Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 12 қаңтардағы № 8 қаулысы.

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      2. Осы қаулы 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың 1 және 2-тармақтарын, 3-тармағының үшінші, төртінші, жетінші және сегізінші абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2018 жылғы 12 қаңтардағы
№ 8 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 9 наурыздағы № 183 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2010 ж., № 24, 176-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату ережесінде:

      3-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Босқын мәртебесін беру туралы шешімді уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі босқын мәртебесін беру, ұзарту, одан айыру және оны тоқтату рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі комиссияның ұсынуы бойынша осы адам Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дактилоскопиялық тіркеуден өткен жағдайда босқын мәртебесін беру туралы өтінішхат тіркелген күннен бастап үш ай ішінде қабылдайды.".

      2. "Қазақстан Республикасының азаматы паспортының, Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың, азаматтығы жоқ адамның куәлігінің, босқын куәлігінің үлгілерін және оларды қорғауға қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 4 шілдедегі № 684 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 40, 590-құжат):

      1) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматы паспортының үлгісінде:

      "2. Қазақстан Республикасы азаматының паспортын қорғауға қойылатын талаптар" деген бөлімде:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада қорғалған түрде Қазақстан Республикасының азаматы паспортының иесі туралы графикалық және мәтіндік ақпарат, он алты жасқа толған және одан асқан, сондай-ақ "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген жағдайларда он екі жастан бастап он алты жасқа дейінгі құжат иесінің қол саусақтарының іздері сақталады.";

      2) көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің үлгісінде:

      "2. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін қорғауға қойылатын талаптар" деген бөлімде:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада қорғалған түрде Қазақстан Республикасының азаматы жеке куәлігінің иесі туралы графикалық және мәтіндік, оның ішінде оның заңды мекенжайы туралы ақпарат, оның фотобейнесі және қолы, сондай-ақ құжат иесінің қол саусақтарының іздері сақталады.";

      3) көрсетілген қаулымен бекітілген Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың үлгісінде:

      "2. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты қорғауға қойылатын талаптар" деген бөлімде:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада қорғалған түрде шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаттың иесі туралы графикалық және мәтіндік, оның ішінде оның заңды мекенжайы туралы ақпарат, оның фотобейнесі және қолы, құжат иесінің қол саусақтарының іздері сақталады.";

      4) көрсетілген қаулымен бекітілген азаматтығы жоқ адамның куәлігінің үлгісінде:

      "2. Азаматтығы жоқ адамның куәлігін қорғауға қойылатын талаптар" деген бөлімде:

      1-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жадының сыйымдылығы кемінде 64 Кб болатын микросхемада қорғалған түрде азаматтығы жоқ адамның куәлігінің иесі туралы графикалық және мәтіндік ақпарат, сондай-ақ құжат иесінің қол саусақтарының іздері сақталады.";

      5) көрсетілген қаулымен бекітілген босқын куәлігінің үлгісінде:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Босқын куәлігінің 9-11-беттері ерекше белгілерді, оның iшiнде дактилоскопиялық тіркеуден өткені туралы белгілерді енгізуге арналған. Беттердің жоғары жағында қазақ және орыс тілдерінде (№ 21 сурет):

      "Ерекше белгілер

      Особые отметки"

      деген жазу орналасқан.".

      3. "Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 50, 696-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларында:

      3-тармақтың 10) тармақшасындағы "қамтиды." деген сөз алып тасталып, мынадай мазмұндағы 11) тармақшамен толықтырылсын:

      "11) он алты жасқа толған және одан асқан, сондай-ақ "Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы" 2016 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленген жағдайларда он екі жастан бастап он алты жасқа дейінгі құжат иесінің қол саусақтарының іздерін қамтиды.";

      4-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды (Қазақстан Республикасының шетелдік мекемелерінде ресімделген Қазақстан Республикасы азаматының паспорттарын қоспағанда) алуға арналған өтінім берілген күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесіне немесе оның заңды өкіліне жеке табыс етеді. Шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігін уәкілетті мемлекеттік орган жеке басты куәландыратын құжаттарды алуға арналған өтінім берілген күннен бастап он жеті жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде береді және иесіне немесе оның заңды өкіліне жеке табыс етеді.";

      5-тармақ мынадай мазмұндағы бесінші бөлікпен толықтырылсын:

      "ХҚТ ТП арқылы немесе формуляр бланкінде жеке басты куәландыратын құжатты ресімдеген кезде уәкілетті органның қызметкері Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды дактилоскопиялық тіркеуден өткізеді.";

      48-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "48. Жеке басты куәландыратын құжаттарды жоюды комиссия жойылатын құжаттың нөмірі мен түрін, оның иесі туралы мәліметтерді, құжаттың жарамсыз болу себептерін қамтитын, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бекіткен нысан бойынша жою туралы акті жасай отырып, он күн сайын жүргізеді. Егер тапсыруға жататын құжатты иесі тапсырмаған жағдайда, актіде құжаттың нөмірі, түрі, оның иесі туралы мәліметтер, жарамсыз болу себебі, ескертпеде құжат тапсырылмағандығы көрсетіледі.";

      49-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "49. Уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері он күн сайын жарамсыздық туралы мәліметтерді деректер базасына енгізу үшін жарамсыз құжаттарды жою туралы актілерді Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне жолдайды.".