Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 29 қарашадағы № 896 қаулысы.

Жаңартылған

      "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" 2019 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ 896 қаулысымен
бекітілген

Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы" 2019 жылғы 18 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және қару-жарақ пен әскери техника, жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондары, сондай-ақ суық қару айналымының тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларды іске асыру қару-жарақ пен әскери техниканың заңсыз айналымы мүмкіндігін болдырмау бойынша жағдайлар жасауға бағытталған.

      Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әскери техника – жауынгерлік машиналар, әскери корабльдер (катерлер мен әскери-көмекші кемелер), әскери әуе кемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары жарақтандырылатын корабльдер (катерлер мен басқа да кемелер), әуе кемелері мен басқа да ұшу аппараттары;

      2) жаңғырту – орындау нәтижесінде қару-жарақтың, әскери, автомобиль және арнайы техниканың, техникалық және арнайы құралдардың жекелеген тактикалық-техникалық элементтері олардың негізгі мақсаты бұрынғы күйінде сақтала отырып өзгеретін, оларда қолданылған техникалық құралдардың және жиынтықтаушы бұйымдардың ескірген үлгілерін жаңа, неғұрлым қазіргі заманғы үлгілермен ауыстырумен (немесе жаңа техникалық шешімдер қолданумен) сипатталатын, үлгінің тактикалық-техникалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған жұмыстар кешені;

      3) жауынгерлік қол атыс қаруы мен суық қару – Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдары мен олардың бөлімшелерінің (бұдан әрі – Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары) қарулануына қабылданған, сондай-ақ басқа мемлекеттерге жеткізу үшін жасап шығарылған жауынгерлік, жедел-қызмет және оқу-жаттығу міндеттерін шешуге арналған қару. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондары қару-жарақ түрлерінің бірі болып табылады;

      4) жөндеу – қару-жарақ, әскери, автомобиль және арнайы техника, техникалық және арнайы құралдар механизмдерінің, жиынтықтаушы бұйымдарының немесе олардың құрамдас бөліктерінің жарамдылығын немесе жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру, тоқтап қалу себептерін жою және жұмсалған ресурсын қайта қалпына келтіру жөніндегі операциялар кешені;

      5) қару айналымы – қаруды өндіру, құрастыру, қайта жасау, өткізу (сауда жасау), беру, сыйға тарту, марапаттау, мұраға қалдыру, сатып алу, коллекциялау, экспонаттау, есепке алу, сақтау, алып жүру, тасу, пайдалану, алып қою, құртып жіберу, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және оны Қазақстан Республикасынан әкету;

      6) қару-жарақ – жанды күшке, техникалар мен инфрақұрылым объектілеріне зақым келтіруге, құрылыстарды (бекіністерді) бұзуға арналған әртүрлі қару түрлері, кешендер мен жүйелер, көрсетілген құрамдастарды имитациялайтын құралдар, оқ-дәрілер, сондай-ақ жүйелер, құрылғылар, жеткізгіштер мен аспаптар;

      7) қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы – қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу, өндіру, жөндеу, сатып алу және өткізу, монтаждау, баптау, жаңғырту, орнату, пайдалану, сақтау, жөндеу және оларға сервистік қызмет көрсету, беру, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету;

      8) қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу – қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа немесе жаңартылатын үлгісінің сипаттамаларын алу мақсатында жүргізілетін жобалау жұмыстарының кешені;

      9) қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары – қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы саласында лицензиялары бар отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді отандық берушілер;

      10) мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс – мемлекетте қорғаныс мұқтаждары, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметі, мемлекеттік материалдық резерв, жұмылдыру, ғарыш қызметі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мен міндеттемелерді орындауы үшін сатып алынатын әскери мақсаттағы тауарлардың (өнімдердің), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарлардың (өнімдердің), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтердің тізбесін (номенклатурасын) бекітетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің құқықтық актісі;

      11) оқ-дәрілер – жанды күшке, техникалар мен инфрақұрылым объектілеріне зақым келтіруге, құрылыстарды (бекіністерді) бұзуға тікелей арналған қару-жарақтың құрамдастары, сондай-ақ көрсетілген құрамдастарды имитациялайтын құралдар;

