Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі № 185 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі, Мәдениет және спорт министрліктері осы қаулымен енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың техникалық іске асырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
  Үкіметінің
  2019 жылғы 11 сәуірдегі
  № 185 қаулысымен
  бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақтың күшін жою көзделген - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен (01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі).

      1. "Кейбір нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 2001 жылғы 31 қаңтардағы № 168 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесінде іс жүргізу жөніндегі нұсқаулықта:

      8-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Алынған құжаттар мен пакеттер жеткіліксіз болған немесе бүлінген, конверттердегі нөмірлер құжаттардағы нөмірлермен сәйкес келмеген жағдайда, іс жүргізу және архив секторы меңгерушісінің ЭЦҚ-сымен куәландырылатын электрондық түрде акт жасай отырып (2-қосымша), құжаттарды цифрлау (сканерлеу) жүзеге асырылады және Мемлекеттік органдардың электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі (бұдан әрі – ЭҚАБЖ) арқылы цифрланған құжатпен бірге тиістілігіне қарай жолданады. ЭҚАБЖ-дан басып шығарылған және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 703 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларында (бұдан әрі – Құжаттама жасау қағидалары) көзделген тәртіппен ЭЦҚ-ның оң нәтижесі айқындалғаны туралы мөртаңбамен расталған актінің қағаз көшірмесі құжаттармен бірге жөнелтушіге жолданады.

      Дұрыс жолданбаған және ресімделмеген немесе Құжаттама жасау қағидаларында көзделген міндетті деректемелері жоқ, қате салынған құжаттар тиістілігіне қарай қайта жөнелтіледі немесе жөнелтушіге қайтарылады.";

      17-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат ЭЦҚ тексерілгеннен кейін тіркеледі және электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы Басшылықтың қабылдау бөлмелеріне және Кеңсенің құрылымдық бөлімшелеріне (бұдан әрі – құрылымдық бөлімшелер) Құжаттама жасау қағидаларына сәйкес беріледі.";

      45-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік органдарға жіберілетін шығыс хаттар қысқа әрі анық болуға тиіс. Әрбір құжат, әдетте, бір мәселе бойынша жасалып, электрондық құжаттардың шаблондарын пайдалана отырып, мемлекеттік тілде ресімделуге (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі), күні мен нөмірі, адресаты, тақырыбы мен мәтіні, ЭЦҚ, аты-жөні мен тегі, орындаушы туралы белгі болуға тиіс.

      МО БКО-ға қосылған электрондық құжат айналымы жүйесі жоқ тұлғалар мен ұйымдарға жіберілетін шығыс хаттар елтаңбалық бланкіде мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі) басып шығарылуға, күні мен нөмірі, адресаты, тақырыбы мен мәтіні, қолы, аты-жөні мен тегі, орындаушы туралы белгі болуға тиіс және әдетте, бір данада дайындалып, қол қойылады, кейін ол адресатқа жолданады.";

      48-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Шығыс құжаттарды жасау (әзірлеу) кезінде Үкімет пен Кеңсенің ресми бланкілеріне сәйкес келетін электрондық құжаттардың шаблондары да пайдаланылады.";

      49-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасының Парламентіне, басқа мемлекеттердің басшыларына жолданатын құжаттар Үкіметтің немесе Премьер-Министрдің елтаңбалық бланкілерінде дайындалып жіберіледі және оларға Премьер-Министр немесе Премьер-Министрдің орынбасарлары екі данада қол қояды. Елтаңбалық бланкілер А4 бланк форматындағы (210х297 мм) ақ қағазға басып шығарылады.";

      69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "69. Электрондық құжат айналымы жүйесін және электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалану тиісті Құжаттама жасау қағидаларында айқындалады.";

      134-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "134. Кеңсеге енгізілетін Үкімет қаулыларының жобаларын БҚҚБ әр сәрсенбі сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін МОИП арқылы электрондық форматта (нысанда) қабылдайды.

      Кеңсеге енгізілетін Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын БҚҚБ күн сайын сағат 9.00-ден 15.30-ға дейін МОИП арқылы электрондық форматта (нысанда) қабылдайды және олар құрылымдық бөлімшелерге жіберіледі.

      Заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын қамтитын Үкімет қаулыларының жобаларын, Үкімет қорытындыларының жобаларын Кеңсе қағаз және электрондық форматтарда (нысандарда) ЭҚАБЖ арқылы қабылдайды.

      Мыналарға:

      1) Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының жоспарына түзетулер енгізуге;

      2) гуманитарлық көмек көрсетуге;

      3) халықаралық шарттарды мақұлдауға және кейіннен қол қоюға;

      4) Үкімет резервінен қаражат бөлуге не республикалық бюджет туралы заңды іске асыруға бағытталған Үкімет қаулыларының жобалары қабылданады және құрылымдық бөлімшелерге беріледі.

      Заң жобаларын, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің жобаларын қамтитын Үкімет қаулыларының жобалары, Үкімет қорытындыларының жобалары, сондай-ақ пысықталғанынан кейін мемлекеттік органдар қайта енгізетін Үкімет қаулыларының жобалары, Үкімет тапсырмасы бойынша енгізілетін Үкіметтің нормативтік емес қаулыларының жобалары, сондай-ақ Үкімет басшылығының тапсырмаларын орындау үшін әзірленген, Үкіметке шұғыл енгізу көзделетін Үкіметтің нормативтік қаулыларының жобалары күн сайын сағат 9.00-ден 15.30-ға дейін қабылданады және құрылымдық бөлімшелерге беріледі.

      "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын Кеңсе тек қағаз жеткізгіштерде қабылдайды.";

      138-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "138. Мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндердің теңтүпнұсқалығы үшін әзірлеуші мемлекеттік органның басшысы дербес жауапты болады.";

      139-тармақ алып тасталсын;

      140-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "140. Тіркелген қаулылар жобаларының түпнұсқалары жобаны қарауға жауапты құрылымдық бөлімшеге беріледі.

      Бұрын тіркелген нөмірге келіп түскен жобалар МО ИП немесе ЭҚАБЖ арқылы жобаны қарауға жауапты, жинақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшеге (жобалардың қағаз жеткізгіштердегі түпнұсқалары), сондай-ақ бірлесіп орындаушы бөлімдерге және Заң бөліміне (жобалардың қағаз жеткізгіштердегі көшірмелері) жіберіледі.";

      142-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "142. Кеңседе жобалардың өту мерзімі (жоба құрылымдық бөлімшелерге келіп түскен күннен бастап қол қойылған құжат шығаруға тапсырылғанға дейін): Үкімет қаулыларының жобалары үшін – 20 (жиырма) жұмыс күнінен (басым заң жобалары мен шұғыл деп жариялау жоспарланып отырған, өту мерзімі күнтізбелік 5 (бес) күннен аспауға тиіс заң жобаларын қоспағанда); Премьер-Министр өкімдерінің жобалары үшін – 15 (он бес) жұмыс күнінен аспауға тиіс.";

      144-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "144. Кеңсе Басшысы түскен жобалар, жобаны Үкімет отырысына немесе Үкімет мүшелерінің сырттай дауыс беруіне шығару туралы ұсыныстар жөнінде Премьер-Министрді хабардар етеді.";

      146-тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) жобаларды БҚҚБ-ның электрондық және қағаз құжаттар жиынтығын тиісінше қалыптастыруға, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндердің тең түпнұсқалығына жауапты қызметкерлері, жауапты бөлімнің және бірлесіп орындаушы бөлімдердің, Заң бөлімінің меңгерушілері, Кеңсе Басшысы және оның орынбасарлары (олардың міндеттерін бөлуге сәйкес), Премьер-Министрдің тиісті орынбасарлары (олардың міндеттерін бөлуге сәйкес) МОИП немесе ЭҚАБЖ арқылы келіседі және МОИП арқылы жобаларды әзірлеуші мемлекеттік органдарға қайта келісуге жолданады.

      МОИП және ЭҚАБЖ арқылы келісілгеннен кейін елтаңбалық бланкідегі жобаны жобаның өтуіне жауапты Кеңсенің құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі, Кеңсе Басшысы, Премьер-Министрдің тиісті орынбасарлары (олардың міндеттерін бөлуге сәйкес) қолбелгі қою арқылы келіседі, бұл ретте әзірлеуші мемлекеттік органның қайта келісу нәтижелері (бірінші басшысының Т.А.Ә., қайта келісу датасы мен уақыты, ЭЦҚ-ны тексеру нәтижелері, жобаның нөмірі мен нұсқасы) жобаның әрбір парағы мәтінінің төменгі бөлігінде мәтіндік ақпарат және штрих-код ретінде көрсетіледі.

      Заң жобаларын Парламентке жіберуді не оларды Парламенттен кері қайтарып алуды көздейтін қаулы жобаларын, сондай-ақ Үкімет бастамашылық жасаған заң жобаларына депутаттардың түзетулері бойынша Үкімет қорытындыларын Үкіметтің Қазақстан Республикасының Парламентіндегі Өкілдігінің басшысы қосымша келіседі;";

      146-тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) Үкімет отырысы өткізілгенге дейін 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, толық дайындалған құжаттардың топтамасын электрондық және қағаз түрінде БҚҚБ-ға ұсынады.

