Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын айқындау қағидаларын және тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 672 қаулысы.

Қолданыстағы

      "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 11-2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын айқындау қағидалары;

      2) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 672 қаулысымен
бекітілген

Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" 2004 жылғы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 11-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және конкурстың қорытындысы бойынша тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын (бұдан әрі – бірыңғай оператор) айқындау тәртібін белгілейді.

      2. Пайдаланылатын ұғымдар мен терминдер:

      1) деректерді беру желісі – деректерді беру арналарымен және коммутациялық құрылғылармен (желі тораптарымен) байланысты шеткі құрылғылардан (терминалдардан) тұратын және барлық шеткі құрылғылар арасында ақпараттық хабарламалармен алмасуға арналған жүйе;

      2) деректерді өңдеу орталығы – желілік және есептеуіш жабдықтарының, мамандандырылған бағдарламалық қамтылымның, үздіксіз қоректендіру жүйелерінің, климаттық бақылаудың, қауіпсіздіктің және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің кешені;

      3) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі – ақпараттық ықпал ету арқылы белгілі бір технологиялық іс-әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған, тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау процестерін ақпараттық қамтамасыз ету және айналым процесінде одан әрі қадағалануы мақсатында әзірленген ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсететін персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырушылық ретке келтірілген жиынтығы;

      4) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін пайдаланушыларға қызмет көрсетуге арналған байланыс орталығы – тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін пайдаланушыларды тәулік бойы қолдау қызметі;

      5) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы саласындағы салалық уәкілетті мемлекеттік органдар – өздері реттейтін салаларда тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануын жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;

      6) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы саласындағы үйлестіруші орган (бұдан әрі – үйлестіруші орган) – тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының мәселелері бойынша басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын айқындау бойынша конкурсты өткізу тәртібі

1-параграф. Бірыңғай операторды айқындау бойынша конкурсты ұйымдастыру тәртібі

      3. Конкурс Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, конкурсқа қатысуға ниет білдірген және осы Қағидаларға 1-қосымшада көзделген талаптарға және конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келетін заңды тұлғалар арасында өткізіледі.

      4. Конкурсты ұйымдастырушы үйлестіруші орган болып табылады, ол конкурстық комиссияның, сарапшылық топтың құрамын, конкурстық құжаттаманы, тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің тестілеу жоспарын, конкурсты өткізу мерзімін және конкурсты өткізу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру мерзімін бекітеді.

      Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін тестілеу жоспары конкурсқа қатысушының тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу сапасы мен дайындық дәрежесін тексеру үшін басшылық болып табылады, оны үйлестіруші орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша бірыңғай операторды айқындау жөнінде конкурсты өткізу туралы хабарландыру жарияланған күнге дейін бекітеді.

      5. Конкурстық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) орталық мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылары және (немесе) орынбасарларының кемінде 9 мүшесінен қалыптастырылады.

      6. Комиссия құрамына төраға, төрағаның орынбасары және Комиссия мүшелері кіреді. Комиссияның төрағасы болмаған жағдайда, төрағаның функциялары Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеледі. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдаған кезде дауыс беруге құқығы жоқ.

      7. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін тестілеуді өткізу бойынша сарапшылық топ (бұдан әрі – сарапшылық топ) кемінде 3 адамнан:

      1) үйлестіруші органның;

      2) ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органның;

      3) "электрондық үкімет" сервистік интеграторының өкілдерінен қалыптастырылады.

      8. Егер Комиссия отырысына оның мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екі бөлігі қатысса, заңды деп есептеледі.

      9. Үйлестіруші орган бірыңғай операторды айқындау бойынша конкурсты өткізу туралы хабарландыруды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және үйлестіруші органның интернет-ресурсында бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде конкурс өткізілетін күнге дейін 15 жұмыс күні бұрын жариялайды. Конкурс қайта өткізілген жағдайда, қайта конкурс өткізу күніне дейін 7 жұмыс күні бұрын жарияланады.

      10. Бірыңғай операторды айқындау бойынша конкурс үш кезеңде өткізіледі:

      1) Комиссияның конкурстық өтінімдерді олардың конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкестігі, конкурсқа қатысушылардың бірыңғай операторға қойылатын талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарауы;

      2) бекітілген тестілеу жоспарына сәйкес тауарларды таңбалау мен олардың қадағануының ақпараттық жүйесін функционалдық және жүктемелік тестілеу;

      3) Комиссияның сарапшылық тобының хаттамасы негізінде тауарларды таңбалау мен олардың қадағануының ақпараттық жүйесін тестілеу нәтижелері бойынша конкурсқа қатысушының ақпараттық жүйесінің сапасы мен дайындық дәрежесін бағалау.

2-параграф. Конкурстық өтінімдердің мазмұны мен ұсынылуы

      11. Конкурсқа қатысушылар конкурстық құжаттамаға сәйкес конкурстық өтінімді ұсынады, онда:

      1) осы Қағидаларға 2-қосымшада белгіленген нысан бойынша конкурсқа қатысушы толтырған және қол қойған конкурсқа қатысуға өтінім;

      2) тіркелген заңды тұлға туралы электрондық анықтама;

      3) бірыңғай операторға қойылатын талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар;

      4) сәйкестендіру құралдарымен тауарларды таңбалау және таңбаланған тауарлардың қозғалысын қадағалау жүйесін іске асыру және оның жұмыс істеуі жөніндегі тұжырымдамалық пайым (презентация нысанында);

      5) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің сипаттамасы және оны енгізу бойынша жоспар қамтылуға тиіс.

      Конкурсқа қатысушы Комиссияның бағалауы үшін бекітілген тестілеу жоспарына сәйкес тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін көрсетеді.

      12. Конкурстық өтінім және қоса берілетін құжаттар үйлестіруші органға мемлекеттік немесе орыс тілдерінде, желімделген конвертте ұсынылады. Ұсынылған құжаттардың барлық парақтары өзара тігілуі, нөмірленуі және оған уәкілетті тұлға қол қоюы тиіс.

3-параграф. Конкурстық өтінімдерді ашу, бағалау және салыстыру

      13. Комиссия конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген жерде, күні мен уақытта конкурсқа келген барлық қатысушылардың уәкілетті өкілдерінің қатысуымен Комиссия отырысында конверттерді ашады және конкурстық өтінімдерді қарайды.

      14. Конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу кезінде Комиссия қатысып отырған тұлғаларға конкурсқа қатысушылардың атауын және орналасқан жерін, конкурстық өтінімді құрайтын құжаттардың бар-жоғын хабарлайды.

      15. Конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашу рәсімі бойынша Комиссия хатшысы ашу хаттамасын жасайды, оған Комиссия төрағасы, оның орынбасары, хатшысы және Комиссия мүшелері қол қояды.

      16. Комиссия конкурстық өтінімдерді олардың бірыңғай операторға және конкурстық құжаттамаға қойылатын талаптарға толық сәйкестігі тұрғысынан зерделейді. Бірыңғай операторға қойылатын талаптарға және (немесе) конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмейтін конкурстық өтінімдерді Комиссия қабылдамайды және конкурсқа қатысушыларға қайтаруға жатады.

4-параграф. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің сапасы мен дайындық дәрежесін бағалау

      17. Сарапшылық топ бірыңғай операторға қойылатын талаптарға және конкурстық құжаттама талаптарына сәйкес келетін конкурсқа қатысушылардың тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін тестілеу жоспарына сәйкес функционалдық және жүктемелік тестілеуді жүргізеді.

      18. Сарапшылық топ конкурсқа қатысушының тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін тестілеуді өткізу нәтижелері бойынша Комиссияның бағалауы үшін конкурсқа қатысушының таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің сапасы мен дайындық дәрежесінің тестілеу хаттамасын жасайды.

      Тестілеу хаттамасында конкурсқа қатысушының тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесіне жүргізілген функционалдық және жүктемелік тестілеу нәтижелерінің сипаттамасы қамтылуы тиіс.

