Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 9 ақпандағы № 47 қаулысы.

Жаңартылған

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 18.07.2022 № 499 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 18.07.2022 № 499 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 18.07.2022 № 499 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 9 ақпандағы
№ 47 қаулысымен
бекітілген

Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары

      Ескерту. Қағидалардың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 18.07.2022 № 499 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 6-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК), қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 18.07.2022 № 499 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аукцион – автоматты түрде сатып алу веб-порталы арқылы ең төменгі бағамен сатып алу жеңімпазын айқындау мақсатында бір лот бойынша бәсекелес болып табылатын әлеуетті өнім берушілердің бағаларын салыстыру;

      2) әлеуетті өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, осы Қағидаларға сәйкес шарт жасасуға үміткер заңды тұлға;

      3) әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасы – әлеуеттi өнiм берушi шешiмдерiн тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) ол қабылдайтын шешiмдерге, оның iшiнде жазбаша нысанда жасалған мәмiлеге байланысты ықпал етуге құқығы бар кез келген жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ өзiне қатысты осы әлеуеттi өнiм берушiнiң осындай құқығы болатын кез келген жеке немесе заңды тұлға;

      4) бөлу орталығы – қызмет көрсету өңірлерінде тауарды қабылдау, сақтау, бөлу және тасымалдау үшін пайдаланылатын және сонымен қатар орналасқан әкімшілік-аумақтық бірлігі аумағында операциялық қойма функциясын орындайтын Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе немесе Шымкент қалаларының немесе олардың агломерацияларының аумағындағы дәріханалық қойма;

      5) бірыңғай дистрибьютор – Кодекстің 247-бабына сәйкес қызметін ТМККК және (немесе) МӘМС шеңберінде жүзеге асыратын заңды тұлға;

      6) бірыңғай дистрибьютордың үлестес тұлғасы – шешiмдерді тікелей және (немесе) жанама айқындайтын және (немесе) бірыңғай дистрибьютор қабылдайтын шешiмдерге, оның ішінде шартқа байланысты ықпал ететін (ұсынылған өкілеттіліктер шеңберінде оның қызметін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда) тұлға, сондай-ақ оған қатысты бірыңғай дистрибьютордың осындай құқығы бар кез келген тұлға;

      7) веб-портал – осы Қағидаларға сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау, есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне бірыңғай қол жеткізу нүктесін беретін ақпараттық жүйе;

      8) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, көрсетілетін қызметтерді денсаулық сақтау субъектілерінен сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – бірыңғай оператор) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға;

      9) дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызмет – өнім беруші халықты дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен қамтамасыз етумен байланысты көрсететін, оларды есепке алуды, халыққа өткізуді қамтамасыз ететін көрсетілетін қызмет;

      10) дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызмет – өнім берушінің операциялық қоймалар және (немесе) бөлу орталықтары арқылы тауарды сақтаумен және тасымалдаумен байланысты бірыңғай дистрибьюторға көрсететін қызметі;

      11) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтау, медицина және фармацевтика ғылымы, медициналық және фармацевтикалық білім беру, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы, медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасы саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      12) конкурстық өтінім – әлеуетті өнім берушінің осы Қағидаларға сәйкес көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысуға ұсынысы;

      13) қызмет көрсету өңірі – мынадай топтарға біріктірілген, әкімшілік-аумақтық бірліктер:

      Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстары, бөлу орталығы Нұр-Сұлтан қаласында;

      Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары, бөлу орталығы Алматы қаласында;

      Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары, бөлу орталығы Шымкент қаласында;

      Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары, бөлу орталығы Ақтөбе қаласында;

      14) операциялық қойма – өзі орналасқан облыстың аумағында тауарды қабылдау, сақтау және тасымалдау үшін пайдаланылатын, облыс орталығының немесе оның агломерациясының аумағындағы дәріханалық қойма;

      15) өнім беруші – кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, осы Қағидаларға сәйкес шарт жасасқан заңды тұлға;

      16) паллета-орын – бір паллетаны сақтау қызметі үшін есептеу бірлігі, мұндағы паллета – жүктерді жинау, жинақтау, қайта тиеу және тасымалдау үшін негіз ретінде пайдаланылатын, қатты алаңы және ірілендірілген жүк бірлігін құру үшін жеткілікті орны бар тасымалдайтын ыдыс;

      17) сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтің бағасы – осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетілетін қызметті сатып алу нәтижесі бойынша белгіленген, бірыңғай дистрибьютордың үстеме бағасы есебінен төленетін көрсетілетін қызметтің құны;

      18) сатып алу – бірыңғай дистрибьютордың осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен және тәсілдермен ТМККК, қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторлары мен мекемелерінде ұсталатын адамдарға бюджет қаражаты есебінен медициналық көмектің қосымша көлемі шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау, сондай-ақ есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;

      19) тауар – дәрілік заттар, медициналық бұйымдар;

      20) тауарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтің алдын ала құны – осы Қағидалардың 94-тармағының формуласы бойынша қалыптастырылған сақтау және тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтердің кемінде үш прайс-парағын (баға немесе коммерциялық ұсыныстар) ескере отырып, бірыңғай дистрибьютор қалыптастыратын тиісті қаржы жылына көрсетілетін қызметті сатып алу үшін бөлінген сома (сақтау және тасымалдау қызметтерінің нарықтық ұсыныстарын айқындау кезінде тиісті қаржы жылына бірыңғай дистрибьюторға ұсынылған ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың қажеттілігінің алдын ала жиынтық есептерін және тапсырыс берушілердің бастапқы өтінімдерін жинау кезінде алынған көлемдері қолданылады);

      21) шарт – осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес бірыңғай дистрибьютор мен өнім беруші арасында веб-портал арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау бойынша қызметтерді көрсетудің азаматтық-құқықтық шарты не оларды есепке алу және өткізу бойынша қызметтер көрсету шарты;

      22) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      23) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      24) бәсекелес лот – екі және одан да көп әлеуетті өнім беруші қатысатын лот;

      25) бәсекелес емес лот – бір ғана әлеуетті өнім беруші қатысатын лот.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгерістер енгізілді – ҚР Үкіметінің 18.07.2022 № 499 (01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Көрсетілетін қызметтерді сатып алу мынадай:

      1) сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау;

      2) әлеуетті өнім берушілерге сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру;

      3) әлеуетті өнім берушілер арасындағы әділетті бәсекелестік;

      4) сатып алу процесінің жариялылығы мен ашықтығы;

      5) Қазақстан Республикасының халқын қауіпсіз, тиімді және сапалы дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен үздіксіз қамтамасыз ету қағидаттары сақтала отырып жүргізіледі.

      4. Бірыңғай дистрибьютор көрсетілетін қызметтерді сатып алуды мынадай:

      1) конкурс (осы Қағидаларда көзделген жағдайларда қайталама конкурс);

      2) бір көзден сатып алу тәсілдерінің бірімен жүзеге асырады.

      5. Тауарларды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде бірыңғай дистрибьютор бір лот үшін:

      1) операциялық қойма арқылы тауарларды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезіндегі әкімшілік-аумақтық бірлікті (облысты);

      2) бөлу орталығы арқылы тауарларды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді сатып алу кезінде қызмет көрсету өңірін айқындайды.

      6. Бөлу орталығы қызмет көрсету өңірінде тауарларды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетеді, сондай-ақ әкімшілік-аумақтық бірлікте (облыс, республикалық маңызы бар қала, астана) орналасқан жері бойынша операциялық қойманың функциясын атқарады.

      Егер тауарларды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді операциялық қойма арқылы сатып алу өткізілмеді деп танылса, бөлу орталығы қызмет көрсетілетін өңірдің осындай әкімшілік-аумақтық бірлігінде (облыста) немесе қызмет көрсетілетін тұтас өңірде тауарларды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетеді.

