"Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң кейбір мәселелерi" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 16 маусымдағы № 353 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 қазандағы № 641 қаулысы. Ескерту. Күші жойылды – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 наурыздағы № 142 қаулысымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 26.03.2019 № 142 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнiң кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2016 жылғы 16 маусымдағы № 353 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 36, 209-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлiгi туралы ережеде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау, байланыс, ақпараттандыру, "электрондық үкімет", ақпарат және мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту салаларында (бұдан әрi – реттелетiн салалар) басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.";

      15-тармақта:

      1) және 7) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау, ақпараттандыру, ақпарат, байланыс, электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;";

      "7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыреті шегінде балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау, бұқаралық ақпарат құралдары және ақпараттандыру саласындағы халықаралық ынтымақтастық;";

      16-тармақ мынадай мазмұндағы 32-7), 32-8), 128-1), 128-2) және 128-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "32-7) ақпараттық өнімге жас сыныптамасын беру қағидалары мен әдістемесін бекіту;

      32-8) жас санаты белгісіне қойылатын талаптарды бекіту;";

      "128-1) қызметтер көрсету мен олардың құнын айқындау тәртібін қоса алғанда, "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      128-2) "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркінің қызметін үйлестіруді жүзеге асыру;

      128-3) халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органмен және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетімен келісу бойынша халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті органға және Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ұсынылатын "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі тартқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар туралы мәліметтерді ұсыну қағидаларын, олардың құрамы мен мерзімділігін бекіту;";

      17-тармақ мынадай мазмұндағы 31-1), 31-2) және 59-1) тармақшалармен толықтырылсын:

      "31-1) "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы талаптарының сақталуы тұрғысынан бұқаралық ақпарат құралдарының өніміне мониторингті жүзеге асыру;

      31-2) бұқаралық ақпарат құралдарында балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;";

      "59-1) телекоммуникация желілерінде балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;".

      2. Осы қаулы "Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енген күннен бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың төртінші, жетінші, сегізінші, оныншы, он бірінші, он алтыншы, он жетінші және он сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев