Соттардың алименттерді өндіріп алу жөніндегі істерді қараған кезде заңнаманы біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
1. Алименттерді өндіріп алу жөніндегі дауларды қараған кезде соттар Қазақстан Республикасының Конституциясын (бұдан әрі – Конституция), "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының кодексін (бұдан әрі – Кодекс), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексін (бұдан әрі – АПК), Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін (бұдан әрі – ӘРПК) және өзге де нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алуға тиіс. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта Кодексте қамтылғаннан өзгеше қағидалар белгіленсе, халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.
Алименттік міндеттемелердің туындау және олардың тоқтатылу негіздері, сондай-ақ алимент алуға құқығы бар адамдардың және оларды төлеуге міндетті адамдардың тізбесі, алименттерді төлеу және өндіріп алу тәртібі, алименттік міндеттемелерді белгілеумен және орындаумен байланысты өзге де қатынастар Кодекстің 5-бөлімімен реттеледі.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.2. АПК-нің 27-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әке болуды анықтаумен байланысты алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюлар және алименттердің мөлшерін азайту туралы талап қоюлар кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарда қаралуға және шешілуге жатады.
Алименттерді өндірумен байланысты өзге де талап қоюларды, оның ішінде алименттерді төлеу туралы келісімді өзгерту, бұзу немесе жарамсыз деп тану туралы талап қоюларды аудандық (қалалық) соттар қарайды.
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жатқызылған істер кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің өтінішхаты бойынша, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, облыс орталықтарының шегінде орналасқан аудандық (қалалық) соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, баланың тұрғылықты (болатын) жеріндегі аудандық (қалалық) сотта қаралуы мүмкін немесе оған жіберілуі мүмкін.
АПК-нің 30-бабының төртінші бөлігіне сәйкес талап қоюшы алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларды өзінің тұрғылықты жері бойынша беруі мүмкін.
Алименттердің мөлшерін ұлғайту, алименттерді уақтылы төлемеумен байланысты тұрақсыздық айыбын өндіру туралы талап қоюлар өндіріп алушының алименттер алу құқықтарынан туындайтындықтан, ондай талап қоюлар талап қоюшының таңдауымен өзінің тұрғылықты жері не жауапкердің тұрғылықты жері бойынша берілуі мүмкін.
Алименттер төлеуге міндетті адамдардың алименттер төлеуден немесе алименттер бойынша берешекті төлеуден босату туралы талап қоюлары жауапкердің тұрғылықты жері бойынша қаралуға жатады.
3. Кәмелетке толмаған балаларға алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюға құқылы адамдар болып мыналар: бала бірге тұратын ата-анасының бірі, баланың қорғаншысы (қамқоршысы), патронат тәрбиеші, баланы қабылдайтын ата-аналар, жетім балалар, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарының басшылары, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, егер бір адам бала асырып алуды баланың екінші ата-анасымен жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары мен міндеттерін сақтай отырып жүргізсе, бала асырап алушы танылуы мүмкін.
4. Алименттер төлеуге міндетті адам және оларды алушы нотариаттың куәландыруына жататын алименттерді төлеу туралы жазбаша келісім жасасуға құқылы. Алименттер төлеуге міндетті адам және (немесе) алименттерді алушы әрекетке қабілетсіз болған жағдайда келісім олардың заңды өкілдері арасында жасалады.
Алименттерді төлеу туралы нотариат куәландырған келісім болмаған жағдайда алимент алуға құқығы бар адам алименттерді өндіріп алу туралы талабымен сотқа жүгінуге құқылы.
Алименттерді төлеу туралы нотариат куәландырған келісім болмаған жағдайда алименттердің ерікті түрде төленуі өндіріп алушының оларды өндіріп алу туралы талабымен сотқа жүгінуіне кедергі болмайды.
5. Кәмелетке толмаған балаларға алименттерді өндіріп алу туралы талаптарды сот іс жүргізудің бұйрықтық немесе талап қою тәртібімен шешеді.
Әке (ана) болудың анықталуына немесе үшінші тұлғаларды тарту қажеттігіне байланысты емес кәмелетке толмаған балаларды бағып-күтуге арналған алименттерді өндіріп алу туралы талаптарды соттар арызда көрсетілген сот ісін жүргізу түріне қарамастан, АПК-нің 135-бабының 4) тармақшасына сәйкес бұйрық арқылы іс жүргізіп қарайды.
Сот бұйрықтарының негізінде алименттер Кодекстің 139-бабында белгіленген мөлшерде ата-аналарының табысынан және (немесе) өзге де кірісінен үлестік арақатынас бойынша өндіріледі.
АПК-нің 136-бабына байланысты сот бұйрығын шығару туралы арызда талапқа негіз болған мән-жайлар мен мәлімделген талапты растайтын қоса берілген құжаттардың тізбесі баланың ата-анасы болып табылатынын растайтын дәлелдемелер (баланың туу туралы куәлігі, неке туралы немесе некені бұзу туралы куәлік, ал егер бала некесіз туылса әке болуын анықтау туралы куәлік); баланың арыз берушімен тұратынын растайтын дәлелдемелер көрсетілуі тиіс.
АПК-нің 138-бабының бірінші бөлігіне сәйкес судья АПК-нің 151, 152-баптарында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ егер талап АПК-нің 135-бабында көзделмеген; борышкердің тұрғылықты жері Қазақстан Республикасының шегінен тыс болған; мәлімделген талапты растайтын құжаттар ұсынылмаған; талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарауға жататын құқық туралы даудың бары байқалған; арыздың нысаны мен мазмұны АПК-нің 136-бабының талаптарына сай келмеген жағдайларда, сот бұйрығын шығару туралы арызды қабылдаудан бас тартады немесе кері қайтарады.
Бұйрық арқылы іс жүргізуде кәмелетке толмаған балаларды бағып-күтуге алименттер үш жылдық мерзім шегіндегі өткен кезең үшін, сондай-ақ тұрақты ақша сомасында өндірілуі мүмкін емес, себебі борышкердің алименттер төлеуден жалтару фактісі сот талқылауында тараптар шақырылып және тиісті дәлелдемелер ұсынылып анықталуға тиіс, ал алименттерді тұрақты ақша сомасында өндіріп алу туралы мәселені шешу Кодекстің 141-бабында көрсетілген мән-жайлардың бар-жоғын тексеруді қажет етеді.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.6. АПК-нің 142-бабының бірінші бөлігіне сәйкес, егер борышкерден белгіленген мерзімде мәлімделген талапқа қарсылық келіп түссе не, егер сот бұйрығында құқықтары мен міндеттері қозғалған басқа да адамнан шығарылған сот бұйрығының заң талаптарына сәйкес еместігі туралы арыз келіп түссе, судья сот бұйрығының күшін жояды.
Сот бұйрығының күшін жою туралы ұйғарымда судья өндіріп алушы мәлімдеген талаптың талап қою ісін жүргізу тәртібімен берілуі мүмкін екенін түсіндіреді.