      7. Тауарларды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде бірыңғай дистрибьютор бір лот үшін әкімшілік-аумақтық бірлікті (облыс, республикалық маңызы бар қала және астана) айқындайды.

      8. Бірлесіп орындаушыларды (қосалқы мердігерлерді) сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде ғана тартуға жол берілмейді.

      Тауарларды есепке алу және өткізу бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысу үшін қосалқы мердігерлерді (бірлесіп орындаушыларды) тартуды көздейтін әлеуетті өнім беруші бірыңғай дистрибьюторға тартылатын қосалқы мердігерлердің (бірлесіп орындаушылардың) осы Қағидаларда белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттарды ұсынады.

2-тарау. Әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары

      9. Көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілеріне мынадай біліктілік талаптары қойылады:

      1) құқық қабілеттілігі (заңды тұлғалар үшін), азаматтық әрекет қабілеттілігі (кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін);

      2) сатып алынатын қызметтерді көрсету үшін тиісті фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға құқық қабілеттілігі;

      3) жалпы артық төлемді ескере отырып, салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің болмауы;

      4) банкроттық, таратылу рәсімдеріне жатпауы немесе қызметінің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес тоқтатылмауы;

      5) Осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген шектеулердің болмауы.

      10. Бірыңғай дистрибьютордың әлеуетті өнім берушіге осы Қағидаларда көзделмеген біліктілік талаптарын қоюына жол берілмейді.

      11. Бірыңғай дистрибьютор қызметкерлерінің, сондай-ақ үлестес тұлғаларының осы Қағидалармен реттеліп көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім берушілер ретінде қатысуына жол берілмейді.

      Әлеуетті өнім берушінің және оның үлестес тұлғасының бір лот бойынша конкурсқа қатысушы ретінде әрекет етуіне жол берілмейді.

      Егер:

      1) әлеуетті өнім берушінің бірінші басшыларының және (немесе) әлеуетті өнім берушінің уәкілетті өкілінің жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаттары өнім берушіні таңдау туралы шешім қабылдау құқығына ие болса не өткізілетін сатып алуда бірыңғай дистрибьютордың қызметкері болып табылса;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе Қазақстан Республикасының бейрезиденті-әлеуетті өнім беруші мемлекетінің заңнамасына сәйкес әлеуетті өнім берушінің және (немесе) ол тартатын қосалқы мердігердің (бірлесіп орындаушының) қызметі тоқтатыла тұрса, әлеуетті өнім беруші сатып алуға қатыспайды.

3-тарау. Конкурсты өткізу тәртібі

      12. Конкурс өткізу туралы хабарландыру бірыңғай дистрибьютор шешім қабылдаған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде конкурстық өтінімдерді ашу күніне дейін кемінде 10 (он) жұмыс күні бұрын, ал қайталама конкурс өткізілген кезде кемінде 5 (бес) жұмыс күні бұрын мемлекеттік және орыс тілдерінде веб-порталда жарияланады.

      13. Веб-порталдағы конкурс мынадай жүйелі кезеңдердің жиынтығы болып табылады:

      1) конкурстық комиссия хатшысының көрсетілетін қызметті конкурс тәсілімен сатып алу туралы хабарландыруды орналастыруы;

      2) әлеуетті өнім берушілердің осы Қағидаларға сәйкес өтінімдерді және конкурстық өтінімнің кепілдігін қамтамасыз етуді ұсынуы;

      3) веб-порталдың конкурстық өтінімдерді автоматты түрде ашуы, ашу хаттамасын жариялауы;

      4) конкурстық комиссияның конкурстық өтінімдерді қарауы және олардың хабарландырудың шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан дауыс беруі;

      5) конкурстық комиссия хатшысының алдын ала рұқсат хаттамасын жариялауы;

      6) әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерге қосымшаларды ұсынуы;

      7) конкурстық комиссияның конкурсқа өтінімдерге толықтыруларды қарауы және олардың хабарландырудың шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тұрғысынан дауыс беруі;

      8) конкурстық комиссия хатшысының рұқсат хаттамасын жариялауы;

      9) бәсекелес лоттар бойынша аукцион;

      10) веб-порталдың қорытындылар хаттамасын автоматты түрде жариялауы;

      11) бірыңғай дистрибьютор мен конкурс жеңімпаздарының электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен веб-порталда шарт жасасуы.

      14. Конкурс өткізу туралы хабарландыруда мыналар қамтылады:

      1) бірыңғай дистрибьютордың атауы мен мекенжайы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың банктік деректемелері;

      3) конкурстың атауы;

      4) лот бойынша мынадай талаптар: қызмет көрсету орны және мерзімі, әрбір лот бойынша қызмет көрсетумен байланысты тауардың атауы және көлемдері көрсетілген қызметтердің атауы;

      5) сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде арнайы температуралық режимі бар және арнайы температуралық режимі жоқ паллета орындардың жоспарлы саны, тауарды тасымалдау үшін километрмен өлшенетін болжамды арақашықтық, лот бойынша тиеп-түсіру жұмыстары үшін норма-сағаттардың болжамды саны, денсаулық сақтау субъектілерінің тізбесі және мекенжайлары;

      6) өтінімдерді қабылдаудың аяқталатын күні мен уақыты;

      7) шарт жобасы;

      8) әрбір лот бойынша көрсетілетін қызметті сатып алу үшін бөлінген тауарды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтің алдын ала құны.

      15. Конкурс үшін бірыңғай дистрибьютор комиссия құрамын бекітеді және комиссия мүшесі болып табылмайтын комиссия хатшысын айқындайды. Конкурстық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ санды құрайды, бірақ бес адамнан кем болмайды.

      16. Комиссия құрамына бірыңғай дистрибьютордың қызметкерлері, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның қызметкері немесе қызметкерлері (келісу бойынша) және "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері (келісу бойынша) енгізіледі.

      17. Комиссия оның құрамын бекіту туралы шешім күшіне енген күннен бастап рұқсат хаттамасы жарияланғанға дейін әрекет етеді.

      18. Бірыңғай дистрибьютордың қызметкері комиссия хатшысы болып айқындалады, ол мыналарды уақтылы қамтамасыз етеді:

      1) веб-порталда конкурстың өтетіндігі туралы хабарландыруды жариялау;

      2) комиссия мүшелеріне қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда кепілдік міндеттемелерін және оларды тіркеу журналын таныстыру;

      3) комиссияның дауыс беру қорытындылары бойынша танысу үшін алдын ала рұқсат, рұқсат хаттамасының жобасын қалыптастыру, ал комиссия мүшелерінің біреуінің талап етуі бойынша – веб-порталда дауыс беруді қайта бастау;

      4) веб-порталда алдын ала рұқсат, рұқсат хаттамасын жариялау;

      5) комиссия мүшесінің болмауын растайтын ұсынылған құжаттың (бар болса) электрондық көшірмесін веб-порталда орналастыру;

      6) жалпы конкурстың немесе қандай да бір лоттың өткізілмейтіндігі туралы немесе жарамсыз деп танылуы туралы шешім қабылданған жағдайда, оның көшірмесін орналастыра отырып, веб-порталда жалпы конкурсты немесе қандай да бір лотты өткізбеу;

      7) шарт жасасу үшін конкурстың нәтижелері туралы хабардар ету.

4-тарау. Өтінімнің мазмұны, оны ұсыну және кері қайтару

      19. Әлеуетті өнім беруші веб-порталда тіркеледі және өтінімге қажетті құжаттарды тіркеу арқылы немесе оларды электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен веб-порталда көзделген нысандар бойынша толтыру арқылы өтінімді тікелей веб-порталда береді.

