Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 8 шілдедегі № 471 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 248 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2023 № 248 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.

      2. Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар және мүдделі ұйымдар (келісу бойынша):

      1) Тұжырымдаманы іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдасын;

      2) есепті жылдан кейінгі 30 қаңтардан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.

      3. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі есепті жылдан кейінгі 1 наурыздан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне Тұжырымдаманың іске асырылу барысы туралы жиынтық ақпарат берсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 8 шілдедегі
№ 471 қаулысымен
бекітілген

Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасы

      Ескерту. Тұжырымдама жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.12.2021 № 944 қаулысымен.

1-бөлім. Паспорт (негізгі параметрлер)

Тұжырымдаманың атауы

Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасы

Әзірлеу үшін негіздеме

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына Жолдауы;
"Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 26 ақпандағы № 99 қаулысы

Тұжырымдаманы әзірлеуге жауапты мемлекеттік орган

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

Тұжырымдаманы іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, жергілікті атқарушы органдар және басқа да салалық мемлекеттік органдар

Іске асыру мерзімі

2021 – 2025 жылдар

2-бөлім. Ағымдағы жағдайды талдау

      Қазақстанның әлемдік экономикаға интеграциялануы еліміздің 2050 жылға қарай озық 30 елдің қатарына ілгерілеуі жолында әлемде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жедел ден қою қажеттігін талап етіп отыр.

      Сонымен бірге, цифрландырудың өсуі және қазіргі жаңа өнеркәсіптік революцияға көшу технологиялық жарысты және дәстүрлі салаларда жұмыспен қамтуды қысқартуға ынталандырады, салдарынан халық табысының теңсіздігін одан әрі арттырады.

      Дүниежүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) сарапшылары автоматтандырудың жаңа толқыны нәтижесінде таяудағы 3-5 жылда 7 миллионнан астам жұмыс орны жоғалады деп болжайды.

      Автоматтандыру нәтижесінде алдын ала болжанатын, күнделікті тапсырмаларды қамтитын әрекеттер жойылу қаупіне ұшырайды. Оларға, мысалы, бухгалтерлік есепті жүргізу, көлік құралдарын басқару, өндірістегі біліктілігі төмен функциялар жатады.

      Көлік және логистика, өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, қаржылық және сақтандыру қызметтері сияқты салаларда автоматтандыру тәуекелі жоғары болады.

      Жаһандық өзгерістер аясында еңбек ресурстарының құзыреттілігі мен біліктілігіне қойылатын талаптар тек арта түспек, бұл ұлттық еңбек нарығын реттеу саясатын жандандыру және елдің еңбек әлеуетінің сапасын арттыруға және оны тиімді пайдалануға бағытталған білім беру жүйесін жетілдіру қажеттігін негіздейді.

      Сонымен қатар, техникалық дағдылардың өзектілік кезеңінің төмендеу үрдісі байқалып, бұл үздіксіз оқыту қажеттігінің артуына алып келді. Егер бұрын техникалық кәсіптік білім беру аясында алған білім біліктілікті арттырмай 10 жылға жететін болса, бүгінде көптеген мамандықтар бойынша дағдылардың өзектілігі 2 жыл бойы ғана сақталады.

      Осылайша, технологиялық процестердің өзгеруі және жаңа кәсіптердің пайда болуы жұмыс күшінің мүлдем жаңа дағдылары мен біліктілігін талап етеді, бұл, тиісінше, жас кадрларды даярлау жүйесін жетілдірумен қатар қолданыстағы жұмыс күшінің біліктілігін арттыру үшін үздіксіз білім беруді дамытуды қажет етеді.

      Сонымен бірге, ЭЫДҰ талдауына сәйкес Қазақстандағы жұмыс берушілер өз қызметкерлеріне оқытудан өтуді белсенді түрде ұсынбайды. Нәтижесінде Қазақстандағы қызметкерлердің 3,4 %-ы ғана қосымша оқытудан өткен.

      Өз кезегінде, Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында айқындалған жалпыұлттық басымдықтардың бірі сапалы білім беру болып табылады. Білім беру саласындағы саясатты іске асырудан күтілетін нәтижелердің бірі – дәстүрлі оқыту бағдарламаларынан білім алушыларды болашаққа дайындауға, дағдылар мен құзыреттерді өмір бойы тұрақты жетілдіруге ынталандыруға өту.

      Қазақстанда білім беру саласындағы қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарының бірі білім берудің бір деңгейінен екіншісіне дәйекті ауысуды білдіретін және оқыту нәтижелерін сақтау, дәйекті өзгерту және тану арқылы көрінетін "деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігі" болып табылады.

      Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) жасына қарамастан бүкіл халыққа қатысты және формалды, формалды емес және информалды (өздігінен білім алу) білім беруді қамтиды.

      Формалды білім беру "мектеп-колледж-ЖОО" циклі шеңберінде пәндер, атап айтқанда, жалпы білім беретін пәндер мазмұнының интеграциясын айқындау, сондай-ақ оқу-тәрбие процесін толассыз стандарттау, жоспарлау және ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.

      Формалды емес білім формалды білім беру бағдарламаларының бөлігі болып табылмайтын ұйымдастырылған оқыту түрлерін қамтиды. Атап айтқанда, біліктілікті арттыру, кәсіптік қайта даярлау бағдарламалары, кәсіптік оқыту бағдарламалары, курстар, дәрістер, семинарлар мен тренингтер, оның ішінде онлайн режимінде өткізілетіндері кіреді. Формалды емес білім беру нәтижелерін тануды білім беру ұйымдары оқытудың жеке траекториясын қалыптастыру мүмкіндігі ретінде жүзеге асырады.

      Информалды білім беру – бұл адам өзі жүзеге асыратын оқу, бұл ретте оқу нәтижесін көрсететін құжат берілмейді.

      Мектепке дейінгі білімнен жоғары білімге дейінгі білім беру бағыты белгіленген жас кезеңдерінде іске асырылады, сондықтан үздіксіз білім берудің негізгі элементі ересектерге білім беру болып табылады.

      Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Еңбек бағдарламасы) аясында кәсіптік және техникалық білім беру бойынша кадрлар даярлау жүргізілді. Оқыту кәсіптік білімі жоқ, жұмыссыз және аз қамтылған немесе көп балалы отбасылардан шыққан адамдарға жүргізілді.

      2019 жылдан бастап ЖОО-лар формалды емес білім беруді жеке оқыту траекториясын қалыптастыру кезінде оқыту нәтижелерін тану арқылы жүзеге асыруды бастады. Бұдан басқа, 72 ЖОО-да "Күміс университет" бағдарламасын іске асыру басталды. Құрылымдық бөлімшілер құрылып, егде жастағы адамдарды оқыту процесін реттейтін ішкі құжаттар бекітілді. Көптеген ЖОО-лар авторлық курстар әзірлеп, оқу-әдістемелік құралдар дайындады. Жалпы тыңдаушылар саны 2000-ға жуық адамды құрайды.

      Осы Тұжырымдаманы әзірлеу кезінде 2018 жылы жүргізілген PIAAC зерттеуінде (Ересек тұрғындардың құзыреттерін бағалау жөніндегі халықаралық бағдарлама) келтірілген статистикалық деректер пайдаланылды.

      Мәселен, зерттеу деректеріне сәйкес ересек тұрғындардың (16-65 жас) формалды емес білім беруге қатысу үлесі 17 %-ды құрайды. Бұл ретте әйелдердің қатысу үлесі 20 %-ды, ал ерлердің қатысу үлесі 13,85 %-ды құрады.

      Еңбек бағдарламасын іске асыру статистикасы 2017 – 2020 жылдар аралығында қысқа мерзімді оқытуға 188 645 адам жіберілгенін, оның ішінде 173 814 адам оқуды аяқтағанын көрсетеді. 2021 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша қысқа мерзімді оқуға 14 227 адам жіберілген, 5095 адам оқуды аяқтап, 2871-і (56,3 %) жұмысқа орналастырылған.

      Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының деректері бойынша 2021 жылғы шілдеде skills.enbek.kz қысқа мерзімді онлайн курстарға оқыту порталы іске қосылды. Ресурс білімділік пен кәсіпқойлық деңгейін арттыру, мансаптық өрлеуді ынталандыру және өмір бойы оқу қағидатын ілгерілету үшін құрылған (сайтта 11737 адам тіркелген). Қазіргі уақытта порталда аспаз және аспаздық іс, косметикалық, заңдық және бухгалтерлік қызметтер, құрылыс, қонақ үй мен мейрамхана ісі және ақпараттық технологиялар курстары ұсынылады.

      Өмір бойы оқу шеңберінде формалды емес білім беруді дамыту үшін сертификаттаудың толыққанды жүйесін қалыптастыру маңызды болып табылады. Осыған байланысты жұмыс берушілерге формалды емес білім беру нәтижесінде ұсынылған құжаттарды тануға мүмкіндік беретін сертификаттау жүйесін заңнамалық тұрғыдан бекіту жұмыстары жүргізілуде.

      "Кәсіптік біліктіліктер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктіліктердің кейбір мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдары жобаларының тұжырымдама жобалары әзірленуде. Бұл құжаттар формалды емес білім беруді дамытуға серпін бермек.

      Қазіргі уақытта Қазақстанда жекелеген кәсіптерге біліктілік беруге және растауға қойылатын талаптар әзірленген және пайдаланылуда. Ұлттық біліктілік жүйесі енгізілді. Ұлттық біліктілік шеңбері бекітілді, онда білім берудің 8 деңгейі ұсынылған. Біліктіліктің салалық шеңбері жаңартылды және нақты кәсіптің білімі мен дағдыларын айқындайтын 582 кәсіптік стандарт бекітілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – Атамекен) техникалық және кәсіптік білім беру мамандарының біліктілігін тәуелсіз сертификаттауды жүзеге асырады. Мамандардың біліктілігін сертификаттау және растау қызметтің реттелетін және реттелмейтін түрлері үшін әртүрлі тәсілдермен жүргізіледі.

      Еңбек кодексінің шеңберінде жұмыскерлерді кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері қарастырылған. Бұл жұмыс берушілер жұмыскерлердің біліктілігін арттыру үшін жағдай жасауға тиіс екендігін болжайды.

      Осы ретте, үздіксіз білім беру саласында мынадай проблемалық мәселелер бар.

      Базалық дағдылар деңгейінің төмендеуі.

      Күнделікті жаңа білімнің (қаржылық, құқықтық, цифрлық, медициналық салаларда), әлеуметтену дағдыларының (коммуникация, кооперация, сыни ойлау) тапшылығы маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Бұл ересек тұрғындар үшін сауаттылықтың жаңа түрлерін тез игеру бағдарламалары жеткілікті түрде қолжетімді болмауының салдарынан туындайды. Оқу және түсіну, математикалық логика және технологиялық есептерді шеше білу сияқты негізгі құзыреттіліктерді қоса алғанда, әртүрлі құзыреттіліктерді меңгеру өте маңызды болып табылады. Олардың төмен деңгейі немесе болмауы өндірістік процестің және тұтастай экономиканың тиімділігіне кері әсер етеді.

      PIAAC зерттеуіне сәйкес Қазақстан азаматтарының шамамен 50 %-ы дағдыларды (функционалдық сауаттылықты) дамытудың екінші деңгейіне ғана жетеді. Яғни, қазақстандықтардың басым бөлігі білімді тек қарабайыр ғана көрсетуді көздейді және инновациялық әлеуеті жоқ. 16-39 жас аралығындағылардың дағдыларын салыстыру 26 жылдан кейін олардың дағдыларының деңгейі 10 %-ға төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді. Тиісінше, 40 жастан асқан келесі ұрпақтың біліктілігі төмен болуы мүмкін.

      PIAAC жоғары біліммен салыстырмалы түрде жоғары қамтылғанына қарамастан, қазақстандықтардың жас буыны көрсеткен нәтиже ЭЫДҰ елдеріндегі (266 балл) осындай буынға қарағанда жоғары емес (249 балл) екенін көрсетіп отыр. Бұл жоғары білімнің дағдыларға оң әсері болғанмен, Қазақстанда ол ЭЫДҰ-ның басқа елдерінің көпшілігіндегідей әсер бермейтінін көрсетеді.

      Сондай-ақ PIAAC деректеріне сәйкес Қазақстан дағдыларды пайдалану индексінің көрсеткіштері ең төменгі (0,40) елдердің қатарында.

      Қарқынды дамып келе жатқан цифрлық технологиялар жағдайында заманауи адам формалды білім беруде алған білімі мен дағдыларына қанағаттана алмайды. Дағдыларды үнемі, қарқынды дамыту және пайдалану қажет. Зерттеулер көрсеткендей, жұмыс орнында оларды қарқынды пайдалану байқалатын елдерде жұмыс күшінің өнімділігі жоғары. Орташа алғанда, жұмыста оқу және математика дағдыларын қолдану экономикалық дамыған елдер арасындағы еңбек өнімділігінің барлық түрлерінің жартысына жуығын түсіндіреді.

      ЭЫДҰ деректері бойынша PISA нәтижелері PIAAC көрсеткіштерінде де көрініс табады. Бұл төмен деңгейдегі базалық дағдыларды ересек жаста еңсеру қиынға соғатынын білдіреді. Егер ел PISA-да төмен нәтиже көрсетсе, онда болашақта азаматтардың дағдылары да төмен болады, қазіргі төмен нәтижелерді ескерсек, Қазақстан үшін бұл қауіпті дабыл болып табылады.

      ЭЫДҰ-ның осындай төмен көрсеткіштерінің себебі халықтың формалды емес білім беруге қатысу деңгейінің төмендігі болып табылады. Мысалы, 4-ші және 5-ші деңгейге жеткен адамдардың 23,5 %-ы формалды емес білім беруге қатысқан, ал 1-ші және одан төмен деңгейге жеткен адамдар арасында олардың үлесі 16,8 %-ды құрайды.

      Осылайша, ЭЫДҰ зерттеулері ересек халықтың қомақты үлесі формалды білім алғаннан кейін оқуды тоқтататынын көрсетеді. Тиісінше, қалыптасқан дағдыларынан айырылып, ал жаңа дағдыларды игеру қиынға соғады.

      Цифрлық дағдылардың жеткіліксіз деңгейі.

      Технологиялар саласындағы екпінді прогресс адамдардың өмір сүру және жұмыс істеу тәсілін өзгертеді. Жасанды интеллект, үлкен деректер және басқа да ақпараттық-коммуникациялық технологиялардағы (бұдан әрі – АКТ) инновациялар өнімділікті арттыруға және жоғары білікті жұмыс орындарын құруға мүмкіндіктер ашуда. Дегенмен, жұмыспен қамту мен өнімділіктің мұндай өсуі, ең алдымен, көбінесе біліктілігі төмен жұмыскерлер орындайтын күнделікті міндеттердің едәуір бөлігі тиесілі кәсіптердегі жұмыс орындарының жоғалуы есебінен болуы мүмкін.

      Сондықтан кез келген заманауи адамның маңызды дағдысы жұмыста да, күнделікті өмірде де әдеттегі міндеттерін шешу үшін цифрлық технологияларды пайдалана білу болып табылады. 16-34 жас аралығындағы халықтың 1/5 бөлігі ғана жоғары деңгейдегі цифрлық дағдыларға ие. Бұл ретте Қазақстанда автоматтандыруға жататын жұмыс орындарының саны салыстырмалы түрде жоғары. Осылайша, болашақта жұмыс орындарының 52 %-ы ЭЫДҰ-ның 47 %-ға тең орташа көрсеткішімен салыстырғанда жоғары немесе айтарлықтай автоматтандыру тәуекеліне ұшырайды.

      Үздіксіз білім берудің сапасы мен қолжетімділігі.

      Қазіргі уақытта ересектерге арналған формалды емес білім беру мазмұнын формалды емес білім беретін ұйымдар айқындайды. ЭЫДҰ деректеріне сәйкес Қазақстанда формалды емес білім беру провайдерлері айтарлықтай алдын ала немесе кейінгі сапа тексеруінен өтпейді. Осыған байланысты ұсынылатын оқытудың сапасы формалды емес білім беру провайдерлері арасында әртүрлі болады.

      Сонымен бірге оқыту бағдарламасының сапасы ересектердің оқыту бағдарламаларына қатысу деңгейіне әсер ететін факторлардың бірі болып табылады. Негізгі мақсаты сертификат алу болып табылатын біліктілікті арттыру курстарын формалды өткізу практикаға айналды.

