Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 210 қаулысы.

Жаңартылған

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидалары бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 20 сәуірдегі
№ 210 қаулысымен
бекітілген

Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидалары (бұдан әрі − Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес әзірленді және квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторингті және бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Осы Қағидалардың мақсаты квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі борышы жай-күйінің мониторингі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген шектеулердің сақталуын бақылау болып табылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) даму жоспары - мемлекеттік кәсіпорынның, акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бесжылдық кезеңге арналған негізгі қызмет бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;

      2) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы қарызы – қарыз берушісі Қазақстан Республикасының резиденті емес болып табылатын қарыз;

      3) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ішкі қарызы – қарыз берушісі Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын қарыз;

      4) қарыз – ішкі және сыртқы нарықтардан тартылатын кредиттер, қарыздар, борыштық бағалы қағаздар және өзге де борыштық міндеттемелер;

      5) қарыз алушы – квазимемлекеттік сектор субъектісі;

      6) мемлекеттік мүлік тізілімі (бұдан әрі − тізілім) − Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті жəне мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;

      7) сыртқы борыш – Қазақстан Республикасының бейрезиденттері алдындағы қарыз алушының белгілі бір күнге алған және өтелмеген қарыздарының сомасы;

      7-1) іс-шаралар жоспары – ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің және ұлттық компанияның бесжылдық кезеңге арналған негізгі қызмет бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;

      8) ішкі борыш – Қазақстан Республикасының резиденттері алдындағы қарыз алушының белгілі бір күнге алған және өтелмеген қарыздарының сомасы.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-тарау. Мониторингті жүзеге асыру тәртібі

      4. Қарыз алушылардың сыртқы және ішкі борышының ағымдағы жай-күйінің мониторингі даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарлары шеңберінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Ішкі және сыртқы қарыздар қаражатының түсуін, борышты өтеу және оған қызмет көрсету бойынша төлемдерді тіркеуді және есепке алуды қарыз алушылар дербес жүзеге асырады.

      6. Төлемдерді, борыш қалдығын есепке алу номиналды құн бойынша жүргізіледі. Борыштық бағалы қағаздарды есепке алу бастапқы орналастыру нәтижелері бойынша және номиналды құн бойынша жүзеге асырылады.

      7. Қарыз алушылар:

      "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын (бұдан әрі − қор) қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 149 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10663 болып тіркелген) бекітілген Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау қағидаларына 2-қосымшаның 10-нысанына cәйкес;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 14 ақпандағы № 14 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18328 болып тіркелген) бекітілген Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларына 26-қосымшаға сәйкес тізілімге электрондық түрде қарыз бойынша ақпаратты алдағы бесжылдық кезеңге қарыз тарту жоспарын көрсете отырып, тоқсан сайынғы негізде есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-шы күніне дейін жібереді.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. Қор "Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Ұлттық әл-ауқат қорының интернет-ресурсына орналастыру қағидаларын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысандарын және орналастыру кезеңділігін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 қазандағы № 1384 қаулысымен бекітілген 1-нысанға сәйкес қордың интернет-ресурсында алдағы бесжылдық кезеңге арналған қарыз тарту жоспарын көрсете отырып, қарыздар бойынша ақпаратты тоқсан сайынғы негізде есепті айдан кейінгі айдың 25-ші күніне дейін орналастырады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Қарыз алушылар тоқсан сайынғы негізде борыш бойынша ақпаратты қамтитын талдамалы жазбаны және жартыжылдық негізде ағымдағы жылға арналған сыртқы және ішкі қарыз алудың нақтыланған болжамын бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады.

      Алдағы бесжылдық кезеңге қарыз тарту жоспары өзгерген жағдайда қарыз алушылар осы өзгерістерді бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органмен келіседі.

      10. Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган тоқсан сайынғы негізде, есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 5-і күніне дейінгі мерзімде бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi органға қарыздар бойынша жиынтық ақпаратты жібереді.

      11. Қарыздар бойынша жиынтық ақпаратта:

      1) есепті кезеңнен кейінгі айдың бірінші күніне қарыз алушылардың борышының жай-күйі туралы мәліметтер;

      2) шығарылған борыштық бағалы қағаздардың, сондай-ақ бюджеттік кредиттердің және өзге борыштық міндеттемелердің жағдайы туралы деректер (орналастыру күні, сыйақы мөлшерлемесі, өтеу күні, айналым мерзімі, шығарылым және қызмет көрсету валютасы);

      3) мерзімі өткен төлемдердің болуы және оларды төлеу туралы деректерді қоса алғанда, есепті кезеңде қарыздардың нақты түсуі, қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша жүргізілген төлемдер туралы деректер;

      4) есепті кезеңде қарыздарды тарту туралы ақпарат;

      5) алдағы бесжылдық кезеңге арналған қарыздарды тарту жоспары қамтылады.

3-тарау. Бақылауды жүзеге асыру тәртібі

      12. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттік борыштың жай-күйі туралы мәліметтерді есепке ала отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген мынадай борыштық шектеулердің сақталуын бақылауды жүзеге асырады:

      1) мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жиынтығында жалпы ішкі өнімге қатысты 53,2 %-дан аспауға тиіс, оның ішінде квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жалпы ішкі өнімге қатысты 21,2 %-дан аспауға тиіс. Борыштың жоғарғы шегін есептеуге мемлекет бақылайтын ұйымдардың өзара міндеттемелері және резидент емес бақыланатын ұйымдардың міндеттемелері енгізілмейді;

      2) Үкіметтің сыртқы борышы (мемлекет кепілдік берген сыртқы борышты есепке алғанда) мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышының көлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры валюталық активтер сомасының 75 %-ына тең мөлшерден аспауға тиіс.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 29.12.2022 № 1100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган квазимемлекеттік сектор борышы есебін:

      мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың ағымдағы жай-күйі туралы мәліметтердің;

      қарыз алушылар борышының ағымдағы жай-күйі туралы мәліметтердің;

      әлеуметтік-экономикалық даму болжамының макроэкономикалық көрсеткіштерінің (жалпы ішкі өнім, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының валюталық активтері, инфляция деңгейі, кірістердің өсу қарқыны) негізінде қалыптастырады.

      14. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган тоқсан сайынғы негізде, есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 10-күніне дейін Қазақстан Республикасының Үкіметіне және мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға қарыз алушылар борышының жай-күйі және борыштық шектеулердің сақталуы туралы ақпаратты жібереді.