      12) техникалық қызмет көрсету – қару-жарақты, әскери, автомобиль және арнайы техниканы, техникалық және арнайы құралдарды мақсаты бойынша пайдалану, сақтау және тасымалдау кезінде олардың жөндеуаралық кезеңдегі техникалық даярлығын ұстап тұру және қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешені, оларды өткізу қажеттілігі олардың техникалық жай-күйімен айқындалады;

      13) уәкілетті орган – қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      14) уәкілетті ұйым – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын, әскери мақсаттағы тауарларды (өнімдерді), қосарланған мақсаттағы (қолданыстағы) тауарларды (өнімдерді), әскери мақсаттағы жұмыстар мен әскери мақсаттағы көрсетілетін қызметтерді импорттауды, оқ-дәрілерді қоспағанда, пайдаланылмайтын мүлікті өткізуді (оның ішінде экспорттауды), құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жоюды және қайта өңдеуді, пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру жөнінде қызметтер көрсетуді, қорғаныс өнеркәсібі саласындағы халықаралық көрмелерге қатысуды және оларды Қазақстан Республикасының аумағында ұйымдастыруды жүзеге асыратын заңды тұлға.

      3. Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымы саласындағы қызмет рұқсаттар және хабарламалар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лицензиялауға жатады.

      4. Қару-жарақ пен әскери техниканың айналымына қатысатын қорғаныс өнеркәсібі кешені ұйымдары қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру қауіпсіздігін, есепке алуды және олардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген қару-жарақ пен әскери техника үлгісінің әрбір бірлігінде тиісті қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымы, өндірілген күні және қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымы беретін сериялық есептік нөмірі туралы мәліметтерді қамтитын таңбалау белгісі болуға тиіс. Бұл ретте патрондар үшін сериялық есептік нөмір олардың қаптама партиясына беріледі және қаптамаларда көрсетіледі.

2-тарау. Қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу

      5. Қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеуді Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары жүзеге асырады.

      6. Жобалау жұмыстарының кешені қару-жарақ пен әскери техниканың тәжірибелік үлгілері жасауға негіз болатын теориялық және эксперименттік зерттеулерді, құрастыруды, техникалық және жобалау құжаттамасын әзірлеуді қамтиды.

      7. Қару-жарақ пен әскери техниканың тәжірибелік үлгісін жобалау Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қажеттіліктерін қанағаттандыруды ескере отырып, сондай-ақ экспорттау мақсатында жүргізіледі.

      8. Әзірлеуші жобалау жұмыстарының қорытындысы бойынша қару-жарақ пен әскери техниканы сериялық өндіру жөніндегі шешімді экономикалық орындылығына сүйене отырып қабылдайды.

3-тарау. Қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру және жаңғырту

      9. Қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру мен жаңғыртуды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мұқтаждары, сондай-ақ экспорттау үшін қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары жүзеге асырады.

      Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру мен жаңғырту бойынша қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымын айқындау қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Арнаулы мемлекеттік органдар үшін қару-жарақ пен әскери техниканы өндіру мен жаңғырту мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде, сол сияқты мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      10. Өндіруді немесе жаңғыртуды (бұдан әрі – өндіріс) ұйымдастыру сатысында тиісті өнімді дайындау қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті инженерлік-техникалық персоналды және технологиялық өндірістік желілерді дайындау жүргізіледі.

      11. Өндірістік-экономикалық тиімділікті ескере отырып, технологиялық өндірістік желілердің белгіленген өндірістік сипаттамаларын пайдалануды кейіннен қамтамасыз ете алу үшін инженерлік-техникалық персонал мен технологиялық өндірістік желілерге қатысты жүргізілетін дайындық жұмыстарының жиынтығы көзделеді.

      12. Өндірісті ұйымдастыру мынадай қағидаттарды іске асыруды қамтиды:

      1) кешенділік – ғылыми зерттеулерді, сол сияқты өндірісті игеру жөніндегі процестерді қамтитын бірыңғай жоспар бойынша өндірісті дайындау жөніндегі жұмыстарды жүргізу;

      2) мамандандыру – қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымының әрбір бөлімшесіне осы бөлімшелердің мамандану сипатына сай келетін жаңа техниканы жасау және меңгеру бойынша қызмет түрлерін бекіту;

      3) ғылыми-техникалық және өндірістік интеграция – бұл белгілі бір көптеген мамандандырылған бөлімшелер мен орындаушылардың қызметі нәтижесінде өндірістік мақсатқа қол жеткізуді қамтамасыз ететін шарттар жиынтығы;

      4) құжаттаманың жиынтықтылығы және жиынтықтауыштардың құрамдас бөліктерінің бар болуы – құжаттаманың немесе бұйымдардың құрамдас бөліктерінің толық жиынтығы бар болған жағдайда ғана оларды одан әрі жалғастыру мүмкін болған сәтке қарай жұмыстар кешенін бір уақытта орындауды талап етеді;

      5) жаңа өнімді жасау бойынша жұмыстар жүргізудің үздіксіздігі – дайындау процесінің фазалары арасындағы, ал олардың ішінде сатылар, жұмыстар, операциялар арасындағы елеулі уақыт үзілістерін жою талап етіледі.

      13. Өндіріс бұйымды әзірлеудің және оны өндірістік игерудің барлық кезеңдері бойынша жаңа бұйымның техникалық құжаттамасы мен жиынтықтауыштарының ең қысқа қозғалыс бағыттары мен жұмыстардың қатаң ретімен қамтамасыз етіледі.

      14. Қару-жарақ пен әскери техника өндірісі түпкі өнімді мақсаты бойынша қолдануды қамтамасыз ету үшін жиынтықтауыштарды дайындауды, құрастыру, монтаждау және орнату, теңшеу және баптау жөніндегі процестерді қамтиды.

      15. Жауынгерлік қол атыс қаруына патрондар, сондай-ақ суық қару өндірісі түпкі өнімді мақсаты бойынша қолдануды қамтамасыз ету үшін жиынтықтауыштарды дайындау, құрастыру және монтаждау жөніндегі процестерді қамтиды.

      16. Қару-жарақ пен әскери техника конструкциялары элементтерін, аспаптарын, құрылғыларын, бөлшектерін құрастыру және орнату бойынша жұмыстар кешені қару-жарақ пен әскери техниканы монтаждау деп ұғынылады.

      Баптау белгілі бір уақыт бойы белгіленген шарттарда оның жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған қару-жарақ пен әскери техниканы дайындау, жарақтандыру, реттеу және теңшеу жөніндегі операциялар жиынтығы болып табылады.

      17. Қару-жарақ пен әскери техниканы монтаждау және баптау технологиялық және конструкторлық құжаттамада айқындалған тәртіппен технологиялық ретін сақтай отырып жүзеге асырылады.

      18. Барлық өндірістік процестерді ұйымдастыру жиынтықтауыштардың жеке-жеке немесе тікелей мақсатынан тыс кез келген құрамдас бөлікте қолдану мүмкіндігін қоспағанда, олардың сақталуын қамтамасыз етеді.

4-тарау. Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану, сақтау

      19. Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану эксплуатациялау кезеңін білдіреді, оның барысында қару-жарақ пен әскери техника бұйымы оның функционалдық мақсатына сәйкес жұмыс істейді.

      20. Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану уақтылы жөндеу жүргізуді және техникалық қызмет көрсетуді (сервистік қызмет көрсетуді) көздейді.

      21. Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану кезінде сақтауды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары жүзеге асырады.

      22. Қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау қару-жарақ пен әскери техника объектісінің техникалық жарамды, толық жиынтықталған жай-күйде ұсталуын қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.

      23. Қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау осы мақсаттар үшін арнайы жабдықталған үй-жайларда (сақтау орындарында, парктерде, ангарларда) және олардың заңсыз айналымына алғышарттарды болдырмайтын жағдайларда ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте үй-жайлар (сақтау орындары, парктер, ангарлар) техникалық күзет және өрт қауіпсіздігі құралдарымен жарақтандырылады.

      Қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымдарының қару-жарақ пен әскери техниканы сақтауын ұйымдастыру нұсқаулықпен регламенттеледі.

      Қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау жөніндегі нұсқаулық Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қолданыстағы басшылық құжаттарының және зымырандар мен оқ-дәрілердің арсеналдарын, базалары мен қоймаларын жобалау саласындағы нормативтік құжаттардың негізінде өндірістік қызметтің және шығарылатын өнімнің ерекшелігі бөлігінде әзірленеді.

      Қару-жарақ пен әскери техниканы сақтау жөніндегі нұсқаулықты азаматтық қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша қорғаныс-өнеркәсіп кешені ұйымының бірінші басшысы бекітеді.

      Ескерту. 23-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 14.04.2022 № 224 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

5-тарау. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу және техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету)

      24. Жөндеу жүргізу және техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету) кешенді техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің бірыңғай жүйесін қолдануды көздейді.

      Кешенді техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің бірыңғай жүйесі жоспарлы-алдын алу болып табылады және пайдалану шарттарын ескере отырып, атқарылымына (жүру шақырымына, оқ ату санына, жұмыс сағаттарына) немесе күнтізбелік мерзімдеріне байланысты қару-жарақ пен әскери техника объектілерінің барлық құрамдас бөлшектеріне техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету) мен жөндеудің белгіленген түрлерін міндетті түрде жүргізуге негізделеді.

      25. Жөндеу:

      1) өткізу орны бойынша – зауыттық, әскери, ведомстволық немесе далалық;

      2) объектіге сапалық ықпал ету дәрежесі бойынша – ағымдағы, орташа, күрделі;

      3) жоспарлау дәрежесі бойынша – жоспарлы, жоспардан тыс, авариялық;

      4) техникалық жай-күйі бойынша – кезеңді;

      5) жөндеу әдістері бойынша – агрегаттық, жеке, иесіздендірілген, аралас болып бөлінеді.

      26. Күрделі жөндеу толық бөлшектеу мен ақауды анықтауды, барлық ақаулы бөлшектерді ауыстыруды немесе жөндеуді, құрастыруды, кешенді тексеруді, реттеуді және сынақтан өткізуді көздейді.

      27. Күрделі жөндеу ақаулықты және толық немесе соған жақын техникалық ресурсты қалпына келтіру үшін көзделген.

      28. Орташа жөндеу зақымданған (тозған) бөлшектерді ауыстыру немесе жөндеу арқылы бұйымдардың пайдалану сипаттамаларын қалпына келтіруден және ақаулықтарды жоюмен қалған бөлшектердің техникалық жай-күйін міндетті түрде тексеруден тұрады.

      29. Ағымдағы жөндеу бұйымның жекелеген бөлшектерін ауыстыру немесе қалпына келтіру арқылы ақаулықтарды жоюдан және реттеу жұмыстарын жүргізуден тұрады.

      30. Техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету) қару-жарақ пен әскери техниканың қолданыс циклін сақтауға және ұзартуға бағытталған іс-шаралар құрамына кіреді.

      31. Техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету) түрлері және жұмыстар көлемі тиісті техникалық құжаттамада айқындалады.

      32. Техникалық қызмет көрсетуге (сервистік қызмет көрсетуге) техникалық ақаусыз және жауынгерлік әзірлік күйіндегі тиісті бұйымдар беріледі.

      33. Қару-жарақ пен әскери техникаға жөндеу жүргізуді және оларға техникалық қызмет көрсетуді (сервистік қызмет көрсетуді) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының мұқтаждары, сондай-ақ экспорттау үшін қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары орындайды.

      Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету) бойынша қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымын айқындау қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыралады.

      Арнаулы мемлекеттік органдар жөндеу және техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету) бойынша көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде, сол сияқты мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатып алады.

      Жөндеу және техникалық қызмет көрсетуді (сервистік қызмет көрсетуді) жүзеге асыру бойынша отандық өндірістік мүмкіндіктер болмаған жағдайда бұл процестерге заңнамада белгіленген тәртіппен шетелдік өндірушілер немесе ұйымдар тартылады.