АПК-нің 141-бабының үшінші бөлігіне сәйкес борышкердің қарсылығы сот бұйрығын беру туралы арызда көрсетілген дау нысанасының бар екендігі тиісті дәлелдемелермен расталуға тиіс (мәселен, заңды күшіне енген әке болуды даулау немесе әкесі жөніндегі мәліметтерді алып тастау туралы сот актілері).
Борышкер қарсылығында дау нысанының болуы жөнінде дәлелдемелерді келтірмей, тек сот бұйрығымен келіспейтінін көрсеткен өзге жағдайларда соттар мұндай қарсылықтарды АПК-нің 141-бабының бесінші бөлігіне сәйкес қайтаруы тиіс.
Сот бұйрығының күшін жоюға байланысты жиналған берешекті, жұмыс уақытын жоғалтқаны үшін шығынды және т.б. өндіру туралы қосымша талаптар болмаған жағдайда, алимент өндіру туралы талап бұйрық арқылы іс жүргізу тәртібімен қайта берілуі мүмкін.
Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.7. Егер алименттер төлеуге міндетті адамның және оларды алушының арасында алименттер төлеу туралы нотариат куәландырған жазбаша келісім болса, онда сот алименттер өндіріп алу туралы талапты, егер көрсетілген талаппен қатар талап қоюшы алименттер төлеу туралы келісімді бұзуды мәлімдеген және дауды сотқа дейін шешу тәртібінің сақталғанын растайтын дәлелдемелерді ұсынған (Кодекстің 159-бабының 3-тармағы, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 402-бабының 2-тармағы) немесе алименттер төлеу туралы келісімді жарамсыз деп тану туралы талапты мәлімдеген жағдайда ғана қарауы мүмкін.
Егер талап қоюшы алименттерді төлеу келісімін бұзу туралы талап қоюға қатысты дауды сотқа дейін шешу тәртібінің сақталғанын растайтын дәлелдемелерді ұсынбаса, судья АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасы негізінде талап қою арызын қайтарады, ал егер іс қозғалса, талап қою арызын АПК-нің 279-бабының 1) тармақшасы негізінде қараусыз қалдырады және талап қоюшыға осы мәселе бойынша алименттерді төлеу туралы келісім тарабына жүгіну құқығын түсіндіреді.
8. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің 616-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюлар бойынша талап қоюшылар соттарда мемлекеттік баждарды төлеуден босатылады.
Алименттердің мөлшерін ұлғайту, алименттердің уақтылы төленбеуіне байланысты тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап қоюлар өндіріп алушының алименттерді алу құқығынан туындайтынын ескере отырып, мұндай талап қоюлар бойынша талап қоюшылар мемлекеттік бажды төлеуден босатылады.
АПК-нің 117-бабының бірінші бөлігіне сәйкес талап қоюшы төлеуден босатылған мемлекеттік баж сот шығыстарын төлеуден босатылмаған жауапкерден мемлекет кірісіне толық немесе талап қоюдың қанағаттандырылған бөлігіне пропорционалды өндіріп алынады.
Көрсетілген талап қоюлар қанағаттандырылған жағдайда жауапкерден өндіріп алынуы тиіс мемлекеттік баж Салық кодексінің 610-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес бағалауға жататын мүліктік сипаттағы талап қою арызы сияқты есептеледі.
Мемлекеттік бажды есептеу мөлшері осы қағидалары алименттерді төлеуге міндетті адамдардың алименттер мөлшерін азайту, алименттерді төлеуден немесе алименттер бойынша берешекті төлеуден босату туралы талап қоюларына қолданылады.
Талап қою бағасы АПК-нің 104-бабы бірінші бөлігінің 5) тармақшасына сәйкес алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларда – бір жыл ішіндегі төлемдердің жиынтығымен; АПК-нің 104-бабы бірінші бөлігінің 8) тармақшасына сәйкес – төлемдерді немесе берулерді азайту немесе көбейту туралы талап қоюларда – арыз беруші азайтуға немесе көбейтуге үміт артатын, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімдегі жалпы сомамен; АПК-нің 104-бабы бірінші бөлігінің 9) тармақшасына сәйкес – төлемдер мен берулерді тоқтату туралы талап қоюларда – қалған төлемдердің немесе берулердің, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімдегі жиынтығымен айқындалады.
Сот талап қою бағасын борышкердің кірістері туралы мәліметтердің (мысалы, орташа жалақы туралы анықтама, мемлекеттік кірістер органдарынан мәліметтер және т.б.) негізінде белгілейді. Борышкердің кірістерін растайтын құжаттар болмаған жағдайда бір жылға арналған жиынтық төлемдердің мөлшерін талап қойылған күнге Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақының орташа мөлшерінен анықтаған жөн.
Алименттерді төлеуге міндетті адамдардың алименттердің мөлшерін азайту, алименттерді төлеуден немесе алименттер бойынша берешекті төлеуден босату туралы талап қоюларды беруі өндіріп алушылардың олардың құқықтарын бұзуымен байланысты болмағандықтан, арыз берушілердің мұндай талап қоюлар бойынша жұмсаған сот шығыстары өтелуге жатпайды.
Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.9. Алименттерді өндіріп алумен байланысты істерді сот талқылауына дайындау барысында соттардың туындаған дауды шешу үшін маңызы бар және тараптардың дәлелдеуі тиіс мән-жайларды дұрыс айқындағаны, адамдардың құрамы туралы мәселені шешкені жөн.
Егер атқару құжаттары негізінде жауапкердің басқа да адамдарға алименттер төлейтіні анықталса, онда мұндай адамдар дау нысанына қатысты дербес талаптар мәлімдемейтін үшінші тұлғалар ретінде іске қатысуы үшін тартылады.
Дау нысанына дербес талаптар мәлімделмейтін үшінші тұлғалар ретінде іске қатысуға талаптар мәлімделмеген алименттер төлеуге міндетті басқа да адамдар тартылуы мүмкін.
Судья істі сот талқылауына дайындау шеңберінде тараптарға олардың материалдық және отбасы жағдайын куәландыратын дәлелдемелерді ұсыну міндеттерін жүктейді.
Кодекстің 1-бабы 1-тармағының 24) тармақшасына сәйкес материалдық жағдай деп жалақының, зейнетақының, басқа да кірістердің болуын немесе болмауын; олардың мөлшерін; мүлкінің болуын; басқаның отбасы мүшелерінен материалдық көмек алуын немесе алмауын түсіну керек.
Тараптардың материалдық жағдайын айқындаған кезде соттар олардың кірістерінің барлық түрлерін (жалақы, кәсіпкерлік қызметтен, зияткерлік қызмет нәтижелерін пайдаланудан түсетін кірістер, зейнетақы, жәрдемақы, денсаулыққа зиянды өтеу есебіне төлемдер және басқа да төлемдер), сондай-ақ оларға тиесілі кез келген мүлікті (оның ішінде бағалы қағаздар, жарналар, кредит ұйымдарына салымдар, жауапкершілігі шектеулі қоғамның жарғылық капиталындағы үлестер) есепке алуы тиіс.
Алименттерге үміткер адамның көмекке мұқтаждығы мәселесін шешу барысында осы адамның жасын, денсаулығын және өзге мән-жайларды (қажетті тамақ өнімдерін, киімді, дәрілік препараттарды сатып алу шығыстары, тұрғын үй-жай мен коммуналдық қызметтерге және т.б. ақы төлеу) ескере отырып, оның материалдық жағдайының, өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыруға жеткілікті болуын, зейнетақының және мемлекет есебінен алынатын өзге де әлеуметтік көмектің осы қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін жеткіліктілігін, талап қоюшының қандай өзге кірістері бар екенін анықтау қажет.
Отбасылық жағдай деп неке қию (ерлі-зайыпты болу) немесе некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, жесірлік, балалардың немесе отбасының басқа да мүшелерінің болуы немесе болмауы түсініледі.
Алименттер төлеушінің отбасылық жағдайын анықтаған кезде оның басқа да кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларының не заң бойынша ол күтіп-бағуға міндетті өзге де адамдардың бар-жоғын анықтап алу қажет. Соттар алименттік құқықтық қатынастардағы екі тараптың мүліктік мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударуы керек.
Сот балаға алименттерді алатын ата-ананы алименттерді жұмсау туралы ай сайынғы жазбаша есепті алименттерді төлейтін ата-анаға ұсынуын міндеттеуге құқылы. Жоғарыда аталған талапты қанағаттандыру туралы сот шешімі алименттер алатын ата-ананың баланы күтіп-бағуға, тәрбиелеуге және оның біліміне алынған алименттерді жұмсау жөніндегі міндеттерді адал орындамаған жағдайда қабылдануы мүмкін.
10. Кәмелетке толмаған балаға алименттер өндіріп алу туралы талапты сот ата-аналардың еңбекке жарамдылығына, сондай-ақ баланың алименттерге мұқтаждығына қарамастан қанағаттандыруы тиіс.
Алименттер мөлшерін ата-аналардың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста айқындау барысында сот Кодекстің 139-бабының 1-тармағы ережелерін негізге алғаны жөн, оған сәйкес сот кәмелетке толмаған балаларға алименттерді олардың ата-анасынан ай сайын: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі, екі балаға – үштен бір бөлігі, үш және одан көп балаға тең жартысы мөлшерінде өндіріп алады.
Сот осы үлестердің мөлшерін тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайын және өзге де назар аударарлық мән-жайларды ескере отырып, кемітуі немесе көбейтуі мүмкін.
Егер кәмелетке толмаған балаға алименттер өндіріп алу туралы талап баланың екі ата-анасына да қойылса, онда сот ата-аналардың әрқайсысынан өндірілуге тиісті алименттер мөлшерін айқындайды.
11. Егер алименттер төлеуге міндетті ата-ананың тұрақты емес, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірісі болса не осы ата-ана табысын және (немесе) өзге де кірісін толығымен немесе ішінара заттай немесе шетел валютасында алса немесе оның табысы және (немесе) өзге де кірісі болмаса, сондай-ақ алименттерді ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық туғызатын немесе тараптардың бірінің мүдделерін едәуір бұзатын басқа жағдайларда, сот ай сайын өндіріліп алынатын алименттердің мөлшерін тұрақты ақша сомасында немесе бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында айқындауға құқылы.
Егер ата-аналардың әрқайсысының қолында балалар қалатын болса, онда сот алименттер мөлшерін ай сайын төленуге жататын тұрақты ақша сомасында айқындайды және оларды ата-аналардың біреуінен аз қамтылған екіншісінің пайдасына өндіреді (Кодекстің 141-бабының 4-тармағы).
Алименттерді төлеуге міндетті ата-ана кірісінің жоғары деңгейі Кодекстің 141-бабында белгіленген табысқа үлестік қатынаста емес тұрақты ақша сомасында алименттерді өндіріп алуға болатын мән-жайларға жатпайды. Сонымен бірге, егер сот ата-ананың табысына және (немесе) өзге кірісіне үлестік қатынаста алименттерді өндіріп алу тараптардың біреуінің мүдделеріне нұқсан келтіретінін анықтаса, алименттер тұрақты ақша сомасында өндіріп алынуы мүмкін.
АПК-нің 72-бабының ережелеріне сәйкес алименттер төлеушінің мүдделерінің бұзылуына байланысты кәмелетке толмаған балаға алименттерді тұрақты ақша сомасында өндіріп алу мүмкіндігімен байланысты мән-жайларды дәлелдеу ауыртпалығы алименттерді төлеуге міндетті адамға жүктеледі.
12. Алименттерді өндіру және оларды төлеуден босату мәселелері бойынша дау болған жағдайда дауды талап қою іс жүргізу тәртібімен шешілетінін соттар назарда ұстауы қажет.
Егер күтіп-бағуына алименттер тағайындалған бала алименттерді төлейтін ата-ананың тәрбиесіне және күтіп-бағуына ауысса, ал өндіріп алушы оларды алудан бас тартпаса, алименттерді төлеуден, сондай-ақ алименттер бойынша берешектен босату атқару құжаттарын орындау тәртібімен емес, осы ата-ананың тиісті талап қоюды беруі арқылы жүргізіледі.
Кодекстің 176-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес сот тәртібімен өндірілген алименттерді төлеу күтіп-бағуына алименттер өндіріп алынған баланы асырап алу кезінде тоқтатылады.
Егер асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәтте асырап алынған баланың алименттерді төлеуге міндетті ата-анасының алименттер бойынша берешегі болса, берешекті төлеуден босату немесе берешекті азайту туралы мәселені сот Кодекстің 170-бабы 2-тармағының ережелерін ескере отырып, осы ата-ананың талап қоюы бойынша шешеді.
Бала асырап алу туралы сот шешімі сот тәртібімен алименттер өндіріліп алынған ата-ананы, егер осы ата-ананың баланы асырап алуы кезінде Кодекстің 100-бабының 5-тармағына сәйкес жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары мен міндеттері сақталса, алименттерді одан әрі төлеуден босатпайды. Бұл жағдайда өндіріліп алынатын алименттердің мөлшерін өзгертумен, оларды төлеуден босатумен байланысты барлық мәселелерді сот талап қою ісін жүргізу тәртібімен алименттер төлейтін адамдардың арызы бойынша қарауы тиіс.
13. Баланы асырап алудың күші жойылған кезде Кодекстің 109-бабының 4-тармағында сотқа баланың мүдделерін ескере отырып, бұрынғы бала асырап алушыны Кодекстің 139 және 141-баптарында белгіленген мөлшерде баланы күтіп-бағуға қаражат төлеуге міндеттеу құқығы берілген.
Бұрынғы бала асырап алушылардан өндіріліп алуға жататын баланы күтіп-бағуға қаражат мөлшерін айқындаумен, осы қаражат мөлшерін өзгертумен немесе оларды төлеуден босатумен байланысты мәселелерді, сондай-ақ бұрынғы бала асырап алушылар оны күтіп-бағуға алименттерді төлеу міндетін орындаған кезде туындайтын өзге де мәселелерді сот балаларды күтіп-бағуға олардың ата-аналарынан алименттер өндіріліп алынатын жағдайда қолданылатын қағидалар бойынша шешеді.
14. Жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру жүйесінде, күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары білім беру жүйесінде оқитын жиырма бір жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларға алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларды (Кодекстің 138-бабының 2-тармағы) кәмелетке толғандардың өздері береді.
Сот аталған санаттағы істер бойынша үшінші тұлғалар ретінде дербес талаптар мәлімдемейтін кәмелетке толған бала бірге тұратын ата-ананы тартқаны жөн.
Бұл жағдайда сот балалардың пайдасына өндірілетін алименттердің мөлшерін Кодекстің 141-бабының 2-тармағына сәйкес тұрақты ақша сомасында айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің (бұдан әрі - АЕК) негізінде тараптардың материалдық және отбасылық жағдайын және назарға алынатын басқа да мән-жайларды ескере отырып, баланы қамтамасыз етудің бұрынғы деңгейі барынша сақталатындай көлемде белгілейді.
Бұл ретте киім сатып алуға, тамақтануға қажетті шығыстарды, оқу ақылы нысанда болған кезде оқыту шығындарын, үй жалдау шығыстарын және т.б. ескерген жөн.
Әрбір жағдайда сот осы шығындардың қажеттіліктерін негізге алуы тиіс.
Ескерту. 14-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.15. Алименттер алуға құқығы бар еңбекке жарамсыз кәмелетке толған адамдар деп (Кодекстің 143, 145, 147, 148, 153, 154, 155-баптары) белгіленген тәртіппен І немесе ІІ топ мүгедектері деп танылған, сондай-ақ жалпы белгіленген зейнетақы жасына жеткен адамдарды түсіну қажет.
Сот Кодекстің 143-бабы 2-тармағына сәйкес еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларға алименттер мөлшерін алименттер төлеу кезіндегі қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткіштің еселенген қатынасында тараптардың материалдық және отбасылық жағдайы мен басқа да назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып айқындайды.
Істің нақты мән-жайларын ескере отырып сот алименттер өндіріліп алынуға жататын кезеңді (мысалы, талап қоюшыға мүгедектік белгіленген кезеңге, егер медициналық-әлеуметтік сараптама мекемесінің қайта куәландыруының мерзімі белгіленсе) белгілеп, оларды өндіріп алуы және жауапкерден ай сайын алименттер өндіріп алынуға жататын мерзім басталғанға дейінгі күнді көрсетуі мүмкін.
16. Кодекстің 145-бабының 1-тармағына сәйкес еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналар өздерінің еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан күтіп-бағуын талап етуге құқылы.
Соттар ата-аналардың басқа да еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларының бар-жоғын, олардың қайсысы және қандай нысан мен мөлшерде көмек көрсететінін анықтауы қажет. Сот Кодекстің 145-бабының 4-тармағы негізінде алименттер мөлшерін, оның ішінде аталған мән-жайларды ескере отырып, ата-аналардың талабы барлық балаларға, олардың біріне немесе олардың бірнешеуіне қойылғанына қарамастан, айқындауға құқылы.
Егер сот жауапкерге қатысты талап қоюшылар ата-ана құқықтарынан айырылғанын анықтаса, сот алименттерді өндіріп алу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартады. Ата-ана міндеттерін орындаудан талап қоюшылардың жалтаруы фактісін растайтын мән-жайлар анықталған жағдайда сот алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін. Ата-аналардың балаларды тәрбиелеу мен күтіп-бағуы бойынша өз міндеттерін орындауынан жалтаруы деп балалардың адамгершілік және дене бітімі дамуына, оларды оқытуға, қоғамға пайдалы еңбекке баулуға қамқорлық танытпауды, алименттер төлеуден өрескел жалтаруды түсіну қажет.
Кәмелетке толған асырап алынған балалардың бала асырап алушыларды күтіп-бағу бойынша міндеттері балалардың ата-аналары алдындағы міндеттері сияқты айқындалады.
17. Алименттерге құқығы бар отбасының басқа да мүшелеріне мыналар: кәмелетке толмаған аға-інілер мен апа-сіңлілер, кәмелетке толмаған немерелер, еңбекке жарамсыз аталар мен әжелер, кәмелетке толмаған іс жүзінде тәрбиелеген және күтіп баққан еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж адамдар, еңбекке жарамсыз өгей әке мен өгей ана жатады (Кодекстің 151, 152, 153, 154, 155-баптары).
Соттар отбасының басқа мүшелерінің алименттерді өндіріп алу туралы талап қоюларын қараған кезде талап қоюшылар еңбекке жарамсыз және көмекке мұқтаж болып, ата-аналарынан, еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан, немерелерінен немесе жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) қаражат ала алмаған жағдайда Кодекстің 151,152, 153, 154, 155-баптарында аталған отбасы мүшелерінен алименттер өндіріп алу құқығы туындайды. Отбасы мүшелерінен қаражат алу мүмкіндігінің бар-жоғы туралы мәселені шешу кезінде сотқа олардың еңбекке қабілеттігін, сондай-ақ олардан алименттер ала алмау себептерін зерделеу қажет.
Кодекстің 151-бабында көзделген еңбекке жарамды ағалары мен апаларының өздерінің кәмелетке толмаған туған бауырларын, сондай-ақ кәмелетке толған еңбекке қабілетсіз аға-інілері мен апа-сіңлілерінің көмегіне мұқтаж еңбекке жарамсыз туған бауырларын күтіп-бағу міндеті ата-анасы бір, ата-анасы бөлек аға-інілер мен апа-сіңлілерге де қолданылады.
18. Күтіп-бағу міндеті тәрбиеленушілеріне жүктелетін кәмелетке толмаған балаларды іс жүзінде тәрбиелеген және күтіп-баққан адамдар деп (Кодекстің 154-бабы) баланың туысқандарын, сонымен қатар бала асырап алушы, баланың қамқоршысы (қорғаншысы), қабылдаған ата-анасы немесе баланың патронат тәрбиешісі болмаса да, баланы тәрбиелеу мен күтіпбағуды жүзеге асырған, онымен туыс емес адамдарды түсінген жөн.
Егер тәрбиешілер тәрбиеленушілерді бес жылдан аз уақыт күтіп-бақса және тәрбиелесе, олар өздерінің тәрбиеленушілерін тиісті түрде күтіп-бақпаса және тәрбиелемесе, сот Кодекстің 154-бабының 2-тармағына сәйкес тәрбиеленушілерді өздерін іс жүзінде тәрбиелеген адамдарды күтіп-бағу міндетінен босатуға құқылы. Тәрбиеленушілерді іс жүзінде тәрбиелеген адамдардың алименттер өндіріп алу туралы талап қоюларын шешу кезінде заңды маңызы бар мән-жайларды анықтауға балаларды іс жүзінде тәрбиелеу мен күтіп-бағу жүзеге асырылған мерзім, тәрбиешілердің оларды тәрбиелеу мен күтіп-бағуды тоқтату себептері (мысалы, іс жүзіндегі тәрбиешінің науқастануы, балаларды ата-аналарына қайтару, балалардың он сегіз жасқа толуы салдарынан), сондай-ақ тәрбиеленушілерді тәрбиелеу мен күтіп-бағу жатады.
19. Кемінде бес жыл тәрбиелеген және күтіп-баққан (егер бұл міндеттер тиісінше орындалса) көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз өгей әкеге немесе өгей шешеге, оның ішінде баладан бөлек тұратын ата-анасы көрсетілген кезеңде осы баланы күтіп-бағуға және тәрбиелеуге қатысқан жағдайда да өгей ұлдарынан және өгей қыздарынан алименттерді сот өндіріп алуға құқылы.
Егер өгей әке (өгей шеше) мен өгей баланың (өгей қыздың) ата-анасы арасындағы неке өгей баланың (өгей қыздың) ата-анасының қайтыс болуы немесе қайтыс болды деп жариялануы салдарынан тоқтатылса, онда бұл мән-жай өгей ұлдан (өгей қыздан) алименттер өндіріп алу туралы өгей әкесінің (өгей шешесінің) талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту үшін негіз бола алмайды.
20. Кодекстің 156-бабының 3-тармағы ережелерінің негізінде, егер Кодекстің 151, 152, 153, 154, 155-баптарында көрсетілген отбасы мүшесіне алименттер өндіріп алу туралы талап қою оны күтіп-бағуға міндетті барлық адамдарға бір мезгілде қойылса, сот олардың материалдық, отбасылық жағдайын, сондай-ақ өзге де назар аударарлық мән-жайларын ескере отырып, міндетті адамдардың әрқайсысы төлеуге тиіс алименттер мөлшерін айқындайды. Міндетті адамдардың біреуіне немесе бірнешеуіне талап қойылған жағдайда сот талап қоюшыны күтіп-бағуға міндетті барлық адамдарды ескереді және осы адамдарды ескере отырып, өндіріп алуға жататын алименттердің мөлшерін белгілеуі мүмкін.
21. Ерлі-зайыптылардың біреуі екіншісінен алименттер өндіріп алу туралы талап-қоюын шешкен кезде ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін, соның ішінде бір-бірін материалдық қолдау міндеті, неке қиюды мемлекеттік тіркеген күнінен бастап туындайтынын ескеру қажет.
Осы үшін қажетті қаражаты бар екінші жұбайдан (бұрынғы жұбайынан) алименттер төлеуді сот тәртібімен талап етуге құқығы бар адамдар тобы Кодексте (Кодекстің 147-бабының 2-тармағы, 148-бабының 1-тармағы) белгіленген.
Неке жарамсыз деп танылған жағдайда адал ниетті жұбайы бұрынғы жұбайынан алименттер өндіріп алу туралы талап қою арызымен сотқа жүгінуге құқылы (Кодекстің 28-бабының 4-тармағы).
Кодекстің 147-бабының 2-тармағына және 148-бабының 1-тармағына сәйкес жұбайы қажетті қаражаты бар жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) ғана алименттер талап етуге құқылы болғандықтан, сот, егер жауапкерде алименттер төлегеннен кейін қалған қаражат есебінен заң бойынша ол күтіп-бағуға міндетті отбасы мүшелерінің өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыра алмайтын жағдайға әкеп соқпаса, алименттер өндіріп алу туралы талап қою арызын қанағаттандыруы мүмкін.
22. Кодекстің 147-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына және 148-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес зайыбы (бұрынғы зайыбы) жүкті болған кезде және олардың ортақ баласы туған күнінен бастап үш жыл ішінде жұбайынан (бұрынғы жұбайынан) күтіп-бағуды талап етуге құқылы.
Талап қоюшыда көрсетілген кезеңдерде табысының не өзге де кірісінің болуын сот жауапкерден өндіріп алуға жататын алименттердің мөлшерін анықтаған кезде ескеруі мүмкін.
Егер ерлі-зайыптылардың ортақ баласы үш жасқа толғанға дейін оған баланың әкесі күтім жасаса, ал баланың анасы оны тәрбиелеуден және күтіп-бағудан шеттетілген жағдайда, заңның ұқсастығын негізге ала отырып (Кодекстің 5-бабының 2-тармағы) жұбайы (бұрынғы жұбайы) жұбайына (бұрынғы жұбайына) бала үш жасқа толғанға дейін күтіп-бағу туралы талап қою арызымен сотқа жүгінуге құқылы.
23. Сот жұбайдың көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз екінші жұбайды күтіп-бағу міндетінен босатуы немесе некеде тұрған кезеңде де, неке бұзылғаннан кейін де бұл міндетті белгілі бір мерзімге шектеу мүмкін болатын негіздерді белгілейтін Кодекстің 150-бабының ережелерін қолдану барысында жұбайының еңбекке қабілетсіздігі құмар ойындарын, бәс тігуді, спирттік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, не осыларға ұқсас заттарды теріс пайдалануы салдарынан басталғаны – тиісті медициналық құжаттармен, ал нәтижесінде еңбекке жарамсыз болғаны қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасау фактісі соттың заңды күшіне енген айыптау үкімімен не сот қаулысымен немесе қылмыстық қудалау органының ақталмайтын негіз бойынша қылмыстық істі тоқтату туралы қаулысымен расталуы тиіс екенін ескеру қажет.
Сот некеде ұзақ тұрмау (бес жылға дейін) себебіне байланысты және алименттер төлеуді талап ететін жұбайы отбасында лайықсыз мінез-құлық көрсеткен жағдайларда екінші жұбайын күтіп-бағу жөніндегі міндеттен босатуы мүмкін.
Талап қоюшының құмар ойындарын, бәс тігуді, спирттік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, не осыларға ұқсас заттарды теріс пайдалануы, отбасы мүдделеріне қайшы келетін өзге де мінез-құлық лайықсыз мінез-құлқы ретінде қаралуы мүмкін.
Осы санаттағы істерді қарау барысында қылмыстық құқық бұзушылық қашан жасалғанын, не отбасында лайықсыз мінез-құлық фактілерінің орын алғанын, олардың жасалу сипатын, ауырлығын және салдарын, сондай-ақ талап қоюшының кейінгі мінез-құлқын ескеру қажет.
Егер алименттер өндіріп алу туралы талапты көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз бұрынғы жұбайы ұсынса, сот Кодекстің 150-бабында көзделген қағидаларды қолдануы мүмкін.
Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 15.04.2021 № 1 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.24. Кодекстің 47-бабының 5-тармағына сәйкес некеде тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) әке болуы анықталған жауапкердің баланың анасын күтіп-бағуының өзге тәртібі көзделгенін соттардың ескергені жөн.
Ақша қаражатының мөлшері және төлемдердің кезеңділігі тараптардың материалдық және отбасылық жағдайы мен назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып, ақша қаражаты төленетін сәтке заңда белгіленген АЕК-ке еселенген арақатынаспен айқындалады.
25. Алименттер төлеу туралы келісім жазбаша нысанда жасалады және нотариатта куәландыруға жатады.
Алименттер төлеу туралы келісімнің заңда белгіленген нысанын сақтамау АК-нің нормаларында көзделген салдарларға әкеп соғады.
Алименттер төлеу туралы келісімде міндетті түрде алименттер мөлшері, төлеу тәсілі мен тәртібі қамтылуы тиіс.
Алименттер мынадай тәсілдермен:
алименттер төлеуге міндетті адамның табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлеспен;
кезең-кезеңмен төленіп тұратын тұрақты ақша сомасымен;
біржолғы төленетін тұрақты ақша сомасымен;
мүлік беру жолымен;
келісімге қол жеткізілген өзге де тәсілдермен (жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету және т.б.) төленуі мүмкін.
Алименттер төлеу туралы келісімде алименттер төлеудің әртүрлі тәсілдерін ұштастыру көзделуі мүмкін.
Кодекстің 159-бабының 1-тармағына сәйкес алименттер төлеу туралы келісімді жасауға, орындауға, өзгертуге, бұзуға және жарамсыз деп тануға АК-нің азаматтық-құқықтық мәмілелерді жасауды, орындауды, өзгертуді, бұзуды және жарамсыз деп тануды реттейтін нормалары қолданылады.
АК-нің 401-бабында көрсетілген мән-жайлардан басқа, алименттер төлеу туралы келісімді өзгерту және бұзу үшін тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайының елеулі өзгеруі де негіз болып табылады (Кодекстің 159-бабының 3-тармағы). Алименттер төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу туралы мәселені шешу кезінде сот тараптардың кез келген назар аударуға жататын мүдделерін ескеруге құқылы.
Тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайының өзгеруін сот елеулі деп тануы және алименттер төлеу туралы келісімді өзгерту немесе бұзу туралы талапты қанағаттандыру үшін негіз болуы мүмкін. Егер келісім жасасу сәтінде тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайының соншалықты өзгеруі орын алса, онда ол кез келген келісім тарабы мүдделерінің бұзылуына байланысты жасалмайды, не оны тараптар едәуір өзгеше шарттармен жасайды.
Алименттер төлеу туралы келісім сот тәртібімен өзгертілген немесе бұзылған кезде тараптардың міндеттемелері осы келісімді өзгерту немесе бұзу туралы сот шешімі заңды күшіне енген сәттен бастап өзгертілген немесе тоқтатылған болып саналатынын ескеру қажет.
26. Кодекстің 159-бабының 1-тармағына сәйкес алименттер төлеу туралы келісімді АК-де көзделген негіздер бойынша сот жарамсыз деп тануы мүмкін, оларға, атап айтқанда: әрекетке қабілетсіз деп танылған адаммен келісім жасасу, алдау, зорлық-зомбылық, қорқыту немесе қолайсыз мән-жайлар әсерінен келісім жасасу, жалған және қулықпен жасалған мәмілелер (АК-нің 159, 160-баптары) жатады.
Кодекстің 160-бабына сәйкес, егер келісімде көзделген кәмелетке толмаған баланы немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесін күтіп-бағу шарттары олардың мүдделерін елеулі түрде бұзатын болса, сот кәмелетке толмаған баланың немесе кәмелетке толған әрекетке қабілетсіз отбасы мүшесінің заңды өкілінің, сондай-ақ қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның немесе прокурордың талап етуі бойынша алименттер төлеу туралы нотариатта куәландырылған келісімді жарамсыз деп тануға құқылы. Атап айтқанда, кәмелетке толмаған балаға келісімде белгіленген алименттердің мөлшері оның сот тәртібімен өндіріп алуы мүмкін мөлшерінен төмен болмауы тиіс (Кодекстің 161-бабының 2-тармағы).
27. Соттардың алименттер төлеу туралы келісім атқарушылық іс жүргізу құжаттарының тізбесіне кірмейтінін ("Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі № 261-IV Заңының (бұдан әрі Атқарушылық іс жүргізу туралы заң) 9-бабы) ескергені жөн, осыған байланысты алименттер төлеу туралы келісімді мәжбүрлеп орындату үшін өндіріп алушы келісімде атқарушылық құжат болып табылатын атқарушылық жазба жасайтын нотариусқа жүгінуге құқылы.
Өндіріп алушы атқарушылық жазбаны алименттер төлеу туралы келісімнің негізінде алименттер бойынша берешекті айқындайтын сот орындаушысына мәжбүрлеп орындатуға беруге құқылы (Кодекстің 169-бабының 3-тармағы).
28. АПК-нің 240-бабы жетінші бөлігіне сәйкес, егер жауапкерден мерзімдік төлемдер өндiріп алынатын шешiм заңды күшiне енгеннен кейiн төлемдердiң мөлшерiн анықтауға немесе олардың ұзақтығына ықпал ететiн мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы мерзімді төлемдердi жүргізу мөлшерi мен мерзiмдерiн өзгертудi талап етуге құқылы.
Алименттер төлеушінің табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста сот шешімі (сот бұйрығы) бойынша кәмелетке толмаған балаға алименттер өндіріп алу алименттер алушыға заңда көзделген негіздер болған кезде (Кодекстің 141-бабы) алименттерді тұрақты ақша сомасында және (немесе) бір мезгілде үлеспен және тұрақты ақша сомасында өндіріп алуды талап етуге кедергі келтірмейді.
Аталған талапты сот АПК-нің 246-бабында көзделген қағидалар бойынша емес, талап қою ісін жүргізу тәртібімен қарайды, өйткені бұл жағдайда сот шешімін орындау тәсілі мен тәртібін емес, алименттер мөлшерін өзгерту мәселесі шешілуі тиіс.
29. Кодекстің 175-бабының 1-тармағына сәйкес, егер алименттер төлеу туралы келісім болмаған кезде алименттер мөлшері сот тәртібімен белгіленгеннен кейін тараптардың бірінің материалдық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, сот кез келген тараптың талап етуі бойынша белгіленген алименттер мөлшерін өзгертуге құқылы. Алименттер мөлшері өзгертілген кезде сот тараптардың назар аударарлық өзге де мүдделерін ескеруге құқылы.
Кәмелетке толмаған балаға алименттер төлейтін ата-ананың алименттер мөлшерін төмендету туралы талабын шешкен кезде ата-ананың материалдық немесе отбасылық жағдайының өзгеруі оның талап қоюын қанағаттандыру үшін сөзсіз негіз болып табылмайды, өйткені мұндай өзгерістердің оған алименттерді бұрынғы мөлшерде төлеуге мүмкіндік бермейтінін анықтау қажет.
Егер борышкер Кодекстің 139-бабының 1-тармағында көзделген үлестердің арақатынасы сақталмайтын бірнеше өндіріп алушыға алимент төлеуді жүзеге асырған жағдайда, мысалы, борышкер бір өндіріп алушыға бір баланы күтіп-бағуға ата-анасының жалақысының және (немесе) өзге де кірісінің төрттен бір бөлігі мөлшерінде және басқа өндіріп алушыға бір баланы күтіп-бағуға төрттен бір бөлігі мөлшерінде алимент төлесе және борышкер екі балаға алиментті үштен бір бөлігі мөлшерінде төлеуге тиіс екені жөнінде уәж келтіріп, материалдық немесе отбасы жағдайының өзгеруін көрсетпей алименттің мөлшерін азайту туралы талап қойса, алименттің мөлшері кемітілуге жатпайды.
Егер сот балаларды күтіп-бағуға өндірілген алименттердің мөлшерін негізсіз төмендету мақсатында талап қойылғанын анықтаған жағдайда, сот қойылған талаптан бас тартады.
Балаларға және отбасының басқа да мүшелеріне сот бұрын белгілеген алименттер мөлшері өзгерген кезде оларды жаңадан белгіленген мөлшерде өндіріп алу шығарылған сот шешімі заңды күшіне енген күнінен бастап жүргізіледі.
Өндіріп алынатын алименттік төлемдердің мөлшерін өзгерткен сот шешімнің көшірмесін алименттерді өндіріп алу туралы шешім шығарған сотқа жолдауға міндетті.
Сот бұрын белгіленген мөлшерде алименттер өндіріп алу туралы атқарушылық құжат кері қайтарып алынған кезде осы атқарушылық құжат бойынша берешек болған жағдайда сот орындаушысы ол туралы сотқа хабарлап, атқарушылық құжаттың орындалуын берешек өтелгенге дейін жалғастырылатынын көрсетуі тиіс. Берешек толық көлемде өндіріліп алынғаннан кейін атқарушылық құжат оны кері сұратқан сотқа қайтарылады.
Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.30. Борышкердің материалдық жағдайының нашарлағанын және (немесе) оның отбасылық жағдайының өзгергенін куәландыратын дәлелдемелер болған кезде сот оның алименттер бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босату туралы талабын қанағаттандыру туралы шешімді, егер алименттерді төлемеуге дәлелді себептер болса, ал борышкердің материалдық және (немесе) отбасылық жағдайының өзгеруі алименттер бойынша пайда болған берешекті өтеуге мүмкіндіктің жоқтығы анықталса, қабылдауға құқылы.
Мұндай істерді қарау барысында берешекті өтеуге мүмкіндігі болмаған, оның материалдық жағдайына әсер еткен берешектің пайда болуы, мысалы, алименттер төлеуге міндетті адамның науқастануы, борышкердің қалауынсыз табысының не өзге де кірісінің төмендеуі немесе ауруына байланысты жұмысынан айырылуы, заң бойынша қаражат және басқасын беруге міндетті адамдар санының өсуі сияқты себептерінің дәлелділігін соттардың назарға алғаны жөн.
Бұл ретте алименттер төлеуге міндетті адамды берешекті төлеуден босату үшін екі мән-жайдың жиынтығын: сот дәлелді деп таныған себептер бойынша берешектің пайда болуы мен қиын материалдық және отбасылық жағдайға байланысты пайда болған берешекті өтеу мүмкін еместігін ескеру қажет. Көрсетілген мән-жайлардың бірінің ғана орын алуы берешекті төлеуден босатуға кедергі келтіреді.
Егер алименттер алатын кәмелетке толған адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында стационарлық нысанда әлеуметтік қызмет тегін көрсетілсе (мысалы, олар қарттар мен мүгедектерге, соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған интернат үйлерінде, стационарлық әлеуметтік қызмет көрсетуді жүзеге асыратын өзге де ұйымдарда тұрған кезде) не мұндай адамдар қоғамдық немесе басқа да ұйымдардың немесе азаматтардың (атап айтқанда олармен өмір бойы асырауда ұстау шарттары жасалған жағдайда) қамтамасыз етуіне (қамқорлығына) берілген болса, онда көрсетілген мән-жайлар, егер қосымша шығыстарды (ерекше күтім, емдеу, тамақтану және т.б.) қажет ететін ерекше мән-жайлар орын алмаса, алименттер төлеушіні оны төлеуден босату үшін негіз болуы мүмкін, себебі Кодекстің 176-бабы 2-тармағының үшінші абзацына байланысты алименттер алушының көмекке мұқтаждығы тоқтатылған жағдайда ақшалай қаражат алу құқығы жойылады.
Соттың алименттер төлеушіні Кодекстің 170-бабы 2-тармағының негізінде алименттер бойынша берешекті төлеуден толық немесе ішінара босатуы сот орындаушысының алименттер бойынша берешекті айқындау туралы қаулысын заңсыз деп тануға негіз болмайды.
Ескерту. 30-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.31. Кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке толмаған балаларға төленетін алименттер бойынша берешектің мөлшерін сот орындаушысы алименттер төлеуге міндетті адамның алименттер өндіріп алу жүргізілмеген кезеңдегі жалақысы мен өзге де кірісін негізге ала отырып айқындайды. Егер алименттер төлеуге міндетті адам осы кезеңде жұмыс істемесе немесе оның табысын және өзге де кірісін растайтын құжаттар табыс етілмесе, алименттер бойынша берешек Заңның 99-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшерінен айқындалады.
Бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген адамдар үшін, егер борышкер осы кезеңде жұмыс істемесе, алименттер бойынша берешек бір АЕК мөлшерінде белгіленді.
Егер қандай да бір тарап алименттер бойынша берешек белгіленген мөлшерімен келіспесе, Кодекстің 169-бабы 4-тармағының ережелері негізінде ол сот орындаушысының әрекеттеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында (ӘРПК-нің 136-бабының 4-тармағы, Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 127-бабы) көзделген тәртіппен шағым жасай алады.
Ескерту. 31-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.32. Кодекстің 171-бабына сәйкес алименттер төлеу туралы келісім бойынша алименттер төлеуге міндетті адамның және (немесе) сот шешімі бойынша алименттер төлеуге міндетті адамның кінәсінен берешек пайда болған кезде кінәлі адам алименттер алушыға кешіктірген әрбір күні үшін төленбеген алименттер сомасының оннан бір пайызы мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді. Алименттер алушы алименттің уақтылы төленбеуіне кінәлі адамнан алиментті төлеу жөніндегі міндетін орындауды кешіктіруден келтірілген бүкіл залалының тұрақсыздық айыбымен өтелмеген бөлігін де өндіріп алуға құқылы.
Осы санаттағы істерді қарау барысында алименттер төлеуге міндетті адамның қандай себеппен оларды төлемегендігін, сот орындаушылары сот актісін орындау үшін қандай шаралар қолданғанын, алименттер төлеуге міндетті адамның оларды төлеуден жалтарғанын анықтау қажет.
Борышкердің алименттер бойынша берешектің пайда болуына кінәсі одан тұрақсыздық айыбы мен залалдарды өндіріп алу үшін міндетті шарт болып табылады.
Егер алименттер бойынша берешек басқа адамдардың кінәсінен, атап айтқанда жалақының уақтылы төленбеуіне, алименттік сомалардың кешіктірілуіне немесе дұрыс аударылмауына байланысты пайда болса, мұндай жауапкершілікті алименттер төлеушіге жүктеуге болмайды.
Кодекстің 171-бабында белгіленген тұрақсыздық айыбы отбасының мұқтаж мүшелерінің қаражат алу құқығын жүзеге асыруға кепілдік беретін отбасылық-құқықтық жауаптылықтың арнайы шарасы болып табылады және әрбір кешіктірілген күн үшін алынатын пайыздардың белгіленген мөлшері түрінде өндіріп алынады. АК-нің 353-бабының негізінде сот өндірген алименттерді уақтылы төлемегені үшін тұрақсыздық айыбы мөлшерін азайтуға жол берілмейді.
Тұрақсыздық айыбын есептеу кезінде алименттер төлеу міндеті ай сайынғы сипатта болатынын ескеру қажет, тиісінше алименттер төлемегені үшін тұрақсыздық айыбын әрбір мерзімі өткен айлық төлем бойынша осы төлемнің сомасын және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы сот шешімі шығарылған күні айқындалатын оның мерзімі өткен күндерінің санын негізге ала отырып, анықтау қажет.
33. Кодекстің 164-бабының 2-тармағына байланысты алименттер сотқа өтініш жасалған сәттен бастап тағайындалады. Егер сотқа өтініш беруден бұрын күтіп-бағуға қаражат алу шаралары қолданылса, бірақ алименттер төлеуге міндетті адамның оны төлеуден жалтаруы салдарынан алименттер алынбағанын сот анықтаған болса, сотқа өтініш жасалған кезден бастап үш жыл мерзім шегінде өткен кезеңге алименттер өндірілуі мүмкін.
Алименттер алу мақсатында қабылданған шаралар туралы, атап айтқанда талап қоюшының жауапкерге алименттер төлеу туралы талаппен не алименттер төлеу туралы келісім жасасу туралы ұсыныспен (мысалы, телеграмма, хабарламасы бар тапсырыс хаттар жіберу арқылы не электрондық пошта арқылы) өтініш жасауы, кәмелетке толмаған балаға алименттер өндіріп алу туралы сот бұйрығын беру туралы арызбен жүгінуі (егер кейін сот бұйрығының күші жойылған болса) куәландыра алады.
Өз кезегінде жауапкерге талап қоюшының алимент төлеуден жалтарғаны туралы дәлелдерін жоққа шығаратын және көрсетілген кезеңде өзінің алимент төлегенін растайтын дәлелдемелерді ұсыну міндеті жүктелген.
Кодекстің 169-бабының 2-тармағына сәйкес атқару құжатының негізінде немесе нотариатта куәландырылған келісімнің негізінде алименттерді ұстап қалу алименттерді төлеуге міндетті адамның іздестірілуіне байланысты жүргізілмеген жағдайларда, атқару құжаты табыс етудің алдындағы үш жылдық мерзімге және күтіп-бағуға алименттер тағайындалған адамның кәмелетке толғанына қарамастан, алименттер бүкіл кезең үшін өндіріп алынады.
Әке болуды анықтау туралы талап қоюмен бірге ұсынылған алименттер өндіріп алу туралы талап қою арызын қарау барысында Кодекстің 164-бабының 2-тармағына сәйкес өткен кезең үшін алимент өндіріп алу туралы талап қанағаттандырылуға жатпайды, өйткені әке болуды анықтау туралы талап қою қанағаттандырылғанға дейін жауапкер белгіленген тәртіппен баланың әкесі болып танылмаған. Осыған байланысты алимент өндіріп алудың басталуы сотқа жүгінген күнінен бастап белгіленуі тиіс.
Ескерту. 33-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 30.09.2021 № 2 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.34. Сот кәмелетке толмаған балалар немесе көмекке мұқтаж еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалар үшін алименттер өндірілген ата-аналарға Кодекстің 144-бабының мағынасының негізінде осы балалар үшін ерекше мән-жайлардан туындаған қосымша шығыстарды жүктеп, оларды төлеуге тартуы мүмкін.
Мұндай мән-жайларға, мысалы, кәмелетке толмаған балалардың немесе еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж кәмелетке толған балалардың ауыр науқастануы, мертігуі жатады, олар, атап айтқанда балаларға бөгде адамның бағып-күтуіне ақы төлеуді, балалардың емделуі немесе денсаулығын сақтауы, сондай-ақ олардың әлеуметтік бейімделуі және қоғамға араласуы үшін (протезге, дәрі-дәрмекті, күтім, жүріп-тұру немесе оқу үшін арнайы құралдарды сатып алуға шығыстар және т.б.) қажетті өзге де шығыстарды талап етеді.
Сот ата-аналардың қосымша шығыстарды төлеуге қатыстырылу тәртібін және осы шығыстардың мөлшерін ата-аналардың, басқа да балалардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық мүдделерін негізге ала отырып, ай сайын төленуге жататын алименттерді төлеу кезіндегі АЕК-тің еселенген қатынасында айқындайды (Кодекстің 144-бабының 2-тармағы).
Істің нақты мән-жайлары ескеріле отырып, қосымша шығыстар жауапкерден бір рет (мысалы, талап қоюшы өзі шеккен нақты шығыстарды өндіріп алу туралы талапты мәлімдеген жағдайда) өндіріп алынуы мүмкін.
35. АПК-нің 140-бабының екінші бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алименттер өндіру туралы сот бұйрығында күтіп-бағу үшін алименттер тағайындалған әрбір баланың аты мен туған күнін, борышкерден ай сайын өндіріліп алынатын төлемдердің мөлшерін және оларды өндіріп алу мерзімін көрсету қажет. Мұндай мәліметтер шешімнің қарар бөлігінде де көрсетілуі тиіс.
Кодекстің 139-бабы 1-тармағының негізінде екі және одан да көп балаға алименттер ата-анасының табысынан және (немесе) өзге де кірісінен үлестік қатынаста өндіріп алынған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде (сот бұйрығында) өндіріп алынатын үлестің мөлшерін, сондай-ақ осы үлесті кейіннен өзгертуді және әрбір баланың кәмелет жасына толуына қарай алименттерді жаңа мөлшерде өндіріп алу кезеңдерін көрсетуі тиіс.
Кодекстің 173-бабына сәйкес сот шешімі бойынша тұрақты ақша сомасында өндіріп алынатын алименттердің индекстелуін алименттерді ұстап қалатын орын бойынша ұйымның әкімшілігі АЕК мөлшеріне барабар түрде жүргізеді. Тұрақты ақша сомасында алименттер өндіріп алу туралы талап қою қанағаттандырылған сот шешімінің қарар бөлігінде тұрақты ақша сомасының мөлшері туралы мәліметтер сандармен және сөздермен, сондай-ақ еселігі АЕК мөлшері негізге алына отырып көрсетілуі тиіс.
36. Конституцияның 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
Ж. Асанов |
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |