Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбелерін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 927 қаулысы.

Жаңартылған

      "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 94-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесі;

      2) иеліктен шығаруға жатпайтын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы29 желтоқсандағы
№ 927 қаулысымен
бекітілген

Иеліктен шығаруға жатпайтын, мемлекеттік меншіктегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесі

      1. Жер (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздерде, шарттарда және шектерде жеке меншікте болуы мүмкін жерден басқа), оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар.

      2. Мемлекеттік қадағалау желісі және оның мүлкі.

      3. Мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері.

      4. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары (Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша мемлекеттік ислам бағалы қағаздарын шығару шарттарына сәйкес оларды кері сатып алу міндеттемесімен мемлекеттік ислам арнайы қаржы компаниясына сатылған жалпыға ортақ пайдаланылатын республикалық автомобиль жолдарын немесе олардың учаскелерін қоспағанда), ішкі су жолдары және оларда орналасқан кеме қатынасы үшін пайдаланылатын кеме қатынасының гидротехникалық құрылыстары, маяктар, кеме қатынасының қауіпсіздігін реттейтін және оған кепілдік беретін құрылғылар мен навигациялық белгілер, шлюздер, әуе қозғалысын басқару органдарының аэронавигациялық құрылғылары, әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты инженерлік желілер, сондай-ақ метрополитен.

      5. Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары.

      6. Қаланың, ауданның қызмет көрсететін аумағындағы жалғыз мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы болып табылатын, ауылда медициналық-санитариялық алғашқы көмек, мамандандырылған көмек көрсететін (қан, ана мен баланы қорғау, радиациялық медицина орталықтары, онкологиялық, туберкулез, АИТВ жұқтырған және ЖИТС-пен ауыратын науқастарды және инфекциялық, психикалық науқастарды емдеу объектілері) денсаулық сақтау ұйымдары, сондай-ақ балаларға арналған санаторийлер, Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және оларға теңестірілген адамдарға арналған госпитальдар.

      7. Халықты әлеуметтік қорғау объектілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары, сәбилер үйлері, сондай-ақ қарттарға, мүгедектерге, оның ішінде мүгедек балаларға арналған мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелер (ұйымдар).

      8. Мемлекеттік меншік болып табылатын және азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған азаматтық қорғаныс объектілері мен мүлкі, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызметтің объектілері мен мүлкі.

      9. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоспағанда, мемлекеттік меншік болып табылатын, экономика салаларының ұйымдарына жедел басқару, шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген және қорғаныс мұқтаждарын қамтамасыз етуге және жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған объектілер мен мүлік.

      10. Пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоспағанда, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелеріне жедел басқару құқығында бекітілген әскери мүлік.

      11. Арнаулы мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған немесе құрылатын ұйымдар.

      12. Арнаулы мемлекеттік органдар бейбіт уақытта пайдаланбайтын жылжымайтын мүлік.

      13. Мемлекет меншігіндегі Ұлттық архив қорының құжаттары, сондай-ақ мемлекеттік архивтер мен олардың филиалдарының ғимараттары, үй-жайлары мен жабдықтары.

      14. Мемлекет меншігіндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттары.

      15. Қазақстан Республикасының аумағында азаматтардың білім алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ететін бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беретін мемлекеттік ұйымдар.

      16. Мемлекеттік мәдениет ұйымдары, мемлекет меншігіндегі ұлттық мәдени игілік объектілері, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан және басқа субъектілерге тиесілі емес тарих және мәдениет ескерткіштері.

      17. Ұлттық әл-ауқат қорының акциялары.

      18. Атом энергиясын пайдаланатын объектілер:

      1) "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің "Ядролық физика институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағындағы атом энергиясын пайдаланатын объектілер:

      ВВР-К реакторлық кешені;

      радиохимиялық кешен (24, 24а ғимараттары);

      У-150М циклотроны базасындағы үдеткіш кешені;

      УКП-2-1 үдеткіш кешені;

      ЭЛВ-4 үдеткіш кешені;

      C-30 үдеткіш кешені;

      ДЦ-60 үдеткіш кешені;

      ядролық жарылыстар жүргізілетін технологиялық алаңдар – "Лира" объектілері;

      2) "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің "Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағындағы атом энергиясын пайдаланатын объектілер:

      "Байкал-1" ЗРК;

      ИГР зерттеу реакторының кешені;

      Курчатов, 2А алаңы;

      № 2 және № 4 құрылыстар;

      "Бурабай" геофизикалық обсерваториясы.

      Ескерту. 18-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 04.12.2019 № 903 қаулысымен.

      19. Аса қауiптi инфекциялар қоздырғыштары мен өнеркәсiптiк микроорганизмдер коллекциясы және депозитарийлерi.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 29 желтоқсандағы
№ 927 қаулысымен
бекітілген

Иеліктен шығаруға жатпайтын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің меншігіндегі объектілердің, оның ішінде стратегиялық объектілердің тізбесі

      1. Магистральдық теміржол желісі.

      2. Ұлттық электр желісі.

      3. Магистральдық құбырлар (мұнай құбырлары мен газ құбырлары).