      34. Ағымдағы және орташа жөндеуді және техникалық қызмет көрсетуді (сервистік қызмет көрсетуді) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының жөндеу бөлімшелерінің жүзеге асыруына жол беріледі.

      Бұл жағдайда ағымдағы және орташа жөндеу жүргізу және техникалық қызмет көрсету (сервистік қызмет көрсету) тәртібін тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілердің (бұдан әрі қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілер) бірінші басшылары белгілейді.

6-тарау. Қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу және өткізу

      35. Қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуды уәкілетті орган, уәкілетті ұйым, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілер және рұқсаттар және хабарламалар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға құқығы бар субъектілер жүзеге асырады.

      36. Қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу мемлекеттік материалдық резерв үшін де жүзеге асырылады.

      37. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуды мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде жүзеге асырады.

      38. Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары қару-жарақ пен әскери техниканы мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде, сонымен қатар мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сатып алады.

      39. Қару-жарақ пен әскери техниканы өткізуді уәкілетті ұйым және рұқсаттар және хабарламалар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы өткізуге құқығы бар субъектілер жүзеге асырады.

      40. Қару-жарақ пен әскери техниканы қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдарын және (немесе) уәкілетті ұйымды қоспағанда, рұқсаттар және хабарламалар туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алуға және өткізуге құқығы бар субъектілер арасында өткізуге жол берілмейді.

7-тарау. Қару-жарақ пен әскери техниканы беру, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу

      41. Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілер арасында қару-жарақ пен әскери техниканы беру бірлескен шешім қабылдау арқылы жүзеге асырылады, оны қабылдаушы тарап әзірлейді және тапсырушы тараппен келісіледі.

      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 17.07.2024 № 568 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      42. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының мемлекеттік мекемелері мемлекеттік орган бірінші басшысының немесе ол уәкілеттік берген адамның шешімі негізінде қару-жарақ пен әскери техниканы мемлекеттік орган шегінде береді және қайта бөледі.

      Қару-жарақ пен әскери техниканы мемлекеттік орган шегінде беру және қайта бөлу тиісті мемлекеттік органдар белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.

      43. Қару-жарақ пен әскери техниканы құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін пайдаланылмайтын мүлікті беру, өткізу, құртып жіберу, кәдеге жарату, көму арқылы жою және қайта өңдеу, сондай-ақ пайдаланылмайтын қорғаныс объектілерін мүліктік жалдауға (жалға) беру қағидаларына сәйкес оны пайдаланылмайтын мүлік деп танылғаннан кейін уәкілетті органның шешімі бойынша жүзеге асырылады.

8-тарау. Қару-жарақ пен әскери техниканы Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету

      44. Қару-жарақ пен әскери техниканы Қазақстан Республикасына әкелуді және Қазақстан Республикасынан әкетуді қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілер мақсаты бойынша міндеттерді орындауы мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік материалдық резерв үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары, уәкілетті ұйым, сондай-ақ рұқсаттар және хабарламалар туралы, сондай-ақ экспорттық бақылау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тиісті лицензиялары бар жеке, заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      45. Өткізу мақсатында қару-жарақ пен әскери техниканы әкетуді уәкілетті ұйым мен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қару-жарақ пен әскери техниканы өткізуге құқығы бар субъектілер жүзеге асырады.

9-тарау. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондары, сондай-ақ суық қару айналымының ерекшеліктері

      46. Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондары, сондай-ақ суық қару (бұдан әрі – жауынгерлік қару) өндірісі жауынгерлік қаруды зерттеуді, әзірлеуді, сынауды, дайындауды, көркемдік әрлеуді, жөндеуді, құрастыруды, қайта жасауды қамтиды.

      47. Жауынгерлік қару өндірісін жүзеге асыратын қорғаныстық-өнеркәсіптік кешен ұйымдары тек жауынгерлік қаруды пайдалануға құқығы бар субъектілерге жеткізу үшін, сондай-ақ басқа мемлекеттерге жеткізу үшін жауынгерлік қару өндірісін жүзеге асырады.

