретінін және процеске қатысушылардың қайсысы сот отырысына қатысып отырғанын хабарлауымен ашылады. Мәлімделген қарсылық білдірулер мен өтінішхаттар шешілгеннен кейін судьялардың құрамы тыңдауды жалғастыру не оны кейінге қалдыру туралы шешім қабылдайды. Судьялар істі тыңдауды жалғастыру туралы шешім қабылдаған кезде төрағалық етуші өтінішхат берген процеске қатысушыға сөз береді. Оның сөзінен кейін процестің басқа қатысушыларына сөз беріледі.
Кассациялық өтінішхатты алдын ала қарау кезінде судьялар өтінішхаттың дәлелдерін, сонымен қатар ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздердің болуын тексереді.
Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша судьялар ҚПК-нің 491-бабының бірінші бөлігінде көзделген шешімдердің бірін қамтуы тиіс қаулы шығарады. Судьялар қылмыстық істі талап етіп алдыру және осыған байланысты өтінішхатты қарауды кейінге қалдыру туралы қаулы қабылдауға да құқылы. Талап етілген іс келіп түскен кезде Жоғарғы Соттың судьясы өтінішхатты қайтадан алдын ала қарау күнін айқындайды және осы нормативтік қаулының 13-тармағында көзделген өзге де әрекеттерді жасайды.
15. Өтінішхатты алдын ала қарау нәтижелері бойынша судьялардың қаулысы ҚПК-нің 491-бабы екінші бөлігінің талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Судьялардың өтінішхатты кассациялық сатыдағы сот отырысының қарауына беруден бас тарту туралы қаулысында өтінішхаттың дәлелдері бойынша, сонымен қатар ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздердің жоқтығы туралы уәжді тұжырымдар қамтылуы тиіс.
Өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру туралы қаулы тек кассациялық сатыдағы сот шешуге құқылы мәселелерді алдын ала шешпеуі тиіс. Судьялардың қаулысында іс бойынша қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды бұзушылықтар туралы нұсқаулар және ҚПК-нің 485-бабының бірінші бөлігінде көзделген қандай да бір негіздің болуы туралы судьялардың тұжырымдары ғана қамтылуы тиіс.
16. ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздердің жоқтығы туралы тұжырымдарды қамтитын кассациялық сатының сот отырысында қарау үшін өтінішхатты беруден бас тарту туралы судьялардың қаулысы түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.
ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігінің 6) тармағына сәйкес бұрын қаралған және кассациялық сатының сот отырысында қарауға өтінішхатты беруден бас тарту туралы судьялардың (судьяның) қаулысында көрсетілген ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер бойынша сот актісін қайта қарау туралы қылмыстық процестің сол бір тарабы берген жаңа өтінішхат қаралуға жатпайды және қайтарылуы тиіс.
Мұндай жағдайларда жаңа өтінішхатты қылмыстық процестің екінші тарабы ғана беруі (мысалы, егер судья (судьялар) сотталған адамның не оның қорғаушысының кассациялық өтінішхатты кассациялық сатыдағы сотқа беруден бас тарту туралы уәжді қаулы шығара отырып, өтінішхатын қараса, онда іс бойынша жаңадан қарау туралы өтінішхатты жәбірленуші не оның өкілі ғана бере алады) не Бас Прокурор наразылық келтіруі мүмкін.
17. Егер судьялар кассациялық өтінішхатты кассациялық сатының сот отырысына қарауға беру туралы қаулы шығарғаннан кейін осы іс бойынша шағымданудың басқа субъектілерінен өтінішхаттар түссе, онда олар судьялар тиісті қаулы шығармастан, алдыңғы берілген өтінішхатпен бірге қарау үшін кассациялық сатыдағы сотқа тікелей беріледі.
Прокурордың наразылығымен кассациялық сатының сот отырысында қаралуы тағайындалған іс бойынша кассациялық сатыдағы сотқа келіп түскен кассациялық өтінішхаттар да осыған ұқсас тікелей қаралады.
18. Кассациялық сатыдағы сот өтінішхаттың, наразылықтың барлық дәлелдерін, сондай-ақ іс бойынша сот актілерінің заңдылығын, негізділігін және әділдігін толық көлемде тексереді және қарау қорытындылары бойынша ҚПК-нің 494-бабының жетінші бөлігінде көрсетілген шешімдердің бірін шығарады.
Кассациялық сатыдағы сот сотталған адамның жағдайын бұл туралы прокурордың наразылығында немесе жәбірленушінің өтінішхатында көрсетілгенде ғана нашарлатуға құқылы. Кассациялық сатыдағы сот ақтау үкімінің не қылмыстық істі тоқтату туралы қаулының күшін жойған кезде адамды қылмыстық құқық бұзушылық жасауда кінәлі деп тануға құқылы емес. Бұл жағдайда қылмыстық іс ҚПК-нің 494-бабы жетінші бөлігінің 4) тармағына сәйкес апелляциялық немесе бірінші сатыдағы сотқа жаңадан сот қарауына жіберіледі.
