Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 шілдедегі № 471 қаулысы

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар және мүдделі ұйымдар (келісу бойынша):

      1) Тұжырымдаманы іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын;

      2) есепті жылдан кейінгі 30 қаңтардан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.

      3. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі есепті жылдан кейінгі 1 наурыздан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 8 шілдедегі
№ 471 қаулысымен
бекітілген

Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасы

      Мазмұны

      1-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

      2-бөлім. Саланың проблемалары

      3-бөлім. Халықаралық тәжірибе

      4-бөлім. Негізгі қағидаттар мен тәсілдер

      5-бөлім. Үздіксіз білім беруді дамыту үрдістері мен пайымы

      6-бөлім. Күтілетін нәтижелер

      7-бөлім. Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары

1-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

      БҰҰ "Covid 19 дәуіріндегі және одан кейінгі кезеңдегі білім" атты тұжырымдамалық жазбасында (2020) пандемиядан туындаған дағдарыс және білім беру жүйесінің жұмысындағы бұрын-соңды болмаған іркілістер білім берудегі проблемаларды ушықтыра түскенін атап өтті.

      БҰҰ-ға сүйенсек, білім беру процесіндегі іркілістердің білім беру жүйесінің ауқымынан шығатын елеулі салдары бар және бола бермек. Екінші жағынан, дағдарыс білім беру саласындағы инновацияға, әсіресе, білім беру мен кәсіби даярлықтың үздіксіздігін қамтамасыз етуге түрткі болғаны атап өтіледі.

      Білім беру жүйесінің икемділігін қамтамасыз ету қажеттігі пайда болды, бұл білім беру сатылары мен түрлері арасындағы үндестікті білдіреді.

      Біріншіден, білім мен технологияны жаңарту процесі жеделдетіледі, жаңа ғылыми салалар пайда болады. Цифрлық экономиканың жаңа сын-қатерлеріне сәйкес азаматтардың функционалдық сауаттылығын өзгерту және оларды үнемі қайта оқыту қажеттігі туындайды. Білім экономикасында формалды емес және информалды білім алудың маңызы артып келеді.

      Екіншіден, қоғамның серпінді дамуы тым құбылмалы еңбек нарығын қалыптастырады, сондай-ақ жұмыс берушілердің талаптары мен біліктілік, әсіресе, білім беру ұйымдары түлектерінің біліктілігі арасындағы алшақтықтың ұлғаюына алып келеді, осыған байланысты кәсіби маңызы бар білімді, дағдылар мен құзыреттерді үнемі жаңартып отыру, сондай-ақ бір кәсіби саладан екіншісіне икемді өзгеру немесе көшу қажеттігі туындайды.

      Осыған байланысты формалды емес және информалды білім беру арасында өзара байланыс орнату, әсіресе, оқытудың барлық түрлерінің нәтижесінде алынған білім мен дағдыларды тану, сертификаттау және аккредиттеу тұрғысынан өзекті болып табылады.

      Өмір бойы оқу тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) – бұл Қазақстанның барлық азаматтарына олардың қажеттіліктері мен қабілеттерін ескере отырып оқыту үшін, қоғамда лайықты өзін-өзі дамытуы үшін мүмкіндік жасауға бағытталған парадигма.

      Бұл Тұжырымдама өмір бойы оқуды оңтайлы қамтамасыз ету үшін білім берудің барлық деңгейлері мен нысандарының құрылымы мен мазмұнын тиімді өзгертудің мақсаттарын, міндеттерін, негізгі тәсілдерін айқындайды.

      Тұжырымдама Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау үшін әзірленді.

      Тұжырымдама мынадай құжаттарда ұсынылған ұсынымдарға негізделеді:

      Орнықты даму саласындағы 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған күн тәртібі (4-мақсат. Жан-жақты және әділ сапалы білім беруді қамтамасыз ету және барлық адамдар үшін өмір бойы оқу мүмкіндігін көтермелеу);

      Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (бұдан әрі – ЭЫДҰ) "Қазақстандағы дағдыларды дамыту стратегиясы – 2020" баяндамасы;

      ЭЫДҰ-ның Ересектердің құзыреттерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарламасының зерттеу деректері (бұдан әрі – PIIAC);

      Жоғары білім үшін жауапты еуропалық министрлер конференциясының "Болон процесі – 2020. Жаңа онжылдықтағы жоғары білімнің Еуропалық кеңістігі" коммюникесі;

      ЮНЕСКО-ның Өмір бойы оқыту институтының "Өмір бойы оқыту. Саясаттары және стратегиялары" техникалық жазбасы;

      Инчхондағы ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік білім беру форумының декларациясы.

      Тұжырымдаманы іске асыру білім берудің әртүрлі деңгейлерінің сабақтастығын, формалды, формалды емес және информалды білім берудің интеграциясын қамтамасыз етуге, оқыту нәтижелері мен біліктіліктерді танудың икемді құралдары арқылы кәсіпке қолжетімділікті кеңейтуге және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыруға мүмкіндік береді.

      Білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі "деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі" болып табылады.

      "Өмір бойы оқу" термині білім беру жүйесі міндеттерінің қатарында айқындалған: "жалпы оқу, жұмыс орны бойынша оқу және еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ететін және әркімге қоғамда өзінің білім мен құзыреттілікке негізделген жеке әлеуетін барынша пайдалануға көмектесетін өмір бойы оқу жүйесін дамыту".

      Қазіргі уақытта Қазақстанда жекелеген кәсіптерге біліктілік беру мен растауға қойылатын талаптар әзірленді және пайдаланылуда.

      Мемлекеттік органдар біліктілігін растайтын құжат болған кезде ғана жүзеге асыруға болатын жұмыс немесе қызмет түрін айқындайды.

      Сонымен қатар "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Атамекен) техникалық және кәсіптік білім беру мамандарының біліктілігін тәуелсіз сертификаттауды жүзеге асырады.

      Аталған функцияны іске асыру үшін Атамекен мамандарды сертификаттау орталықтарының тізілімін жүргізеді. Мамандарды сертификаттау орталығы – заңды тұлға немесе салалық қауымдастық (одақ) жанындағы бөлімше, дара кәсіпкер немесе кәсіби қызметтің тиісті түрі шеңберінде жұмыстарды орындауға мамандардың біліктілік (қабілеттілік) деңгейінің сәйкестік дәрежесін айқындайтын заңды тұлға.

      Яғни мамандардың біліктілігін сертификаттау мен растау қызметтің реттелетін және реттелмейтін түрлері үшін әрқилы тәсілдермен жүзеге асырылады.

      Кәсіби персонал – ұйымның табысты қызметінің кепілі. Сондықтан қызметкерлердің кәсіби деңгейінің серпінді жоғарылап тұратын біліктілік талаптарына сәйкестігін сақтау жұмыс берушінің міндеттерінің біріне айналады.

      Қазақстанда формалды емес білім берудің мемлекеттік емес провайдерлері секторы қалыптасты. ЮНЕСКО (2018) зерттеуінің деректеріне сәйкес формалды емес білім беру секторы жеке бизнесті, үкіметтік емес ұйымдарды, жастар құрылымдарын, кәсіподақтарды қоса алғанда, мемлекеттік емес провайдерлердің көбімен толықты. Олардың барлығы еліміздің ересек тұрғындарына түрлі семинарлар, курстар, қайта даярлау, жұмыс орындарында оқыту, жеке консультациялар ұсынады.

2-бөлім. Саланың проблемалары

      ЭЫДҰ қорытындыларына сәйкес мемлекет формалды емес білім беру ұйымдары ұсынатын қызметтердің сапасына мониторинг жүргізбейді. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында қысқа мерзімді бағдарламалар мен курстарды лицензиялау, сертификаттау, аттестаттау және аккредиттеу рәсімдері көзделмеген. Тиісінше формалды емес білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар санының ресми статистикасы жоқ.

      Сонымен қатар халықаралық зерттеулердің деректері ересектердің үздіксіз білім алуға қатысу деңгейінің төмендігін көрсетеді. Айталық, ЭЫДҰ деректеріне сәйкес 2018 жылы ересек тұрғындардың (16-65 жас аралығы) 17 %-ы формалды емес оқуға қатысқан, бұл ретте әйелдердің қатысу үлесі ерлерге қарағанда жоғары (13,85 % және 20 %). Яғни қатысу көрсеткіші ЭЫДҰ елдері бойынша орташа (50 %) көрсеткіштен төмен.

      Бұл факт ересек адамдардың дағдылары Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің бәсекеге барынша қабілетті отыз елінің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық ұстанымына сәйкес келмейтіндігін көрсетеді. PIAAC (Ересек тұрғындардың құзыреттерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама) зерттеуіне сәйкес Қазақстан азаматтарының 50 %-ы оқу және математикалық сауаттылық дағдыларын дамытудың екінші деңгейіне ғана жетеді. Яғни қазақстандықтардың көпшілігі білімді қарапайым түрде көрсетуді ғана мақсат тұтады және инновациялық әлеуеті жоқ.

      16-39 жас аралығындағы қазақстандықтардың қазіргі буынының дағдыларын салыстыру 26 жылдан кейін олардың дағдыларының деңгейі 10 %-ға төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді. Яғни 40 жастан асқан келесі ұрпақтың біліктілігі бүгінгі ұрпаққа қарағанда төмен болуы ықтимал.

      Қазақстанда формалды емес білім беретін ұйымдар санының ұлғаюына (Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес) қарамастан, ЭЫДҰ зерттеулері Қазақстанда ересек адамдардың көбі формалды білім алғаннан кейін оқуды тоқтататынын көрсетеді. Сондықтан қалыптасқан дағдыларынан айырылады, ал жаңа дағдыларды игеру қиынға соғады.

      ЭЫДҰ атап көрсетуінше, ынтаның болмауы, әдетте, біліктілігі төмен адамдар арасында айқын көрінеді және оқуға деген теріс көзқарасқа, оқу нәтижесінде пайда болатын артықшылықтар туралы түсініктің болмауына және қатысуға кедергілерді еңсеру мүмкін емес деген сезімге байланысты болуы мүмкін. Айталық, біліктілігі төмен қызметкерлердің 1,9 %-ы ғана ашық немесе қашықтан білім беру курстарында оқыған және жұмыс орнында қандай да бір ұйымдастырылған оқу сабақтарына немесе басшылары немесе әріптестері өткізетін тренингтерге қатысқан.

      Дүниежүзілік банктің зерттеулеріне сәйкес Қазақстанда кәсіпорындар ұсынатын формалды емес оқуға қатысу деңгейі салыстырмалы түрде төмен. ЭЫДҰ елдеріндегі 29,0 % орташа көрсеткішпен салыстырғанда 2019 жылы кәсіпорындардың 21,8 %-ы ғана оқыту ұсынған. Жеке секторда қосымша білім алуға 14,7 %, ал мемлекеттік секторда жұмыс істейтіндердің 32,2 %-ы қатысты.