      48. Жауынгерлік қаруды өткiзу (сату), сатып алу, пайдалану осы Қағидалардың 4, 6-тарауларында айқындалған тәртіппен жүзеге асырылады.

      49. Жауынгерлік қаруды пайдалануға құқығы бар субъектілер жауынгерлік қаруды есепке алуды жүзеге асырады. Жауынгерлiк қаруды есепке алу жауынгерлік қаруды пайдалану құқығы бар субъектiлердің бiрiншi басшылары белгiлейтiн тәртіппен жүзеге асырылады.

      50. Жауынгерлік қаруды сақтауға және алып жүруге, сондай-ақ пайдалануға тек жауынгерлік, жедел-қызметтік немесе оқу-жаттығу міндеттерін шешу үшін рұқсат етіледі.

      51. Жауынгерлік қаруды сақтау, алып қою, сақтау және алып жүру тәртiбiн жауынгерлiк қаруды пайдалану құқығы бар субъектiлер айқындайды.

      52. Жауынгерлік қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсат беру тәртібін жауынгерлік қаруды пайдалануға құқығы бар субъектiлердiң бiрiншi басшылары айқындайды.

      53. Жауынгерлiк қаруды барлық көлiк түрлерiмен тасымалдау:

      1) тиеу сәтінен бастап және межелі пунктке жеткiзгенге дейiн қарулы күзетті қамтамасыз етуді;

      2) тиеу-түсiру жұмыстары пунктін және тасымалдау құралдарын өрт сөндiру құралдарымен қамтамасыз етуді және өрт сөндiру есептобын уақтылы тағайындауды ескере отырып жүзеге асырылады.

      54. Жауынгерлік қаруды тасымалдау оқталмаған жай-күйде және патрондардан бөлек жүзеге асырылады. Жауынгерлік қаруды тасымалдау тәртiбін жауынгерлік қаруды пайдалану құқығы бар субъектiлер белгілейдi.

      55. Жауынгерлік қару мөрленетін немесе пломбаланатын қаптамаға буып-түйіледі.

      56. Жауынгерлік және жедел-қызметтік міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілері мен қызметкерлерінің, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жауынгерлік қарудың бірлі-жарым даналарын Қазақстан Республикасынан әкетуі және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі қаруды алып жүру құқығын растайтын құжат негізінде жүзеге асырылады.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органының іссапарға жіберу туралы бұйрығынан (өкімінен) көшірме немесе тиісті аумақтық кеден органына хаты қоса беріледі, оларда әкетілетін (әкелінетін) қару туралы ақпарат көрсетіледі.

      57. Көрсетілген құжаттардың көшірмелері Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктінде орналасқан аумақтық кеден органына ұсынылады.

      58. Құжаттар көшірмелерін төлнұсқаларымен салыстырғаннан кейін кеден органының қызметкері нөмірлі мөр қою арқылы растайды және олар әкетілетін (әкелінетін) қаруды кедендік ресімдеуді жүзеге асырған кеден органының ісінде қалады.

      59. Қазақстан Республикасына шақыру бойынша немесе қызметтік тапсырманы орындауына байланысты келетін шетелдік құқық қорғау органдары, арнаулы қызметтері мен әскерилендірілген ұйымдарының қызметкерлері жауынгерлік қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді, Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитті тиісінше Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар, Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары жазбаша қорытынды бойынша жүзеге асырады.

      60. Жазбаша қорытындыда шетелдік құқық қорғау органдары, арнаулы қызметтері мен әскерилендірілген ұйымдары қызметкерлерінің тегі, аты, әкесінің аты, қару түрі (маркасы), нөмірі және калибрі, әрбір әкелінетін қару бірлігіне оқ-дәрілер саны көрсетіледі. Жазбаша қорытындыға тиісінше Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасы арнаулы және құқық қорғау органдарының басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды.

      61. Жазбаша қорытынды мен оның көшірмесін қабылдаушы тараптың өкілі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктінде орналасқан аумақтық кеден және шекара органына ұсынады және кеден органының және шекара органының қызметкері мөр қою арқылы растайды, жазбаша қорытындының көшірмесі әкелінетін қаруды ресімдеуді жүзеге асырған кеден органының және шекара органының ісінде қалады.

      62. Қаруды әкету кезінде қаруды Қазақстан Республикасына әкелу кезінде аумақтық кеден органы мен шекара органы куәландырған жазбаша қорытындының түпнұсқасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктінде орналасқан аумақтық кеден және шекара органдарына ұсынылады және олардың істерінде қалады.

      Қару мен оның патрондарын әкелу және (немесе) әкету жағдайларында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекетпен мемлекеттік шекарада ресімдеу тек шекара органында жүргізіледі.

      63. Түйдектете оқ ататын және 10 патроннан астам оқжатары (барабаны) бар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында айналымына тыйым салынғанын қоспағанда, жауынгерлік қарумен марапаттау Қазақстан Республикасы Президентiнің Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкiметiнің қаулысы, шетел мемлекеттері басшыларының, шетел мемлекеттері үкiметтерi басшылары мен мүшелерiнің марапаттау құжаттары негiзiнде жүзеге асырылады.

      64. Жауынгерлік қарумен марапаттау Қазақстан Республикасының азаматтарын мемлекетке сіңірген еңбегі, жауынгерлік ерлігі, заңдылықты, құқық тәртібін, қоғамдық қауіпсіздікті, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету саласындағы жетістіктері үшін көтермелеу нысандарының бірі болып табылады.

      65. Жауынгерлік қарумен марапаттау туралы қолдаухатқа бастама танытатын мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Президенті және (немесе) Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінің жобасын (қарудың атауын, моделін, калибрін, сериясы мен нөмірін көрсете отырып) дербес әзірлейді және оны қарау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізеді.

      66. Марапаттау жауынгерлік қаруы және оның патрондары сату, айырбастау, сыйға тарту және мұрагерлік объектісі бола алмайды.

      67. Марапаттау жауынгерлік қаруы жоғалғанның, оның ішінде ұрлық нәтижесінде жоғалғанның орнына берілмейді.

      Қайтыс болғаннан кейін жауынгерлік қарумен марапаттау жүргізілмейді.

      68. Марапаттау жауынгерлік қаруының иесі қайтыс болған жағдайда көрсетілген қаруды жақын туыстары бір ай мерзімде ішкі істер органдарына тапсырады.

      69. Марапаттау жауынгерлік қаруын беру Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының балансында тұрған жауынгерлік қарудан жүзеге асырылады.

      70. Марапаттау жауынгерлік қаруын сақтау, алып жүру, алып қою, беру және тасымалдау, сақтауға және алып жүруге рұқсат беру, тіркеу, сондай-ақ ату жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      71. Жауынгерлік қаруды экспонаттау жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтық, қызметтік қару мен оның патрондарының айналымы үшін белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

10-тарау. Қару-жарақ пен әскери техника айналымын бақылау

      72. Қару-жарақ пен әскери техника айналымын мемлекеттік бақылау олардың қолданыс циклінің барлық кезеңдерінде жүзеге асырылады.

      73. Қару-жарақ пен әскери техника айналымын мемлекеттік бақылауды орталық атқарушы органдарда, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарда, олардың ведомстволарында жедел басқарудағы қару-жарақ пен әскери техника айналымын бақылауды қоспағанда, уәкілетті орган жүзеге асырады.


  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 29 қарашадағы
№ қаулысына
қосымша

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Жауынгерлік қол атыс қаруының және оған оқ-дәрінің, сондай-ақ суық қарудың айналымы ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 18 қыркүйектегі № 1032 қаулысы.

      2. "Жауынгерлiк қол атыс қаруы мен оның патрондарын жасау, өндiру, жөндеу, сату, сатып алу, экспонатқа қою жөнiндегi қызметті лицензиялаудың кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 маусымдағы № 635 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 24, 307-құжат).

      3. "Жауынгерлік қол атыс қаруының және оған оқ-дәрінің, сондай-ақ суық қарудың айналымы ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 18 қыркүйектегі № 1032 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 11 қарашадағы № 1203 қаулысы.