2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 484-бабы екінші бөлігі 1) тармағының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы" 2022 ж

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 21-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 484-бабы екінші бөлігі 1) тармағының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы" 2022 жылғы 10 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 2-тармағы үшінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектілері К.Е. Аушиновтың, О.А. Майлыбаеваның, М. Кадиржанның және С.Я. Кондратюктің (олардың өкілдері – адвокаттар Т.Е. Қожабековтің, Н.Қ. Жолболовтың, А.Т. Асылбековтің және А.Ж. Кемельхановтың),

      Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің өкілі – басшының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – төрағаның орынбасары И.О. Вранчевтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында К.Е. Аушиновтың, О.А. Майлыбаеваның, М. Кадиржанның және С.Я. Кондратюктің 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 484-бабы екінші бөлігі 1) тармағының және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы" 2022 жылғы 10 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының (бұдан әрі – Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы) 2-тармағы үшінші абзацының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтініштерін қарады.

      Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары Е.Ж. Сәрсембаевтың және А.Қ. Ескендіровтің хабарламаларын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Конституциялық Сотқа К.Е. Аушиновтың, О.А. Майлыбаеваның, М. Кадиржанның және С.Я. Кондратюктің қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға белгіленген шектеу бөлігінде ҚПК-нің 484-бабы екінші бөлігі 1) тармағының және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 2-тармағы үшінші абзацының Қазақстан Республикасы Конституциясының 13-бабының 2-тармағына, 14-бабына, 39-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкестігін қарау туралы өтініштері келіп түсті.

      Барлық өтініштер бір нысанаға қатысты, осыған байланысты "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 49-бабының 2-тармағын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Сот оларды бір конституциялық іс жүргізуге біріктірді.

      Жоғарыда аталған ережелердің Конституцияға сәйкестігі мәселесін қарау кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияда әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беріледі, олар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс (13-баптың 2-тармағы, 39-баптың 3-тармағы). Осы конституциялық ережелерден мемлекет сот арқылы қорғалу құқығын заңды, тәуелсіз, құзыретті және бейтарап сот құрамының жүзеге асыруын қамтамасыз етуге міндетті екені көрінеді. Сот арқылы қорғалу құқығының дәл осындай түсіндірмесі Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде де (2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған, бұдан әрі – Халықаралық пакт) қамтылады.

      Негізгі Заң әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуға конституциялық құқығын іске асыру тәртібін айқындамайды. Конституцияның 61-бабы 3-тармағы 6) тармақшасының және 75-бабының мазмұнынан бұл мәселелер сот жүйесінің ұйымдық-құқықтық құрылымын және сот төрелігін іске асыру рәсімдерін белгілейтін заңдарда реттелетіні көрінеді.

      Негізгі Заңның 75-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес қылмыстық істер бойынша сот төрелігін тек сот қана қылмыстық сот ісін жүргізу арқылы жүзеге асырады.

      ҚПК конституциялық кепілдіктерді дамыту үшін қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерін іске асырудың жалпы шарттарын және қылмыстық процестің алдында тұрған міндеттердің шешілуін қамтамасыз ететін қылмыстық процес сатыларының, институттарының, сондай-ақ нормаларының жүйесі мен мазмұнын айқындайтын оның іргелі бастауларын (9-бап); әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау құқығын, әркімнің сот төрелігіне қол жеткізуін (12-бап); сот төрелігі баршаның заң мен сот алдында теңдiгi бастауларында жүзеге асырылуын (21-бап) қылмыстық процестің қағидаттары ретінде таниды.

      Түрлі деңгейдегі соттардың құзыреті заңмен олардың жүргізуіне жатқызылған істер бойынша айқындалады, бұл жағдайда процестік тәртіп барлық сотталушыларға қатысты бірыңғай және міндетті болып табылады және тұлғалардың бір тобына қандайда бір артықшылықтар жасамауға, сол сияқты ешкімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығына нұқсан келтірмеуге тиіс (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 5 мамырдағы № 8/2 нормативтік қаулысы).

      2. Негізгі Заңның 76-бабының 3-тармағында соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші белгіленеді.

      Конституциялық Сот 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулысында "Конституцияда кепілдік берілген әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығы мемлекеттің заңды күшіне енбеген сот актілерін апелляциялық тәртіппен қайта қарау шеңберінде істі мәні бойынша қайтадан қарау мүмкіндігімен бірінші сатыдағы сотта әділ талқылау үшін жағдайларды қамтамасыз етуін көздейді.