      19. Комиссия сарапшылық топтың тестілеу хаттамасының негізінде осы Қағидаларға 3-қосымшада баяндалған тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін бағалау өлшемшарттарына сәйкес конкурсқа қатысушының тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің сапасын және дайындық дәрежесін бағалайды.

      20. Конкурсқа қатысушының ақпараттық жүйесінің сапасы мен дайындық дәрежесін өлшеу үшін тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін тестілеу барысында сарапшылық топ анықтаған қателер мен сәйкессіздіктер саны, олардың тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің жұмыс істеуіне әсерін және Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының процестерін тиімді іске асыруды қамтамасыз етуге ықпалын ескере отырып, ескеріледі.

      21. Комиссияның әрбір мүшесі конкурсқа қатысушының тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің сапасы мен дайындық дәрежесін бағалау кезінде балл беру бойынша шешімді жеке шығарады.

      22. Комиссия мүшелері берген барлық балдарды қосу арқылы ең көп балл алған қатысушы немесе қайта конкурс нәтижелері бойынша жалғыз қатысушы деп танылған қатысушы конкурс жеңімпазы болып танылады. Егер Комиссияның бағалау қорытындысы бойынша конкурсқа бірнеше қатысушы бірдей жоғары балл алған жағдайда, оған қатысып отырған Комиссия мүшелерінің көпшілігі дауыс берген қатысушы жеңімпаз болып танылады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының даусы шешуші дауыс болып табылады.

      Комиссия мүшелері ерекше пікір білдірген жағдайда оны жазбаша түрде баяндайды және Комиссия хаттамасына қоса береді.

5-параграф. Конкурстың қорытындысын шығару

      23. Комиссия конкурстық өтінімдері бар конверттерді ашқан күннен бастап 20 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімде конкурстың қорытындысын шығарады.

      24. Комиссия отырысының қорытындылары бойынша Комиссияның хаттамасы ресімделеді, онда конкурсқа қатысушылардың атауы, орналасқан жері, деректемелері және олардың негізінде конкурс жеңімпазы айқындалған шарттар, конкурстық өтінімдері қабылданбаған қатысушылардың атауы мен орналасқан жері, оларды қабылдамау себептері көрсетіле отырып, көрсетіледі.

      25. Конкурстың қорытындыларын шығару туралы хаттамаға төраға, оның орынбасары және Комиссияның барлық қатысып отырған мүшелері, сондай-ақ Комиссияның хатшысы конкурстың қорытындылары шығарылған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей қол қояды.

      26. Конкурстың нәтижелері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын ресми баспа басылымдарында және үйлестіруші органның интернет-ресурсында бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде конкурс қорытындыларын шығару туралы хаттамаға қол қойылған күннен кейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жарияланады.

      27. Егер:

      1) оған екі қатысушыдан кем қатысса;

      2) бірде-бір конкурстық өтінім берілмесе;

      3) конкурсқа қатысушылардың барлығы бірыңғай операторға қойылатын талаптарға және (немесе) конкурстық құжаттаманың талаптарына сәйкес келмесе, Комиссия конкурсты өткізілмеді деп таниды.

      28. Бір конкурсқа екі рет бір өтінім келіп түскен жағдайда, осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін осы жалғыз қатысушы бірыңғай оператор болып танылады.

      29. Өткізілген конкурс нәтижелері бойынша туындаған барлық дауларды Комиссия қарайды. Комиссияның дауды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.

      30. Үйлестіруші орган конкурс қорытындылары туралы хаттаманың негізінде бірыңғай операторды айқындау туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді және оны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жібереді.

      31. Бірыңғай оператор Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.