Кассациялық сатыдағы сот өтінішхат, наразылық келтірілмеген басқа сотталған адамдарға – қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушыларға қатысты сот актісіне, егер бұл ретте олардың жағдайы нашарламайтын болса, кез келген өзгерістерді енгізуге құқылы.
19. Кассациялық сатыдағы соттың тексеру нысанасы тек құқық мәселелері, яғни сот актілерінің заңдылығы, соттардың қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың нормаларын дұрыс қолдануы болып табылады.
ҚПК-нің 494-бабы он төртінші бөлігінің талаптарына сәйкес кассациялық сатыдағы сот сот талқылауының нысанасы болмаған фактілерді анықтауға немесе дәлелденген деп санауға құқылы емес.
Үкім заңды күшіне енгеннен кейін анықталған, іс бойынша елеулі мәні бар мән-жайлар, оның ішінде сот актілері заңды күшіне енген соң ұсынылған сарапшылардың қорытындылары мен тұжырымдары кассациялық сатыдағы соттың қарау нысанасы бола алмайды, өйткені олар бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттарда қаралмаған және қаралуы мүмкін болмаған. Бұл мән-жайлар ҚПК-нің 53-тарауында көзделген қағидалармен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді қайта бастау үшін ғана негіз бола алады.
Кассациялық өтінішхатқа (наразылыққа) қоса берілуі мүмкін қосымша материалдар деп анық мәліметтерді, оның ішінде сипаттамаларды, залалдың мөлшері туралы анықтамалар мен бағалауды және дәлелдемелер ретінде тануды талап етпейтін өзге де материалдарды қамтитын құжаттарды түсіну керек.
Бірінші немесе апелляциялық сатыдағы соттардың материалдық немесе процестік заңды қолдануының, дәлелдемелерді бағалауының қате екендігін куәландыратын, соның негізінде сот айыптаудың дәлелденгені (дәлелденбегені), сотталғанның ролі мен кінәсінің дәрежесі туралы тұжырым жасаған қосымша материалдар істі жаңадан сот қарауына жібере отырып, сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алады.
Сот тергеуінің толық болмауы, оның ішінде бірінші және апелляциялық сатылардағы соттардың тараптар ұсынған дәлелдемелерге бағалауды жүзеге асырмауы да сот актілерінің күшін жоюға және істі жаңадан сот қарауына жіберу үшін негіз бола алады.
20. Соттың келісімдік іс жүргізу шеңберінде шығарған сот актілерін кассациялық сатыдағы сот кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасасу және істі қарау кезінде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың елеулі түрде бұзылуына жол берілген жағдайларда ғана сотталған (ақталған) адамның жағдайын нашарлату бағытында күшін жоюы, өзгертуі мүмкін.
21. Қылмыстық заңның кері күші туралы нормаларды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 6-бабы (бұдан әрі – ҚК)) не рақымшылық жасау туралы актіні ғана қолдану туралы жазылған өтінішхаттар, наразылықтар кассациялық тәртіппен қаралмайды, өйткені үкімді орындауға байланысты мәселелерді шешетін соттардың соттылығына жатқызылған. Мұндай өтінішхаттар ҚПК-нің 489-бабы бірінші бөлігі 5) тармағының талаптарына сәйкес ҚПК-нің 476, 477-баптарында көзделген тәртіппен үкім орындалатын орны бойынша сотқа жүгіну құқығы түсіндіріле отырып, кассациялық тәртіппен қайта қарауға жатпайтын болып, Жоғарғы Сот судьясының хатымен қараусыз қайтарылады.
Егер аталған мән-жайлар істі кассациялық сатыдағы соттың отырысында қарау кезінде анықталса, онда өтінішхатты, наразылықты қараусыз қалдыру сот алқасының қаулысымен ресімделеді.
Іс ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер бойынша қаралатын, сонымен бір мезгілде ҚК-нің 6-бабының нормаларын не рақымшылық жасау туралы актіні қолдануға мүмкіндік беретін мән-жайлар белгілі болған жағдайларда, кассациялық сатыдағы сот көрсетілген нормаларды қолдана отырып шешім қабылдайды.
22. Азаматтық талаптың дұрыс шешілмеуі заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздерінің бірі болып табылады. Егер азаматтық талап қоюды қарау кезде қойылған талапты мәні бойынша құқықтық бағалауды қажет етпейтін азаматтық талап қоюды қате есептеуге байланысты арифметикалық немесе техникалық қателер жіберілген болса, онда бұл мәселелер ҚПК-нің 406-1-бабының тәртібімен қосымша қаулы шығару жолымен не ҚПК-нің 476-бабының 23) тармағында көзделген тәртіппен үкімді орындау сатысында үкім заңды күшіне енгенге дейін соттың қарауына жатады.
23. "Кассациялық сатыда қылмыстық істер бойынша іс жүргізу тәртібі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 29 маусымдағы № 5 нормативтік қаулысының күші жойылды деп танылсын.
24. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |