Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 210 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";
көрсетілген қаулымен бекітілген Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидаларында:
1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу және бақылау қағидалары (бұдан әрі − Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 199-бабына сәйкес әзірленді және квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторингті және бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидалардың мақсаты квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі борышы жай-күйінің мониторингі және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген шектеулердің сақталуын бақылау болып табылады.";
1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
"1) даму жоспары – мемлекеттік кәсіпорынның, акцияларының бақылау пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің бесжылдық кезеңге арналған негізгі қызмет бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат;";
5) және 6) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"5) қарыз алушы – квазимемлекеттік сектор субъектісі;
6) мемлекеттік мүлік тізілімі (бұдан әрі − тізілім) − Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының, Қарулы Күштерінің, басқа да əскерлері мен əскери құралымдарының жедел басқаруындағы мүлікті жəне мемлекеттік материалдық резервті қоспағанда, мемлекеттік мүлікті есепке алудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесі;";
мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
"7-1) іс-шаралар жоспары – ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің және ұлттық компанияның бесжылдық кезеңге арналған негізгі қызмет бағыттарын және қаржы-шаруашылық қызметінің көрсеткіштерін айқындайтын құжат.";
4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Қарыз алушылардың сыртқы және ішкі борышының ағымдағы жай-күйінің мониторингі даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарлары шеңберінде жүзеге асырылады.";
7 және 8-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Қарыз алушылар:
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры" акционерлік қоғамын (бұдан әрі − қор) қоспағанда, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 149 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10663 болып тіркелген) бекітілген Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау қағидаларына 2-қосымшаның 10-нысанына cәйкес;
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 14 ақпандағы № 14 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18328 болып тіркелген) бекітілген Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингтеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларына 26-қосымшаға сәйкес тізілімге электрондық түрде қарыз бойынша ақпаратты алдағы бесжылдық кезеңге қарыз тарту жоспарын көрсете отырып, тоқсан сайынғы негізде есепті кезеңнен кейінгі айдың 10-шы күніне дейін жібереді.
8. Қор "Мемлекеттік органдарға қажетті есептілікті Ұлттық әл-ауқат қорының интернет-ресурсына орналастыру қағидаларын, сондай-ақ есептіліктің тізбесін, нысандарын және орналастыру кезеңділігін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 қазандағы № 1384 қаулысымен бекітілген 1-нысанға сәйкес қордың интернет-ресурсында алдағы бесжылдық кезеңге арналған қарыз тарту жоспарын көрсете отырып, қарыздар бойынша ақпаратты тоқсан сайынғы негізде есепті айдан кейінгі айдың 25-ші күніне дейін орналастырады.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. Бюджеттi атқару жөнiндегi орталық уәкiлеттi орган мемлекеттік борыштың жай-күйі туралы мәліметтерді есепке ала отырып, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында көзделген мынадай борыштық шектеулердің сақталуын бақылауды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік борыш пен квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жиынтығында жалпы ішкі өнімге қатысты 53,2 %-дан аспауға тиіс, оның ішінде квазимемлекеттік сектор борышының жоғарғы шегі жалпы ішкі өнімге қатысты 21,2 %-дан аспауға тиіс. Борыштың жоғарғы шегін есептеуге мемлекет бақылайтын ұйымдардың өзара міндеттемелері және резидент емес бақыланатын ұйымдардың міндеттемелері енгізілмейді;
2) Үкіметтің сыртқы борышы (мемлекет кепілдік берген сыртқы борышты есепке алғанда) мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышының көлемі Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры валюталық активтер сомасының 75 %-ына тең мөлшерден аспауға тиіс.".
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Ә. Смайылов |