      Заңды күшіне енген сот актісін жергілікті соттардың қызметін тиісінше ұйымдастырған кезде кассациялық тәртіппен өзгерту айрықша жағдайларда жүзеге асырылуға тиіс. Осыған орай, оны қайта қарау негіздері құқықтық мемлекет негізінде жатқан құқықтық айқындылықты және әділдікті қамтамасыз етуге тиіс" деп атап өтті.

      Заң шығарушы белгілі бір теріс құқықтық салдарға алып келген, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдардың дұрыс қолданылмауын заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау негізі ретінде айқындады (ҚПК-нің 485-бабы). Мұндай дұрыс қолданбауды заң шығарушы қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау негіздеріне жатқызбайды (ҚПК-нің 484-бабы екінші бөлігінің 1) тармағы және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының 2-тармағының үшінші абзацы).

      Осы қылмыстық істер бойынша сот қателіктері ҚПК-нің 485-бабында көзделген негіздер болған кезде Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының наразылығымен ғана кассациялық тәртіппен түзетілуі мүмкін (ҚПК-нің 484-бабының үшінші бөлігі).

      Осылайша, сот төрелігін іске асырудың қосымша кепілдігі болып табылатын кассациялық сатыға көрсетілген жол берілу және шектеу шарттары сақталған кезде рұқсат беріледі.

      3. Конституцияның 14-бабының 1-тармағында кепілдік берілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген қабылданатын заңдарда адамдардың құқықтарында объективті және ақылға қонымды негіздемесі жоқ айырмашылықтар белгіленбейді дегенді білдіреді.

      Тең жағдайлар кезінде құқық субъектілері тең құқықтық жағдайда болуға тиіс. Конституциялық-құқықтық мақсаттарды көздемейтін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу шегі мәселесіне өзгеше көзқарас Конституцияның 39-бабына қайшы келетін болады.

      Конституциялық Сот 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулысында адамның құқықтары мен бостандықтарын кез келген заңнамалық шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына жауап беруге тиіс деп көрсетті.

      Сот билігі жүзеге асырылатын қылмыстық сот ісін жүргізуде заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық қағидаттың сақталуы талап етіледі.

      Осы мағынада аталған конституциялық қағидатты іске асыру материалдық және процестік нормалардың біртұтастығы негізінде қорғау тәсілдерінде, сондай-ақ бұзылған құқықтар мен бостандықтарды қалпына келтіруде тең болуды алдын ала айқындайды.

      Қылмыстық процеске қатысушылардың түрлі процестік мүмкіндіктерінің болуы құқықтық нормалардың өзі заң алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық қағидаттың ықпалында болу мән-жайын жоққа шығармайды.

      Бас Прокурордың мемлекет мүддесінде ғана емес, жәбірленушілердің де, сотталғандардың да мүддесінде қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы наразылық білдіру құқығы прокуратураның Республика аумағында заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асыру (Конституцияның 83-бабының 1-тармағы) жөніндегі конституциялық құзыретін іске асыру нысандарының бірі болып табылады.

      Сот алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық қағидат сот қызметіне тән. Осы қағидаттың құқықтық мазмұны кез келген мән-жайларға қарамастан әрбір адамға істі құзыретті және тәуелсіз соттың әділ және жария түрде талқылауын; сот дауын шешу процесінде заңнама нормаларының бәрі үшін тең қолданылуын; сот отырысында тараптардың процестік тең болуын қамтамасыз ететін бірыңғай сот жүйесінің болуына негізделген.

      Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең жөніндегі қос құраушы конституциялық ереже сот ісін жүргізудің ажырамас элементтері болып табылады және әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы) бекітетін басқа конституциялық нормамен тығыз нормативтік құқықтық тұтастықта болады.

      4. Конституциялық Соттың 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулысында Жоғарғы Соттың бірінші және апелляциялық сатылардың сот актілерін қайта қарауына негіздер құқықтық мемлекет табиғатынан туындайды, мұнда адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын елеулі бұзуға әкеп соғатын сот қателіктерін түзетудің пәрменді тетігінің болмауына жол берілмейтіні атап өтілді.