      20. Әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімінде мыналар (электрондық көшірмелері) қамтылады:

      1) әлеуетті өнім берушінің атқарушы органының директорлар кеңесінің, байқау кеңесінің шешімдер қабылдауына әсер ететін қатысушылары немесе акционерлері, олардың ЖСН немесе БСН туралы веб-порталда көзделген нысан бойынша үзінді көшірме;

      2) салық төлеушінің конверттерді ашу күнінен ең көбі бір ай бұрын "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің жоқ (бар) екені туралы мәліметтер;

      3) фармацевтикалық қызметке рұқсат: дәрілік заттарды көтерме немесе бөлшек саудада өткізу және (немесе) медициналық бұйымдарды көтерме немесе бөлшек саудада өткізу бойынша қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарлама, ал есірткі мен прекурсорларды сақтауға, тасымалдауға және (немесе) өткізуге байланысты қызметтерді көрсеткен жағдайда бөлу орталығының қызметі көрсетілуге тиіс әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметке рұқсат;

      4) бірлесіп орындаушыны тартқан жағдайда сатып алу туралы хабарландыруға сәйкес қызмет көрсетудің толық кезеңінде қызметтің бір бөлігін көрсету туралы онымен жасасқан шарт және бірлесіп орындаушының хабарландырудың шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін растайтын құжаттар;

      5) веб-порталда көзделген нысан бойынша баға ұсынысы;

      6) өтінімнің кепілдігін қамтамасыз ету.

      21. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған конкурстық өтінімде лот бойынша қосымша мыналар (электрондық көшірмелері) қамтылады:

      1) өтінімді ашу күніне дейін күнтізбелік бір ай бұрын "электрондық үкімет" веб-порталынан алынған дәріханалық қоймаға тіркелген құқықтар туралы анықтама;

      2) дәріханалық қоймаға техникалық құжат;

      3) дәріханалық қоймада автоматты өрт сигнализациясының бар екенін растайтын құжат;

      4) дәріханалық қоймада күзет сигнализациясының автоматты жүйесінің бар екенін растайтын құжат;

      5) реттелетін температуралық режимді сақтау мүмкіндігі бар, жүк көтеру қабілетінің әртүрлі санаты бар автокөлік құралдарының болуын растайтын құжат. Автокөлік құралдарының жүк көтеру қабілетінің санаттары: 1,5 тоннаға дейін қоса алғанда – 1-санат, 5 тоннаға дейін қоса алғанда – 2-санат, 10 тоннаға дейін қоса алғанда – 3-санат, 10 тоннадан астам – 4-санат.

      22. Веб-портал әлеуетті өнім берушіге автоматты түрде:

      1) хабарландырудағы лот бағасынан жоғары бағаны ұсынуға;

      2) өтінімді ашқаннан кейін оны кері қайтаруға;

      3) хабарландыруда көзделген мерзім өткеннен кейін өтінімді беруге мүмкіндік бермейді.

      23. Конкурстық өтінім веб-портал әлеуетті өнім берушіге хабарлама жіберген сәтте берілген болып есептеледі, ол әлеуетті өнім берушінің қалауы бойынша оны ашу сәтіне дейін өзгертіледі немесе кері қайтарып алынады.

      24. Комиссия әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтініміне ескертулер берген кезде әлеуетті өнім беруші өзінің конкурстық өтінімін жетіспейтін құжаттармен алдын ала рұқсат хаттамасы жарияланған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде, қайталама конкурс өткізген кезде 2 (екі) жұмыс күні ішінде толықтырады не толықтырмайды және оның өтінімі кері қайтарылады.

      25. Өтінімге толықтыруларды ашу конкурстық өтінімдерге толықтыруларды ұсыну мерзімі өткеннен кейінгі келесі күні бірыңғай дистрибьютордың жұмыс күні 10 сағат 00 минутта жүргізіледі.

5-тарау. Өтінімнің кепілдігін қамтамасыз ету

      26. Өтінімнің кепілдігін қамтамасыз ету әрбір лотқа жеке енгізіледі және есепке алу мен өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде хабарландырудағы лот сомасынан кемінде (1) бір пайызды, сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде (3) үш пайызды құрайды.

      27. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға арналған өтінімнің кепілдігін қамтамасыз етуді мынадай нысандардың бірінде ұсынады:

      1) төлемнің мақсатында тиісті лоттың нөмірі көрсетіліп, өтінімге төлем тапсырмасының көшірмесі қоса берілген, бірыңғай дистрибьютордың банктік шотына ақшалай жарна;

      2) банктің уәкілетті тұлғаларының электрондық цифрлық қолтаңбаларының көмегімен банк тікелей веб-порталда беретін, веб-порталда көзделген нысан бойынша электрондық банк кепілдігі;

      3) конкурстық комиссияның хатшысына өтінімдерді ашқаннан кейін және рұқсат хаттамасын қалыптастырғанға дейін банк кепілдіктері журналында тіркеу үшін ұсынылатын, веб-порталда көзделген нысан бойынша қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі. Бұл ретте банк кепілдігінің электрондық көшірмесін әлеуетті өнім беруші веб-порталдағы конкурстық өтініміне қоса береді.

      28. Өтінімнің кепілдігін қамтамасыз ету төтенше жағдай қолданыста болған кезеңде енгізілмейді.

      29. Конкурстық өтінімнің, сондай-ақ оның кепілдігін қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі кемінде 45 (қырық бес) күнді құрайды. Әлеуетті өнім беруші өтінімінің кепілдігін қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі рұқсат хаттамасына немесе қорытындыларға сәйкес оны қабылдамаған не сатып алу жеңімпазы жасалған шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шараларын уақтылы ұсынған сәтте өтеді.

      30. Кепілдікті қамтамасыз ету мынадай жағдайларда қайтарылады:

      1) әлеуетті өнім берушінің өтінімі қабылданбаса;

      2) жеңімпаз конкурс нәтижелері бойынша жасалған шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шарасын уақтылы ұсынса;

      3) конкурстың немесе жеке лотты сатып алудың күші жойылса;

      4) конкурс немесе жеке лотты сатып алу жарамсыз деп танылса;

      5) енгізілсе, бірақ тұлға конкурсқа қатыспаса;

      6) төтенше жағдай жарияланса.

      31. Әлеуетті өнім берушінің өтінімі қабылданбаған жағдайда:

      1) веб-портал автоматты түрде әлеуетті өнім беруші мен бірыңғай дистрибьюторға веб-порталда көзделген нысан бойынша ақшаны қайтару туралы хабарлама жібереді, ал бірыңғай дистрибьютор (5) бес жұмыс күні ішінде әлеуетті өнім берушінің банктік шотына ақша аудару арқылы ақшалай жарнаны қайтарады;

      2) веб-портал электрондық банк кепілдігін берген банкке және әлеуетті өнім берушіге веб-порталда көзделген нысан бойынша оның қолданылуының тоқтатылғаны туралы автоматты түрде хабарлама жібереді.

      3) бірыңғай дистрибьютор әлеуетті өнім берушінің өкіліне банк кепілдігін қайтаруды қағаз жеткізгіште қолма-қол, сенімхаттың және жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде қайтарады.

      32. Әлеуетті өнім беруші өтінімінің қабылданбауы себебінен кепілдікті қамтамасыз етуді қайтару мерзімі тиісті лот бойынша өтінімді қабылдамау туралы шешім көзделген қорытынды хаттамасы жарияланған күннен кейінгі күннен бастап есептеледі.

      33. Егер:

      1) жеңімпаз шарт жасасудан бас тартса немесе жалтарса;

      2) жеңімпаз шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шарасын ұсынбаса;

      3) әлеуетті өнім берушінің біліктілік талаптарына немесе көрсетілетін қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы жалған ақпарат ұсынылса, сөйтіп осы Қағидаларда көзделген мерзімдер бұзылса, кепілдікті қамтамасыз ету ұсталады.