      Тағы бір мәселе – үздіксіз білім берудің қолжетімділігі. PIAAC деректері бойынша Қазақстанда ересектер жұмыс жүктелімінің жоғарылығы, сондай-ақ бала күтімі мен отбасылық міндеттер ересектердің оқуға қатысуына негізгі кедергілер деп санайды. Бұл кедергілер тұтастай алғанда орташа ЭЫДҰ елдері бойынша байқалатын кедергілерге ұқсас.

      Қазақстандағы формалды емес білім беру қызметтерінің баға диапазоны даярлық бағыты мен мамандыққа байланысты өзгереді. Сонымен бірге, PIAAC зерттеуі көрсеткендей, Қазақстанда халықтың 25 %-ы оқыту курстарының жоғары құнын ересектердің оқуға қатысуына кедергі деп санайды (орташа алғанда ЭЫДҰ елдеріндегі халықтың 16 %-ы осы факторды көрсетеді).

      Жұмыс берушілер де өз қызметкерлерінің, әсіресе жекеменшік сектордағы қызметкерлердің дамуына аз қаржы салады. Дамыған елдерде біліктілікті арттыру курстарын ұсынатын кәсіпорындардың үлесі 80 %-ға дейін жетуі мүмкін, ал біздің елімізде бұл көрсеткіш үш есеге дерлік аз.

      Ересек адамдардың формалды емес білім алуға тартылу деңгейінің төмендігі.

      PIAAC сәйкес білім деңгейі және формалды немесе формалды емес оқуға қатысу – дағдыларды дамытуға әсер ететін маңызды факторлар. Барлық бағаланатын дағдылар әртүрлі деңгейлердегі білім беру ұйымдарында (орта білім, ТжКБ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім) оқыту кезінде қалыптасады. Алайда оларды қолдау және одан әрі дамыту одан әрі формалды емес оқытумен тікелей байланысты болуы мүмкін. Сондықтан ересек тұрғындардың үздіксіз білім алуға тартылу дәрежесі адами капиталды дамыту индикаторларының бірі болып табылады.

      ЭЫДҰ елдерінде ересек тұрғындардың формалды емес білім алуға қатысу көрсеткіші 50 %-дан жоғары. Ал біздің елімізде бұл көрсеткіш үш есе аз.

      ЭЫДҰ атап көрсетуінше, ынтаның болмауы біліктілігі төмен адамдар арасында айқын көрінеді және оқуға деген теріс көзқарасқа, оқу нәтижесінде пайда болатын артықшылықтар туралы түсініктің болмауына және қатысуға кедергілерді еңсеру мүмкін емес деген сезімге байланысты болуы мүмкін. Айталық, біліктілігі төмен қызметкерлердің 1,9 %-ы ғана қашықтан білім беру курстарында оқыған және жұмыс орнында қандай да бір ұйымдастырылған оқу сабақтарына немесе жұмыс берушілер өткізетін тренингтерге қатысқан.

      Осылайша, функционалдық сауаттылық пен цифрлық дағдылардың төмен деңгейімен қоса формалды емес білім беруге ересек тұрғындардың қатысу үлесінің төмен болуы біліктілігі төмен мамандар санының ұлғаюына алып келуі мүмкін.

      Формалды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелеріне жұмыс берушілер сенімінің төмен деңгейі.

      Үздіксіз білім беру қағидаттарын іске асырудың тиімділігі көп жағдайда жұмыс берушілердің білімге, дағдылар мен құзыреттерге, оның ішінде формалды емес білім беру арқылы алынған, сенім деңгейіне байланысты болады.

      Формалды емес білім беру арқылы алынған оқу нәтижелеріне жұмыс берушілер сенімінің төмен деңгейі байқалады.

      Бұл формалды емес білім беретін ұйымдар беделінің төмендігіне, сондай-ақ курстар мазмұнының төмен сапасына байланысты болып отыр.

      Сондықтан ересектерге формалды емес білім берудің басты проблемасы валидация болып табылады. Бұл ресми құжатсыз формалды емес білім беру нәтижесінде алынған білімнің, машықтар мен дағдылардың жұмысқа орналасу кезінде танылмайтындығын білдіреді. Тиісінше, өз білімін, машықтары мен дағдыларын валидациялау үшін азамат өзінің уақыты мен қаржылық мүмкіндіктеріне зиян келтіре отырып, формалды білім алуға мәжбүр болады.

      Әлемдік практика көрсеткендей, ересектерге формалды емес білім беретін ұйымдар арқылы алынған оқу нәтижелерін тануды көп жағдайда кәсіби қауымдастықтар алынған білімді, дағдылар мен құзыреттерді бағалау және тану арқылы жүзеге асырады.

      Сонымен қатар, біздің елімізде кейбір кәсіптер бойынша формалды емес білім беру арқылы алынған білімді, дағдыларды валидациялау және тану мемлекеттік органдардың қатаң бақылауымен жүзеге асырылады.

      Үздіксіз білім беруді мониторингтеу және статистикалық есепке алу жүйесінің болмауы.

      Статистикалық деректерді талдау ересектерге білім беру саласында анық ақпараттың жоқтығын көрсетеді.

      2021 жылы білім беру жүйесінде білім беру қызметтерін көрсететін 25 334 ұйым тіркелген. Оның ішінде 19308 ұйым (10910 мектепке дейінгі ұйым, 7440 мектеп, 733 колледж, 150 жоғары оқу орны) формалды білім береді. Қалған 6101 ұйым қосымша білім беру қызметтерін көрсетеді, оның ішінде қысқа мерзімді курстар, біліктілікті арттыру курстары және әртүрлі тренингтер, соның ішінде балаларға арналған тренингтер.

      Жергілікті атқарушы органдардың деректері ересектерге формалды емес білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдардың ресми статистикасы жоқ екенін көрсетеді. Тиісінше ересек тұрғындардың формалды емес білім алуға қатысуының статистикалық есебі жүргізілмейді.

      Нәтижесінде үздіксіз білім берудің тұтастай алғанда және жеке алғанда формалды емес білімнің даму динамикасын айқындау процесі күрделене түседі.

      Әлемде білім деңгейінің жалақыға, жұмыспен қамтуға, ұтқырлыққа әсерін статистикалық байқауларда үздіксіз білім беруді іске асырумен байланысты көрсеткіштер қолданыла бастады. Формалды білім беруден бөлек ересектерді білім берудің әрқилы түрлерімен қамту сияқты индикаторлар енгізілді. Сонымен қатар, білім экономикасына көшу жағдайында ересектерге білім берудің ауқымы, бағыттары, кезеңділігі, нысандары мен түрлері туралы ақпарат өте маңызды болып табылады.

      Тәжірибе көрсеткендей, Қазақстанда мұндай ақпарат толық емес және фрагменттік, халықаралық ақпаратпен салыстыруға келмейді. Тиісінше, ересек тұрғындарды оқытудың статистикалық есебі мен мониторингі жүйесін енгізу қажеттігі туындайды.

      Тұтастай алғанда, үздіксіз білім беруді дамытудың негізгі үрдістері мыналар болып табылады:

      1) формалды және формалды емес білім беруді интеграциялау. Формалды емес білім беру нәтижелерін тану біліктіліктер алудың шарты болып табылады, бұл азаматтарға академиялық кредиттер жинау арқылы формалды білім алуға қол жеткізуге мүмкіндік береді;

      2) формалды емес түрде алынған техникалық дағдыларға қойылатын талаптарды арттыратын жаңа технологиялар. Жаңа технологияларды қолдануға негізделген секторларда формалды оқыту технологиялық өзгерістерге және біліктілікті арттыру қажеттігіне сәйкес келмеуі мүмкін. Тиісінше, ересектерге формалды емес білім берудің өзектілігі артады;

      3) формалды емес білім беру нәтижелерін тану арқылы еңбек нарығына интеграциялану мүмкіндіктерін беру, бұл барлығына тең мүмкіндіктер беруге ықпал етеді.

3-бөлім. Халықаралық тәжірибе

      Қазіргі уақытта әлемнің бірқатар елдерінде өмір бойы оқуды енгізу тәжірибесі жинақталған.

      Ересек тұрғындарды үздіксіз біліммен қамту деңгейін арттыру.

      Халықтың үздіксіз білім алуға тартылу дәрежесі білім беру парадигмасы ретінде ғана емес, сондай-ақ елдің экономикалық даму деңгейінің көрсеткіші ретінде де қарастырылады. ЮНЕСКО-ға сәйкес (2009 ж.) ересек тұрғындар білім алуының орташа ұзақтығының бір жылға ғана артуы ұзақ мерзімді перспективада экономикалық өсудің 3,7 %-ға ұлғаюын негіздейді.

      Осыған байланысты Еуропалық комиссия (2016 ж.) ересек тұрғындардың дағдыларын арттыруға және олардың еңбек нарығының сұраныстарына толық сәйкес келуіне, бағалау жүйесін дамытуға, дағдылар мен біліктілікті, оның ішінде ресми оқу орындарынан тыс алынған дағдылар мен біліктілікті тануға және салыстыруға, талап етілетін дағдыларды анықтауға бағытталған дағдылар бағдарламасын қабылдады.

      Осы бағдарламаны іске асыру үшін көптеген Еуропа елдері ересектерді формалды емес біліммен қамтуды арттыру бойынша мемлекеттік шаралар қабылдады. Бұл соңғы 10 жылда, әсіресе Швецияда, Швейцарияда, Данияда және Финляндияда (60-70 %) ересектердің үздіксіз оқытумен қамтылу көрсеткішінің өсуіне алып келді.

      Швейцарияда (70 %) қамту көрсеткіштерінің өсуі ересектерге білім беру туралы заңның қабылдануымен негізделген, оның шеңберінде экономика салаларында жұмыс істейтін халықты оқытуға тікелей қаржыландыру көзделген.

      Дания Үкіметі (67 %) бұрын алған білімді танудың нормативтік құқықтық базасын енгізді. Бұл азаматтарға формалды емес және информалды оқыту нәтижелерін бағалауға және "Менің құзыреттерімнің картасы" арнайы порталында тіркелетін егжей-тегжейлі сертификат алуға мүмкіндік береді. Алдыңғы оқытудың нәтижелерін есепке алу жүргізіледі, бұдан басқа білім беру ұйымдары кейінгі білім беру деңгейі үшін талап етілетін курстар мен құзыреттерді айқындай алады. Білім беру ұйымдары дағдылар білім беру бағдарламаларына толық сәйкес келген жағдайда сертификат беруге құқылы.

      Швецияда (66 %) халықты формалды емес білім берумен қамтудың көшіп-қонушылар мен босқындарды оқыту есебінен өсті. Осы мақсатта мемлекеттік гранттар, әсіресе, тілді оқытуға және кәсіби біліктілікті алуға бағытталған мемлекеттік гранттар бөлінеді.

      Финляндия формалды емес білім беруді дамыту жүйесінің мысалы болып табылады, мұнда қамту 65 %-ды құрайды. Формалды емес білім беру білім беру ұйымдары ұсынатын жалпы білім беру мүмкіндіктерінің спектрін қамтиды. Формалды емес білім берудің негізгі аспектілері білім беру бағдарламаларының әртүрлілігі, тұлғаға бағытталған оқыту және еріктілік болып табылады. Финляндияда біліктілік шеңбері жоқ. Сондықтан формалды емес білім беру нәтижелерін тану еңбек нарығының субъектілерімен бірлесіп айқындалған құзыреттерге негізделген. Үздіксіз кәсіптік білім беру саласында үш біліктілік деңгейі ерекшеленеді, олардың сипаттамасы каталогта жинақталған: 52 бастауыш және арнайы кәсіптік пен 300-ден астам жоғары деңгейдегі біліктіліктер.

      Франция жұмыс орнында және өздігінен білім алу арқылы алынған біліктіліктерді тәуелсіз бағалау және тану жүйесін дамыту арқылы қамтуды 36 %-ға дейін арттырды. Құзыреттіліктерді (білім мен дағдыларды) тіркеу жүйесі жұмыс істейді, ол жұмыскерлерді кәсібилендіруге ғана емес, сонымен қатар олардың құзыреттілігін кәсіпорын ішінде пайдалануға да бағытталған. Ресми емес оқу орындарында алынған құзыреттіліктерді тану жүзеге асырылады. Нәтижесінде адам тәжірибенің болуы негізінде біліктілік емтихандарын тапсырудан босатылуы мүмкін. Осы құқықты енгізе отырып, Білім министрлігі жұмыстың өзі ресми білім беретін дағдылар мен білім алуға әкелетінін ресми түрде мойындады. Осылайша, Францияда формалды емес білімді растау формалды білім беру мен даярлаудың қолданыстағы жүйесінің бір бөлігіне айналды және адамдарға біліктілік алу үшін балама жолдарды табуға көмектеседі.

      АҚШ-та халықтың өмір бойы оқуға деген қызығушылығының артуы үздіксіз білім беру туралы заңның қабылдануымен байланысты болды. Негізінен бұл заң табысы төмен ересек тұрғындардың мектептегі біліміндегі олқылықтарды жоюға бағытталған. Өсудің екінші кезеңі (8,9-дан 59 %-ға дейін) білім беруге мемлекеттік қаржыландырудың азаюының және жоғары білім алуға ниет білдірушілер санының ұлғаюының салдары болып табылады. ЖОО жоғары білім алуға ниет білдірушілердің барлығын қамтамасыз ете алмады. Бұл білім берудің дәстүрлі нысандарын дамыту стратегиясын қашықтан оқытудың пайдасын ескере отырып, қайта қарау қажеттігіне әкелді. Бұдан кейін цифрлық технологиялардың дамуымен АҚШ жүздеген онлайн колледждері мен мыңдаған интернет-курстары бар онлайн білім берудің көшбасшысына айналды. Рейтингтік университеттер әртүрлі қашықтан оқыту бағдарламаларын ұсынады. Мысалы, Бостон университеті бакалавриат және тіпті магистратура бағдарламаларын ұсынса, Беркли Калифорния университеті қашықтан оқытудың барлық құрамдастарының жұмысын үйлестіретін онлайн білім беру ресурстық орталығын құрды. Жеке білім беру орталықтары мен білім беру желілерін қалыптастыра отырып, корпоративтік оқыту кеңінен дамыды. Айталық, Facebook, Google және Microsoft сияқты алыптар онлайн оқытуды ұсынуда.

      Осылайша, көптеген елдерде ересек адамдарды қамту көрсеткішінің өсуін қамтамасыз еткен негізгі факторлар арасында мемлекеттің ересектерді оқытуды тікелей қаржыландыруын, сондай-ақ үздіксіз білім беру жүйесін құруды және білім беру ұйымдарынан тыс алынған оқу нәтижелерін тануды бөліп көрсетуге болады.

      Дағдыларды дамыту.

      Сарапшылардың пікірінше, дағдылар экономикалық өсуді ынталандырады және халықтың әртүрлі топтары арасында экономикалық пайданың қалай бөлінетініне әсер етеді. Ересектердің көп бөлігі дағдыларды меңгеруде табысқа жете алмаған қоғамда жаңа технологияларды енгізу қиын. Сондықтан дамыған елдерде дағдыларды жаңарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді.

      ЭЫДҰ дайындаған Ұлттық дағдылар стратегиясының негізінде Еуропа елдерінің көпшілігінде дағдылар стратегиялары әзірленді.

      Стратегия ересектерге, әсіресе біліктілігі төмен адамдарға арналған білім беру аясын кеңейтуге, жұмыс берушілерді ынталандыруға, дағдыларды ұсыну жүйесін басқару құрылымдарын жетілдіруге және цифрлық дағдыларды меңгеруге ашық қол жеткізуге бағытталған. Сондай-ақ әйелдердің жаңа дағдыларды меңгеруіне, қарттарды қайта оқытуға және еңбекке ерекше медициналық көрсетілімдері бар адамдарға жұмыс істеуге көмектесуге баса назар аударылады.

      Дамыған елдерде біліктілікті арттырудың маңызды стратегиялық бағыты ересектерге арналған білім беру бағдарламаларын мемлекеттік қаржыландыру болып табылады. Еуропа елдерінде бір бюджеттік қолдау алушыға шаққандағы қаржыландыру көлемі бағдарлама түріне байланысты 500-ден 1500 еуроға дейін құрауы мүмкін.

      Мысалы, Германияда оқу ваучері қолданылады. Жұмыс берушілер жыл сайын әрқайсысы 500 евроға дейін 20 ваучер ала алады, бұл персоналды оқыту шығыстарының 50 %-ын жабады. Жылдық табысы төмен қызметкерлер арасында бөлінетін сыйлықақылар да бар. Бұдан қоса, қысқа мерзімді курстарда оқитын жұмыскерлердің жалақысын сақтау қамтамасыз етіледі.

      Осыған ұқсас тәсіл Сингапурде де қолданылады, мұнда да жұмыскерлерге кәсіптік құзыреттерін арттыру үшін қаржы қаражатын бөлу жүзеге асырылады. Сонымен қатар, жұмыскердің болмаған кезеңі үшін ұйымдардың өтемақы төлеу мүмкіндігі көзделген. Бұл жаңа дағдыларға оқытылған жұмыскердің жұмыс орнына қайта оралуына мүдделі болатынын білдіреді. Бұл бағдарламада зейнеталды жастағы адамдарға басты орын берілген.

      Францияда өзінің кәсіптік қызметін бастайтын әрбір адам үшін жеке оқу белсенділігі шоттарының жүйесі іске қосылған.

      Данияда барлық білім беру бағдарламалары туралы ақпаратты және еңбек нарығы туралы өзекті деректерді қамтитын электрондық анықтамалық портал жұмыс істейді. Бұл порталдың нысаналы топтары елдің барлық азаматтары болып табылады. Порталдың көмегімен ересектердің қажеттіліктерін оңтайлы түрде қамтамасыз ететін білім беру бағдарламасы мен ұйымды дербес таңдауға болады.

      Корея Республикасында жақсы құрылымдалған және барлығына ашық академиялық кредиттердің банктік жүйесі бар. Ол адамға кез келген уақытта және кез келген жерде, сондай-ақ кез келген жылдамдықпен оқуға мүмкіндік береді, өйткені сынақ академиялық кредиттермен жүреді. Қазіргі уақытта бұл жүйеге әртүрлі типтегі 495 білім беру мекемесі кіреді. Бұл университеттермен (129) және колледждермен (100) шарттар бойынша жұмыс істейтін үздіксіз білім беру орталықтары, колледждер (34), жеке кәсіптік институттар (65), техникалық жеке институттар (38), әскери мектептер (27) және басқалары. ЖОО бағдарламаларын әртүрлі жастағы 360 мың, оның ішінде зейнет жасындағы білім алушылар игеруде. Бакалаврларды даярлау 24, магистрлерді даярлау 14 бағыт бойынша жүргізіледі.

      Еңбек өнімділігі жоғары елдерде қолжетімді білім беру нысандарының алуантүрлілігі, мемлекеттік қолдаудың әртүрлі құралдары және икемді білім беру траекториялары халыққа дағдыларды тұрақты негізде жаңартуды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

      Формалды емес білім беру арқылы алынған оқыту нәтижелерін тану жүйесі.

      Норвегия мен Люксембургте біліктіліктерді тәуелсіз бағалау, оның ішінде сертификаттарды есепке алу және жұмыс орнында алынған формалды емес оқытуды тану қалыптастырылған.

      Аустралияда кәсіптік және жоғары білімнің барлық біліктіліктерін қамтитын ұлттық біліктілік шеңбері бар. Бағалаушылар институты құрылған, олар адамның алдыңғы оқу, еңбек қызметі кезінде және өмір бойы өз қызметінің нәтижесінде нені үйренгенін айқындайды. Бағалау әдістеріне әңгімелесу, нақты немесе имитациялық жұмыс ортасында жұмыстың орындалуын байқау кіреді. Шешім шығару кезінде үшінші тұлғалар ұсынатын, нақты біліктілік шеңберінде оқыту нәтижелерін растайтын құжаттар, сондай-ақ портфолио ескеріледі. Егер көрсетілетін нәтижелер толық біліктілік талаптарына сәйкес келмесе, адамға жеке оқыту бағдарламасы ұсынылады.

      Осыған ұқсас жүйе Шотландияда да бар. Шотландияда кредиттер мен біліктіліктер жүйесі деңгейлердің құрылымы түрінде оқуды бағалаудың стандартты бірлігі болып табылады. Жүйе барлық негізгі шотландтық біліктіліктерді, оның ішінде ересектерге қолжетімділерін де қамтиды. Ол біліктіліктер арасындағы өзара байланысты көрсетеді және азаматтарға өздерінің оқу және мансаптық мақсаттарына қол жеткізудегі прогресті жоспарлауға мүмкіндік береді. Алдыңғы оқуды тану рәсімі біліктілігі үшін балл беруде немесе қабылдау процесінде (білім беру және оқу курстарына түсушілерді бағалау үшін, сондай-ақ курстық бірліктерден босатуды ұсыну үшін) қолданылады.

      Ұлыбританияда 200-ге жуық біліктілік беру ұйымы тіркелген.

      Люксембург пен Германияда өнеркәсіптік, сауда және қолөнер палаталары түлектердің біліктілігін бағалауды және кәсіптік дағдыларды сертификаттауды жүзеге асырады.

      Ресейде формалды білім беру аясында немесе одан тыс алынғанына қарамастан, құзыреттер мен біліктіліктерді сертификаттау нысанында танудың әзірленген тетіктері бар.

      Осылайша, шет елдердің тәжірибесі үздіксіз білім беруді толыққанды енгізу үшін өмір бойы оқытуды іске асырудың ұлттық пайымын (моделін), оның ішінде формалды емес білім беру сияқты алдыңғы білім беру деңгейінің дағдылары мен құзыреттерінің де нәтижелерін тану тетіктерін, сондай-ақ сәйкестікті растау және біліктілік беру тәртібін әзірлеу қажет екенін көрсетеді.

      Үздіксіз білім берудің мониторингі және статистикалық есепке алу жүйесін дамыту.

      Көптеген елдерде халықтың үздіксіз білім алуға қатысуын талдау әртүрлі ресми ұйымдар жүргізетін статистикалық деректер негізінде жүзеге асырылады және міндетті болып табылады. Мысалы, Еуропалық Одақта Еуростат 35 елді қамтитын еңбекке қабілетті жастағы (15 жас және одан жоғары) халықты міндетті жалпыеуропалық зерттеуді іске асырады. Зерттеу жұмыс күшінің сауалнамасынан, ересектердің білімі туралы сауалнамадан және үздіксіз кәсіптік білім беру мен оқыту туралы сауалнамадан тұрады. Зерттеу нәтижесі ересектердің үздіксіз білім алуға қатысуы мен көзқарасы және осы саладағы мемлекеттік саясаттың тиімділігі туралы ақпарат болып табылады.

      АҚШ-та Статистика бюросы 20 жастан және одан асқан еңбек жасындағы тұрғындарға зерттеу жүргізеді, олардың параметрлерінің бірі ересектердің үздіксіз білім алуға қатысуы және білім деңгейінің жұмысқа орналасу деңгейіне әсері болып табылады.

      Ресейде үздіксіз білім беруді зерделеу бойынша зерттеулер жүргізіледі. Атап айтқанда, экономикалық жағдай мен халықтың денсаулығына ресейлік мониторинг жүргізіледі. Осы мониторинг шеңберінде кәсіпорындар мен ұйымдардың жұмыскерлерін қосымша кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша оқытуға статистикалық байқау жүргізіледі, сондай-ақ үздіксіз білім берудің әрқилы түрлеріне қатысатын 15 жастан 72 жасқа дейінгі адамдарды іріктеп байқау өткізіледі.

      Осылайша, халықаралық тәжірибе мониторинг пен статистикалық есепке алу жүйесінің болуы үздіксіз кәсіптік даму процесіне тартылған халықтың санаты мен үлесін айқындауға, еңбек ресурстарының болжамды есебін жасауға, сондай-ақ ел экономикасының дамуына және тұтастай халықтың әл-ауқатына әсерін айқындауға мүмкіндік беретіндігін көрсетеді. Сондай-ақ үздіксіз білім беру жүйесін қаржыландыру тетіктерін дамытудың маңыздылығын көрсетеді.

4-бөлім. Үздіксіз білім беру жүйесінің даму пайымы

      Ел тұрғындарын формалды және формалды емес білім берумен қамтамасыз ететін үздіксіз білім беру жүйесі құрылады. Жүйенің негізгі құралдарының бірі өмір бойы алынған оқу нәтижелерін валидациялау үшін формалды емес білім беру нәтижелерін тану, сондай-ақ оқу жетістіктерін тану және растау үшін кредиттік және кредиттік емес оқудың жинақтау жүйесін (банк) енгізу болады.

      Бұл ретте, цифрлық құзыреттер барлық кәсіптік стандарттардың міндетті элементіне айналады.

5-бөлім. Үздіксіз білім беруді дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері

      Үздіксіз білім беруді дамытудың негізгі қағидаттары:

      үздіксіз білім беру арқылы оқытудың жеке траекториясын еркін таңдау және дағдылар мен құзыреттер алу;

      жеке адамның қажеттіліктеріне сәйкес формалды және формалды емес білім алудың барлық нысандарының келісімділігі мен толықтырылуы;

      еңбек ресурстарының ұтқырлығы – қызмет бейінін ауыстыру және әртүрлі бағыттар бойынша бір мезгілде кәсіптік білім алу мүмкіндігі;

      әртүрлі институттар – мемлекет, білім беру ұйымдары, бизнес және азаматтар арасындағы өмір бойы оқу жүйесін қамтамасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл;

      формалды және формалды емес білім беру шеңберіндегі білім беру бағдарламаларының түріне қарамастан оқыту нәтижелерінің тең құндылығы.

      Негізгі тәсілдер:

      формалды емес оқыту нәтижелерін қаржыландыру және тану тетіктерін қоса алғанда, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту;

      дағдыларды дамыту арқылы еңбек ресурстарының әлеуетін арттыру;

      тәжірибе, білім, көрсетілген білімдер мен дағдылар негізінде біліктілік пен дағдыны тану тәртібін регламенттейтін сертификаттау моделін қалыптастыру;

      халықты формалды емес біліммен қамтуды қамтамасыз ету;

      азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыру.

      5.1. Формалды емес оқыту нәтижелерін қаржыландыру және тану тетіктерін қоса алғанда, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту.

      Ересек тұрғындарды өмір бойы оқыту қазіргі кәсіптік құзыреттерге жаңаларын қосуды көздейтін, сондай-ақ формалды емес білім беру нәтижелерін тануға мүмкіндік беретін кредиттік (жинақтаушы) білім беру жүйесінің табысты тәжірибесіне негізделетін болады.

      Мазмұндық сабақтастықты сақтау арқылы білім беру деңгейлерінің вертикалды интеграциясын және білім беру құрылымдарын көлденең үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады.

      Вертикалды интеграция адамға кәсіптік білім берудің сатылары мен деңгейлері бойынша: білікті жұмысшы – орта буын маманы – бакалавр (қолданбалы бакалавриат) – бакалавр – магистр және PhD докторы схемасы бойынша ілгерілете отырып, "жоғарыға" қарай білім беру траекториясы бойынша оқуға мүмкіндік береді

      Бiлiм берудiң барлық деңгейлерi мен кезеңдерiнде дағдылар мен құзыретті өлшеу мен бағалаудың бiріздендірілген бiрлiгiн енгiзуге негiзделген үздіксіз бiлiм беру академиялық кредиттерінің бiрыңғай жүйесi құрылатын болады.

      Көлденең үйлестіру кәсіптік қызметтің кез келген сатысында, кез келген білім деңгейі негізінде біліктілікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұған қоса, қажет болған жағдайда, білім беруді жалғастырып қана қоймай, кадрларды қайта даярлау жүйесінің, оның ішінде формалды емес білім беру нысанының қызметтерін пайдалана отырып, оның бейінін өзгертуге мүмкіндік береді.

      Осы мақсаттарда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, формалды емес білім беруді тану тетігін қамтамасыз етуді жүзеге асыру үшін Ұлттық біліктілік шеңберінің өзектілендірілген жобасын әзірлейді.

      Оқу жетістіктерін сырттай бағалау және құзыреттердің колледж түлектерінің кәсіптік стандарттарына сәйкестігін айқындау біліктілік пен дағдыларды тану арқылы жүзеге асырылады.

      Сондай-ақ кәсіптік білім беруді дамыту мақсатында кәсіптік стандарттарды және жұмыс берушімен келісілген KAZCVET кредиттерінің санын пайдалана отырып, техникалық және кәсіптік білім мамандықтарының жіктеуіші негізінде әзірленген Ұлттық және салалық біліктілік шеңберінің белгілі бір деңгейіндегі жұмыскер орындайтын еңбек функциялары (міндетті және қосымша), кәсіптік міндеттер, дағдылар мен білімдер сипатталатын болады. Онда біліктіліктер бойынша функционалдық құзырет картасы пайдаланылады.

      Техникалық және кәсіптік білім беруде формалды және формалды емес білім беру нәтижелерін тану, беру және жинақтау ECVET қағидаттары мен әдістемесіне негізделетін болады.

      Барлық деңгейлер мен сатыларда микробіліктіліктер алу, нано-оқыту нәтижелерін ("Nanodegree"/"Нанодеңгей") есепке алу мүмкіндігі іске асырылады, бұл қысқа мерзімде қажетті кәсіптік дағдыларды меңгеруге, оқытудың өзіндік жеке траекториясын құруға және білімдегі олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді.

      Сондай-ақ азаматтарға оқытудың әртүрлі нысандары арқылы білім, дағдылар мен құзыреттер, оның ішінде жаппай ашық онлайн курстар (бұдан әрі – ЖАОК) арқылы алу мүмкіндігі берілетін болады. Coursera, edX, Udacity және Khan Academy сияқты әлемдік ЖАОК провайдерлері ұсынатын әртүрлі тақырыптары бар, олар еркін оқу кестесін ұсынады және халықтың қалың топтары үшін қолжетімді. ЖОО ЖАОК әзірлеп, онлайн білім беру қызметтерін көрсетеді. Халықтың қалың топтарының онлайн оқуға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қолданыстағы платформалар интеграцияланып, электрондық куәліктер беруге қайта бағдарланады.

      Қысқа мерзімді курстар арқылы алынған сертификаттар мен кредиттер "Stackable degree" (өрістетілетін дәрежелерге) ауыстырылады.

      Жұмыс берушілердің талаптары мен түлектердің біліктілігі арасындағы алшақтықты қысқарту мақсатында нақты сектор компанияларымен (ұйымдарымен, кәсіпорындарымен) әріптестікте жоғары оқу орындары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары, сондай-ақ оқу орталықтары ұсынатын қысқа мерзімді курстар спектрі кеңейтілетін болады. Бұдан басқа, колледждер базасында жұмыс істеп жүрген жұмыскерлердің біліктілігін арттыру үшін құзырет орталықтары одан әрі дамытылатын болады.

      "Күміс университеттер" моделін дамыту үшін білім беру ұйымдары оларды енгізу, атап айтқанда оқу-әдістемелік құралдарды, курстар бағдарламаларын және курстарды ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мен қолдау тетіктерін әзірлеу жөніндегі шаралар қабылдайтын болады.

      5.2. Дағдыларды дамыту.

      Корпоративтік университеттер мен кәсіпорындардың оқу-курстары комбинаттары сияқты өнеркәсіптік компаниялардың біліктілігін арттырудың корпоративтік құрылымдары дамитын болады.

      Өңірлерде жұмыс траекториясын кеңейтуге ықпал ететін оқу бағдарламаларын іске асыру жөніндегі шаралар қабылданады. Бұл ересектерді еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға мүмкіндік береді.

      Озық халықаралық тәжірибені, өңірлік және салалық ерекшеліктер мен еңбек ресурстарына қажеттілікті ескере отырып, өмір бойы білім беру жүйесін тиімді қаржыландыру тетіктері (мемлекеттік, мемлекеттік емес) әзірленеді.

      Кәсіптік стандарттар негізінде белгілі бір кәсіптер тобы бойынша кәсіптік дағдылардың бірыңғай тізбесін қалыптастыруға мүмкіндік беретін, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын, онлайн курстарды әзірлеу мен жаңарту үшін шарт болатын дағдылар анықтамалығы әзірленеді.

      Бұдан басқа, оқытуды қажет ететін жұмыссыз азаматтар мен біліктілігі төмен жалдамалы жұмыскерлер үшін еңбек нарығында сұранысқа ие біліктілік пен дағдылар бойынша қысқа мерзімді курстарды ұйымдастыру бойынша жұмыс жалғасатын болады.

      5.3. Біліктілік пен дағдыларды сертификаттау және тану жүйесін дамыту.

      Қазіргі таңда Қазақстанда біліктілік пен дағдыларды тану тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық база жоқ. Осыған байланысты ұлттық біліктілік жүйесінің заңнамалық негізін салу жоспарлануда.

      Осылайша, тәжірибе, білім, көрсетілетін білімдер мен дағдылар негізінде біліктілік пен дағдыларды тану тәртібін регламенттейтін орнықты және транспарентті ұлттық модель қалыптасады.

      Біліктілік пен дағдыларды танудың қолданылатын тәсілі реттелетін және реттелмейтін кәсіптер үшін әртүрлі болады. Салалық мемлекеттік органдар атынан мемлекет реттелетін кәсіптер бойынша сапа мен біліктілікке сәйкестіктің негізгі кепілі болады, ал реттелмейтін кәсіптер бойынша негізін саланың жұмыс берушілері тарапынан сенім құрайтын нарықтық тетік қолданылатын болады.

      Сертификаттау орталықтарының жұмыс тәртібі, оның ішінде еңбек нарығының өзекті талаптарына сәйкестігі, біліктілік пен дағдыларды тану кезінде бүкпесіздік пен объективтілікті қамтамасыз ету регламенттелетін болады.

      Кәсіптік стандарттарды, ұлттық және салалық біліктілік шеңберлерін біліктілік шеңберін қолдану ұлттық біліктілік жүйесінің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін біліктілік пен дағдыларды растау тетіктерімен интеграцияланатын болады. Нәтижесінде мамандардың біліктілік деңгейінің еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің заманауи талаптарына сәйкестігін анықтауға және қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе құрылады.

      5.4. Ақпараттық жұмыс және үздіксіз білім беру статистикасы мен мониторингін енгізу арқылы халықты формалды емес білім берумен қамтуды кеңейту.

      Формалды емес білім берудің нәтижелерін мойындау ересек халықты қамтуды арттырудың маңызды аспектілерінің бірі болып табылады.

      Сонымен қатар, формалды емес білім беруді ересектер арасында кеңінен насихиттау бойынша көп жұмыс істеу керек.

      Барынша қамту мақсатында ақпараттық сүйемелдеу жүйесі ұсынылатын болады. Медиажоспар әзірленіп, оның аясында телевизия мен радиода, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі парақшаларда жариялау үшін материалдар дайындалады. Сондай-ақ көшпелі ақпараттық сессияларды ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл бағытта жастар өкілдері фокус-топ болып табылады, өйткені олар еңбек нарығындағы турбуленттілік әсеріне барынша бейім. Осыған байланысты өңірлерде жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдарды тарта отырып, білім беру ұйымдарының базасында өмір бойы білім берудің артықшылықтарын түсіндіру жөніндегі фокус-топтар құрылатын болады.

      Жұмыс істеп тұрған комьюнити-орталықтардың негізінде кең көлемдегі насихат жұмыстарын жүргізетін бастамашыл топтар құрылады.

      Сонымен қатар, білім беру ұйымдары мен формалды емес білім беру провайдерлері жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен азаматтарға өз бетінше еңбек қызметін жүргізуге мүмкіндік беретін дағдылар мен құзыреттерді алу, сондай-ақ тиісті білім деңгейіне қол жеткізу үшін микробіліктілік пен нано-оқытудың артықшылықтары туралы әртүрлі мастер-кластарды, вебинарлар мен семинарларды өтеусіз негізде өткізетін болады.

      Сондай-ақ формалды емес білім беруді, әсіресе әлеуметтік жағынан осал азаматтар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған шараларды қабылдау аса маңызды.

      Үздіксіз білім берудің статистикасы мен мониторингін енгізу бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізуге тура келеді. Бұл өмір бойы білім берумен айналысатын, атап айтқанда, формалды емес білім беру қызметтерін ұсынатын ұйымдар санын, сондай-ақ халықты қамту үлесін, оның ішінде облыстар, қалалар және ауылдар, гендерлік шығу тегі, әлеуметтік мәртебесі бөлінісінде айқындауға мүмкіндік береді.

      Формалды емес білім беру деңгейі мен сапасы бойынша халық арасында сауалнама жүргізу арқылы үздіксіз білім беру мониторингі жүргізілетін болады. Бұл формалды емес білім беру қызметтерінің ауқымы мен бағыттарын, сондай-ақ формалды емес білім алуға және дағдыларды дамытуға ынталандыратын факторларды айқындауға мүмкіндік береді.

      5.5. Азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыру.

      IT саласына арналған кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектілендіру бойынша жұмыс жалғасады, олардың негізінде инновациялық білім беру бағдарламалары әзірленеді.

      ІТ мектептерін дамыту маңызды мәселе болып табылады, сондықтан ақпараттық технологияларды тереңдетіп оқытатын мектептерді дамыту бойынша жұмыс жалғасатын болады.

      Карантиндік кезеңде онлайн көрсетілетін қызметтер ең танымал болып келеді. Әлеуметтік оқшаулану жағдайында бола отырып, қазақстандықтар кәсіптік әлеуетті де, сол сияқты өзін-өзі дамытуды да арттыру үшін әртүрлі жаттықтырушылар мен сарапшылардың қызметтерін белсенді пайдалана бастады. Осыған байланысты жаңа еңбек жағдайларына бейімделу үшін онлайн оқыту бойынша ұлттық сарапшылар мен жаттықтырушылар пулы құрылатын болады.

      Жоғары оқу орындары геймификация және дербестендіру арқылы бейімделген оқу процесін қамтамасыз ететін интеграцияланған білім беру платформаларын жасайды.

      Ересек тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында базалық цифрлық сауаттылық және цифрлық технологияларды (негізгі цифрлық және медиа дағдылар, ақпараттық қауіпсіздік дағдылары, Egov пайдалану бойынша және т.б.) танымал ету курстары ұйымдастырылады.

      Азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыру ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында кадрлар даярлау, қайта даярлау және микробіліктілік алу жүйесі арқылы жалғасады.

      Цифрлық құзыреттер барлық кәсіптік стандарттардың міндетті элементі болады.

      IT-компаниялармен бірлесіп дуалды оқыту жүйесін енгізу, цифрлық білім беретін ұйымдар желісін дамыту тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ ЖОО мен IT-компаниялардың консорциумдарын құру бойынша жұмыс жүргізілетін болады.

      Әрбір өңірде "Astana Hub" халықаралық технопаркі" корпоративтік қорымен бірлесіп технопарктер, инкубаторлар немесе акселераторлар базасында IT-мамандарды даярлау жүзеге асырылатын болады. Бұл бағытта тегін акселерация, инкубация, онлайн тәлімгерлік бағдарламалары және треккер мектептер (жобаларды идея кезеңінен бастап дайын бизнеске дейін алып жүретін тәлімгерлерді дайындауға бағытталған оқыту курстары) іске асырылатын болады.

      Халықтың барлық санаттары үшін білімнің барлық деңгейлерінде ұлттық стандарттармен және сертификаттаумен, жұмсақ дағдыларды ("soft skills") дамытумен байланысты мемлекеттік және орыс тілдеріндегі оқыту ресурстары мен бағдарламаларының барынша көп санына стационарлық және мобильді құрылғылардан қолжетімділік қамтамасыз етіледі.

      Сондай-ақ "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КеАҚ-ның ауыл және қала халқына қызметтер көрсету бөлімдерінде халықты электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға оқыту жұмыстары жалғасады.

      Жаңа жоғары технологиялық ортада жұмыскерлердің цифрлық дағдыларына деген қажеттілікті толықтыру шаралары қабылданатын болады.

      Өздігінен үздіксіз білім алуға және біліктілігін арттыруға, оның ішінде электрондық еңбек биржасының бірыңғай білім беру порталы арқылы жағдай жасалған.

6-бөлім. Нысаналы индикаторлар және күтілетін нәтижелер

      2025 жылға қарай нысаналы индикаторлар:

      1) PIAAC зерттеуінің нәтижелері бойынша ересек тұрғындардың дағдыларын бағалау: оқу және математикалық дағдылардың 2-деңгейіне жеткен халықтың үлесі 70 %-ды құрайды;

      2) еңбекке қабілетті халықты формалды емес біліммен қамту 17 %-дан 40 %-ға дейін артады;

      3) 6-74 жас аралығындағы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі 86,5 %-ды құрайды;

      2025 жылға қарай күтілетін негізгі нәтижелер:

      1) алдыңғы білім беру деңгейінің дағдылары мен құзыреттерін, сондай-ақ формалды емес білім беру нәтижелерін ескеретін жинақтаушы жүйені енгізу арқылы ересек тұрғындарды өмір бойы оқыту жүйесінің жұмыс істеуі;

      2) халықтың формалды емес білім берудің көрсетілетін қызметтері спектрімен және сапасымен қанағаттану деңгейі 50 %-ды құрайды.

  Өмір бойы оқу (үздіксіз білім
беру) тұжырымдамасына
қосымша

Өмір бойы оқу (үздіксіз білім беру) тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары

Р/с

Реформалардың/негізгі іс-шаралардың атауы

Аяқтау нысаны

Орындау мерзімдері

Жауапты орындаушылар

1 2 3 4 5

1-нысаналы индикатор. PIAAC зерттеуінің нәтижелері бойынша ересек тұрғындардың дағдыларын бағалау: оқу және математикалық дағдылардың 2-деңгейіне жеткен тұрғындардың үлесі 2025 жылы 70 %-ды құрайды.

Формалды емес білім беру нәтижелерін тану тетіктерін қоса алғанда, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту

1.

Нақты сектор компанияларымен әріптестікте қысқа мерзімді курстардың ауқымын кеңейту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 жылғы
желтоқсан

БҒМ

2.

Формалды және формалды емес білім беруді тану тетігін қамтамасыз ету үшін ұлттық біліктілік шеңберін өзектілендіру

Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын
реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның хаттамасы

2023 жылғы
маусым

БҒМ, Еңбекмині
 
 

3.

Озық халықаралық тәжірибені, өңірлік және салалық ерекшеліктер мен еңбек ресурстарына қажеттілікті ескере

Қазақстан Республикасының Үкіметіне ақпарат

2022 жылғы
декабрь

БҒМ,
ҰЭМ, Қаржымині, Еңбекмині, ДСМ, ИИДМ, АШМ,


отырып, үздіксіз білім беру жүйесі қаржыландырудың тиімді тетіктерін әзірлеу



ЦДИАӨМ, ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)

4.

"Күміс университеттер" моделін дамыту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 жылғы
желтоқсан

БҒМ

Дағдыларды дамыту

5.

Индустриялық компаниялардың біліктілігін арттырудың корпоративтік құрылымдарын (корпоративтік университеттер мен кәсіпорындардың оқу-курстық комбинаттары) дамыту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 жылғы
қыркүйек
 
2023 жылғы
желтоқсан

БҒМ,
Еңбекмині, ДСМ, ИИДМ, АШМ, ЦДИАӨМ, ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)

6.

Электрондық куәліктерді бере отырып, ЖОО-лардың ЖАОК іске асыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2025 жылғы
желтоқсан

БҒМ

7.

Оқуға және жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдар санатының құзыретін арттыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын іске асыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 жылғы желтоқсан
2025 жылғы
қыркүйек

БҒМ, Еңбекмині ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар,
"Атамекен" (келісу бойынша)

Сертификаттау және біліктілік пен дағдыларды тану жүйесін дамыту

8.

"Кәсіптік біліктіліктер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір
заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктіліктердің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдары жобаларының тұжырымдамаларын әзірлеу

"Кәсіптік біліктіліктер туралы"
және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктіліктердің кейбір мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдары жобаларының тұжырымдамалары

2022 жылғы
қаңтар

Еңбекмині, мүдделі мемлекеттік


органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)

9.

"Кәсіптік біліктіліктер туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіптік біліктіліктердің кейбір мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының жобаларын әзірлеу

Қазақстан Республикасы Заңының жобасы

2022 жылғы
тамыз

Еңбекмині, мүдделі мемлекеттік органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)

2-нысаналы индикатор. Еңбекке қабілетті халықты формалды емес білім берумен қамту 17 %-дан 40 %-ға дейін артады: 2021 ж. – 17 %, 2022 ж. – 25 %, 2023 ж. – 30 %, 2024 ж. – 35 %, 2025 ж. – 40 %.

Ақпараттық жұмыс және өмір бойы білім беру статистикасы мен мониторингін енгізу арқылы халықты формалды емес білім берумен қамтуды кеңейту

10.

Халықты формалды емес білім берудің артықшылықтары туралы, оның ішінде танымал әлеуметтік желілер арқылы
ақпараттық жариялау жөніндегі медиажоспарды әзірлеу және іске асыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 жылғы
желтоқсан

БҒМ, Еңбекмині, ЖАО, мүдделі мемлекеттік
органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)

11.

ҮЕҰ мен NEET жастар өкілдерін тарта отырып, комьюнити-орталықтардың насихаттау жұмысы үшін бастамашыл топтардың қызметін ұйымдастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2024 жылғы
қыркүйек

ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)

12.

Фокус-топтар құра және ҮЕҰ тарта отырып, үздіксіз білім берудің артықшылықтарын түсіндіру жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 жылғы
желтоқсан

ЖАО, мүдделі мемлекеттік органдар, "Атамекен" (келісу бойынша)

13.

Формалды емес білім беру шеңберінде ересек адамдарды қысқа мерзімді оқыту статистикасын енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2023 жылғы
желтоқсан

БҒМ, Еңбекмині, мүдделі мемлекеттік органдар, ЖАО, "Атамекен" (келісу бойынша)

3-нысаналы индикатор. 6-74 жас аралығындағы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі: 2021 ж. – 84,5 %, 2022 ж. – 85 %, 2023 ж. – 85,5 %, 2024 ж. – 86 %, 2025 ж. – 86,5 %.

Азаматтардың цифрлық құзыреттерін арттыру

14.

IT саласына арналған кәсіби стандарттар негізінде инновациялық білім беру бағдарламаларын өзектілендіру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 жылғы
қыркүйек

БҒМ

15.

IT-ны тереңдетіп оқытатын мектептерді дамыту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат
 
 

2022 – 2025 жылдар,
жыл сайын
желтоқсан

ЦДИАӨМ

16.

Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы шеңберінде IT компаниялармен бірлесіп дуалды оқыту жүйесін енгізу

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 – 2025 жылдар,
жыл сайын
желтоқсан

ЦДИАӨМ

17.

Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бойынша жұмысты ұйымдастыру (халықтың цифрлық сауаттылығы бойынша ютуб-арнаны құру, телевизияға пікір көшбасшыларын шақыру және олардың цифрлық сауаттылыққа оқытуды танымал етуі)

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 – 2025 жылдар,
жыл сайын
желтоқсан

ЦДИАӨМ

18.

Жоғары оқу орындары нақты сектордың, әсіресе IT-сектордағы компаниялармен әріптестікте ұсынатын курстар спектрін кеңейту

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2023 жылғы
желтоқсан

ЦДИАӨМ

19.

Халықты электрондық мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді алуға оқыту бойынша жұмысты ұйымдастыру

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 – 2025 жылдар,
жыл сайын
желтоқсан

ЦДИАӨМ

20.

Халықтың барлық санаттары үшін мемлекеттік және орыс тілдеріндегі оқыту ресурстары мен бағдарламаларының барынша көп санына стационарлық және мобильді құрылғылардан қолжетімділікті қамтамасыз ету

Қазақстан Республикасының Үкіметіне
ақпарат

2022 – 2025 жылдар,
жыл сайын
желтоқсан

ЦДИАӨМ

      Ескертпе: аббревиатуралардың толық жазылуы:

"Атамекен"

"Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы

АШМ

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі

БҒМ

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі

ДСМ

Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі

Еңбекмині

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ЖАО

жергілікті атқарушы органдар

ЖАОК

жаппай ашық онлайн курстар

ИИДМ

Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі

Қаржымині

Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі

ҰЭМ

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі

ҮЕҰ

үкіметтік емес ұйымдар

ЦДИАӨМ

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі