Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 9 қарашадағы № 745 қаулысы.

Жаңартылған

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Қоса беріліп отырған өзгерістер мен толықтырулардың 3-тармағының 2020 жылғы 1 маусымнан бастап туындаған қатынастарға таралатын және 2021 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылатын оныншы және он бірінші абзацтарын қоспағанда, осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкiметiнің
2020 жылғы 9 қарашадағы
№ 745 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтырулар

      1. "Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түріндегі әлеуметтік көмекті жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 мамырдағы № 571 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 39, 495-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі төлемдерді капиталдандыру кезеңі аяқталғаннан кейін банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының азаматтарына ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмекті жүзеге асыру қағидаларында:

      1-тармақта:

      4) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек тағайындау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық бөлімшелері;";

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) Мемлекеттік корпорацияның филиалдары – Мемлекеттік корпорацияның облыстық, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы филиалдары;";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Өтініш қабылданған кезде жеке басты куәландыратын құжат туралы, тұрғылықты тұратын жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтерді Мемлекеттік корпорацияның мамандары "электрондық үкімет" шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден (бұдан әрі – ақпараттық жүйелер) алады.

      Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін – Байқоңыр қаласы тұрғын үй шаруашылығының азаматтарды есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасы;

      2) ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек беру жөніндегі уәкілетті ұйымда ашылған банк шотының нөмірі туралы немесе қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің қолма-қол ақшаны бақылау шоты туралы мәліметтер;

      3) капиталдандыру кезеңі, зиянды өтеу бойынша капиталдандырылған төлемдердің сомасы туралы мәліметтерді қамтитын, капиталдандырылған сомаларды алуға құқықты растайтын сот актісі (актілері):

      капиталдандырылған төлемдер сомаларын мемлекеттен алған кезде – зиянды өтеу есебіне капиталдандырылған төлемдерді төлеу жөніндегі жауапкершілікті мемлекетке жүктеу туралы заңды күшіне енген шешім (қаулы, ұйғарым);

      таратылған заңды тұлғаның мүлкі есебінен капиталдандырылған төлемдер сомаларын алған кезде – материалдарында бірінші кезектегі әрбір кредитор бойынша толық жазба қамтылған конкурстық басқарушының қорытынды есебінің бекітіліп, конкурстық іс жүргізудің аяқталғаны туралы ұйғарым (шешім).

      Капиталдандырылған сомаларды алуға құқықты соттың не капиталдандыру кезеңі, зиянды өтеу жөніндегі капиталдандырылған төлемдер сомасы туралы мәліметтерді қамтитын мемлекеттік архивтің архив құжатымен растауға болады.

      Зардап шеккен адамның мәртебесіне байланысты:

      денсаулығына нұқсан келтірілген зиянды өтеу кезінде – әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі туралы анықтама;

      жұмыскердің қайтыс болуы салдарынан зардап шеккен, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 940-бабының 3-тармағына сәйкес мүгедектік мерзіміне зиян өтелетін мүгедекке зиянды өтеу кезінде – өтініш берушіге мүгедектік белгілеу туралы мәліметтер мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорынан сұратылады.

      Мүгедектердің орталықтандырылған дерекқорында мәліметтер болмаған жағдайда өтінішке мүгедектік туралы немесе кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін белгілеу туралы анықтаманың көшірмесі қоса беріледі.

      Сот актісінде не капиталдандырылған сомаларды алуға құқықты растайтын архив құжатында кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін немесе мүгедектік белгілеу туралы мәліметтер болған жағдайда жеке анықтама ұсыну талап етілмейді.

      Іс-әрекетке қабілетсіз, іс-әрекетке қабілеті шектеулі немесе қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа мұқтаж адамдарға ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтінішті және қажетті құжаттарды олардың заңды өкілдері береді.

      Ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмек тағайындау үшін өтінішті үшінші тұлғалар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 167-бабына сәйкес берілген сенімхат бойынша береді.".

      2. "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларын және зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы № 1042 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 58, 791-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ) – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері (бұдан әрі – зейнетақы төлемдері) – зейнетақы төлемдерін алушыларға төленетін зейнетақы жинақтарының төлемдері;

      4) зейнетақы жинақтары – шарттарға, Заңға, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және ерiктi зейнетақы жарналарын, инвестициялық табысты, өсiмпұлды және өзге де түсiмдердi қамтитын, салымшының (зейнетақы төлемдерiн алушының) жеке зейнетақы шотында есепке алынатын ақшасы;

      5) зейнетақы төлемдерін алушы (бұдан әрі – алушы) – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тағайындалған жеке тұлға;

      6) проактивті көрсетілетін қызмет – қызмет көрсету субъектісінің бастамасы бойынша берілетін, оны көрсету үшін көрсетілетін қызметті алу субъектісінің абоненттік ұялы байланыс құрылғысы арқылы берілген келісімі міндетті түрде қажет болатын, электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызмет.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Алушы БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу мақсатында:

      1) Заңның 31-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында, 32-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында көзделген жағдайлар басталған кезде жеке басты куәландыратын құжатты, сондай-ақ банк шоты туралы мәліметтерді ұсына отырып, мемлекеттік корпорацияға өтінішпен жүгінеді;

      2) Заңның 31-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында, 32-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайлар басталған кезде БЖЗҚ-ға өзі жүгініп:

      БЖЗҚ ішкі құжатымен бекітілген нысан бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш (бұдан әрі – өтініш);

      алушының жеке басын куәландыратын құжатты;

      алушының банк шоты туралы мәліметтерді ұсынады.

      БЖЗҚ интернет-ресурсы арқылы жүгінген кезде алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған өтініш береді.

      БЖЗҚ интернет-ресурсы арқылы өтініш беру тәртібі БЖЗҚ ішкі құжаттарымен бекітіледі.";

      5-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-1. Алушылардың осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мемлекеттік корпорацияға ұсынған өтініштері бойынша мемлекеттік корпорация БЖЗҚ мен мемлекеттік корпорация арасында жасалған тиісті келісімде белгіленген тәртіппен және мерзімде БЖЗҚ-мен өзара іс-қимылды жүзеге асырады, оның шеңберінде БЖЗҚ-ға алушылардың мемлекеттік корпорацияда тіркелген өтініштері туралы мәліметтер беріледі.

      БЖЗҚ алушылардың осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің сомаларын мемлекеттік корпорацияға аударады.

      Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы төлемдерінің сомаларын мемлекеттік корпорация белгілеген зейнетақы төлемдерінің кестесіне сәйкес алушылардың банк шоттарына, бірақ ерте дегенде БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған күні аударады.

      Алушы осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес құжаттар топтамасын толық ұсынбаған және (немесе) жарамсыз құжаттарды ұсынған жағдайларда мемлекеттік корпорация өтінішті қабылдаудан бас тарту туралы қолхат беріп, өтінішпен жүгінген күні өтініш берушіге өтінішті қабылдаудан не осы Қағидаларда көзделген құжаттарды алған кезден бастап он жұмыс күні ішінде бас тарту себептерін көрсетіп хабарлама жіберу жолымен өтінішті орындаудан бас тартады.

      БЖЗҚ-да алушының зейнетақы жинақтары болмаған жағдайда не ол белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерін алушы болып табылса, мемлекеттік корпорация бұл фактілер туралы алушыға өтінішті қабылдаған кезде ескертеді.";

      мынадай мазмұндағы 5-2-тармақпен толықтырылсын:

      "5-2. Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа жеткен, БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және БЖЗҚ-ға зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтінішпен жүгінбеген адамдар бойынша БЖЗҚ жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 1 наурызына дейін халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде көрсетілген адамдардың жасына байланысты тағайындалған зейнетақы төлемдерінің және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің бар-жоғын, сондай-ақ халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін алуға проактивті көрсетілетін қызмет үшін порталда тіркелген алушылардың абоненттік ұялы байланыс құрылғысының телефон нөмірінің бар-жоғын мемлекеттік корпорациямен салыстырып тексеруді жүзеге асырады.

      Салыстырып тексерудің нәтижелері бойынша мемлекеттік корпорация:

      телефон нөмірлері порталда тіркелген, жасына байланысты төленетін зейнетақы төлемдерін және бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылатын адамдардың тізімін қалыптастырады;

      халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі арқылы алушының телефон нөміріне БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемін тағайындау бойынша проактивті қызмет көрсету ұсынысымен sms-хабар жолдайды;

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерін алуға келісімдері алынған адамдар бойынша электрондық өтінімдер және хабарламалар журналында әрбір мемлекеттік көрсетілетін қызметке ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік органның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған жеке өтінімді қалыптастырады;

      халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде мемлекеттік корпорация тіркеген электрондық өтінімдер бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесінде электрондық өтінімдер тіркелген күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірмей, БЖЗҚ-ның ақпараттық жүйесіне осы Қағидалардың 5-1-тармағында көрсетілген келісіммен айқындалған PENS нысанындағы электрондық хабар жолдайды.

      Алушылардың осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес есептелген зейнетақы төлемдерінің сомаларын БЖЗҚ мемлекеттік корпорацияның зейнетақы төлемдері кестесіне сәйкес мемлекеттік корпорацияға аударады.

      Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-дан алынған зейнетақы төлемдерінің сомаларын бұдан бұрын жасына байланысты төленетін зейнетақы төлемдерін және мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде алушылар мемлекеттік корпорацияға ұсынған алушылардың банк шоттарына аударады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Зейнетақы төлемдері өтініш берілген күнінен бастап белгіленеді және зейнетақы жинақтары таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

      Бұл ретте:

      осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген алушылар үшін – алушының өтініші мемлекеттік корпорацияда тіркелген күн не БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдеріне құқық туындаған күн;

      осы Қағидалардың 4-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген алушылар үшін – БЖЗҚ-да құжаттарды қабылданған не құжаттар келіп түскен күн зейнетақы төлеміне өтініш берілген күн болып саналады.

      БЖЗҚ жыл сайын осы Қағидаларда көзделген ережелерді ескере отырып, белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің мөлшерін қайта есептеуді дербес жүргізеді.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен зейнетақы жинақтары бар шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар өздері өтініш берген кезде БЖЗҚ-ға:

      1) өтініш;

      2) егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдік паспорттың көшірмесін және салыстырып тексеру үшін түпнұсқасын;

      3) алушының банк шоты туралы мәліметтерді ұсынады.

      Жоғарыда көрсетілген құжаттарды алған кезде БЖЗҚ Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының ақпараттық жүйелерінен өтініш берген шетелдікте немесе азаматтығы жоқ адамда Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының не азаматтығы жоқ адамның куәлігінің бар-жоғы және оның жарамдылығы туралы мәліметтерді сұратады.

      Өтініш берген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кетуіне не шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсатының күші жойылуына байланысты Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының не азаматтығы жоқ адамның куәлігінің не Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің жарамсыздығы туралы мәліметтер алынған жағдайда БЖЗҚ осы Қағидалардың 19-тармағында белгіленген мерзімдерде зейнетақы төлемін жүзеге асырады.

      Өтініш берген шетелдіктің Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылуына байланысты Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің жарамсыздығы туралы мәліметтер алынған жағдайда БЖЗҚ өтінішті қабылдаудан не оны осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген мерзімдерде орындаудан бас тартады, бұл ретте шетелдікті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрғылықты жеріне шығуға рұқсат ресімдеу мақсатында Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жеріндегі Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының көші-қон қызметінің аумақтық бөлімшесіне жүгіну қажеттігі туралы хабардар етеді.

      Қажет болған жағдайда шетелдік Қазақстан Республикасынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге құжаттарын ресімдегеннен кейін БЖЗҚ-ға өтінішпен қайта жүгінеді.

      Қазақстан Республикасының уәкілетті органы берген Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің не шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхатының не азаматтығы жоқ адамның куәлігінің бар екендігі және оның жарамдылығы туралы мәліметтер алынған, сондай-ақ өтініш берген шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткені не шетелдіктің немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсатының күші жойылғаны туралы мәліметтер болмаған жағдайда БЖЗҚ өтінішті қабылдаудан не оны осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген мерзімдерде орындаудан бас тартады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Өтінішті пошта байланысының құралдары арқылы берген кезде осы Қағидалардың 4-тармағының 2) тармақшасында, 8, 11 және 13-тармақтарында көрсетілген алушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болғаны туралы куәліктің көшірмесін, сондай-ақ өтініштегі алушының қолын нотариат куәландырады (нотариаттың куәландыруы тұратын мемлекетте жүргізілуі шартымен).";

      мынадай мазмұндағы 15-1-тармақпен толықтырылсын:

      "15-1. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1083-бабына сәйкес иесіз қалған мүлік деп танылған зейнетақы жинақтарына сот актісі бойынша жүгінген адамдар БЖЗҚ-ға мынадай құжаттарды ұсынады:

      заңды күшіне енген сот актісі;

      банктік шот туралы мәліметтер.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Заңның 31 және 32-баптары 1-тармақтарының 1) тармақшаларында көзделген шарттар туындаған жағдайда алушыларға, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға, мұрагерлерге, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1083-бабына сәйкес иесіз қалған мүлік деп танылған зейнетақы жинақтарына сот актісі бойынша жүгінген адамдарға зейнетақы төлемдері осы Қағидаларда көзделген құжаттар БЖЗҚ-да қабылданған не келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.".

      3. "Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1116 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 60, 828-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдерінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 18-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына, "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 1-тармағына, "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі агенттердің (бұдан әрі – агенттер) міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (бұдан әрі – БЖЗҚ) аудару және олар бойынша өндіріп алу тәртібі мен мерзімдерін айқындайды.";

      3-тармақтың оныншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өтінішке басшы және бас бухгалтер қол қоюға тиіс. Егер бас бухгалтердің лауазымы көзделмеген болса, өтініште тиісті белгі жасалады.";

      5-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) жеке практикамен айналысатын адамдар, сондай-ақ жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын дара кәсіпкерлер үшін – жалдамалы жұмыскердің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспайтын ай сайынғы табысы;";

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар үшін – бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төлеуге жататын міндетті зейнетақы жарналары табысының 5 проценті мөлшерінде, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі жалақының елу еселенген мөлшерінің 5 процентінен жоғары болмайтын мөлшерде белгіленеді;";

      6-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Салық кодексінің 341-бабы 1-тармағының 26) тармақшасында көрсетілген әлеуметтік төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары "Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 1-тармағына сәйкес ұсталады.";

      3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3-тарау. Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын БЖЗҚ-ға аудару";

      9-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Ұсталып қалған (есебіне жазылған) міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын Мемлекеттік корпорацияға:";

      9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заңның 39-бабының 2-тармағында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеген жағдайда міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Мемлекеттік корпорацияға кіріс алған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей аударылады.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Қате есептелген мiндеттi зейнетақы жарналарын және (немесе) өсiмпұлды қайтаруға берілген өтініште: агенттің атауы мен деректемелері (бизнес-сәйкестендіру нөмірі (бұдан әрі – БСН), ЖСН, банктік сәйкестендіру коды (бұдан әрі – БСК), жеке сәйкестендiру коды (бұдан әрі – ЖСК), қайтару себебі, қате жіберілген төлем құжаттарының деректемелері (нөмірі, күні мен сомасы), сондай-ақ жеке зейнетақы шотынан қайтару жүргізілетін салымшының (алушының) деректемелері мен қайтаруға жататын жеке сомалар көрсетіледі. Өтінішке басшы және бас бухгалтер қол қоюға тиіс. Егер бас бухгалтердің лауазымы көзделмеген болса, қайтаруға берілген өтініште тиісті белгі жасалады.";

      41-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Мемлекеттік корпорация арқылы – өзі келіп оны алған күннен бастап агентке табысталды деп есептеледі.";

      3-қосымша осы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      4. "Зейнетақы төлемдерін алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуы бойынша мемлекет кепілдіктерін инфляцияның деңгейін ескере отырып, орындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 10 сәуірдегі № 341 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 27, 217-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Зейнетақы төлемдерін алушыларға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуы бойынша мемлекет кепілдіктерін инфляцияның деңгейін ескере отырып, орындау қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Инфляцияның деңгейін ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік мыналарға қолданылады:

      1) Заңның 11-бабының 1-тармағында, 32-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға – зейнеткерлік жасқа жеткен күнге;

      2) Заңның 31-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында, Заңның 32-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген адамдарға – бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленген жағдайда – зейнетақы жинақтарын алған күнге;

      3) Заңның 31-бабы 1-тармағының 2) тармақшасында, 32-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген адамдарға – Заңның 11-бабының 1-тармағында белгіленген жасқа жеткен күнге сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтарын аударған күннен бастап Заңның 11-бабының 1-тармағында белгіленген жасқа жеткенге дейінгі кезеңге.

      Сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын екі және одан көп рет жасасқан жағдайда айырма төлемі сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтары соңғы рет аударылған күннен бастап Заңның 11-бабының 1-тармағында белгіленген жасқа жеткенге дейін жүзеге асырылады.

      Бұл ретте, айырма төлемі инфляцияның деңгейін және сақтандыру ұйымына зейнетақы жинақтары соңғы рет аударылған күннен бастап зейнетақы аннуитеті шартын жасасқаннан кейін жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қалдығын ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары сомасына жүргізіледі.

      Сақтандыру ұйымына аударылғаннан кейін зейнетақы жинақтарының қалдық сомасы туралы ақпаратты БЖЗҚ Мемлекеттік корпорацияға ұсынады;

      4) Заңның 31-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында, Заңның 32-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген адамдарға – Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға БЖЗҚ-дан зейнетақы жинақтары алынған күнге;

      5) Заңның 32-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан адамдарға – айырманы төлеу зейнетақы жинақтары сақтандыру ұйымына аударылған күні сақтандыру ұйымына аударылған міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасына жүргізіледі.

      Әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлері қатарындағы адамдар, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар мемлекет кепілдігіне жүгінген жағдайда, айырманы төлеу 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін бюджет қаражаты есебінен аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызы соңғы рет қайтарылған кезден бастап зейнетақы төлемдеріне құқық туындаған күні инфляция деңгейін ескере отырып және жеке зейнетақы шотында міндетті зейнетақы жарналары сомасының 50 пайызы қайтарылғаннан кейін зейнетақы жинақтары қалдығын ескере отырып, нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сомасына жүргізіледі.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. 3-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген және зейнетақы төлемдерін алушы болып табылатын адамдарға мемлекеттік кепілдік төлемі бойынша айырма "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивтік қағидат бойынша өтініш бермей тағайындалады. Осы тармақтың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген құжаттар да ұсынылмайды.

      Проактивті қызмет көрсету кезінде Мемлекеттік корпорация халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйелері арқылы өтініш берушінің порталда тіркелген ұялы байланыстың абоненттік құрылғысының телефон нөміріне проактивті қызметті көрсету және тілді таңдау туралы sms-хабар жібереді.

      Бұл ретте Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толуына байланысты төленетін мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі тағайындалмайтын өмір бойғы ай сайынғы қамтылым алатын отставкадағы судьяларға, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға мемлекеттік кепілдік бойынша айырманы төлеудің есеп-қисабы мемлекеттік корпорацияға өтінішпен өзі жүгінген жағдайда жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген адамдардан басқа, айырма төлеміне құқығы бар адам айырма төлемін тағайындау үшін мемлекеттік корпорацияның тұрғылықты жеріндегі әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.

      Өтінішті қабылдаған кезде жеке басты куәландыратын құжат туралы, тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы мәліметтерді тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі (бұдан әрі – ақпараттық жүйелер) арқылы алады.

      Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған кезде өтінішке жеке басты куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанға дейін оралман куәлігі) қоса беріледі.

      Бұдан басқа, осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген адамдар үшін өтінішке сақтандыру ұйымымен жасалған шарттың (шарттардың) көшірмесі қоса беріледі.

      Айырма төлемін тағайындау мерзімі Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жас басталған күнге инфляция деңгейі туралы ақпарат бар болса, базалық зейнетақы төлемі тағайындалған күннен кейінгі күннен, бірақ Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жас басталған күнге инфляция деңгейі туралы ақпарат болмаған кезде ол тағайындалған күннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірілмейтін мерзімде басталады.";

      7-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) сенім білдірілген адамның жеке басын куәландыратын құжат (Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі, азаматтығы жоқ адамның куәлігі, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты, шетелдік паспорт).

      Шет тілінде жасалған құжаттар үшін қазақ немесе орыс тіліне аудармасының дұрыстығын нотариус жүзеге асырған куәландыру қоса беріледі;";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Мемлекеттік корпорация екі жұмыс күні ішінде өтініш берушінің өтініште көрсетілген мобильді телефонына sms-хабар жіберу арқылы айырма төлемін тағайындау не тағайындаудан бас тарту (бас тарту себептерін көрсете отырып) туралы өтініш берушіні хабардар етеді.

      Мемлекеттік корпорация әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын нысан бойынша sms-хабарларды өтініш берушінің деректерін (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, жеке сәйкестендіру нөмірі, күні, sms-хабар жіберілген телефон нөмірі, істің нөмірі және маманның деректері) қамтитын sms-хабарлар журналында тіркейді.

      Көрсетілетін қызметті алушының мобильді телефонына sms-хабар жіберу мүмкіндігі болмаған жағдайда Мемлекеттік корпорацияның аумақтық бөлімшесі көрсетілетін қызметті алушыға хабарлама жолдайды не өзі келгенде береді.".

      5. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 16.03.2022 № 127 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң кейбiр шешiмдерiне енгiзiлетiн өзгерiстер мен толықтыруларға
  қосымша
  Міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу (есебіне жазу) және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару және олар бойынша өндіріп алу қағидалары мен мерзімдеріне 3-қосымша

Растау-анықтама _________________________________________________________ (төлеушінің атауы)

      міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару кезінде мынадай төлем тапсырмаларында салымшылар деректемелерінде қателер жіберілгенін растайды:

Төлем тапсырмасының нөмірі Төлем тапсырмасының күні Төлем тапсырмасының референсі Салымшының жеке сомасы Т.А.Ә. (бар болса) және туған күні(салымшының дұрыс емес деректемелері)
1 2 3 4 5





      Жарамды деп есептелсін ЖСН __________________________________________

      Т.А.Ә. (бар болса)_______________________________________________

      Туған күні _____________________________________________________

      Бірінші басшы _______________________________
(Т.А.Ә. (бар болса) (қолы)

      Бас бухгалтер _______________________________
(Т.А.Ә. (бар болса) (қолы)