      34. Бірыңғай дистрибьютор:

      1) ақшалай жарна түріндегі өтінімнің кепілдігін қамтамасыз етуді ұстап қалған жағдайда – жеңімпазға веб-портал арқылы веб-порталда көзделген нысан бойынша ақшаның ұсталғаны туралы хабарлама жібереді;

      2) электрондық банк кепілдігі түріндегі өтінімнің кепілдігін қамтамасыз етуді ұстап қалған жағдайда – банкке және конкурс жеңімпазына (мәлімет ретінде) веб-портал арқылы веб-порталда көзделген нысан бойынша оны төлеу туралы талапты жібереді;

      3) қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі түріндегі өтінімнің кепілдігін қамтамасыз етуді ұстап қалған жағдайда – банкке және конкурс жеңімпазына (мәлімет ретінде) тапсырысты пошта хабарламасы арқылы оны төлеу туралы талапты жібереді.

      Банк кепілдігін төлеу туралы талап банкке оны ұстап қалудың негізі туындаған күннен бастап 20 (жиырма) банк күні ішінде қойылады.

6-тарау. Веб-порталда дауыс беру және өтінімдерді қарау тәртібі

      35. Комиссия мүшелері конкурс жарияланғанға дейін веб-порталда тіркеледі, мұнда өтінімдерді қарайды, әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімінің жіберілуіне немесе қабылданбауына дауыс береді.

      36. Комиссия мүшелері әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімінің біліктілік талаптарына және көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы шешімдерді қабылдаған кезде әлеуетті өнім берушінің веб-порталдағы парақшасындағы, өтінімдегі құжаттарды, сондай-ақ басқа да ашық ақпарат көздеріндегі: "электрондық үкіметтің" www.elicense.kz, "Жоғарғы соттың" www.office.sud.kz ақпараттық жүйелеріндегі және өзге де қолжетімді дереккөздердегі ақпаратты қарайды.

      37. Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған қатысып отырған Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      38. Өтінімдер болмаған жағдайда веб-портал автоматты түрде және бір мезгілде ашу және қорытындылар хаттамаларын жариялайды.

      39. Өтінімдерді қабылдау мерзімі өткеннен кейін веб-портал оларды қарау үшін қолжетімді етеді және ашу хаттамасын оның нөмірін, жариялау уақыты мен мәртебесін көрсетіп, автоматты түрде жариялайды, онда мыналар қамтылады:

      1) конкурстың нөмірі мен атауы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, БСН және заңды мекенжайы;

      3) хабарландырудағы лоттардың тізбесі;

      4) әлеуетті өнім берушілердің атауы (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), БСН (ЖСН), заңды мекенжайлары, өтінімдерді ұсыну уақыты мен күні;

      5) өтінімдер ұсынылмаған лоттар;

      6) баға ұсыныстары көрсетілген, өтінімдерді ұсынған әлеуетті өнім берушілердің лоттары мен атаулары.

      40. Веб-порталда әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдері лот бойынша бәсекелестер үшін ашық және қолжетімді болып табылады және жеті жұмыс күні ішінде, ал қайталама конкурс кезінде бес жұмыс күні ішінде комиссияның қарауына жатады.

      41. Конкурстық өтінімдерді қарау мерзімінің аяқталуына қарай комиссия хатшысының бастамасы бойынша веб-портал комиссия мүшелерінің дауыс беруі негізінде алдын ала рұқсат немесе рұқсат хаттамасының жобасын автоматты түрде қалыптастырады, онымен танысқаннан кейін комиссия оған қол қояды не комиссия хатшысы дауыс бермегендерді қоспағанда, барлық комиссия мүшелері дауыс беру хаттамасына қол қойғанға дейін қабылданған шешімдерді түзету үшін (қажет болған кезде) дауыс беруді қайта бастайды.

      42. Комиссия мүшелері алдын ала рұқсат немесе рұқсат хаттамасының жобасымен танысқан соң әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтініміне өзінің ескертулерін ол жарияланғанға дейін қайта қарайды. Мұндай жағдайда конкурстық комиссияның хатшысы дауыс беруді қайта бастайды.

      43. Дауыс бермеген комиссия мүшесі (мүмкін болса) дауыс бермеуінің дәлелді себептері туралы Комиссия хатшысына алдын ала хабарлайды және оған растайтын құжаттың көшірмесін ұсынады. Шешім қабылдау мерзімінің өтуіне қарай комиссия мүшесінің дауыс бермеуінің себебі белгісіз болған жағдайда, алдын ала рұқсат немесе рұқсат хаттамасына қол қою онсыз жүзеге асырылады. Хатшы веб-порталда мұндай себептің белгісіздігі туралы белгі қояды.

      44. Хаттамаға қол қоймаған комиссия мүшесінің дауыс берген жеке лоттар бойынша шешімдерді қоса алғанда, оның барлық шешімдерін веб-портал комиссия шешімінде ескермейді және алдын ала рұқсат немесе рұқсат хаттамасында көрсетіледі.

      45. Алдын ала рұқсат немесе рұқсат хаттамасында веб-портал автоматты түрде әрбір комиссия мүшесінің дауыс беру нәтижелерін мына ықтимал мәртебелердің бірімен көрсетеді:

      1) "дауыс берген жоқ";

      2) "қатысуға жіберілді";

      3) веб-порталдағы шешімге сәйкес себебі негізделіп "қабылданбады".

      Егер алдын ала рұқсат хаттамасында комиссия мүшесі "қабылданбады" деп дауыс берсе, онда әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 24-тармағында көзделген мерзімде осы Қағидалардың конкурстық өтініміне толықтырулар ұсынады не толықтырулар ұсынбайды және оның өтінімі қабылданбайды.

      46. Комиссия конкурстық өтінімі хабарландыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келеді деп таныған әлеуетті өнім беруші лот бойынша бәсекелестік болмаған кезде жеңімпаз деп танылады.

      47. Конкурс тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты мынадай негіздемелердің бірі бойынша:

      1) конкурстық өтінімдер ұсынылмаса;

      2) бірде бір әлеуетті өнім беруші қатысуға жіберілмесе, өткізілмеді деп танылады.

      48. Конкурстық комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда осы конкурстық комиссияның кез келген мүшесі ерекше пікір жазады, ол құжаттың электрондық көшірмесі нысанында веб-порталда орналастырылады.

      49. Комиссия хатшысы веб-порталда алдын ала рұқсат немесе рұқсат хаттамасын оның нөмірін, жариялау уақыты мен мәртебесін көрсетіп жариялайды, онда мыналар қамтылады:

      1) конкурстың нөмірі мен атауы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, БСН және заңды мекенжайы;

      3) өтінімді жалпы немесе лот бойынша рұқсат немесе қабылдамау туралы комиссияның әрбір мүшесінің шешімдері көрсетілген, лоттар бөлінісіндегі комиссияның дауыс беру нәтижелері;

      4) комиссия өтінімдері хабарландырудың шарттарына немесе осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылдамаған әлеуетті өнім берушілердің лоттары және атаулары;

      5) бәсекелес емес лоттар және комиссия өтінімдері хабарландырудың шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келеді деп таныған, берілген баға ұсыныстары толық көрсетілген жеңімпаздардың атаулары;

      6) бәсекелес лоттар және комиссия өтінімдерін аукционға қатысуға жіберген, аукционның бастапқы бағалары көрсетілген әлеуетті өнім берушілердің атаулары;

      7) біліктілік талаптарына сәйкестігі туралы жалған ақпараттың ұсынылуы немесе ақпараттың ұсынылмауы туралы белгі.

      50. Әлеуетті өнім берушілердің өтінімдеріне толықтыруларды комиссия 3 (үш) жұмыс күні ішінде қарайды. Конкурстық өтінімдерге толықтыруларды қарау қорытындысы бойынша рұқсат хаттамасы осы Қағидалардың 49-тармағының талаптарына сәйкес жарияланады.

      51. Әлеуетті өнім берушімен үлестес болған жағдайда комиссия мүшесі оның өтінімі бойынша шешім қабылдамайды.