      Конституцияда қандай да бір сот ісін жүргізу нысанындағы сот сатыларының саны бойынша белгілі бір талаптар белгіленбейді. Конституциялық Кеңес бұған дейін сот арқылы қорғалу құқығы сот актілеріне шағымдану құқығын да қамтиды деп таныды (1999 жылғы 5 мамырдағы № 8/2, 2000 жылғы 10 шілдедегі № 14/2, 2006 жылғы 14 сәуірдегі № 1 нормативтік қаулылар). Олардың санын айқындау кезінде заң шығарушының сот билігінің конституциялық мақсатын – "азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді" (Конституцияның 76-бабының 1-тармағы) ескеруі талап етіледі.

      Халықаралық пактіге (14-баптың 5-тармағы) сәйкес қайсыбір қылмыс үшiн сотталғандардың қай-қайсысының болмасын өз айыпталуының және шығарылған үкiмнің заңға сәйкес жоғарғы тұрған сот сатысында қайта қаралуына құқығы бар. Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитеті 2007 жылғы 23 тамыздағы № 32 жалпы тәртіп ескертпесінде: "Халықаралық пактінің 14-бабының 5-тармағы, егер бірінші сатыдағы сот шешімі түпкілікті болып табылған жағдайда ғана емес, сондай-ақ ішкі заңнамаға сәйкес төменгі сатыдағы соттың ақтау үкімінен кейін апелляциялық сот немесе соңғы сатыдағы сот шығарған айыптау үкімін жоғары тұрған сот қайта қарамайтын жағдайда да бұзылады. Елдің жоғары соты бірінші және жалғыз сатыдағы сот ретінде әрекет ететін жағдайларда, жоғары тұрған соттың қайта қарау құқығының болмауы адамның тиісті қатысушы мемлекеттің жоғарғы сотында сотталу фактісі арқылы өтелмейді; мұндай жүйе, егер тиісті қатысушы мемлекет осыған қатысты ескерту жасаған жағдайды қоспағанда, Пактімен үйлеспейді" деп атап өтеді.

      Конституцияның 13-бабының 2-тармағымен және 14-бабының 1-тармағымен бірге 76-бабының 1-тармағын осылай конституциялық-құқықтық түсінуді ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылық түріне және қылмыстар санатына қарамастан адамдардың кассациялық сатыға қол жеткізу құқығын іске асыру тәртібін жетілдіру мақсатында ҚПК-нің және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысының дау айтылып отырған нормаларына түзетулерді пысықтау ұсынылады.

      5. Материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбау салдарынан адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін елеулі түрде бұзатын сот қателіктерін түзетуге мүмкіндік беретін, қылмыстық істі мәні бойынша шешетін заңды күшіне енген сот актілерін қайта қараудың заңда көзделген құқықтық мүмкіндігі Конституцияға сәйкес келеді.

      Заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау, шын мәнінде, олардың кесімділігін еңсеру мүмкіндігін білдіреді, сондықтан заң шығарушыға оларды қайта қараудың процестік тиімділік, сот арқылы қорғалу құралдарын пайдалануда үнемдеу және сот төрелігін іске асырудың ашықтығы талаптарына сай келетін институционалдық және рәсімдік шарттарын көздеу қажет.

      Сонымен қатар көрсетілген сот актілерін қайта қарау тәртібі сот талқылауын қолдан созу мүмкіндігіне жол бермеуге тиіс. Сот шешімінің заңды күшін уақтылы мойындау және оны іске асыру қылмыстық процеске қатысушылардың құқықтық айқындылығын және мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз етеді.

      Демек, сот шешімдерін кассациялық сатыда қайта қарау негіздерінің айрықша сипаты Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар, қабылданатын сот шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының (Конституцияның 76-бабының 3-тармағы) тұрақтылығы, кесімділігі және Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бірыңғай болып табылатын сот төрелігі қағидаттары (Конституцияның 77-бабының 3 және 4-тармақтары) арасында ақылға қонымды теңгерімді қамтамасыз етуге тиіс.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, Конституциялық заңның 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 484-бабы екінші бөлігінің 1) тармағы және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы" 2022 жылғы 10 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 2-тармағының үшінші абзацы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған, қылмыстық құқық бұзушылық түріне және қылмыстар санатына қарамастан кассациялық сатыға қол жеткізу бөлігіндегі құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексін одан әрі жетілдіруге бағытталған заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізуге бастамашылық жасау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты