Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасында төтенше жағдайды енгізу туралы" 2020 жылғы 15 наурыздағы № 285, "Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 және "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 жарлықтарына сәйкес салық-бюджет саясатының мәселелерін реттеу мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:
1. Қоса беріліп отырған республикалық бюджетті қалыптастырудың, нақтылаудың және атқарудың ерекше тәртібі бекітілсін.
2. 2020 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғандағы кезеңде:
1) ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер мен дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттары бойынша заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің мүлік салығының;
2) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері бойынша жер салығының;
3) салық салудың жалпы белгіленген тәртібімен жұмыс істейтін дара кәсіпкерлердің жеке табыс салығының мөлшерлемелеріне "0" түзету коэффициенті енгізілсін.
3. Мөлшерлемелерге осы қаулының 2-тармағында көрсетілген "0" түзету коэффициентін қолданған кезде салық базасын, салық салу объектілерін, салық кезеңін және салық міндеттемелерін орындауды айқындау "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) сәйкес жүзеге асырылады.
4. Осы қаулының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген салық төлеушілер үшін барлық салықтар бойынша мерзімінде орындалмаған салық міндеттемелері бойынша өсімпұлдарды есептеу 2020 жылғы 15 тамызға дейін тоқтатыла тұрсын және салық есептілігін тапсыру мерзімі 2020 жылғы 3-тоқсанға ауыстырылсын.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі ірі қара малды және асыл тұқымды балапандарды қосылған құн салығы есепке алу әдісімен төленетін импортталатын тауарлардың тізбесіне енгізуді қамтамасыз етсін.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi |
А. Мамин |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы № 126 қаулысымен бекітілген |
Республикалық бюджетті қалыптастырудың, нақтылаудың және атқарудың ерекше тәртібі 1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Ерекше тәртіп дағдарысты жағдайлар кезеңінде республикалық бюджетті қалыптастырудың, нақтылаудың және атқарудың рәсімдерінайқындайды (бұдан әрі – Ерекше тәртіп).
2. Дағдарысты жағдайлар кезеңінде ағымдағы қаржы жылының нақтыланған республикалық бюджеті Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітіледі.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің республикалық бюджетті нақтылау туралы жарлығының қабылданғаны туралы Қазақстан Республикасының Парламентіне дереу хабарланады.
2-бөлім. Республикалық бюджетті нақтылау
4. Осы ерекше тәртіптің ережелерін қолдану арқылы республикалық бюджетті қалыптастыру, нақтылау және атқару дағдарысты жағдайлар кезеңінде жүргізіледі.
Бюджеттік инвестициялар және бюджеттік кредиттер тәсілімен қаржыландырылатын жобалар, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілері бойынша республикалық бюджетті нақтылау кезінде тиісті сараптамалар жүргізілмейді және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік өтінімдері негізінде нақтыланған республикалық бюджет жобасына енгізіледі.
Құрылыс қызметін көздейтін бюджеттік инвестициялық жобалардың, оның ішінде су қауіпсіздігі объектілерінің шығыстары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ірілендірілген сметалық нормалар мен бағалар жинақтары негізінде жоспарланады.
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы және бюджеттік инвестициялар не бюджеттік кредит алатын квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшысы әлеуметтік-экономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету шараларын қабылдауға бағытталған активтер бойынша жобаларда әлеуметтік-экономикалық әсер беретін және дағдарысты жағдайлар тұрақтанғаннан кейін отандық бизнесті (оның ішінде экспортты) қолдауды, тұрақты жұмыс орындарын сақтауды (құруды) көздеуге тиіс.
Бұл ретте республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға іс-шараларды қаржыландыру жөніндегі бюджеттік өтінімдерді енгізеді.
Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 28.03.2020 № 154 қаулысымен.5. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері төтенше жағдай кезеңінде жүзеге асырылатын іс-шараларды, сондай-ақ экономиканы тұрақтандыру және халықтың тыныс-тіршілігін іркіліссіз қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды және басқа іс-шаралардықаржыландыру жөніндегі бюджет қаражатына қажеттілікті айқындайды.
6. Бюджеттік өтінім осы Ерекше тәртіпке 1 және 2-қосымшаларға сәйкес "Іс-шараларды қаржыландыру бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісі шығыстарының жиынтық есеп-қисабы"деген 1-нысан және"Іс-шараларды қаржыландыру бойынша мемлекеттік мекеме шығыстарының есепқисабы"деген 2-нысан бойынша шығыстардың әрбір түрі бойынша есепқисаптармен қоса, оңайлатылған түрде жасалады.
