"Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 133-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің "Мемлекеттік радиожиілік қызметі" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – кәсіпорын) құрылсын.
2. Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі кәсіпорынға қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылық жасау жөніндегі уәкілетті орган;
2) кәсіпорын қызметінің негізгі нысанасы байланыс саласындағы мемлекеттік монополияға жатқызылған саладағы қызметті жүзеге асыру болып айқындалсын.
3. Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне кәсіпорын жарғысын бекітуге беруді;
2) әділет органдарында кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуін;
3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.
4. "Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 16 маусымдағы № 353 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2016 ж., № 36, 209-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі туралы ережеде:
Министрліктің қарамағындағы ұйымдардың тізбесiнде:
"Республикалық мемлекеттiк кәсiпорындар" деген бөлімде:
мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің "Мемлекеттік радиожиілік қызметі" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;".
5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
Б. Сағынтаев |