  Тауарларды таңбалау мен
олардың қадағалануының
бірыңғай операторын айқындау
қағидаларына
1-қосымша

Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторына қойылатын талаптар

      Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторының тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы процестерін қамтамасыз ететін ресурстары, оның ішінде:

      1) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін, сондай-ақ деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуын қамтамасыз ететін деректерді өңдеу орталығы (орталықтары), деректерді беру желілері;

      2) материалдық жеткізгішке сәйкестендіру құралдарын басып беру бойынша көрсетілетін қызметтерді көрсету үшін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында аудандардың әкімшілік орталықтары деңгейіне дейін филиалдары, өкілдіктері және (немесе) өзге де құрылымдық бөлімшелері;

      3) өз инфрақұрылымына техникалық қызмет көрсету үшін білікті персоналы;

      4) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы процестерін іске асыру бойынша ақпараттық жүйесі;

      5) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін пайдаланушыларға қызмет көрсету үшін байланыс-орталығы;

      6) тауар өндірушілерге – Қазақстан Республикасының шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мүліктік жалдау (жалға алу), лизинг және басқа да қаржы құралдары шарттарымен берілетін материалдық жеткізгішке сәйкестендіру құралдарын басуға арналған жабдығы болуы тиіс.

  Тауарларды таңбалау мен
олардың қадағалануының
бірыңғай операторын айқындау
қағидаларына
2-қосымша
Нысан

КОНКУРСҚА ҚАТЫСУҒА ӨТІНІМ

      (заңды тұлғалар үшін)

      (Кімге) ______________________________________________________

      (конкурсты ұйымдастырушының атауы)

      (Кімнен) ____________________________________________________

      (заңды тұлғаның толық атауы көрсетіледі)

      ___________________________________________________осы өтінім

      (заңды тұлғаның толық атауы көрсетіледі)

      тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының бірыңғай операторын таңдау бойынша конкурсқа қатысуға өз ниетін білдіреді және конкурстық құжаттамада көзделген талаптар мен шарттарға сәйкес Қазақстан Республикасында тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануы процестерін іске асыруды жүзеге асыруға келісім білдіреді.

      ____________________________________________________

      (заңды тұлғаның толық атауы көрсетіледі)

      конкурстық құжаттамамен танысқанын және осы конкурсқа қатысуға өтінімде және оған қоса берілетін құжаттарда жалған мәліметтерді ұсынғаны үшін өзіне толық жауапкершілік алатынын растайды. Осы конкурстық өтінім мыналардан тұрады:

      ____________________________________________________________________

      (конкурсқа қатысуға өтінімге қоса берілетін құжаттар тізбесі)

      Осы конкурстық өтінім конкурстық өтінімдер бар конверттерді ашқан күннен кейін __________күн ішінде жарамды болады.

      (жазумен)

      _____________________________________________________

      (заңды тұлғаның толық атауы көрсетіледі)

      атынан және тапсырмасы бойынша конкурстық өтінімге қол қоюға барлық өкілеттігі бар

      ___________________________________________ ________________

      (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (Қолы, күні)

  Тауарларды таңбалау мен
олардың қадағалануының
бірыңғай операторын айқындау
қағидаларына
3-қосымша

      Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін бағалау өлшемдері (тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесін тестілеу нәтижелері бойынша жүргізіледі)

Р/с №

Тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың ақпараттық жүйесін бағалауға арналған өлшемшарттар

Бағалау бірлігі (балмен)

1

2

3


Конкурсқа қатысушының ақпараттық жүйесінің осы қаулыда белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан дайындық дәрежесі (ақпараттық жүйені тестілеу нәтижелері бойынша)

Ең жоғарғы 30 балл

1

Тауарларға таңбалау кодтарын беру жолымен сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға жататын тауардың әрбір бірлігін бірегей сәйкестендіруді қамтамасыз ету.
Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі:
- тауарға немесе тұтыну қаптамасына немесе айналымнан шығарылмаған материалдық жеткізгішке салынған кодты қайта сериализациялауға;
- айналымнан шығарылған сәйкестендіру құралдарының қайта айналымына жол бермеуі тиіс

0 – жоқ
1 – иә

2

Тауарды таңбалау кодын рұқсатсыз шығарудан, көшіруден, жаппай шығарудан және қолдан жасаудың басқа да әдістерінен қорғауды қамтамасыз ету

0 – жоқ
1 – иә

3

Сәйкестендіру құралдарын автоматтандырылған есепке алуды, оның ішінде таңбалау кодтарының мәртебесін ауыстыру арқылы қамтамасыз ету (өндіру, импорттау, айналымға енгізу, сату, айналымнан шығару, қайтару, бүлдіру, жоғалту кезінде және т. б.)

0 – 2 балл
0 – сәйкес келмейді
1 балл – ішінара сәйкес келеді
2 – сәйкес келеді

4

Тауар қаптамасын агрегациялаудың барлық деңгейлерінің сәйкестендіру құралдарын өзара байланысты есепке алуды қамтамасыз ету (тұтынушылық - топтық - көліктік)

0 – 2 балл
0 – сәйкес келмейді
1 балл – ішінара сәйкес келеді
2 - сәйкес келеді

5

Тауарларды таңбалау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды және анықталған бұзушылық туралы хабарлама жіберу мүмкіндігімен мобильді қосымша арқылы тауарға келтірілген сәйкестендіру құралының түпнұсқалығын тексеруді қамтамасыз ету.
Тауарға түсірілген сәйкестендіру құралының түпнұсқалығын тексеру кезінде тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі тауар туралы ақпаратты кем дегенде мынадай мәліметтер жиынтығымен сипаттауы тиіс: саудалық атауы, өндіруші, импортер, кедендік декларацияның нөмірі мен күні, өндіріс орны мен күні (егер көзделген болса), сертификат немесе сәйкестік декларациясы (егер сәйкестікті міндетті растауға жататын болса), сынақ сертификатының күні мен нөмірі, тауардың құны

0 – жоқ
1 – иә

6

Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде тауарлар айналымына барлық қатысушыларды тіркеу мен есепке алуды қамтамасыз ету

0 – жоқ
1 – иә

7

Таңбаланған тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында олар туралы мәліметтерді қамтитын тауарлар айналымына қатысушылар арасында электрондық ілеспе құжаттарды қалыптастыру, өңдеу және алмасу

0 – 2 балл
0 – сәйкес келмейді
1 балл – ішінара сәйкес келеді
2 – сәйкес келеді

8

Электрондық өзара іс-қимыл хаттамалары мен интерфейстерін пайдалана отырып, ақпараттық электрондық сервистер арқылы тауарлар айналымына қатысушылардың ақпараттық жүйелерімен деректер алмасу

0 – 2 балл
0 – сәйкес келмейді
1 балл – ішінара сәйкес келеді
2 – сәйкес келеді

9

ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы трансшекаралық сауда шеңберінде ЕАЭО мүше мемлекеттері арасында өткізілетін таңбаланған тауарлар туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз ету

0 – жоқ
1 – иә

10

Таңбаланған тауарды өткізу туралы мәліметтерді алу бөлігінде Қазақстан Республикасының фискалдық деректерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету

0 – 2 балл
0 – сәйкес келмейді
1 балл – ішінара сәйкес келеді
2 – сәйкес келеді

11

Уәкілетті мемлекеттік органдар үшін талдамалық және статистикалық ақпаратты қалыптастыру

0 – жоқ
1– иә

12

Осындай тауарлардың иелері болып табылатын тауарлар айналымына қатысушылар үшін таңбаланған тауарлар бойынша талдамалық ақпаратты қалыптастыру

0 – жоқ
1– иә

13

Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасын оларды сәйкестендіру және аутентификациялау үшін пайдалану, сондай-ақ тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде құжат айналымын қамтамасыз ету мүмкіндігі

0 – жоқ
1– иә

14

Енгізілетін деректердің дұрыстығын тексеру үшін автоматтандырылған форматтық-логикалық бақылау тетігін іске асыру

0 – жоқ
1– иә

15

Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде пайдаланушылық операцияларды орындауға арналған web-қосымша

0 – жоқ
1– иә

16

Пайдаланушылардың интерфейс тілін таңдау мүмкіндігін іске асыру үшін қазақ және орыс тілдерін қолдауды қамтамасыз ету

0 – жоқ
1– иә

17

Кодтардың уақтылы эмиссиясын және кемінде 1 миллион пайдаланушыға бір мезгілде қызмет көрсетуді қоса алғанда, тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету

0 – жоқ
1– иә

18

Анықтамалықтарды, тізілімдер мен жіктеуіштерді қоса алғанда, тауарларды таңбалау және олардың қадағалануының ақпараттық жүйесіне қатысушылар пайдаланатын нормативтік-анықтамалық ақпараттың біртұтастығын қамтамасыз ету

0 – жоқ
1– иә

19

Жүйеде сақталатын таңбалау кодтарының саны-кемінде 10 миллиард

0 – жоқ
1– иә

20

Қоймадағы жазбалар саны – кемінде 40 миллиард

0 – жоқ
1– иә

21

Тәулік сайын салынатын таңбалау кодтарының саны – кемінде 50 миллион

0 – жоқ
1– иә

22

Таңбалау коды туралы ақпаратты беру уақыты – 5 секундтан аспайды

0 – жоқ
1– иә

23

Сыртқы контурды пайдаланушылардың қолдау көрсетілетін саны (мобильді қосымша) – кемінде 1 миллион

0 – жоқ
1– иә

24

Кассалардың қолдау көрсетілетін саны – кемінде 1 миллион

0 – жоқ
1– иә

25

1 миллион таңбалау кодының иесінің ауысуын өңдеу уақыты – 3 минуттан аспайды

0 – жоқ
1– иә

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 10 қыркүйектегі
№ 672 қаулысымен
бекітілген

Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптар

      Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі мынадай талаптарға сәйкес болуы тиіс:

      1. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесіне қойылатын функционалдық талаптар:

      1) тауарларға таңбалау кодтарын беру арқылы сәйкестендіру құралдарымен таңбалануға жататын тауардың әрбір бірлігін бірегей сәйкестендіруді қамтамасыз ету.

      Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі тауарға немесе тұтыну қаптамасына немесе айналымнан шығарылмаған материалдық жеткізгішке салынған кодты қайта сериализациялауға жол бермеуі тиіс;

      2) тауарды таңбалау кодын рұқсатсыз шығарудан, көшіруден, жаппай шығарудан және қолдан жасаудың басқа да әдістерінен қорғауды қамтамасыз ету;

      3) сәйкестендіру құралдарын автоматтандырылған есепке алуды, оның ішінде таңбалау кодтарының мәртебесін ауыстыру жолымен қамтамасыз ету (өндіру, импорттау, айналымға енгізу, сату, айналымнан шығару, қайтару, бүлдіру, жоғалту кезінде және т.б.);

      4) тауар қаптамасын агрегациялаудың барлық деңгейлеріндегі сәйкестендіру құралдарының өзара байланысты есебін қамтамасыз ету (тұтыну - топтық - көліктік);

      5) Қазақстан Республикасының салық төлеушілерінің, салық және кеден заңнамасының сыртқы экономикалық қызмет қатысушыларының тиісінше орындауын қамтамасыз ету;

      6) салықтық және кедендік әкімшілендіруді жүзеге асыру үшін салалық уәкілетті мемлекеттік органдарға мәліметтердің уақтылы және толық көлемде ұсынылуын қамтамасыз ету;

      7) тауарларды таңбалау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды және анықталған бұзушылық туралы хабарлама жіберу мүмкіндігімен мобильді қосымша арқылы тауарға түсірілген сәйкестендіру құралының түпнұсқалығын тексеруді қамтамасыз ету.

      Тауарға келтірілген сәйкестендіру құралының түпнұсқалығын тексеру кезінде тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі тауар туралы ақпаратты кем дегенде мынадай мәліметтер жиынтығымен сипаттауы тиіс: сауда атауы, өндіруші, импортер, кедендік декларацияның нөмірі мен күні, өндіріс күні (егер көзделген болса);

      8) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде тауарлар айналымына барлық қатысушыларды тіркеу мен есепке алуды қамтамасыз ету;

      9) таңбаланған тауарлардың қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында олар туралы мәліметтерді қамтитын тауарлар айналымына қатысушылар арасында электрондық ілеспе құжаттарды қалыптастыру, өңдеу және алмасу;

      10) электрондық өзара іс-қимыл хаттамалары мен интерфейстерін пайдалана отырып, ақпараттық электрондық сервистер арқылы тауарлар айналымына қатысушылардың ақпараттық жүйелерімен деректер алмасу;

      11) ЕАЭО интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы трансшекаралық сауда шеңберінде ЕАЭО мүше мемлекеттер арасында өткізілетін таңбаланған тауарлар туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз ету;

      12) таңбаланған тауарды өткізу туралы мәліметтерді алу бөлігінде Қазақстан Республикасының фискалдық деректерінің ақпараттық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету;

      13) уәкілетті мемлекеттік органдар үшін талдамалық және статистикалық ақпаратты қалыптастыру;

      14) таңбаланған тауарлардың иелері болып табылатын тауарлар айналымына қатысушылар үшін осындай тауарлар бойынша талдамалық ақпаратты қалыптастыру;

      15) шешімдерді қабылдауды одан әрі талдау, болжау және қолдау мақсатында талдамалық жүйелер үшін жинақталған деректерді құрылымдау және ұсыну мүмкіндігін қамтамасыз ету;

      16) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде оларды сәйкестендіру және аутентификациялау, сондай-ақ тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде құжат айналымын қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалану мүмкіндігі іске асырылуы тиіс;

      17) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде енгізілген деректердің сапасын тексеру үшін автоматтандырылған форматтық-логикалық бақылау тетігі іске асырылуы тиіс;

      18) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде пайдаланушылық операцияларды орындауға арналған web-қосымша іске асырылуы тиіс;

      19) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде пайдаланушылардың интерфейс тілін таңдау мүмкіндігін іске асыру үшін қазақ және орыс тілдерін қолдау қамтамасыз етілуі тиіс;

      20) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде анықтамалықтарды, тізілімдер мен сыныптауыштарды қоса алғанда, тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде қатысушылар пайдаланатын нормативтік-анықтамалық ақпараттың бірлігі қамтамасыз етілуі тиіс;

      21) тауарлар туралы мәліметтерді сұрату кезінде тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің жауап беру уақыты 15 секундтан аспауы тиіс;

      22) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі кемінде 1 миллион пайдаланушының жүйені бір мезгілде пайдалануын қамтамасыз етуі тиіс;

      23) тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесі күнін, уақытын, пайдаланушы компьютерінің IP-мекенжайын көрсете отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушылардың әрекеттерін тіркеуді қадағалау мүмкіндігін қамтамасыз етуі тиіс.

      2. Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінің мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграциялық өзара іс-қимылына қойылатын талаптар.

      Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде мемлекеттік ақпараттық ресурстармен, оның ішінде сыртқы ақпараттық жүйелерден мәліметтерді бастапқы қабылдау және мезгіл-мезгіл өзектендіру бөлігінде "Электрондық үкімет" шлюзі арқылы интеграциялық өзара іс-қимыл іске асырылуы тиіс:

      жеке кәсіпкерлер тізілімі;

      ұлттық куәландырушы орталық.

      Тауарларды таңбалау мен олардың қадағалануының ақпараттық жүйесінде уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекеттік ақпараттық ресурстарымен, оның ішінде "Электрондық үкімет" шлюзі арқылы, ал таңбаланған тауарлар туралы ақпаратты беру және/немесе алу бөлігінде:

      салықтық және кедендік әкімшілендіру мақсатында таңбаланған тауарлар туралы мәліметтер алу үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерімен;

      жекелеген тауар топтары бойынша салалық уәкілетті органдардың таңбалау мен олардың қадағалануы ақпараттық жүйелерімен (қажет болған жағдайда) интеграциялық өзара іс-қимыл іске асырылуы тиіс.

      3. Қауіпсіздікке және деректерді қорғауға қойылатын талаптар "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысына сәйкес айқындалады.