Негіздеуші құжаттар болмаған жағдайда бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есеп-қисаптары бюджеттік өтінімге бюджеттік инвестициялар және бюджеттік кредиттер арқылы қаржыландырылатын, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жобаларын енгізу үшін негіз болып табылады.
Бюджеттік өтінімнің негізділігіне, бюджеттік өтінімге есеп-қисаптардың дұрыстығына, бюджеттік өтінімнің толықтығы мен уақтылы ұсынылуына бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің басшысы жауапты болады.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 28.03.2020 № 154 қаулысымен.7. Республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері төтенше жағдай енгізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға бюджеттік өтінімді ЭҚАБЖ арқылы электрондық түрде және қағаз тасығышта бір данада ұсынады.
8. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган бес жұмыс күні ішінде бюджеттік өтінімдерді қарайды, төтенше жағдай ісшараларын,сондай-ақ экономиканы тұрақтандыру және халықтың тыныстіршілігін іркіліссіз қамтамасыз ету жөніндегі шараларды және басқа ісшараларды қаржыландыру үшін бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тізбесі мен көлемін жасайды және ағымдағы қаржы жылының бюджетін нақтылау бөлігінде "2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын қалыптастырады және оларды Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
9. Республикалық бюджет комиссиясы осы Ерекше тәртіптің 8-тармағында көрсетілген құжаттарды мақұлдағаннан кейін бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган "2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын және "2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасын енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізеді.
10. "2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 6 желтоқсандағы № 908 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы Қазақстан Республикасының Президенті тиісті Жарлыққа қол қойған күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде қабылданады.
Тиісті Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган әзірлейді.
3-бөлім. Республикалық бюджеттің атқарылуы
11. Нақтыланған республикалық бюджетті атқару ағымдағы қаржы жылына арналған бюджет қаражаты көлемінің шегінде жүзеге асырылады.
Шығыстар бойынша бюджетті атқаруды бюджеттік бағдарламалар әкімшілері және оларға ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның бұйрығымен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларының (бұдан – әрі Бюджеттің атқарылуы қағидалары) талаптарына сәйкес және мемлекеттік органдар қызметінің межеленген көрсеткіштеріне қол жеткізу мақсатында жүзеге асырады.
12. Мемлекеттік мекемелер ағымдағы қаржы жылына арналған міндеттемелер бойынша жеке қаржыландыру жоспарларымен бекітілген сомалар шегінде шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша міндеттемелер қабылдайды. Бюджетті атқару кезінде мемлекеттік мекемелер бюджет қаражатын бірыңғай бюджеттік сыныптамаға, жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерге, бюджет қаражаты бөлінген нормативтік құқықтық актілерге сәйкес пайдалануға міндетті.
13. Республикалық бюджетті атқару шеңберінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті қаулыларын қабылдау жолымен Қазақстан Республикасының Үкіметі бюджет қаражатын бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалары және өңірлер арасында қайта бөлуге құқылы.
Қаражат қайта бөлінген, сондай-ақ түсімдердің болжамды көлемі жеткіліксіз болған жағдайларда аумақтық қазынашылық бөлімшесі азаматтыққұқықтық мәмілелерді тіркеу және төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу үшін мемлекеттік мекемелердің құжаттарын қабылдауды тоқтата тұрады.
Қаражатты қайта бөлу қажет болған жағдайда, бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің бюджеттік бағдарламалары және өңірлер арасында оларды қайта бөлу жөніндегі ұсыныспен республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджеттік бағдарламаларының тізбесін белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгізеді.
Бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне бөлінген жалпы көлемнің он процентінен астам көлемдегі қаражатты қайта бөлу Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша жүзеге асырылады.
Республикалық бюджет комиссиясының оң шешімі негізіндебюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен республикалық бюджетті түзету туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы қаулы жобасын әзірлейді.
Қабылданған нормативтік құқықтық актінің және республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің өтінімі негізінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган Бюджетті атқару қағидаларының 2-тарауының 4-параграфында айқындалған тәртіппен түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына өзгерістер енгізеді.
14. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының қарыз алуы республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының республикалық маңызы бар қала, астана бюджетiнiң тапшылығын қаржыландыру үшiн iшкi нарықта айналысқа жiберуге мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрiнде, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін, Жұмыспен қамту жол картасының шеңберіндегі шараларды қаржыландыру үшін iшкi нарықта айналысқа жiберуге мемлекеттiк бағалы қағаздар шығаруы түрiнде жүзеге асырылады.
Ескерту. Ерекше тәртібі 14-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2020 № 154 қаулысымен.15. Жұмыспен қамту жол картасының төтенше жағдай қолданылатын кезеңде айқындалған іс-шараларын қаржыландыру үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының қарыз алуы республикалық бюджеттен бюджеттік кредиттер алу және жергілікті атқарушы органдардың борыш лимитін белгілемей, ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығару түрінде жүзеге асырылады.
Жұмыспен қамту жол картасының төтенше жағдай қолданылатын кезеңде айқындалған іс-шараларын қаржыландыру үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруының шарттарын, көлемін және нысаналы мақсатын жергілікті атқарушы органдар дербес айқындайды.
Ескерту. Ерекше тәртібі 15-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2020 № 154 қаулысымен.16. Қазақстан Республикасының Президенті төтенше немесе соғыс жағдайын енгізген кезде жергілікті атқарушы органдар қажет болған жағдайда резервтің жалпы көлемін трансферттер мен қарыздарды есепке алмай, тиісті жергілікті бюджет түсімдері көлемінің он процентіне дейін ұлғайтуы мүмкін.
Жергілікті атқарушы органдар резервінің бюджеттік бағдарламасына жергілікті бюджет қаражатын бекітілген (нақтыланған) бюджет бойынша ағымдағы қаржы жылына бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне бөлінген жалпы көлемнің он процентінен аспайтын көлемде қайта бөлу жергілікті атқарушы органдардың қаулысымен бекітілген бюджеттік бағдарламалардың тізбесі мен көлеміне сәйкес бюджет шығыстарының құрылымын өзгертпей, бюджетті түзету арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. Ерекше тәртібі 16-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2020 № 154 қаулысымен.17. Өткен қаржы жылында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан республикалық бюджетке тартылған пайдаланылмаған қаражат қайтаруға жатпайды және төтенше жағдай кезінде бюджетті нақтылау арқылы пайдаланылуы мүмкін.
Ескерту. Ерекше тәртібі 17-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2020 № 154 қаулысымен.18. Төтенше жағдай енгізілген кезде жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі қандай да бір өңірдің өзіндік ерекшелігіне байланысты нысаналы трасферттерді төменгі бюджеттен жоғарғы бюджетке қайтару арқылы қайта қаралуы мүмкін.
Ескерту. Ерекше тәртібі 18-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2020 № 154 қаулысымен.Ерекше тәртіпке 1-қосымша | |
Бюджеттік өтінімге 1-нысан |
Іс-шараларды қаржыландыру бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшісі шығыстарының жиынтық есеп-қисабы
Кодтар | |
Функционалдық топ: _______________________________ | |
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі: ___________________ | |
Бюджеттік бағдарлама: ___________________________ |
мың теңге
Шығыстар атауы | Шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшелігінің кіші сыныбының коды | Шығыстар сомасы |
Шығыстар барлығы: | ||
оның ішінде кіші бағдарламалар бөлінісінде шығыстардың түрлері бойынша | ||
Мемлекеттік органның басшысы ___________ ______________
(қолы) (аты-жөні)
Қаржы-экономикалық қызметтің басшысы _____________ ________________
(қолы) (аты-жөні)
Ескертпе: 1-нысан 2-нысан бойынша жасалған мемлекеттік мекемелер шығыстарының есепқисаптарын жинақтаужолымен жасалады. 1-нысанға экономикалық сыныптауыш ерекшеліктері бөлінісінде қаржы-экономикалық қызмет басшысы қол қойған есеп-қисаптар мен мәлімделетін шығыстардың негіздемелері қоса беріледі.
Ерекше тәртіпке 2-қосымша | |
Бюджеттік нысанға 2-нысан |
Іс-шараларды қаржыландыру бойынша мемлекеттік мекеме шығыстарының есеп-қисабы
Кодтар | |
Функционалдық топ: _____________________________ | |
Бюджеттік бағдарламалар әкімшісі: _________________ | |
Бюджеттік бағдарлама: ___________________________ |
мың теңге
Шығыстар атауы | Шығыстардың экономикалық сыныптамасы ерекшелігінің коды | Шығыстар сомасы |
Шығыстар барлығы: | ||
оның ішінде кіші бағдарламалар бөлінісінде шығыстардың түрлері бойынша | ||
Мемлекеттік мекеменің басшысы __________ ________________
(қолы) (аты-жөні)
Қаржы-экономикалық қызметтің басшысы ____________ ___________________
(қолы) (аты-жөні)
Ескертпе: 2-нысанға шығыстардың әрбір түрі бойынша экономикалық сыныптауыш ерекшеліктері бөлінісінде қаржы-экономикалық қызмет басшысы қол қойған есеп-қисаптармен мәлімделетін шығыстардың негіздемелері қоса беріледі.