Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 сәуірдегі № 245 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
  2021 жылғы 15 сәуірдегі
№ 245 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ережеде:

      16-тармақтың 10) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) қоғамдық кеңестің құрамын бекітеді;".

      2. "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі туралы ережеде:

      16-тармақта:

      200) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "200) қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының құрамындағы өкілдіктің дербес құрамын айқындау;";

      203) тармақша алып тасталсын.

      3. "Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1175 қаулысында:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережені бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-1-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия қызметінің тәртібі туралы ереже осы өзгерiстер мен толықтыруларға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.07.2023 № 620 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. "Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кейбір мәселелері және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 29 желтоқсандағы № 936 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі туралы ережеде:

      16-тармақтың 23) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "23) Қоғамдық кеңестің құрамын бекіту;".

      6. "Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 наурыздағы № 142 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы, діни қызмет, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, қайырымдылық, волонтерлік қызмет, медиация, ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, конфессияаралық және этносаралық келісім, ақпаратқа қол жеткізу салаларында басшылықты, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.";

      15-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) ақпарат, балаларды олардың денсаулығына және дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау, ақпаратқа қол жеткізу саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;";

      16-тармақта:

      1) тармақшада:

      мынадай мазмұндағы сегізінші, тоғызыншы және оныншы абзацтармен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия туралы ережені және оның құрамын бекіту;

      мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ережені бекіту;

      денсаулық сақтау және жарнама саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша, саламатты өмір салтын дәріптеу жөніндегі әлеуметтік жарнаманы қалыптастыру және отандық телеарналарда орналастыру қағидаларын бекіту;";

      жиырма үшінші және жиырма төртінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін бекіту;

      республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын бекіту;";

      мынадай мазмұндағы жиырма бесінші абзацпен толықтырылсын:

      "өңірлік деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындаудың үлгілік әдістемесін бекіту;";

      мынадай мазмұндағы отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз жетінші, отыз сегізінші, отыз тоғызыншы, қырқыншы, қырық бірінші, қырық екінші, қырық үшінші, қырық төртінші, қырық бесінші, қырық алтыншы қырық жетінші және қырық сегізінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссияның жұмысын ұйымдастыру және оның құрамын бекіту;

      ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруды және іске асыруды қамтамасыз ету;

      ақпаратқа қол жеткізу саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін мониторингтеу мен ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыру;

      ақпарат иеленушілерге ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша практикалық және әдістемелік көмек көрсету;

      ақпарат иеленушілермен және пайдаланушылармен ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасау;

      ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидаларын бекіту;

      ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен, мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша ашық бюджеттердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру және бюджеттік бағдарламалардың жобаларын (бюджеттік бағдарламаларды іске асыру туралы есептерді) жария талқылау қағидаларын бекіту;

      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетімен және ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидаларын бекіту;

      ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша ашық диалогтың интернет-порталында жұмыс істеу қағидаларын бекіту;

      мемлекеттік органдардың ашық деректердің интернет-порталында орналастырылатын ашық деректерінің бірыңғай тізбесін әзірлеу;

      ақпаратқа қол жеткізу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

      жыл сайын, 1 сәуірден кешіктірмей, Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасындағы ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жылдық есептің жобасын жіберу;

      Қазақстан Республикасында ақпаратқа қол жеткізу саласының жай-күйі туралы жылдық есепті өзінің интернет-ресурсында орналастыру;

      көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындардың мөлшерін және оларды ақпарат иеленушіге төлеу тәртібін, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарын көшірме жасауға немесе басып шығаруға жұмсалатын нақты шығындарды төлеуден босату тәртібін әзірлеу;";

      жетпіс алтыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының қоғамдық кеңестер туралы заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;";

      мынадай мазмұндағы жетпіс жетінші және жетпіс сегізінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту;

      қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту;";

      жетпіс тоғызыншы абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      қоғамдық кеңесті қалыптастыру жөніндегі жұмыс тобының құрамындағы өкілдіктің дербес құрамын айқындау;

      сексен үшінші абзац алып тасталсын;

      2) тармақшада:

      он бірінші және он екінші абзацтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "республикалық деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау әдістемесін әзірлеу;

      республикалық және өңірлік деңгейлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орналастыру қағидаларын әзірлеу;";

      мынадай мазмұндағы он үшінші абзацпен толықтырылсын:

      "өңірлік деңгейде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу үшін сатып алынатын көрсетілетін қызметтердің құнын айқындаудың үлгілік әдістемесін әзірлеу;";

      жиырма үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық деңгейде мемлекеттік ақпарат саясатын жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және оның жүзеге асырылуын бақылау;";

      мынадай мазмұндағы жиырма төртінші және жиырма бесінші абзацтармен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия туралы ережені және оның құрамын әзірлеу;

      мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі өңірлік комиссиялар туралы үлгілік ережені әзірлеу;";

      мынадай мазмұндағы жетпіс тоғызыншы, сексенінші, сексен бірінші, сексен екінші, сексен үшінші және сексен төртінші абзацтармен толықтырылсын:

      "қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру;

      республикалық және жергілікті деңгейлерде қоғамдық кеңестердің қызметін үйлестіруді және әдістемелік қолдап отыруды жүзеге асыру;

      Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені әзірлеу;

      қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын әзірлеу;

      жыл сайын Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестердің қызметі туралы ұлттық баяндаманы дайындауды және кейіннен Қазақстан Республикасының Президентіне ұсыну үшін ағымдағы жылғы 25 желтоқсаннан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізуді жүзеге асыру;

      қоғамдық кеңестердің құрамын қалыптастыру жөнінде, сондай-ақ жергілікті деңгейдегі сандық құрам жөнінде ұсынымдар тұжырымдау;".