      Егер жоба бойынша Кеңсе Басшысының тікелей тапсырмасы болмаса, БҚҚБ жобаларды Үкімет отырысының қарсаңында, яғни 1 (бір) жұмыс күні қалғанда қабылдамайды.

      Үкімет отырысында Үкімет мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен (және сырттай дауыс берумен) қабылданған жобалар Премьер-Министрге қол қоюға ұсынылады.

      Жобалар Үкімет отырысында қаралғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде Премьер-Министрге қол қоюға ұсынылуға тиіс.";

      151-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "151. Үкімет мүшелері сырттай дауыс беру мерзімі аяқталғанға дейін Кеңсеге электрондық құжаттар нысанында жауаптар немесе ("Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар жобалар бойынша, сондай-ақ Үкімет мүшесі Қазақстан Республикасы аумағында іссапармен болған жағдайда) жазбаша жауаптар жібереді, онда өз пікірлерін білдіреді. Көрсетілген мерзімде жауап болмаған жағдайда, Үкімет мүшесі жобаның қабылдануына дауыс берді деп саналады.";

      159-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "159. Премьер-Министр қол қойған барлық қосымшалары мен материалдары бар қаулының (өкімнің) түпнұсқасын орындаушы БҚҚБ-ға МО ИП-та немесе ЭҚАБЖ-да жобаның жүйелік нөмірін, түпнұсқа файлдарының атауларын (ақпараттың байттағы көлемі туралы деректермен) көрсете отырып, арнайы мұқабада мынадай тәртіппен береді:

      МОИП арқылы жасалған жобалар:

      1) барлық қолбелгілері мен қосымшалары бар қаулының (өкімнің) қағаз түріндегі, сондай-ақ Премьер-Министрдің ЭЦҚ-сы қойылған электрондық нысандағы түпнұсқасы;

      2) Кеңсенің құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі қол қойған қағаз түріндегі, сондай-ақ ЭЦҚ-мен расталған электрондық нысандағы тарату көрсеткіші;

      3) Үкімет мүшелерінің электрондық түрдегі дауыс беру нәтижелері;

      4) жоба бойынша электрондық түрдегі анықтамалар;

      5) мемлекеттік орган ұсынған барлық қосымшалары (қорытындылар, анықтама-негіздемелер, шешімдер және т.б.) бар қаулы (өкім) жобасы;

      6) қажет болған кезде мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін жүктеу туралы мөрмен расталған *pdf форматындағы бұйрықтың болуы;

      ЭҚАБЖ арқылы жасалған жобалар:

      1) барлық қолбелгілері мен қосымшалары бар қаулының (өкімнің) қағаз түріндегі, сондай-ақ Премьер-Министрдің ЭЦҚ-сы қойылған электрондық нысандағы түпнұсқасы;

      2) Кеңсенің құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі қол қойған қағаз түріндегі, сондай-ақ ЭЦҚ-мен расталған электрондық нысандағы тарату көрсеткіші;

      3) Үкімет мүшелерінің қағаз түріндегі дауыс беру нәтижелері;

      4) жоба бойынша (ЭЦҚ-мен расталған қағаз және электрондық нысандағы) анықтама;

      5) мемлекеттік орган ұсынған барлық қосымшалары (қорытындылар, анықтама-негіздемелер, шешімдер және т.б.) бар қағаз түріндегі, сондай-ақ ЭЦҚ-мен расталған электрондық нысандағы қаулы (өкім) жобасы;

      6) қажет болған кезде мемлекеттік органның бірінші басшысының міндетін жүктеу туралы мөрмен расталған қағаз түріндегі, сондай-ақ *pdf форматында электрондық нысандағы бұйрықтың болуы.

      "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар жобалар бойынша құжаттар топтамасы тек қағаз жеткізгіштерде қалыптастырылады.";

      162-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Үкімет қаулысын және Премьер-Министр өкімін ЭЦҚ-мен куәландырылған электрондық құжат нысанында қабылдаған мемлекеттік орган Құжаттама жасау қағидаларында көзделген тәртіппен ЭЦҚ-ның оң нәтижесін айқындап, белгіленген тәртіппен тіркейді.";

      15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24, 25, 26, 27, 28, 29, 30, 31 және 36-қосымшалар алып тасталсын.

      2. "Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Кеңсесiнiң мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметiнiң 2002 жылғы 11 қыркүйектегі № 993 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 29, 327-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесi туралы ережеде:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Кеңсенің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 6, "Үкімет үйі"".

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.