      52. Алдын ала рұқсат немесе рұқсат хаттамаларын сатып алу веб-порталы комиссия мүшелерінің дауыс беру нәтижелерінің негізінде қалыптастырады, олар әрбір әлеуетті өнім берушінің, лоттың және өтінімге осы Қағидаларда қойылатын талаптың бөлінісінде хаттамаларда көрсетіледі. Ашу және қорытындылар хаттамалары веб-порталда автоматты түрде жарияланады, оларға комиссия мүшелері мен хатшысы қол қоймайды.

      53. Хаттамалар қорытындылар хаттамасын қоспағанда, веб-порталда бірыңғай дистрибьютердің жұмыс уақытында ғана жариялануға тиіс.

      54. Рұқсат хаттамасы жарияланғаннан кейін (2) екі жұмыс күнінен кейін комиссия аукционға қатысуға рұқсат берген әлеуетті өнім берушілердің арасында конкурстық өтінімдерде ұсынылған бағаларды төмендетуге аукцион өткізіледі.

      55. Конкурс қорытындылары бойынша веб-портал автоматты түрде нөмірін, жариялау уақыты мен мәртебесін көрсетіп, қорытындылар хаттамасын қалыптастырады және жариялайды, онда мыналар қамтылады:

      1) конкурстың нөмірі мен атауы;

      2) бірыңғай дистрибьютордың атауы, БСН және заңды мекенжайы;

      3) хабарландыруға сәйкес лоттар тізбесі;

      4) лоттар, аукционға қатысушылардың атаулары, берілген уақыты және аукцион адымдарының көлемі көрсетілген аукционның нәтижелері;

      5) бәсекелес лоттар және баға ұсыныстары көрсетілген аукцион жеңімпаздарының атауы;

      6) бәсекелес лоттар және баға ұсыныстары көрсетілген, аукционда екінші орынға ие болған әлеуетті өнім берушілердің атауы;

      7) хабарландыру шарттарына немесе осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты комиссия өтінімдерін кері қайтарған әлеуетті өнім берушілердің лоттары мен атаулары;

      8) бәсекелес емес лоттар және баға ұсыныстарының деректерін егжей-тегжейлі көрсете отырып, комиссия өтінімдері хабарландыру шарттарына және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келеді деп таныған жеңімпаздардың атаулары.

      56. Веб-порталды пайдалануға мүмкіндік бермейтін немесе хаттамаларды қателермен қалыптастыратын техникалық ақаулықтар туындаған кезде бірыңғай оператор оны тіркейді және веб-порталдың тиісті бөлімінде ол туралы хабарландыруды дереу жариялайды, ол конкурстың барлық қатысушыларына тиісті хабарламаларды автоматты түрде таратады.

      57. Бұл ретте конкурстың мерзімдері техникалық ақаулықтарды жою үшін қажетті уақытқа дейін шегеріледі.

      58. Бірыңғай оператор қателермен жарияланған хаттамаларды веб-порталдан жоймайды, оған "жарамсыз" деген мәртебе береді. Қайта қалыптастырылған қатесіз хаттаманы бірыңғай оператор веб-порталда "жарамды" деген мәртебемен жариялайды.

      59. Хаттама ауыстырылған жағдайда веб-портал автоматты түрде конкурс қатысушыларына тиісті хабарламалар жібереді.

      60. Конкурс қорытындылары бойынша жеңімпаздармен әрбір лот бойынша шарттар осы Қағидалардың 10-тарауына сәйкес келіссөздер жүргізуді талап ететін жағдайларды қоспағанда, осы Қағидалардың 104-тармағында көрсетілген шағымдану мерзімінен кейін бес жұмыс күні ішінде веб-порталда жеке жасалуға тиіс.

      Конкурс қорытындылары бойынша, егер конкурс тәсілімен сатып алу немесе оның қандай да бір лоты өткізілмеді деп танылса, бірыңғай дистрибьютор мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) конкурсты қайта өткізу туралы (бұл ретте қайталама конкурс осы Қағидаларға сәйкес конкурс өткізу тәртібіне сәйкес өткізіледі);

      2) конкурс шарттарын өзгерту және жаңа конкурс өткізу туралы;

      3) бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы.

7-тарау. Конкурстық өтінімді қабылдамау негіздемелері

      61. Комиссия әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімін (рұқсат беру кезінде осы Қағидалардың 24-тармағы ескеріледі) мынадай жағдайларда қабылдамайды:

      1) осы Қағидалардың 9-тармағы 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келмесе;

      2) әлеуетті өнім берушінің атқарушы органының, директорлар кеңесінің шешімдер қабылдауына әсер ететін қатысушылары немесе акционерлерінің құрамы туралы веб-порталда көзделген нысан бойынша үзінді көшірме ұсынылмаса және (немесе) олардың ЖСН немесе БСН көрсетілмесе;

      3) салық төлеушінің конверттер ашылатын күннен ең көбі бір ай бұрын "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы алынған салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдар және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің жоқ екені туралы мәліметтер ұсынылмаса;

      4) фармацевтикалық қызметке рұқсат: дәрілік заттарды көтерме немесе бөлшек саудада өткізу және (немесе) медициналық бұйымдарды көтерме немесе бөлшек саудада өткізу бойынша қызметті бастау немесе тоқтату туралы хабарлама және (немесе) бөлу орталықтарына арналған денсаулық сақтау саласындағы есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың айналымына байланысты қызметке рұқсат ұсынылмаса;

      5) осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген сатып алуға қатысуға байланысты шектеулер болса;

      6) біліктілік талаптарына немесе көрсетілетін қызметке қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы жалған ақпарат ұсынылса;

      7) әлеуетті өнім беруші және (немесе) бірлесіп орындаушы қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келмесе;

      8) хабарландыру шарттарына және Қағидалардың талаптарына сәйкес келмесе.

      Әлеуетті өнім берушілердің банкроттық не тарату рәсіміне қатысы болмауы тұрғысынан олардың біліктілік талаптарына сәйкестігін нақтылау мақсатында комиссия банкроттық не тарату рәсімдерінің жүргізілуін бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылған ақпаратты қарайды.

      62. Әлеуетті өнім берушінің лот бойынша конкурстық өтінімі (рұқсат беру кезінде осы Қағидалардың 24-тармағы ескеріледі) мынадай жағдайларда:

      1) веб-порталда көзделген нысанға сәйкес баға ұсынысы ұсынылмаса немесе тиісінше толтырылмаса;

      2) бірлесіп орындаушымен (ол тартылған жағдайда) жасалған шарт ұсынылмаса немесе оның қолданылу мерзімі сатып алынатын қызметті көрсету мерзімін қамтымаса немесе бірлесіп орындаушының хабарландырудың шарттарына немесе осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін растайтын өзге де құжаттар;

      3) осы Қағидалардың талаптарына сәйкес кепілдікті қамтамасыз ету;

      4) өтінімді ашу күніне дейін күнтізбелік бір ай бұрын берілген "электрондық үкімет" веб-порталынан алынған дәріханалық қоймаға тіркелген құқықтар туралы анықтама;

      5) дәріханалық қоймаға техникалық құжат;

      6) дәріханалық қоймада автоматты өрт сигнализациясының бар екенін растайтын құжат;

      7) дәріханалық қоймада автоматты күзет сигнализациясы жүйесінің бар екенін растайтын құжат;

      8) жүк көтергіш қабілеті әртүрлі санаттағы автокөлік құралдарының бар екенін растайтын құжат ұсынылмаса, қабылданбайды.

8-тарау. Аукцион

      63. Аукционға рұқсат хаттамасына сәйкес комиссия рұқсат берген әлеуетті өнім берушілер қатысады.

      64. Аукцион рұқсат хаттамасы жарияланғаннан кейін 2 (екі) жұмыс күнінен кейін жұмыс күні 10 сағат 00 минутта басталады және веб-порталда қашықтан нақты уақыт режимінде өткізіледі. Веб-портал автоматты және дереу аукцион қатысушыларына, комиссия мүшелері мен хатшысына аукционның басталуы туралы хабарламаны таратады және әрбір лот бойынша аукционның басталу уақыты туралы ақпаратты веб-порталда "Аукцион" бөлімінде көрсетеді.

      65. Аукцион әлеуетті өнім берушілердің уәкілетті тұлғаларының электрондық цифрлық қолтаңбаларының көмегімен бастапқы бағадан бастап аукционға қатысушылардың лот бойынша бағаны реттілікпен төмендетуі арқылы өткізіледі.

      66. Өтінімінің бағасы ең төмен, ал аукционға қатысуға рұқсат берілген бірнеше бәсекелестің ең төмен бағасы сәйкес келген кезде – өтінімі басқаларынан бұрын берілген әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы аукционның бастапқы бағасы болады.

      67. Аукцион адымы лот бойынша әрбір бәсекелестің аукцион адымының уақыты басталған сәттен бастап 30 (отыз) минут ішінде бастапқы немесе аукционның алдыңғы адымында айқындалған ең төмен бағаны бір рет төмендету мүмкіндігін білдіреді.

      68. Аукционның бастапқы бағасына қатысты аукцион адымына берілетін уақыт веб-порталдан аукционның басталғаны туралы хабарлама жіберілген және веб-порталда "Аукцион" деген бөлімде лот бойынша уақытты кері санау басталғаны көрсетілген сәтте басталады, ал аукционның алдыңғы адымында айқындалған ең төмен бағаға қатысты – веб-порталдағы "Аукцион" деген бөлімде лот бойынша уақытты кері санау басталғаны көрсетілген сәтте басталады.

      69. Веб-портал аукцион адымының аяқталуына қалған отыз минуттық уақыттың кері саналуын минутпен және секундпен көрсетеді.

      70. Аукциондағы лот бойынша адымдар саны шектелмейді.

      71. Аукционға қатысушылар аукционның бір адымы шеңберінде осы Қағидалардың 94-тармағына сәйкес формула бойынша айқындалған көрсетілетін қызметтердің әрбір құрайтын бағасы бойынша аукционның бастапқы бағасынан кемінде жарты (0,5) пайызға төмендетеді, ал веб-портал автоматты түрде аукционның қатысушыларына бағаны сәйкес келмейтін мөлшерге төмендетуге мүмкіндік бермейді. Бағаны төмендету үшін веб-порталда аукцион адымының көлемін пайызбен немесе теңгемен таңдау көзделеді.

      72. Аукционның бірінші немесе кезекті адымында бәсекелесі немесе бәсекелестері бағаны төмендетсе, ал аукционға қатысушы бағаны төмендетпесе, ал автоматты түрде аукционға одан әрі қатысудан шығады және веб-портал оған автоматты түрде аукционның келесі адымдарында бағаны төмендетуге мүмкіндік бермейді.

      73. Баға ұсынысы бастапқы баға ретінде қабылданған аукционға қатысушы аукционның бірінші адымында бәсекелесі немесе бәсекелестері бағаны төмендеткен кезде аукционның бірінші адымына қатысады және бастапқы бағаны төмендетеді. Керісінше жағдайда ол автоматты түрде аукционға одан әрі қатысудан шығады.

      74. Сатып алу веб-порталы автоматты түрде лот бойынша бәсекелестердің баға ұсыныстарын салыстырады және аукционның келесі адымы үшін әрбір лот бойынша ең төмен бағаны айқындайды.

      75. Аукцион адымының уақыты ол басталған сәттен бастап 30 (отыз) минут ішінде, ал лот бойынша аукционның барлық қатысушылары бағаны төмендеткен жағдайда лот бойынша аукционға қатысуға рұқсат алған соңғы бәсекелес баға ұсынысын берген сәтте аяқталады.

      76. Егер лот бойынша бағасы ең төмен аукционға қатысушының барлық бәсекелестері аукционға қатысудан шықса, аукцион аяқталған болып есептеледі.

      77. Веб-портал автоматты түрде ең төмен баға бойынша аукцион жеңімпазын айқындайды, ал аукционның бірнеше қатысушысының ең төмен бағасы сәйкес келген кезде бағаны бәсекелестерінен бұрын төмендеткен аукционға қатысушының бағасы бойынша айқындайды.

      78. Егер аукционның бірінші адымында аукционның бірде бір қатысушысы бастапқы бағаны төмендетпесе, баға ұсынысы лот бойынша аукционның бастапқы бағасы ретінде қабылданған әлеуетті өнім беруші аукцион жеңімпазы болып танылады.

      79. Аукцион жеңімпазы конкурс жеңімпазы болып табылады.

      80. Веб-портал тек аукционға іс жүзінде қатысқан жеңімпаз бәсекелестерінің арасынан ғана жеңімпаздың бағасынан кейінгі ең төмен баға бойынша екінші орын алған әлеуетті өнім берушіні автоматты түрде айқындайды. Егер лот бойынша жеңімпаз бағасынан кейінгі баға бірнеше бәсекелесте сәйкес келсе, бағаны бәсекелестерінен бұрын төмендеткен бәсекелес екінші орын алған әлеуетті өнім беруші болып айқындалады.

9-тарау. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру тәртібі

      81. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды бірыңғай дистрибьютор мынадай жағдайларда:

      1) алдыңғы қаржы жылы сол әкімшілік-аумақтық бірлікте және сол лот бойынша қызмет көрсеткен өнім берушіде конкурс өткізілмеді деп танылған кезде;

      2) екінші орын алған әлеуетті өнім берушіде, ал ол болмаған жағдайда лот бойынша кез келген өзге де бәсекелесінде, соңғысы біліктілік талаптарына және көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда өнім берушімен шарт бұзылған кезде;

      3) бірыңғай дистрибьютор шарт жасалған өнім берушіден көрсетілетін қызметтерді сатып алу қорытындыларын шығарғанға дейінгі кезеңге бірыңғай дистрибьютордың алпыс күнгі қажеттілікке дейін көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру қажеттілігі туындаған жағдайда жүзеге асырады. Өнім беруші бас тартқан жағдайда бір көзден алу тәсілімен сатып алу бірыңғай дистрибьютордың шешімі бойынша өзге әлеуетті өнім берушілердің арасында өткізіледі.

      82. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды өткізу туралы шешімді бірыңғай дистрибьютор:

      1) осы Қағидаларда көзделген негіздер бойынша конкурс өткізілмеді деп танылған күннен бастап;

      2) егер конкурс жеңімпазы және екінші орын алған (бар болса) әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде қызмет көрсету шартына қол қоюдан жалтарғанда;

      3) шарт бұзылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      83. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу мынадай іс-шараларды көздейді:

      1) бірыңғай дистрибьютордың тиісті негіздемемен бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы шешім қабылдауы;

      2) веб-порталда тіркелген әлеуетті өнім берушіге бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысуға шақыруды және шарт жобасын жіберу;

      3) веб-порталда бір көзден алу тәсілінің қорытындылары туралы хаттаманы орналастыру;

      4) егер сатып алу осы Қағидаларда көзделген негіздер бойынша өткізілмеген жағдайда, әлеуетті өнім берушінің өз мүмкіндіктеріне сәйкес қызмет көрсету шартының жобасына шарт бағасына, бірақ өзінің конкурс барысында ұсынған бағасынан аспайтын өзгерістер енгізуі;

      5) тараптардың бірінің екінші тарап ұсынған шарттармен келіспеген кезде тиісті негіздемесі бар хабарламаны жіберу арқылы шарт жасасудан бас тартуы;

      6) тараптар шарттың талаптарымен келіскен кезде оған электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен қол қоюы.

      84. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу рәсімін тараптар әлеуетті өнім берушіге бір көзден алу тәсілімен сатып алу туралы хабарлама және шарт жобасы жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде аяқтайды. Керісінше жағдайда сатып алу өткізілмеген болып есептеледі және уақыты өткеннен кейін веб-портал сатып алуға "өткізілмеді" деген мәртебе береді, ал бірыңғай дистрибьютор қайталама сатып алуды өткізеді.

      Егер бір көзден алу тәсілімен сатып алу өткізілмеді деп танылса, бірыңғай дистрибьютор мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) конкурс тәсілімен сатып алуды қайта өткізу туралы;

      2) конкурс талаптарын өзгерту және жаңа конкурс өткізу туралы.

      85. Веб-портал қол қойылған шартқа автоматты түрде нөмір береді және екінші тараптың қол қою күні мен уақыты бойынша оны жасасу уақытын көрсетеді.

10-тарау. Шарт жасасу, веб-портал арқылы келіссөздер жүргізу және шарттың орындалуын қамтамасыз ету

1-параграф. Веб-портал арқылы шарт жасасу және оны өзгерту

      86. Бірыңғай дистрибьютор шағымдану мерзімі өткеннен кейін 1 (бір) жұмыс күні ішінде веб-портал арқылы жеңімпазға сатып алу қорытындылары бойынша қалыптасқан бағаны ескеріп, шарттың жобасын қоса бере отырып, шартқа қол қоятын адам туралы мәліметтерді және өнім берушінің деректемелерін ұсыну туралы сұрау салу жібереді.

      87. Әлеуетті өнім беруші веб-порталда тиісті сұрау салуды алған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде шартқа қол қоятын адам туралы мәліметтерді және өнім берушінің деректемелерін толтырады және растайды. Әлеуетті өнім беруші шартқа қол қоятын адам туралы мәліметтерді және оның деректемелерін растамаған жағдайда бірыңғай дистрибьютор веб-порталда орналастырылған әлеуетті өнім берушінің тіркеу деректеріне сәйкес шартқа қол қояды.

      Бірыңғай дистрибьютор Қағидалардың осы тармағына сәйкес әлеуетті өнім берушінің мәліметтерді растау мерзімі өткен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған шарттың жобасын қалыптастырады және оны әлеуетті өнім берушіге қол қою үшін жібереді.

      88. Жеңімпаз шарттың жобасын келіп түскен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырады.

      89. Егер жеңімпаз болып айқындалған әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде шарт жобасына қол қоймаса, бірыңғай дистрибьютор жеңімпаз шарт жасасудан жалтарған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде веб-порталда шарттың жаңа жобасын қалыптастырады және оны екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге (қорытындылар хаттамасында бар болса) жібереді. Шарт жобасын екінші орын алған әлеуетті өнім беруші өзіне шарт жобасы ұсынылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырады.

      90. Егер екінші орын алған әлеуетті өнім беруші белгіленген мерзімде ұсынылған шартқа қол қоймаса, бірыңғай дистрибьютор конкурсты қайта өткізеді.

      91. Екінші орын алған әлеуетті өнім берушімен шарт жасасу және келіссөздер жүргізу рәсімі конкурс жеңімпазымен өткен тәртіп бойынша жүргізіледі.

      92. Шартқа өнім берушіні таңдау үшін негіз болып табылған ұсыныстың мазмұнын өзгертетін қандай да өзгерістерді және (немесе) жаңа талаптарды енгізуге жол берілмейді.

      93. Өнім берушіні таңдау үшін негіз болып табылған сапаны және басқа да талаптарды өзгертпеу шартымен жасалған шартқа:

      1) шарт бағасын төмендету бөлігінде тараптардың өзара келісуі бойынша;

      2) осы Қағидалардың 94-тармағына сәйкес формула бойынша белгіленген баға өзгертілмей көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайту бөлігінде;

      3) өнім берушіге байланысты емес себептер бойынша бұрынғыны пайдалану мүмкін болмаған жағдайда онымен бірдей дәріханалық қоймаға ауыстырылған немесе неғұрлым сапалы дәріханалық қоймаға ауыстырылған кезде өзгерістер енгізуге жол беріледі.

      94. Шарт бойынша ақы төлеу (Х) тауарларды сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызмет үшін іс жүзіндегі баға бойынша жүргізіледі, ол мынадай формула бойынша есептеледі:

      Х = W+T+L, мұндағы

      W = Wj*(S1+S2), мұндағы

      W – сақтау жөнінде көрсетілетін қызмет;

      Wj – өңірге байланысты конкурс қорытындысы бойынша қалыптасқан 1 паллета орнының құны (j), S1 – арнайы температуралық режимі бар (суық +2 - +8 СО, аяз -15 -20 СО, салқын +8 - +15 СО) паллета орындарының саны; S2 – арнайы температуралық режимі жоқ паллета орындарының саны (+15 - +25 СО);

      T – тасымалдау жөнінде көрсетілетін қызмет;

      Т = Cij,

      Cij – осы Қағидалардың 21-тармағында көзделген автокөлік жүк көтеру қабілетіне (i) және өңірге (j) байланысты тасымалдаудың 1 км үшін конкурс нәтижелері бойынша қалыптасқан, жүк автокөлігімен тасымалдау құны;

      L - тиеу-түсіру жұмыстары

      L = Lj * Lki,

      Lj –өңірге (j) байланысты тиеу-түсіру жұмыстарының конкурс нәтижесі бойынша қалыптасқан 1 норма сағатының құны;

      Lki - санатына сәйкес автокөліктің (i) тоннажына қарай автомобильге тиеу және одан түсіру үшін жұмсалатын норма-сағаттарының саны: 1-санат – 1,5 тоннаға дейін қоса алғанда – 0,5 сағат, 2-санат – 5 тоннаға дейін қоса алғанда– 1 сағат, 3-санат – 10 тоннаға дейін қоса алғанда – 1,5 сағат.

      Бұл ретте норма-сағат – бұл жұмыстарды орындау уақытының бірлігі, тиеу-түсіру жұмыстары үшін есептесу бірлігі, олар мыналарды қамтиды: көлік құралынан қабылдау, түсіру және тауарды қайта есептеу, тауарды сақтауға орналастыру, қажет болған кезде – тауардың қаптамасын стикерлеу және қаптамаға медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықты салу, тауарды тиеуге немесе орнын ауыстыруға арналған жиынтықтау (жинақтау), палеттеу (палеттаға орналастыру және қаптау материалымен орау), көлікке тиеу, жеткізу орнында түсіру, тауарға ілеспе құжаттарды ресімдеу (қол қою).

      Денсаулыққа келетін елеулі зиянның алдын алу және (немесе) өмірге төнген қауіпті жою үшін шұғыл медициналық көмек көрсетілген жағдайда денсаулық сақтау ұйымының жазбаша өтініші және бірыңғай дистрибьютордың өтінімі бойынша іс жүзіндегі бағаға әуе тасымалдаушысының бағасы бойынша тауарларды әуемен жеткізу қызметтері үшін жұмсалған шығыстар қосылады.

2-параграф. Веб-портал арқылы көрсетілетін қызметтің бағасын төмендету бойынша келіссөздер

      95. Бірыңғай дистрибьютор конкурстың қорытынды бағасы бәсекелес емес лот бойынша қалыптасқан жағдайда жеңімпазбен веб-портал арқылы көрсетілетін қызмет бағасын төмендету бойынша келіссөздер жүргізеді.

      96. Бағаны төмендету туралы ұсыныс жеңімпазға қорытындылар хаттамасы жарияланған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті негіздемемен веб-порталда көзделген нысан бойынша веб-портал арқылы жіберіледі.

      97. Жеңімпаз шарттың бағасын төмендету жөніндегі ұсыныстан бас тартады не келіседі, ол туралы 2 (екі) жұмыс күні ішінде тиісті негіздемемен веб-порталда көзделген нысан бойынша ақпаратты веб-портал арқылы бірыңғай дистрибьюторға жібереді. Келіссөздер жеңімпаздан келісу не бағаны төмендету жөніндегі ұсыныстан бас тарту туралы хабарлама алынғаннан кейін аяқталды деп есептеледі.

      Жеңімпаз көрсетілетін қызмет бағасын төмендетуден бас тартқан кезде бірыңғай дистрибьютор келіссөздер аяқталған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жеңімпаздың баға ұсынысы бойынша веб-портал арқылы шартты жібереді. Жеңімпаз шарттың жобасын келіп түскен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырады.

      Шарттың бағасын төмендетуге келіскен жағдайда конкурс жеңімпазы веб-портал арқылы бірыңғай дистрибьюторға веб-порталда көзделген нысан бойынша түпкілікті бағасы бар баға ұсынысын жібереді. Веб-портал автоматты түрде бағасы өзгертілген шарттың жаңа жобасын қалыптастырады және оны тараптарға қол қою үшін жібереді. Тараптар келіп түскен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы шартқа қол қояды.

3-параграф. Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету

      98. Өнім берушінің шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету шараларының мөлшері ақшалай мәнде жеке лот бойынша жасалатын шарт бағасының үш пайызын құрайды және тараптар веб-порталда өнімді беру шартына қол қойған күннен бастап он жұмыс күні ішінде бірыңғай дистрибьютордың пайдасына ұсынылуға тиіс.

      99. Өнім беруші шартты жасасқан кезде шарт бойынша өзінің міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету шарасы ретінде шарт бойынша өзінің міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етудің мынадай тәсілдерінің бірін таңдайды:

      1) бірыңғай дистрибьютордың банктік шотына енгізілетін ақшалай кепілдік жарна;

      2) веб-порталда көзделген нысан бойынша қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі;

      3) веб-порталда көзделген нысан бойынша банк ұсынатын электрондық банк кепілдігі;

      4) болашақта өнім берушіге түсетін, бірыңғай дистрибьютордың пайдасына берілетін ақша кепілдігі, веб-порталда көзделген нысан бойынша осындай кепіл туралы міндеттемеге веб-портал арқылы қол қойылады.

      100. Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету төтенше жағдайдың қолданысы кезеңінде оның қолданысының мерзімі аяқталғанға дейін енгізілмейді.

      101. Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету мынадай жағдайларда:

      1) өнім беруші қызмет көрсетуден бас тартса;

      2) шарт өнім берушінің бастамасы бойынша бұзылса;

      3) өнім берушінің шарт бойынша міндеттемелерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты бірыңғай дистрибьютор шартты біржақты тәртіпте бұзса, ұсталып қалады.

      102. Бірыңғай дистрибьютор шарт бойынша міндеттемелерді:

      1) ақшалай жарна түрінде кепілдікті қамтамасыз ету ұсталып қалған жағдайда – өнім берушіге веб-портал арқылы веб-порталда көзделген нысан бойынша ұстап қалу туралы хабарлама жібереді;

      2) электрондық банк кепілдігі түрінде кепілдікті қамтамасыз ету ұсталып қалған жағдайда – банкке және өнім берушіге (мәлімет ретінде) веб-портал арқылы веб-порталда көзделген нысан бойынша оны төлеу туралы талапты жібереді;

      3) қағаз жеткізгіштегі банк кепілдігі түрінде кепілдікті қамтамасыз ету ұсталып қалған жағдайда – банкке және өнім берушіге (мәлімет ретінде) тапсырысты пошта хабарламасы арқылы оны төлеу туралы талапты жібереді;

      4) болашақта өнім берушіге түсетін ақша кепілі түрінде кепілдікті қамтамасыз ету ұсталып қалған жағдайда – веб-портал арқылы шарт бойынша төлем және кепіл сомасы немесе кепіл сомасын төлеу есебі туралы талапты жібереді.

      Банк кепілдігін төлеу туралы талап банкке шарт бұзылған немесе қолданылу мерзімі аяқталған күннен бастап жиырма банктік күн ішінде қойылады.

11-тарау. Шағымдану

1-параграф. Шағымдану тәртібі

      103. Егер бірыңғай дистрибьютордың, комиссияның, бірыңғай оператордың әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері әлеуетті өнім берушінің құқықтары мен заңды мүддесін бұзса, әлеуетті өнім беруші олардың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағымданады.

      104. Конкурс қорытындыларының хаттамасы орналастырылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай дистрибьютордың, комиссияның, бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына шағымданған жағдайда, шартты жасасу мерзімі шағымды қарау мерзімі аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.

      Сатып алуға қатыспаған тұлғалардың бірыңғай дистрибьютордың, комиссияның, бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағымдануы шартты жасасу мерзімін тоқтатпайды.

      105. Осы Қағидалардың 104-тармағында белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін бірыңғай дистрибьютордың, комиссияның, бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданған жағдайда, шағым Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес электрондық мемлекеттік аудит шеңберінде қаралады.

      106. Қажет болған кезде әлеуетті өнім берушінің шағымы Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жалпыға бірдей қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы беріледі.

      107. Қорытындылар хаттамасы жарияланғанға дейін және (немесе) осы Қағидалардың 104-тармағында белгіленген мерзімде бірыңғай дистрибьютордың, комиссияның, бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарына шағымданған жағдайда, шағым Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес камералдық бақылау шеңберінде осы Қағидалардың 104-тармағында белгіленген мерзім өткен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде мәлімделген талаптар (дәлелдер) шегінде қаралады.

      Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органы шағым түскен күннен бастап 1 (бір) жұмыс күнінен кешіктірмей бірыңғай дистрибьюторға шарт жасасуды тоқтата тұру туралы хабарлама жібереді.

      108. Осы Қағидалардың 104-тармағында белгіленген мерзімде келіп түскен шағымды қарау нәтижелері бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органы осы Қағидалар бұзылып қабылданған шешімдерді жарамсыз деп тану не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      109. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының шешімімен келіспеген жағдайда әлеуетті өнім беруші өз қалауы бойынша жоғары тұрған органға шағымданады, жоғары тұрған органның шешімімен келіспеген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағымданады.

2-параграф. Шағым беру тәртібі

      110. Бірыңғай дистрибьютордың, комиссияның, бірыңғай оператордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органына берілетін шағымда мыналар қамтылады:

      1) әрекеттеріне (әрекетсіздігіне), шешімдеріне шағым жасалған заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері;

      2) шағым берген тұлғаның атауы, орналасқан жері;

      3) осы Қағидалар бұзылған конкурс туралы мәліметтер;

      4) азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының немесе заңды тұлғаның заңды мүдделерінің бұзылуының немесе бұзылу қаупінің мәні, бірыңғай дистрибьютордың, комиссияның, бірыңғай оператордың шағым жасалатын әрекеттері (әрекетсіздігі), шешімдері.

      Шағымға шағым берген тұлғаның дәлелдерін растайтын құжаттар қоса беріледі.

      111. Шағымға оны берген тұлға немесе оның өкілі қол қояды.

      Өкіл берген шағымға сенімхат немесе өкілдің өкілеттіктерін куәландыратын өзге құжат қоса беріледі.

      112. Егер:

      1) шағым осы Қағидалардың 110-тармағының бірінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмесе;

      2) шағымға қол қойылмаса не қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойса, шағым келіп түскен күнінен бастап екі жұмыс күні ішінде оны берген тұлғаға қаралмай қайтарылады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 9 ақпандағы
№ 47 қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі


      1. "Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 8 шілдедегі № 515 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 37-38, 265-құжат).

      2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 68, 464-құжат).

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті көрсету бойынша дәрілік заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларын бекіту туралы" 2009 жылғы 30 қазандағы № 1729 және "Бірыңғай дистрибьютордың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек шеңберінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі қызметтерді сатып алу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 8 шілдедегі № 515 қаулыларына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 8 қарашадағы № 719 қаулысының 1-тармағының 2) тармақшасы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 55-56-57, 358-құжат).

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 маусымдағы № 380 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістердің 5-тармағы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2019 ж., № 20, 173-құжат).