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің кейбір шешімдеріне
енгізілетін өзгерістер мен
толықтыруларға қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2015 жылғы 31 желтоқсандағы
№ 1175 қаулысымен
бекітілген

Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия туралы ережені

      Осы Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" 2015 жылғы 16 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-1-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) ақпаратқа қол жеткізу саласындағы қоғамдық мүдделерді ескеру және қорғау, сондай-ақ ақпаратты пайдаланушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында құрылады.

      2. Комиссия ақпаратқа қол жеткізу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрi – уәкілетті орган) жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      3. Комиссияның қызметі оның құзыретіне кіретін мәселелерді талқылау және шешу кезінде айқындылық пен ашықтық негізінде жүзеге асырылады.

      4. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң және Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң актілерін, өзге де нормативтiк құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның негізгі міндеттері

      5. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша;

      2) ақпаратқа қол жеткізу саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша;

      3) ақпаратты ашық түрде орналастыру арқылы артық құжат айналымын азайту мәселесі бойынша;

      4) ақпарат иеленушілердің ақпараттық ашықтықты қамтамасыз етуі бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3-тарау. Комиссияның қызметін ұйымдастыру

      6. Комиссияның құрамы уәкілетті органның бірінші басшысының не оны алмастыратын адамның бұйрығымен бекiтiледi.

      Комиссия құрамына мыналар кіреді:

      1) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары;

      2) мемлекеттік органдардың өкілдері;

      3) ғылыми, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ ақпаратқа қол жеткізу саласында ғылыми және сараптамалық білімі бар өзге тұлғалар.

      Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды және кемінде тоғыз адамды құрайды.

      7. Уәкілетті органның бірінші басшысы Комиссия төрағасы болып табылады.

      8. Комиссияның мүшелері:

      1) Комиссия отырысының күн тәртiбiне және Комиссия жұмысының жоспарына ұсыныстар енгiзеді;

      2) отырыста сөз сөйлейді және енгiзiлген ұсыныстар бойынша дауыс берудiң өткiзiлуiне бастама жасайды;

      3) Комиссия жұмысының материалдарымен танысады және олардың көшiрмелерiн алады, Комиссия қызметінің тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      4) Комиссияның кезектен тыс отырысын өткізу туралы өтініш жасайды;

      5) күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өзінің айрықша пікірін білдіреді, оны жазбаша түрде баяндайды және Комиссия отырысының хаттамасына қосады;

      6) Қазақстан Республикасында ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету бойынша талдамалық, шолу және есеп беру материалдарын дайындауға қатысады.

      9. Комиссия мүшесі мынадай негіздер бойынша:

      1) денсаулық жағдайына байланысты;

      2) қайтыс болған жағдайда немесе сот қайтыс болды деп жариялағанда;

      3) сот хабарсыз кетті деп танығанда;

      4) сот Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танығанда;

      5) Комиссия отырыстарына дәлелсіз себептермен бір жыл ішінде үш реттен артық қатыспағанда;

      6) мемлекеттік органнан (ұйымнан) босатылған жағдайында;

      7) коммерциялық емес ұйым таратылған жағдайда;

      8) Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарының өкілеттігі тоқтатылған жағдайда;

      9) мемлекеттік органдардың, ғылыми, үкіметтік емес және басқа да ұйымдардың өкілдері ауыстырылған жағдайда;

      10) өз қалауы бойынша оның құрамынан шығарылады.

      10. Комиссия органдары:

      1) жұмыс органы;

      2) төраға;

      3) төраға орынбасары;

      4) хатшы.

      11. Комиссияның жұмыс органының функциялары уәкілетті органға жүктеледі.

      Комиссияның жұмыс органы:

      1) Комиссия жұмысын ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша қажетті құжаттармен және материалдармен бірге, отырыс хаттамасының жобасын қоса бере отырып, ұсыныстар дайындайды.

      Электрондық құжат форматындағы материалдар мен хаттама жобасын Комиссия хатшысы Комиссияның мүшелеріне Комиссияның отырысы өткізілгенге дейін үш күн бұрын жібереді.

      Егер Комиссияның құрамында электрондық құжат айналымы жүйесі жоқ мүшелері болса, материалдар мен хаттама жобасы электрондық почта арқылы жіберіледі;

      2) Комиссия мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Комиссия отырысының күн тәртібін әзірлейді.

      3) қол жетімділігі шектеулі ақпаратқа қатысы жоқ ақпаратқа қол жеткізумен байланысты қоғамдық қатынастарда Қазақстан Республикасының заңнамасын іске асыру тәжірибесін қорыту және талдау мақсатында ақпаратты пайдаланушылардың сауалдарын қарайды;

      4) Комиссияның қызметіне қатысты мәселелер бойынша ақпарат иеленушілерден және пайдаланушылардан қажетті ақпаратты сұратады және алады;

      5) Қазақстан Республикасының Үкіметіне Комиссияның қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

      6) жыл сайын, ағымдағы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей, Комиссия мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Комиссияның алдағы жылға арналған жұмыс жоспарын қалыптастырады;

      7) жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі 1 ақпанға дейін жыл қорытындысы бойынша Комиссияның қызметі туралы есепті қалыптастырады;

      8) ақпаратқа қол жеткізу саласы мәселелері бойынша ақпаратты иеленушілер мен пайдаланушылар үшін әдістемелік ұсынымдар, түсініктемелер, пікірлер және басқа да ақпараттық материалдар әзірлейді;

      9) ақпаратқа қол жеткізу саласында анықталған проблемалық мәселелерді талдау және зерделеу үшін мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың мамандарын, сарапшыларын және өкілдерін тартады;

      10) қажет болған жағдайда, өз жұмысына басқа мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тартады;

      11) мемлекеттік органдардың, өзге ұйымдардың өкілдерін және Комиссияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды (келісу бойынша) Комиссия отырысына шақырады.

      12. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссия жұмысына басшылық етуді жүзеге асырады;

      2) Комиссияның кезекті отырысының күн тәртібін бекітеді;

      3) Комиссияның жұмыс жоспарын бекітеді;

      4) қажет болған жағдайда Комиссия отырыстар шақырады;

      5) Комиссия отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      6) Комиссия шешімдерінің іске асырылуын жалпы бақылауды жүзеге асырады және Комиссия жүзеге асыратын қызмет үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес дербес жауапты болады.

      Комиссия төрағасы болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.

      13. Комиссияның хатшысы Комиссияның мүшесі болып табылмайды.

      14. Комиссия отырыстары тоқсанына бір реттен сиретпей, тоқсанның соңғы айының соңғы онкүндігінде өткізіледі.

      Ашық отырыстар жұмыс органының ресми интернет-ресурсында және (немесе) әлеуметтік желілердегі аккаунттарында онлайн-форматта таратылады.

      15. Отырыстың күн тәртібін, сондай-ақ өткізілетін күнін, уақыты мен орнын Комиссияның төрағасы айқындайды.

      Егер Комиссияна отырысы Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі. Комиссия мүшелері отырысқа алмастыру құқығынсыз қатысады.

      16. Комиссияның шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      17. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын электрондық құжат форматында жіберу арқылы жүргізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Егер қаралатын мәселелер бойынша дауыс беру парағында көзделмеген шешімдер болған жағдайда, Комиссияның хатшысы хаттаманың жобасын жасап, оны Комиссияның мүшелеріне электрондық құжат форматында дауыс беру үшін жібереді.

      Комиссияның мүшелері хаттама жобасын алғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде электрондық құжат форматында келісу парағын жіберу арқылы дауыс беруі қажет. Егер Комиссияның мүшесі белгіленген мерзімде дауыс бермеген жағдайда, хаттама жобасы ескертусіз дауыс берілді деп саналады.

      Егер Комиссияның құрамында электрондық құжат айналымы жүйесі жоқ мүшелері болса, келісу парағы электрондық почта арқылы жіберіледі.

      18. Комиссияның отырысын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парағының негізінде Комиссия хатшысы үш жұмыс күні ішінде электрондық құжат форматында Комиссия отырысының хаттамасын жасайды.

      19. Комиссия отырысының хаттамасына Комиссияның төрағасы немесе оның орынбасары электрондық құжат форматында қол қояды.

      20. Дауыс беру парақтары қоса берілген Комиссияның материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алу мен сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

      21. Комиссия отырыстарының материалдары мен хаттамалық шешімдері Комиссияның отырысы өткізілген күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей Комиссияның жұмыс органының интернет-ресурсына орналастырылады.

      22. Комиссияның жұмыс жоспары және жыл қорытындысы бойынша комиссияның қызметі туралы есеп жұмыс органының интернет-ресурсында олар бекітілген күннен бастап жеті жұмыс күнінен кешіктірмей орналастырылады.

  Ақпаратқа қол жеткізу
мәселелері жөніндегі
комиссия туралы
ережеге қосымша

Комиссия мүшелерінің ДАУЫС БЕРУ ПАРАҒЫ ___________________________________ Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы

      № мәжіліс күні:

Мәселе № Мәселенің мазмұны Шешім жобасы Комиссия мүшесінің шешімі
қолдаймын қолдамаймын пысықталсын күн тәртібінен алып тасталсын ескертпе (егер шешімді қолдаса, толтырылмайды)

1.








      ____________________ қолы