      Алайда ЭЫДҰ елдерінен ерекшелігі – Қазақстанда ерлерге (14,3 %) қарағанда әйелдер (19,3 %) ересектердің оқуына қатысуға бейімірек.

      Жоғары біліммен қамту дағдылардың жоғары деңгейінің кепілі болып табылмайтынын деректер көрсетіп отыр. PIAAC зерттеуі жоғары біліммен қамтылуы салыстырмалы түрде жоғары екеніне қарамастан, Қазақстандағы жас буын ЭЫДҰ елдеріндегі осындай буынға қарағанда айтарлықтай аз балл жинағанын көрсетті. Орта есеппен ЭЫДҰ елдерінде 25-34 жастағы жоғары білімі бар адамдар оқу сауаттылығы бойынша 277 балл жинайды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 249 балды құрайды.

      Сонымен қатар PIAAC-2018 зерттеуі Қазақстандағы 16-34 жастағы тұрғындардың 1/5 бөлігі ғана цифрлық дағдыларының деңгейі жоғары екенін көрсетті.

      "Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуы туралы" ұлттық баяндаманың (2018 жылдың қорытындысы бойынша) деректеріне сәйкес қала және ауыл тұрғындарының шығыстар құрылымы формалды және формалды емес білім алуға қолжетімділіктегі аумақтық айырмашылықтарды көрсетеді. Қала тұрғындарының шығындары негізінен мектепке дейінгі білім беруге (32,2 %), ал ауыл тұрғындарының шығындары (26,2%) жоғары білім беруге бағытталған. Бұл ретте қала тұрғынымен салыстырғанда ауыл тұрғыны ересектерге арналған білім беруге 7 есе көп қаражат жұмсайды. Бұл факт ауылдық жерлердегі ересек тұрғындардың қосымша білім алуға қажеттілігі жоғары екенін көрсетеді.

      ЭЫДҰ деректері бойынша, PISA нәтижелері PIAAC көрсеткіштерінде де көрініс табады. Бұл төмен деңгейдегі негізгі дағдыларды ересек жасқа келгенде арттыру мүмкін емес дегенді білдіреді. Егер ел PISA-да төмен нәтиже көрсетсе, онда болашақта азаматтардың дағдылары да төмен болады, қазіргі төмен нәтижелерді ескерсек, Қазақстан үшін бұл қауіп дабылы болып табылады.

      Бұл функционалдық сауатсыз азаматтардың мектеп бітіргеннен кейін оқымай, жұмыс істемей, NEET тобына енуіне әкелуі мүмкін. Елде функционалдық сауатсыз оқушылар саны артқан сайын NEET үлесі де артады және соның салдарынан қоғамдағы әлеуметтік теңсіздік деңгейі жоғары болады.

      Бұл деректер 2020 жылғы Дүниежүзілік банктің "Қазақстандағы дағдыларды дамыту стратегиясы" жобасы бойынша баяндамасында көрсетілген. Деректер Қазақстанның төмен біліктілік құрсауында екенін, дағдыларды пайдаланудың салыстырмалы түрде төмен деңгейін және еңбек өнімділігінің төмендігін көрсетеді.

      Сондай-ақ Қазақстанда автоматтандыруға бейім жұмыс орындарының саны салыстырмалы түрде жоғары. Мысалы, жұмыс орындарының 52 %-ы ЭЫДҰ-ның 47 %-ға тең орташа көрсеткішімен салыстырғанда автоматтандырудың жоғары немесе елеулі тәуекеліне ұшырайды.

      Осылайша, ересек тұрғындардың функционалдық сауаттылығы деңгейінің төмендігі формалды емес білім беруге қатысу мен цифрлық дағдылардың салыстырмалы түрде төмен деңгейімен бірге біліктілігі төмен мамандар мен NEET тобына жататын жастар санының өсуіне әкелуі мүмкін.

      Формалды білім беру құрылымдарының түйінді міндеттері өскелең ұрпақтың ойлау қабілетін өзгерту және еңбек нарығында тұлғаның бәсекеге қабілеттілігін арттыру факторы ретінде үздіксіз білім алу қажеттілігін қалыптастыру, сондай-ақ өнімді еңбек қызметі және тиісті білім деңгейіне қол жеткізу үшін дағдылар мен құзыреттерді алу және тану тетіктерін жасау болуға тиіс.

3-бөлім. Халықаралық тәжірибе

      "Үздіксіз білім беру" термині алғаш рет 1968 жылы ЮНЕСКО Бас конференциясының материалдарында қолданылған.

      ЮНЕСКО Еуропа Кеңесімен бірлесіп, әдіснамалық зерттеу дайындады, оның шеңберінде үздіксіз білім беру құрылымы мынадай түрде ұсынылды:

      өмір бойы білім алу;

      ересектерге білім беру;

      үздіксіз кәсіптік білім беру.

      Олар мынадай қағидаттарға негізделеді:

      өмір бойы оқу – ұзақтығы адамның өмір сүру ұзақтығымен тең оқу, бұл олардың оқуын, біліктері мен дағдыларын үнемі жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

      өмір бойы оқу кеңдігі – адам тыныс-тіршілігінің әртүрлі жақтарын оқумен қамту, оның кәсіби дағдыларын ғана емес, сонымен қатар оған қажетті әрі қызықты басқа да іс-әрекеттерді жетілдіру;

      өзін-өзі оқуға ынталандыру – адамның зияткерлік тұрғыдан дамуға және өзінің білім деңгейін арттыруға саналы түрде ұмтылуы, бұл еңбек нарығында бәсекеге қабілетті позицияға ие болу мүмкіндігіне әсер етуі мүмкін.

      2000 жылы наурызда Лиссабонда өткен Еуропа елдерінің саммитінде Еуропалық Одақтың үздіксіз білім беру туралы меморандумы қабылданды, оның басты идеясы үздіксіз білім берудің білім беру жүйесінің негізгі қағидатына айналуы болды.

      "Өмір бойы оқу" ұғымы Еуропалық жұмыспен қамту стратегиясы шеңберінде білімді, дағдыларды және кәсіби құзыреттілікті жақсарту мақсатында тұрақты негізде жүзеге асырылатын жан-жақты оқу қызметі ретінде айқындалды. Бұл анықтама бастапқы нүкте ретінде қолданылды.

      2001 жылдан бастап Болон процесінің жоғары органы – Министрлер конференциясы өмір бойы оқу мәселелерін өз отырысының күн тәртібіне енгізді.

      2005 жылы Жоғары білімнің еуропалық кеңістігінің біліктілік шеңбері және 2008 жылы өмір бойы білім алу үшін Еуропалық біліктілік шеңбері әзірленді.

      2009 жылы Левен Коммюникесінде біліктілікке икемді оқыту жолдары, соның ішінде сырттай оқу, сонымен қатар жұмыс орнында оқыту арқылы қол жеткізуге болатындығы анықталды. Сол арқылы әртүрлі тәсілдермен білім алу жолдары анықталды.

      2011 жылы Білім берудің халықаралық стандартты сыныптамасында (бұдан әрі – ББХСС) ресми түрде формалды, формалды емес және информалды білім беру ұғымдарына анықтамалар берілді.

      Айталық, ББХСС-ға сәйкес формалды білім беру – бұл мемлекеттік ұйымдар мен мемлекет таныған жекеменшік ұйымдардың қатысуымен институционалдандырылған, мақсатқа бағытталған, жоспарланған білім, бұл тұтастай алғанда, елдің ресми білім беру жүйесін құрайды.

      Формалды емес білім беру – бұл білім беру қызметтерін ұсынуды қамтамасыз ететін тұлға немесе ұйым институционалдандырған, мақсатқа бағыттаған және жоспарлаған білім.

      Информалды білім беру мақсатқа бағытталған немесе мұқият жоспарланған, бірақ институционалдандырылмаған оқыту нысандары ретінде анықталады. Тиісінше, ол формалды немесе формалды емес білімге қарағанда аз ұйымдастырылған және аз құрылымдалған.

      ЮНЕСКО-ның үздіксіз білім беру институты "Өмір бойы оқу" техникалық жазбасында білім берудің барлық нысандарына (формалды, формалды емес және информалды) және мектеп жасына дейінгі жастан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмірдің барлық кезеңдеріндегі оқуға баса назар аударады.

      2015 жылы Инчхонда (Корея Республикасы) өткен "Білім беру 2030" дүниежүзілік білім беру форумында білім беруді қайта құру тұжырымдамасы жасалды. Инчхон декларациясы мемлекеттерді инклюзивті және сапалы білім беруді тең негізде қамтамасыз етуге, сондай-ақ әрбір адамға өмір бойы білім алуға мүмкіндік беруге шақырады. Декларация 2015 жылғы қыркүйекте БҰҰ бекіткен Орнықты даму мақсаттары шеңберіндегі білім беру міндеттерінің негізіне айналды.

      Осылайша, өмір бойы оқу қоғам мен экономиканың дамуы үшін, сондай-ақ азаматтардың әл-ауқаты үшін маңызды бола түспек (Париж коммюникесі – 2018).

      Францияда формалды емес және информалды оқытуды растау біліктілік алудың балама жолдарын іздеуге ықпал ететін формалды білім беру және даярлау жүйесінің бір бөлігі болып табылады. 2002 жылы "Әлеуметтік жаңғыру туралы" Заң қабылданды, ол "тәжірибе арқылы алынған білімді растау" деген ұғымды енгізді әрі формалды емес және информалды білім берудің нормативтік және құқықтық базасын жасады.

      Бельгия, Дания, Эстония, Ирландия, Нидерланды, Норвегия, Португалия, Румыния, Словения, Испания, Ұлыбритания сияқты елдер формалды емес білім беру нәтижелерін жүйелі түрде сәйкестендіруге және тануға мүмкіндік беретін өздерінің стратегиясы мен практикасын, тану рәсімдерін қолдайтын шеңберлер мен құқықтық құрылымдарды әзірледі және тануды өмір бойы оқуды қолдау құралы ретінде қолданады.

      1976 жылы АҚШ-та үздіксіз білім беру туралы Заң қабылданып, оның іске асырылуы ересектерге білім беруді, сондай-ақ отбасының қажеттіліктерін және тұлғаны дамытуды қамтитын 19 бағдарлама арқылы жүргізілді. Қазіргі уақытта үздіксіз білім беру – бұл білім берудің барлық буындарының өзара байланысы және білім берудің барлық түрлеріне қолжетімділікті, білім беру жүйесінің икемділігін, өзгермелілігін қамтамасыз етуге негізделген.

      Финляндияда азаматтардың формалды емес білім беруді тану және растау құқығы "бұрын алынған білім" деп аталады және заңнамада қарастырылған. Сондай-ақ формалды емес білім беруді тану ресми бекітілген біліктілік шеңбері болмаған кезде жүзеге асырылады, өйткені онда барлық біліктілік дәстүрлі түрде еңбек саласындағы субъектілермен бірлесіп анықталған құзыреттерге негізделген. Біліктілікке қойылатын талаптарды Білім беру жөніндегі ұлттық кеңес белгілейді. Тиісінше біліктілік беру туралы түпкілікті шешімді Ұлттық біліктілік комитеті қабылдайды. Шешім теріс болған жағдайда кандидат үшін қосымша игеруі қажет модульдер жиынтығы анықталады.

      Аустралияда, Сингапурда және Шотландияда үздіксіз білім беру жүйесі барынша дамыған, кәсіби және жоғары білімнің барлық біліктіліктерін қамтитын ұлттық біліктілік шеңбері жетілдірілген және сертификаттау мен біліктілікті растау жүйесін реттейтін заңнамалық база бар.

      Оңтүстік Кореяда бұрын алған білімдер мен дағдыларға оқыту нәтижелерін растау және сертификаттау үшін кредиттерді есептеу кезінде ескерілетін жаңаларын қосуды көздейтін оқытудың жинақтаушы жүйесін енгізудің озық тәжірибесі бар. Осыған байланысты Ұлттық үздіксіз білім беру институты құрылған.

      Ресейде үздіксіз білім беру тиімділігінің маңызды сипаттамасы болып саналатын біліктілікті тәуелсіз бағалау және тану жүйесі қабылданды. Әлеуметтік шиеленісті төмендету және жұмыспен қамтылған адами капиталды арттыру үшін мемлекеттік деңгейде еңбек нарығында азаматтардың ұтқырлығын арттыру жұмысы жүргізілуде. Егде жастағы адамдардың әлеуметтік инклюзиясы белсенді дамуда.

      Тәжікстан Республикасы 2017 жылы 2017 – 2023 жылдарға арналған үздіксіз білім беру тұжырымдамасын қабылдады, оның мақсаты белсенді азаматтарды қалыптастыру, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қоғамның әлеуметтік бірлігін қамтамасыз ету мүддесінде кәсіптік және тұлғалық өзін-өзі дамытуға ықпал ету болып табылады.

      Осылайша, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тұрақты білім алу немесе білімді жаңарту қажеттілігінің өсуіне байланысты формалды да, формалды емес те және информалды да алынған білімді бағалау және тану әдістері мен институттары енгізілуде. Ересектердің үздіксіз білім беруге тартылуы адами капиталды дамыту индикаторларының біріне айналуда. Тиісінше, формалды емес білім беру ұйымдарының рөлі біртіндеп формалды ұйымдармен теңесіп келді. Бұдан басқа, халықаралық практика сертификаттау және біліктілікті растау жүйесін енгізу арқылы еңбек ресурстарының сапасы арттырылып, олардың еңбек нарығының талаптарына сәйкес келтірілгенін көрсетеді.

4-бөлім. Негізгі қағидаттар мен тәсілдер

      Тұжырымдаманың мақсаты – ел азаматтарының бәсекеге қабілеттілігі мен базалық құзыреттерін ЭЫДҰ елдерінің деңгейіне дейін арттыру үшін оларды формалды, формалды емес және информалды оқытумен толық қамтуды қамтамасыз ететін үздіксіз білім беру жүйесін құру.

      Тұжырымдаманың негізгі қағидаттары:

      үздіксіз білім беру арқылы оқытудың жеке траекториясын еркін таңдау және дағдылар мен құзыреттер алу;

      жеке адамның қажеттіліктеріне сәйкес формалды, формалды емес және информалды білім алудың барлық нысандарының үндесуі мен толықтырылуы;

      еңбек ресурстарының ұтқырлығы – қызмет бейінін ауыстыру және әртүрлі бағыттар бойынша параллель кәсіптік білім алу мүмкіндігі;

      әртүрлі институттар арасында өзара іс-қимыл – мемлекет, білім беру ұйымдары, бизнес және азаматтар арасындағы өмір бойы оқу жүйесін қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл;

      формалды, формалды емес және информалды білім беру шеңберіндегі білім беру бағдарламаларының түріне қарамастан оқыту нәтижелерінің тең құндылығы.

      Негізгі тәсілдері:

      формалды, формалды емес және информалды оқыту нәтижелерін тану тетіктерін қоса алғанда, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту;

      тәжірибе, білім, көрсетілген білімдер мен дағдылар негізінде біліктілікті тану тәртібін регламенттейтін сертификаттау моделін қалыптастыру;

      халықты формалды емес біліммен қамтамасыз ету;

      азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыру;

      үздіксіз білім беруді институционалдандыру.

5-бөлім. Үздіксіз білім беруді дамыту процестері мен пайымы

      Тұжырымдаманың мақсаттарына және өмір бойы оқытуды дамытудың негізгі міндеттеріне қол жеткізу мынадай негізгі үрдістерді іске асыру арқылы қамтамасыз етілетін болады.

      Бірінші үрдіс формалды және формалды емес оқыту нәтижелерін тану тетіктерін қоса алғанда, үздіксіз білім беру жүйесін дамытуға бағытталған.

      Еңбек нарығында мамандардың сұранысқа ие болуына қол жеткізу мақсатында даярлаудың білім беру бағдарламалары оқыту нәтижелеріне бағдарланатын болады және біліктіліктер берудің және сәйкестікті танудың кешенді жүйесін іске асыру үшін тиісті кәсіптік стандарттар болған жағдайда талаптарды ескеретін болады.

      Бұл бұрынғы білім беру деңгейінің дағдылары мен құзыреттерін ескеруге, оқытудың ұқсас нәтижелері жетістіктерінің кейінгі деңгейлерде қайталануын жоққа шығаруға мүмкіндік береді.

      Формалды емес білім берудің әртүрлі нысандары, оның ішінде жаппай ашық онлайн курстар арқылы алынған білімді, дағдыларды және құзыреттерді тану тетіктері дамиды.

      Осы мақсатта ересек адамдарды өмір бойы оқыту моделі жасалатын болады, ол бұрыннан бар құзыреттерге жаңа кәсіби құзыреттерді қосуды көздейтін, сондай-ақ формалды емес білім беру арқылы дағдыларды меңгеруді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кредиттік (жинақтаушы) оқыту жүйесінің тәжірибесіне негізделеді.

      Модель ұлттық біліктілік шеңберінің деңгейлерімен үйлестіріледі және әртүрлі салаларда ересектердің функционалдық сауаттылығын қалыптастыруға бағытталған оқытудың білім беру траекторияларын еркін таңдауды көздейді.

      Модель шеңберінде жаңа цифрлық шешімдерді пайдалану есебінен оқыту жетістіктерін тану және растау үшін кредиттік және кредиттік емес оқытудың жинақтау жүйесі және халыққа сертификаттау курстарын ыңғайлы қарқынмен өтуге мүмкіндік беретін "Stackable degree" (кеңейтілетін дәрежелер) енгізіледі.

      Барлық деңгейлер мен сатыларда микробіліктілік алу және нано-оқыту нәтижелерін ("Nanodegree"/"Нанодеңгей") есепке алу мүмкіндігі іске асырылады, бұл қысқа мерзімде қажетті кәсіби дағдыларды меңгеруге, оқытудың жеке траекториясын құруға және білімдегі, оның ішінде инклюзивті білім беру шеңберіндегі олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Микробіліктілік және нано-оқыту Ұлттық біліктілік шеңберінің тиісті деңгейіне жетуге бағытталған.

      Жоғары оқу орындары нақты сектор компанияларымен әріптестікте ұсынатын, ұлттық біліктілік жүйесінде, оның ішінде әлемдік практикада қабылданған, әсіресе, ІТ-секторда танылатын сертификаттау курстарының спектрі кеңейтілетін болады.

      Үздіксіз білім беруді тігінен іске асыру кез келген білім деңгейі базасында кәсіби қызметтің кез келген кезеңінде біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл қажет болған жағдайда білім беруді жалғастыруға ғана емес, сонымен қатар кадрларды қайта даярлау жүйесінің, оның ішінде формалды емес білім беру нысанындағы қызметтерді пайдалана отырып, оның бейінін өзгертуге мүмкіндік береді.

      Корпоративтік университеттер мен кәсіпорындардың оқу-курстық комбинаттары сияқты индустриялық компаниялардың біліктілікті арттыру корпоративтік құрылымдары дамиды, олардың артықшылығы нысаналы топтың құзыреттілігін қалыптастырудағы жеделдік пен жоғары мобильділік болып табылады.

      Нәтижесінде PIAAC көрсеткіші бойынша оқу және математикалық сауаттылық дағдыларын дамытудың екінші деңгейіне сәйкес келетін халықтың үлесі артады.

      Екінші үрдіс сертификаттау жүйесін дамытуды және біліктілік пен дағдыларды тануды көздейді.

      Тәжірибе, білім және көрсетілетін білім мен дағдылар негізінде біліктілік пен дағдыларды тану тәртібін регламенттейтін орнықты және транспарентті ұлттық модель қалыптастырылады.

      Біліктілік пен дағдыларды танудың қолданылатын тәсілі реттелетін және реттелмейтін кәсіптер үшін әртүрлі болады. Мемлекеттің атынан салалық мемлекеттік органдар реттелетін кәсіптер бойынша сапа мен біліктілікке сәйкестіктің негізгі кепілі болады, ал реттелмейтін кәсіптер бойынша негізіне саланың жұмыс берушілері тарапынан сенім артылатын нарықтық тетік қолданылатын болады.

      Сертификаттау орталықтарының жұмыс тәртібі, оның ішінде еңбек нарығының өзекті талаптарына сәйкестігі, біліктілік пен дағдыларды тану кезінде ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету регламенттелетін болады.

      Кәсіптік стандарттарды, салалық біліктілік шеңберлерін және ұлттық біліктілік шеңберін қолдану ұлттық біліктілік жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін біліктілік пен дағдыларды растау тетіктерімен интеграцияланатын болады.

      Нәтижесінде мамандардың біліктілік деңгейінің еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің қазіргі заманғы талаптарына сәйкестігін анықтауға, қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құрылады.

      Үшінші үрдіс халықты формалды емес біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.

      Елдің бәсекеге қабілеттілігін, жеке бәсекеге қабілеттілікті және еңбек нарығында сұранысқа ие болуды қамтамасыз ету мақсатында халықтың үздіксіз білім алу қажеттілігін түсінуін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіледі.

      Осы мақсатта халықтың дағдылар мен құзыреттер алуы үшін, әсіресе, NEET жастар санаты үшін микробіліктілік пен нано-оқытудың артықшылықтары туралы хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған тәсілдер енгізілетін болады.

      Халықтың, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың, оның ішінде жастардың, әйелдердің, мүгедектер мен қарт адамдардың формалды емес білім алуына ынтасын арттыруға бағытталған тетіктер әзірленеді.

      Сондай-ақ оқуға және жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдар санаттарының, әсіресе, жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың және біліктілігі төмен жалдамалы қызметкерлердің дағдылары мен құзыреттерін арттыру бойынша шаралар қабылданады.

      Өңірлерде формалды емес білім беретін ұйымдар, оның ішінде әлеуметтік жағынан осал санаттар, ауыл жастары және NEET жастар санаттары үшін ұйымдар желісін кеңейту жөнінде шаралар қабылданады.

      Баршаны кедергісіз оқытатын орта құруға, жұмыс берушілерді өз қызметкерлерін оқыту процесіне ынталандыруға және тартуға, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды, оның ішінде жастарды, әйелдерді, мүгедектер мен қарт адамдарды оқытуды қолдауға ерекше назар аударылады.

      Сондай-ақ жоғары оқу орындары базасында "күміс университеттердің" жұмыс істеу тетіктері пысықталатын болады.

      Төртінші үрдіс азаматтардың цифрлық құзыреттіліктерін арттыруды көздейді.

      Азаматтардың цифрлық құзыреттіліктерін арттыру кадрларды даярлау, қайта даярлау және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында микробіліктілік алу жүйесі арқылы жалғасатын болады.

      Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы шеңберінде IT компаниялармен бірлесіп дуальді оқыту жүйесі енгізілетін болады. Цифрлық білім беретін ұйымдар желісін дамыту тетіктері пысықталды.

      Бесінші үрдіс өмір бойы білім алуды институционалдандыруды қамтиды.

      Тұжырымдаманы ұлттық деңгейде енгізу жөніндегі кешенді іс-шараларды іске асыру үшін институционалдық орта құрылады, ол формалды және формалды емес білім берудің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының жанынан үздіксіз білім беру институттарының желісін құруды көздейді.

6-бөлім. Күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманы іске асырудың күтілетін нәтиже 1-қосымшада көрсетілген үздіксіз білім беруді дамытудың сапалық және сандық көрсеткіштерін бағалау негізінде айқындалатын оң өзгерістер мен нысаналы мәндерге қол жеткізу болып табылады.

      Тұжырымдаманы іске асыру бірнеше кезеңнен тұратын болады:

      Бірінші кезең (2021 – 2022 жылдар) – өмір бойы оқытуды іске асырудың нормативтік және құқықтық базасын қалыптастыру, сондай-ақ ересек адамдарды өмір бойы оқыту моделін құру. Кадрларды даярлаудың білім беру бағдарламаларын өзектілендіру және қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

      Екінші кезең (2023 – 2024 жылдар) – оқыту жетістіктерін тану және растау үшін кредиттердің және формалды емес нәтижелердің жинақтаушы жүйесін (банкін) құру. Біліктілікті тану және кәсіби дағдылар мен құзыреттерді сертификаттау тәртібін регламенттейтін модель құру бойынша жұмыс қатар ұйымдастырылатын болады.

      Үшінші кезең (2025 жыл) – үздіксіз білім беру институттарын дамытуды аяқтауды көздейтін үздіксіз білім беру жүйесін институттандыру.

      Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар 2-қосымшада көрсетілген Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарына сәйкес жүзеге асырылатын болады.



  Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру)
тұжырымдамаcына
1-қосымша

Күтілетін нәтижелер


Р/с

 

Нысаналы индикаторлар

Өлшем бірлігі

Ақпарат көзі

2020
жыл
(факт)

2021
Жыл
(болжам)

Жоспарлы көрсеткіштер

Күтілетін нәтижелер

2022 жыл

2023 жыл

2024 жыл

2025 жыл

1

Формалды емес білім беретін ұйымдардың саны

бірлік

ЖАО,
БҒМ,
Еңбекмині әкімшілік деректері

72

219

236

250

260

270

формалды емес білім берудің балама нұсқаларын кеңейту

2

Формалды емес біліммен қамтылған 16 – 65 жастағы адамдардың үлесі

%

ЖАО, БҒМ, Еңбекмині әкімшілік деректері

0,2

3

4

5

6

7

халықты формалды емес біліммен қамту

3

IT дағдыларын арттыру қолжетімділігі бар 16 – 65 жастағы адамдардың үлесі

%

БҒМ, ЦДИАӨМ, ЖАО, әкімшілік деректері

0,1

0,5

0,6

0,7

0,8

0,9

халықтың цифрлық дағдыларын арттыру


  Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру)
тұжырымдамаcына
2-қосымша

Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары


Р/с №
 

Атауы

Өлшем бірлігі

Аяқталу нысаны

Орындау мерзімі

Орындауға жауаптылар

1

2

3

4

5

6

1-нысаналы индикатор. Формалды емес білім беретін ұйымдардың саны, бірлік (2021 ж. – 219, 2022 ж. – 236, 2023 ж. – 250, 2024 ж. – 260, 2025 ж. - 270)

1-күтілетін нәтиже. Формалды емес білім берудің балама нұсқаларын кеңейту

1-реформа. Формалды және формалды емес оқыту нәтижелерін тану тетіктерін қоса алғанда, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту

1

Ересек адамдардың өмір бойы оқу моделін құру

бірлік

үздіксіз білім беру жүйесінің моделі

2022 жыл

БҒМ, Еңбекмині,
Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА

2

"Кәсіптік біліктіліктер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктіліктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамаларын әзірлеу

бірлік
 
 
 
 
 
 

"Кәсіптік біліктіліктер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктілік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамалары

2021 – 2022 жылдар
 
 
 
 
 

Еңбекмині, мүдделі мемлекеттік органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)
 
 

3

"Кәсіптік біліктіліктер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктіліктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын әзірлеу
 

бірлік

заң жобасы

2023 – 2024 жылдар

Еңбекмині,
мүдделі мемлекеттік органдар,
"Атамекен" (келісу бойынша)

4

Білім беру ұйымдары жанындағы үздіксіз білім беру институттарын дамыту
 

бірлік

ЖОО-ның Ғылыми кеңесінің шешімі

2022 жыл

БҒМ

5

Формалды және формалды емес білім беруді тану тетігін қамтамасыз ету үшін ұлттық біліктілік шеңберін өзектілендіру

бірлік
 
 

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және
еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның хаттамасы

2023 жыл
 
 
 

БҒМ, Еңбекмині
 
 
 

6

Формалды емес білім беретін, оның ішінде NEET және ауыл жастарының әлеуметтік осал санаттары үшін, сондай-ақ оқуға және жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдар, әсіресе, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және біліктілігі төмен жалдамалы қызметкерлер үшін ұйымдар желісін кеңейту бойынша жағдайлар жасау

бірлік

ЖАО шешімдері

2023 жыл

ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар

7

Индустриялық компаниялардың біліктілігін арттырудың корпоративтік құрылымдарын дамыту (корпоративтік университеттер және оқу-курстық комбинаттар)

бірлік

ұсыныстар

2023 жыл

ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар

2-нысаналы индикатор. Формалды емес біліммен қамтылған 16-65 жастағы адамдардың үлесі, % (2021 ж. – 3, 2022 ж. – 4, 2023 ж. – 5, 2024 ж. – 6, 2025 ж. - 7)

2-күтілетін нәтиже. Халықты формалды емес білім берумен қамту

8

Дағдылар мен құзыреттер алу үшін, әсіресе, NEET жастар
санаттары үшін микробіліктілік пен нано-оқытудың артықшылықтары туралы халықтың хабардар болу деңгейін арттыруға бағытталған тәсілдерді енгізу

бірлік

ұсыныстар

2022 жыл

БҒМ, Еңбекмині, ЖАО, мүдделі
мемлекеттік органдар

9

Азаматтардың формалды емес білім алуға, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтардың, оның ішінде жастардың, әйелдердің, мүгедектер мен қарт адамдардың ынтасын арттыруға бағытталған тетіктерді пысықтау

бірлік

ЖАО шешімдері

2023 жыл

ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар

10

Кәсіптік стандарттарды ескере отырып, кадрлар даярлаудың білім беру бағдарламаларын өзектілендіру

бірлік

жаңартылған білім беру бағдарламалары

2022 жыл

БҒМ

11

Оқуға және жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдар санаты үшін, әсіресе, жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және біліктілігі төмен жалдамалы жұмыскерлер үшін олардың құзыреттерінің деңгейін арттыру мақсатында кедергілерді жою

бірлік

ЖАО шешімі

2023 жыл

ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар

12

Микробіліктіліктерді алу тетіктерін пысықтау және нано-оқыту нәтижелерін есепке алу ("Nanodegree"/"Нанодеңгей)

бірлік

әдістемелік ұсынымдар

2023 жыл

БҒМ, Еңбекмині

13

Оқуға және жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдар санаттарының, әсіресе, жұмыссыздардың, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың және біліктілігі төмен жалдамалы қызметкерлердің құзыретін арттыру тетіктерін пысықтау

бірлік

ұсынымдар

2025 жыл

ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар

3-нысаналы индикатор. IT дағдыларын арттыру қолжетімділігі бар 16-65 жастағы адамдардың үлесі, % (2021 ж. – 0,5, 2022 ж. – 0,6, 2023 ж. – 0,7, 2024 ж. – 0,8, 2025 ж. – 0,9)

3-күтілетін нәтиже. Халықтың цифрлық дағдыларын арттыру

14

Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы шеңберінде IT компаниялармен бірлесіп, дуальді оқыту жүйесін енгізу

бірлік

ақпарат

2022 жыл

БҒМ, ЦДИАӨМ,

15

Цифрлық білім беретін ұйымдар желісін дамыту тетіктерін пысықтау

бірлік

ұсыныстар

2023 жыл

БҒМ, ЦДИАӨМ, ЖАО

16

ЖОО-лардың нақты сектор компанияларымен, әсіресе, IT секторында әріптестікте ұсынатын сертификаттау курстарының спектрін кеңейту

бірлік
 
 

кадрлардың біліктілігін арттыру және
қайта даярлау курстарының білім беру бағдарламалары

2024 жыл
 

БҒМ
 
 

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

"Атамекен"


"Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

БҒМ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Еңбекмині

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ЖАО

жергілікті атқарушы органдар

Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА

Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы

ЦДИАӨМ

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі